Сенбі, 23 Қараша 2024
Кеше мен бүгін 4174 9 пікір 4 Тамыз, 2020 сағат 17:03

Яушевтер және Мария Шоқай

ІІІ бөлім

Заманында ағайынды Яушевтер Қостанайда сауда үйін ашу, мешіт салу бастамаларын көтеруімен қатар, қазақтың азаттық күресі мен рухани дүниесінде жарқын із қалдырған тұлғаларға көмектесіп тұрады. Мысалы, Яушевтердің қазақ баспасөзінің негізін қалаушылардың бірі М.Сералинге Троицкіде "Айқап" журналын шығару жұмыстарына жәрдем бергені біраз жұртқа белгілі. Қазақтың зиялылары білім алған И.Гаспаралы негізін қалаған жадидтік бағыттағы татар медреселері мен мектептеріне ағайынды Яушевтер қамқорлық жасап, тұрақты түрде қаржылай көмек көрсетіп отырған. Олардың Ресей мұсылмандарының бас қосу жиындарын (сиездерін) өткізуге де жәрдемдері тиген еді.

Торғай облысының генерал-губернаторы «ташкенттік көпес» деп танитын Яушевтер Ташкент гимназиясында білім алған, төңкеріс келген аласапыран заманда Түркістан автономиясын құрған Алаш көсемдерінің бірі Мұстафа Шоқаймен жақсы таныс болғандығы, оған тікелей жәрдемдескені де байқалады. Мұны біз М.Шоқайдың жұбайы Мария Яковлевнаның «Менің Мұстафам» атты естелігінен көре аламыз (Мархаббат: Шоқай М. Таңдамалы. - Алматы: Қайнар. Т.2-1999.-520 бет).

Түркістан автономиясы бәлшебектердің қанды қаруымен құлатылғаннан кейін Мұстафа Шоқай Ташкенттен жасырын түрде қашып шығып, шетелге бет алады. Міне, сол қиын-қыстау, қауіпті жолда сапарда Мария Яковлевна Шоқай Яушевтердің Троицкідегі үйін паналайды. Естелікте олардың 1918 жылдың желтоқсан айында Челябіден екіге айырылып, Мария Троицкіге барып, Яушевтерде жасырынуы тиіс болғаны баяндалады. Бұл оқиғаны естелік авторы былайша суреттейді:

«Желтоқсанның 24-і күні Чайкиннің екі адамы келді. Мұстафа олар арқылы маған екі түбіт орамал және аю терісінен тігілген тон жіберіпті. Бүгін кешкісін солармен Троицкіге кетуім керек» (434 бет).

Бұдан әрі Мария көп қиындықтармен Троицкіге жеткенін айта келіп: «...Бұл адам мені саудагер татар Яушевке алып баратын арбакешке тапсырды. Троицкідегі Яушевтердің үйінде Мұстафадан келген хат бар екен, сыртында оның Орынбордағы мекен-жайы да жазулы еді. ...Яушевтердің мені онша жақтырмағаны белгілі еді. Келіндері Мариямды бұрыннан танитынмын, ташкенттік генерал Еникеевтің қызы болатын. Бір күні ол маған «Қайын атам сіздің ертерек кетуіңізді қалайды, өздері де жақында бұл жерден қашпақшы, жағдай өте қорқынышты» деді. Менің онсыз да кеткім кеп жүрген, бірақ жалғыз өзім Орынборға дейін аттарды қалай жегіп, қалай жететінімді білмей дал болдым. Мұстафа хатында мектепте бірге оқыған жолдасының адресін жазған-тын. Ол адамның Троицкіде дәріханасы бар болатын, бірақ мен Мұстафаның не үшін бұл адресті бергенін де түсіне алмадым. Ол татарлар орыстарды жақтырмайтынын да білетін, ұмытты ма, әлде әдейі істеді ме екен деп ойладым. Өйткен мен Яушевтер үшін күтпеген христиан қонақпын (Мұстафа - мұсылман. Оның қыздарының біріне үйленуіне де болатын еді, тіпті Яушевтердің де бойжеткен қыздары бар болатын. Солай бола тұра орыс әйелге үйленді және әйелін біздің үйге әкеліп орналастырды деп ойлаулары да әбден мүмкін еді)» (435 бет).

Мария Шоқай Троицкіден Орскі арқылы қайтадан Орынборға барып, одан Атырау арқылы Каспий портынан өтіп, Баку асады. Бакуден пойызға отырып Тиблисиге барады. Мұстафа оны сол жерден күтіп алады. Одан арғы сапар -  алыс шетелге эмиграция.

Мария Шоқай «ташкенттік генералдың Сахиб-Керей Еникевтің қызы» деп атайтын Яушевтің келіні Мариям көпестің Хасан атты ұлының жұбайы еді. Зерттеушілер тарапынан Хасан Муллағалиұлы Яушев 1937 жылы аты-шулы 58 баппен айыпталып, сотталады, ал «халық жауының» жұбайы атанған Мария да 10 жылға жер аударылады. Хасан Яушев сотталғаннан кейін бір жылдан соң қайтыс болады, ал Мариям хабар-ошарсыз кетті деп жазылып жүр. 

Міне, тарихта осындай жағдайлар орын алған. Яушевтердің қазақтың арда азаматы Мұстафа Шоқайдың жұбайына уақытша болса да пана беріп, қолдау көрсеткені – Ресей патшалығы тұсындағы түркі халықтарының бірлігін көрсететін рәмізді оқиға. Түркістан автономиясының негізін қалап, түркі халықтарының азаттығы үшін өмірінің соңына дейін эмиграцияда болып ымырасыз саяси күрес жүргізген М. Шоқайды еске алған қазақ баласы Алаш ардақтысы қуғыншылықта жүріп қысылғанда қол ұшын созып, жәрдем берген Яушевтерді де ұмытпайтыны анық. «Тарыдай қайрымдылықтың таудай сауабы бар» деген тәмсілдің мән-мағынасы осындай оқиғалардан түзілетін болса керек!

Заманының бай-бағыланы, қоғам қайраткері ағайынды Яушевтердің Қостанайда мешіт салуға мұрындық болып, қазақтың рухани және саяси майданда қызмет атқарған Алаш қайраткеріне көмек, қолдау көрсеткен оқиғалары, түркі халықтарының бірлігіне жасаған қызметтері – тарихи сабақтастығы терең тағылым. Оны бізге білу – парыз әрі қарыз.

І бөлім: Ағайынды Яушевтер және түркі бірлігінен бірер сөз...

ІІ бөлім: Мұрағат қоржыны: Дерек пен пайым

Алмасбек Әбсадық,

Қостанай.

Abai.kz

9 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5371