Сенбі, 23 Қараша 2024
Билік 5484 17 пікір 14 Қыркүйек, 2017 сағат 12:07

Латынға көшсек – сырттағы 5 миллион қазақпен жақындасамыз

Еліміздегі бірқатар үкіметтік емес ұйым өкілдері латын қарпіне көшуді қолдайтынын айтып, мәлімдеме жасады. Халықаралық «Жанашыр» қорының президенті Жаңыл Әпетова латын жазуына көшу бізді әлемнің әр түкпіріндегі 5 миллионға жуық қазақтармен жақындастыра түседі деген пікір білдірді.

Қор басшысының айтуынша, бүгінгі таңда кирилл жазуын әлемнің 12 мемлекеті ғана пайдаланады. Ал қалғандарының көпшілігі латын әліпбиін қолданады. Демек, бұл кең таралған жазу. «Қазір әлемнің түкпір-түкпірінде 5 миллионға жуық қазақ тұрады. Олардың 80 пайызы латын әліпбиін пайдаланады. Яғни, біз болашақта латын әліпбиіне көшсек, сол қандастарымызбен жақындаса түсеміз. Бұл – сырттағы ағайынның көптен күткен арманы. Біз, қазақстандықтар көпшілік болып латын қарпіне  көшуге дайын екенімізді көрсетіп, осындай маңызды қадамға баруға ауызбіршілік танытқанымыз жөн болады»,- дейді ол.

Сонымен қатар, «Жанашыр» қорының президенті латын әліпбиіне көшуге қатысты халыққа жүргізілген сауалнама қорытындыларын да жария етті. Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің қолдауымен «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» коммерциялық емес мекемесінің гранттық бағдарламасы аясында «Халықтың ұлттық мәдени-бірлігін сақтаудағы зиялылардың рөлі» деп аталатын жоба бойынша конференциялар мен дөңгелек үстелдер, мектеп және колледж оқушыларымен кездесулер өткізілген. Осы басқосуларда латын қарпіне көшу туралы сауалнама жүргізілген. Сайып келгенде, сұрау салынғандардың 80-90 пайызы латын жазуына көшуді бірауыздан қолдайтындарын айтыпты.

Елбасының бастамасын ауған соғысы ардагерлері ұйымдарының «Қазақстан ардагерлері» қауымдастығы да толығымен қолдайтынын мәлімдеді. Қауымдастық төрағасы Бақытбек Смағұлдың айтуынша, латын қарпі арқылы еліміз қазіргі заманғы технологиялық ортаға, коммуникацияға, сондай-ақ, ғылыми және білім беру үдерісіне тереңірек кіріге түседі.

«Мемлекет бұл іске барынша байыптылықпен, дәйектілікпен және дайындықпен кірісуде. Қазақтың жаңа жазуының сыншысы да, тілекшісі де, төрешісі де халық болмақ. Демек, әліпбидің соңғы нұсқасының қандай болатыны да барша қазақстандықтарға болуға тиіс. Бұл бастама бөлініп-жарылуға емес, ескіден арылуға, сананың жаңғыруына, мемлекеттік тілдің жаңаша дамуына бастайды. Тәуелсіз Қазақ елінің азаматтарына әлденені сырттан таңуға ешкімнің хақысы жоқ. Бұл – біздің, тәуелсіз Қазақстанның өркениеттік таңдауы. Бұл таңдауда да барша қазақстандықтардың кезекті рет ырыс пен ізгілікке ұштасар бірауыздылық танытарына сенім білдіреміз»,- дейді Бақытбек Смағұл.

Abai.kz

 

17 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5374