Сенбі, 23 Қараша 2024
Әдебиет 6092 1 пікір 25 Желтоқсан, 2021 сағат 00:30

Мұғалім аға. Мұғал Құбашев!

Ұстаздың ұлағатты тағдыры

Мұғал... Мұғалім аға. Мұғал Құбашев!..

Тоқсан жылға жуық ғұмырындағы  бүкіл саналы тірлігі мектепке, балаға білім беру ісіне арналған ұстаздың азан шақырылып қойылған есімінің өзі де осы бір мұғалім атты қасиетті ұғымды айғақтап тұрғандай.

«Өзім өткен өткелдер» кітабында ұстаз ағаның өзі ағынан жарылып айтқандай, Ақтөбе өңіріндегі тарихы сонау Жібек жолы заманынан бері аты мәлім, жәрмеңкелі сауда орталығы, кезінде сауат ашудың алғашқы медіресе-мектептері болған Темір қаласының орта мектебін озат тәмамдаған оны, арманшыл шәкірт баланы  арман қанаты Алматыға  жетелейді. Мақсаты ұстаздық жоғарғы білім алып, мұғалім болу еді. Адам ой-санасына зиялы өміршеңдікті дарыта білетін ұлағатты тұлғаға деген ынта құрметі  жас талапкерге қанат бітірді.  Бұл  қырқыншы жылдардың соңы болатын. Ұлтымыздың талай ардақты перзенттеріне білім нәрін берген Абай атындағы қазақ педагогика институтының қасиетті шаңырағы алыс ауылдан келген мектеп түлегін жатсынбады. Қабылдау сынақтарынан оза шауып, сүрінбей өткен ол қазақ  тілі және әдебиеті факультетінің студенті атанды. Міне, өзінің болмысына, жүрегіне сонау жастық шақ кезінен ұялаған мұғалімдік ұлағатының шырағы алғаш осылай жағылған болатын. Ұлы Мұхтардай алыптың Абай өмірі мен шығармашылығына арналған терең мағына мен ой парасатқа толы ғажайып  дәрістерін немесе әдебиеттің әралуан жанрынан іргелі ілім мен таным тағылымын дарытқан Мәлік Ғабдуллин, Темірғали Нұртазин, Қажым Жұмалиевтердің лекцияларын тыңдау, ана тілінің түпсіз құдіретін ұғындырған атақты түркітанушы Сәрсен Аманжоловтан, көрнекті тілтанушы профессор Мәулен Балақаевтан сабақ алу  тіл мен әдебиет саласының болашақ ұстаз маманын білімнің де үлкен әлемінің айдынына қарай ынталандыра түсті. Институт қабырғасында Сәбит Мұқанов пен Қаныш Сәтбаев сынды алыптардың мағыналы әңгіме-дәрістерін де санасына құя білді. Осындай алып та айтулы ғұламалардың сарқылмас ғылыми қазынасы мен білімінен нәр алған, институтты үздік бітіріп, ұстаздық өмірге жолдама алған оның алдында шәкіртті мектеп қабырғасында білімге баулудың қиын да қилы жұмыстары күтіп тұрды.

Қырық жылдан астам уақыт өзін мектеп өмірімен тағдырластырған ұстаз Мұғал Отаралытегі қарапайым мұғалімнен аудандық оқу бөлімінің басшысы лауазымына дейінге жолдардан өтті. Сол өткен жылдардың әрбір кезеңдерінде өз болмысының биік те зиялы қасиет-өнегесін білім беру ісіне адал да мінсіз жұмсай білді. Ал мамандығы бойынша педагогтік қызметін оған мектептен емес,  училищеде орта білімді ұстаз-мамандарды даярлаудан бастауға тура келді. Қазақстанның Өзбекстанмен еларалық келісімінің негізінде Жоғары білім министрлігінің арнайы жолдамасымен Қарақалпақстандағы Хожелі педагогикалық училищесіне мұғалім болып келді.

Мектеп шәкіртіне білім беретін бастауыш сыныптар мұғалімін ұстаздыққа шебер баулудың дәрісін жүргізу жас маман Құбашевқа педагогикалық теория мен тәжірибені ұштастыра білудің әдістемесін жетік меңгеріп алуға үлкен септігін тигізді. Бұдан соңғы жылдарда Ақтөбе облысының Темір және Байғанин аудандарындағы ұстаздық қызметінде осы алғашқы қадамында алған пайдалы тәжірибенің өміршеңдігі көп ұзамай өз жемісін бере бастады.

Орда бұзар отызға толар-толмас жаста аудан басшылығы мектептегі білім беру жүйесін ұйымдастыру ісіне белсене кіріскен жас кадрге сенім артып мектеп директоры етіп, көп ұзамай аудандық білім басқармасының меңгерушісі қызметіне тағайындайды. Екі жылдық мұғалімдер институтын бітірген бастауыш және орта білім беруде ағартушылық тәжірибені мол жинақтаған көптеген мамандардың орнын басатын жоғары білімді жас ұстаздарды педагогикалық жауапты қызметтерге заманауи тұрғыдан кеңінен және батыл іске тарту жұмысын қолға алған ол ұйымдастырушылық қабілетімен назарға ілікті. Негізінен мал шаруашылығымен айналысатын, бір қиыры мен бір қиырының арасы жүздеген шақырым болатын Байғанин ауданындағы елді мекендерде іссапарда апталап жүріп, көнеріп тозғы жеткен мектептердің ахуалын өз көзімен көрген оқу ісінің басшысы әрі аудандық комитеттің бюро мүшесі бұларды жаңалаудың шұғыл шараларын күн тәртібіне қойып, өзі ұсынған  өзекті мәселе шешімін тапқанша жарғақ құлағы жастыққа тимеді. Білім берудің бастапқы табалдырығы ауыл мектептерінен басталатынын асқан көрегендікпен дәлелдей білді. Қазақ ұлтының болашағы – ауыл, ауыл балалары екенін бір сәтке де ойынан шығармады. Іскер де білгір жетекші педагогикалық жұмыстарды дер кезінде жолға қоя отырып. мектептердің материалдық-техникалық базасын нығайтуды да жеделдетіп қолға ады, мұғалімдердің тұрмыс-тіршілігін жақсарту мәселелерін де ұмытпады. Сондай-ақ ол әрбір мектеп бітірушінің алатын білім сапасының жақсы және жоғары деңгейде болуын үнемі қадағалауды табандылықпен жүзеге асыра білді. Басшы ретінде қарамағындағы нұсқаушы, әдіскерлердің басты жұмысы үнемі жайлы да жылы кабинетте отыруы емес, мектептегі білім беру ахуалын тікелей бақылап, тамыршыдай дәл басып біліп отыру деген қағиданы көп жылдар бойы ұстанды. Шәкірттерінің облыстық, республикалық, керек десеңіз, сол кездегі одақтық пәндік олимпиадаларға қатысу деңгейі арқылы да аудан мектептерінің білім беру ісіндегі деңгей дәрежесін анықтап отыруды да  өзінің бұлжымас парызы деп санай білген Құбашевтың өнегесі оның қызметтік қана емес, азаматтық биік белсенділгін де көрсете білгені анық. Ауыл мектебін тәмамдап, жоғарғы оқу орнына түскен әрбір мектеп түлегінің артында тірек болып оған тәлім берген ұстазы тұрғанын алдымен ол сезіне білді десек те артық емес болар. Шәкіртке білім мен зиялы өнеге тәрбие үлгісі болып дарыған ұстаз ұлағатының жемісі де осы болса керек-ті!..

Әдетте, кез келген тұлғаның марапат-мадағы өз ісіне шынайы берілген өнегесімен, қоғамға тигізген пайдасымен өлшемделетіні рас болса, Мұғал Құбашевтай ел азаматының, нағыз ағартушы, білімгер ұстаздың ең басты марапаты 1965 жылы Қазақ КСР Оқу министрлігінің бұйрығымен алған «Халық ағарту ісінің үздігі» белгісі де емес, оған берілген Ұлы Отан соғысының еңбек ардагері деген атағы, Ұлы Отан соғысының еңбек ардагері, Ұлы Жеңістің 50, 60, 65, 70 жылдығына арналған мерекелік медальдар болар-ау деген ойдамын. Өйткені қаршадайынан екі жасында шешесінен, колхозда қой фермасының меңгерушісі болған төңірегіне жетім-жесірлерді жинап, соларға жұмыс тауып беріп, аса қамқорлық жасаған абзал жаннан, әкесі Құбаштан он жасында айырылған бала Мұғал тылдағы сол қиын жылдарда соғыс ауыртпалығын үлкендермен қатар көтерген еді. Талдырмаштау бойына шақ келмейтін, тәуіліктің күн-түн деген мезгілімен санаспас ауыр жұмыстар белін қайыстырса да ол асқан шыдамдылық танытты. Қиындықпен бетпе-бет ұстасып, төзімді болуға шыңдалды. Өмір оны ерте есейтті, табанды күрескер болуға баулыды.

Ал шынтуайтына келгенде Мұғал ағаның ең басты өмірлік марапаты да бақыты – 2018 жылғы 31 тамызда жарық дүниенің соңғы сәулесі жанарынан сөнгенше өзі аялап өсірген ұл-қыздары, ыстық жанұясы, өмірлік  жары Ұлбибі болған еді.

Азаматтық рухы биік, ұлағатты еңбегін туған елінің кешегісі мен бүгініне өлшеусіз елеулі еңбек еткен, болашағына асқақ та жігерлі сеніммен қараған ұлт перзенті, биылғы жылғы жиырма бірінші желтоқсанда туғанына торқалы тоқсан жыл болған ұстаз, есімі бас әріптермен жазылуы тиіс  МҰҒАЛІМГЕ мың тағзым!

Мәди Айымбетов,

жазушы, Халықаралық алаш сыйлығының иегері

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3234
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5364