Жұма, 22 Қараша 2024
46 - сөз 3629 5 пікір 25 Желтоқсан, 2020 сағат 13:54

Тәуелсіздік күні. Екінші ой

Тәуелсіздік күнінде басты идеологемаларды да естен шығармаған жөн. Жаңа жыл – балалалар сыйлық күтетін, үлкендер үміт ететін мереке. Демек, ЖАҢА ЖЫЛ – ҮМІТ пен ТІЛЕКТІҢ мерекесі ретінде қалыптасты. Үміт ететін, тілектер орындалатын, ескіні артта тастап, жаңаны бастайтын мереке.

Ал Тәуелсіздік күні ше? Қан төгіліп, ашаршылыққа ұрынып, ата-бабамыз тәуелсіздік жолында қырылып, әрең жеткен мереке ретінде қабылданып жүр. Кейбіріміз Желтоқсан оқиғасын еске алып, мереке емес, құран бағыштап, қаралы күнге айналдырып жатамыз.

Ал шынтуайтында, қай ұлтты алсаңыз да, тәуелсіздікке оңай қол жеткізбеген. Әлемдегі 225 мемлекеттің 163-і тәуелсіздік күнін атап өтеді екен. Бодан болмаған ел аз. Ал сол егемендік алған елдерге тәуелсіздік оңай келді дейсіз бе?

Асылы, кез келген жеңіс жүздеген жеңілістің сыртқы қабаты, кез келген триумф талай трагедияны тұғыр етеді. Қоғам емес, жеке адамның жеңісі мен жетістігін алып қарайық. Жеңіс оңайлықпен келмейді. Жеңілістерден кейін ғана жеңіс туы желбірейді. Олай болмаса, жеңіс болмас еді.

Осыны ескере отырып, Тәуелсіздік күнін ата-бабамыздың асыл арманы орындалған күн, яғни АРМАНДАР ОРЫНДАЛАТЫН КҮН ретінде позициялау қажет секілді.

Бес түйсікке әсер ететін мерекелік нышандардың өн бойынан арманның ақиқатқа айналу идеясы өтсе. Балаларға сыйлық жасағанда да бір арманы орындалатындай болғаны жөн.

Тағы бір идеологема – Еліме не бердім? Осы сұраққа әркім өзінше ой қорытса. Жылына бір рет.

Кез келген мереке алудан тұрады. Сыйлық алады, келешекке маған болсын деп үміт артады. Сондықтан, Тәуелсіздік күнін «Не алдың (сыйлық, награда, мақтау қағаз, алғыс хат) емес, не бердің?» деген сауалға әр адам жеке жауап беретін күнге айналдыруға сұранып тұр.

Жеке мүддеге емес, қоғамдық мүддеге қосқан үлесін саралайтын күн етсек. Батыста Жаңа жыл қарсаңында адамдар New Year Resolution жазады. Келер жылы көздеген мақсаттарын тізбектеп шығады. Ал Тәуелсіздік күнінде «мен мемлекет үшін не істедімді» еске түсірсек, Абай атамыздың «Қара сөзінде» айтылған өзіңе есеп беруге қатысты аманатты орындар едік.

Келер жылы Тәуелсіздікке 30 жыл. Қалай атап өтеміз? Қалай дәстүр қалыптастырамыз. Ой қосуға, ұсыныс айтуға шақырамын.

P.S. Екінші ойды кеше жазам деп уәде еткем. Бүгін реті келіп тұр. Үшіншісі, бұйырса, ертең болады.

Шыңғыс Мұқанның жазбасы

Abai.kz

5 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1464
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3231
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5322