Жұма, 22 Қараша 2024
Құйылсын көшің 6159 24 пікір 10 Желтоқсан, 2021 сағат 13:24

Елбасының сенімді серігі

Үш ғасырға таяу арман болып, сол үшін халқымыз қан кешіп күрескен, ұрпақтан ұрпаққа аманат еткен Тәуелсіздік таңы атқанда өшкеніміз жанып, өлгеніміз тірілгендей құандық. «Орнында бар оңалар» деп, көңілімізді жұбатқанымызбен орны толмас бодаулар бергеніміз хақ. Аштық, репрессия, күштеп ұжымдастыру, тың игеру сынды империялық мүдденің үдесінен шыққан саяси қозғалыстар жадымыз бен жүрегімізге өлшеусіз қара таңбасын басты. Өз жерімізде отырып азшылыққа айналдық. Ұлтымыздың қырық пайызы ана тілінен мақұрым қалды. Жоспарлы экономикаға құрылған индустурия Қазақстанды аграрлық елге айналдырып қана қоймай, славян елдеріне қосақталған шикізат көзі ретінде қалыптастырды.

Ақшаның құнсыздануы, тұрмыстық тауарлардың жетіспеушілігі, сенімі күйреген жастардың қылмыстық жолға түсіуі, «совет ұлттарының лаботориясы» аталған елде ұлттық қайшылықтардың өршіуі, ядролық қаруы бар ел ретінде халықаралық ойыншылардың назарын аударуы, міне, осының бәрін есептегенде, АҚШ-тың ұлттық қауіпсіздік бойынша кеңесшісі Збигнев Бжезинскийдің «Ұлы шахмат тақтасы» деген кітабінің қорытындысына сүйенсек, шырпы тартсаң жарылатын «отты нүктеге» айналған еді. 1991 жылы қарашада совет одағының жаназасын Алматыда шығарғанда Нұрсұлтан Әбішұлы осындай қат-қабат қиындықтар мен дағдарыс құрсауында билікке келді.

Нұрекең екі шылбыр, бір тізгін қолына еркін тиген соң іскер, жаңаша ойлайтын жалынды жастар мен ысылған орта жастардан өз командасын жасақтап, иірімі мол, ағысы қатты нарықтық қатынастың теңізіне қойып кетті. Енді бір жақтан шыт жаңа мемлекет құрудың практикасынан өтті.

Совет заманында 28 жасында Түлкібас аудандық комсомал комитеттің бірінші хатшысы болған Зауытбек Қауысбекұлы өз замандастары секілді заманның өзгергенін, мемлекет құру мен қалыптастыруда, нарыққа өтуде еліміз жаңа көзқарастағы жас буын кадрлерге өте зәру екенін жан-тәнімен сезініп, ұлт көшбасшысының жанынан табылды. Көсемдігі мен шешендігіне реформаторлығы сай келген, қай салаға қай кадр жетіспей тұрғанын тамыршыдай дәл басатын президентіміз 1993 жылы желтоқсанда Зауытбек Тұрысбековті жан саны мол, құйқалы, берекелі оңтүстік облысқа бас әкім етіп тағайындады. Одаққа байланған өндіріс орындары қаңырап бос қалып, бүкіл ұжымдық шаруашылықтар тарап, қарапайым халық сең соққан балықтай сенделіп қалғанда туған жерінің ноқтасын қолына алған Зәкең реформа мен шаруашылық құрылымдарын қайта құрылымдау жұмыстарын ойдағыдай атқарып шықты.

Ұлт көшбасшысы экономикалық реформаға басым бағыт берген кезде ел ішінен 3 миллионға таяу өзге ұлт өкілдері өз атамекеніне қотарыла көшті. Осы кезде мемлекет құрыла сала 1991 жылы әлем қазақтарының тұңғыш құрылтайын Алматыда ұйымдастырып, дүниенің қырық неше еліне тарыдай шашырап кеткен қандастарымызды елге шақырып, қиындыққа қарамай ортақ үйімізді бірге көркейтуге, гүлдендіруге үндеді. Сонымен көштің алғашқы легі басталып, қандастарымыз әр қиырдан атамекенге ат басын тіреді. Бюджеттегі тапшылықты, советтен мұраға қалған сірескен бюррократияны жеңу үшін президентке төте қарайтын көші-қон агенттігі құрылып, қазақтын жанын, тағдырын жақсы түсінетін Зәкең 1997 жылы осы агенттікке төраға болып келді. Депутат болған, әкімдік тізгінін ұстаған Зәкең Елбасы сеніп тапсырған бұл жұмыстың тарихи, стратегиялық маңызын жақсы түсініп, тыңнан түрен салды. Әсіресе аңырап атамекенге келгенде иесіз қалғандай сезінген қамкөңіл қандас зиялылардың баспана мәселесін шешуге кірісті. Сол кездегі қала әкімі Храпунов мырзаның көңілін тауып, шетелге қотарла көшкен өзге ұлт өкілдерінен босаған пәтерлер мен сақалды құрылысқа айналған қабат үйлерді қаржы тауып, қандастарға бөліп берді. Міне, мұның қоғамдық, әлеуметтік дүмпуі зор болды. Бұл хабар алыс-жақын шетелге тарап, қазақ көшіне сапалық секіріс алып келді. Қанша дегенмен сананы болыс билейді ғой, мың жерден патриот болса да, қираған ел мен қаңыраған ортаға ешкім тәуекелге бел буып бармайтыны айдан анық.

Мол тәжірібие, шебер ұйымдастыршылығымен Елбасының ойлаған жерінен шыққан З.Қауыспекұлы осыдан кейін еліміз үшін өте маңызды министрліктерге басшы болды. 2000 және 2005 жылдары ҚР мемлекеттік істер агенттігіне ілгерінді-кейінді 5 жыл басшы болып, осы заманға сай кадрлар корпусын қалыптастыруға үлес қосты. Үкіметтегі барлық министрлер мен орынбасарларын, департамент, бөлім басшыларын дамыған елдерге кезек-кезек қысқа мерзімді курсқа жіберіп, тәжірібиеден өткізді. Олардың оқу жағдайын өзі қадағалап, алған сертификаттарына дейін мән берді. Соңынан бұл үдіс барлық облыстар мен қалаларға жалпыласып,  кеден, салық, халыққа қызмет өтеу орталықтары «бір терезе қағидатын» тез меңгеріп, игілігін халық көрді.

2003 жылы кейіпкеріміз еліміздің Ішкі істер министірі болып тағайындалғанда, азаматтық тұлға ретінде совет заманынан қалыптасқан, тамыры терең кеткен, құрығы ұзын, күрмегі көп қаһарлы жүйеге біраз өзгерістер алып келді. Осы министірліктің құзырындағы коррупция көзі болған біраз өкілеттіктердің ара жігі анықталып, түрме Әділет министрлігіне қарап, өзі ұстап, өзі бақылайтын заман келмеске кетті. Көлік правасын жасау да Әділет министірлігінің құзырына өтті. Шетелдіктердің виза жұмысы Сыртқы істер министрлігіне қараса, экономикалық қылмыспен айналасу Қаржы полициясына тапсырылды. Участковыйлардың айлығы көтеріліп, ісіне адал, отбасылы участковыйлар мемлекет есебінен пәтермен қамтылатын болды.

Зәкең 2007 жылы Қазақстанның Өзбекстанда Төтенше және өкілетті елшесі, 2009 жылы Қазақстанның Ресей федерациясында Төтенше және өкілетті елшесі, 2012 жылы ҚР-дың Украинадағы Төтенше және өкілетті елшесі қызметін атқарды. Алдыңғы саяси, әкімшілік қызметтеріне қарағанда бұл тың сала болатын. Әсіресе аталған елдердің Қазақстанмен қарым-қатынасы нәзік те күрделі еді. Саяси, экономикалық реформа жүргізбей жамбастап жатып алған марқұм Ислам Каримов барлық халықаралық ұйымдарға керенау болды, ал төсекте басымыз, төскейде малымыз қосылып жатқан туысқан екі елдің қарым-қатынасын икемдеп, реттеп отыратын мәмілегер тұлға керек болды. Зәкең сол борышын абыроймен орындады. Сол елдегі қандастарымыздың жоғын жоқтап, тұлғаларын, тарихи ескерткіштерді өз назарында ұстады. Ресейдің Қазақстанға ғана емес әлемдегі салмағы тым өзгеше, сондықтан ол елге баратын елшінің алар орны, көтерер жүгі айтпасақ та белгілі. Түрлі-түсті төңкерістен көз ашпаған Украина АҚШ пен Ресейдің күш сынасар, бақ таласар ойын алаңына айналғаны қашан?! Елден қашып-пысқан оппозиция өкілдерінің «құрама командасының» Украинаға барып тыныс алып, тұяқ серпіп жатқаны да жасырын емес. Міне, осы жағдайлардан-ақ, З.Қауысбекқұлының саясатта ат көтере алмас салмағын, президент көңіліндегі ешкім толтыра алмас орнын аңғарамыз.

Елімізді отыз жылға таяу басқарған президентіміз осы барыста алыс-жақыннан, іш пен сырттан келген барлық қауіпке төтеп беріп, елімізді шып-шырғасын шығармай алға сүйреп келеді. Әрине ол кісінің өзінің парасаты мен көрегендігісіне сүйенді, әрі Зәкең сияқты амбициясы жоқ, еліне адал, өз ісінің білгірі болған серіктерінің де еңбегі мол. Әрқашан күрделі, ушыққан орындарға осы кісілерді сақа сайлап қояды. Сенім білдіреді. Ары қарай ол кісілер ұйырып әкетеді. 2015 жылы бұл күндегі еліміздегі ең үлкен саяси билеуші партия болып қалыптасқан «Нұр Отан» партиясына Зәкең хатшы болып келе сала, ішкі көші-қонды оңтүстікке бағыттау үдерісіне белсене ат салысып кетті. Өзі туып өскен түстіктегі елге инабатты, абыройлы ақсақалдарды жинап, терістікке бірнеше мәрте алып барып, сол жақтың жағдайын көзбе-көз түсіндіріп, партияның саясаты мен бағыт-бағдарын насихаттады. Сонымен ішкі көші-қонда едәуір бұрылыс болып, халықтың белсенділігі артты.

2017 жылы маусымда Дүниежүзі қазақтар қауымдастығының 5-ші құрылтайында қауымдастық төрағасының бірінші орынбасары болып тағайындалды. Әрине бұл қызметті қомсынған жоқ. Елбасының сенімі, алыстағы ағайынның үкілі үміті деп білді. Өйткені бұл кезде қазақ көші тығырыққа тіреліп тұрған-ды. Атышулы екі анықтама Қытай, Иран қазақтарының азаматтық алуына кедергі болса, ірі қалалардағы тіркеу, квота айналасындағы әділетсіздік басқа елден келген қандастарымыздың адымын аштырмады. 2016 жылы Қытайда аз ұлттарға бағытталған қысым шегіне жетіп, адамдар арасына үрей тудырды. Осының бәрін алпауыт елдер өз мүддесіне шебер пайдаланып, өсек-аян таратып, өз ұпайын түгендеуге көшті. Солтүстіктегі көршіміз биік мінбірлерден ашықтан ашық территориялық тұтастығымызға әңгіме айтып, арандату сипатындағы мәлімдемелер жариялады. Зәкең аттандатып, алаулатпай өз жұмысын бастап кетті. Елбасының ұсынысымен «Отандастар» қоры құрылды, әр түрлі қоғамдық ұйымдар, жеке тұлғалар арқылы үкіметке ұсыныс пікірлер айтылды. Дөңгелек столдар ұйымдастырды. Зәкең әкім, елші кезінде өзі бас болып құрған, бұл күнде жан саны жиырма мыңнан жеткен «Асар» ауылының тәжірібиелірін басты қалалар мен солтүстік облыстарға жалпыластыруға көшті. Осы жоба үшін Үкімет пен Парламенттің табалдырығын тоздырып, түсіндірулер, кездесулер жүргізді. Әрине, бұл жобалар толықтай іске асып жатса, пайдасын қандастарымыз көреді. Елге де құт орнайды.

Биліктің баспалдақтарының бәрінен сүрінбей өтіп, сын сағаттарда ұлт көшбасшысының жанынан табылған, ешқандай топқа, жікке бөлінбей, мемлекеттік мүдде мен халықтың берекесін ойлаған, жүрген жерінде атқарған қызметінде кландық ұғым қалыптастыруға талпынбаған, жеке амбициясын партиялық этика, тәртіп шеңберінен шығармаған, зиялы қауымға соғым, сауға үлестіріп өзін насихаттамаған мемлекетшіл тұлға Зәкең 70-тің тұғырына үлкен абырой, мол табыспен, қаумалаған қауымның құрметіне бөленіп, көтеріліп келеді. Мерейтой құтты болсын, Зәке! Әлі де бергеніңізден береріңіз көп, алар қамалыңыз алда!

Омарәлі Әділбекұлы       

Abai.kz

24 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1452
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3216
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5253