Қазақта «абыз» деген әдемі ұғым бар. Бұл өзі жай ғана қартайған адамға емес, еліне, жұртына тұтқа бола алатын, өмірден көрген-білген, көкейге түйгені көп, кейінгі ұрпаққа үлгі болатын жанға қарата айтылатын сөз шығар деп ұғамыз бүгінгілер. Әлбетте алаштың тарихындағы абыздардан біз білетіндер әріде Қорқыт ата мен Майқы би, беріректе «көмекей әулие» Бұқар жырау шығар. Олардың елге еткен қызметтері де, ұзақ ғұмырлары да, ұрпағына қалдырған мұрасы да абызға лайық. Дегенмен XXI ғасырға да қазақ абызсыз жетпеген тәрізді. Әрине, бұл жерде біз әдебиеттегі алыптарымыздың бірі жайлы айтып отырмыз. Ол - Әбең, Әбдіжәмил Нұрпейісов. Әбеңді қазаққа таныстырып жатудың қажеті жоқ. Бірақ «Қан мен тердегі» Еламан, Тәңірберген, Ақбалаларды танитын, «Соңғы парыздағы» Жәдігер, Әзім, Бәкизаттарды білетін көзіқарақты оқырман көзі тірі классиктен әлі де соны шығармалар күтетіні өтірік емес. Алайда сексеннің сеңгірінен асып, тоқсан жасты алқымдап қалған қарт жазушының шығарма жазбағанына да жиырма жыл болған екен. Тек көбіне өзінің бұрынғы жазғандарын қайта өңдеп, түзетумен ғана келеді. Бірақ Қазақ елінде ұлттың тағдыр-талайына қатысты мәселелерге, мемлекеттік тіл, ұлттық мүдде, мәдениет пен әдебиет, түрлі саяси жағдайларға қатысты өз ұстанымын айқын байқатып, талай мәрте халқының жоғын жоқтап, кем-кетігін түгендеуде алдыңғы сапта келе жатыр. «Сүтпен кірген мінез, сүйекпен кетеді» дейді қазақ. Қаламгерлік те сондай. Әбеңнің бойындағы жазушылық дарын қалайда тыным тапқызбайтын тәрізді. Оның үстіне қаламгердің көпті көргені тағы бар. Қазақтың классик жазушылары Ғабит Мүсірепов, Сәбит Мұқанов, Ғабиден Мұстафин сынды алыптарды көрген жан ол. Өзінің дос-жарандары да осал емес еді. Әбең Қалтай Мұхамеджанов, Тахауи Ахтанов, Зейнолла Қабдолов, Салық Зиманов сынды қазақтың марқасқаларымен дос болды. Қаламгердің өзінің де, достарының да, замандастарының да ғұмырнамасында біз өнеге тұтатын қасиеттер аз емес. Олардың кез келгенінің өмір жолы бір-бір тарих. Жалпы, естелік жазу - біздің әдебиетте өз алдына бөлек жанр десе де болады. Енді қазақ әдебиетіндегі саналуы естелік әңгімелердің қатарын Әбдіжәміл Нұрпейісовтің қаламынан шыққан дүниелер толықтыратын шығар. Қаламгер өз замандастары, туып-өскен өлкесінің ел аузында жүрген арғы-бергі тарихы туралы жазыпты. Байқасаңыз, Әбеңнің бұл естелік әңгімелері де өзгеше. Әдемі әзіл, қазақы қалжың араластыра отырып, атадан балаға жеткен әңгімелерден бастап, өзі куә болған оқиғалар мен араласқан азаматтар жайында баян етеді. «Жақайым, ілгеріде айтқандай, қазір екіге бөлінеді: «Сыр Жақайым», «Қыр Жақайым». Біз Қыр Жақайымға жатамыз. «Қан мен тер» алғаш орыс тіліне аударылғанда Бельгер екеуміз сөзбе-сөз аудармадан қашып, мағыналық, мәндік жағын көбірек ойладық та, ақырында «морской Жақайым», «сухопутный Жақайым» деген баламаға тоқталғанбыз...» Ал керек болса, қазақ руларының өзі «морской» және «сухопутный» аталады екен ә?! Әбең өзінің ата-тегі жайлы әңгімелей отырып, Жақайым аталған руды орыс тілінде қалай атағандығын осылай еске алады. Астарында бәрібір әзіл жатса да, сөйте тұра ана тіліміздің құнарын байқатады бұл әңгіме. «Шпильканың жаңа шыққан кезі ғой; қыпша бел, қағілез келіншектердің әне бір кісі қызыққанда тамағыма тұрып қалар-ау деп қорықпай, шпилькасымен қосып жұтып жіберердей сүп-сүйкімді аяқ болса бір сәрі, ал қоң етінен жарылайын деп тұрған қайсыбір түйенің жарты етіндей жеңгейлер шпилька кисе құрыдық; олар терезенің алдынан қазықтай темір тақамен тас көшені тепсініп басып өткенде тас төбеңді тесіп жібере жаздайды...» Қаламгер өткен ғасырдың елуінші жылдары сәнге айнала бастаған аяқкиім туралы әңгіме айтады бір естелігінде. Досы Зейнолла Қабдолов туралы жазған естелігінде: Жастықтың жалынды шағын бірге өткізіп, соғыстан кейінгі кезеңнің қиындықтарын бірге көтерген досы жайында жаза отырып, сол кездегі қоғамда болып жатқан өзгерістерге де тоқтала кетеді. Тіпті Әбеңнің бұл естеліктері де әдеттегі естеліктерден өзгеше шығыпты. Қазақы әзіл мен астарлы әңгімелерді айтпағанның өзінде, бұл естеліктер бір ғана күннің оқиғаларын суреттеп отырып, тұтас бір кезең жайында сөз етеді. Бізді қайран қалдырған тағы бір мәселе, Әбеңнің осыдан елу-алпыс жыл бұрынғы оқиғаларды бір-екі күннің алдында ғана болғандай есте сақтауы. Тіпті кімнің не айтқанына дейін әңгімелейді. «Зейнулла дос» деген әңгімесі бар Әбекеңнің. Сонда: «Жәкеңнің бір жақсысы, бұлданбайды екен. Үстелде бұрқырап жатқан қағаздың арасынан бір бетін алды да, қызыл мақпал тақиялы бас, бұрынғы бұрынғы ма, енді тіптен шыбындаған аттай, екі иықтың арасында бір оңға, бір солға шайқалып, өзі де шайқалақтап отырып оқи жөнелді... Саранжап сала құлаш сары аттың сауырына сапалақ қамшымен сарт еткізіп салып қалды да, алдында сұлап жатқан сары жалға шықса, ар жағында ақ шоқы алтын күнді басына шіл-а-п-а қып киіп алып тұр екен. Ал кәне бұған не дейсіз? Біз жаттық та мақтадық» дейді. Астарын өздеріңіз ұғына беріңіздер. Бұл естеліктерді өзгеше деуіміздің сыры осында. Қаламгер бұл естеліктерін баспасөз арқылы оқырмандарға ұсынуды жөн санаса керек. Оқылық бәріміз. Өйткені бұл естеліктер де ғасыр шежіресі. Әбдіжамил НұРПЕЙІСОВ: Жақайым Жақайымдар Боқан «Айқынның» анықтамасы Былтыр филология ғылымдарының кандидаты Ермек Қаныкейұлының көрнекті жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Әбдіжәмил Нұрпейісовтің «Соңғы парыз» романы туралы көлемді мақаласы жарық көрген болатын. Онда мақала авторы былай дейді: Қазақ әдебиетінің көк сеңгірі Әбдіжәмил Нұрпейісов «Соңғы парыздан» соң үн-түнсіз. Өзінің сексеннен асқан сеңгір жасында айтарын айтып, жазарын жазып тастап, осылай жатқан үлкен талант қашанда ұйқыдағы жанартау сияқты ғой. Өйткені оның оқырманы «Соңғы парыз» автордың рухани әлемдегі ақырғы Сөзі екеніне еш сенгісі келмейді» деп жазған едi. "Айқын" газеті |
1
1 күн бұрын
2
2 күн бұрын
3
2 күн бұрын
4
2 күн бұрын
5
1 күн бұрын