Әлі 30 жыл қос әліпбилі ел болып қала береміз
Кәсіби терминдер қалыптасуы үшін не істеу керек?
Осының алдында Abai.kz порталында кірме сөз қабылдауға қатысты мақаламыз шыққан болатын. Біреулер – мақала асығыс жазылған десе, екіншілері – орынды мәселе көтерілді деп бағалады.
Әркімнің өз пікірі өзіне Бұқара мен Самарқан. Біздің жастағылар 40 жылдай аударма саласында тер төгіп келеді. Тұстастарымыздың бәрі де, бізден кейінгі буынның өкілдері де аудармашылар қауымы үшін өз тарапынан кірме сөз қабылдауға қазіргі қазақ орфографикасы мен 42 әріптік әліпбиі қолбайлау екенін бек жақсы біледі. Бұл – өз алдына жеке бір тақырып. Еліміздегі орыс тілді БАҚ пен ғылыми орта «қазақ тілі – дамымай алған, дамуы мүлдем мүмкін емес, мешеу тіл» деген ұғымға тастай қатып, жабысып отыр. Оларды бұлайша сайратып отырған нәрсе: қазақ аудармасының ешкімге керексіздігі және ұлттық кірме сөз қабылдау принциптерінің фонетикалық тұрғыдан 28 дыбыстық табиғатымен байланыстырыла зерттелмеуі әм осы жосықтағы сөз қабылдау үрдісінің 30 жыл бойы қолға алынбауы. Әрі оның түп себебі: аудармамен айналысатындардың білімін көтеретін институттар мен ұлттық аудармашылар одағының құрылмауында жатыр. Аударма саласымен жеке айналысатын ұлтқа жөн сілтейтін арнайы маманданған ғылыми орталықтың болмауы да бір тамырымызды кемшін соқтырады. Бәрін аудармамен айналысудың не екенін онша ұғына бермейтін Ұлттық Теркомға жүктеп қою - түптің түбінде еш жақсылыққа әкеп соқтырмайды.
Қазір техникалық білім беретін ЖОО бір-бірлерінің қазақ тілді оқулықтарын оқи алмайтын болды. Оқи алмайтын себебі – техникалық терминдер түрлінше аталады. Оның себебі – 30 жылдан бері тілімізге Тіл реформасы жүргізілген жоқ. Қазіргі кірілді 28 әріпке көшіруге ешкім құлық танытпай отыр. Біз әлі 30 жылдай қос әліпбилі ел болып қала береміз. Солай болса да, бірінші кезекте кірме сөз қабылдаудың үш бағытын жарыстыра қолға алуға тиіспіз.
Енді аталған бағыттарға тоқталайық.
Біріншісі – орыс тілін қазақша бұрып айтатын кәсіби сленг. Қазір қанша жерден қазақша баламасын тапсаң да ешкім подъез, разъез, предохранитель т.б. сөздерді қазақшасы бойынша айтпайды. Сондықтан бұл сөздерді қазақ тілінің дыбыстық жүйесі бойынша пәдіиез, ірәзіиез, піредәкірәніитіл деп айтуға көшіп, жұрт санасында қалыптастыруға тиіспіз.
Екінші бағыт бойынша ағылшындық немесе түріктік кірме сөзбен бұрынғы орыс тіліндегі шет елдік сөзді алмастыру. Мысалы, Хрусталь: ағылшынша – crystal; түрікше – billur; татарша – бәллүр т.б. Немесе подъез –entrance[ˈentrəns] (ағыл.), geldim (түр.), разъез – departure [dɪˈpɑːʧə] (ағыл.), ayrılma (түр.), предохранитель – fuse [fjuːz] (ағыл), sigorta (түр) және де железнодорожная ветка ағыл.siding [ˈsaɪdɪŋ], түр. demiryolu şubesi.
Жақында өткен басқосуда танымал қаламгер Ақберен Елгезек «балаларға арналған әдебиет жоқ» деп, дабыл қақты. Балалар әдебиетін танымал етуде еуропалық фэнтезидің Шығыстық нұсқасы саналатын ағылшының light (жеңіл) және novel (роман) сөзінен кәлкәләнған жапондық Райто нобэру терміні бар. Орыстар Ранобэ деп атап жүр. Енді осы ғашықтық, батырлық және үрейлік мотивтерден тұратын ЖеНо (жеңіл роман//новелла) кәріс, жапон және қытай тілдерінен аударылатын болса, онда ҚХР келген қандастарымыз бадалар әдебиетінің танымалдығын танытуда өз интеллектуалды үлесін қосар еді.
Біз бұны сөз етіп отырған себебіміз қытай батырлық Жероларындағы секта, клан және орден сөздері ұшырасады. Осы сөздерді түрік ағайындар сектаны – mezhep және tarikat, кланды – oymak, kabile және aşiret (бұл сөздер тайпа деген ұғымды да білдіреді), орденді – nişan деп атайды. Қытай Жероларын орыс және ағылшын тілдерінен тәржімалағанда орыс ыңғайына кетпей осы ұғымдарды қолданған ыңғайлы.
Үшінші бағыт – жарыспалы ұлттық синонимдерді орнықтыру. Мәселен, железнодорожная ветка деген ұғымды білдіретін орысша термінді ұлттық терімінком бекіткен теміржол тармағы атауымен жарыстыра ағылшынның siding [ˈsaɪdɪŋ] сәидің сөзін не болмаса темір жол беткәсі, теміржол шүбөсі деп жазып қолдану.
Осы үш бағытты аударма тілінде орнықтыра алсақ, тіліміз бабалар дәстүрімен әлемдік өркениетті жатсынбай қазақиландырады және түркілік түп тамырынан ажырамайды.
28 әріптік сөз қолданысы ғана тілімізді сақтап қалатынын және оны 28 әріпке негізделген кірме сөз қабылдау үрдісі ғана әлемдік дамыған тілдермен терезесі тең ететінін ұғатын кез келді. Бейпіл ұлттық баламалаумен біз ұзаққа бармаймыз, қазақша үйренгісі келген орыс тілді жас ұрпақты тілімізден жерінтеміз. Ойланайық, ағайын!
Осыдан біраз күн бұрын Қырғызстанның Жоғорғы Кенешінің депутаты Нұржігіт Қадырбеков Балапан арнасының кесірінен қыздарының қазақша сөйлейтініне шағымданды https://abai.kz/post/147532 Бұл көп нәрсені ұқтырады. Балдырғандардың қолынан ұялы емес, кітап түспеуі үшін білім беруші әдебиеттерді КСРО кезіндегі қазақ аудармашыларындай қазақи шекпенмен ұлтқа ұсынуға тиіспіз. Қазақ тілі – аймақтық тіл. Қауаты мол. Өзбек пен қырғыз, қарақалпақ кітап нарығында өз орнын таба алады.
Кәсіби терміндер қалыптасуы үшін балалар әдебиеті коммерциялық табыс әкелуі үшін жеке ұлттық Аудармашылар Одағы қажет. Онысыз Тіл Реформасы батпаққа батады.
Аударма саласындағы балалар әдебиеттінің тұралауы ол енді жеке әңгіме.
Әбіл-Серік Әліакбар
Abai.kz