Әліпби: Тілді жаңғырту – ұлт жасампаздығының қадамы
Қазақстанда тіл туралы не айтылмады, қашан айтылмады, қайда айтылмады – бәрі көз алдымызда, бәрі ойымызда, жадымызда. Осы айтылғандардан өзгерген нәрсе бар ма, ақиқат үшін «жоқ» деуге болмас, бірақ ауыз толтырып «бар» деуге де сол ақиқаттың ақиқат болу үшін және болмас. Яғни, бір қарағанда жасалып жатқандай, бір қарағанда жасалмай да жатқандай. Десек те, бағыт дұрыс болғанымен қарқын баяу. Не істемек керек, әлдебір науқандық, кезеңдік шаралармен қазақ тілінің мәселесі шешілмейтіні әркімге-ақ түсінікті болып қалды. Сондықтан бұл іске бетбұрыс керек.
Адамзат тарихына қарап отырсаңыз, бір сапалық деңгейден екінші сапалық деңгейге көшу осындай бетбұрыстар негізінде жасалып тұрған. Оны «реформа» деп атаған. Біз білетін әлемдегі Ренессанстың барлығы осы реформалардан басталған. Әдепкіде латынның «қайта туу» деген сөзінен шыққан «Ренессанс» ұғымы осындай реформалық бетбұрыстарды көрсететін сөзге айналды. Алғаш рет ғылымда ХVІ ғана қолданыла бастағанымен, әлемдегі ең үлкен ренессанстардың басы – VІІІ ғасырдан бастау алатын Мұсылман Ренессансы. Ғылыми әдебиеттерде «Исламның Алтын Ғасыры» деп аталатын кезең әлемдік дамуға зор ықпал еткен бетбұрыс болды.
Қазақ тарихына үңілсек, ұлттық Ренессанстың басы – Абай, дамыған шағы – Алаш кезеңі. Бұны айтып отырған себебіміз, тілге, осы тіл арқылы жалпы қазаққа жаңа ренессанстық кезең қажет сияқты. Қазір «тіл реформасы», «тілді жаңғырту» деген ұғымдар көбірек айтыла бастады. Тіл реформасы өркениетті елдердің бәрінде де болған. Бізде де Ахмет Байтұрсынұлының «Төте жазуы» тұсында, 1920 жылдардың аяғы, 30-жылдары латын әліпбиіне, 1940 жылдары кирилл әліпбиіне көшкен кезеңдерде болған. Бұл реформалар өзінің ауқымы жағынан қазіргі жасалмақ реформадан басқашалау. Ахаң әліпби енгізілгенде халықтың көбі хат танымайтындықтан енді оқып жаза бастағандарға ол оңайырақ болды. Кеңестік кезеңдегі екі реформа идеология күшімен жүргізілді. Қазір Қазақстан қоғамы қос тілді болып тұрғанда бұл реформа оңайға соқпайды. Себебі алдыңғы үш реформа кезінде қазақ баласының барлығы ана тілін білетін. Бүгін тілдік тұрғыдан қазақ тілді білетін және жазатындарға, тілді білетін бірақ жаза алмайтындарға, тілді мүлде білмейтін немесе нашар білетін жаза алмайтындарға жіктеліп тұрғанда реформа тек жазуды ғана қамтымайды, оған қоса екі өзекті мәселені де қоса алып жүруі тиіс деп ойлаймыз. Олар: Қазақстанда мемлекеттік тілдің барлық саладағы қолданысын толық қамтамасыз ету, бұл реформаның қоғамдық-әлеуметтік ұйымдастырушылық жағы болса, екіншіден, тіл білмейтіндерге тіл үйретудің жүйесін жасау, бұл әдістемелік реформа.
Тіл реформасы әлбетте, ең алдымен тілдік мәселе. Қазақ тілінің кеңестік кезеңде латын және кирилл әліпбилерінде болуы емлемізді біраз өзгерткені, тіпті бүлдіргені бүгін сауатты қауымға белгілі. Осы өзгеріс, осылайша бүлдіру неден шықты. Оның басты себебі кеңестік өркөкірек жүйенің тіл сияқты ешкімге, ештеңеге бағынбайтын жаратылыстың ерекше құбылысының табиғи сипатын бұзғандығынан. Тіл жанды ағза ретінде түзетуге зәру емес, табиғатында тұрған нәрсені соған сай таңбалауға зәру, өзінің табиғатына сай келетін ережелерді ғана қабылдауға зәру. Бір қарағанда осы оңай аксиоманы білсек те, ұғынсақ та қазақ тілінен тыс факторларға, оның ішінде экстралингвистикалық факторларға көбірек бұрылып кететін сияқтымыз. Қазіргі тіл реформасы кезінде осы қағиданы ғалымдарымыз мықтап ескеруі керек. Осы арада латын әліпбиі сөз бола бастағаннан бері ғалымдар арасында пікір алшақтығы, тіпті пікір қайшылығы айрықша аңғарылды. Біздің ойымызша, ғалымдар кең форматта өзара тілдің табиғатынан шығып консенсусқа келмесе, онда кеңестік кезеңдегі әлдебір жайттардың тағы да қайталануы бек мүмкін. Дәл осы тұста Абай айтқандай, «Сөзіне қарай кісіні ал, Кісіге қарап сөз алма» деген қағиданы мықтап ұстанғанымыз абзал. Сондықтан тілді жаңғыртуда жазу реформасы, кірме сөздерді қабылдау, ономастикалық атауларды жазу ережелері және мемлекеттік тілді үйретудің ортақ жүйесін жасау сияқты мәселелерді ғылыми және ұйымдастырушылық тұрғыдан шешудің әдістері мен тетіктері мамандар тарапынан талқыланып барып ғана жүзеге асырылуы тиіс.
Осындай жұмыстардың барысында біз ең алдымен тілдің қатынас құралы ғана емес, оның адам мен ұлтты қалыптастырудағы төтенше маңызына мән бергеніміз жөн. Біздің ойымызша, қазір қазақ тілін сөйлеудің ғана құралы деп түсіну басым. Ақиқатында, тіл тұтас ұлтты оның салт-санасымен, мінезімен, танымымен қоса қалыптастыратын жасампаз құбылыс, тағдыршешті құрал. «Қазақтың діні, тілі, жазуы сұмдық пікір, суық қолдан тыныш боларға керек» деп жазыпты Ахмет Байтұрсынұлы. Ұлт ұстазы неден сақтандырып отыр десек, әрқайсысы қазақтың жүрегі мен жанын сақтайтын, елдігін қорғайтын ең жанды, қасиетті нәрселердің бүлінбеуінен сақтап отыр. Осылардың біреуі ортайса, біреуіне зақым келсе, онда ұлтқа қауіп төнбек. Ахаң бұл арада тілді қатынас құралы ретінде емес, ұлтты сақтаушы ұлы ұстын ретінде қарастырған. Жалпы ұлт дегеніміз – тіл, ал тіл дегеніміз сол ұлттың өзі. Басқаша болуы мүмкін емес. Сондықтан тілге жай қатынас құралы деп қарау, бірнеше сөз бен сөйлем үйреніп алған адамды қазақша біледі деу қате. Ғұмар Қараш: «Тіл ешбір уақытта өзге нәрселерге бас имеске тиіс. Біз оны бегірек те сүюге һәм түрлі жұқпалы шет тілдерден сақтауға борыштымыз» депті. Тіліміздің «өзге нәрселерге бас иген», «түрлі жұқпалы шет тілдерден» сақтанбаған кезеңі болған. Әлі де оның табы бар. Ендеше, біз осылардан арылуымыз керек. Тілді жаңғыртудың да басты міндеті осы болса керек. Осы күні ана тілінде сөйлемеген өз ағайындарымызға ескерту айта қалсаң: «Қай тілде сөйлесе, адамның өз еркі, онда тұрған не бар» деп шамырқанады. Олар тілдің жаратылыс пен жазмыштағы мәнін ұғынбағандар. Жалпы тіл лингвистика нысанасы болудан бұрын философия мен логиканың, психология мен этиканың, тарихтың мәселесі. Өйткені тіл болмысты жеткізуші ғана емес, сол болмыстың өзі. Тілге тиісу айтылған сөзге тиісу емес, ұлттық болмысқа тиісу. Себебі тіл – ғажайып, құдіретті рух. Оны кезінде В.Гумбольдт: «Тіл халық рухының сыртқа шығуы сияқты: халықтың тілі оның рухы, халықтың рухы – оның тілі және осыдан асқан сәйкестікті елестету қиын» деп дәл анықтаған. Осы ойын толықтырып, неміс ғалымы: «Тілдердің пайда болуы, рухани күштің пайда болу себептерімен тең сабақтастықта, сонымен бірге тіл оның үнемі ынталандырушысы болады» деп аша түседі. Қазақ тілі қазақтардың ана тілі ретінде осындай рухани ынталандырушы күшке ие болуы тиіс. Сонда ғана ол қатынас құралы ғана емес, халықтың жасампаздығының әрі өлшемі, әрі қайнары болмақ.
Тілдің осындай жасампаздығынан өрістесек, онда тілді жаңғыртуды жаңа құндылықтар қалыптастырып жатқан осынау жаһандану заманында ұлтты жаңғырту деп ұғынсақ, онда ойдағымыздың болғаны. Егер тілден бастап рухани құндылықтар дер кезінде жаңғыртылмайтын болса, онда жаһандану көшінде әркімнің арбасына мініп кетеріміз хақ. Ондай тенденциялар қоғамда баршылық. Жастарымыздың шетелге елеңдеп тұруы, ағылшын тіліне деген ақылы сұраныс осындай тенденцияның көрінісі. Бүгінгі ХХІ ғасырдың адамы ол әлемге жатсынбай қарайтын, өзінің жеке басының мүддесін жоғары қоятын тұлға. Оны несіне жасырамыз. Қаншама елшілдік, отаншылдық ұрандар мен шаралардың да мұндай шақта тиімділігі жеткіліксіз болып қалады. Жаһандану еліміз түгіл, үйімізге, төрімізге кіріп алған. Осындай шақта тіліміз сақтайды десек, қазақ тілін жаңғырту барлық салада қарқынды, кең сипатты, қуатты күшпен жүргізілуі тиіс. Бұл тіл білудің ғана емес, тұтас ұлтымыз бен азат елімізді сақтаудың басты қадамы.
Тілді жаңғырту, жоғарыда айтқанымыздай, көп бағытты реформа. Осы реттен келгенде, оны әліпби ауыстырумен ғана байланыстырмай, мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеретін міндеттермен де сабақтастару қажет. Бұл ретте Білім және ғылым министрлігі мәселенің күрделілігі мен маңыздылығына тиісінше мән беруде. Оған тіл үйрету әдістемесін жетілдіру, жазу реформасы беретін нәтижелерді мұқият саралау, тіл проблемаларына мониторинг жүргізу сияқты ауқымды жұмыстарға баса назар аударып жатқаны дәлел болады. Бастысы осы жұмыстардың науқандық емес, жүйелі, салмақты ең бастысы нәтиже берерлік іске айналуында. Оның осылай болуы үшін елімізде тілдің нағыз жанашырлары да, мамандары да баршылық. Мәселе тілге деген дұрыс ниет пен табандылықта.
Ербол Тілешов
Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына»
ұлттық ғылыми-практикалық орталығының
атқарушы директоры
Abai.kz