Мұнайдар Балмолда. Мемлекеттік тіл: Міндеттеу қысым көрсету емес
Мемлекеттіміздің тілі қазақ тілінің мәселесі күн тәртібінде тұр. Алайда осы мәселені қайта-қайта қозғай беру неменеге керек дейтіндер арамызда жетерлік. Себебі, арнайы курстар ашылып, телеарналар мен радиодаларда тілді оқытып үйрететін бағдарламалар ашылуда. Бірақ қанша уақыт өтсе де «баяғы жартас бір жартас»: Ата Заңмен беркітілген мемлекеттің ең басты тілі әлі тәй-тәй басқан сәбидей онша алысқа ұзай алар емес. Неге? Бұл сұрақтың нақты жауабын мен білмеймін, бірақ өзімше шамалаймын, бізде, үкіметте, билікте мемлекеттік тіл шын мәнінде мемлекеттік болсын деген ниет шамалы. Егер ниет күшті болса, премьер министрден бастап, шала тілді министрлер мен депутаттар ендігі қазақтай болып кетер еді. Зор өкінішке орай олай болмай отыр. Ал былайғы халықтың қазақ тіліне деген ықыласы күшті. Иә, үш тұғырлы тіл саясатына, орыс тіліне көбірек басымдық беруге байланысты сәл әлсіреді, бірақ әлі де өз күшінде. Қазақ қашанда өз ана тілінен бас тартпайды.
Мемлекеттік тілді білмейтін шенеуініктерді халық тағдырын шешетін лауазымды орындарға отырғызу - жиырма жылдан бері өз қолымызбен өсіріп жатқан бәйтерегіміздің бұта-тамырларын кескенмен бірдей құбылыс. Жайқалған жапырақсыз, бұтасыз қалған қу ағашты көзіңізге елестетіңізші. Мемлекттік тілге деген пиғыл осы күйінде қала берсе, онда тамырын тереңге тартқан бәйтерек-тіліміз қу ағашқа айналады, тамыры шіри бастайды...
Мемлекеттіміздің тілі қазақ тілінің мәселесі күн тәртібінде тұр. Алайда осы мәселені қайта-қайта қозғай беру неменеге керек дейтіндер арамызда жетерлік. Себебі, арнайы курстар ашылып, телеарналар мен радиодаларда тілді оқытып үйрететін бағдарламалар ашылуда. Бірақ қанша уақыт өтсе де «баяғы жартас бір жартас»: Ата Заңмен беркітілген мемлекеттің ең басты тілі әлі тәй-тәй басқан сәбидей онша алысқа ұзай алар емес. Неге? Бұл сұрақтың нақты жауабын мен білмеймін, бірақ өзімше шамалаймын, бізде, үкіметте, билікте мемлекеттік тіл шын мәнінде мемлекеттік болсын деген ниет шамалы. Егер ниет күшті болса, премьер министрден бастап, шала тілді министрлер мен депутаттар ендігі қазақтай болып кетер еді. Зор өкінішке орай олай болмай отыр. Ал былайғы халықтың қазақ тіліне деген ықыласы күшті. Иә, үш тұғырлы тіл саясатына, орыс тіліне көбірек басымдық беруге байланысты сәл әлсіреді, бірақ әлі де өз күшінде. Қазақ қашанда өз ана тілінен бас тартпайды.
Мемлекеттік тілді білмейтін шенеуініктерді халық тағдырын шешетін лауазымды орындарға отырғызу - жиырма жылдан бері өз қолымызбен өсіріп жатқан бәйтерегіміздің бұта-тамырларын кескенмен бірдей құбылыс. Жайқалған жапырақсыз, бұтасыз қалған қу ағашты көзіңізге елестетіңізші. Мемлекттік тілге деген пиғыл осы күйінде қала берсе, онда тамырын тереңге тартқан бәйтерек-тіліміз қу ағашқа айналады, тамыры шіри бастайды...
Ал сонда тек орысша сөйлейтін, ағылшыншаны да "сындырып" жүрген білімділерді лауазымды қызметтерден қуалау керек пе дерсіз. Жоқ. Жетпіс жыл қызыл партияның құқайын көрсек те оның мінезін бойға жұқтырмаған елміз. Мейлінше азатпыз, зайырлы елміз. Елдің тілін білмейтіндерге орынды талап қойып, білуді міндеттеу керек. Ол үшін ел қалтасынан қаржы шығарып, шығындалудың да пәлендей реті жоқ, себебі әр азамат өз мемлекетінің тілін бір кісідей білуге құқылы, тиісті! Ұзын арқан, кең тұсауға салып бұлай жүре беретін болсақ, алдағы он-жиырма, елу жылда да ештеңе өзгермейді. Көптің көзін алдап, үлкен мінбелерде айтылған үлкен уәделер де ұмыт болады. Қазақтың мінезі кең, кешірімшіл, сонымыз әлгіндей уәде берушілерді құтқарып келеді. Ондай уәденің үстінде міндет пен талап тұрса, іс басқаша болар еді. Талап пен міндет иесі халық атынан құрылған арнайы тіл комиссиясы болады ма, мысалға президенттікке үміткерлерден сын алғанда сондай арнайы топ құрылды емес пе, сол сияқты.
Ата Заңға оң қолын қойып, ел алдында ант берген мемлекет қызметкері мемлекетшіл екендігін сол мемлекеттің тілі арқылы дәлелдесін. Мемлекеттің тілі ойыншық емес, ол - оның рухы, салт-дәстүрі мен тарихы, тұтастығының кепілі, басқа елдерден айырмасы, яки бет-бейнесі, егемендігінің ең басты нышандарының бірі де бірегейі. Бірінші Тіл, сосын: Ту, Әнұран, Елтаңба,Төлтеңге деп рәміздерімізді тарқатамыз.
Шыны сол, бізде талап ету, міндеттеу деген болмай отыр. Атымен жоқ. Оны кейбіреулер қысым көрсету, қудалау деп қате түсінеді. Және солай түсіндіруге тырысады. Ол олай емес қой, «Отаныңының тілін біл, сол тілде сөйлеп, жазуды үйрен» деген ұстаным ата-ананың баласына деген кең пейіл-махаббатындай дүние емес пе? Осыны ұғынбайтындарға қайран қаласың. Абай хакімнің: «Өзіңе жақсылық жасаған адамға қарыз екеніңді білу үшін де ұстаз қажет пе?» дейтіндей сөзі бар емес пе, Қазақстан Республикасы ұлт пен ұлысқа жақсылық жасап отырған Ұлы Ана десек, өсіріп-өндіргені үшін баршамыз оған туған баласындай қарыздармыз, олай болса өз анамыздың тілін неге ден қойып үйренбей жүрміз? Айтарға жоқ , бұл ұят құбылыс. Ананың тілін алмаған тентек баладай еркелей берудің де бір шегі болады емес пе? Бұдан зор саяси оқиғалар туындатып, әрі-беріден соң қисық ауыздардан: «Қазақ тілінің келешегі жоқ» деп көкейтін кепке де душар болдық. Соны айтушылар шынтуайтында олай еместігін біледі, бірақ әдейі айтады, саяси ойын жасайды, ұпай түгендейді, әйтеуір «мың өліп, мың тірілген» қазақтың басынан қайғы-қасірет бұлтының сейілмегенін қалап тұрады. Сонда қазақ жерінің ауасын жұтып, суын ішкен осы адамдарда ар-ұят, адамдық намыс жоқ болғаны ма? Бар шығар, бірақ біз ойлаған сыпатта емес. Қалпы басқа, көңірсік, тиіп кетсең бықсиды, қысқасы, атам айтқан: «Сырты бүтін, іші түтін». Аузын ашқан сайын түтін тысқа тарауда. Ол түтін бықсып-бықсып лап етіп отқа, содан соң айналасын шарпыр өртке айналмасы үшін дариядан су ішкізген жөн. Дария - халық, су - сол халықтың тәртібі. «Көп қорқытады, терең батырады». Қиыс сөйлеген ауыз халықтан үлкен емес.
Жылда күзгі салымда тіл байқаулары бәйгесін белгілеп, жүлдесін қолына ұстатып, жеңімпаздарды мақтап, телеарналарда көрсетіп жатады. Сонымен ол сайыс тәмәм. Келесі жылы да солай, оның арғы жылы да... Бұлай ақша шашуды азайтып, тіл оқытудың озық құралдарын жасап, талап пен міндетті күшейту керек деп ойлаймын. Ата Заңды жұмыс жасату керек. Егер Ата Заңымызға өзгеріс енер болса, осы мәселені тартысқа салмай айқындап алу қажет. Себебі, (тағы бір анықтама) мемлекеттің тілі - елдіктің, ел болудың тіні. Сиырқұйымшақ саясатпен өмір бақи орыс тілінде сөйлей береміз. Қазақстанда орыс тіліне төніп тұрған ешқандай қауіп-қатер жоқ, болған емес және болмайды да. Ол тілде Қазақстан халқы сөйлеп, жаза береді, онымен де білімін молайтады. Адамға ұнатқан ісіңмен шұғылданба деу артық, бұл да сол сияқты. Бірақ біз дербестігін әлем мойындаған өз алдына егемен ел емеспіз бе? Мемлекеттік ар қайда, намыс қайда? Оның жоқтаушысы кім? Сіз бен біз, мұқым ел. Оның ішінде оқыған-тоқығаны ең алдымен жауапты. Өкінішке орай бізде іс жүзінде орыс тіліне басымдық беріп қою барлық шаруаны күрделі қылып, тұсап, буып тұр. Сол себепті ел иесі, жер иесі қазақ билікке сенім мен күдік арасы қарайды. Бұл үмітінен үрейі басым сипат. Қазақстан - ана, билік - бала, олай болса анасын сыйламаған баланы кім жақсы көреді?
Қала көшелеріндегі маңдайшаларды тек қана бір тілде - мемлекет тілінде, яғни қазақша жазудың күні туды, сағаты соқты әлдеқашан. Оралдағы сияқты «Достық - Дружба» даңғылы деген екіезу атаулардан арылмасақ, өсер ұрпақты турашыл, табанды етіп тәрбиелеу уыстан сусып, шығып кетеді. Арада жиырма жыл сырғыды, дүйім ел оқыды, ұқты, қазақша атаудың қасына орысшасын жазып қоюдың күні өтті. Ендігі жерде бір нәрсені тәржімасыз орысша жазу керек болған күннің өзінде де: «олке», «сакшы», «кузет», «коше», «дангыл», «устаз», «катык», «сут» деп қазақы әріптерді де орыс ұлтының айтылу мәнеріне бейімдей салмай, оларды: «өлке», «сақшы», «күзет», «көше», «даңғыл», «ұстаз» , «қатық», «сүт» деп жазу керек, сонда тіл үйрену, оның ерекшелігін сезіну әлдеқайда жақсы, әлдеқайда қарқынды болатын сияқты. Білмегенін білуге жетелейтін бір тетік осы-ау. Және орысша ыңғаймен жостырта берсек, онда қазақ тілінің сүйек-жіліншігіндей болып тұрған: ә,ө,ұ, ү, і,ң,ы,ғ,қ сынды әріптеріміз мүлде ұмыт қалады, негізі біле-білсек ол әріптер (әліпбиімізге) бүкіл әріп атаулыға қазақы күш, мінез, тәртіп, сипат беріп тұрған алтын діңгектер. Оны неге мен орыстың ыңғайына бейімдеуім керек? Байқап отырғаныңыздай олай бейімдегенде ол сөз өз мағынасын жоғалтады, ұғуға болмайтын бөтен бір сөз туады. Біз осыны түсінкіремей, орыстың ыңғайына жығылудан арылмай отырмыз. Бұл үрдіс: «Мақсатты - Миша», «Айгүлді - Аня» дегізген совет өкіметі тұсында еді. Бір мысал айта кетейін, Мәншүк Мәметова апамызды орыс құрбылары «Енді сені Маша, Машенка деп атаймыз» дегенде, «Жоқ. Менің атым Мәншүк, солай атаңдар!» деп табандылық танытыпты. Демек, тіліміздің болмысын, табиғатын қорғау өз қолымызда. Бүгінде орыстардың «Джамбуль» демей Жамбыл деп айта алатынын көрдік қой, басқаның ырқына құламай, тік жүру бізге тәуелсіздікпен жетті.
Гүржі, әзербайжан, өзбек ұлттары өз тіліндегі ерекшелікті (акцентті) орыс тілінде сөйлегенде пайдаланып жүргені өзіндік қорғаныш іспетті. Біз кейде оны орысшаға тілі келмегенге саямыз, күлеміз, онысы да болар, бірақ сөйлеушінің кім екенін танисың. Құдайдың бір ғажабы, қазақ өзге тілді үйренгенде одан асырып жібермесе, кем сөйлемейді. Бұл ұлтымыздың артықшылығы, өзіндік бір ерек қасиеті. Жарайды, ал қазақша сөйлегенде ара-тұра аузымызға түсетін орыстың кейбір сөздерін сол күйі бұзбай айтамын деу үлкен қателіктің бірі. Біз неге: «концерт», «сумка», «ботинка» демей, «кәнсерт», «сөмке», «бәтеңке» деп орыс сөздерін айтқанда қазақы «көйлек кигізіп» жібермейміз? Мұны мен емес, алаштың айбоздары айтып кеткен. Солай сөйлесек әлгі сөздер көзге шыққан сүйелдей болмай, ұлттық тіл әуезіне түсіп, жарасым табады. Кеңес үкіметі орнағаннан кейін қазаққа енген орыс сөздері көбіне-көп жазу үлгісімен емес, ауызша түрде келген болатын. Сол кезден-ақ «кроватты» «керует», «ящикті» «жәшік» деп дала қазағы құлағына таңсық сөздерді біртін-біртін «өзінікі» қылып алған еді. Қазақ тумысынан жұмсақ тілді халық, өзіндегі «Нұркенді» «Нүркен», «Исламды» «Есләм» деп иін жібітіп, жан сарайының сәулесіне шомылдыра білген ғой. Біз ішімізде жатқан осы қасиетті де жоғалтып, тілді де жүекті де тым қатайтып алдық. Қазір қобыз аспабының шегін қылдан емес , сымнан тартып, табиғи дыбысын «темір» қылып жіберді, бұл да адасу, тіліміздегі айту һәм жазу ерекшелігіндегі жат құбылыстар да осы сияқты, әдебі мен әуезі қатайып барады. Қазақ тіліне мықтап еңбегі сіңген алаш көсемі Ахмет Байтұрсын: «Тіл тазалығы дегеніміз - ана тілдің сөзін басқа тілдің сөзімен шұбарламау. Басқа тілден сөз тұтыну қажет болса, жұртқа сіңіп, құлақтарына үйір болған, мағынасы халыққа түсінікті сөздерді алу» деп көрсетеді. Өкінішке орай тіліміз шұбарланды, аударма біркелкі тәуір болғанымен халық құлағы үйренбеген сөздер көп-ақ. Өз басым көп қабатты үйдің балконын «қылтима» деп аударыпты дегенде енді: «Қылтимадан жылтима» дейміз бе деп күлдім, артынан жыларман болдым. Өзімше оның орнына балама іздеп көргем, таппадым. Сөз туғызу оңай емес. Жаңа сөз ұлттың жанымен үйлесуі қажет. «Қылтималар» қажет емес.
«Интернетті» « ғаламтор» деп тым әдемі аударды. Қазақшаға аударуға көнетін де сөздер бар, көнбейтін де сөздер бар, жаппай аудара беруге болмайды. Мысалы, компьютерді меніңше аударып қажеті жоқ, тіліміз келгенінше жұмсартып айта берген жөн болады-ау осы. Қазір жаңалық көп, ғылымда жаңа заттар пайда болып, қоғам түлеуде, соған байланысты сөз, атау көбеюде. Сондықтан Ахмет атамыз өсиеттегендей тіл тазалығын сақтауда, оны байытуда халыққа сіңісті деген сөздерді мұқият сараптап, ағын судан асыл тас іздегендей електен өткізіп барып алған абзал. Сосын өз тілімізде төл атауы, бір емес бірнеше баламасы бола тұра, орысша атауларды байқап та байқамай қолданып жатамыз, (проблема - прәбілема, свежый - сбежій) сондай сәттерде ол сөздерді әлгіндегідей «мүйізін» жонып, қазақы мәнермен, жұмсартып айтсақ жаман болмас еді.
Және бір ой. Тілдің өмір сүру ортасы қоғамдық орындар, оның ішінде дүкен, шаштараз, дәріхана т.б. десек, сондай мекемелерде істейтін мамандарға да мемлекет тілін білуді міндеттеп, талап қойылуы шарт, бұл өрескелдік, әсіре қатаңдық емес, жас мамандар тез үйреніп кетеді. Ал сен барып алып, бір-екісіне қазақша тіл қатарсың, ондағылар сені шүлдірлеп қарсы алады. Келіспей қалушылық көбіне осыдан туындап жатады. Сол себепті талап пен міндет жүктелсе, тіліміздің тіршілік ортасы сауыға түсер еді. Қоғамдық мекемелер өз қызметтерінің сапасының көрсеткіші ретінде сертификаттарды, мақтау қағаздарын жарға тізіп, іліп қояды. Мемлекеттік тілден де сондай сертификаттары болса, қандай жақсы! Не осындай мамандарды даярлағанда қазақ тілді ұл-қыздарды көптеп алу керек пе деймін? Қай күрделі істің де бір оң шешімі болуы керек қой. Бәлкім менің ойым үстірт те шығар.
Өз басым тіл маманы емеспін, бірақ осы тілмен өмір сүріп, ұл-қыз өсіріп, тәрбиелеп жүргендіктен сезіп-білген, тіл мамандарымен ақылдасқанда, әлдекімдермен осы тақырыпта қақтығысқанда туған ойымды көптің ортасына салғым келді. Жұрт талқысы артық етпес. Шынайы сын мен қосымша ақыл-кеңеске бұл өзекті мәселе әлі де зәру деп білем. Ахмет атам: «Жұрт ұқпаса, ұқпасын, жабықпаймын, Ел - бүгіншіл, менікі - ертең үшін» деген ғой, біздікі де сол мақсат, сол ниеттен туған қалам тартыс. Әсіре ділмәрсу пиғылда жоқ, Құдай сақтасын, ал артық-ауыс айтып жіберген жерлерім болса, кешірім сұраймын.
«Абай-ақпарат»