Жұма, 22 Қараша 2024
Жаңалықтар 4334 0 пікір 28 Наурыз, 2012 сағат 06:15

Зікірия Жандарбек. Қазіргі «Қазақстан тарихы» қазақ мүддесіне сай келмейді

 

1. Қалаларға қатысымыз жоқ екен...

 

1. Қалаларға қатысымыз жоқ екен...

Идеологиялық тетіктің негізгі тірегінің бірі - тарих ғылымы десек артық айтпаймыз. Өкінішке орай, қазіргі қазақ тарихы, Қазақстан мемлекетінің тарихы Тәуелсіз еліміздің болашақтағы қауіпсіздігін қамтамасыз ете алмайды. Оның мынадай бірнеше себебі бар: Біріншіден, қазіргі қазақ тарихы маркстік тарихты материалистік тұрғыдан түсіну методологиясы мен евроцентристік көзқарас негізінде жазылған. Бұл қазақ халқының дәстүрлі тарихи жадын тарих ғылымының қажетіне жаратуға мүмкіндік бермейді; екіншіден, қазақ халқының тарихи жады пайдаланылмай, қытай, парсы, араб, грек т.б. халықтар ертеректе жазып қалдырған деректер негізге алына беретіндіктен біз білетін тарих қазақ халқы мен Қазақ мемлекеттігі туралы сырт көздің пікірі болып қала береді. Қазақ халқының дәстүрлі тарихи жады есепке алынбай, өзгелердің  қазақ туралы жазған деректері негізінде, өзгенің танымдық, методолгиялық ықпалымен жазылған тарих қазақ тарихы бола алмасы анық. Мұны дәлелдеу үшін көп тер төгудің қажеті жоқ. Кез-келген «Қазақстан тарихы» кітабының ерте және ортағасырлық бөлігін ашып көрсеңіз, қазіргі қазақ халқы мекендеп отырған жерлердің қазақ халқының жері еместігіне, қазақтың басқа жақтан көшіп келгендігіне, Сыр бойы мен Талас өңірі, Жетісудағы қалалардың қазақ халқына ешқандай қатысы жоқтығына  көзіңіз жетеді. Бұл жерлердің барлығы көне дәуірлерде индо-европалықтардың отаны болған. Бұл жерлерді жабайы түркілер келіп, индо-европалықтарды ығыстырып, тартып алған. Сондықтан қазақ халқы автохтонды халық емес. Марқұм, Н. Масановтың тілімен айтсақ, «Сторонники миграционной теории считают, что предки казахов были недавными мигрантами и довольно поздно пришли на территорию Казахстана, а сам казахский народ не имеет никакого отношения к древним насельникам региона и не ведет свое происхождение от индо-иранского субстрата. Эту точку зрения так или иначе вот уже на протяжении более 200 лет поддерживают большинство исследователей»1.

Н. Масановтың бұл айтқандары көне тарихқа қатысты болса, Е. Смағұловтың зерттеулерінде ортағасырлар тарихында қазақ халқының Сыр бойындағы қалаларға қатысы қаншалықты екендігі былайша баяндалады: «Непрерывность эволюции и гомогенность комплекса основных этноопределяющих элементов материальной культуры свидетельствует о том, что основными создателями культуры позднесредневекового Отрара явилось коренное земледельческое население. Доказано, что основные типообразующие черты жилища позднего Отрара и Туркестана свойственны для жилищ местного узбекского населения. В дореволюционной литературе оно известно под названием сарты. В исторической науке этот этноним сохряняется как обозначение древнего оседло-земледельческого тюркизированного компонента в этногенезе узбекского народа»2. Археолог Е. Смағуловтың бұл зерттеуі де қазақ халқының Сыр бойы қалаларына ешқандай қатысы жоқтығын дәлелдеп отыр. Олай болса  «Қазақ кім?» - деген заңды сұрақ туары хақ. Қазіргі тарих ғылымында бұл сұраққа да жауап дайын. Ол жауапты да Н. Масановтың пікірінен бастағанымыз дұрыс сияқты. Ол былай дейді: «И наконец следует ответить на третий вопрос, кто такой казах? Мы должны четко понимать одну важную специфику, а именно то, что в Центральной Азии и в Казахстане, как уже писалось выше, существовало двухполюсная хозяйственно-культурная система. На одном плюсе находились номады или кочевники; на другом оседло-земледельческое население. Последнее разделялось между собой по языковому признаку: ираноязычные таты, тазики, таджики; тюркоязычные-сарты. Групповая принадлежность человека определялось не происхождением, а только образом жизни и типом хозяйства. Если тот или иной индивидуум родился хоть за тридевять земель, но кочует среди казахов, он - кочевник, он - казах. Если его же родители казахи, но живет в городе Испиджабе, он - сарт. Он не казах. Казахом был кочевник - номад»3. Демек, қазақ - көшпенді. Сондықтан ол ешқашанда қалаларды менікі деп айтуға қақылы емес. Бұл - халықты ұйыстырып отырған оның көшпелі өмір салты, алдындағы малы. Қазақ малға ғана тәуелді. Бұл халықта көшпенді өмір салтынан өзге халықты ұйыстырушы күш - дін, мәдениет болған емес! Ал, осы көшпелілерге мемлекеттілік қажет пе? Баққан малының қамын күйттегеннен өзге дүниесі жоқ халыққа мемлекеттің, мемлекеттік жүйенің қаншалықты қажеті бар? Бұл сұраққа А. Көшкімбаев былай деп жауап береді: «Крупные потестарно-политические образования (империи) кочевников носили спорадический характер. На исторической шкале, пройденной номадными социумами можно фиксиравать только «вспышки государственности» деференирующиеся, прежде всего, хронологической дискретностью, т. е. временные объединения с последующим распадом и возвращением в первоначальное общинно-кочевое состояние»4. Демек, көшпенділерде тұрақты мемлекет болған емес. А. Көшкімбаевтың бұл пікірі А. Оразбаеваның көшпелілер өркениеті туралы жазған монографиялық еңбегінде былайша тұжырымдалып, тереңдетіле түседі: «... және соңғы, мемлекет емес, ең алдымен саяси организмнің қызмет етуінің әлеуметтік-мәдени негізін қамтитын, мемлекеттіктен ерекшеленетін ЕДКӨ-нің (Евразия даласының көшпелілер өркениеті) төртінші, «ішкі саяси жүйесі, оның атрибуттары ретінде «әскери демократия», «көшпелі империя», «дала демократиясы», «дала парламенті» ролін атқарған, сайып келгенде барлығы бірдей заңдылық, әділдік пен құттылық негізінде адамзат қоғамының игілігіне қызмет етуге бағытталған өзін-өзі басқару институттары ретінде қарастырыла алады»5.

2. Қалмақ неге қазақ емес?..

Егерде біз жоғарыда айтылған пікірлерді дұрыс деп қабылдап, бас иер болсақ, онда біз өзіміздің  сырттан келген келімсек екенімізді, мемлекеттігіміздің болмағандығын толық мойындауға тиіспіз. Әрине, Қазақ мемлекеттігінің тарихта болғандығын дәлелдеп жатқан тарихшылар да бар емес пе? - деп уәж айтушылар да табылар. Алайда, олардың ешқайсысы қазақтың көшпенді екендігін, түбі Моңғол мен Алтай жерінен келгендігін жоққа шығарған жоқ. Олай болса, бұл жоғарыда аттары аталып, пікірлері мысал ретінде келтірілген авторларды мойындау болып шығады. Егерде біз осы тұжырымдарды қабылдар болсақ, онда бұл тұжырымдар қазіргі Тәуелсіз Қазақстан мемлекетінің де, қазақ халқының да мүддесіне сай келмейді. Керісінше, болашақта Тәуелсіз Қазақстан мемлекетінің  территориялық тұтастығына зиян келтіретін қауіпті факторға айналу ықтималдығы басым. Бұл тұжырымдар қазіргі күннің өзінде көрші елдердегі  кейбір саяси топтардың қазақ жерінің әр аймағына көз тігуіне себеп болып отыр. Кезінде Өзбекстандағы «Ерік» және «Бірлік» атты партиялардың программалық құжаттарында «Ескі өзбек жерлерін Өзбекстанға қосу» деген арнайы бап болғанын ескерер болсақ, онда бұл қауіптің негізсіз еместігін көруге болады. Ал, Түркіменстанның бұрынғы басшысы С. Ниязовтың «Рухнамасында» Маңғыстау жерінің түркімен жері екендігі айтылатын көрінеді. Ғалымдары болса, Маңғыстаудың түркімендердікі екендігін дәлелдеу жолында ғылыми ізденістер жүргізіп жатқанына талай жылдың жүзі болды. Мысалы, Амантаған Бегжановтың «Көмілген арналар, көшкен жұрттар»6 атты еңбегі біз көтеріп отырған мәселенің құр байбалам еместігін байқатады. Ал Жетісуда ұйғыр ағайындар территория жайын көтеріп жүргені жасырын емес. Осының бәрі қазіргі қолданыстағы «Қазақстан тарихының» Қазақстан мемлекетінің мүддесіне сай келмейтіндігін көрсетеді. Сондықтан, бүгінгі күні отандық тарих ғылымы өзінің бағытын шұғыл өзгертіп, қазақ халқының тәуелсіз тарихын қалпына келтіруі тиіс. Алайда, бұл жалған тарих жазу керек дегенді білдірмейді. Керісінше, қазақ халқының тарихи жады толық қамтылған, қазақтың ұлттық ерекшелігін, рухани, мәдени болмысын толық көрсете алатын тарих жазылуы тиіс.

Бірақ, ол оңай шаруа емес. Ең алдымен қазіргі қоғамдық ғылымдарды зерттеудегі евроцентристік көзқарас пен маркстік тарихты материалистік тұрғыдан түсіну методологиясынан бас тартуымыз керек. Өйткені, евроцентристік көзқарас негізінде христиандық дүниетаным жатқанын біз емес, европалық ғалымдардың өзі мойындап отыр7.  Олай болса біз неге ол танымды өз тарихымызды зерттеуге негізгі өлшем етіп аламыз? Біздің дүниетаным мүлде басқа танымдық негізде қалыптаспап па еді? Тарихты материалистік тұрғыдан түсіну методологиясы қазақ тарихы түгіл, сол Европа тарихын зерттеуге пайдаланылмайды. Көшпенділер өркениетіне қатысты жасалынған таным теориясы да, методологиясы да қазақ тарихын зерттеуге келмейді. Өйткені, көшіп жүргеннің бәрі қазақ, отырықшының бәрі сарт немесе көшпелінің бәрі жабайы, отырықшының бәрі мәдениетті деген тұжырым ақылға сыймайды.

Мысалы, арасынан ислам дінін дүниеге әкелген Мұхаммед Пайғамбар сынды ұлы тұлға шыққан, ислам мәдениетін дүниеге әкелген араб халқы тек отырықшылардан тұрмайды. Арабтарда отырықшы - қала халқы да, көшпелі - бәдәуи тайпалары да бар. Бірақ олардың ешқайсысы бір-біріне мен арабпын, сен араб емессің демейді. Рас, көшпелі арабтардың әдет-ғұрпында аздаған өзгешеліктер бар. Ол шаруашылыққа, өмір сүрген ортасына байланысты. Немесе қазақ  халқымен көршілес отырған түркімен, қарақалпақ, ноғай, қалмақ сияқты халықтар неге қазақ емес? Олар да көшпенді халықтар емес пе? Бұл халықтардың арасын ашып, бастарын қоспай тұрған қандай күш? - деген заңды сұрақ туады. Бұл сұрақтарға «көшпенділер өркениетіне» арнап жасалынған таным теориясы мен методологиясы жауап бере алмайды. Неге десеңіз, әр халықты өзгелерден ерекшелеп тұратын өзіндік дүниетанымы, соған лайықталған мәдениеті болады. Этнограф Ж. Артықбаевтың айтуынша, қазақ халқында «Батыстың да, Шығыстың да мәдени өлшеміне сай келмейтін ерекше мәдениет қалыптасқан. Осы ерекшелікті сезіну - методологиялық парадигманы өзгертуге негіз болуы тиіс. Бәрінен бұрын, тарихи таным өзегіне материалдық құндылықтар емес, рухани құндылықтар: қоғамдық сана, әлеуметтік-мәдени құндылықтар сияқты факторлар қойылуы тиіс»8. Олай болмаған жағдайда, қазақ халқының төл тәуелсіз тарихын жазу мүмкін емес. Халықтарды бір-бірінен ерекшелейтін діні мен мәдениеті. Демек, қазақ тарихын зерттеуге ерекше таным қажет. Қазақ халқы кезінде түркі дүниесі деген атпен әлемді сілкіндірген ірі империяларды дүниеге әкелген, өзінің қайталанбас философиялық дүниетанымы, діні, мәдениеті болған ержүрек халықтың  қазіргі таңдағы ізбасары. Сол себепті, қазақ тарихы мен рухани мәдениеті тек түркі өркениеті аясында қарастырылуы керек. Олай болмаған жағдайда, қазақ халқының тәуелсіз тарихын жазу мүмкін емес. Ал қазақ халқының діни-философиялық танымы оның аса бай рухани, мәдени мұрасында: аңыз әңгімелері мен киелі тарихтарында, жыр-дастандарында, батырлық жырларында, шежірелерінде, Қожа Ахмет Йасауи мен оның жолын қуған шәкірттерінің шығармаларында сақталған. Біз әлі күнге ол мұралардағы түркінің асқақ рухын тани алмай келеміз. Соларды танығанда ғана біз қазақ халқының төл дүниетанымын қалыптастыра аламыз. Сонда ғана қазақ тарихы ғылымының философилық негізі қалыптасады. Егерде  біз осы танымды қалыптастыра алатын болсақ, онда қазақ халқының тәуелсіз тарихын жазу оншалықты қиынға соқпайды. Біз сол кезде өте ерте замандарда-ақ қазақтың өз жерінде, өз елінде отырғанын, қалалардың барлығы қазақтың өз қаласы екендігін толық дәлелдеп шығамыз. Мысалы, қазіргі тарихта көне қаңлылар мен Қаңлы мемлекеттеріне қатысты  тұжырымдар тарихи шындыққа кереғар екенін аңғару қиын емес. Қазіргі қалыптасқан пікір бойынша, қаңлылар - иран тілдес, индо-европалық халық. Кейіннен бұл жерге түркілердің келуіне байланысты түркіленген деген пікір қалыптасқан. Жалпы қаңлы атауының шығуы көне Канха өзенінің атына байланысты екендігі шындық. Ол өзеннің жағасындағы халықты ирандықтардың кангар, қытайлықтардың кангюй, өздері қаңлы деп атады. Осы қаңлыдан тараған ру, тайпалар евразия кеңістігінің батысы мен шығысы арасын, Кіші Азияны түгел алып жатыр. Мысалы, кенегес - өзбек, башқұрт, қарақалпақ құрамында, қаңлы, қоңырат тайпалары - қазақ, өзбек, ноғай халықтары құрамында бар. Ортағасырларда қаңлы құрамында болған аққойлы, қарақойлы рулары османлы түріктері құрамында әлі күнге өмір сүріп келеді. Мұның өзі көне Канха, қазіргі Сырдария өзені жағасынан шыққан халықтың түркі халқына жататындығын дәлелдейді. Қаңлыларға қатысты жер атаулары да осы екі аралықта көптеп кездеседі. Мысалы, Манжуриядағы Хинган тауларында «Алтын қаңлы» атты асу бар. Ал, Каспий теңізі жағасында «Қанға баба» атты киелі жер бар. Арасын қанша мың шақырым бөліп жатқан бұл ескерткіштердің атауларындағы ұқсастық кездейсоқ еместігін осы аралықта тарыдай шашырап жатқан жазба ескерткіштердің барлығы да нақтылай түседі. Мысалы, Орхон, Енесей ескерткіштері әліп-биімен жазылған ескерткіштің Маңғыстау жерінен табылуы, біздің бұл пікіріміздің айқын дәлелі. 2002 жылы біздің Маңғыстаудың киелі жерлеріне жасаған ғылыми экспедициямыздың барысында  «Ерсарының қайрағы» атты тас бағаннан көне түркі әліп-биімен жазылған  сөздерді көшіріп әкеліп оқытқанымызда «Қаңлы елі» деген сөз шықты. Ол жазуды оқып, ғылыми айналымға енгізген, белгілі түркітанушы Бегжан Орынбай болды9. Ол жақында археолог В. Подушкиннің Арыс өзені жағасынан тапқан көне жазуларды да оқып, ол жазуларда да «Қаңлы елі» деген жазу барлығын анықтады. Өкінішке орай, бұл жазба ескерткіш те өзге зерттеушілер тарапынан көне соғды ескерткіші ретінде қарастырылуда. Бұл ескерткіштердегі жазуды бұлай оқудың астарында не жатыр? - деген заңды сұрақ туады. Оған жауап біреу. Түркі халықтарында мұндай жазу, мәдениет болу мүмкін емес деген евроцентризмнің қасаң қағидасы.  Бұл көзқарас қоғамдық ғылымдарда белең алып тұрғанда қазақ халқының өзін-өзі тануы мүмкін емес.

 

 

Зікірия Жандарбек, т.ғ.к.,

Қожа Ахмет Ясауи атындағы ХҚТУ-і

Түркістан қаласы



1 История Казахстана: Народы и культуры. -Алматы: «Дайк-Пресс», 2001. с. 58

2 Смагулов Е. К вопросу об этнической принадлежности позднесреневековой культуры древних городов Южного Казахстана // тезисы докладов научно-практической конференции, посвященной 70-летию организации Чимкентского историко-краеведческого музея (10-12 октября 1990 г.). -Алма-Ата: сс. 48-49.

3 Н. Масанов, Ж.Абылгожин, И.Ерофеева. Научное знание и мифотворчество в современной историографии Казахстана. -Алматы: «Дайк-Пресс», 2007. с. 104.

4 Кушкумбаев А. К пролеме государственности в кочевых обществах // Государство и общество в странах постсоветского Востока: История, современность, перспективы. Материалы Межд. конф. -Алматы: «Дайк-Пресс»,  1999.  с. 55.

5 Оразбаева А. И. Кочевники евразийских степей. -Алматы: «Дайк-Пресс», 2005. с. 301.

6 Бегжанов А. Көмілген арналар, көшкен жұрттар. -Алматы: «Үш қиян», 2004.

7 Норман Дэвис. История Европы. -Москва: АСТ: Транзиткнига, 2005. с. 7.

8 Артықбаев Ж. Казахское государство: к проблеме методологии // Государство и общество в странах постсоветского Востока: История, современность, перспективы. Материалы Межд. конф. -Алматы: «Дайк-Пресс»,  1999.  сс. 37-38.

9 Бекжан О. Маңғыстау - Хун - қаңлы жазуы // Қазіргі замандағы түркология ғылымының өзекті мәселелері. Халықаралық Түркология конгресі  материалдары, 9-12 қазан, 2002 жыл. -Түркістан: Тұран баспасы, 2002. 96 б.

 

«Абай-ақпарат»

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1462
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3229
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5304