Жексенбі, 22 Желтоқсан 2024
Жаңалықтар 16994 0 пікір 31 Қазан, 2011 сағат 05:48

Бекқожа Жылқыбекұлы. Өлең сөздің тыныс белгісі

Немістің 19 ғасырдағы жазушысы Понтане редактор болып тұрған кезінде, бір жас талапкер ақын бірнеше нашар өлеңін оған жіберіп: "Тыныс белгілерін елеп-ескеріп жатпадым. Өзіңіз қоя саларсыз!" - деп хат жазыпты. Сонда Понтане өлең иесіне былай деп жауап хат жазған екен: "Келесі жолы өлең жіберер болсаңыз, тек тыныс белгілерін ғана қойып жібергейсіз, өлеңін мен жаза салармын." Біз бұл әңгімені неге айтып отырмыз? Әрине, өлең сөзінің тыныс белгілері өлең жазудан да маңызды екендігін өлеңсүйер қауымның есіне салу үшін бұл арада осы мысал керек болып отыр. Өкініштісі біздің қазіргі өлең өнері кеңістігінде өлеңнің тыныс белгілері туралы арнаулы бір жүйеге түскен  белгілеме жоқ. Сол себепті "өлеңнің бірінші, үшінші тармағының соңына үтір, екінші, төртінші тармағының соңына нүкте қойылады" деген сияқты жаттанды, жаңсақ белгілемелер мен қалай болса солай қойылған тыныс белгілерінен аяқ алып жүре алмай келеміз. "Өзіміздің қазақ басылымдарында емле қателері дегенің өріп жүреді ғой. Неміс басылымдарында ондай сорақылыққа жол берілмейді" (Шериаздан Елеукенов) демекші, біздің басылым беттеріндегі жарияланымдардың емле ережесіне көңіл бөлмейтін баспагерлік былық қашан оңалар екен деген оймен, ойымызды дәлелдеп көрсетуге тырысалық.  Мысалы:

Өртеңге кім біледі өнеді не?

Сияды не келешек көнегіне?

Сауырын сипатпайтын патша көңіл,

Немістің 19 ғасырдағы жазушысы Понтане редактор болып тұрған кезінде, бір жас талапкер ақын бірнеше нашар өлеңін оған жіберіп: "Тыныс белгілерін елеп-ескеріп жатпадым. Өзіңіз қоя саларсыз!" - деп хат жазыпты. Сонда Понтане өлең иесіне былай деп жауап хат жазған екен: "Келесі жолы өлең жіберер болсаңыз, тек тыныс белгілерін ғана қойып жібергейсіз, өлеңін мен жаза салармын." Біз бұл әңгімені неге айтып отырмыз? Әрине, өлең сөзінің тыныс белгілері өлең жазудан да маңызды екендігін өлеңсүйер қауымның есіне салу үшін бұл арада осы мысал керек болып отыр. Өкініштісі біздің қазіргі өлең өнері кеңістігінде өлеңнің тыныс белгілері туралы арнаулы бір жүйеге түскен  белгілеме жоқ. Сол себепті "өлеңнің бірінші, үшінші тармағының соңына үтір, екінші, төртінші тармағының соңына нүкте қойылады" деген сияқты жаттанды, жаңсақ белгілемелер мен қалай болса солай қойылған тыныс белгілерінен аяқ алып жүре алмай келеміз. "Өзіміздің қазақ басылымдарында емле қателері дегенің өріп жүреді ғой. Неміс басылымдарында ондай сорақылыққа жол берілмейді" (Шериаздан Елеукенов) демекші, біздің басылым беттеріндегі жарияланымдардың емле ережесіне көңіл бөлмейтін баспагерлік былық қашан оңалар екен деген оймен, ойымызды дәлелдеп көрсетуге тырысалық.  Мысалы:

Өртеңге кім біледі өнеді не?

Сияды не келешек көнегіне?

Сауырын сипатпайтын патша көңіл,

Шамындай балауыздың сөнеді ме? (Аян Нысаналы)

Бұл шумақтың "Өртеңге кім біледі өнеді не?" деген тармағының тыныс белгісі былай қойылуы керек еді. "Өртеңге, кім біледі, өнеді не?" Бұл тармақта екі үтір өз орнына қойылмаған. Бұдан тыс "Сауырын сипатпайтын патша көңіл," деген тармақтың соңындағы үтір басы артық дүние. Өйткені бұл сөйлемдегі ой әлі аяқталған жоқ. Бұл сөйлем аяқталмаған соң, төртінші тармақтағы "Шамындай" деген сөз бас әріппен емес, кіші әріппен жазылуы керек. Сонда бұл тармақтар:

Сауырын сипатпайтын патша көңіл

шамындай балауыздың сөнеді ме? - болып жазылса дұрыс болар еді. Бұл арада ана тілімізге қатысты тағы бір мәселеге назар аударғанымыз жөн сияқты. Ол "сөнеді ме?" деген сөздің өлеңде қолданылуы. Бұл сөздің дұрысы "сөне ме?" екендігі айдан анық. Жергілікті елді мекенде қолданылатын осы бір "Ді" жұрнағы "Барсаң шы", "Келсең ші" деген сөзді "Барсайшы", "Келсейші" деп қолданып, қасиетті ана тілімізді шұбарлаған сияқты келеңсіз жайт. Мұндай шұбар ала сөздердің өлең тілінде ұйқас қажеті үшін қолданылуы ақындық арға түскен дақ екендігі белгілі.

Басымды әлі бұлар сан қатырады.

Баспақ болдым, батыр ем, ақын әрі.

Миы ашыған Алашты аяймын тек,

Ақыл айтып көрінген ақымағы. (Серік Ақсұңқар. 27 бет)

Бұл шумақтың үшінші тармағының айтар ойы тиянақталғандықтан оның соңына нүкте қойылуы керек. Оның төртінші тармақпен ешқандай синтаксистик байланысы жоқ. Ал төртінші тармақта айтылар ой аяқталмай қалған. Ойдың нәтижесі өлеңде берілмеген, сондықтан бұл тармақтың соңына көп нүкте қойылады. Сол себепті бұл өлең жолдарындағы тыныс белгілері былай қойылса дұрыс болар еді:

Миы ашыған Алашты аяймын тек.

Ақыл айтып көрінген ақымағы...

Ал мына бір шумақ өлеңнің бірінші тармағының соңына өлең иесі нүкте қойуды ұмытып кеткен. Өйткені ой аяқталып тұр. Үшінші тармағының соңына нүкте қойылмағандықтан, бұл шумақтың төртінші тармағындағы жол басынан басталатын "Бағы" деген сөз кіші әріппен жазылуы керек.

Өмір деген өрт елі, гүлдер елі

Түрленеді, бауырым, түрленеді.

Біреулердің мұңынан бұл тірлікте

Бағы жанып - біреулер күн көреді. (Есенбай Дүйсенбайұлы)

Жалпы біз өлең тармақтарының бірінші сөзін бас әріппен жазып жүрміз. Бұл емле ережесі менше дұрыс емес. Өйткені кей шумақтарда белгілі бір ой әрбір тармақта жай сөйлеммен аяқталып отырады немесе екі тармақ өзара синтаксистік байланыста болып, құрмалас сөйлем құрайды. Тіпті кейбір шумақтардағы төрт немесе одан да көп тармақтар бір ойдың жүлгесімен бір күрделі құрмалас сөйлемнің аясына сиып кететін жағдайлар өлеңде жиі кездеседі. Мұндай сәттерде тыныс белгісі өте маңызды рөл ойнайды. Мысалы:

Үлгі қылып бір шетінен ұстарлық

Іс болмай тұр, ерсілікке құштарлық

Меңдеген соң өз бойыңды, бауырым,

Жақыныңа жасайтының іштарлық. (Шаймерген Әлдибекұлы)

Бұл өлең шумағында тыныс белгілері орынды қойылғанмен, тыныс белгінің ыңғайына қарай жолдарға бөлу мен бас әріптердің сөйлем байланысына сай кіші әріптерге ауысуы ойдағыдай орындалмаған. Бұл өлең шумағының сөйлемдері былай орналастырылуы тиіс еді.

Үлгі қылып бір шетінен ұстарлық

іс болмай тұр,

ерсілікке құштарлық

меңдеген соң өз бойыңды, бауырым,

жақыныңа жасайтының іштарлық.

Сол сияқты мына бір өлең шумағының тыныс белгілері де өз орнын таппай тұрғандықтан, ой жүлгесіне сәйкеспей, қисынға томпақ келіп тұрғаны белгілі.

Бота айналған менің алтын қазығым,

Сүңгі жақтың жанып тұрған жазының.

Сенің жаның ыстығынан жаралған,

Қызыл гүлдей үлбіреген нәзігім. (Қасымхан Бегманов)

Бұл шумақ өлеңге де бірінші, екінші тармақтардың соңынан үтір, екінші, төртінші тармақтың соңынан нүкте қойылады деген қасаң қағида арқау болғаны соншалық - өлең шумағындағы "Сенің жаның Сүңгі жақтың жанып тұрған жазының ыстығынан жаралған" деген бір-бірінен балталаса да айрылмас ойды екінші тармақтың соңына келетін бір нүктенің құдіретімен айырып жіберген. Егер біз осы бір шумаққа жоғарыдағы қойылған тыныс белгілері негізінде талдау жүргізетін болсақ, онда өлең шумағының төрт тармағы төрт жаққа қыңырайған, бір-бірімен мүлде қиыспайтын қисынсыз дүниеге айналып қалады. Сондықтан бұл қисынсыздықты жою үшін, тегінде, бұл өлең шумағының сөйлемдері былай орналастырылуы керек еді.

Бота айналған менің алтын қазығым

Сүңгі жақтың жанып тұрған жазының

сенің жаның ыстығынан жаралған.

Қызыл гүлдей үлбіреген нәзігім.

Бұл арада біз "Сүңгі" сөзіне ерекше көңіл аударуымыз керек сияқты. Егер ол жер аты болса, үлкен әріппен жазылады да, ал бағыт-бағдарды білдіріп келсе, кіші әріппен таңбаланатындығы анық.

Ақиқат, әділдікті бетке айтқаннан,

Дұшпаным қысастығын қатайтқаннан.

Қаншама сұрқай күндер туды маған,

Көзі жоқ көңілімді ортайтқаннан. (Әкім Мейірбекұлы)

Бұл өлең шумағының тыныс белгілерін қоюда өлең иесі "бірінші тармақ соңына үтір, екінші тармақ соңына нүкте, үшінші тармақ соңына үтір, төртінші тармақ соңына нүкте қойылады" деген қасаң, көзсіз қағиданы ұстанған. Сол себепті өлеңдегі ой аяқталмаған екінші тармақтың соңына нүкте қойылған. Біз оны өлең шумағының ой сәйкестігі бойынша тыныс белгілерін қойар болсақ, онда бұл өлең шумағы бір күрделі  құрмалас сөйлем ғана болып шығады:

Ақиқат, әділдікті бетке айтқаннан,

дұшпаным қысастығын қатайтқаннан,

қаншама сұрқай күндер туды маған,

көзі жоқ көңілімді ортайтқаннан.

Төмендегі мына бір өлең шумағы да дәл жоғарыдағы өлең шумағы секілді ой аяқталмай тұрып, екінші тармағының соңына нүкте қоя салумен "көзсіз қағиданың" құрбаны болған.

Бойға біткен бұлақ сынды дарынмен,

Әр түрлі құс ән қосқанда әр үнмен.

Құлағыма құйып жатып балқығам,

Ұмытқандай жарық дүниенің барын мен. (Әкім Мейірбекұлы)

Оның тыныс белгілерін былай реттесек, онда ол өлең де бір күрделі құрмалас сөйлем екендігін әйгілей алады.

Бойға біткен бұлақ сынды дарынмен

әр түрлі құс ән қосқанда әр үнмен,

құлағыма құйып жатып балқығам,

ұмытқандай жарық дүниенің барын мен.

Біз жоғарыда мысал келтірген өлең шумақтарын оқып отырып, "Тыныс белгілерін қалай қоюды білмейтін қаламгерлердің жазғандарын оқығанда, төгіліп-шашылған қайран сөздер-ай дегің келеді". (Жақан Дәуренбеков) Алайда бұл ақындардың ғана кемшілігі емес, баспагерлердің де ағаттығымен ұштасып жатқан маңызды мәселе. Тіпті бұған мүйізі қарағайдай тіл білімін зерттейтін тілші ғалымдарымыздың да немқұрайлы қарап отырғандығы бізді таңқалдырады. Өлең сөзінің тыныс белгілерінің емле ережесі жоқтың қасы. Бар болған күнде де "өлең тармақтары бас әріппен жазылады, өлең жолдарының бірінші тармағының соңына үтір, екінші тармағының соңына нүкте, үшінші тармғының соңына үтір, төртінші тармағының соңына нүкте қойылады" деген секілді жаттанды ережеден аса алмай келеміз.

Қысқасы басым көп санды ақындарымыз бен баспагерлеріміз өлеңді ұйқас деп түсініп,  ұйқастың жетегінде желе-жортып кететіндіктен, жазған өлеңдері мен баспадан шығарған жыр жинақтары оқырманның көңілінен шықпайды. "Сол себепті оның шумақтарының  алдыңғы екі жолы - Самарқанға, соңғы екі жолы - "Тұран әлем банкке" қарап тұрады. Осындай қисыны жетісе бермейтін шумақпен келесі шумақтың өзара қиысып келуі, жалғасуы өте әлсіз, олар әр бөлек нәрсе сықылды боп сезінеді. Соның нәтижесінде өлең бір тұтас дүние  ретінде сезілмейді". (Бекділда Алдамжаров) Өлеңнің құдыреті ұйқаста емес, қисында, қисынсыз өлең оқырман ойының әділ таразысына сыйсын ба?! - деп жатқан ешкім жоқ.

Қорытып келгенде Ейніштейіннің "бір мәселені ортаға қою сол мәселені шешуден де маңызды" деген аталы сөзі негізінде өлең сөзінің емле ережесінде сақталып отырған көкейкесті мәселені өз көзқарасымыз бойынша ортаға қойдық. Енді бұл түйінді қалай бір ізге түсіруді баспагерлер мен тілші ғалымдардың еншісіне қалдырып отырмыз. Оған атсалысу алдағы уақыттың еншісінде тұр, ағайын! Ойланып көрейік. Егер бұл мәселе дұрыс шешімін тапса, онда сөйлем құрай алмайтын, ана тілінің даналық ережелерінен хабары жоқ, ұйқасшыл ақындардың "шығармашылық" тағдыры да талқыға түседі. Сөйтіп өлеңді кәсіптенушілердің кәнігі, жолбике  жолы кесіледі, ақындық өнердегі көп түйін осы мәселе арқылы шешіледі.

Бекқожа Жылқыбекұлы

Л.Н.Гумилев атындағы

Еуразия ұлттық университетi

Қытай тілі кафедрасының доценті

«Абай-ақпарат»

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1963