Мұхтар Шаханов: « «Ашық хаттан арандап қалдық» деген азаматтарға жауап»
Тілші: «Время» газетінің сәрсенбілік санында Герольд Бельгердің, Қыдырәлі Болмановтың, Бибігүл Төлегенованың, Болат Әбіловтің, Ғазиз Алдамжаровтың санаулы уақыт бұрын қазақ газеттерінің беттерінде мемлекеттік тіл төңірегінде жарық көрген ашық хатқа қатысты әрқилы құбылмалы пікірлері жарияланыпты. Осы мәселеге қатысты өз жауабыңызды білдірсеңіз?
Тілші: «Время» газетінің сәрсенбілік санында Герольд Бельгердің, Қыдырәлі Болмановтың, Бибігүл Төлегенованың, Болат Әбіловтің, Ғазиз Алдамжаровтың санаулы уақыт бұрын қазақ газеттерінің беттерінде мемлекеттік тіл төңірегінде жарық көрген ашық хатқа қатысты әрқилы құбылмалы пікірлері жарияланыпты. Осы мәселеге қатысты өз жауабыңызды білдірсеңіз?
Мұхтар Шаханов: 1989 жылы 22-қыркүйекте екі тіл бірдей мемлекеттік мәртебе иеленіп кеткен тұста, біз оған қарсы дауыс көтеріп, қазақ тілінің мемлекеттік дәреже алуына септігіміз тиіп еді. Содан бері 22 жыл бойы тіліміз бірнеше мәрте заң жүзінде күзелді. Тіпті, оған «орыс тiлi ресми түрде қазақ тiлiмен тең қолданылады» деген тармақ енгізілді. Сонда қазақ тілімен қатар орыс тілінің де мемлекеттік тіл болғаны ма? Бірақ, заңда қазақ тілінің жеке дара мемлекеттік тіл екендігі қадап көрсетілген. Әйтсе де күні бүгінге дейін қазақ тілінде бірде-бір заң қабылданған емес. Билік өткізген жиналыстардың бәрі дерлік мемлекеттік тілді қолдау емес, қорлауға жасалған қадам сияқты. Халық қазір екі тілді мемлекеттік тіл деп шатастыруда. Сондықтан, ҚР Конституцияның 7-бабының 2-тармағын алып тастауды талап еттік. Ал, орыс тілінің халықаралық тіл екендігін, елімізде үлкен қуатқа ие екендігін жұрттың бәрі біледі. Ол ресми тіл болып қала береді. Оның бедел-парқына ешкім нұқсан келтіре алмайды. Қайбір күні маған Зарина Ахматова деген «Время» газетінің тілшісі ұялы телефоныма хабарласты. Мен ол кезде көшеде келе жатқанмын. Бір сөзі естілсе бір сөзі естілмейді. Және оның менің әрбір сөзімді жазып алып жатқанын байқамаппын. Кейіннен пікір, ойымды бұрмалап газетіне жариялапты. Өз басым сұхбаттың мұндай түрін басбұзарлық деп бағалаймын. Ал, сол газеттің келесі санында сұхбат берген кейбіреулердің түрліше пікірінде биліктен сескенушілік, жалпақшешейлік жатқан сияқты. Жалпы, ашық хатта қазақ тілінің осы кездегі проблемалары толығымен көрсетілді. Аталған азаматтардың ашық хаттан кінәрат тауып, бастарын алып қашқандары ұлттық мүддеге деген адалдықтан туып жатқан жоқ. Кезінде «Қазақстандық ұлтты» қолдаған бірнеше әдебиет пен өнер қайраткерлері орта жолдан айнып, табансыздық танытқаны есімде. Өкінішке қарай, бұл жолы да солай болғалы тұр.
«Абай-ақпарат»