Азаттықтың елең-алаңындағы ақтық айқас
Бұл оқиға еліміздің азаттығына қол жеткізген 1991 жылдың 16 желтоқсанынан тура 69 күн өткенде Байқоңыр ғарыш айлағында орын алған еді. Осы оқиғаның басы-қасында жүрген жамбылдық жауынгер Сағаділдә Үсібәлиев 1970 жылы өмірге келді. Облысымызбен аттас ауданның «Қызыл Октябрь» ұжымшарының тумасы. Ол 1986 жылы мектеп бітіре салысымен Алматы ауыл шаруашылығы институтының экономика факультетіне сынақ тапсырады. Алайда алгебра пәнінен сүрінді. Қалайда жоғары оқу орнына түсуді армандаған бозбала іле-шала құжаттарын Алматыдағы политехникалық институттың дайындық курсына тапсырады.
Ол курста оқып жүргенде Желтоқсан оқиғасының куәгері болды. Ауылдан қалаға келген жасы он алтыдан жаңа ғана асқан Сағаділдә бұл күндері бәлендей белсенділік танытқан жоқ. Өзі өмір сүріп жатқан Совет елінде, оның ішінде момақан қазақ арасында мұндай дүрбелең туатыны үш ұйықтаса түсіне кірмеген. Оқудан шығып кетем бе деп қорыққаны рас. Дегенмен ширек ғасыр бойы үздіксіз ел тізгінін ұстап келген, кішкене кезінен пір тұтатын Дінмұхамед Қонаевты табан астынан қызметінен алып, орнына аты-жөні белгісіз біреуді әкеліп отырғызғаны жайлы тосын оқиға естіген елдің ашу-ызасын, наразылығын туғызды. Сағаділдә сол топты қолдаушылардың қатарында болды. Оң мен солын толық ажыратпаған жас жұлқынып топтың алдына шыққан жоқ. Сағаділдә соған қарамастан Желтоқсан оқиғасының зардабын шекті. Қалайша дейсіз?! Келер жазда дайындық курсын тәмамдап, сынақты өте жоғары бағамен тапсырған бозбалаға тау-кен факультетінің деканы, өзіміздің қаракөз қазақтың баласы бет-аузы шімірікпестен: – Сен конкурстан өтпейсің. Оңтүстік облыстардың өкілдеріне шектеу қойылған. Тез құжаттарыңды ал да, Қаратаудағы «политехтың» филиалына тапсыр. Ауылдан шыққан «қазақбайларға» сол да жетеді, – деп жүзіндегі кекесінді жасырмай, кесімді сөзін айтты. Ұнжырғасы түскен Сағаділда амал жоқ Қаратаудағы филиалға оралып, тау-кен саласын электрлендіру мен автоматика факультетіне қабылданды. Үш жыл сонда оқығаннан кейін жас жігіт 1990 жылдың 17 желтоқсанында армия қатарына шақырылды. Анкеталық мәліметтеріне көз салған бөлімше командирлері, бес минутсыз жоғары білімді, мамандығы электрмен тікелей сабақтас болашақ инженерді №20 алаңқайдағы аспалы кран машинисі мамандығын меңгеретін алты айлық курсқа жібереді. Сирек мамандық тізгіндеген Сағаділдә әскер қызметінде жүргенде аса қиналған жоқ. Жеке басы әскери шенділер тарапынан қысым да көрмеді. Атақты ғарыш айлағына тап болған жауынгер жан-жағына тамсана, таңырқай қарайды. Ана тұрған №110 алаңқай «Энергия-Буран» ұшыратын орын. « № 113 алаңқай да ұшырғыш ракеталар мен қондырғыларды құрастыратын биіктігі 12 қабат үйдің деңгейіне жететін жабық ангар бар» – дейді білетіндер. Оның қасында инженер-конструкторлар мен техник-қызметкерлерге арналған қалашық орын тепкен. Ғарыш сапарына аттануға әзір кезекті қондырғы сегіз қатар рельсті жолмен ұшыру алаңына жеткізіледі. №9 алаңқай тағы солай жалғасып жатыр... Алматыдағы әйгілі Желтоқсан оқиғасынан кейін Байқоңырдағы әскери бөлімнің рота, взвод командирлерінен бастап, кішігірім сержанттарына дейін қазақтарға «ұлтшылсыңдар» деп қоқаңдай бастады. 1991 жылғы 16 желтоқсанда Қазақстан алдында ғана іргесі шайқалып, біржолата құлаған КСРО-ның құрамынан шыққаны Байқоңырды әбден иемденіп алған әскери басшылықтың шамына тиді. Қазақ жігіттеріне қайта-қайта тиісіп, тырнақ астынан кір іздеуге көшті. Сәл-пәл кемшілік көрсе, жерден жеті қоян тапқандай қуанып, қамайды, ұрады. Қазақ халқының атына: «Сендер өз алдарыңа ел бола алмайсыңдар» деген сияқты қияс сөздерді айтып, намысқа тиеді. Нағыз «Отырса – опақ, тұрса – сопақтың» кері. Дүрбелең қарсаңындағы әскери гарнизондағы ахуал туралы қатардағы жауынгер, сол кезде штабта хатшыреферент болып қызмет істеген, әскер қатарына 1991 жылы Шымкенттен шақырылған Қанат Серікбаев араға он-он бес жыл уақыт салып былай дейді: – Байқоңыр әскери горнизонындағы офицерлердің дені Мәскеуде сұрыптаудан өтіп келгендер. Көпшілігі дөрекі, жұмыс уақтысында үнемі ішкілік ішіп, «қызара бөртіп» жүреді. Мұнда Қазақстаннан, оның ішінде ауылдық жерлерден келгендердің әскери өмірі өзгелерден гөрі тым ауыр. Болар-болмас ағаттық үшін таяқ жейді, кезектен тыс кезекшілікке қояды, бір ауыз қарсы сөз айтқан жауынгерді гаупвахтаға жауып тастайды. Тасқамаққа түскендерді аяусыз жазалап, азаптайды. Онда тұрған кезекшінің бәрі ірі денелі, әскер қатарына алынғанға дейін спортпен шұғылданған, Ресейде туып-өскен жігіттер. Олардың көпшілігі балалар үйінде тәрбиеленіп, ата-ана мейірімін көрмей өскен адамды аяуды білмейтін қатыгездер. Қолдарында – автомат, белдерінде – резіңке шоқпар мен кісен. Бірде гаупвахтаға түскен алматылық досымның айтқаны күні бүгінге дейін есімнен кетпейді. «Айыптыларды» қар үстінде жалаңаяқ жүгіртеді екен. Үш-төрт күнде бір мәрте ғана ауыздарына ыстық тамақ тиеді. Ағаш төсек таңғы сағат 5-те жиналып алынады да бұдан кейін жауынгер мұздай бетон еденде шинелін төсеп отырады.Олардың аузынан: «Баран», «Тварь», «Глупое животное в двух ногах», «Үңгірде туып-өскендер» деген сияқты ар-намысты таптайтын балағат сөздер шығады. Жоғары лауазымды офицерлердің есіргені соншалық солдаттарды жақын маңдағы «Ақай», «Төретам» сияқты стансаларда тұратын тамыр-таныстарына (бөтелкелес достарына) басыбайлы құл, тегін жұмыс қолы ретінде «сыйға» тартатын. Осы сияқты басынушылық келе-келе қазақтар арасындағы жаппай наразылыққа ұласты. Бұл оқиға 1992 жылдың 23- 25 ақпан күндері орын алды. Кешкі тексерістен кейінгі сағат 20.00 мен 21.00-дің арасы. Кенет казарманың көрші отсектерінен айқай-шу шықты. Алғаш Сағаділдә: «Қазақтар басқа ұлт өкілдерімен төбелесіп жатыр ма?» – деп те қалды. Не болғанын білу үшін сол жаққа жүгірді. Қырғын төбелестің үстінен түсті. Қазақ солдаттары офицерлер мен сержанттарды қуып жүріп сабауда. Ашуланған жігіттерді тоқтатайын десе қаны қарайған тобырдың бой беретін түрі жоқ. Әбден ашынып, көздеріне қан толған. Бұлардың бәрі де бейтаныс жігіттер. Не істерін білмей сасқанынан капитан және аға лейтенант шеніндегі екі офицерді арашалау үшін өз ротасының жігіттерімен қалқалап тұра қалды. Ашулы тобыр әзер дегенде сөзге келді. Олардың айтуынша: «Офицерлер әбден теперіш көрсеткен, тырнақ астынан кір іздеп, ұрыпсоғады. Сәл қарсылық танытса гаупвахтаға жатқызып қинайды. Бірер жігітті азаптап өлтірген. Бірнешеуін сабап мүгедек еткен...». Сағаділдә оларды сабасына түсіру үшін: – Жігіттер, офицерді ұрғандарың үшін жазаланасыңдар. Жағдайды бекер ушықтырмаңдар, – деп басу айтты. – Жоқ, бұлардың әбден қорлығы өтті. Алдымызда бір-ақ жол тұр. Кеудемізде жан барда намысымызды таптатпаймыз. Әділеттік жолында қыршын жанымызды қисақ арман жоқ. Өлсек те жағасына жармасып өлейік. Тәуекел, жастығымызды ала кетеміз. Біз өзіміздің туған жерімізде, тәуелсіз Қазақстанда жүргенде неге қорлық көреміз? Олардың 1986 жылғы қазақ халқына, бейбіт шеруге шыққан жастарына жасаған жауыздығын ұмытпаймыз, – деп қасарысып тұрып алды. Еліміздің тәуелсіздік алғанына арқаланған жігіттер райынан қайтар емес. Сағаділдә орын алған жағдайда қалайша әрекет жасау қажеттігін іштей ой елегінен өткізді. Жауынгерлер КСРО кезінде армия қатарына алынып ант бергендер. Қазір бұрынғы Одақ тараған, Қазақстан тәуелсіз ел. Сондықтан тәртіп бұзғандарды әскери трибуналмен соттай алмас. Дегенмен тәуелсіздік алған еліміздің Қарулы Күштері құрылмаған. Не Туымыз, не әнұранымыз жоқ. Басқасын былай қойғанда мемлекеттік шекара да бекемделмеген. Шынтуайтына келгенде, қазақ сарбаздары Ресей әскерінің құрамында. Әскери тәртіп бойынша кімнің қол астында жүрсең, соның шотын соғуға тиіссің. Біздің жігіттер үшін қолайсыздық туғызатын да, қолбайлау болатын да осы жағдай. – Қазақстанның егемендікке қолы жеткені кеше ғана. Біздің Қарулы Күштеріміз әлі құрылған жоқ. Етек-жеңімізді жинап, қаз тұрып кеткенше біраз уақыт керек. Жаңа үкіметтің бізді қорғауға шамасы жете ме, жетпей ме? – ол жағы белгісіз. Олардың мемлекеттің іргесін қалау үшін атқарар басқа да шаруалары жетіп жатыр. Орыстармен текетіресетіндей қолда қару жоқ. Қарусыз адам – қауһарсыз. Ата-бабамыз жетпіс жылдан бері шыдап келді. Біз де шамалы шыдайық, содан кейін жағдай түзелер. Қазір мұздай қаруланған әскерге қарсы шықсақ әп-сәтте қырып салмай ма? Ауылда тілеулеріңді тілеп, екі көздері төрт болған ата-аналарың сарғая күтіп отыр. Болашақтарың алдарыңда. Ашу үстінде арандап, жас жандарыңды босқа қиясыңдар ма? – деген уәжға қызу қанды жігіттердің біразы жібігендей болды. – Айтқаныңның жөні бар. Жан-жақтан хабарың бар, жоғары оқу орнында оқып келген көзі ашық, көңілі ояу жігіт екенсің. Жарайды сөзіңді тыңдайық. Өзің басшы бол. Бірақ алған бетімізден қайтпаймыз. Әуелі тасқамақта екі көзі төрт болып жатқан достарымызды шығарып алайық – деді. Осындай берік байламға келген қалың дүрмек гаупвахтадағы жігіттерді құтқарып алу үшін космодромдағы барлық құрылыс жұмыстарына иелік ететін №118 алаңқайдағы құрылыс басқармасына бет алды. Гаупвахта соның ішінде. Оны күндіз-түні қарулы күзет қорғайды. Осы екі ортада мыңдаған қазақ жауынгері аяғынан тік тұрды. Қара жұмысқа жегілген солдаттарды ертелі-кеш құрылыс нысандарына апарыпәкелетін «ЗИЛ-131» маркалы үсті брезентпен жабылған қорапты жүк машиналарына мінген дүрмек комендатураны бетке алды. Ең алдыңғы көлікте Сағаділдә отыр, қасындағы жүргізуші Семей өңірінен келген жігіт, таныстығы жоқ, тек жанама есімі – «Китаец» екені есте қалыпты. Бейбіт бітімге баратынын білдіру үшін күректің сабына аппақ жастық қапты іліп алды. Комендатураға кіретін қақпаның аузына жақындағанда машиналар тоқтады да , іштегілерге белгі берді. Сол-ақ екен, жоғарыдағы «қарауыл мұнарасынан» алдымен екі дүркін аспанға оқ атылды да артынша автомат кезегі асфальт жолды әрлі-берлі шалғылап өтті. Одан кейін мылтықтың оқпанынан шыққан оқ дарбаза алдын да тізіліп тұрған автомашиналарға қарай қарша борады. Сағаділдә отырған автомашинаның кабинасына бұршақша сатыр-сұтыр тиіп жатыр. Рульдегі сарбаз жеңіл жарақат алды. Сағаділдә оны кабинадан шығарып, жақын маңдағы топырақ түсірілген үймектің тасасына жасырды. Артына қараса қаптаған қалың топтың қарасы көрінбейді, жерге жабысып жоқ болған. Қыбыр еткен жан жоқ. Жата берсе оққа ұшатынын сезген Сағаділдә орнынан жайлап көтерілді де, екі қолын көтерген күйі гарнизон дарбазасына қарай қадам басты. Қолында таяққа байланған ақ жалау. Тура қарсы алдан түскен прожектордың шақырайған жарығынан түк көрер емес. Әйтеуір, көзсіз көбелектей алға жүріп келеді. Бір мезгілде маңдайына және екі шекесіне сұп-суық Калашников автоматының үш ұңғысы бірдей тірелгенін байқады. «Біткен жерім осы шығар» – деген жаман ой келді. Осы сәтте арттағы жатқан ондаған мың қарусыз жауынгер Отан соғысы жайлы киноларда көрсететін жау окобына ұмтылған сарбаздардай бір мезгілде атой салып алға ұмтылды. Мынадай жанкешті көріністің куәсі болған солдаттар қапелімде естерін жиғанша қалың топ оларды қаға-маға ашық тұрған дарбазаға лап қойды. Сағаділдә артынан келген достарын тоқтатып, гарнизон офицерлеріне гаупвахтада жатқан оншақты жазықсыз жігітті шығарып беруін талап етті. «Көп қорқытады,терең батырады» демекші қарусыз қазақтардың мынадай көзсіз батырлығынан сескенген командирлер артық сөзге келмей талаптарын табан астында орындады. Бұлар тұрған Ленинск (қазіргі Байқоңыр) қаласы Ресейдің меншігі. Мұнда өзге мемлекеттің заңы жүреді. Ендігі мақсат қайтсе де өздерін қауіпсіз санайтын тәуелсіз Қазақстанға қарасты Төретамға жету. Мемлекеттік органдар Қазақстан иелігінде, әрі онда тұратындардың көбі қазақ. Жігіттердің қарындары аш. Біреулер УМС-ты бұзып ішінен бірнеше бөлке нан, бұқтырылған ет сияқты консервілер алып шықты. Кейбір пысық сарбаздар үстіндегі көнетоз киімдерін жапжаңа формаға ауыстырып алды, «ЗИЛ-131» автомашиналарына мінген ондаған мың адам №9 алаңқайға жиналды. Арасында тайсақтап, кейін шегінгендер де кезікті. Әлгінде өздерімен бірге шыққан екі автомашинадағы сарбаздар жеме-жемге келгенде бойтасалап, қашып кеткен. Соған қарамастан сарбаздар легі арта түсті. Тізілген автокеруен таң ата Төретамға келіп жетті. Топтың басшысы Сағаділдә осындағы гарнизон ішіне кіріп, ондағы тұраққа автомашиналарды заңды түрде тапсырды.Осы жердегі жауынгерлер әскери плацта әдеттегідей ертеңгі сапқа тұрып жатыр екен. Байқоңырдан шаршап келген сарбаздар солардың жанымен қатар-қатар сапта тұрған күйі темір жол вокзалына қарай аяңдады. Вокзалға жете бергенде олардың алдынан полиция тосқауылы кезікті. Қарасы көп емес. Әр автомашина тасасында екі милиционерден тұр. Қолдарындағы табельдік қаруларын кезеніп алған. Жауынгерлердің қарусыз екенін көрген тосқауыл басшысы, көзілдірік киген ішкі істер полковнигі тасадан шығып, бой көрсетті. Қолындағы автоматы кезеулі. – Ағай, бізді түнде орыстар атқылап еді, енді сіздер мылтық кезейсіздер ме? – деді сасқалақтаған Сағаділдә. – Қазақсыңдар ма? – Иә, қазақпыз, арамызда бөтен ешкім жоқ. Бұл қадамға әбден қорлық көріп, жапа шеккендіктен бардық. – Бізге кавказдықтардан құралған бір топ бұзақы тәртіп бұзып қашты, – деп еді. Алдаған екен, – деп жөнге келді. Бұлардан әңгімеге толық қаныққан соң: – Саспаңдар, енді сендерді біз қорғаймыз, – деп жұбатты. Қасында подполковник серігі бар. Олардың артынан жергілікті «Азат» партиясының өкілі шығып,болған жайға толық қанықты. Бұдан бөлек қарапайым киінген мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің бір қызметкері жүрді. Қолында қысқартылған шолақ «АКА-71» автоматы бар. Ашылып сөйлемесе де сарбаздарға іш тартатын сыңайлы.
Сол кезде «Азат» партиясын белсенділерінің ұйымдастыруымен жергілікті тұрғындар қарасы көбейді. Бәрі қандастарына қол ұшын беруге әзір. Жергілікті тұрғындар бейне бір жорықтан жеңіспен оралған қосынды қарсы алғандай ерекше құрмет-қошемет танытты. Вокзал алдына құрылған ашық сахнада көркемөнерпаздар өз өнерлерін үзбей көрсетіп жатты. Аспанға Шәмшінің «Менің Қазақстаным» сияқты патриоттық әндер әуеледі. Орталық және жергілікті телевизия өкілдерімен кездесу тап сол жерде өтті. Гарнизон бастығы, генералмайор Чухарев қат ардағы жауынгер С.Үсібәлиевпен жеке сөйлесті. Қасында жүрген офицерлер сарбазды кінәлі етіп шығарғысы келді. Сағаділдә генералдан қаймыққан жоқ: – Жолдас генерал. Жанжалды ұйымдастыруға менің еш қатысым жоқ. Шатақ көршілес отсектерде орын алды. Бұл бұрын ойластырылмаған табан астында стихиялы түрде туған қарсылық. Жауынгерлер көрген зорлық-зомбылықтан әбден ашынған. Оларды шамамның келгенінше тоқтатуға тырыстым. Екі офицерді кеудемізбен тосып арашалап қалдық, сенбесеңіз өздерінен сұраңыз. Шиеленістің соңы қанды қырғынға ұласпас үшін ашулы жауынгерлерді тоқтатуға тырыстым. Сол үшін топтың тізгінін уақытша қолыма алғаным рас. Көпшілік менің сөзіме тоқтауға келісті. Оның бұл сөзін батальон командирі де қуаттады. Қауіпсіздік комитетінің бейтаныс жауапты офицері Сағаділдәнің қасынан бір елі қалмай бірге жүрді. Керек кезінде оның әрекетін қолдап, қорғады. Жүздері түтіккен жоғары әскери шенділер түтіп жейін десе бойларына сіңген ескі әдет бойынша «үш әріп» өкілінен кәдімгідей қаймығатын тәрізді. Топқа кездейсоқ басшылық жасаған қазақ жігітін түтіп жейін десе күш көрсете алмай діңкелері құрыды.
Кадрда сарбаз С.Үсібәлиевтің бейнекамера объективі алдында даусы эфирге шықпай тұрса да,тайсалмай, жасқанбай сөйлеп тұрған бейнесі «Время» журналистері түсіндірмесінің фонында анық көрініп тұрды. Ертесіне әскери бөлімшенің жоғары шенді офицерлері мен генералдары сарбаздардың стихиялық басшысы – Сағаділдәні Төретамдағы штабқа тағы шақырды. Төрде кілең генералдар мен жоғары шенді офицерлер отыр. Бәлкім, бұл кезде Қазақстан мен Ресейдің басшылығы арасында телефон және дипломатиялық каналдар арқылы келіссөздер жүріп жатқан болар. Әйтеуір, Ғарыш айлағындағы Ресей қарулы күштерінің басшылығы құрылысшы батальондарының жауынгерлеріне қысқа мерзімді демалыс беріп, үйлеріне қайтару жөнінде шешімге келді. Соның ішінде шымкенттік Қанат Серікбаев та бар еді. Осы жұмыстарды ұйымдастырудың бел ортасында Сағаділдә жүрді. Ол бөлімше командирлерінсіз қалған қасындағы жолдастарын тынықтырып, тамақтандыру шараларына араласты. Сол қарбалас шақта үш күн бойы көз шырымын алған жоқ. Келісімге сәйкес әскерлерді әр облыс орталығына апаратын бағыттағы эшалондарға арнайы жолаушы вагондары тіркелді. Осылайша Байқоңыр ғарыш айлағына қарасты гарнизондағы әскерлер ақпанның 26- на дейін үйлеріне түгел қайтарылды. Штабтағылар тағы жиналып, болған оқиғаның жай-жапсарына толық қанығу үшін «сарбаздар топбасшысын» Байқоңырға апарып сөйлескісі келетіндерін білдірді. Табан астында тікұшаққа мінгізіп әкетпек.Әуелі Сағаділдә бұл қулықтың астарын аңдамай шын сеніп, еріп кетуге келісім бермек еді. Екі-үш күннен бері оны періштедей қорғап жүрген КГБ қызметкері құлақ тұсына аузын тақап: «Ешқандай келісім берме!» деп сыбыр етті.
– Мен ештеңе білмеймін, тек қантөгіс болмас үшін топты бастадым, – деген Сағаділдәнің сөзін қасында отырған қазақ офицері іліп әкетті:
– Жауынгерлердің бәріне қысқа мерзімді демалыс беріп, үйіне қайтару жөнінде шешім қабылданғанда қатардағы жалғыз солдатты Байқоңырға апарудың реті бар ма? Ешқандай әскери шені, қызметтік дәрежесі болмаса да ашулы топтың бетін қайтарып, шама-шарқынша жағдайдың ушығып кетпеуі үшін әрекет жасағаны үшін жазықты ма?! Ал бөлімшедегі моральдық ахуалға тікелей жауап беретін офицерлер қайда жүрген? деп өздеріне дүрсе қоя беріп, сөзден сүріндірді. Генералдар бұған уәж айта алмай, кібіртіктеп қалды. «Жауынгерлердің топбасшысын Байқоңырға апарып сұрақтың астына алады екен?» деген хабар лезде сыртта жиналған халықтың құлағына жеткенде жергілікті тұрғындар дүр сілкінді. Олар тікұшақ маңына жиналып, оны қоршап алды. Халықтың қаһарынан сескенген жоғары шенді офицерлер табан астында: «Тікұшақ бұзылып қалды, ешқайда ұшпайды» деп әлгіндегі сөздерінен айнып шыға келді. Топтан жырылып, былай шыға бере қауіпсіздік комитетінің қызметкері: – Мыналардың сені тірі жібергісі жоқ. «Бөрі ашуын тырнадан алады» демекші, өздерінің масқара болғанына бар кінәні саған артпақ. Жаңа тікұшаққа отырғаныңда тірі қалмайтын едің. Бұлар ұшып бара жатқанда сыртқа лақтырып жіберіп «әуе көлігі апатқа ұшырады» деп қарап отырудан тайынбайды. Ешқашан олардың отырғызған көлігіне мінбе. Ауыстырып киетін киімің бар ма? деп үстіндегі солдаттың бушлагын, бас киімі мен аяғындағы керзі етігін бір шолып өтті. – Бар. – Ендеше, оны ешкімнің көзіне түспейтін жерге барып қайта киін де, пойызға басқа станциядан мін, – деп ең соңғы ақылкеңесін айтты қауіпсіздік комитетінің офицері. Ғарыш айлағындағы сарбаздардың дүмпуі туралы сол тұста Қазақ КСР Қауіпсіздік комитетінің төрағасы болып істеген генерал Болат Баекенов, оның Қызылорда облысындағы өкілі Михаил Дәуенов сияқты жоғары дәрежедегі лауазымды кісілер естіп білгені анық. Бәлкім, бұл мәселе мемлекетаралық деңгейде, дипломатиялық каналдар арқылы шешілген болар?! Одақтық телевидениенің ең басты бағдарламасы арқылы белсенді «бүлікшілердің» алдыңғы сапында жүрген Сағаділдәнің бейнесін анық көрген Жамбыл ауданындағы «Қызыл Октябрь» колхозында тұратын ата-анасында, жақын туыстарында үрей қалмады. Осыдан бес жыл бұрынғы «Желтоқсан оқиғасының» өкінішті зардаптары қалың қазақтың есінен шыға қоймаған. Сарбаздың әкесі мен шешесі, жақын туыстары іштегі мұңын ешкімге айта алмай, жоғарыға барып шағымдана алмай іштерінен тынды. Тек қайта-қайта күрсініп, аруаққұдайға сыйынып әліптің артын бағумен болған. Әкесі – Бәйділдә, анасы – Нәзира ұлдарының төрт-бес күннен кейін аман-есен келгенін көргенде қуаныштан жүректері жарыла жаздады. Балаларымен «бұдан кейін жүздеспейтін шығармыз», – деп жүрген жастары елуге енді иек артқан қос мұңлықтың сол кездегі көңіл-күйін жеткізу мүмкін емес?! Иә, әке-шешесінің уайымдайтын жөні бар. Егер Қазақстан Тәуелсіздік алмағанда Байқоңыр ғарыш айлағындағы 70 мыңнан астам қазақ жауынгерлерінің бетке шығар белсенділері әскери трибуналмен сотталып кететін еді. Зорлық-зомбылыққа көнбеген кілең көген көздердің жазадан аман қалуы Тәуелсіздігіміздің арқасы.
Кейіпкеріміздің одан арғы өмірі жайлы қысқаша дерекнама: Ойда-жоқта қазақтың тұңғыш театр режиссері Асқар Тоқпановқа жолығып, көзіне түскен Сағаділдәнің арғы өмірі «180 градусқа» өзгерді. Ол консерваторияға оқуға түсіп, сол кісінің класында дәріс алды. Ұлы ұстаздан тәлім алған кезде сахна өнерінің ішкі иірімдерін терең меңгерумен бірге ол кісінің ешкімге ұқсамайтын дара, кесек мінезінің куәсі болды. Қазақтың тұңғыш кәсіби режиссерінен дәріс алған Сағаділдә Үсібәлиев сонау шәкірт кезінен ел көзіне ілікті. Республикалық «Жігіт сұлтаны» байқауында топ жарды.Үстінен біржарым тонналық жеңіл автомашина өткізді. Бармақтай арматураны мойнына салып шыбықша иді.Қазақтың ат үстінде орындалатын әбжіл қимылды ұлттық өнері аударыспақ пен теңге ілуден алдына жан салмады. Көрерменді әнмен әлдиледі. Сөйтіп, жарыстың бас жүлдесі –біржарым бөлмелік пәтердің кілтін жеңіп алды. Шымшыма тілге үйірсек өнерлі жігітті оқу орнында жүргенде «Тамашаның» бас режиссері Лұқпан Есенов бағдарламасына шақырып, үлкен сахнаға шығарды. Ол кезде «Тамаша» төрінен көріну өнерге таласы бар жастардың орындала бермейтін асқақ арманы. Соның әсері болды ма Сағаділдәнің өзі де сын-сықақ жанрына қалам сілтеп, бағын сынап көрді. Оның жазған күлдіргі қойылымдары әзіл-сықақ театрлары репертуарларынан орын ала бастады. Өнер институтын тәмамдаған жігіт біраз жыл театрда жұмыс істеді.Осы салада жүргенде болашақ жары Толқынмен танысып, тағдырлары тоғысты. Екеуін табыстырған театр. Ол бүгінде өз мамандығын біраз өзгертіп Қазақ радиосында тілші болып жүр.Қазір Сағаділдә мен Толқын бір ұл, 3 қыз тәрбиелеп отыр. Нұр-Сұлтан қаласында тұрады.
«Жігітке жеті өнер де аз» демекші, Сағаділдә соңғы кезде сценарий жазумен де айналысуда. Осыдан бірер жыл бұрын еліміздің кинотеатр экранына шыққан «Қазақ елі» анимациялық сериалын жазған сценаристер тобын басқарды. Бұл сериал Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған. Жаңа туынды ел тарихының жарқын беттерін өскелең ұрпаққа жеткізетін іргелі туынды болып саналады.Осыдан бірер жыл бұрын Сағаділдә атақты балуан, әнші-композитор,ат құлағында ойнаған шебер Балуан Шолақтың өміріне арналған кинофильмде кейіпкердің әкесі Баймырзаның ролін сомдады. Ара-тұра басқа да телефильмдерде көрініп жүр. Азаттықтың елең-алаңында Тәуелсіздіктің таңы жаңадан атқанда Байқоңырдағы ғарыш айлағындағы шовинистердің зорлық-зомбылығына шыдай алмай қолдарында еш жарағы болмаса да мұздай қаруланған Ресей әскеріне қарсы тұрып, оларды өз айтқандарына иліктірген қазақ сарбаздарының қас батырлығын 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасымен бір қатарға қоюға болады. Кейінгі текетіреске қатысқан 70 мыңнан астам жауынгердің арасында жүрген жамбылдық Сағаділдә Үсібәлиев пен оңтүстік қазақстандық Қанат Серікбаев бауырларымыздың ерлігін барша жұртқа жария етуді жөн көрдік. Осы мақаланы жазу барысында Алматыдағы Ұлттық кітапханада сақталған республикалық («Егемен Қазақстан», «Қазақ әдебиеті», «Ана тілі», «Жас Алаш», «Жас қазақ», «Азат» т.б.) газеттердің 1992 жылғы ақпан айының соңғы онкүндігінде жарық көрген тігінділерін түгел парақтап, ақтарып-төңкергенде әлгі оқиға жайлы бірде-бір ақпарат кезікпеді. Екі ғасыр орыс патшасының езгісінде, одан кейін жетпіс жылдан астам «Қызыл империяның» тепкісінде болған жас мемлекетіміздің баспасөз құралдары кезінде ол оқиға жайлы барып айта алмаған тәрізді. Осыдан үш-төрт жыл бұрын жеке архивімдегі қажет болар деп сақтаған газет қиындыларының арасынан 1992 жылдың ақпан айында осы оқиғаға қатысты шыққан материалды көзім шалған еді. Мақала аудандық газет форматындағы басылымның бірінші бетінің тең жарымынан басталып, соңы екінші бетте жалғасқаны есте. Онда Байқоңырдағы оқиғаның шет жағасы баяндалған еді. Ең бастысы Төретам халқының жауынгерлерді қарсы алуы, жүрекжарды қауаныш сезімі, жұрттың көңіл-күйі бүгешігесіне дейін баяндалған. «Бұл материал енді қажеті бола қоймас» деген оймен бір шетке ысырып тастағанмын. Көп ұзамай оқиғаға өзімнің бірге оқыған досым Бәйділдәнің ұлы Сағаділдәнің тікелей қатысы бар екенін естіген сәтте санымды соғып қалдым. Өкінішті-ақ. Дегенмен, әлі де болса сол оқиғаның куәсі болған азаматтар, көзі қарақты жандар кезігер, Төрет амдағы бұрынғы милиция қызметкерлері «Азат» қозғалысының белсенділері табылып, жоғымыздың үстінен шығарар деген үміт бар. Жақында, Қазақ мемлекеттік университетінде бірге оқыған, осы оқиға орын алғанда жақында Қызылордадағы «Қазақ тілі» қоғамын басқарған Сәбит Иманғалиевпен телефон арқылы тілдескенде осы мәселені қозғадым. «Сол кездегі аудандық «Қазақ тілі» қоғамы мен «Азат» қозғалысы белсенділерінен кімді білесің?» деген сауалыма, Сәбит досым тұщымды жауап бере алмады. «Ол адамдардан ешкім қалмады-ғой» – деп көңілімді түсіріп тастады. Егер осы мақала жарық көрсе сол дүбірлі жиында концерт қойған өнерлі жастардың бірінің болмаса бірінің жадына түсер. Сол кездегі уыздай қыз бен жігіттердің ең жасы қазір елудің үстінде. Оларды іздестіріп табу, қиын шаруа емес қой деп ойлаймын. Материалды жазу барысында кезінде республикалық газеттің бірінде жарияланған шымкенттік журналист Сабырбек Олжабайдың «Байқоңырдағы бүлік» атты сұхбатын пайдаландым. Ол материал кезінде республикалық газеттің бірінде жарияланған еді. Өкінішке қарай, қиындыда мақаланың қай басылымда, қай жылы шыққаны сақталмапты. Жаңылыспасам, 2008 жылғы «Жас қазақ» газеті болар. Аталмыш сұхбат кейіпкері Қанат Серікбаевтың сөздері дүрбелеңнің тууына себеп болған жай туралы менің түсінігімнің аясын кеңейтіп, оқиғаның кейбір беймәлім беттерін ашуға жәрдемдесті. Қорыта келгенде осы дүниені жарыққа шығаруға түрткі болған басты мақсат – Азаттықтың алаң-елеңінде бұрынғы КСРО Қарулы Күштерінің тепкісіне қарсы қарусыз көтерілген қазақ сарбаздарының қас батырлығымен көзсіз ерліктері жайлы айтып қана қоймай, 1992 жылдың ақпанында жас жанын шүберекке түйсе де тәуекелге бел буып оқтаулы мылтыққа кеудесін төсеген сарбаздар содан алты жыл бұрын Алматыдағы даңқты Желтоқсан көтерілісінде шыңылтыр аяз бен көк мұзында Республика алаңына шығып ұлттың намысын жоқтаған ағалары мен әпкелерінің жасампаздық ерлігін қайталаушылар екенін жалпақ жаһанға жар салып жариялау. Қазақ халқының жауынгерлік рухы қашанда жоғары. Қаһарға мінсе кез келген дауылға қарсы тұра алады. Көпшілік біле бермейтін, осы күнге дейін құпия сақталып келген тарихтың тағы бір ақтаңдақ бетін ашатын мезгіл жетті. Бұдан былай жасырыпжабудың, бұқпантайлаудың қажеті жоқ. Қысқасы, Тәуелсіз Қазақстанның қазіргі тарихын зерделеп жүрген отандық ғалымдарға дайын тақырып ұсынып отырмыз. Оны әрі қарай жалғастыру, шаң басқан жабық архивтерге кіріп,ол жайлы терең зерттеу халық игілігіне айналдыру тарихшыларымыздың мойнына артылған аманат. Өйткені, тарихта ашылмаған ақтаңдақ қалмауы тиіс.
Қамбар-Бек Қойшыбайұлы,
журналист.
Ақжол газеті. 6-нөмір. Тараз қаласы. 14 қыркүйек, 2021 жыл
Abai.kz