Бізде анимацияға баланың ермегі деп қарайды
Мен ылғи шәкірттеріме “Мұзбалақ”-ты көрсетіп жүрдім. Және ол турасында артық ештеңе білмейтін ем. Жақында Қазақстан анимациялық киностудиялар қауымдастығының басшысы, “Astana film” жастар киностудиясының директоры Жәнібек Нұрбекұлы сүйінші хабарды жеткізгенде, “Бұл осы әлгі мен орыс тілді аудиторияға күнделікті көрсетіп жүрген мульфильм емес пе еді?..” деп аяқ асты аң-таң күй кешкенім бар...Содан сол “Мұзбалақ” туындысының режиссерлерінің бірі Тұрдыбек Майданұлымен арнайы сұхбаттастым.
- Тұрдыбек мырза, әуелі жақындағы жеңістеріңіз құтты болсын! Ел болып, мәз-майрам қуандық. Енді айтыңызшы, бүгінгі қазақ анимациясының ең басты 3 мәселесі не?
- Риза ханым, рақмет! Бізде анимация мемлекеттік деңгейде жүйелі түрде әлі жолға қойылмаған. Оған баланың ойыны не ермегі деп қана қарайды. Ол ұрпақты тәрбиелейтін, ұлттың болмысын қалыптастыратын үлкен идеологиялық құрал екендігінің байыбына ешкім барып жатқан жоқ.
Екінші мәселе – нақты жүйе жоқ. Жылына мұнша сағат анимация өндіріске шығуы керек деген белгіленген уақыты да жоқ. Мысалы, Қытайды алып айтсақ, олар жылына 3000 сағат эфир дайындайды. Балалар үшін әр түрлі жанрда жылына үш мың сағаттық фильм жасайды. Ресейдің өзі 200 сағат жасайды. Біз жылына 2 сағат та жасамаймыз. Кейде 1 сағатта жоқ. 2015 жылдан бері 2019 жылға дейін екі-ақ сағаттық фильм жасалды. 2019 жылы өнім жоқтың қасы.
Үшінші мәселе – маман мәселесі. Бізде мемлекеттік екі оқу орны бар. Бірі – Алматыдағы “Темірбек Жүргенов атындағы өнер академиясы”, екіншісі – астанамыздағы “Қазақ ұлттық өнер университеті”. Сол жерлерде мамандарға грант өте аз бөлінеді. Жылына 7-8 ғана. Мамандық тәрбиелеу жағы жолға, жүйеге қойылмаған, анимация, режиссура деп жалпылама үйрете салады. Шетелде қалай? Олар бөліп-бөліп үйретеді. Графикалық анимация, режиссуралық анимация, қоюшы-суретшісі де бөлек үйретіледі. Топ болып, бірігіп жұмыс жасауға үйретеді. Бізде дара-дара бір 7-8 режиссерді дайындауға болады. Тек қана сол маман тапшылығығының өзі бізді қатты алаңдатады.
Осы үш мәселе нақтылы, жүйелі шешілсе, қазақ анимациясы дамыр еді. Сол екі университеттерден шыққан студенттердің көрсеткіші жалпы жаман емес, халықаралық бәйгелерде орын алып жүр. Мысалы, жақында қазан айында Германияның Хемниц қаласында жиырма төртінші рет өтіп жатқан халықаралық балалар мен жасөспірімдерге арналған “SCHLINGEL” кинофестивалінен “Ең үздік анимациялық фильм” деген номинация бойынша жоғарыда айтылған бағанағы біздің “Мұзбалақ” толықметрлі анимациялық фильмі бас жүлдеге ие болып келді. Оны Германияның анимациялық фильмдер институты тағайындаған болатын. Онда 52 елден 233 фильм қатысты. Олар өздерінің баспасөз беттерінде бізге өте жоғары баға берген. “Бұл - анимациялық фильмнің озық үлгісі. “PIXAR” мен “WALT DISNEY”-дің аудиториясынан тыс жерде жасалған ерекше фильм! ” деп атап өтіпті. Осының өзі - қазақ анимациясының жетістігі ғой.
- Қазақ анимациясы кешеуілдеп дамып келе жатыр. Кемшін тұстары жеткілікті. Біздің анимация өнері Ресейдің бүгінгі анимациясының деңгейіне шамамен қанша уақытта жетер екен?
- Жаңа кемшін тұстарын айтып өткендей болдым. Жалпы бізде анимация қолдау тауып отырған жоқ, сол үшін кенже қалдық. Біздің қаншама мамандарымыз, жастарымыз Ресейдің қаншама фильмін жасап отыр. Электронды түрде, компьютермен. Солардың сериалдарын, тапсырыстарын жасап беруде. Мұны кәсіби маман ретінде біз білеміз. Ресеймен салыстыру дұрыс деп ойламаймын! Әлемдік нарықпен салыстыру керек. Біз фильмді Ресейден кем жасамаймыз. Тең, тіпті озып кетіп жатқан тұстарымыз да жетерлік. “Жалғыздың үні” шықпайды дегендей, нарық заманында көрінбей қалып жатырмыз. Тым аз шығып жатқанымыздан, басқа елдің фильмдері біздің экранды жауып кетіп жатыр. Сол үшін біздікі жоқтың қасы болып тұр. Әйтпесе, аз болса да, саз фильмдер шығып жатыр.
- Бүгін біздің анимация туындылары - аз, онша танымал емес. Қазір ауадай қажет продакшн, постпродакшн және менеджмент салаларын дамыту анимацияға ерекше қажет-ақ. Мұндағы ең басты кедергі неде?
- Мемлекеттен тапсырыс, өндіріс болған кезде продакшндер автоматты түрде көбейеді. Бізде қазір “Балапан” телеарнасымен жұмыс істейді. Бірақ, оңың уақыты мен қаржысы өте-өте аз. Шетелмен салыстырғанда тегін істеп жатыр деуге болады. Нарық адамдардың жан санына айналды. Халықымыздың жан саны көтермейді. Продакшндердің өз қаржыларымен жұмыс жасап, фильм түсіруіне, қайтадан ақшаны қайтарып аламыз дегендеріне қорқынышпен қарайды. Көптеген қалаларда кинотеатрлардың болмауы. Тағы Қытайды мысалға алсақ, олар мереке күндерінде ең бірінші өздерінің отандық фильмдерін алға шығарады. Жақсы күндерге де, халық көретін уақыттарға да төл дүниелерін қуана-қуана қояды. Заң жүзінде. Мысалы, “Мулан”, “Кунг-фу Панда”- ны да көрсетерде де сөйтті. Олар осылай істей алады. Ал бізде әрине, бәрі керсінше! Шетелдік фильмдерді әкеліп ең бір қолайлы, тиімді керемет уақыттарына оп-оңай қойып бере саламыз. Өзіміздің отандық фильмдерді жетімсіретіп адам бармайтын, көрмейтін түнгі сағат бірге, таңғы онға деген секілді уақыттарға апарып аяусыз тығып жібереміз. Мұны қаншама режиссерлер айтты. Журналистер де анда-мында айтты. Оған пысқырған адам жоқ! Бұл жағдайға біз де тап болдық. Басымыз соғылды.
- Кейінгі кезде қазақ анимациясы тек техникалық тұрғыдан емес, мазмұн мен идея жағынан да ұтылып жатыр...
- Риза ханым, бұл сұрағыңызға енді келіспеймін! Себебі, бізде мазмұнды, идеясы терең тақырыптар өте көп. Тек қана бір ғана нәрсе бар, ол – тапсырысты дұрыс жүзеге асыруға мүмкіндік бермейтіндері. Кей жобаларға шамалы ақша берсе де, уақыт бермейді. Тым қысқа уақытты айтады. Мысалы, бала тоғыз ай, тоғы күнде толыққанды туылуы керек қой. Анимациялық фильмді жасауда да - солай! Өзінің толыққанды уақыты керек. Әлемдік стандарттарға, мүмкіндіктерге қарай. Бізде тапсырыс берушілер, мемлекеттік ұйымдарға екі жыл қажет десек, бір жылда жаса, әйтпесе жасамаймын деп айтыңыз дейді. Қалай айтасың? Екі жыл күтіп, қолға әрең келгенде жасамаймын деп айту мүмкін емес. Сосын барынша жасап шығарады. Алты-жеті айда шала туылған бала сияқты шыға келеді. Дұрыс, мазмұн жағын да терең ойлап, асықпай пісіру керек. Техникалық, режиссерлік қойылым, қаржы жағы барлығы сәйкес келгенде ғана толыққанды, әдемі фильм болып шығады. Бізде өнер адамы мен мемлекет арасында осындай да мәселелер бар. Бірақ, қазір қазақ анимациясын қаржыландырып жатқан тек мемлекет қана. Жеке ұйымдардың қаржылары жетпейді. Қымбатқа түседі. Оны қолға алып, ұйымдастырып жатқан да ешкім жоқ.
- Неліктен қазіргі қазақ анимациясында нақты қазіргі ЗАМАНА бейнесі мен жанды тынысы тым аз? Бұл жалпы бүгінгі қазақ өнерінің бас ауруы ма?
- Сіздің замана бейнесі деп жатқаныңыз қазіргі заманға сай робот секілді кейіпкерлерді айтып отырсыз деп ойлаймын. Мемлекеттің қазіргі беріп жатқан тапсырмасы - ұлттық фильм жасау. Өйткені, біздің қазіргі қоғам - өткенімізді, жоғалтқанымызды түгендеп үлгермеген қоғам. Заманауи кейіпкерді тудыру үшін де әр нәрсе өз басқышымен (сатысымен) келуі керек. Мысалы, Америкаға қарасаңыз фантазияларын қосып, роботтармен басқалармен де суперқаһарман, жақсы кейіпкерлерін жасап жатыр. Оны біз де ойлаймыз, бірақ, барлығы басқышымен келуі керек. Біз әлі өзіміздің ертегі-аңыз, әңгімелеріміздегі, тарихымыздағы батырларымыздың да образын жасап үлгеріп жатқан жоқпыз. Соның бәрі жасалғаннан кейін автоматты түрде басқыш бойынша заманауи кейіпкерлерді жасаудың өз уақыты келеді. Бізге тапсырыс беретін тек мемлекет болған соң, әзір ондай тапсырма, тақырып жоқ. Рухани жаңғыруда жоғалтқанымызды қайта жаңғартуымыз, табуымыз керек деген идеология тұр. Балаларды, ұрпақты елсүйгіштікке тәрбиелеуіміз үшін кешегі өткен Қабанбай, Бөгенбай, Наурызбай батырларымыздың ерліктерін ауқымды сапалы фильмдерге айналдырсақ, соның өзі үлкен-үлкен кейіпкерлер болар еді.
- Тұрдыбек мырза, Сізге аталмыш сұхбатқа алдымен келіскеніңіз үшін алғыс айтамын! Сосын, қазақ анимациясына адал һәм шынайы жанұшыра қызмет қылып жүргеніңіз үшін ризашылығымды да қоса кеткім келеді.
- Сіздерге де зор алғысымды айтамын!
Сұхбаттасқан Риза Ысқақ
Abai.kz