Жұма, 22 Қараша 2024
Құйылсын көшің 7677 15 пікір 9 Қазан, 2019 сағат 11:57

Қандастар Қытайда туғаны үшін кінәлі ме?

Неге екенін білмеймін, Отанға оралғаннан кейін, посткеңестік кеңістікте туған жер туралы мәліметтің айырықша маңызды екеніне көзім жетті. Бұрынғы Кеңес Одағы ғана емес, Батыс елдерінде де солай  болса керек. Бірақ қайда туғаныма және Қазақстанға қашан келгеніме қарамастан, мен қазақ деген халықтың перзенті болғаныма әрі түгел түркінің кіндік жұрты Алтайда туғаныма мақтанамын. Тіпті, бала кезімде маған жер бетінде тек қазақ қана өмір сүретіндей, одан басқа ұлт жоқтай сезілетін. Өйткені көз ашқалы тек қазақты ғана көруші едім. Содан болар шешемнің етегіне оралып жүріп, одан: «Мао жуши де қазақ па?»-деп сұрайтынмын.

Иә, мен қазақпын. Руым найман, қаракерей. Сонау Жошы ханның кезінде жиырма үшінші атам Өтүкеннен Арқаға қоныс аударған.  Бергі аталарым он сегізінші ғасырда Сыр бойында жүрген. Найман ішінде кіндігінен Дөртуыл, Қаракерей, Садыр, Матай аталары тарайтын Төлегетай бабамның басы сол Сыр бойында жатыр. Кейін Жоңғарға қарсы күресте Қабанбай бабамыз біраз елді бастап Арқас асқан. Еренқабырғаға дейін жетіп, Манас бойынан ат суарған. Қазақ елінің қамы үшін ел шетіне, жау өтіне бет қонған.

Кейін қазақтың қолынан хандығы кеткенде Ертіс пен Іленің, Емілдің жүйірік басын мекендеген сол қазақтар еріксіз шекараның сыртында қалып қойды. Қалайын деп қалған жоқ, Орыс пен Мәнжу бітімге бір қазақты араластырмай ел-жұртты жалпағынан бөліп алды. Кезінде қазақтың елдігіне, жерінің кеңдігіне қызмет еткен қазақтар енді бөтен болып қалды. Сөйтіп, «Орыс жерінің қазағы», «Қытайдың қазағы» деген қазақ пайда болды. Империялар қазақтың жерін бөліп алғанымен, бүтін бір халықтың қаны мен жанын, жүрегін екіге бөле алған жоқ. 1954 жылы Қытайда ұлттарды анықтау жұмысы жүргенде, сондағы қазақтарды Қытай үкіметі басқа атпен атап жіберуді ойластырып, қазақтың игі-жақсыларынан пікір алғанда да ешкім  ұлтын сатқан жоқ. Бәрібір «қазақ» атын сақтап қалды. Қазақ болып өмір сүрді. Өзіміз де көз ашқалы қазақтың көшпенді өмірін көрдік. Жастайымыздан «Қыз Жібекті», «Қалқаман-Мамырды», «Ер Тарғынды» жатқа айтатын жыршы-термешілерді тыңдап өстік. Өсе келе Шәмшінің әнімен тербелдік. Студент кезімізде «Дос-Мұхасанмен» қанаттандық. Қазақтың қабырғалы ақын-жазушыларының шығармаларын құмартып оқыдық. Демек, рухани тұрғыдан мұндағы өмірден тым кенде қала қойғанымыз жоқ. Желтоқсанды естіп жігерлендік. Тәуелсіздіктің ақ таңын асыға күттік. Ашындық, абыржыдық, құдайдан тіледік. Қазақстан тәуелсіздік алған сәттерде қуаныштан көз жасымызға ерік бердік. Құдды Мұқағали ақынның: 

Жақсаттанды демессің сүйем десем,
Табынатын Тәңірім, кием де сен! - деп жырлағанындай, мен бұл сөзді  жақсыаттану үшін айтып отырғаным жоқ. Жақсыаттану, жағымсу бізге қол емес.

Мен бұл елге келгелі отыз жылға таяды. Жарты ғұмырым осында өтті. Мен ғана емес, кезінде тағдырдың жазуымен шекараның сыртында қалып қойған қазақтар бір шаңырақ астына қайтадан жиылды. Тағдыр бізді бір ниет, бір тілектің төңірегіне тоғыстырды. Қазақтың Отаным деп оралуы бұл ғана емес еді. Бұл үдеріс сонау 1950-ші жылдардан басталған. 1962 жылы 200 мың ағайын үш-ақ күнде шекараны бұзып өткен болатын. Сол кезде  келген ағайын мұндағы елмен ел болып білінбей кетті.

Олай болса, ендігі ағайынды тұрғылықты қазақ, сырттан келген қазақ деп алалаудың қажеті шамалы. Бәрі бір ертең ет пен сүйектей бітісіп кететін жұрт емес пе?! Мұны айтпай-ақ қояйын десең, осы күні төлқұжаттағы «ҚХР» (CHINA) сөзі сенің қайдан келгеніңді айғайлап айтып тұрған жоқ па? Әрине, қауіпсіздік тұрғысынан бұл мәселенің біршама күрделі екені де белгілі. Бірақ, шеттен келген ағайындар, әсіресе, Қытайдан келген қандастар үшін мұның бетке салық болып келе жатқаны жасырын емес. Қытайда туғаны үшін, олар ұдайы күш құрылымдарының көз алдында жүреді. Ата мекенге келуі келіп алып, артта қалған туған жеріне байланысты зардап шегеді. Мемлекеттік қызметке тартылмайды. Бұл бір тараптан елім деп келген азаматтың меселдесін қайтарса, екіншіден арттағы келем деген ағайынның да көңіліне кірбең ұялатады.

Ендеше, олардың туған жерін тектегенше бойындағы ерік-жігері мен әлуетін неге пайдаланбасқа? Онсызда біз сырттан келген қандастарды толыққанды Қазақстан азаматы болуға бейімдеп жатқан жоқпыз ба. Демек, мәселені қайта бастан қараған жөн бе деп ойлаймын. 

Тұрсынхан Зәкен
тарих ғылымдарының докторы, жазушы

Abai.kz

15 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1443
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3206
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5196