Сегіз қола - еліміздегі спорт деңгейінің әділ көрсеткіші
Сонымен, төрткүл дүние көз тіккен Олимпиада ойындары да тәмам. Қазақстан қоржынында 8 қола жүлде. Жалпы есепте 83-ші орындамыз. Қазақстан бұл Олимпиадаға 27 спорт түрінен 96 лицензия ұтып алып барған еді. Қазақ жұрты жолын тосқан, жүлде күткен жүзге таяу спортшының ең азы бір-екеуі алтын алуы керек-ті. Өкінішке орай, қоржынымызға алтын түгілі, күміс те түспеді. Сегіз спортшымыз қола жүлдемен шектелді.
Рас, бірінің - бабы келмеді, бірі - мінезсіздік көрсетті, үшіншісіне - сәттілік серік болмаса, төртіншісін - төреші жығып берген сәттер көп болды. Барлығын өздеріңіз де көрдіңіздер. Әсіресе, қазақ көрермендері боксшылардан көп үмітті еді. Себеп те жоқ емес. Тәуелсіздік алған жылдардан бері Қазақстан қоржынына Олимпиададан жүлде әкелетін негізгі спорт түрі – осы бокс еді. Сөзіміз сұйық шықпасын, қараңыз...
1992 жылғы Барселона мен биылғы Токио Олимпиадаларын қоспағанда, осыған дейін Қазақстан Жазғы Олимпиада ойындарынан ұзын-саны 69 медаль ұтқан екен. Соның 22-сін боксшылар алған (7 алтын, 7 күміс, 8 қола). Бұған биылғы боксшылар ұтқан екі қоланы тағы қосыңыз...
Биылғы Олимпиада Қазақстан үшін ең сәтсіз Олимпиада болды деуге негіз бар. Ұлттық құрама үшін де, соның ішінде бокс үшін де... Қазақстан боксшылары биыл алтын түгілі күміс те ұтқан жоқ. Ел аузындағы өкініш те, өкпе де осы. Жұрт бұл «сәтсіздікке» тікелей жауапты – Ұлттық Олимпиада комитеті басшылары мен ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің жауапты тұлғаларының доғарысқа кетуін сөз етуде. Талап қылуда. Халықтың қалтасынан шыққан қаржының күшімен ғана күн көретін Қазақстан спортына айтылар сын көп.
Осы ретте біз ҚР Мәжіліс депутаты, Қазақстанның Бокс федерациясы атқару комитетінің мүшесі Азат Перуашев мырзамен аз-кем тілдескен едік.
«Бокс – кедейлер спорты»: Команданы жасартуға кешігіп қалдық
- Азат мырза, Сіз Бокс федерациясының өкілісіз. Өзіңіз де КСРО кезінде бокспен түрде айналысқан екенсіз. Ендеше Сізге тікелей қатысты сұрақтан бастасақ... Токио Олимпиадасында Қазақстанның бокс құрамасы алғаш рет қола жүлдемен шектеліп отыр. Бұл сәтсіздіктің себебі неде?..
- Бұған бірнеше фактор әсер етті. Менің ойымша, соңғы кезеде боксшыларды даярлау жоспары дұрыс құрылған жоқ. Олимпиада-2020 басталар алдында құрама Азия чемпионатына жолдама алды. Біздің боксшы қыздар Иорданияда 8 алтын медаль жеңіп алды. Олимпиадада олар ештеңе жоғалтқан жоқ, себебі қыздардың бір ғана лицензиясы болды және оның өзі ақталмады. Осы орайда айтайық, шынайы көшбасшылар Азия ойындарына қатысқан жоқ, турнирді елемей қоя салды.
Ал Қазақстанның ерлер құрамасы тіпті бірде-бір «алтын» алған жоқ. Бұл нәтиже сол кездің өзінде алаңдатарлық «белгі» бергендей болды. Осылайша, командаға негізсіз әрі шамадан ауыртпалық түсті және Олимпиадаға келген боксшылардың көбі жеткілікті деңгейде спорттық формадан шықты. Спорт тілімен оны – «фальстарт» дейді. Оның үстіне, Азия ойындарындағы сәтсіздік олардың еңсесін түсіріп тастады. Олимпиада сынды маңызды шараларда спорттық форманың және жеңіске деген сенімнің, күш-жігердің болуы өте маңызды. Нәтижесінде, біздің кейбір боксшыларымыз өз қарсыластарын жеткілікті бағаламады, ал кейбірі керісінше, орынсыз көп күш жоғалтып қойды.
Екінші мәселе, команданы жасартуға кешігіп қалдық. Бұрынғы көшбасшыларға үнемі сенім арту әдеті сәтсіздікке алып келген секілді. Себебі, ең мықты чемпиондар үнемі жүктеліп отыратын жауапкершіліктен шаршайды. Ұрпақтар ауысуын қолдан тежеу – ұлттық құраманың жауынгерлік қабілеттілігін азайтты.
Тәжірибелі және беделді спортшыларды «араластырудың» табиғи процесі бар, олардың батыл және аш кезін тани білу керек. Әрине, баланс та болу керек, бірақ Токиода біздің жаттықтырушылар құрамы керек сәтті жіберіп алғанын көрдік.
«Бокс – кедейлер спорты» деп есептелетіні кездейсоқтық емес. Ол қанды әрі қатерлі жұмысты талап етеді, нәтиже әрдайым ауыртпашылықпен келеді. Сондықтан бұл шайқасқа толы жолға жұдырығының күшімен күн астынан орын табуға бел буған батыл жандар ғана келеді.
Спортшыларды іріктеудің ашық әрі адал жүйесі қажет
- Қазір әлеуметтік желі ҚР Ұлттық Олимпиада комитеті басшылығының отставкасын талап етуде. ҚР ҰОК президенті – Тимур Құлыбаев болса, осы Құлыбаев мырза Бокс федерациясының да құрметті президенті екен...
- Т.Құлыбаевтың келуімен Қазақстан Бокс федерациясы ірі халықаралық жарыстар үшін қомақты жүлделер енгізді (олимпиадалық медальдар үшін ғана емес); бұл дәстүрді К.Рақышев та жалғастырды. Бұл өте құнды ынталандыру.
Алайда, шамасы, біреулер үшін ерте, біреулер үшін кеш, мотивация азаяды немесе жетіспейді. Бұл кезеңді дер кезінде байқап, тиісті шара қолдану маңызды.
Кәсіби бокста «аш бөрідей анталаған» үміткерлер бірнеше дүркін чемпиондарды жығып құлатқан сәттер де аз болған жоқ. Сондықтан, қарсыластарын сындыруға дайын, ақшаның буына мастанбаған, батыл және өршіл жігіттерге мүмкіндік беру керек. Біздің боксқа жаңа батырлар қажет.
Екінші жағынан, бәрі бірдей ақшаға байланысты емес. Осы жылға дейін Қазақстанның олимпиадалық жүлделері әлемдегі ең жоғары жүлделердің бірі болып келді. Ал Токиода бізді Қырғызстан мен Түркменстан басып озды. Демек, материалдық ынталандырулардан басқа, біз ұмытып кеткен басқа да ынталандырушы тетіктер бар. Отан үшін күресетіндер мен ақша үшін күресетіндер арасындағы айырмашылық әрқашан ақша үшін сайысқа түсетіндерге пайда алып келе бермейді. Соңғы апталарда әлеуметтік желілерде Сталиннің портретімен бірге «Жолдастар, Олимпиададан «алтынсыз» келген спортшылар, оны Сіберге барып іздейді», деп жазылған суреттердің тарап кетуі кездейсоқтық емес. Бұл әрине, әзіл, бірақ бір жағынан ащы шындық.
Үшіншіден, елімізге перспективалы спортшыларды іріктеудің және оларды жаттықтырудың ашық әрі адал жүйесі қажет. Бұл балалар мен жасөспірімдер спортын қаржыландыру және ішкі жарыстарда төрешіліктің әділдігі мәселелеріне де қатысты.
«Спортшының бапкеріне орын жоқ, шенеуніктердің туысқанына орын бар»
- Қаржысы көп, қазағы аз қазақ спортының былықтары жалғыз бұл емес. Спорт саласындағы жең ұшынан жалғасқан сыбайлас-жемқорлық пен таныс-тамырлықтың кейбір элементтерін осы жолғы Олимпиада кезінде де байқап қалдық. Жолдама алған спортшының орнына, өзге бір спортшыны апарғанын өткен аптада қазақстандық БАҚ қызу талқылады...
- Өкініштісі сол, қазақстандық спортта сыбайлас жемқорлық өсіп келеді. Және нәтиженің 50%-ын тек біздің клубтардағы шетелдік футболшылардан ғана емес, кейде жергілікті билік жиындар мен жарыстарға бөлетін спорттың басқа да түрлері бойынша жаттықтырушылардан талап етеді. Кейде ешқандай сыбайлас жемқорлықсыз-ақ, әлеуетті бәсекелестердің жолын бұғаттайтындар да табылып жатады. Нәтижесінде көптеген талантты жастар формаларын сандықта тозып, білікті жаттықтырушылар әділетсіздікке тап болып, басқа салаларға кетіп жатады.
Кейде спортшылар сыртқы сайыстарға қатысу үшін қаржылай көмекті өздері іздеуге мәжбүр. Бұл ең бірінші өздігінен жаттығатын спортшыларға қатысты. Білектің күші шаршы алаңда шыңдалмаған спортшы тұрақты нәтижелерге қайдан қол жеткізсін?..
Осыдан бір ай бұрын маған жекпе-жектің басқа түрінен жастар Азия Кубогының иегері, ауылдан келген бір жас жігіт хабарласты. Оған Франциядағы турнирге қатысу үшін өз бетімен ақша табу керек болған. Команданың бір бөлігі мен басшылық үшін ақша бөлінген. Ал болашағы бар балаға «қаражатты өзің тап» деген. Министрлікпен байланысқа шығып, мәселені зерттегеннен кейін ғана жас спортшыға қаражат табыла қалды.
Тағы бір мысал, 2008 жылғы Олимпиада делегациясының құрамына спортшының жеке жаттықтырушысын қосу қарастырылмады. Есесіне, Бейжіңге барған соң біз, Қазақстанның ресми делегациясы орналасқан қонақ үйде делегация шенеуніктерімен қоса, олардың достарын, туыстарын, достарының туыстарын және олардың достарын кездестірдік. Бұл дұрыс емес, әрине, бірақ – қалыптасқан жүйе.
Тағы бір фактор - біздің спортшыларымыздың нәтижелерін қорғау, АИБА немесе ХОК сынды халықаралық жарыстардың ұйымдастырушыларымен өзара іс-қимыл жасау.
Бұл Олимпиадада төрешілік жоғары деңгейде жасалғанымен, Токиодағы боксшылардың екі-үш жекпе-жегі бойынша шешімдер біздің пайдамызға шешуге тиіс еді. Мен бұл жерде Сәкен Бибосынов туралы айтам, әрине. Осылайша, келесі сұрақ біздің өкілдерімізге бағытталады: Өз жауынгерлерінің нәтижелерін қорғау кез-келген жарыстың, әсіресе, Олимпиада сияқты маңызды шаралардың ажырамас бөлігі. Мұнда алдын-ала әрекет ету керек. Жеребе тастау кезіндегі жұмыстан бастап, объективті төрешілер бригадасын құруға дейін... Өйткені шешім шығарылғаннан кейін наразылық білдіру пайдасыз іс. Бұрынғы жылдары бұл жұмысты марқұм Бекет Махмутов жақсы жүргізетін. Ал бұл жолы жігіттер қорғау шараларын алдын ала қарастырмапты. Яғни, шұғыл шешуді қажет ететін проблемалардың тұтас кешені жинақталып қалған.
Ғалым Кенжебаев – отставкаға кеткені дұрыс!
- Бокстан Ұлттық құраманың бас бапкерін ауыстыру керек деген де әңгімелер айтылуда... Бұл сынға тіпті бас бапкер Кенжебаев та жауап берген еді...
- Рас, қазір Ұлттық құраманың бас бапкерінің ауысуы мәселесі өзекті талқыланып жатыр. Ғалым Кенжебаев бұл орынға жабысып қалмағанын мәлімдеді. Дегенмен, оны білікті маман деп есептеймін. Мұны алдыңғы жылдары жастар құрамасының жетістіктерімен және ерлер бойынша олимпиадалық лицензиялардың толық жиынтығымен дәлелдеп берді. Алайда, этикалық тұрғыдан алғанда, егер ол отставкаға кетсе, дұрыс болады деп есептеймін. Қалай болғанда да, ол Ұлттық құраманы дайындауға және оны қалыптастыруға жауапты болды.
Жалпы алғанда, әңгіме жаттықтырушының сынында ғана емес, сондай-ақ, боксшыларды іріктеу мен даярлаудың барлық жүйесін реформалау, орын алған проблемаларды еңсеру, АИБА-дан бастап, Халықаралық ұйымдармен өзара іс-қимылды жолға қою сияқты мәселелер бар...
Сегіз қола - еліміздегі спорт деңгейінің әділ көрсеткіші
- Олимпиада тәмам. Қоржынымызды 8 қола жүлде. Жалпы есепте 83-ші орындамыз. Бұл Қазақстанның Жазғы Олимпиада ойындары тарихындағы ең төмен нәтиже...
- Бұл әрине, үлкен сәтсіздік. Ал елдегі спорттың шын жағдайын білмейтін адамдар үшін мұны ауыр соққымен салыстыруға болады.
Екінші жағынан, бұл нәтижелерді Лондондағы 2012 Олимпиадасымен салыстырайық, онда біздің спортшылар 7 алтын медаль жеңіп алды. Сол кезде бүкіл елмен бірге мен де қуандым. Алайда кейінірек 4 алтын медаль жоққа шығарылды. Осылайша, біз ренжідік те, ұялдық та... Сондықтан, қазіргі сәтсіздікке спортымыз аяқ астынан келген жоқ. Бұл нәтиже көп жылдар бойы жиналып, піскен еді.
Мен спорттың басты міндеті – Олимпиадада медаль жеңу емес екеніне шынымен сенемін. Басты міндет – халықты салауатты өмір салтын ұстауға ынталандыру, жаппай тарту, жасы бар, кәрісі бар, миллиондаған адамды спортқа тәрбиелеу, бала кезден бастап жас спортшыға күрес кереметін және жеңіс қуанышын сезіндіру болуы керек. Әрине, Олимпиадалық жеңістер - бұл жоғарыдағы айтқан халықтыспортқа ынтыландырудың бір тетігі. Сондай-ақ, инфрақұрылымға, аймақтардағы қол жетімді спорт залдарын ашу мен жаттықтырушыларға баса мән берген жөн.
Егер миллиондаған ұл мен қыз спорт секцияларында жаттығып, денелерін шынықтырып, белсенді өмір салтын ұстанса, бәсекелестіктің жетегі мен дәмін сезіне білсе, бұл тек спорттық қоғамды тәрбиелеуге ғана емес, сондай-ақ, өзін және басқаларды құрметтейтін, еңбек пен тердің бағасын білетін азаматтардың санасы сау, стреске төзімді қауымдастығын құрады.
Бұқаралық спорт - бұл қауіпсіз қоғамның кепілі
Әдетте, спортшылар ақ пен қараны білетін, өмірдегі кедергілерге, уақытша сәтсіздіктерге төтеп бере алатын және жеткен жеңістеріне масаттанбайтын болып келеді. Олар қиындықтармен бетпе-бет келуге қорықпайды, табысқа жету үшін бар күштерін салады. Боксшының қарсы соққыны уақытында жасай алу инстинкті – тайминг, «керекті сәтті сезіну» деп аталады. Олимпиада чемпионы атану екінің-бірінің қолынан келе бермейді. Бірақ, спортпен жаппай айналыса отырып, жалпы қоғам өмір сүру сапасын күрт жақсарта алады.
Соңғы жылдары танымал, танымал емес спортшыларды өлтіру саны өсті. Бұл да спорт рөлінің төмендеуінің көрсеткіші. Спортпен айналысатын адам өз қабілетіне сенімді болады. Кез келген дауға қарусыз шығып, өзінің білегіндегі күшке сеніп шығады. Керісінше, өзіне сенімсіз, әлсіздер ғана қалтасына пышақ салып жүреді де, күресте жеңіле бастағанда қаруын ала жүгіреді.
Бұқаралық спорт - бұл қауіпсіз қоғамның кепілі, қарсыластар қаттылық пен спорттық ашудың рұқсат етілген шегін біледі. Сондықтан, спорттың маңызы олимпиадалық медальмен ғана шектелмейді. Осы тұрғыдан алғанда, сегіз қола медаль - бұл қалыпты нәтиже. Спорттың біздің еліміздегі деңгейінің әділ көрсеткіші. Қалай болғанда да, бұл сегіз қола – Лондондағы допингпен алынған алтыннан гөрі адал. Сондықтан, біздің жүлдегерлерге көпжылдық еңбектері үшін алғыс айту керек. Олар бұл күресте бар күшін салғанына сенімдімін.
- Десе де, қазақ спорты қаржысыз емес қой. Оған бөлініп жатқан миллиардттарды айтпағанда, «қожайындарының өзі» миллионер-миллиардер адамдар... Ал спорттағы деградация жыл санап күшейіп келеді...
- Біз мәселені анықтадық. Оның нақты шешімі Үкімет пен әкімдердің мойнында: жүйені реформалау, оны қисық жолынан дұрыс жолға қайтару, немесе ел бетіне түкіргенің үндемей сүртіп, «түк етпейді» деп қабылдау. Алайда, қара халықтың пікірі басқа.
Шенеуніктер бұқаралық спорттың орнына бюджеттік миллиардтарды ойға қонымсыз, ондаған мың долларлық легионерлердің ақысы бар кәсіби клубтар сияқты жылтырақтарға жұмсауда. Бұл аудандар мен ауылдардағы мыңдаған баланы спорт секцияларына қол жеткізу, адал еңбек пен жеңістің тәтті дәмін сезу мүмкіндіктерінен айырады.
Біз «Ақ жол» фракциясындағы әріптестерімізбен бірінші жылдан бастап, Мәжілісте осы тәсілдерді қайта қарау қажеттігі туралы сөз қозғадық. Сөзім құры болмасын деп, біраз жылдар бойы парламентте біз көтерген бастамалар туралы сілтемелерді келтірейін:
2015 жыл. 6 наурыз: «Государственные средства должны направляться на детско-юношеский спорт» - интервью А.Перуашева газете «PROСПОРТ»;
2017 жыл. 29 наурыз: Мектеп жасындағы балаларға арналған спорттық секцияларды қаржыландыру туралы депутаттық сауал;
2017 жыл. 12 сәуір: Бұқаралық спортты қаржыландыру және 38 млрд тг қаражатты алып спорт нысанына жұмсаудың тиімсіздігі туралы депутаттық сауал;
2020 жыл. 25 ақпан: «Огромные деньги из бюджета на футбол – это наши комплексы»;
2020 жыл. 25 ақпан: БАҚ-тағы жарияланым;
2020 жыл. 24 қараша: Депутаттық сауал;
Жылдар бойы заңнамаға тиісті түзетулер енгізіп келеміз. Мемлекеттік органдардың бас тартқанына қарамастан, дене шынықтыру мұғалімдеріне сабақтан тыс уақытта жаттығулар өткізгені үшін қосымша ақы енгізу; бюджеттен кәсіби футбол клубтарын қаржыландыруды шектеу және т.б. сияқты кейбір шешімдерге қол жеткізілді. Алайда қазіргі жағдай түбегейлі шешімдерді талап етеді, ал Токиодағы жағдай мұны айқындай түсті.
Шенеунік тағайындау – мәселені шешпейді!
- Қазір Қазақстанның Мәдениет және спорт министрлігін қайта құру, спорт саласын жеке ведомствоға беру туралы ұсыныстар айтылып жатыр...
- Мұндай қайта құру барлық мәселелерді шешеді деп ойламаймын. Шенеуніктерді тағайындау және оларға кабинеттер беру проблемаларды шешпейді. Егер спорт істері жөніндегі агенттік қайта қалпына келтірілсе, онда реформа өңірлердегі әкімдерді қоса алғанда, барлық вертикальға қатысты болуы тиіс. Өйткені, бюджеттік бағдарламалардың операторлары жергілікті атқарушы органдар.
2004-2006 жылдары осындай агенттікті басқарған даңқты балуан Дәулет Тұрлыханов БЖСМ-ді дамыту бюджетінің қысқарып, әкімдер оның 80%-ын шетелдіктер ойнайтын кәсіби клубтарға қарай «бұрады» деп шағымданған болатын.
Сондықтан орталық орган – министрлік немесе агенттік те, әкімдер де бір бағытта қарауы, ең алдымен бұқаралық спортты қаржыландыруы және элиталық клубтарды бюджеттік азықтандырғыштан ажыратуы қажет. Олар Роналдо немесе Месси сияқты ақы алғысы келсе, клубтар ірі компаниялар арасынан демеушілер тауып, оларға есеп беруі үшін оларды дұрыс нарықтық рельстерге қоюы керек.
Қазір тіпті, шикізат компаниялары өңірлердегі футбол командаларына демеушілік жасаудан бас тартып жатыр. Яғни, бизнес олардың болашағына үміт артпайды. Мүмкін бизнесті ынталандыру керек шығар, бірақ, қалай болғанда да бұл мемлекеттік қаражатты бұқаралық спорттан алшақтату емес, нарықтық шешімдер болуы керек.
Үлкен спорттық нысандар – балалар үшін тегін болуы тиіс!
Үлкен спорттық нысандар көпшілікке қол жетімді болып қана қоймай, балалар үшін барлық жерде ақысыз болуы керек. Осылайша біздің спортшыларымыздың жеңістеріне куә болған мыңдаған бала спортпен айналысуға мүмкіндік алады. Бүгінгі таңда спорттық мекемелер тек пайданы көздейтін жеке компаниялардың басқаруына беріледі. Дегенмен ғимараттардың өзі қарапайым салық төлеушілердің ақшасына салынған.
2016 жылы мәнерлеп сырғанаумен айналысатын балалардың ата-аналары маған хабарласқаны есімде. Балуан Шолақ спорт кешенінде мұзда жаттығудың бір сағаты үшін олардан 45 мың теңге талап етілген. Бұл Мәскеудегі бағадан екі есе қымбат. Ал жас конькишілер барлық жағдай жасалған жерге көшіп кетуге дайын болды. Мен сол кездегі министр Арыстанбек Мұхамедиұлымен хабарласып, мәселені талқыладық, осылайша топқа жаттығуға мүмкіндік берілді. Алайда, бұл жекелеген жағдай емес, бәріне қатысты ереже болу керек еді. Егер 2016 жылы мұндай жағдайлар бірлі-жарым болса, қазір қалыпты жағдайға айналып кетті. Егер біз бұқаралық спортты дамытамыз десек, бұл үрдісті түбейгейлі өзгертуіміз қажет.
Жалпы, спорттағы көзбояушылық пен гигантоманиядан қарапайым қадамдарға көшу керек: үлкен қалаларда ғана емес, сонымен қатар, ірі ауылдарда, аудан орталықтарында, қала маңында да шағын, бірақ, тегін спорт залдарын салу керек. Секциялардағы жаттықтырушыларға лайықты жалақы төлеу керек. Бүгінде олар мектеп мұғалімдерінің жарты жалақысын алады. Дені сау, спорт шебері болып табылатын азамат 40-50 мың теңгемен қалай отбасын асырасын? Осылайша дене шынықтыру мұғалімдері жұмыстарын күзетке немесе құрылысқа алмастыруда. Ал бейімделіп алған бапкерлер бір мезетте 3-4 спорт мектептерінде жұмыс істеуге мәжбүр. Сөйткенде ғана тәуір жалақы жинай алады. Ал енді бапкерлерге өз шәкірттерінің жетістіктерін көрсету керек қой. Сондықтан, бір спортшының есімі бірнеше спорт мектебінің тізімінде жүреді. Сондықтан, біздегі есептік құжаттардағы пәленше адам спортпен айналысуда деген тізімді сенімді түрде екі-үш есеге азайта берсеңіздер де болады.
Шын мәнінде елімізде жаттықтырушылар мен спорт секциялары тапшы. Бір өздері 3-4 секцияны міндеттеп алған жаттықтырушылардан толыққанды нәтиже талап ету мүмкін емес. Сондықтан, ол 3-4 секцияның істесе, тек 1-2-еуі ғана толыққанды тартып отыр. Ал жас жаттықтырушылар өздеріне қосымша жүктеме жұмыс ала алмай, басқа салаға кетіп қалады. Сәйкесінше, қаланың бір шетінен екінші жетіне, аптасына 3-4 мәрте ұзын-сонар кептеліспен жүріп спорттық секцияға қатысқысы келетін ұл-қыздарымыз азайып барады. Өйткені, олардың ата-аналарының да өз жұмыстары бар.
Сондықтан, тек үлкен спорт кешендері ғана емес, әр балаға қол жетімді, өз үйлерінің қасынан спорзалдар керек. Және ондағы жаттықтырушыларға қатардағы педагогтермен теңестірілген жалақы тағайындау қажет.
Оқушылардың аудандық, облыстық деңгейдегі спорттық жарыстарын үнемі өткізіп тұру керек. Мұндай іс-шараларды толық қаржыландыру, оларды қосымша бас аурулардан арылтып, уақытты пайдалы әрі жағымды өткізуге септігін тигізеді. Сауықтыру секцияларын құру, егде және орта жастағы адамдарға арналған фитнес орталықтарындағы спорттық жабдықтар мен жазылымдарға азаматтардың шығындарын субсидиялау сияқты шараларды жүзеге асыру керек. Еуропада фитнеске жылдық жазылым 50-60 еуро тұрады, ал бізде оның құны мың доллардан асады.
Спорттың басты міндеті - балалар мен жастардың ғана емес, орта және аға ұрпақтың да өмір салтын түбегейлі өзгерту. Сонда Қазақстанда дені сау, позитивті ұлт болады. Және адал олимпиадалық алтын мен жеңістің ауылы да алыс болмайды.
Дайындаған Нұргелді Әбдіғаниұлы
Abai.kz