Навальный: Путин кімді жасырып жүр?..
Ресейдегі оппозиция саясаткері Алексей Навальныйдың командасына тиесілі «You Tube» арнасы кеше, 2 желтоқсан күні «Путин кімді жасырып жүр? «Мемқұпияны» әшкерелейміз» (Кого спрятал Путин? Раскрываем «гостайны») атты материал жариялады. 14-15 минуттық зерттеуді Мария Певчих пен Георгий Албуров жүргізеді. Зерттеу қазірге дейін 1 миллионнан астам көрілім жинаған.
Онда Ресей президенті Владимир Путин мен оның айналасына топтасқан ірілі-ұсақты, бұрынғы һәм қазіргі шенділер мен олардың отбасына тиесілі дүние-мүліктердің «Росреестр» базасынан жойылғаны немесе жасырылғаны жайлы егжей-тегжейлі баяндалады.
Соның ішінде, Қазақстан қоғамының назарын бұрған жалғыз мәселе – аталған зерттеуде Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұрынғы әйелі Надежда Давыдовна мен ұлы Тимур Тоқаевтың да аттары аталады.
Зерттеуді жүргізушілер: «Осының барлығы сіз бен біздің, Ресейдің мемлекеттік мүддесін қорғау деген желеумен жасырылған. Ендеше неге көрші мемлекет – Қазақстан президенті Тоқаевтың отбасына тиесілі мүлікті жасырған?», - деп сұрайды.
Сұрайды да, президент Тоқаевтың ұлы Тимур Тоқаевқа тиесілі делінген Мәскеудегі 198,6 шармы метрлік пәтерді көрсетеді. «Росреестрге» 2010 жылдың 18 маусымында тіркеліпті. Ал қазір бұл базадан өшірілген немесе жасырылған.
Сол секілді зерттеуде президент Тоқаевтың бұрынғы әйелі Надежда Давыдовнаға тиесілі делінген тағы бір пәтердің «Росреестр» базасынан өшірілгені немесе жасырылғаны айтылады. Ол Мәскеу қаласы, Мещенский ауданы, Последний көшесіндегі аумағы 167,3 шаршы метрді құрайтын пәтер. Базада 2003 жылдың 23 қазанында тіркелген екен. Қазір базада бұл пәтер мүлде көрінбейді.
Отбасы туралы деректер:
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Надежда Давыдовнамен ажырасқан. Ақорданың ресми сайтында жарияланған ақпаратта: «Ажырасқан, ұлы - Тимур», - деп қана жазылған.
Ал Википедиядағы өмірбаянында: «Отбасы: Ажырасқан. Бұрынғы әйелі Надежда Давыдовна Тоқаева (1957 ж.). Ұлы Тимур Қасым-Жомартұлы Тоқаев (1984 ж.). Саясаттану ғылымының кандидаты, бизнеспен айналысады», - деп жазылған.
Президент Тоқаевтың Твиттердегі парақшасында аталған зерттеуге қатысты ешбір түсініктеме немесе ақпарат жазылмаған. Ақорданың Твиттердегі ресми парақшасы да, Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәлидің Facebook-тегі ресми парақшасы да үнсіз. Ресми билік тарапынан бұл ақпаратты ешкім растамады я терістемеді.
Бұрын оффшордағы дүние-мүлік туралы Халықаралық ақпараттарда экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың отбасы мүшелері мен оған жақын жүрген бірлі-жарым бай-бағланның аттары аталғанын білеміз. Ал президент Тоқаевтың есімі ірілі-ұсақты шетелдік антикоррупциялық зерттеулерде кезікпеді (есімізге түспеді).
Тек биыл шілдеде жарияланған «Ұйымдасқан қылмыс пен жемқорлықты зерттеу ұйымының» (OCCRP) «Pegasus жобасы» атты көлемді зерттеу материалында Қасым-Жомарт Тоқаевтың аты аталды. Оны тыңдауға арнайы тапсырыс түскен екен. Бұл туралы Abai.kz ақпараттық порталында жарияланған «Тоқаевтың кім тыңдап жүр?», - атты мақаладан егжей-тегжейлі біле аласыздар...
Айта кетейік, Ресейдегі Алексей Навальный қазір түрмеде. Биыл қаңтар айында сотталған. Ол былтыр тамызда қауіпті затпен уланып, ес-түссіз күйде Германияға жөнелтілген. Биыл қаңтар айында Ресейге қайта оралып, әуежайда тұтқындалған. Ал оның командасына тиесілі «Сыбайлас жемқорлықпен күрес қорын» Ресей соты «экстремистік ұйым» деп таныған.
Қасым-Жомарт Кемелұлы 1953 жылы 17 мамырда туған. Биыл 68-ді алқымдады.
Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтын, Пекин лингвистикалық институтын (КХР), Ресей Федерациясы Сыртқы істер министрлігінің Дипломатиялық академиясын бітірген.
Саясат ғылымдарының докторы. Ресей Федерациясы Сыртқы істер министрлігі Дипломатиялық академиясының құрметті докторы және профессоры. Женева дипломатия және халықаралық қатынастар институтының құрметті докторы. Бүкіләлемдік Жаратылыстану және гуманитарлық академиясының толық мүшесі.
Саяси карьерасында түрлі қызметтерді атқарды. Өзі Қазақстан Республикасының премьер-министрі болды. Мемлекеттік хатшы креслосына да отырып көрді. Сыртқы істер министрі де болып қызмет жасады. ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы болды. БҰҰ Бас хатшысының орынбасары, БҰҰ-ның Женевадағы бөлімшесінің Бас директоры, Қарусыздандыру конференциясының Бас хатшысының қызметін атқарды. 2019 жылы 20 наурыздан Қазақстан президенті.
Нұргелді Әбдіғаниұлы
Abai.kz