Сенбі, 23 Қараша 2024
Ақмылтық 5493 5 пікір 21 Қазан, 2021 сағат 14:46

25 қазан неге атаусыз қалды?..

ЕГЕМЕНДІК ДЕКЛАРАЦИЯСЫ
жарияланған 25 қазан неге атаусыз қалды?
немесе
ТӘУЕЛСІЗДІККЕ
30 жыл ма әлде 31 жыл ма?

Биылғы жылы Ұлы қазақ елінің Тәуелсіздік алғанына 30 жыл деп масайрап, қуанып, талай іс-шаралардың куәсі болып, атап өтіп жатырмыз. 1991 жылы 16 желтоқсанда Қазақстанның Жоғарғы Кеңесі «Тәуелсіздік пен мемлекеттің егемендігі туралы» заңды қабылдады. Бұл жолы да Қазақстан КСРО құрамындағы елдердің арасында ең соңғысы болып Тәуелсіздігі туралы заңды қабылдап бекітті.

Оның алдында он бес одақтас елдер өз егемендіктерін жариялап болған соң ұлы оқиғаға айналған 1990 жылғы 25 қазан – Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының алғаш Егемендік Декларациясы жарияланған, 18 жыл бойы Республика күні аталып келген ұлы мейрам еді.

Соңғы он екі жылдан бері жыл сайын қоңыр күздің мизам шуақ кезінде, 25 қазанда келетін осы бір қастерлі күн менің есімнен шығар емес. Кезінде сол арпалысты қарбалас сәттерде көзіміз көріп, куә болып, бел шеше ортасында жүргеннен шығар бәлкім, бұл мейрам өзім үшін ыстық көрінеді. Дәл осы күні бұдан 31 жыл бұрын Қазақ даласы мен қалың жұрты үшін ұлы тарихи оқиға орын алды. Бөркімізді аспанға аттық, халық болып ақсарбас шалдық. Үлкендердің естерінде болар...  О, тоба, тап бүгінде күні кешеге дейін 18 жыл бойы тойланып келген осы мейрамды үлкендер түгіл, өсіп келе жатқан өскелең ұрпақтың тіпті санасында жоқ екендігін байқадым.

Әрине, осы жылдардан бері әр жылдың 16 желтоқсаны Тәуелсіздік күні –  ұлттық мейрам ретінде аталып келе жатыр, мұндай қуанышты кезеңдерді алдағы талай замандарда да ұзағынан тойлай беруге жазсын дейміз!

Ал бірақ та 1990 жылғы 25 қазанда «Қазақ КСР-інің Мемлекеттік Егемендігі туралы» Декларация қабылданған күнгі тарихи оқиға қайда қалды?

Сол кезден бері Елбасы Жарлығымен бүкіл халқымыз болып егемендікке алғаш қол жеткізген «Республика күні» ретінде мерекелеп келген мемлекеттік мейрамымыз – 25 қазан биліктің пәрменімен 2009 жылдан бері мемлекеттік мерекелер тізімінен алынып тасталып, атаусыз қалды. Тым-тырыс. Сол күні тап бір ештеңе болмағандай. Оған дейін осы күні тіпті үш-төрт күндік демалыс беріліп, ұлттық мейрам ретінде ел ішінде шамамызға қарай дүрілдете қуанышпен аталып келсе, енді жым-жырт. Мынау шетінен білімді сауатты дейтін айнала ортамызға, ел-жұртқа осы мейрамды еске түсіріп, құттықтайын десең меңіреу адамша ажырайып бетіңе қарайды, солай ма деп. Жастар түгілі, талай үлкендердің есінде жоқ. Рас, намысыңа, көңіліңе тиеді екен. Осы айтулы күнді өмірден өшірген биліктің ойлағаны не сонда. Түсінбедік. 2009 жылы сәуір айында еш себепсіз ұлттық мерекелердің тізбесін жариялады да, тоқтата салды. Әлде 1990 жылғы елдің егемендікке ұмтылған ұлы дүрбелеңдерін халықтың есіне салмай, назарын басқа жаққа аударайық деген пиғыл жатты ма, кім білсін, атаусыз қалдырды-ау! Өзім осы мәселені соңғы жылдар бойы көтеріп, БАҚ-тарға да, тиісті мемлекеттік органдарға да ұсыныстар жолдап келемін. Бірақ еш қайран жоқ. Бәрі өкініш білдіреді де қояды...

Тіпті анау құр сүлдері біткен бұрынғы қызыл коммунистерге құрлы жоқпыз. Ленин «бабамыздың» туған күні мен өлген күнін де атап өтіп жатады. 7 қарашада қызыл туын желбіретіп, «жасасын коммунизм» деген ұрандармен бір бұрышта жиналып, БАҚ-ты шақырып, кәдімгідей атойлап, елді ауызына қаратып қояды. Кеңес одағы кезінде әскери борышын өтеген замандастарымыз қанша жыл өтсе де бүгінде Ресейдің отан қорғаушылар күні саналатын 23 ақпанды естен шығармай, бас қосып, стақан соғыстырып, өздерінің «құл солдат» болғандарын атап өтіп жататынын қайтерсің.

Алланың өзі жар болып, ата-бабалар әруағының қолдауымен келген Егемендікті жариялаған – 25 қазан неге ел есінен тез шықты?!

1990 жыл Кеңестік Социалистік Республикалар Одағында болған түбегейлі өзгерістердің, жариялылық пен қайта құрудың, Батыс Еуропа мен АҚШ арасындағы халықаралық қатынастардың өзгеруіне тарихи қадамдар жасалған кезең еді. КСРО-да бұрынғы әміршіл-әкімшіл жүйені сақтай отырып, елдегі қоғамдық өмірді демократияландыруды ұсынған идеясын іске асыру үшін КОКП Бас хатшысы М.С. Горбачев 1990 жылы 15 наурызда халық депутаттарының кезектен тыс өткен 3-сиезінде КСРО Президенті болып сайланды. Алайда Одақтың бірінші және соңғы президентінің кеңестік республикалар арасында жаңа одақтық шарт жасап, КСРО-ны қалай сақтап қалуға, КОКП-ны жаңа жағдайға бейімдеп реформалауға ұмтылған әрекеттерінің бәрі сәтсіздікке ұшырағаны белгілі.

Қазақстан да осы кезде бұл үдерістен шет қалмаған еді. Алдымен 1990 жылдың 24 сәуірінде елімізге президенттік басқару жүйесі енгізіліп, Қазақстан КП ОК бірінші хатшысы, Қазақ КСР Жоғары Кеңесінің төрағасы Н. Назарбаев Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының Президенті болып тағайындалды. Мұның өзі тәуелсіздік туының жақындағанын көрсеткендей болды.  Қазақстандағы саяси жағдай да бұл кезеңде тез арада құбылып, елдің егемендікке деген құлшынысы ояна бастады. Елімізде «Азат», «Азамат», «Алаш», сияқты ұлттық қозғалыстар мен ұйымдар, «Қазақ тілі» қоғамы құрылып, ел халқын тәуелсіз мемлекет болуға шақырған үндеулер мен мәлімдемелер таратты, митингілерді де жиі өткізіп жатты. Республиканың барлық аймақтарында халықтан тәуелсіз мемлекетті жариялау туралы қол жиналып, Алматыға Орталық комитетке де жеткізіліп жатты, орталық алаңда «тәуелсіздік, елім, жерім, ұлтым, тілім» деген ұлтшыл зиялы қауым мен жастардың митингілері басты алаңдарда жиі өткізіліп, ұрандатыла түсті, ұлы ата-бабаларымыздың әруағын шақырып, осы сәтті пайдалану қажеттігі барша жұрт тарапынан кемерінен асып төгіліп, қызу қарқынмен көтеріліп тұрды. Міне, егемендікке қол жеткізуге мұның бәрі себепкер болып еді.

Осы кезде Мәскеудегі Тамыз бүлігі де бұрқ етті, одан кейін Ресей Федерациясының Президенті атанған Б. Ельциннің Жарлығымен Кеңес Одағы Коммунистік Партиясының қызметі де шектелді, Одақтың ыдырауы басталды. Ә деген беттен-ақ Одақтан Прибалтика, Қапқаз, Украина елдері, одан кейін оларға ілесіп, Орта Азия елдері өздерінің «Егемендік туралы Декларацияларын» жариялай бастағаны да көз алдымызда. Осы кезеңде біздің Қазақстан билігі саспастан Мәскеу жаққа қарай жалтаңдап, арты не болар екен деп күтіп отырғаны да бүгінгі тарихта айтылмаса да, көз көрген жұрттың бәрі біледі.

(«Азат» газетінің 1990 мамырдағы алғашқы нөмірлерінің бірі)

Уақыт өтіп бара жатты. Күздің қыраулы күндері де келіп, Қазақ КСР-і не анда, не мында емес, бір аяғы социализмде, бір аяғы аспаннан келіп, өзін қайда қоярын білмей тұрған сәт еді. «Азат», «Азамат», «Алаш» қозғалыстарының бастауымен халықтың тәуелсіздікке ұмтылуы күшейе берді. Алдымен алаш қайраткері, марқұм Сәбетқазы Ақатаев басқарған «Азат» азаматтық қозғалысының бастамасымен «Егемендік Декларациясының» жариялануы да осы тұс еді. Әйтсе де билік те қарап отыра алмады. 1990 жылы 16 қыркүйекте «Мемлекеттік егемендік Декларациясының» жобасын алғаш рет БАҚ-та жариялап жіберді. Қысылтаяң шақта егемендік туралы Декларацияны қабылдау да оңайға түспегені белгілі. Өйткені Одақ пен Коммунистік партияның ықпалы әлі де бар еді. Қазақ Социалистік Республикасы Жоғары Кеңесінің кезектен тыс сессиясында қалай десек те, егемендікті жария еткен құжатты қабылдау барысында ел егемендігіне қарсылар болып бақты. Тіпті олардың «мемлекеттік тіл – қазақ тілі», «қазақ ұлты тағдырының жауапкершілігін сезіне отырып,» деп келетін қазақи ұлттық тұжырымдарға қарсы шығып келіспеушілік танытқандары да болып бақты. Сонымен бірге сессияда «басқарушы және негізгі күш коммунистік партия болып табылады» деген 6-бапты алып тастау туралы батыл ұсынысқа егемендікті қаламайтын «нағыз қызыл коммунистер» көп қарсылық білдіргені туралы жазылып, айтылып жатты. Тіпті кейбіреулердің бұл маңызды құжатты кейінге қалдыру туралы, егемендік алудың еш реті жоқ екендігін айтқан талай билік басындағылардың әрекеті де есте. Олардың талайының әлі көзі де тірі. Мұндай сын сәтте Салық Зиманов, Сұлтан Сартаев, Шерхан Мұртаза, Мұхтар Шаханов және басқа да зиялы ұлтжанды ағаларымыздың арқасында құлдықты көксейтіндерге уәж айтылып, тәуелсіздік мәселесі төтесінен қоя білінді. Буырқанған егемендік рух пен құлдық сана арпалысқан сессияда Декларациядағы 17-бап сегіз сағат бойы талқыға түскен. Кеңестер Одағының талқаны таусылмай жатып, одақтас республикалардың кейбірі бұл кезде Тәуелсіздік туралы заңдарын қабылдап та үлгерген еді. Сөйтіп КСРО қапасынан 15 тәуелсіз мемлекет бүршігін жарып шығып, әрқайсысы өз ұлтының болашағы үшін ғана өмір сүретінін жариялап жатты.

1990 жылғы 25 қазан күні Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінде Мемлекеттік егемендік туралы Декларация республиканың өз алдына дербес мемлекеттілігін жария еткен тұңғыш заңнамалық акт болатын. Бұл құжат бойынша Қазақстан елі халықаралық қатынастарда дербес толыққанды объекті ретінде сыртқы саясатта өзінің мүдделерін айқындап, халықаралық ұйымдардың қызметіне қатысуға мүмкіндік берді. Еліміз егемендік Декларация арқылы табиғи байлығымызды, экономикалық және ғылыми-техникалық әлеуетін толық меншігіне алды. Қазақстан аумағындағы барлық әскери құрылымдар мемлекет қарамағына өтті. Декларация бойынша Қазақстан аумағында егемендікке қайшы келетін КСРО заңдарының күші жойылды. Декларация орталыққа бағынышты күйден арылтып, Мәскеумен жаңа жағдайда тең әріптес ретінде ынтымақтастыққа қол жеткізді.

Сонымен Мемлекеттік Егемендік Декларациясы – егемендікті білдіретін құр мәлімдеме амбиция ғана емес, шын мәнінде заңды күшке ие маңызды құжат болды.  Сондықтан да Егемендік туралы Декларация, бір жылдан асқаннан кейін 1991 жылғы 16 желтоқсанда қабылданған Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі туралы Декларациясымен жалғасын тапты.

Хош, сонымен 1990 жылғы 25 қазанда, осындай қиын-қыстау кезеңде Егемендік жарияланған күн, ұлттық тәуелсіздігіміздің негізі қаланған күн, тіпті биліктің өзі «Тәуелсіздік күні», «Республика күні» деп мойындап, он сегіз жыл бойы мерекелеген айтулы оқиғаны халықтың санасынан алып тастау кімнің қандай теріс пиғылынан пайда болғанын түсіне алмай-ақ қойдық.

Ел Тәуелсіздігінің ұлы мейрамы ретінде атап өтіп жүрген 16 желтоқсан күні қоғамда қалай мерекеленіп, қалай аталып өтіп жүргені жайлы зор қоғамдық қайшы пікірлер туып, көпшілік халықтың көңілінен шықпай келе жатқанын қайталамай-ақ қояйық. Желтоқсанның арқадағы бұрқырған бораны мен қақаған аязында тәуелсіздік күнін далада емен-жарқын атап өту де мүмкін еместігі белгілі. Содан ба екен, бұл күн жылы кең сарайларда тек шенеуініктер мен тәуелді адамдарға шен-шекпендер таратылып, кеуделеріне орден, медаль жапсыратын күнмен ғана шектелуде екенін еш жасыра алмайсыз. Содан кейін аларын алып алғандар үн-түнсіз, үйлерінде ме, мейрамханаларда ма, әлде шетелдерде ме, өздері ғана «жуып» жататын сыңайлы. Ал «Демократиялық жаңғыру күні» деп ресми түрде аталған 17 желтоқсан оқиғасы қазақ елі басындағы қаралы күн екенін де атаусыз қалдырғалы қашан. Бұл оқиғаны да санамыздан шығаруға бағытталған пиғыл талайдан бері көріне түсуде.

Қалай десек те, тәуелсіздігіміздің Қазақстан тарихында ерекше маңызға ие болған 25 қазан бұрынғы «Республика күні» қайта ұлттық мейрам ретінде жарияланып, ел шежіресіндегі өзінің мемлекеттік оқиға ретіндегі орнын алуға тиісті.

Олай болса биылғы жылды Тәуелсіздіктің 30 жылдығы деп даурыққанымызбен негізгі тәуелсіздігіміз 1990 жылдан бастау алады ғой. Сонда біз бір жылға кешіктіріп тойлап, атап өтіп жатқанымыз қалай. Әрине, дегенмен оның жауабы белгілі, 25 қазан ешқандай мереке емес, «ол күні түк болған жоқ». Атаусыз қалған тәуелсіздік күні деп қоя саламыз, болды.

Бұл күнді қазақ халқының санасынан өшіретіндей, ұмыттыратындай, келешек ұрпаққа жеткіздірмейтіндей пиғылға жол бергендерге не көрінді?! Бұл еліміздің ұлы оқиғасына айналған ұлы күнді биліктің басына қайта-қайта ашық жеткізіп, ел тәуелсіздігінің бастауы ретінде сақтап қалуға тиіспіз.

Ерлан Күзекбай,

Нұр-Сұлтан қаласы

Abai.kz

5 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1472
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3248
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5443