Дүйсенбі, 23 Желтоқсан 2024
Кеше мен бүгін 4581 3 пікір 3 Тамыз, 2020 сағат 14:34

Мұрағат қоржыны: Дерек пен пайым

ІІ бөлім

Бүгінгі таңда Қостанай мешітінің ғимараты 1893 жылы пайдалануға берілді деген «басты» деректің өзі қате екендігі байқалып отыр. Қазандық ғалым З. Махмудовтың архив деректеріне сүйенген зерттеулері бойынша, мешітті салу жұмысына рұқсат алу бастамалары 1900 жылы көтеріліп, ғимарат негізін қалау 1908 жылы басталған. Мешіт салу жұмысына ағайынды Яушевтер 60000 сом қаржы құйған екен.

Татар көпесінің мешіт салуға бөлген қаражатында қазақ жұртының бай-бағыландарының үлесі бар екендігі сөзсіз. Себебі кең-байтақ қазақ сахарасын солтүстіктен оңтүстікке тікелей кесіп Ташкентке дейін сауда жасайтын, сол жолда сауда бекеттерін құрған Яушевтер даланың бай-бағыландарымен де жақсы қарым-қатынаста, түсініушілікте болғаны сөзсіз. Бұған халық арасында қазақтан шыққан бай кісілердің үлестері туралы айтылып жүрген аңыздық деректердің мазмұны куә. Оның үстіне архивтік деректерде «мұсылман жұртының атынан» деген деректердің мазмұнында жер иесі Алаш жұрты да бар екені айқын.

Осы орайда, татар бауырымыздың Ресей архивінен кезіктіріп, бізге сыйластықпен ұсынған дерегімен бөліскіміз келеді. Архивтік құжат - Торғай облысы әскери генерал-губернаторы А.Ломачевскийдің 1905 жылдың 11 қарашасында өзінен жоғары құзырлы мекемеге қызметтік хаты. Хатта вице-губернатордың да қолы бар. Құжатта баяндалған мәселелердің мазмұндық сипатын шартты түрде 5-ке бөлуге болады.

1 мазмұн. Торғай облысының әскери  генерал-губернатордың баянында присяжный проверенный, яғни адвокат Назаровтың Қостанай қаласында тұратын ташкенттік көпестер ағайынды Яушевтердің сенімхаты арқылы 1905 жылдың 17 сәуіріндегі манифестке сүйене отырып өз қаражаттарына мешіт салуды сұрап отырғаныны жазылаған.

Бұл хаттың кіріспе бөлімі іспеттес болып табылады. Мұнда ағайынды Яушевтерді генерал-губернатордың «ташкенттік көпестер» деп тануы қызықты. Сірә, мұнда татар көпестерінің негізгі саудасы Ташкент жақпен тығыз байланысты болғандықтан айтылса керек. Олардың Ташкентте сауда пасажы болған. Мұстафа Шоқайдың жұбайы Мариям Яковлевна өз естелігінде Яушевтердің келіні ташкенттік генерал Еникевтің қызы еді деп жазады. Ал атақты көпестердің Троицк қаласында үлкен үй-жайы болғандығы белгілі. Бәлшебектер билікке келгеннен кейін дүние-мүліктері тәркіленген Яушевтер шетелге қашуға мәжбүр болады. Бір қызығы, 1919 жылы Жапониядан Ресейге қайтқан М. Яушев  Троицкіге емес, Ташкентке оралады. Бұл –бір.

Екіншіден, адвокат Назаров сүйеніп отырған манифест патшаның 1905 жылдың 17 сәуірінде шығарған «Об укреплении начал веротерпимости» атты жарлығы еді. Ол бойынша, Ресей териториясындағы азаматтар діни наным-сенім тұрғысынан бөлінбейтіні, бөлектенбейтіні жария етіледі. Патшалық Ресей отарлаудың алғашқы кезеңінде Қазақ даласындағы провославия дінінің өкілдері тұрақтаған қалалық мекендерге діні бөлек бөгде жұрттардың тұрақты тұруына тыйым салынған болатын. Ол тыйым 1891 жылдың 25 наурызында Қазақ даласы мемлекет меншігі болып жарияланып, бес әкімшілік тұрғыдан бес облысқа бөлінген жарлықта да сақталды. Міне, дін саясатында сол қатал тәртіпті жібіткен либералдық сипаты бар жаңа жарлыққа сүйенген Яушевтер мешіт салуға екінші мәрте ұсыныс түсіргені байқалады. Жарлық шыға салысымен өтініш жазу татар саудагерлерінің ширақтылығын да танытса керек.

2 мазмұн. Хаттың келесі мазмұндық шебінде генерал-губернатор ағайынды Яушевтердің 1900 жылы Қостанай қаласында тастан (кірпіштен) мешіт салуды сұрағанын, сонымен қатар қаланың мұсылмандары атынан Забиров пен Рахимов деген кісілердің де өтініштері болғанынан хабардар екенін баяндайды.

Яушевтердің атақты әулеттік көпестер екені белгілі. Ал Забиров пен Рахимовтар кім? Өкінішке қарай, олар туралы бізде деректер жоқ. Дегенмен, бай әрі белсенді кісілер болса керек.

Мұнда «қаланың мұсылмандары» деген тіркес көңіл аударады. Қаланың қазақ жерінде орналасқанын ескерсек, «мұсылмандар» ұғымының астарында қазақ жұртының мұраты да жатқаны айқын.

3 мазмұн. Генерал Бөгде дін істері департаментінің 1904 жылдың 19 қазанындағы №5342 шешімімен Забиров пен Рахимовтың өтінішері қабылданбағанын тілге тиек ете келе, Яушевтердің 1900 жылы ұсынған өтінішіндегі жоспарды қабылдау қажет деп санайды.

Хат дерегінде 366 мұсылман жұрты тұратын Қостанайда мінажат үйі болғандығы айтылады. Ол қазіргі мешіттің орнында болған немесе қала сыртындағы Нариманов ауданындағы ағаштан қиылып салынған құлшылық үйі болуы мүмкін.

4 мазмұн. Қызметтік хатта 1905 жылдары Қостанайда тұрып жатқан мұсылман жұртының саны көрсетіледі. Онда қалада тұрақты түрде тұратын мұсылман дінінде 638 адам, уақытша 467 адам бар екендігі айтыла келе, өтінішті қанағаттандыруды сұрайды. Сонымен қатар хатқа мынадай құжаттар тіркелгенін хабарлайды:

1. Ташкенттік көпес ағайынды Мұхамедшариф Яушевтің адвокаты Назаровтың құжаттар тізімі тіркелген өтініші;

2. Кірпіштен салынатын мешіттің сызба-жоспары;

3. Қостанай уезі басшысының Қостанай қаласында тұрып жатқан татарлардың екі тізімі тіркелген 1905 жылдың 17 қазанындағы  №6428 рапорты санайды.

Бұл жерде уақытша тіркелген адамдардың біршама көп екендігі байқалады. Олардың саны жалпы қала мұсылмандарының 42% құрайды, яғни жартыға жуық мөлшер. Мұнша адам қала ішінде тіркеусіз жүруі мүмкін емес. Біздіңше, мұның себебі қала шекарасының сыртындағы қоныстарда мұсылман жұртының көп шоғырлануына байланысты болса керек. Көне Қостанай қаласының оңтүстік-батыс жағындағы табиғи шекарасы «Әбілсай» бойымен белгіленді. Әбілсайдың сыртында Татар слабодкасы немесе қазіргі таңда «Нариманов базары» деп аталатын мұсылман жұртының қонысы болды. Мұнда ағаштан салынған мешіт, татар базары болған деп айтылады. Мұсылмандардың ескі қорымы да осы бетте. Наримановкада кешегі күнге дейін «Казахская» деген көше болды. Қазір «Әбілсай» болып өзгертілді.

5 мазмұн. Хаттың соңында, қорытынды бөлімде әскери генрал-губернатор мешіт салу рұқсатын алуды татарлардың тағатсыздана күтіп жүргенін, мұндай жағдайға діни төзімділік турасындағы Манифестің жанама әсер етіп отырғанын  айта келе, оң қабылданған шешім саяси жағдайға да игі әсер ететінін еске салады санайды.

Генерал-губернатордың саяси жағдайды тілге тиек етіп отырғаны бекер емес. 1905 жылдың қаңтарында басталған («Қанды жексенбі») Ресейдегі бұлғақтың әсері Қазақ даласына да жетіп, маусым- шілде айларында  Қоянды жәрмеңкесінде Алаш зиялылары 14 мыңнан астам адам қол қойған атақты «Қарақаралы петициясын» патшаға жолдаған болатын. Басқаша айтсақ, қазақ даласы отаршылдыққа қарсы бейбіт саяси күрес жолына түскен еді.

Генерал-губернатордың қызметтік хатының мазмұнынан түйіндей келіп мынадай ой түюге болады: 1905 жылға дейін Қостанайда тастан (күйдірілген кірпіштен) салынған мешіт болмаған, оны салу бастамасы ағайынды Яушевтердің, Забиров пен Рахимов деген кісілердің ұйытқы болуымен тиісті құзырлы мекемелерге ұсынылған. Сол жылдары қалада мұсылман дінін 1105 адам ұстанып, олар қалада тұрақты немесе уақытша мекендеген. Сонымен қатар, қалада мұсылмандық діни істердегі іскерлікте татар жұртының ширақтық танытқаны байқалады.

Жалғасы бар.

І бөлім: Ағайынды Яушевтер және түркі бірлігінен бірер сөз...

Алмасбек Әбсадық,

Қостанай.

Abai.kz

3 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1984