Жексенбі, 22 Желтоқсан 2024
Жаңалықтар 17092 0 пікір 31 Қаңтар, 2012 сағат 04:53

Бөрібай Кәртен. «Тілеу-Қабақ» – Сарышолақтың әні

Тілеу мен Қабақ тарихта болған адамдар. Атақты «Тілеу-Қабақ» әні осы кісілерге, бұлардан тараған рулы елге қатысты туған. Тілеу мен Қабақ ағайынды. Ағалы-інілі. Атасы бір, анасы бір. Бұл жөнінде әдебиетші ғалым Жұбаназар Асанов мынадай дерек береді: «Тілеудің бергі атасы - Ноғай ордасының билеушісі Мұса. Мұса мен Жаңбыршы бір туған. ХV ғасырда Алтын Орда ыдырап, жеті хандыққа бөлінгенде Мұса - Ноғай Ордасын, Жаңбыршы - Астрахань хандығын билеген. Бұл да тарихта аққа қарамен таңбаланған. Мұсадан Сидақ, Орақ, Мамай, Алшағыр туған. Сидақтан Мәку, одан Бөлек, одан Айт пен Бұжыр, Айттан Тілеу мен Қабақ туған...
Тілеу мен Қабақтың бергі ұрпақтары - Қалдыбай хан, Әзберген хан, мыңжылдығын болжаған Мөңке әулие, Сарышонай, Қаражігіт, Мырзағұл билер мен Сарышолақ шайыр, Бақтыбай, Көтібар, Есет, Қарағұл, Ерназар, Бекет батырлар.

Мұса әулеті Бұжырдан - ХХ ғасырда қазақ мәдениеті мен ғылымының бір бұрышын (төрт бұрышты десек) тіреген Жұбановтар тараған», - дейді. (Асанов Ж. Тілеу. // Ақтөбе. 11.08.2000 жыл). Демек, Тілеу мен Қабақтың арғы тегі - Ер Едіге. Кәуірді уысында жиырма жыл ұстаған - Ер Едіге!

Тілеу мен Қабақ тарихта болған адамдар. Атақты «Тілеу-Қабақ» әні осы кісілерге, бұлардан тараған рулы елге қатысты туған. Тілеу мен Қабақ ағайынды. Ағалы-інілі. Атасы бір, анасы бір. Бұл жөнінде әдебиетші ғалым Жұбаназар Асанов мынадай дерек береді: «Тілеудің бергі атасы - Ноғай ордасының билеушісі Мұса. Мұса мен Жаңбыршы бір туған. ХV ғасырда Алтын Орда ыдырап, жеті хандыққа бөлінгенде Мұса - Ноғай Ордасын, Жаңбыршы - Астрахань хандығын билеген. Бұл да тарихта аққа қарамен таңбаланған. Мұсадан Сидақ, Орақ, Мамай, Алшағыр туған. Сидақтан Мәку, одан Бөлек, одан Айт пен Бұжыр, Айттан Тілеу мен Қабақ туған...
Тілеу мен Қабақтың бергі ұрпақтары - Қалдыбай хан, Әзберген хан, мыңжылдығын болжаған Мөңке әулие, Сарышонай, Қаражігіт, Мырзағұл билер мен Сарышолақ шайыр, Бақтыбай, Көтібар, Есет, Қарағұл, Ерназар, Бекет батырлар.

Мұса әулеті Бұжырдан - ХХ ғасырда қазақ мәдениеті мен ғылымының бір бұрышын (төрт бұрышты десек) тіреген Жұбановтар тараған», - дейді. (Асанов Ж. Тілеу. // Ақтөбе. 11.08.2000 жыл). Демек, Тілеу мен Қабақтың арғы тегі - Ер Едіге. Кәуірді уысында жиырма жыл ұстаған - Ер Едіге!

Тілеуден Қабақ үлкен. Жас жағынан. Бірақ Тілеу есімінің бірінші аталуында мынадай мән бар: ол - Әз Тәуке ханмен тұстас өмір сүрген, әрі оның даңқты билерінің, батырларының бірі болған. Бұны белгілі ақын Сарышолақтың: «Атамыз Қара Тілеу бидің соңы, - Сұлфазы Қосым Қожа пірдің соңы», - деген өлең тармақтары бекіте түседі. 1681 жылы қалмақтың ханы Ғалдан-Бошұқтының қазақ жеріне жасаған қанқұйлы жорығына қарсы Кіші жүз Алшын елінен 17 мың сарбаз жасақтап, өзі бас боп, қасына Қабақтан туған немере інісі Қалдыбайды алып, қасап майданға кіреді. Соғыстың аты - соғыс. Өзек өртер  қамырықты өкініші мол. 1864 жылдың жазында Сайрамдағы кезекті жан алып, жан беріскен бір қырғында Тілеу батыр, оның баласы Жолдыаяқ басқа да асыл ерлер түгелімен шейіт болады. Әйтсе де саны көп, қарулары сай тегеурінді жаудың тұмсығын тасқа соқтырып, күшін қатты әлсіретіп жіберген еді. Санада ұстар жайт, ақиқат жағдаят, «Ақтабан шұбырынды» оқиғасын 39 жылға, 1723 жылға дейін шегеріп кеткен-ді.  (М. Мағауин. Қазақ тарихының әліппесі. - Алматы: Қазақстан, 1995, 76-77 беттер)

Бабаларымыздың бүгіндері біз жылы лепеспен еске алар ұлы істерінің бірі бұл. Тілеу баһадүр туралы деректерді Түркістан қаласынан шығатын «Түркістан» апталық газетінің 2000 жылғы тамыздың 18-дегі №34 (8296) санында жарияланған Қанатбай Елеусізұлының «Сайрам соғысының батырлары» және жоғарыда біз куәлікке тартқан Жұбаназар Асановтың зерттеу мақалаларынан т.б. алуға болады.

Тілеу мен оның баласы Жолдыаяқ Қожа Ахмет Иассауи кесенесінің іргесіне жерленген. Есімдері ондағы  тақтаға алтын әріптермен таңбаланды.  Қасиетті Түркістан шәрінде әкелі-балалы Тілеу-Жолдыаяқ және Қалдыбай батырлардың есімдерінде көшелер бар.

Біздің әңгімеміз - сол Тілеудің Жалтумасынан тараған Бестоқал Сарышолақ шығармасындағы көлеңкелі тұсы болмақ.

Қазақстанның Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, дарақ әнші, композитор, педагог, этнограф Ғарифолла Құрманғалиев Сарышолақ сал мұраларының бірден-бір жанашыры болып еді. Шайырдың «Тілеу-Қабақ» әні иісі қазаққа Ғарифолла Құрманғалиевтың орындауында тарады. Аталған бұл туындыны ақиық әнші тіпті шет елдердің төрінде шырқады, күйтабақтарға, мемлекеттік теле-радио қорына жаздырып қалдырды. «Тілеу-Қабақ» әнінің, ол жөнінде мағлұматтардың сақталуы - Сарышолақ салдың әншілік, композиторлық қырын растайтын бірден-бір куәлік болып отыр бізге.

Шайырдың өнердегі даралық қасиеті - ақындығымен ғана емес, әнші-композиторлығымен де ерекшеленеді. Оның ондай сегіз қырлы бір сырлы боп өсуі әрине, тәрбие көрген ортасына байланысты екені даусыз. Сарышолақ өмір сүрген кезеңде де айтулы әншілер, жыраулар өмір кешкен. Бұл сөзімізге сол кездегі өз тұстастары - Пұсырман ақын, Ақпан ақын, әнші-композитор әрі ақын Сары Батақұлы және тағы басқалары дәлел. Бәрін тізіп көрсету міндет емес, олардың бір-екеуін атасақ та жеткілікті.

Енді осы ақын-жыраулар турасында қысқаша мәліметтер беріп өтсек дейміз, айтпақ ойымызды айғақтай түсу үшін, әңгіме желісі айқын болу үшін.

Руы Тілеу, оның ішінде Қызай - Тәңірбергеннен тарайтын атақты Батақұлы Сары Сарышолақтың тұстасы еді, дедік. Сары  әйдік әнші болған. Бұған академик Ахмет Жұбанов мынадай куәлік береді: «Сарының әнін біздің туған шешеміз (1962 жылы 93 жасында қайтыс болды) Бибішынар, Ұлықұмда  13-14 жастар кезінде естіген. «Ертеңгі уақыт. Қыз-келіншек жиналып, жаңа көшіп келген Шолқияқ деген жерде үй тігіп жатқанымызда ауылдың үлкендері: «Шуламаңдар түге, жабыңдар ауыздарыңды!» - деп айқайлағанына әңгімені тоқтата салғанымызда,  алыстан сыңғырлап салған ән естілді. - Мынау кетіп бара жатқан Батақтың Сарысы. Ой, шіркіннің, дауысы-ай! - деп ауыл адамдары барлық жұмыстарын қойып, біраз уақыт аңырып ән тыңдады» дейтін» (Жұбанов. Замана бұлбұлдары. - Алматы: Жазушы, 1975, 241-бет)

Ғарифолла Құрманғалиев Батақұлы Сары шығармаларының да бірден-бір орындаушысы болып еді. Ол күйтабаққа жаздырған «Сарының әні» деп аталатын туындының мәтіндері мынадай:

1.Баласы мен Батақтың атым - Сары,
Дей-тұғын Сары, Сары жұрттың бәрі.

Қас дұшпан айтқаныма көнбейсің деп,

Жармола түрмесіне тұтқындады.

1.Баласы мен Батақтың атым- Батыр,
Қамауда қараңғы үйде бұ да жатыр.

«Баспақшыл басқа түссе» деген бар ғой,

Төсек қып қара жерді жаттық ақыр.

1.Баласы мен Батақтың тұтқындағы,
Көмекей көрінбейді жұтқындағы.

Би-болыс арыз салып жата берші,

Мен бірдей қызыл түлкі бытқылдағы.

(Казахские песни. ГОСТ 5289-68 Д-27253, «Мелодия» всесоюзная фирма грампластинок Ташкентский завод им. М.Т. Ташмухамедова)

Алматы шәріндегі «Жазушы» баспасынан 1985 жылы шыққан «Бес ғасыр жырлайды» деген жұртшылыққа белгілі еңбекте (103-110 беттер) жарияланған Сарының өлеңдері мен Ғарифолланың  күйтабаққа жаздырған ән-мәтіндеріндегі кейбір тармақтар бір-бірінен сәл өзгешелеу.

Тарихта Шекті руы қазақтарының отаршылдық езгіге қарсы көтерілісі 1847-1858 жылдары өткені белгілі, тарих парақтарында бұл бүй деп түзіліпті: «...Шекті көтерілісіне де себеп болған патша әкімшілігі енгізген алым-салық, қысымшылық, міндеттері ауыр жұмыстар болды». (Қазақ ССР тарихы - Алматы: Қазақ мемлекет баспасы, 1957, 367-бет) Міне, осы бас көтеруді басқарған даңқты батыр - Есет Көтібарұлы еді. Алайда мұздай құрсанған Ресейдің жаулаушы армиясы аяусыз басып-жанышты. Отаршылдардың қазақтарға жасаған жауыздықтарын А.И.Герцен шығаратын «Колокол» журналы, немістің «Аусбург газеті» ашына жазған. (Жұбаназар А. Әзберген Мұңайтпасұлы. - Ақтөбе, 2005, 17-бет)

Бұндағы айтпағымыз - Ғарифолла Құрманғалиевтың жеке архивінен Ақпан ақын толғауының табылуы. Ақпан Есет батырдың жасағында болған. Руы - Шектінің Жанқылышы, оның Есенгелді аталығы. Қолдағы деректерге сүйенсек, ол - сол кезде жиырмалардағы балаң жігіт екен. Ақпан былай деп Есетті марапаттапты:

...Қарт бурадай қаһарлы,

Патшаға қазақ бағынбас,

Ер Есеттің діні азбай.

Ер Есет елдің басы еді,

Арыстандай азулы,

Аруағы жұрттан озулы...

Ақын  сонау барақат кешкен ел-жұртының қызығы мол дәуренін сағына аңсай толғап, енді сол заманның көзден бір - бір ұшқанын, арманға айналғанын айтады. Мұңын, зарын көркем тілмен шебер жеткізген.

Асқаралы тау, ағын су,

Самалды тоғай, салқын ну.

Ойласам естен кетпейді,

Қоныс деген құрғырың.

Біздер кеттік қоныстан,

Шығарған соң сұм патша,

Қырық мың әскер орыстан.

Біз жыламай қайтеміз,

Көрмеген жер - көрстан.

Көрстан демей не дейін,

Бесқалаға келген соң,

Кетпен шауып, бел теуіп,

Кетпейді балаң жұмыстан.

Сарсыла көшер арқа жоқ,

Салқындап қонар өлке жоқ,

Кең қоныстан ауған соң,

Айырылғаның ырыстан...

Толғау ғылыми-әдеби теориялық тұрғыдан талданды, кітапқа енді. Қазақ поэзиясы тарихындағы ақын-жыраулар қатарына Ақпан Әйітбекұлы (1837-1874) есімі де орнықты. (Асанов Ж. Шекті Мөңке би Тілеуұлы. Ғылыми басылым. - Астана: Елорда, 2001, 48-67 беттер)

Сөзіміздің түйіні, кейіннен Сарышолаққа үлгі болған Ақпан жырау шығармаларына Ғарифолла көңіл аударып зерттеген.

Атақты Бұқар жырау:

«Айтар болсаң, Алланы айт,

Таңертең азан шақырған

Дауысы сұлу молланы айт», -

демейтін бе еді  бір толғауында. (Бес ғасыр жырлайды. - Алматы: Жазушы, 1-том, 84-116 бет)

Имандылықтың жадау тартпаған, діннің бұзылмаған барақат дәуірінде мешіт азаншысының үні әдемі болуын дін басылары қатты ескерген. Бұндағы айтпағымыз - атақты Пұсырман ақын  да мешітте азаншы қызметін атқарған. Оның әншілік өнерінің қаншалықты  дәрежеде болғанын осыдан-ақ пайымдай аламыз. Осындай қаймағы бұзылмаған дәстүрі бар, мықты әнші тұстастары болған Сарышолақтың сұлу дауысты екені күмәнсіз. Пұсырман есімі А.Жұбановтың «Замана бұлбұлдары» атты белгілі еңбегінде әлденеше рет аталады.

Сексенінші жылдары Республикалық эстрада-цирк өнері студиясында Ғарифолла Құрманғалиевтан дәріс алдық. Профессионал әншіліктің қыр-сырына баулыған  шоң ұстаз әр әннің тарихын баяндайтын. Түсіндіретін. Қайсыбір мәтіндердің заман ыңғайына қарай жаңартылғанын, өзгертілгенін айтатын. «Тілеу-Қабақ» Сарышолақтың әні ғой» -  дейтін. «Сарышолақты атауға болмайды, сөздерін түгел өзгертіп ем, өлеңде ру, құдай деген сөздер бар еді», - дейтін. Терең құлақ аса қоймаппыз. Тәптіштеп сұрамаппыз. Кейін Сарышолақтың кім екенін білгенде...бармақ тістедік.

Осы арада пікіріміз түсінікті бола түсу үшін Сарышолақ жөнінде бір-екі-ауыз дерек бере кетейік. Сарышолақ Боранбайұлы 1858 жылы қазіргі Ақтөбе облысында көшпелі отбасында дүниеге келген. Жастайынан мұсылманша сауат ашады. Ағасы Көпжасардың қамқорында болады. Өнер жолына түсуіне ықпал еткен ортасы туралы жоғарыда аз-маз айтып өттік.

Орыс отаршылдарының зәбір-жапасынан көкірегі шеменге толып ер жеткен Сарышолақ озбыр саясатқа қарсылығын жасыра алмады. Мүмкін де емес еді:

«Қалмақтан қиын болды да,

Орыстың салған ойраны.

Біз секілді сорлыға,

Батып жүр қылған сайраны...» - дейді ол.

( «Артық туған асыл көп, айтар ойы киелі...» // Ақтөбе. 17.09.1999 жыл)

Немесе:

«Орынборға аттанам,

Қайнаған кекті улы өшпен.

Қару сайлап баптанам,

Оязға қарсы күреске», -

деп күркіреген ақынның бұл іс-әрекетін Ресей империясы тұрыпты ғой, оның кейінгі жаңа сипаттағы дүлей мұрагері - большевиктер өкіметі кешіре де, ұмыта да алмапты. Есімін қараңғы қапаста ұстады. Тек әндері ғана Ғарифолла сынды тұлғалар арқылы біздерге жетті. Әрине, есімін де білдік. Бірақ қуғын-сүргінді көрген, жүрегі шайлыққан ұстаз, рухани әкем Ғарифолланың оны сыбырлап айтуға ғана шамасы келіп еді...

Алайда қызыл империя тарапынан қанша тыю салынса да шайырдың рухқа толы отты сөздерін, ғибрат өлеңдерін туған жұрты жадында сақтап келді. Жыр дүлдүлі әйгілі эпик Нұрпейіс Байғанин өзінің «Ақын» атты поэмасында оның көркем бейнесін жасады. (Байғанин Н. Нарқыз. - Алматы: Жазушы, 1974, 189-208 беттер.) Бұл жайлы : «... Дастанды 1939 жылы Бүкілодақтық лениншіл жастар Одағының ХХ жылдық мерекесіне арнап шығарған. Дастанды Нұрпейістің айтуынан Мәмле Жаңабаев жазып алған. Нұрпейістің осы дастаны көркем шығармалар конкурсында үшінші дәрежелі бәйге алған. Поэманың толық мәтіні алғаш рет 1940 жылы «Поэмалар жинағы» атты кітапта жарияланған.Үзіндісі сол жылы «Лениншіл жас» газетінде жарық көрген, кейін ақынның 1950 жылғы жинағына кірді.  ...«Ақын» дастаны негізінен көпті көрген көнекөз ақсақалдың баласына айтқан әңгімесі түрінде құрылған. Шығарманың бас кейіпкері - Сарышолақ ақын», - дейді әдебиетші ғалым Ж. Асанов (Асанов Ж. Мөңке би Тілеуұлы. Ғылыми басылым. Астана: Елорда, 2001, 7-8 беттер). Және ол Сарышолақ мұраларын алғаш рет жинақтап, зерттеді. Жаужүрек ақын турасында «Сарышолақ шайыр» (Ақтөбе -1997 жыл) атты еңселі еңбегін жарыққа шығарды. Иншалла дейміз.

Атақты «Тілеу-Қабақ» шығармасы қызылдар империясы заманында шыққан әндер жинағына «Тілеуқабақ» болып таңбаланып еніп жүрді. Қабақ атам есімін кіші әріппен түзіп Тілеу атама тіркеп жіберетін ылғи. Бұл  тарихта «Асау-Барақ» атанған әкелі-балалы батырларды «Асаубарақ» деп, белгілі «Айман-Шолпан» жырындағы апалы-сіңлілі қыздарды «Айманшолпан» деп, сондай-ақ «Мұңлық-Зарлықты» «Мұңлықзарлық» деп қосып жазғанмен бірдей еді сиам егіздеріне ұқсатып. Өрескелдің орын алуы - еңбектің туу тарихын, кімдерге арналғанын білмегендіктен. Ал, академик Ахмет Жұбанов зерттеулерінде ән атауын иеленген аталарының есімдерін «Тілеу-Қабақ» деп ортасына  сызықша қойып, айырып, әрқайсысын бас әріппен дұрыс таңбалап отырған. (Жұбанов А. Замана бұлбұлдары. - Алматы: Жазушы, 1975, 224-241 беттер).

«Тілеу-Қабақ» әні -  Сарышолақтікі еді. Өкінішке қарай, соңғы жылдары аталмыш шығарма турасында шындық мұратынан гөрі ауылдастыққа бұра тартқан пасық пиғыл бас көтерді. Басқа аймақтың сайда саны, құмда ізі жоқ «серісіне» телиді. «Тілеу-Қабақ» түгендікі. Сол шығарған. Авторы сол, дейді. (Сүлейменов Т. Сегіз сері. - Алматы: Өнер, 1991, 73-74 беттер). Ал оған дәлелі қайсы?.. Тіпті осы өтірікке сенгенде де бәрібір ол - еш қисынға жанаспайтын жайт. Нақтылап түсіндіргенде былай: жазған шығармасында жазушының батыс аймақ қазақтарының аузына арқа жақтың «кигіз» (киіз) немесе жетісу өңірінің «сым» (шалбар) деген диалектілерін салуы не болмаса «шырпы», «әйдік» (сіріңке, үлкен) сөзін керісінше оларға айтқызуы білімдарлыққа жатпасы, ақиқатпен қабыспасы айдан анық. Демек, әр аймақ жұртының әуен-саздарындағы ладтық құрылымдарында да тарихи-географиялық жағдайларға орай диалектілік сыпатта қалыптасқан канондық үлгі бар. Пікірімізді қазақ күйлерінің «төкпе», «шертпе» деп, ән салу мәнерлерінің «Батыс мектебі», «Арқа мектебі», «Жетісу мектебі», «Сыр бойының мектебі» деп музыка ғылымында жіктелуі толық қуаттайды. Алыс өңір адамының өзге аймаққа келіп жөргегінен құлақ сіңісті болмаған шалғай өлкенің әуезі сипатында аяқ астынан ән шығаруы - көңілге қонымсыз, шындықтан тым алыс. Мысалы, әлдебір ақымақ Құрманғазының «Адайын» Тәттімбеттікі деп талмай қанша  өзеуресе де бұған ешкім иланбайды, тек кеще қана сенеді.

«Тілеу-Қабақтың» авторы делінетін «серінің» жасанды жалған кейіпкер екенін ҚР Білім және ғылым министрлігінің қорытындысы  (Қараңыз: 27.11.2006 жыл. № К - 1514/1. «Ана тілі». № 5. 1.02.2007; «Жұлдыз». № 3. 2007; «Қазақ әдебиеті». № 5. 2.02.2007 жыл), Ұлттық Ғылым Академиясының жетекші ғалымдарынан құрылған Тексеру комиссиясының сараптамасы бұлтартпастан дәлелдеп берді (Қараңыз: 6.02.2007 жыл, № 056/35 - 0325. «Қазақ әдебиеті». № 29.20.07.2007 жыл).

Алайда кейбіреулер «Тілеу - Қабақты» «Сегіз сері» шығарды деп әлі күнге шейін қылғынып жүр. Ақиқаты солай болса, онда ән Ақтөбе облысы Шалқар ауданын жайлап отырған қалың ел - Тілеу мен Қабақ руларына арналмаған. Еш қатысы жоқ. Сөзімізді дәлелдейік. «Сегізтанушылар» бүй дейді: «Сегізді күйеу бала есептеген Тілеуқабақ (кіші жүз Алтын руының байы дейді. - Б.К.) оған бар жағдайды жасаған болса керек. Сонда сері көңілденіп, жарқын жүзді әкеге арнап, «Тілеуқабақ» әнін шығарған... Қазіргі ән жинақтарында халық әнінің сапында тұрған «Тілеуқабақтың» тексі төмендегідей:

Айқайлап ән саламын  Тілеуқабақ,

Керілер өлең айтсам қас пен қабақ.

Көңілдің қуанышын жырға қосып,

Келді ғой бар дауыспен шырқайтын шақ.

Әніме мен салайын  Тілеуқабақ,

Керілер өлең айтсам қас пен қабақ.

Көңілдің жатсам-тұрсам тілегі сол,

Бергей деп маңдайыма бармақтай бақ» (Қараңыз: Сүлеменов Т. Сегіз сері. - Алматы: «Өнер», 1991 жыл, 73-74 беттер).

Мінекей, осы тап қазір бәріңіз куә боп отырсыз құрметті оқырман! «Сегізтанушылар» «Тілеу - Қабақ» әнін Тілеу мен Қабақ руларына емес, «сері» болашақ қайын атасы Тілеуқабаққа арнап шығарды дейді.

Бірақ академик Сейіт Қасқабасов  «Тілеу-Қабақ» әні жайындағы парықсыз пікірлерге қарсы былай дейді: «...Қазіргі айтылып жүрген нұсқасы «Айқайлап ән саламын Тілеуқабақ» деп басталады. Мұнда да ру атын айтудан сескеніп, мәтінге өзгеріс енгізілген. Дұрысы: «Сұрасаң руымды - Тілеу, Қабақ» деп айтылады.  Тілеу мен Қабақ - екі ру, алты ата Әлімге жатады» (Тұрмағанбетова Б. Ж. Қазақстаның Батыс аймағының ән мәдениеті. - Алматы: «Тау-Самал», 2009 жыл, 55-бет).

Енді академик, фольклортану ғылымының білгірі Сейіт аға Қасқабасов пікірінің растығына көз жеткізейік.

Ұстазым, әйгілі әнші Ғарифолла Құрманғалиевтан «Тілеу-Қабақтың» бірнеше вариантын үйрендім. Олардың мәтіндері төмендегідей әртүрлі:

Айқайлап ән саламын - «Тілеу-Қабақ»,

Керілер өлең айтсам қас пен қабақ.

Көңілдің қуанышын жырға қосып,

Келді ғой бар дауыспен шырқайтын шақ.

Әніме мен салайын - «Тілеу-Қабақ»,

Керілер өлең айтсам қас пен қабақ.

Көңілдің жатсам-тұрсам тілегі сол,

Бергей, деп маңдайыма бармақтай бақ.

Немесе:

Аты еді бұл әнімнің - «Тілеу-Қабақ»,

Айтайын асқақтата кернеп тамақ.

Келтіре кемеліне шырқатайын,

Кейінгі ұрпақтарға болсын сабақ.

Айқайлап ән саламын - «Тілеу-Қабақ»,

Ән салсам қозғалады қас пен қабақ.

Жақсылар жалы биік айт деген соң,

Бұл әнді мен салайын аямай-ақ, - деп шалқиды тағы бірде.

Ғарифолла атамыздың жеке архивінен табылған мынадай шумақтар және бар. Қайсыбірін қағазға араб әріптерімен түсіріпті. (Ол осы жазуды өмірінің ақырына дейін қолданды).

Сұрасаң руымды Тілеу-Қабақ,

Ән салсам бірге ойнайды  қас пен қабақ.

Құдайдан  жатсам-тұрсам тілейтінім

Бергей, деп маңдайыма бармақтай бақ.

Жайлаған Табын, Әлім - Тілеу-Қабақ,

Керілер өлең айтсам қас пен қабақ.

Жарлылық ер жігітке қайғы ма екен,

Табылса тақымына ат пен жарақ.

Әнімді шырқатайын «Тілеу-Қабақ»,

Керілед өлең айтсам қас пен қабақ.

Шығарып шаршы төрге тыңдай-тұғын,

Сүйініп, келгенінде жұрт қаумалап.

Жайлаған Тілеу-Қабақ Әлім, Табын,

Арқасы сол елдердің салған әнім.

Бақ бергей ер жігіттің маңдайына,

Ризамын бергеніне бір құданың!

Айқайлап ән саламын - «Тілеу-Қабақ»,

Ән салсам қозғалады қас пен қабақ.

Жақсылар үлкен-кіші айт  деген соң,

Бұл әнді мен салайын аямай-ақ.

Жылқымды айдап салдым ен аулаққа,

Барамын ерте тұрып жылқым жаққа.

Қарындас, іні-аға айт деген соң,

Ән салып жіберейін құйқылжыта.

Ғарифолла атамыз айтатын: «Арқа қатты қызғанда, «Тілеу-Қабақтың» бірнеше шумағын төгіп-төгіп кеп былай қайырып тастайтынмын. Өз жанымнан қосқан ем», - деп.

«Дейтұғын «Тілеу-Қабақ» осынау әнді,

Дәріпті жұрт аузында болған мәнді.

Жасымнан мен де сүйіп айтатынмын,

Жақсы ән деп сүйсіндірер тыңдағанды».

Жанары жарқ-жұрқ етіп, аруақтанып кетуші еді, жарықтық. Осы әнді дауысқа салып, көтере суырғанда.

Ғарифолла Құрманғалиевтың орындауындағы «Тілеу-Қабақ» әні жазылған күйтабақтар (Казахские песни. ГОСТ 5289-68 Д-27253, «Мелодия» всесоюзная фирма грампластинок Ташкентский завод им. М.Т. Ташмухамедова) және оған байланысы бар жеке архивінен алынған мәтіндер нұсқасы қолымызда. Сондай-ақ, араб әріптерімен өз қолынан таңбалап түзіп кеткен Бала Ораз шығармалары да бар екен. Көлемді. Қағазға мұнан басқа да көп дүниелерді түсірген.

Айтпасқа тағы болмайды осы тұста. Ғарифолла Құрманғалиевтың халық әндері мен терме-толғауларын ел арасынан тірнектеп өстіп жинаған еңбегін белгілі өнертанушы ғалымдар, атақты дарын иелері жоғары бағалады, әділін айтты. Солардың бірсыпырасын айғақ қылайық.

Халық әртісі, белгілі әнші, педагог, профессор Бекен Жылысбаев: «Ғарифолла 1947 жылы Ғылым Академиясының Батыс Қазақстан, Гурьев (қазіргі Атырау - Б.К.) және Ақтөбе облыстарынан 100 ән жинап тапсырды...Ол - қазақ фольклорының нәзік білгірі», - депті. (Народная музыка в Казахстане.  - Алма-Ата: «Казахстан», 1967, стр. 129)

Өнертанушы Владимир Мессман: «Ғарифолла - этнограф», - деген. (Мессман В. Гарифулла-сал. // Вечерняя Алма-Ата. 27.07.1970 г.)

Қазақ әдебиеті тарихында және былай таңбаланған: «Совет өкіметінің алғашқы жылдарында бұрыннан жатталып келе жатқан ауыз әдебиетінің әр алуан үлгілерін... жаңа дәуірде туған өлеңдерді жинап бастыру жұмысы айрықша күн тәртібіне қойылды. Бұған қазақтың ақын-жазушылары: Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Сәбит Мұқанов, Мұхтар Әуезов, Сапарғали Бегалин, Есмағамбет Ысмайылов пен бірге Қаныш Сәтбаев, Қалибек Қуанышбаев, Әліби Жангелдин, Елубай Өмірзақов, Құрманбек Жандарбеков, Ғарифолла Құрманғалиев, Әміре Қашаубаев, Мұқан Асқаров, Қуан Лекеров, Әлкей Марғұлан тәрізді халықтың қалың ортасынан шыққан әр алуан мамандық иелері қатысты».  (Қазақ әдебиеті тарихы. - Алматы: Қазақ ССР ҒА баспасы, 1964, 1-том, 2-кітап, 294-бет).

Әдебиетіміздің шежіресінде Ғарифолла есімінің үлкен тұлғалармен осылай қатар аталуы тегін емес, жайдан-жай емес. Бұларды біліп жүрген дұрыс. Ғарифолла репертуарында мыңға тарта шығарма бар еді. Соның бәрін жадына жасынан сақтай берген. Ол - фольклорымыздың алтын қоры болатын.

Негізгі әңгімемізге көшейік, сонымен шайыр бір өлеңінде:

«Салғанда мен әніме  «Тілеу-Қабақ»,

Әлімнің бас-аяғы тынып қалад.

Жаманнан асыл туған мен бір бекзат,

Терең көлді шайқаған күміс шабақ», - дейді.

Әнді менікі дейді, Сарышолақ. (Асыл қазына. (Ақтөбе өңірі ақындарының антологиясы) - Ақтөбе, 2001, 30-31 беттер). Соған қарағанда, салдың әншілік, композиторлық өнерін биікке көтерген төл туындысы - «Тілеу-Қабақ» екені аңғарылады.

Бұл жайтқа Сарышолақтың Бақи сұлумен мына айтысы да көз жеткізеді. Бақи қыз сұлу екен, дейді қолдағы деректер. Өзі домбырашы, әнші әм ақын болған. Руы - Бұжыр. Бұжырдың Жекейі. Өлеңдерінен, айтыстарынан да байқалады зор ақын екені. Үзінділер берейік.

Сарышолақ:

...Сұрасаң аты-жөнді біздің жайды,

Сарышолақпын баласы Боранбайдың.

Саралап сөйлегенде өлеңдетіп,

Іші тар сіздей қыздар көре алмайды.

Бақи сұлу:

Жекейде толып жатыр нелер сақи,

Сұрасаң менің атым - сұлу Бақи.

Жау іздеп жүре-тұғын Тілеу-Қабақ,

Шетінен найза ұстаған кілең ақый.

Сарышолақ:

Керекте найза аламын жауға қарсы,

Домбырамен топқа түсем нелер шаршы.

Әніме салғанымда «Тілеу-Қабақ»,

Тыңдаған Кіші жүздің небір арысы.

Бақи сұлу:

Әніңді естіп жүрміз «Тілеу-Қабақ»,

Көтібар өлді дейді Адай сабап.

Батыр болса ел-жұртың қайда кеткен,

Қалмаған неге сонда арашалап, - депті. Яғни, ән сенікі деп мойындап отыр Бақи қыз айтыс үстінде. (Асыл қазына (Ақтөбе өңірі ақындарының антологиясы). - Ақтөбе, 2001, 256-262 беттер)

Жоғарыдағы айтыс шумақтарындағы «Әніме салғанымда «Тілеу-Қабақ», - Тыңдаған Кіші жүздің небір арысы», немесе, «Әніңді естіп жүрміз «Тілеу-Қабақ», - деген тармақтар «Тілеу-Қабақ» әнінің авторы  Сарышолақ шайыр екенін бұлтартпастан дәлелдеп тұр. Әрі аталмыш шығарманың территориялық кең ауқымда, исі Кіші жүзге - Байұлы мен Әлім - Шөменге, Жетіру Жағалбайлыға тегіс жайылғанынан дерек береді. Осы арада айтарымыз, Бақи сұлудың Сарышолақпен айтысының толық нұсқасы, өлеңдері қолымызда. Оны батыс аймақтың Сарасы десе де болғандай.

Бақи сұлу есімінің осы уақытқа шейін белгісіз болу себебі,  ол - советше «үстем тап өкілінің» қызы-тын. Бар жазығы осы. Әрине, бұл - басқа тараптағы үлкен әңгіме. Ғарифолла Құрманғалиев: «Ала келген әндерімнің бірі осы «Тілеу-Қабақ» еді», - дейтін. Қисынды. Сарышолақ патшаның жергілікті ұлықтары тарапынан қудалауға түскенде, қашып барып біраз уақыт Байұлын паналаған. Демек, әнді Байұлына өзі таратқан. Ғарифолла да Байұлынан, Алашаның Шотқарасы.

Реті келіп тұр, айта кетелік. Тілеу батырдың бір нәсілі, әнші әрі домбырашы Әли Құрмановтың есімі тарихта қалған. Ол 1934 жылы Алматыда өткен бүкілқазақстандық өнер слетіне қатысып, екінші жүлдеге ие болған әйдік талант иесі. Әли жайында Ахмет Жұбанов мынадай құнды деректер қалдырған: «Әли 1901 жылы Ақтөбе облысы, Шалқар ауданы, 10-ауыл «Шұбарши» деген жерде туды. Әкесі Төлеміс (Құрман үлкен әкесі) ...жәй көптің бірі болып жүре берген. Аздап домбыра тартқан, бірақ оны кәсіп етіп соңына түсе қоймаған... Ал Әлидің шешесі Аққыз (шын аты Ұмсындық) асқан домбырашы, әнші болған. 1934 жылы Алматыда Әлидің үйіне... бір барып отырғанда Аққыз шешеміз... қолына домбыраны алып, «Көкілдің» бір түрін тартып бергенде, әлі де саусақтары жұқпайтын... Міне, сол Аққыздың  әсерімен Әли бала күнінен домбыраға, әнге, жырға үйір болады. Ол маңайда әйгілі Әкімгерей, Қабақ Пұсырман, Алтынбай Жаппарберлі,  Жақайым Жаңаберген жыршылар, Әбдіразақ, Жанқылыш Төреқан әншілер болды. Осылардың арасында жас Әли де жүріп, ел аралап, өнер қуады. Жасы 17-18-ге келгенде Әли сол арада... белгілі талапкер, өнерпаз болып аты шығады. Осы кездерде, Әлидің өзінің айтуынша, ол белгілі Тәңірберлі Молдабай әншіні көреді. Молдабайдың өз атымен аталып кеткен әнін шебердің өз аузынан есітеді... негізгі ұстазы Әкімгерейге он бес жылдай шәкірт болады. (Әлиде Әкімгерейдің он шақты сазы бар). Әкімгереймен бірге болу, оның өткір сөздерін, өтімді жырларын, шырқатып салған әндерін естіп жүру Әли үшін үлкен школа болады. Осы кездерде Әли өзінің өлең, жыр репертуарын байыта түседі. Мұхит әндері, Қызылдың әндері, Батақтың Сарысының әндері, Қаршығалы жыршының сазы тағы сондай музыка қорын жинайды», - дейді. (А. Жұбанов. Замана бұлбұлдары. - Алматы: Жазушы, 1975, 409-411 беттер). Айтпағымыз, «Тілеу-Қабақ» әні осы нақышы мол, сұлу дауысты Әли ата Құрмановтың репертуарынан да орын алыпты. Ел-жұртқа насихаттапты. Анық жайт. Бұл шығарманы өте жоғары деңгейде орындағаны күмәнсіз. Өйткені академик А. Жұбановтың: «Әлидің өткір термесі, әлді дауысы, қолдарын неше саққа жүгіртіп, ойнақшытып, домбыраны қағуы, ән орындағандағы творчестволық  еркіндігі, бай мимика Москва тыңдаушыларының (1936 жылы өткен онкүндікте.- Б.К.) айызын қандырды», - деген мәліметі ойымызды нақтылайды. ((А. Жұбанов. Замана бұлбұлдары. -Алматы: Жазушы, 1975, 413-бет).

«Тілеу-Қабақ» әні баяу созыла басталып, динамикалық дыбысқа ұласады. Әуен сазы көңілдің шалқып толқыған сәтін бейнелейді. Әрине, бұл шығарманы орындаушыға зор диапазонды тыныс қажет. Онсыз әуеннің шырайы кірмейді. Сарышолақтың бір өлеңінде: «Керуен қырдан асқан бас іркер, - Көш тоқтар, дауысыма бара жатып», - деген сөзі де  (Асыл қазына. 31-бет) оның әншілік өнерді ұстанғанын растап, дауыс көлемінің биік болғандығын, яғни баритон емес, лирикалық тенор екенін куәландырады. Мұның өзі «Тілеу-Қабақ» әні болмысымен дөп үйлесетінін айғақтап, пікірімізді бекіте түседі.

Осы жерде және бір нәрсеге тоқтала кетелік. «Тілеу-Қабақты» дарақ әнші,  халық композиторы Мұхит салға да теліп жүр. Еш дәлел жоқ, дәйек жоқ. Ойсыз таяздықтан. Бабамызды ардақтаудың, ұлықтаудың жолы бұл емес. Басқа. Өзіне тиесілі шедевр шығармаларымен-ақ, ол - қазақтың мәдени генофондына зор үлес қосып, есімін өшпестей тарихта таңбалаған тұлға. «Тілеу-Қабақты» музыка теориясының ғылыми әдістемелеріне сүйеніп Мұхит шығармаларымен салыстыра тексергенде, оның салдың қолтаңбасынан, қалыптасқан стилінен өзгешелігі аңдалып тұрады. Мәтіндегі ойлау формалары да оған келмейді. Дарынды суреткерге тек «Тілеу-Қабақ» емес, халық туындылары «Жылыойды», «Жылқышыны», «Гүлжансараны» т.б. жөнсіз таңу - классикалық әндер табиғатын, ондағы дәстүр мен жаңашылдық, сабақтастық, канондық үлгі заңдылықтарын жете білмеуден туған кеміс ойдың нәтижесі.

Тағы бір жағдаяттың басын ашып өтсек дейміз осы тұста.

Сары Батақұлының да «Тілеу-Қабақ» атты әні бар. Бұл тұрғыда нақты дәлелді академик Ахмет ата Жұбанов «Замана бұлбұлдары» (А., «Жазушы» баспасы, 1975, 237-бет) деген белгілі еңбегінде жазып қалдырған. Онда Сары туралы айта келіп, былай депті: «Елін сағынып, домбыра алып шырқайды:

Басы еді Ұлықұмның Қарашолақ,

Аяғы көрінеді Қаратамақ,

Сабаттан мың жылқы ішкен айдын көлдей,

Ортада отырушы еді Тілеу-Қабақ.

Қасқажол, Қаратамақ, Қозыбұлақ,

Алдымда Қожасайы жатыр сұлап.

Басына Есеншағыл шауып шықсам,

Көрінер елес-елес Қоянбұлақ... - деп туған-өскен жерлерін есіне түсіреді, оның бәрі де көзіне оттай басылады. Бұл өлеңдермен айтылған ән халық арасында «Тілеу-Қабақ» болып аталып кетеді.  Бірақ ол біз білетін, «Дудар-ай» операсына енген «Тілеу-Қабақ» емес, (Сарышолақтың «Тілеу-Қабағын» айтады. - Б.К.), аты бір болғанмен музыкасы мүлдем басқа. Ән қоңырлап басталып, бір мезгіл желдірмелердің кейіпіне түсіп, өлеңнің соңғы жолдарында үнемі кідіріп, созылып, қайталанып, құбылып барып бітеді».

Міне, «Тілеу-Қабақ» аттас екі ән бар екенін, олардың мәтіндері мен әуен-саздарының бір-бірінен мүлде бөлектігін ғалым осылайша ашып, айырып көрсеткен.

Сарышолақтың композиторлығы тек «Тілеу-Қабақ» әнімен ғана шектелмейді. Оның «Ұлықұм», «Қарақ-ай» атты т.б. туындылары болған. Бірақ көбі ұмытылған. Мынау «Қарақ-ай» әнінің мәтіні:

1.Ән қайда, бұрынғыдай сала-тұғын,
Құс қайда, сілтегенді, қарақ-ай, ала-тұғын.

Есіме өткен күндер түскенінде,

Жүрегім май құйғандай, қарақ-ай, жана-тұғын.

1.Басы еді Ұлықұмның Қарашолақ,
Қыстаған малыменен, қарақ-ай, Тілеу-Қабақ.

Жүргенде сауық-сайран сәніменен,

Бір күнде өткенің-ау, қарақ-ай, дүние шолақ...

(Асыл қазына (Ақтөбе өңірі ақындарының антологиясы). - Ақтөбе, 2001, 30-бет)

Куә боп отырмыз, әнші-ақын қырмызы қызыл заманын аңсайды, жүрек сыздатқан сағынышын айтады. Тәтті мұң қай пенденің де ішкі сезімімен  үндеседі. Тілі көркем.

Этнограф, музыкатанушы А. Затаевичтің «Қазақ халқының 1000 ән-күйі» атты еңбегінде «Қарақ-ай» деген әннің фортопианоға лайықталып түсірілген нотасы енгізілген. Әуен сазы қамырықты сипатта. Мәтін мазмұнымен үйлесімді. Бұны  берген Ақтөбе губерниясы, Темір уезінің Орқаш болысына қарасты 4-ауылдың Ибрагимов Төлмұхаммед есімді тұрғыны екен. (Затаевич А.В. 1000 песен и кюев казахского народа. - Алматы: Дайк-Пресс, 2004, стр. 132)

Қызылдар өкіметі шекара сызып бөлшектегенге шейін бұл жерлерді Сарышолақтың арғы аталары - Айт пен Бұжырдан тараған ұрпақтар, нақтылап айтсақ, Тілеу мен Қабақ, Назар мен Шүрен қатар қонып, еркін жайлаған. Қазірде де олар сол өңірде тұрып жатыр. Сондай-ақ бағзы заманда Алатаудан келіп қазаққа сіңісіп кеткен шайырдың түп нағашылары - Қырғыз руы да осы маңды әлі күнге дейін мекен етеді. Қорытынды пікірімізді айтсақ, жобалауымызша «Қарақ-ай» әнін А. Затаевичке жаздырушы Ибрагимов Төлмұхаммед - Айт пен Бұжырдың немесе Қырғыз руының азаматы. Ал шығарма авторының Сарышолақ екені шүбәсіз.

Академик Сейіт Қасқабасовтың әлгіндегі «Тілеу-Қабақ» әні тарихы турасында айтқан пікірі біздің сараптауымызды толық бекітіп тұр.

Сөз түйініне көшсек. Ғарифолла Құрманғалиевтың орындауындағы «Тілеу-Қабаққа» зер сала отырып, Сарышолақ салдың әншілік-композиторлық қырын тереңірек тануға, ғылыми  тұрғыдан бұдан да жан-жақты талдау жасауға болады. Ол - бұл әңгіменің көлеміне сыймайды. Жеке тақырып.

«Тілеу-Қабақ» әні - Сарышолақтікі. Ақиқаты - осы. Халық әдебиетін, музыкалық фольклорымызды жинақтаушы, зерттеуші, этнограф, педагог Ғарифолла ата Құрманғалиев деректері бойынша нақтылаған шаруамыздың бір парасы - бұл.

Бөрібай КӘРТЕН

музыка пәні бойынша жоғары санатты ұстаз,

қазақ тілі мен әдебиеті

магистрі,

Қазанғап атындағы

балалар өнер мектебінің оқытушысы.
«Абай-ақпарат»

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1963