Сенбі, 23 Қараша 2024
Әне, көрдің бе? 8820 32 пікір 20 Наурыз, 2020 сағат 13:54

Үкімет қазақ көшіне қарсы екенін білдіріп қойды...

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Елім, жерім деп еңіреген әрбір қазаққа Қазақстанның есігі әрқашан ашық. Ешкімге шектеу жоқ!» - деді.

Ұлт Көшбасшысы бұл сөзді 2017 жылы Елордада өткен Дүниежүзі қазақтарының V Құрылтайында сөйлеп тұрып, бес құрлықтан келген барша қазақтың алдында қасқайып тұрып айтты!

Ал, екінші Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекет басшысы ретінде «Егемен Қазақстан» мен «Айқын» газетіне берген тұңғыш сұқбатында «Қоғамдық пікірге қозғау салған отандастар мәселесін қолдан саясаттандыруға болмайды. Шетелдегі қандастарымызды («оралман» деген сөзге мен қарсымын) Атамекенге қайтару ісі ешқашан назардан тыс қалған емес, қалмайды да. Әлемнің түкпір-түкпіріндегі қандастары­мыздың басын туған жерде біріктіру – біздің парызымыз» - деп, ағынан жарылды.

Қасым-Жомарт Кемелұлы бұл сөзін 2019 жығы 12 сәуірдегі Маңғыстау өңіріне жасаған сапары кезінде тағы қайталады. Жай қайталаған жоқ,  «Дүниежүзіндегі қандастарымыздың басын туған жерде біріктіру – біздің қасиетті парызымыз» - деп, «Қасиетті» деген сөзді қосып қайталады.

Болды! Бұрынғы және қазіргі президенттердің бұл сөзінен кейін екіленуге, тосырқауға және кібіртіктеуге жол жоқ! Үкімет, министрліктер стратегиялық бағдарлама жасап, түгел осы бағытта жұмыс істеуі, осы міндетті орындауы, осы парызды өтеуі керек!

Бірінші болып, Парламент батыл қадам жасап, аталған тапсырманы іске асыруға лайықты етіп, заңнамаларға өзгертулер мен толықтырулар егізуі тиіс еді.

Әкімдер білек сыбанып атқаруы керек еді...

Өткен жылдың 27 маусымында Парламентке келіп түскен «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне халықтың жұмыспен қамтылуы және көш-қон мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасын талқылауға арналған Жұмыс тобының 23 отырысы өтті. Енді Мәжілістің екі оқылымынан өтті.

Заң жобасының көші-қон көш-қон мәселелері бойынша бөлігі екі-үш өзгеріспен ғана кетіп барады.

Әділіттілік үшін айта кетейік, Оның біреуі«Оралман» атауының «Қандас» деп өзгертілуі. Оған Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі «Twitter-іне» жазып жүріп, зорға  өзгерткізді. Мәжіліске салса, «Бауырлас» болып кетер еді.

Екіншісі, «Халықтың көші-қоны туралы» заңының 49-бабының 13) және 14-1) тармақшаларының этникалық қазақтар мен қандастарымызға қолданылмауы.

Бұл ұсынысты Ішкі істер министрлігімен бірлесе отырып, мен бердім.

Үшіншісі, тұрақты тіркеу мен азаматтыққа бір құжат өткізу.

Оны Ішкі істер министрлігі ұсынды.

Сосын, менің 2017 жылы «Халықтың көші-қоны туралы» Заңының 25-бабына тек азаматтық алу үшін «Оралман» мәртебесінің мерзімін бір мәрте ұзартып беруге мүмкіндік жасайтын жаңа тармақ қосу туралы ұсыныс бергем. Тағы осы депутат Кәрібай Мұсырман басқарған сол кездегі жұмыс тобы оның мерзімін алты аймен шектеп, қабылдаған болатын. Сөйтіп, алты айдан асып кеткендер азаматтыққа құжат өткізе алмай, шулап қалған. Биыл, Кәрібай Иманжанұлы соны бұрынғы мен айтқан нормаға келтіріп қабылдады.

Жеті ай бойы талқылағандағы жетістік осы ғана!

Заң жобасы енді Сенаттың қарауына жіберіледі.

Өкінішке орай, осы жолғы Жобадағы көш-қон мәселелері бойынша «өзгерістер» мен «толықтырулар», кесіп айтайын, жоғарыда Президент алға қойған «Қасиетті парызды» орындауға толық кепілдік бере алмайды. Жұртты әлекке салып отырған, көш қарқынын баяулатып тұрған түйткілдерді шешуге бағытталған ұсыныстарымыз өтпей қалды. Қысқасы, Заң жобасы уақыт талабына сай оңалған болған жоқ! Тіпті, қол ұшымен жасалды деуге болады!

Мен ҚР Президенті жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі, осы саламен ұзақ жылдан бері айналысып келе жатқан тәжірибелі маман ретінде ең қажетті ұсыныстарды бердім. Жай бергем жоқ, бұлтартпас факттермен дәлелдеп тұрып ұсындым. Амал не, соның көбін Жұмыс тобының заңдастыруға білігі жетпеді. Ашығын айтсам, «жаны ашымастың басы ауырмас» деген күйде болды.

Мысалы, «Қазақстан Республикасында зейнетақымен  қамсыздандыру туралы» заңының 13-бабының 18) тармағындағы  «Еңбек қызметі» деген сөзді «Еңбек өтілі» деп өзгерту туралы айтайын.

Себебі, аталған Заңда «Еңбек қызметі» деген ұғым атымен жоқ. Тек, «Еңбек өтілі» деген ұғымға заңдық анықтама берілген.

Оның үстіне, «Қазақстан Республикасында зейнетақымен  қамсыздандыру туралы» заңының талабына сай, Қазақстан Республикасының азаматтығын алған қандастарымыз зейнетке шығарда, олардың осы баптың 15) тармағында көрсетілген Қазақстан Республикасынан тыс жерлердегі жоғары оқу орындарында, оның ішінде даярлық курстарында, арнаулы орта оқу орындарында, училищелерде, мектептерде және кадрлар даярлау, біліктілікті арттыру және қайта мамандандыру курстарында, аспирантурада, докторантурада және клиникалық ординатурада, сондай-ақ рухани (діни) білім беру ұйымдарында оқыған кезіндегі жылдары еңбек өтілі болып есептелінбей отыр.

Осы қателікті түзету мақсатында берген ұсынысымыз депутат Бейбіт Мамыраев жағынан Жұмыс тобының талқысына салынды. Бірақ, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Әлеуметтік қамсыздандыру және сақтандыру департаментінің басқарма басшысы Виктория Шегайдың «Алда Моңғолия және Қытаймен Қазақстан Үкіметі келісім-шарт жасалмақшы» деген негізсіз, қашан келісім болатыны белгісіз пікіріне бола, депутат бұл ұсынысын қайтарып алды.

Негізі, «Қазақстан Республикасы мен Монғолия арасындағы әлеуметтiк қамсыздандыру саласындағы ынтымақтастық туралы келiсiмнің күшін жою туралы» ҚР Үкіметінің 2014 жылғы 8 сәуірдегі №327 қаулысымен бұл келісімді Қазақстан Үкіметінің өзі жойған. Ал, Қытаймен мұндай келісім мүлде болған емес!

Оның үстіне, жергілікті зейнеткерлердің зейнетақысын «Еңбек өтілі», шеттен оралған зейнеткерлердің зейнетақысын «Еңбек қызметі» бойынша есепту – «Тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне байланысты немесе кез келген өзге жағдаяттар бойынша ешкімді ешқандай кемсітуге болмайды» - деген Қазақстан Республикасының Конституциясының 14-бабының 2-бөлігіне қайшы. Қандастарымыз шеттен келіп, Қазақстан азаматтығын алған соң, Конституцияда көрсетілген барлық құқықтарға ие. Оларды бөліп-жарып қарауға ешкімнің ешқашан құқығы жоқ!

Мен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі ретінде осы түйіндерді баяндай отырып, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына хат жазғам.

(https://abai.kz/post/104185?fbclid=IwAR1mt1COf1tlXHfyK1gKpyA0IDAhRuLcc5YP9-RCEb_wRNOZ5GUtP35iQGc )

Хат Президентке жетпеген көрінеді, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ахмади Сарбасовтан жауап келді.

Ең күлкілі жері, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі «Қазақ әдеби тілінің сөздігі» мен Кузнецотың «Түсіндірме сөздігіне» қатар жүгінгенін айтып, маған «Бұл сөздердің мағанасы орыс тілінде де, қазақ тілінде де бірдей» деп жауап беріпті.

Ендеше, «Еңбек өтілі» мен «Еңбек қызметінің» мағанасы бірдей болса, онда неге екеуін екі атаумен атап жүрміз?! Біріктіріп, «Еңбек өтілі» деп, атамаймыз ба?

Мәселе осы жерде болып тұр. Егер, шеттен келген зейнеткерлердің зейнетақысы «Еңбек өтілі» бойынша есептелсе, жоғарыда айтылған, қандастарымыздың өздері келген еліндегі оқыған жылдары да есептеліп, олар көбірек зейнетақы алады.

Үкімет сол ақшаны қандастарымызға қимай тұр!

Екінші, қолданыстағы «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңының 68-бабына «Оралман санатымен баспана кезегіне тұрған азамат Қазақстан Республикасының азаматтығын алған жағдайда оның кезегі сақталады» деген ескертпе енгізу туралы.

Себебі, «Халықтың көші-қоны туралы» заңының 25-бабына сай, «Оралман» мәртебесінің мерзімі бір-ақ жыл. Қандастарымыз Қазақстан Республикасының азаматтығын алған күні бұл мәртебенің күші жойылады. Оның үстіне, баспана кезегіне тұру үшін, ол азамат бір мекенжайда кемінде үш жыл тұрақты тұрған болуы керек.

Мәжіліс бұл ұсынысты Үкіметтің қортындысын алуға жіберді.

Өкінішке орай, Үкімет «Халықтың көші-қоны туралы» заңының 67-бабына сілтеме жасай отырып, «Қазақстан азаматтары мартебесін алған жане тұрғын үйге мұқтаж оралмандар жалпы негізде біздің басқа азаматтарыьызбен бірдей мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй алуға үміткер бола алады. осыған байланысты оралмандар үшін кезекті сақтау маселесін орынсыз деп санаймыз» деп, Премьер-министр Асқар Маминнің қолы қойылған жауап (№7-10-1282) беріпті. Сөйтіп, бұл ұсыныс Үкіметтен қолдау таппады.

Үкімет қортындысы «Тұрғын үй қатынастары туралы» заң мен «Халықтың көші-қоны туралы» заңы арасындағы сәйкессіздікті шешуі былай тұрсын, мүлде басқа жаққа – айдалаға лағып кеткен.

Ойлаңызшы, мынадай біріне-бірі қайшы заңмен қандастарымыз мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспана алуға қалай үміткер бола алады?!

Заңнамадағы осы қателіктің кесірінен бір Нұр-Сұлтан қаласы бойынша «Оралман» мәртебесімен баспана кезегіне тұрған 82 азамат 2018 жылы 05 желтоқсанда кезектен шығарылып тасталған. Олардың алды осы кезекті он бес жыл күткен. Сенімі селге кеткен азаматтар БАҚ арқылы Президенттің атына арт-артынан хаттар жазып, араша сұрады.

Егер, Үкімет «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңға сәйкес қандастарымызға баспана бергісі келмесе, оны ашық айтуы керек қой!

Сондай-ақ,

- «Босқындар туралы»  заңының 11-бабының 2-бөлігіне «Осы Заңның 1-бабының 1) тармақшасында көзделген мән-жайлар болған жағдайда, егер пана іздеген адамның отбасы мүшелерінің біреуі Қазақстан Республикасының азаматы болса, босқын деп танылуы мүмкін;» деген жаңа норма енгізу;

- «Халықтың көші-қоны туралы» заңының 13-бабына 3-1)  етіп, «Қазақстан Республикасы азаматтарының шетелдерде тұратын этникалық қазақтардың арасынан жастарды Қазақстан Республикасына білім алу  мақсатында оқуға шақыру үшін шақыруларын халықтың көші-қоны мәселелері жөніндегі уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен қарайды және куәландырады;» деген тың тармақ қосу;

- «Халықтың көші-қоны туралы» заңының 15-бабының 13-1) тармағындағы «этникалық қазақтардың арасынан туыстарын» деген сөзді «этникалық қазақтарды» деген сөзбен ауыстыру туралы ұсыныстарымыз да Үкіметтен қолдау тапқан жоқ.

Сонымен бірге,

- «Халықтың көші-қоны туралы» заңының 26- бабының 5) тармағындағы «уақытша тіркелуге құқығы бар» деген сөзді «тұрақты тіркелуге құқығы бар» деп өзгеру;

- «Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы» Заңының 16-1-бабына «Егер, өзін қазақпын деп жеңілдетілген тәртіппен (тіркеу тәртібімен) азаматтық алу туралы туралы өтініш берген азаматтың ұлтының қазақ екені күдік тудырған жағдайда, оның Қазақстан Республикасының азаматы болып табылатын ұлты қазақ отбасы мүшелерінің кемінде екеуі нотариуспен куәландырылған кепілдік берсе, ол азаматтың ұлты қазақ деп танылуы мүмкін»-деген жаңа норма қосу;

- «Халықтың көші-қоны туралы» заңының 23-бабының 4-1) тармақшасындағы «кедендік төлемдерді төлеуден босатылады» деген сөйлемді «кедендік және өзге де төлемдері төлеуден босатылады» - деп өзгерту туралы ұсыныстарымызды  Жұмыс тобының бір-екі талқысынан кейін депутарттар қайтарып алды.

Мұның сыртында,

- «Халықтың көші-қоны туралы» заңының 26-бабының «Оралмандар мен олардың отбасы мүшелерінің» деген 1-тармағына 3-1) етіп, «3-1) Қазақстан Республикасының азаматтығын алғаннан кейін қолда бар құжаттарының негізінде келген елінен алған мемлекеттік наградалар мен сыйлықтарын Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградалары мен сыйлықтарына теңестіруге;»;

- «Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы» Заңының 16-бабының «Қазақстан Республикасының аумағында заңды негізде кемінде бес жыл тұрақты тұратын не Қазақстан Республикасының азаматтарымен кемінде үш жыл некеде тұратын адамдар қабылданатын болады.» деген 1) тармақшасындағы «бес жыл» дегенді «он бес жыл», «үш жыл» дегенді «он жыл» деп өзгерту туралы ұсыныстарымыз депутат Кәрібай Мұсырманның «Құрметті Ауыт Мукибек мырза! Сіздің менің атыма келіп түскен хатыңызбен танысып, онда керсетілген ұсыныстарыңыз алдағы заз шығарушылық қызметімізде ескерілетін хабарлаймын» - деген қысқа жауабымен ұзақ болашақтың еншісіне қалдырды.

Ал, «Қазақстан Республикасының Азаматтығы туралы» заңының 16-1-бабының 1) тармағындағы «оралмандар» деген сөзді «этникалық қазақтар» деп өзгерту туралы ұсынысымыз Мәжіліске жетпесен, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде желкесі қиылды...

Аталған ұсыныстардың қай-қайсы да өте өзекті болатын. Үкіметтен көл-көсір қаржы да талап етіп тұрған жоқ. Қайта, ол –  шеттегі тағдыры қыл үстінде тұрған қандастарымыздың көптеп оралуына, оралған қандастарымыздың тез құжаттануы мен орнығуына зор пайдасын тигізетіні сөзсіз еді.

Біз өз тарапымыздан бұл өзгертулер мен толықтырулардың себебі мен салдары, мақсаты мен тигізер пайдасы туралы әлденеше мақала жазып түсіндірдік, аяғымыз жеткен жердің бәрінде айттық. «Мәу!» деген пенде болған жоқ!

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты тұңғыш Жолдауында «Үкімет көші-қон үдерісін басқару үшін пәрменді шаралар қабылдауы тиіс» - деп, тапсырма берді.

Мемлекет Басшысының қабылдауы кезінде мен көші-қон үрдісін реформалау, әсіресе қандастарымызды Үкімет айқындаған облыстарға қоныстандыру тәртібін жаңарту, жеке тұлғалар мен мемлекеттік емес ұйымдар арқылы бос қалған ауылдарды қайта құру жайлы көпшіліктің тілегін жеткізгем. Сол ұсыныстарымыздың да көбі тағы осы Үкіметтен қолдау таппаған күйі қалып барады. Ең сорақысы, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Б.Нұрымбетовтен «Қазақстан Республикасының азаматы болып табылмайтын ұлты қазақ адамдарға ЖЕР САТЫП АЛУ құқығын беру бойынша Жер кодексіне өзгерістер енгізуге... Мемлекет Басшысының қолдауын таппағанын мәлімдейміз» деген бұрмаланған жауап алдым.

ҚР «Жер кодексіне» байланысты,  мен Президентке шеттегі қандастарымызға жер сатып алу туралы емес, жердің уақытша пайдалану құқығын беру жайлы ұсыныс айтқам!

Мемлекет басшысы 2020 жылы 24 қаңтарда Қазақстан Республикасы Үкіметінің кеңейтілген отырысын өткізді. Ол отырысқа Премьер-Министр, Президент Әкімшілігінің Үкімет мүшелері, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары мен облыстардың әкімдері, орталық мемлекеттік органдардың және ұлттық компаниялардың басшылары түгел қатысты.

Бәріміз естідік, Президент «Реформа жасау үшін ерік пен жігер керек екені белгілі. Мен Үкіметті осыған шақырамын. Әзірге мемлекеттік аппарат көптеген нормативтік актілерге алаңдап, ведомствоаралық келісім керек деген сылтаумен маңызды шешімдерді жәй қабылдап жатыр. Халықаралық бәсекелестік артып, халық әділетті талап қойып отырған қазіргідей кезеңде бұлай жұмыс істеуге болмайды. Реформаларды тізеге басып отырып жасау керек!», – деп, қадап тұрып айтты.

Көші-қон – әлеуметтік саланың бір тармағы ғана. Ұзаққа жалғасатын, күрмеуі көп саясат. Оның үстіне, шеттегі қандастарымыздың тағдыры күн санап қиындап барады. Елімізден көшіп кетушілердің орасан көптігіне байланысты, шекаралық өңірлер бос қалып жатыр. Сондықтан, көші-қон саласына кешенді реформа керек! Ол үшін, ең алдымен заңдар мен нормативтік құжаттар ақаусыз әрі кемелді болуы шарт. Барлық реформа атулының кемелді заң арқылы ғана іске асатыны белгілі.

Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы айтқандай, нағыз тізеге басып отырып реформа жасайтын сала – осы Көші-қон еді!

Міне, сол заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп жатқан орайда, дәлелдеп, дайындап берген ұсыныстарымыздың өзін біздің Үкімет өткізбей, қор қылды ғой.

Мәжіліс маңызды шешімдер қабылдауға пәрменсіз ғана емес, біліксіз екенін, ерік пен жігерден жұрдайлығын анық көрсетті.

Дау жоқ, біз берген ұсыныстар Қазақ көшінің жолын одан ары даңғыратып ашып, Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы айтқан «Қасиетті парызды» орындауға толық негіз болатын еді! Және ол бюджеттен соншалықты көп ақша да талап етіп отырған жоқ.

Амал не, асыл арман орындалмады, есіл еңбек селге кетіп барады!!!

Жинақтап айтқанда, премьер-министр Асқар Үзақбайұлы ренжімесін, Үкімет көші-қон саласы бойынша халық үніне құлақ асқан жоқ!

Керісінше, Қазақ көшіне қарсы екенін білдіріп қойды!!

Мен Президент Қасым-Жомарт Кемелұлынан аталған заң жобасын қайта қаратуды сұраймын!!!

Ауыт Мұқибек,

ҚР Президенті жанындағы

Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі.

Abai.kz

32 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1490
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3257
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5534