Аралас мектеп балаңызды «орыс қылады»...
ТІЛДІҢ СӨНУІ – ЕЛДІКТІҢ ӨШУІ
Таяуда қаламгер Роза Мұқанованың «Қазақ өзін сыйламайды, намыс жоқ» деген жазбасы Abai.kz порталында жарияланған еді. Онда Роза ханым Нұр-Сұлтан қаласындағы «Президент поликлиникасы» делінетін емдеу кешенінен үйіне көңілі күпті, жүрегі шерлі хәлде әрең жеткенін жазыпты. Себебі, қазақтар толып жүрген емханада, ана тілінде сөйлеген бір пендені де көре алмаған. Қазақ тілінің қазіргі мүшкіл хәлі шиқанды езгендей жанға батып, көпшілікті бей-жай қалдыра алмады. Сөз болып отырған жазбаға қатысты әлеуметтік желіде «Енді қайттік? Қазақ қазақ болып қала ала ма?» деген пікірлер көп болды және бұл үрейлі құбылысқа «Ұлт трагедиясы» деген баға берілді. Мен де өз пікірімді ортаға салғанды жөн көрдім.
Мен Астанада он жылдай тұрған адаммын. Аспанға шаншылған үйлер арасындағы алаңда 30-40 қарадомалақ бүлдіршін ойнап жүреді. Кей-кейде олардың дауысына құлақ түре қалсаң – шошисың. Неге? Өйткені, кілең тілі орысша шыққандар. Қазақ тілінің жанашыры, қоғам белсендісі Бақытжан Тобаяқ деген азамат екеуміз: «Бұл дерттің төркіні қайдан, оның дауасы неде?» деп пікір бөліскеніміз бар бірде. Естуімізше, бас қаладағы 112 мектептің тек 26 ғана таза қазақ мектебі екен. Өзгелері аралас. Аралас дейтін бүркемелеу, шын мәнінде бұлар орыстілді оқу орындары. Бақсам, бақа екен демекші, бар бәленің басы осы арада. Боғауыз, иісалмас қараорыс қаптап өретін инкубатор – осы мектептер!
Екі тіл – екі әлем. Баланы орыстілді орта мен интернетке байлап-матап тастадық, ата-ана мен баланың қарым-қатынасы үзілмегенде қайтеді. Кесілген терек бөренеге айналып, шіри бастамақ. Өйткені, тамырсыз. Міне, тұтас қазақтың бұзылуы да сонан аумайды.
Барлық кінә жалғыз билікте ме? Бұлай деу асығыстық болар, сірә. «Мен пақыр жаңадан салынған мектептерді қазақ мектебі қылу мәселесіне көп араластым, – деп ашынды жаңа аты аталған Бақытжан деген танысым, – қай ауданда демеңіз, орыстар емес, құданың құдіреті, қазақтың қатындары бізге орысша мектеп керек деп тұрып алады. Ал, неғыласың? Күллісі баласын миллионер я министр, қала берді, адвокат көрмекші ме. Орыстанған зәузаты кәрілерді «Қарттар үйіне» топырлатып жатқанын білсе ғой, есі кеткен байғұстар». Қаны сорғалаған шындық – намыстан жұрдаймыз. Ата, әже жасына жеткен қазақтардың өзара орысша сөйлесіп, алдына алған еркесі – кішкентай сәбимен өзге тілде шүлдірлеп отырған масқаралыққа етіміз үйренді. Ар-намысты ояту ісі тым баяу жүріп, ұлттық идеология уақыт көшінің соңында қалғаны өзекті өртейтін өкініш.
Абайдың «Интернатта оқып жүр, талай қазақ баласы» өлеңінде:
Балам закон білді деп,
Қуанар ата-анасы.
Ойында жоқ олардың
Шариғатқа шаласы, – дейтіні бар. Ес-сана азығы – діни таным, ұлттық код пен тәрбие арқылы. «Шариғатқа шаласы» деп Абай осыны, яғни адам болу мәселесін айтқан.
Әрі қарай тәрбиесіздікті былайша түйрейді:
Орыс теріс айтпайды,
Жаман бол деп оларды.
Қаны бұзық өзі ойлар,
Қу менен сұм болар-ды.
Көршіміз Ресей Федерациясы ағылшын тілінде шыққан мейлі, тәуір ән, әңгіме, мейлі мультфильм болсын, дереу орысша сайратады да қояды. Тіс қаққан кәрі саясат. Түркітілдіні тұқыртудың, боданды ұзарта түсудің айласы. Езілген ұлттар бар өнерді орыстікі деп қабылдап, орыссыз күніміз қараң деген догма беки түссін деп. Әттең, дүние. Ұлттың ғылымы, мектебі, аударма ісі, мультфильм, балалар әдебиеті, айфон, гаджетті қазақшаға толтыру секілді жан сақтау істері шөміштен қағылады. Оңды-солды шашатын қайран қаржы, неге екенін кім білсін, осыларға таусыла, тарыла қалады. Бұл қалай? «Қазақ қазақ болып қала ала ма?» деген үрейден қашан арылмақпыз?
Айтып-жазуда қапы жоқ. «Ой-хой, азатпыз, ел Тәуелсіздігіне 30 жыл!» деп. Бірақ, бірақ... Ел болашағына қамыққан Абай: «Ашулансам, ызалана алмаймын. Күлсем, қуана алмаймын» дейді. Жасырары жоқ, бүгінгі біздер де сырты сау, іші өліп қалған күйдеміз. Роза қарындастың «Ұлт трагедиясы» деген жазбасына қосқан үнім, пікірім де осы.
«Бостандық таңы атты» (1917) деген өлеңінде Шәкәрім:
Күндестіктің өзімшіл көзін құртып,
Ұмтылып, ерікті ел болып қалыңдар.
Ар түзер адамның адамдық санасын,
Ақ жеңіп шығады арамның қарасын, – деп келеді де, былайша оптимистік рухпен түйін түйеді:
Таласпай бөліссе, табиғат сыйлығын,
Қара жер тойғызар адамның барлығын.
Махаббатпен бірлесіп, еңбек қылған,
Өмірдің көреді бақытын, сыйлығын.
Бұл өмір таусылмас, жаңарар адамзат,
Арам ой ұмытылып, зорлықшыл болар мат.
Адал жүрсең, еңбектің жемісін жеп,
Шалқыған ел-жұртым, боларсың көңілің шат!
Сонымен, тілдің сөнуі – елдік оттың өшуі. Бостандық таңы атты, әйтсе де, шалқыған, елдің көңілі шат заман жете алмағанымыз сол. Жаңғыруға кедергі көп, соның ең кесірлісі – балабақшалар мен аралас мектептердің баланы «орыс» қылуы. Ессіз тобырға айналмайық, жақсылыққа тер төгіп, жол аршиық. Елдікті сақтау үшін қол қусырып отырмай, баршамыз да ат салысайық, ағайын. Талабы пен ынтасы оянған жұрттың алмайтын қамалы жоқ әсте.
Асан Омаров,
Семей қаласы
Abai.kz