Жұма, 22 Қараша 2024
Әне, көрдің бе? 5846 50 пікір 25 Ақпан, 2022 сағат 11:18

Сұлтанов кімнің сойылын соғып отыр?

Қазіргі таңда бүкіл әлемді қатты алаңдатып отырған бір ғана мәселе бар. Ол - тәуелсіз Украинаға Ресей атты алпауыт елдің ашық агрессиясы. «Орыс әлемінің» жоқтаушысы алдымен туыстас елді «сондағы орыстарға қысым көрсетіліп жатыр» деген сылтаумен Донецк мен Луганск облыстарын алдымен қуыршақ мемлекетке айналдырды да, соңынан ақыры әскери жолмен, еш қымсынбастан басып кіріп, қалаларын бомбалап жатыр.

Путиннің бұл бейбастақ әрекетін барлық өркениетті елдер арандатушылық ретінде бағалап отыр. Біздің еліміз де Сыртқы істер министрі Тілеуберді мырзаның атымен әлгі республикасымақтарды мойындау немесе мойындамау бүгінгі күн тәрібінде тұрған мәселе еместігін ашық айтты. Яғни, дипломатия тілінен қарапайым тілге айналдырсақ, мұның бізге еш қатысы жоқ деген сөзді білдіреді. Былай қарағанда шовинизм ауруымен ауыратын белгілі елдің басшысының тіпті, үшніші дүниежүзілік соғысты да бастап жіберуі мүмкін мұндай ессіздігін ешбір саналы адам қолдамасы белгілі.

Алайда баяғыда бір профессор ағамыз айтпақшы «өмірде не болмайды» екен. Жан-жағына зәр шашап отырған, біздің еліміздің де бір бөлшегіне көз алартатын мұндай елдің әлгіндей басқыншылық саясатын қоолдайтын адамдар да бар көрінеді. Ол алыстан емес, дәл осы өз ішімізден табылғандығын қайтерсіз. Бұл саяси ғылымының докторы, елімізге белгілі ғалым-саясаттанушы Болат Сұлтанов деген кісі көрінеді. Бұл азамат жақында ғана республикалық танымал «365 info.kz» порталына арнайы көлемді сұхбат беріп, Ресейдің агрессиясын еш қымсынбастан ақтап алуға тырысыпты. Мақаласының атының да оңып тұрғаны шамалы, «Нельзя скатываться в антироссийские разборки и пещерный национализм» деп айқайлап-ақ тұр. (Біз әдейі аудармадық. Оқырмандардың өздері бағалар) Алдымен баяғы алдымен Абаев дүниежүзіне жар салған атақты «үңгірдегі ұлтшылдық» деген бізге таққан айдары көзімізге жылы ұшырай кетті. Жақында ғана Путинннің агрессия жасар алдында теледидарда сөйлеген сөзінде де осы сөз тіркесін қолданған еді. Сірә, Абаевтың «ашқан жаңалығы» қатты ұнап қалса керек. Бұл енді баяғыда Желтоқсан көтерілісіне қатысқандарға Кремль қолданған «қазақ ұлтшылдығы» деген еске түсіреді.

Жә, сонымен саясаттанушы не дейді дейсіздер ғой. Бұл кісі ана Украинаның бір бөлігін бөлшектеп алып, содан соң Донецк және Луганск халық республикасы дегенді құрғандардың өтіріктерін қайталаған Путиннің «дәлелсымағын» бізге де таңғысы келеді. Яғни, егер халқтың бір бөлігін тіршілігін әдейі қиындатсаңдар, олар не өзге жаққа көшуге мәжбүр болады немесе ол елді қорғамайды-мыс. Оларға барынша жақсы жақсы жағдай жасап, жұмыспен қамтамасыз ету керек екен. Ал енді украина халқы сондағы орыстарға дәл осындай адам төзгісіз жағдай тудырды дегенді кім айтты? Бұл сондағы сепаратист жұрттың ойлап тапқаны емес пе? Неге біз сол украин жағының пікірін тыңдамаймыз? Осындай сауалдарды өзін ғалыммын деген адамға қоюдың өзі бір түрлі, қисынсыздау екен.

Сосын бұл ғалымның тағы бір айтқаны біз Ресейге қарсы бағытталған көңіл-күйден арылып, мұндай науқанға араласпауымыз керек екен. Мұның бәрі АҚШ пен Еуропа елдері қаржыландырып, әдейі айдап салып отырған блогерлердің әрекеті көрінеді. Сонда Ресейдің журналистердің барлығы тек обьективті бағыт ұстанатын, ешкімді босқа қарамаламайтын, періштедей адал адамдар ма екен? Сонда біздің күнде Ресей теледидарынан толассыз жүріп жатқан сол АҚШ пен Еуропа елдерін ашықтан-ашық жау санайтын насихатын қайда қоямыз? Анау Симонян мен Соловьев секілді «Орыс әлемі» идеясын санамызға сіңіргісі келген әрекетін қалай бағаладық?

Мақала авторы көршіміздің еліміздің солтүстік облыстарына көз алартқандығын да өзінше жуып-шаймақ болады. Мұның дәлелі ретінде Тоқаевтың қазақша берген сұхбатында «Ресей президенті Ресейдің Қазақстан аумағына деген ешқандай мәселе жоқ» деген айтты ғой деп сілтеме жасайды. Ал енді сол Путиннің сөзінің құны қаншалықты екендігін бүгінде көзі қарақты жандардың бәрі де біледі. Ол кісі бүгін былай деп айтады, ертеңіне басқаша сөйлей салады. «Күштінің арты диірмен тартатындығы» белгілі ғой.

Мақалаға қатысты тағы бір ойды айта кетпеске болмайды. Автордың ешбір ойсыз-күйсіз қолданып отырған Абаевтан қалған «мұра» - «үңгірдегі ұлтшылдық» деген қандай ұлтшылдық? Оның өркениетті елдердегі қалыптасқан ұлтшылдық ұғынымына қаншалықты сәйкес келеді? Оның өзге ұлттардың зиялыларын түп-тамырымен құртуда қолданған большевиктердің «ұлтшылдығынан» қандай айырмасы бар?

Міне, осындай сауалдарға өзін ғалыммын деп санайтын адамның ғылыми тұрғыдан толыққанды жауап бергендігін күтер едік.

Жайберген Болатов

Abai.kz

50 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1462
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3229
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5308