Жексенбі, 22 Желтоқсан 2024
Үміт пен күдік 7329 27 пікір 29 Қараша, 2019 сағат 13:52

«Қытай аз ұлттарға қарсы «геноцидті» әлі мойындамай отыр»

АҚШ Президенті Дональд Трамқа хат

Аса мәртебелі Дональд мырза!

Сіздің кеше (28.11.2019) Гонконгтегі «Адам құқығының бұзылуына кінәлі» Қытай және Гонконгтің ресми тұлғаларына санкция салуды қарастыратын заң жобасына қол қойған ақпаратты оқып, қатты қуандым.

Аталған Заң жобасының қабылдануы – жарты жылдан бері адам құқығы және демократияны қорғау жолында тынбай күрескен Гонконг халқы үшін зор қамқорлық және әділетті шешім болды деп есептеймін. Сондай-ақ, Гонконгтің автономиялық мәртебесінің өз деңгейінде сақталуына да өз үлесін қосады деп сенем!

Ал, соңғы үш жылдан бері Қытайдың Шыңжаң өлкесіндегі ұйғыр, қазақ және қырғыз қатарлы аз санды ұлттардың да жаппай саяси қысымға ұшырап, концлагерьлерге миллиондап қамалып жатқаны туралы Сіздің және бүкіл дүниежүзі халқының хабардар екенін мен жақсы білем.

Қытайдан Қазақстан Республикасына қоныс аударған қазақтар, «Атажұрт» ұйымы аталған гонацидтік жаныштау қимылын әлде неше мәрте дәлелдесе де Қытай үкіметі мойындамай келеді.

Бұл аз десеңіз, АҚШ-тың «New York Times» газеті жариялаған Қытайдың Шыңжаңдағы лагерьлерге қатысы бар 400 беттен асатын құпия құжатты да «фейк» деп мәлімдеді.

Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді мырза 2019 жылғы 4 қазангда Қытай мәліметіне сүйеніп, «Қытайда оқыту орталықтарында отырған этникалық қазақ жоқ. Бұл ақпарат расталды» деп мәлімдеді.

Бірақ, 2019 жылғы 19 қарашада және 27 қарашада «Ақеділ» жастар шығармашылығын қолдау қоры» қоғамдық бірлестігі ұйымдастып өткізіген екі реткі баспасөз жиналысы бұл ақпараттың жалған екенін тағы дәлелдеді. Қайта, жазықсыз сотталған, концлагерьлерде қамақта отырған және шетелге шығу құқығы шектелген этникалық қазақтардың тіпті де көп екенін анықтап берді.

Ең өкініштісі, «Ақеділ» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырылған жиналысқа арнайы шақырылған Қытайдың Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Чжан Сяо "Шыңжаңдағы лагерьлерде қазақтар қамауда отыр" деген осы ақпаратты (https://www.azattyq.org/a/kazakhstan-china-ambassador/30295108.html ) және де «жалған» деді...

Қысқасы, Қытай билігі Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының резолюциясымен 1948 жылғы 10 желтоқсанда № 217 А (III) қабылданған «Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясында» көрсетілген міндеттемелерді аяққа таптап отыр.

Өзіңіз жақсы білесіз, қазақ – бейбітшілікті сүйетін ең әділетті ұлт. Жаңа ғана Тәуелсіздігін алған жас мемлекеттің президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың азамзатқа апат әкелген Семей полигонын жауып, жаппай қырып-жоятын Ядролық қарудан бас тартуы – соның айқын дәлелі!

Адамның құқығы мен бостандығын ең басты құндылық деп есептейтін әлемдегі ең ықпалды держава – АҚШ-тың ең әділетті Президенті ретінде Сізден Шыңжаңдағы түркі тектес аз санды ұлттардың құқығы мен еркіндігін қорғауға бағытталған тағы бір арнаулы Заң жобасын қабылдауыңызды өтініп сұраймын!

Ізгі ниетпен,

Ауыт Мұқибек

Abai.kz

27 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1963