Жексенбі, 24 Қараша 2024
3286 4 пікір 24 Қазан, 2019 сағат 10:37

Абаев: Діни басқарма имамдардың жаңа образын қалыптастыруы керек

Біздің басты кемшілігіміз – өзекті де нәзік діни мәселелердің шалғай елді-мекендердің тұрғындарына, халықтың ұйымдаспаған топтарына жетпеуі. Бұл туралы бүгін елордада өткен ІІІ республикалық имамдар форумында сөз сөйлеген Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев мәлімдеді. Министр дін саласындағы түйіткілді 5 мәселенің мәнісін түсіндіріп қана қоймай, оның шешімін ұсынды.

"Дәстүрлі дінді қайтару жұмыстарын күшейту қажет. Түсіндіру жұмыстарындағы біздің басты кемшілігіміз – дін саласының өте өзекті де нәзік мәселелерінің шалғай елді-мекендердің тұрғындарына, халықтың ұйымдаспаған топтарына жетпеуі. Осы мәселеге ерекше мән беруіміз қажет. Осы тұста барлық өңірлердегі имамдарды халыққа насихат жасау кезінде қоғамдағы өткір мәселелерге тоқталып, келеңсіз жағдайлардың алдын алуға бағытталған уағыздар жүргізуге шақырамын", - деді Дәурен Абаев.

Министр "Рухани құндылықтар – қоғам бірлігінің негізі" атты руханият өкілдері бас қосқан алқалы жиында 5 негізгі мәселеге жіті тоқталып, оларды нақты қалай шешу жолдарын түсіндіріп берді.

Абаев Елбасының "Рухани жаңғыру" бағдарламасының өзегі саналатын прагматикалық көзқарасқа бұқараны тәрбиелеуге имамдардың өз үлестерін қосуын сұрады. Оның айтуынша, уағыз айтумен қатар халықты ысырапшылдық пен орынсыз сән-салтанаттан тыйылуға, жастарымыздың некені сақтауға, азаматтарды саламатты өмір салтын ұстауға шақырған жөн.

Осы ретте ауылдардағы мешіт имамдарына материалдық жәрдем беру мәселесі қарастырылып жатқанын хабарлады. Күрделі түйткілді шешуге біршама уақыт кетеді. Десе де, бұл сұрақтың оңтайлы шешілуіне бар күш-жігерін салатынын айтты.

"Екіншіден, мешіттердің қызметін реттеуді жаңдандыру қажет. Аймақтарда мешіттер коммуналдық-шаруашылық мәселелері толық шешілгенде ғана пайдалануға берілуі керек деп санаймыз. Мешітті ашқан жергілікті меценаттар мен демеушілер бастапқы уақытта діни ғимараттың шығындарын өз қамқорлығына алуға шақыруларыңызды сұраймын. Дініміз бойынша сауапты іс жасау тек қана мешіт салумен шектелмейді. Әрине, қажеттілік бар жерде мешіт салу керек. Алайда, мешіт жеткілікті болса, қайырымды азаматтар мен меценаттарды мектеп, аурухана, жол, көпір сияқты халық көп жылдар бойы игілігін көретін, сауабы орасаң зор игі істерге көптеп үндеуді ұсынамын", - деді ол.

Сонымен қатар, Діни басқарма қызметкерлерінің білімі мен біліктілігін арттыру жөнінде де сөз қозғады.

Бүгінде мемлекет имамдарға қолдау көрсету мақсатында жыл сайын діни басқарманың қызметшілерін оқытып келеді. Бұл жұмыс жалғасын таппақ. Мешіт имамдарының тапшылығын шешу мақсатында Нұр-Мүбарак университінде исламтану мамандығына гранттардың көптеп бөлінуіне көмек көрсетілетін болады.

"Келесі бір маңызды мәселе бар. Халықтың жаназадан шығару сияқты діни рәсімдердің төңірегінде кейбір молдалардың жұмысына көңілі толмайды. Сондықтан Діни басқарма имамдардың жаңа образын қалыптастыру керек деп есептеймін. Халық имамдарды қайырымдылық шараларына мұрындық болатын, қайғысы мен қуанышын бөлісетін қайырымды жандар сипатында таныған жөн. Себебі, істің сөзге қарағанда әсері – күштірек", - деп шегелеп айтты Абаев.

Бұдан бөлек, Дәурен Абаев өз сөзінде тұрып, жұртшылыққа берген уәдесін орындағанын айтты.

"Кездесулеріміздің бірінде Өздеріңізге дін тақырыбында телевизиялық бағдарлама ашуға уәде берген едік. Біздің министрлік тарапынан сол уәдені орындап, қазір "Қазақстан" ұлттық арансы мен "Хабар" телеарналарынан "Иман өзегі" сынды бағдарламалар ашылды. Елбасы мен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы дін мәселесіне айрықша назар аударуда. Сондықтан да бұл жолда бірлесіп, табандылықпен жұмыс істейтінімізге сенемін. Баршаңызға Алланың мейірімі мен амандығы болсын", - деп өз сөзін түйіндеді.

Дін саласындағы ең көкейкесті түйткілдерді тарқатып айтқан Үкімет өкілі діни басқарманың әлеуметтік желі мен БАҚ беттеріндегі ағартушылық жұмыстарын күшейту керектігін де атап өтті.

Жағымды жаңалықтардың бірі – жуырда жеке азаматтардың өтінішіне ашық әрі жедел түрде жауап қату мақсатында виртуалды қабылдау бөлмесі ашылады. Бұл азаматтарға теріс мәліметтерді емес, Қазақстан мүсылмандары діни басқармасымен тексерілген дұрыс әрі шынайы ақпарат алуға мүмкіндік береді. Бұл бастаманы жүзеге асыруға Абаев өзі басқарып отырған министрлік белсенді түрде атсалысатынын жеткізді.

Роза Ысқақ
Abai.kz
4 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1491
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3260
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5578