Сәкен троцкийшіл емес еді
Қазақ елінде тамырын тереңге жайған антикеңестік ұлтшыл терроршыл және тыңшылық-диверсиялық ұйым анықталып жойылды. Т.Рысқұлов, Н.Нұрмақов, С.Қожанов, Ұ.Құлымбетов басқаратын бұл орталық Кеңес өкіметін құлатып, Қазақстанды қарулы күшпен КСРО-дан ажыратып Жапония протектаратындағы буржуазиялық қазақ мемлекетін құруды көздеген. Кеңес мемлекетіне қарсы күресті күшейту мақсатымен троцкийшіл халық жаулары – Л.Троцкий, Г.Зиновьев және Н.Бухарин, А.Рыков сияқты оңшыл контрреволюциялық орталықпен саяси және ұйымдасқан одақ құрған. Жапон-герман тыңшылары – Мұстафа Шоқай және Райымжан Мәрсековпен астыртын байланыс жасаған.
Бұл ұйымның белсенді мүшелерінің бірі айыпталушы жазушы – Сәкен Сейфуллин. 1922 жылдан бері жасырын троцкийшіл болған, Л.Троцкийдің контрреволюциялық бағдарламасын қолдаған, мақтап баспасөзге жазған, оған өзінің шығармаларын арнаған, ұлтшылдар арасында троцкийшіл идеяны насихаттаған. 1936 жылы антикеңестік жұмысты жалғастыру мақсатымен халық жауы Сокольниковпен байланысқан (Қазақ КСР халкомының 2-ші дәрежелі комиссары Л.Залиннің 1937 жылдың 21 желтоқсанында бекіткен С.Сейфуллинді айыптау қорытындысынан).
* * *
Өткен ғасырда, 20-жылдардың соңына қарай, Орталық Атқару Комитетінің шешімімен Алматы Қазақстанның орталығы болуға тиіс еді. Алайда, бұған дейін ол әкімшіліктің РСФСР Қылмыстық кодексінің әйгілі 58-бабына сай контрреволюциялық жұмыспен айналысқандарды қабылдайтын орталыққа айналған болатын.
Пішпектегі темір жол стансасынан шығып, бір аптадай жол жүріп бірде шанамен, бірде жаяулатып дегендей, көшпенділердің иесіз қалған лашықтарын паналап, Қордай асуының қар аралас ұйытқыған өкпек желімен арпалысқан Лев Давидович Троцкий (дұрысы – Бронштейн) 1928 жылдың 25 қаңтарында азаматтық некеде тұратын екінші әйелі Наталия Александровна Седова мен баласы Лев Седовты ертіп Алматыға жер ауып келеді. Алыстан келген жолаушылар жеке бөлмелері сол кезде «Интернационал» деп аталатын «Жетісу» қонақ үйіне орналасады.
Осы қонақ үйінде Троцкий «Менің өмірім» («Моя жизнь») деген естелік кітабын жазуға кірісіп кеткен. Өткен кезді еске алады, ой қорытады, сараптайды: сол кезде көпшілікке аса көп таныла қоймаған қас дұшпаным Коба емес, Қазан революциясының басы-қасында болған мен, Алматыға, Азияның сонау қиян-шетіне, неге қуылуға тиіспін? – Бірақ ол жер аударылып, сергелдеңге түсіп, көшіп-қонып жүргенде қарсыласы Иосиф Сталин аталып, әлдеқашан Кремльде отырған еді.
Троцкийдің Ресейдің қоғамдық-саяси өміріндегі орны ерекше болатын. В.И.Ленин «Письмо к съезду» деген еңбегінде «лично он, пожалуй, самый способный человек в нашем ЦК, но и чрезмерно хвастающий самоуверенностью и чрезмерным увлечением чисто административной стороной, – дейді.
Қазір неге екені белгісіз, концлагерлерді ұйымдастырған Сталин емес, Троцкий екендігін үмытып кеткен сияқтымыз. Мұндай азаптау мекемелері Лениннің көзі тірісінде, Азамат соғысы тұсында өмірге келіп, оны ұйымдастырған «№ 1 халық жауы» Лев Давидович Троцкий еді. Жаппай қырып-жою да 37-ден бұрын басталған. Мәселен, Қырымда 1920 жылы қарсыласуды қойыңдар, қызылдарға беріліңдер, кешірім жасаймыз деген М.В.Фрунзенің үндеуіне сенген П.Н.Врангель армиясының мыңдаған (!) офицерлерін Бела Кун мен Землячка бастаған большевиктердің жазалау отрядтары аяусыз қырып салған.
Лениннің қазасы кезінде Саяси бюро мүшелерінің ішіндегі аса ықпалды қайраткер болғандықтан Троцкий мемлекетте бірінші тұлға боламын деп дәмеленді. Бірақ ол фракциялық талас-тартысқа шырмалып Сталинді жақтаған Г.Е.Зиновьев, Л.Б.Каменевтердің (кейін бұларға Н.И.Бухарин, А.И.Рыковтар қосылған) қолдауынан айырылып қалды да партия мен үкіметтің жетекші орындарын басқаларға беруге мәжүбір болды. Л.Д.Троцкий әуелі Саяси бюро (1926 ж.), сосын БК(б)П Орталық Комитетінің, ал 1927 жылдың 14 қарашасында партия мүшелігінен шығарылды. БК(б)П ХV съезі (1927 ж., желтоқсан) троцкизмді партиялық мүшелікпен қабыспайды деп таныды және 75 оппозиция белсенділері (оның ішінде Л.Б.Каменев, Г.Е.Зиновьев және басқалары бар) большевиктік партия мүшелігінен қуылды.
Күні кеше өкіметтің аса маңызды іс-шараларын атқаруға тікелей араласқан бұрынғы биік лауазымды шенеунікті көруге алматылықтардың ерекше қызығушылық танытуы түсінікті. Қала тұрғындары Красина көшесіне қарай ағылып, жергілікті әкім-қаралардан көрген зорлық-зомбылықтарын айтып, шағымданғандар да болыпты. Бұлардың арасында қала іргесіндегі жақын ауылдардан келген қазақтар да бар. Олардың кейбіреулері ресми түрде Лев Давидович демей-ақ, өзімсініп Арыстан Дәуітұлы деген көрінеді.
Қоғамдық-саяси хал-ахуал күн сайын өзгеріп жатқан уақыт. Қала картасындағы лениншіл-дзержинскийшіл деген атаулар азайып, оның орнын сталиндік-бериялық есімдер алмастырып жатқан кез. Мәселен, Троцкий қаласының аты өшті, революцияға дейін оны Қаскелең дейтін. Енді жәй ғана Троицкі селосы атанды. Қалалық бақ пен жетім сәбилер баспанасы (приют) бұрын Троцкий аталатын, ол да құрып кетті. 1928 жылдың қазан мерекесінде Алматы шерушілері алаңға тұңғыш рет Троцкийдің портретінсіз шықты. «Демон революции» деп аталған саясаткердің абырой-беделіне нұқсан келтіру, қудалау күшейе берді.
«Қазақстан. Ұлттық Энциклопедиясы» Троцкий Алматыда айдауда жүріп, «ресми оппозицияда болған қазақ қайраткерлерімен байланыс орнатты» деп жазады. Сол сияқты НКВД архивінде де «Сәдуақасов пен Мұстамбаевтың ұлтшыл тобы Троцкиймен кездесіпті деген дерек бар. Бірақ олардың өзара әңгімелерінің мазмұны белгісіз. 1937 жылдың 20 қарашасындағы айыпкер Сейфуллиннің тергеушіге берген жауабында оған «Тәшкентте С.Қожанов (1928) орталықтың троцкийшілермен қарым-қатынасы туралы ұсыныс-пікірді тапсырыпты-мыс. Ол мұны Қазақстандағы ұйым мүшелеріне беруі керек екен», – делінген хаттамада.
1929 жылы ОГПУ-дің шешімімен Л.Д.Троцкий КСРО аумағынан аластатылды. Ол 1933 жылға дейін Стамбұл маңындағы аралда, сосын Францияда (1933-1935), Норвегияда (1935-1937) тұрды. Ең соңында Мексика президенті Карденастың шақыруымен Мехико қаласына біржола орналасты.
Кейбір қазақтар Арыстан Дәуітұлы дейтін кеңес өкіметінің қас жауы шет жерде жүрсе де елдегі астыртын іс-шараларын жүргізе берді: публицистикамен айналысты, «Қазан идеясының сатқыны» деп Сталинмен күресін тоқтатпады. Онымен қоймай, «Бюллетеньде» шыққан материалдары негізінде көптеген адамдар, оның ішінде әскер, партия басшылары қамауға алынды. 1936-1938 жылдардағы НКВД-нің ашық саяси процестерінде Троцкий сандаған кеңес қызметкерлеріне тыңшылық, терроршылдық, зиянкестік жұмыспен айналысқан, КСРО-да капитализмді қалпына келтіруге тырысады т. т. деген сияқты саяси жала жауып, жаппай қырып-жоюды ұйымдастырды деп сырттай айыпталды.
* * *
Профессор Тұрсынбек Кәкішев атап өткендей, Сәкеннің Қазақ АКСР Халық Комиссарлары Кенесінің төрағасы болуы ел үшін қаншалықты игілікті де пайдалы іс болғанымен, өзі үшін сорға айналды. Ақынның шығармаларынан қайтсе де бір кемшілік, ілік, саяси қате іздеп, кенедей жабысқан «білгіштер» оның азаматтығына күйе жағу, ел ішінде жексұрын етіп көрсету кезеңі 1922-1923 жылдары айырықша жүргізілді.
«Азия» (Европаға) деген баллада «Еңбекшіл Қазақстан» газетінен бастап (1922 ж.) біраз басылымдарда жарық көрді. Міне, осы туындыға Мәскеуде қазақша шығатын «Темірқазық» журналында Нәзір Төреқұловтың рецензиясы басылды (1923 ж.). Ол «Азияға» мүмкіндігінше шүйлігіп, іске алғысыз етіп тастайды. «Бұл өлеңді жазғанда сабаздың не мақсаты бар екен? Антисемитизмге қарсы жазайын деген болса, ниеті жақсы, бірақ пайдасы жоқ. Европаны жақсы жолға бастайын деген болса, Европаға қазақша жазудан пайда шамалы. Шамалы «ақыннан» шамалы пайда. Орынборда Сәкен деген бір қазақ ақыны осындай пікір «шығарыпты» десе, сол күні-ақ Сәкенді Орынбордан алып келіп, бір музейге кіргізіп қояр еді. Мұндай «қызық кісіні музейден басқа жерге қойып та болмайды» деген ажуа сөздің ар жағында батпандай зіл жатқандығына, сол кезде бұған назар аударғандар көп бола қоймаған (Сәкен Сейфуллин. Алматы, «Қазығұрт», 2004 ж., 2-т.). – Нәзірдің осы келемежіне кейін саяси астар беріліп, Сәкенге тағылған айыпқа ұласты.
Жалпы сол кезде үкімет басшысы қатысып, белгілі қазақ тұлғасының мерейтойын ресми түрде өткізу салты жоқ еді. Бұл дәстүрді бірінші болып «бұзған» – Сәкен Сейфуллин. Мәселен, Ахмет Байтұрсыновтың 50 жылдығын атап өтейік деген Оқу халық комиссариатының ұсынысына облыстық партия комитетінің үзілді–кесілді қарсы шыққаны да содан болса керек. Бірақ, соған қарамастан, мұны Сәкен ұйымдастырып қана қоймай, баяндама жасайды, Ақаңның ел тарихында алатын орнына лайықты бағасын береді, газетте жариялайды. Ахмет қазақ ұлтына жанын аямай қызмет қылған, – дейді Сәкен Сейфуллин.
1923 жылы 17-22 наурызда Орынборда облыстық III партия конференциясы болып өтті. Мәскеудің БК(б)П Орталық Комитетінің өкілі Емельян Михайлович Ярославский (шын аты-жөні –Миней Израилевич Губельман) өзінің баяндамасында Сәкеннің «Азия» (Европаға) деген туындысын сынап, «мұнда белгілі бір идеологияның салқыны бар. Мұнда таптық күрес ұлттық күрестің тасасында қалған, қазақ ақынының ойында таптық күрестің түлегенін көріп отырмыз. Бұл таптық күрес емес, ұлттар күресі. Бір жағында, әділетсіздікке, жалдаптыққа белшесінен батқан Европаның жаугершілігі болса, екінші жағында, Мойсей, тағы басқа пайғамбайларын қолдаған «кіршіксіз» Азия. Бұл – мәселені марксистік тұрғыдан түсіну емес» деді.
Ал обкомның бөлім меңгерушісі Алма Оразбаева өз сөзінде «Пенде еді қара бүркіт тұтқындағы» деп басталатын өлеңдегі («Қара бүркіт») «пенде» деген сөзді «банда» деп шатастырады, Сәкен Троцкийді «банда» деген деп пәле жабады. 14 қазақ коммунисі Сәкенді бұлай сынауға болмайды, партконференция алғашқы сәттен бастап-ақ қазақ коммунистеріне сенімсіздік көрсетіліп, ұлтшылдық айыбын таңуға бағытталған белгілі бір ағымдар байқалады деп шағымданса, РК(б)П ОК-нің Қазақ бюросы бұл хатты қарап, «қазақ жолдастарға ұлтшылдар деген беталды айыптау жасалған жоқ, ал ұлтшыл-уклонистік көзқарасты сынға алу әбден орынды және оның өзі «партияның әрбір мүшесінің ажырағысыз правосы ғана емес, сонымен бірге міндеті де болып табылады», – деп жауап берілді (Қазақстан Коммунистік партиясы тарихының очеркі, А., «Қазақстан», 1985, 142- б).
Яғни жергілікті ерекшеліктерді елеуге шақырған ел азаматтарын партия басшылығы «ұлтшыл-уклонистер» деп айыптайды. Сөйтіп, 1923 жылғы облыстық III партия конференциясы елдің түбегейлі мәселелерін шешудің орнына кейін үлкен саяси науқанға айналған 37-нің ойранына негіз қалап берген еді. Бұл аз болғандай, Ташкенттегі «Шолпан» журналы Қоңырдың мақаласымен «Қызыл сұңқарларды», Мәскеудегі «Темір қазық» журналы Н.Төреқұловтың екі мақаласымен Сәкеннің «Асау тұлпар» мен «Бақыт жолына» атты шығармаларын түкке тұрғысыз етіп сынап, өзбек, татар, орыс тілдеріне аудартып жариялатқан. Ел басқарып жүрген Сәкенді бұл жайлар қуанта қоймағаны сөзсіз.
* * *
Өмір тақтайдай түзу жол емес. Бұл айдан анық. Қызық пен қуаныш, шат-шадыман көңіл ешкімнің ырқынсыз күдік-үреймен, кейде тіпті қайғы-қасіретпен ұласып та жатады, ал өмір өз бағытымен, өз арнасымен жылжиды. Табиғат заңы деп жүргеніміздің өзі де осы шығар. Халқының қамын ойлаған ойы терең, қиялы шалқар, сезімі нәзік ақын жанының мұны сезбеуі, байқамауы мүмкін емес. Дегенмен тындырған шаруасын, атқарған ісін жұрт қанша мақтап жатса да, небір керемет сый-құрметке бөленсе де Сәкеннің жүрек түбіне берік ұялаған жұмбақ сейіле қоймады, тарқамады.
Мұның да өзіндік сыры бар. Ақынның 20 жылдық шығармашылық тойы өтіп жатқан кезде Мәскеуде троцкийшілер деп пәле жабылғандар бірінен соң бірі ұсталып, алды сотталып жатты. Бұл, әрине, жақсылықтың нышаны емес. Осыған орай кезінде талай көрісіп-білісіп, бұрыннан таныс, сырлас досы Омбылық жазушы, революционер Феоктист Березовскийге жазған хаты тағы да бір сәт көз алдына елестегендей болды.
Жамандық айтып келмейді. Кейде ешқандай бөтен ойсыз, теріс пиғылсыз ойда жоқта байқамай, ат үсті айтыла қалған бірер сөз өзіңе ғана емес, басқа біреудің тағдырына да әсерін тигізіп жатады. Шу дегеннен ықылас-пейілі дұрыс, үндес болып кеген осынау досының мұндай теріс пікірге бара қоюы Сәкеннің үш ұйықтаса ойына келмеп еді. Сондықтан да қолына қалам алып, Ф.Березовскийге хат жазған кездегі оның хал-жағдайын түсінуге болатын. Сәкеннің үнжұрғасы түсіп, жан-дүниесінің астан-кестен болуы да осыдан еді
Әрдайым дос деп жүрген осы орыс жазушысының былтыр Алматыға творчестволық сапармен келуіне де себепші болған. Оны басшыларға таныстырып, жұртшылыққа кеңінен насихаттауда да Сәкеннің еңбегі аз болған жоқ. Тіпті кейбіреулер оны кекесін түрде «сенің Березовскийің» деп те жүрді. Сөйткен досы кейбіреулердің пыш-пыш сөзіне ерді ме, әлде өзінің түсінігі солай болды ма, қалай? Кеңес өкіметін өз қолымен орнатып, Анненковтың «ажал вагонын» көрген Сәкен аяқ астында қалайша троцкийшіл бола қалған?
Сәкен не де болса көңілдегі күдікті ойдың бірде-біреуін бүкпеді, жасырмады, ағынан жарылды. Бәрін қағаз бетіне түсіре берді: қайткен күнде де ол ақын сырын, жолдас ойын ұға алады, түсіне біледі деп сенді.
Оқиға былай болған. 1936 жылдың 10 қаңтарында Минскіде КСРО Жазушылар одағының кезекті пленумы өз жұмысын бастады. Президиумда болашақ НКВД басшысы Н.И.Ежов та отырды. Жарыссөзге қатысқан Березовский жалпы шығармашылық жәйлі ойын ортаға салды, қазақ әдебиеті туралы сөйледі, оның қол жеткен табыстарына тиісті бағасын бере келіп,былай деп қалды: «...Однако в своей поэме «Красный конь», а также в ряде других произведений Сейфуллин допускал политические ошибки, которые сродни троцкизму. В настоящее время Сейфуллин избавился от таких недостатков».
Мұны қалай айтқанын Березовскийдің өзі де байқамай қалған. Алайда, қисынсыз сөзді кім айтты, кім нені бүлдірді деп бірін бірі аңдып, жаппай бақылаудың молайып, қырағылық күшейтіле түскен уақытта, осы бір күдікті-ау деген істер жіпке тізіліп жатқанда айтылған бұл пікір, сөз жоқ, Сәкенге тағылған ауыр кінә болатын. Екіншіден, пленумда сыналғандардың ішінде тек Сәкен Сейфуллинге ғана троцкийшіл деген пәле жабылған. Бұған төрде отырған Н.И.Ежовтың кейін мән бермеуі мүмкін емес. Міне, Сәкеннің 1936 жылдың 26 наурызында Ф.Березовскийге жазған хаты жазушылар пленуміндегі осы оқиғаға байланысты еді.
* * *
1937 жылдың 11-16 шілде аралығында Қазақстан Жазушылар одағы мүшелерінің жабық партия жиналысы өтіп, оған Б.Әбдіқадыров, Б.Майлин, Ө.Тұрманжанов, М.Қаратаев, Х.Жүсіпбеков сияқты белгілі жазушылар қатысты. Жиналыста «Социалистік Қазақстан», «Казахстанская правда» және «Лениншіл жас» газеттері бетінде көтерілген Жазушылар одағындағы кейбір қаламгерлердің (С.Сейфуллин, І.Жансүгіров, С.Мұқанов, Ғ.Тоғжанов, М.Әуезов сияқты) БК(б)П ОК-нің ақпан-наурыз айларында өткен пленумдарының қаулыларын орындамауы, сын және өзара сынды кеңінен өрістетпеуі, әдеби шығармаларында троцкийшілердің, ұлтшылдардың агенттері бейнеленіп, орын алғаны туралы тағы да мәселе қаралып, шу көтерілді.
Жиналыста баяндама жасаған Хамза Жүсіпбеков сөз арасында Сәкенді де ұмыт қалдырған жоқ: «Казахстанская правда» мен «Социалистік Қазақстан» сыны толығынан дұрыс. Вечерный газеттің Сәкен туралы асыра сілтеп жібергені рас, оған мен де қосыламын, – деді ол. – Біз қатені түзегіміз келсе, Орталық Комитеттің сынын толығымен ешбір оговоркасыз дұрыс деу керек. Ал Сәкеннің инерциясы дұрыс емес. Осындағы жолдастардың сөзін еске алып, қателігімізді жете мойындап, оны жоюдың шарасын көрсетіп қаулы алу керек. Қаулымызда Сәбит туралы да қатты айту керек. Оны тез шақыртып, партиялық мәселесін қарау керек. Майлин туралы жазушылар правлениесінің партгруппасы қаулыны дұрыс деумен бірге, қатты ескерту беру керек. Сәкен, Жансүгіров жолдастарға ескерту беру керек. Сынды, өзара сынды, ең алдымен халық жауларының зиянкестерін, қалдықтарын құртуға, оған ымырашылдық қылғандарға жұмсау керек. Жарыссөзде Сәкен де сөйледі:
– Баспасөз сынының дұрыстығын мен де жақтаймын. Өкпелемеу керек. Сын алға жетелейді. Бірақ әр нәрсені мезгілінде айтқан жөн. Троцкийді бандит деп оған Сәкен өлең арнады дейді. Сол кезде ол бандит емес, политбюро мүшесі болған. Оның бандит боларын білсем, жазам ба? Сыншыларымыз осы жағын ескермейді. III партконференцияда (1922 ж.) Мәскеу өкілі Ярославский «Азияны» сынап, зиянды шығарма деді. Бұл таптар күресі емес, ұлттар күресі, марксизм идеясымен қабыспайды деп пәле жапты. «Банды» деген кінәні жуу үшін кейін, 1924 жылы, «Домбыраны» Троцкийге арнап шығардым. Ал 1928 жылы оның қате екенін айтып газет-журналға мақала жаздым, кейін ҚазПИ-де, Жаманқұловтың баяндамасында, биылғы партия сайлауларында сөз болды. Крайкомге де түсінік бергем. 1922 жылы «Азияны» шығарсам, одан кейін тап сондай өлең жаздым ба? Жоқ, жазғам жоқ, қайталағам жоқ. Ендеше сол үшін үздіксіз төмпештей беру кімге керек екен? – деді Сәкен күйініп.
* * *
«Параллельді антикеңестік троцкийшіл орталық» деген процесс негізінен өткен ғасырдағы 30-жылдардың басқа саяси ашық сот процестерімен бір қатарда тұрады, ол ең алдымен И.В.Сталиннің жеке басының билігін күшейтіп, оның әкімшілік-командалық басқару жүйесін мүмкіндігінше нығайтуға бағытталған. Кез келген күдікті көрініс, елдегі қалыптасқан жағдайға сәл наразылық білдіру сияқты оқиғалар кезекті «іс» қозғалуына айналып, қолма-қол көзі жойылатын.
БК(б)П-ның XVII съезінен кейін партияның кейбір ескі лениншіл кадрларының арасында И.В.Сталинді бас хатшылықтан басқа қызметке ауыстыру туралы әңгіме өрістей бастаған кезде жағдай осылай болған. С.М.Кировтың қазасын сылтау қылған сталиндік басшылық репрессияның жаңа, қуатты толқынын бастап кетті.
Жаппай қуғын-сүргінге ең алдымен өзіндік дүниетанымы, көзқарасы, ой-пікірі бар, жеке адамға бағыну тәртібіне елеулі қарсылық көрсете алады-ау деген саяси тәжірибесі мол Сталиннің бұрынғы идеялық қарсыластары ілікті. Оларды құрту үшін жалған процестер ұйымдастыруға тура келді. Жоғары жақтың нұсқауымен НКВД жоқ қылмыскерлерді ойлап табады, сосын «ленинградтық», «мәскеулік», «антикеңестік троцкийшіл-зиновьевтік бірлестік» деген сияқты жау орталықтарын «ашады».
Мұндай «істерді» жүргізу барысында барлық айыпкерлер қандай қиял-ғажайып ертегі сияқты немесе ойдан шығарылған оқиға болса да өздерінің «қылмыстарын» негізінен ұйымшылдықпен мойындауы тиіс еді. Айыбын әділеттілік тұрғысынан дәлелдеу жөнінде сөз де қозғалмайтын. «Параллельді антикеңестік троцкийшіл орталық» деген іс те осындай ойдан құрастырылған жалған дүние болатын.
1937 жылдың 23-30 қаңтарында Мәскеуде КСРО Жоғарғы сотының әскери коллегиясы КСРО прокуроры А.Я.Вышинский қатысқан ашық сот мәжілісінде «параллельді антикеңестік троцкийшіл орталық» деген қылмыстық істі қарады. Бұл іс бойынша 17 адам абақтыға жабылып, сотқа тартылған. Солардың бірі – Сокольников Григорий Яковлевич (дұрысы – Гирш Янкелевич Бриллиант, 1988-1939).
Біз жоғарыда Сәкен Сейфуллинді айыптау қорытындысында ол 1922 жылдан бастап жасырын троцкийшіл болды, ұлтшыл топты басқарды. 1936 жылы антикеңестік ұлтшыл ұйым орталығының тапсырмасымен халық жауы Сокольниковпен байланыс жасады, оған Қазақстадағы антикеңестік қызмет туралы хабарлаған деп жаздық. Демек, Сәкеннің сотталуына, кейін атылып кетуіне Сокольниковтың тікелей қатысы бар сияқты көрінеді. Олай болса, оның кім екендігін түсіндіре кетейік.
Г.Сокольников көрнекті партия және мемлекет қайраткері. Ақ патша заманында тұтқынға түсіп, Сібірге айдалған. Одан қашып шығып Швейцария мен Францияны паналайды. В.И.Ленинмен бірге пломбаланған вагонмен Германия арқылы Ресейге қайта оралады. Петроградтағы қарулы көтеріліске қатысқан. Әуелі Брест-Литовскідегі кеңес өкілдігінің мүшесі, сосын Л.Троцкийді ауыстырып (1918), делегация басшысы ретінде Германия және оның одақтастарымен бітімге қол қояды. Түркістан майданының командирі болды, басмашылармен соғысты. Кәсіподақтардың рөлі жөніндегі айтыста Троцкий мен Бухариннің бағытын қолдаған (1921). КСРО-ның бірінші Қаржы халкомы, БК(б)П ОК-нің мүшесі. Орталық Комитеттің Саяси бюросы мүшелігіне кандидат, Сыртқы істер халкомы, тағы басқа жауапты қызметтер атқарған.
Троцкийшіл, зиновьевшіл террористік топтармен тығыз байланыста болды деген айып тағылып, партиядан шығарылды» (26.07.1936). Сол күні қамауға алынды. Жауап алу хаттамасына И.В.Сталин «ағылшын барлаушысы Тальботқа Сокольников аса құпия ақпар берген, ол «хабар таратушы шпион» деп бұрыштама соққан. 10 жылға бас бостандынан айырылып, түрмеде қаза тапқан (21.05.1939), ақталған.
Орталық Комитеттің Саяси бюро Комиссиясының кезекті мәжілісінде (27.07.1988) КСРО Жоғарғы сотының «параллельді антикеңестік троцкийшіл орталығы» туралы үкімді жою және осы іс бойынша заңсыз репрессияға ұшырағандарды сот шешімімен ақтау туралы мәселе қаралды. Сонда Сокольников қандай қылмыс жасаған? Сөйтсек, жоқтан бар жасалған.Осы іс бойынша алдын ала жүргізілген тергеу барысында қылмыстық, сот істерін жүргізу өрескел бұрмаланған, оның ішінде, азаматқа заң жүзінде қорғануға берілетін кепілдік құқығынан айырған. КСРО Жоғарғы соты атап өткендей, мұндай жағдайда сотталғандардың Кеңес мемлекетінің қызметіне қарсы дұшпандық іс-әрекетін дәлелге жарайтын айғақ деп есептеуге болмайды. Іс қағаздарының ішінде айыпкердің аса қауіпті мемлекеттік қылмыс жасады деуге негіз боларлықтай айғақ жоқ (Известия ЦК КПСС. № 9, 1989, 31-б.).
«Маркстің жастық шағы» деген кітаптың қазақша нұсқасының редакторы Сәкен Сейфуллин оның авторымен небәрі екі рет жүздескен: А.Фадеевтің Жазушылар одағындағы кабинетінде, кейін Сәбит Мұқановпен бірге саяжайда кездескен. 1936 жылдың 26 шілдесінде Г.Сокольников істі болып, қамауға алынады. Әйеліне де іс қозғалады: ол күйеуі мен қазақ ақыны арасындағы байланысшы болыпты-мыс. Сөйтіп, троцкийшіл деп танылған Сәкен Сейфуллиннің, Галина Серебрякованың, Григорий Сокольниковтың қайғы-қасіреті, міне, осылай тоғысқан.
Амантай Кәкен,
Abai.kz