Сенбі, 23 Қараша 2024
Дін мен тін 4526 9 пікір 5 Мамыр, 2022 сағат 12:32

Жаннат пен жаһаннам қандай мекен?

Аруағын ардақтаған қазаққа мұның қайсысы бұйырар екен

Ислам дінінің иман келтіретін шарттарының бірі ақыреттің барына сену және қиямет күнге иман келтіру. Ислам мына фәни дүние бір күні тып-типыл болып жоғалады,тіршілік атаулының бәрі өз тынысын біржолата тоқтатады, бірақ адамның рухы мәңгі өмір сүреді деп қарайды. Ал бұрын және кейін өмірден озғандар қиямет күні қайта тіріліп, махшарға қарай жүгіреді және барлық адам баласы түрегеліп тұрады делінеді. «Құран кәрімде»: «Бұдан кейін әрине сендер өлесіңдер»; «Сосын сендер қиямет күні, күдіксіз тірілтілесіңдер» [1]. «Қиямет күні кейбір жүздер жарқылдап»; «Раббына қарайды»; «Ол күні, кейбір жүздер томсаруда болады»; «Өзіне бел үзетін қинау жасалады деп ойлайды» [2]. Демек. қиямет күні әрбір пенденің бұ дүниеде жасаған жақсы-жаман іс-әрекеттері сол күні таразыланып, ақ-қарасы анықталып әділ жаза берілетін болады.

Ислам діні жалпы бұ дүниеге сыни көзқараспен қарап, адамдардың «екі дүниеде де бақытты болуын» тілесе де, ақиқатына келгенде, фани дүниені уақытша, жалған, адамның сынақ алаңы, ал бахи дүниені мәңгілік тұрағы санайды. Егер адамдар фани дүниеде Алланың пәрменіне бойынып, парыздарын мүлтіксіз орындап, дұрыс жолда жүріп, сауатты істер көп жасайтын болса, бахи дүниеге барғанда Алланың шапағатына бөлініп, қиямет күні болатын сұрақтан кейін оларға Жаннаттың есігі айқара ашылады. «Раббыларына қарсы келуден сақсынғандар, топ-топ Жаннатқа жолданады. Сондай-ақ олар оған барғанда оның есіктері ашылады. Оларға оның сақшылары: «Сендерге сәлем. Қош келдіңдер, Жаннатқа мәңгі қалатын түрде кіріңдер» дейді [3]. «Ендеше, Раббыларыңның қай нығыметтерін өтірік дейсіңдер? Раббының хұзырына шығудан қорыққан кісіге екі бейіш бар» [4]. Егер бұ дүниеде жаман істер жасаған, яғни ислам дінін жасынға шығарып, одан бет бұрғандар аяусыз жазаланып, Жаһаннамға тасталып, мәңгілік азапта қалады делінеді.

                                                   Жаннат  

Олай болса ислам дінінде айтылатын Жаннат қандай мекен, ал Жаһаннам шы? Бұл екуін білу үшін исламның қасиетті кітабы «Құран кәрімге» сүйеніп бірге ізденіп көрелік. Онда алдымен пенде о дүниеге барғанда жанын мәңгілік рахатқа бөлейтін Жаннаттқа тоқталайық.

«Тәуратта» Жаннат алғашында Адам ата мен Хау ана тұрып, кейін күнәлары үшін қуылған ғажайып бау-бақша түрінде суреттелген, «Інжілде» Жаннат туралы түсінік дінге сенушілердің өлгеннен кейін қайтып оралатын орны ретінде сипатталған. Көпетеген діндерде Жаннат рахаты күнаһарлардың Жаһаннамда тартатын азабына қарама-қарсы қойылады. Ал Жаннат ислам дінінде адал мүміндердің мәңгілік мекені ретінде суреттеледі.

«Құран кәрімде» Жаннат туралы аяттар өте көп, бұл аяттарды оқып отырсаңыз өте көркем суреттелген тамаша ортаға кез боласыз. Тақуалар бұл мекенге бару үшін өмір бақи дайындалады, оны армандайды, оған баруға асығады. «Раббыларыңның жарылқауына және тақуалар үшін әзірленген, кеңдігі жер мен көктей Жаннатқа жарысыңдар» [5]; «Раббыларыңнан жарылқауға және кеңдігі жер мен көктің кеңдігіндей; Аллаға, Елшісіне иман келтіргендер үшін әзірленген Жаннатқа жарысыңдар. Ол Алла (Т.) ның мәрхаметі. Оны қалаған кісісіне береді» [6] дейді.

Жаннаттың сегіз түрі болып, ол өте әдемі және тыныш мекен болып, барлық жері жап-жасыл ағаштармен көмкеріліп жыл бойы көлеңкесін түсіріп тұрады. Бұлақтар және өзендер тоқтаусыз ағып тұрады, «Сондай тақуаларға уәде етілген жаннатың мысалы: Онда еш бұзылмайтын өзен сулар, дәмі өзгермейтін сүттен өзендер, ішушілерге дәмді арақтан өзендер және балдан өзендер, сондай-ақ онда оларға әр түрлі жеміс әрі Раббыларыынан жарылқау бар; (бұлар), жаһаннамда мәңгі қалып қайнар су ішкізіліп, ішектері туралған біреумен тең бе?» [7]

Жаннаттың ауасы өте жағымды, ондағылар ытық, суық дегенді білмейді, жегені алдында, жемегені артында, «Оларды сабыр еткендері үшін Жаннат және жібекпен сыйлайды»; «Олар, ол ортада дивандарға жастанған түрде отырады. Олар онда ыстық та суық та көрмейді»; «Оларға бейіштің көлеңкелері иіліп, жемістері мүлде еріктерінде болды»; «Оларға күмістен ыдыстар, шыныдан құмыралар ұсынылады» [8].

«Оларға бейіште қызығатын ет пен жемісті молайтамыз» [9].

«Олар онда жастанып отырады. Ол жерде мол жемістер, сусындар тілейді»; «олардың қасында телмірген жасыт қор қыздары бар» [10].

«Оларға өзгермес жастар айналып, қызмет етеді»; «Ағып жатқан арақтан толтырылған шелектер, құмандар және кеселермен»; «Ол бас ауыртпайды да, мас қылмайды»; «Қалаған жемістере бар»; «Көңілдері соққан құс еттері бар»; «Бота көз хұрлар бар»[11].

«Оларды бота көз хұрлармен үйлендіреміз»; «Сондай иман келтіргендер, олардың ұрпақтары да иман келтіріп, өздеріне ілескен болса, оларды ол ұрпақтарына қосамыз. Сондай-ақ олардың ғамалдарынан еш нәрсе кемітпейміз. Әркім істегенінің бодауына ұсталады. Оларға бейіште қызығатын ет пен жемісті молайтамыз» [12].

«Шын мәнінде тақуалар аман бір орында болады»;  «Бақшаларда бұлақтарда»; «Жұқа, қалың жібектер киіп, ерсілі-қарсылы отырады; Осы сияқты, сондай-ақ оларды бота көз хұрлармен үйлендіреміз»; «Ол жерде бейбіт түрде әртүрлі жемісті сұрай алады» [13].

«Олар, Ғадын Жаннаттарына кіреді. Онда алтын және інжу білезіктермен безенеді де олардың онда киімдері жібектен болады» [14].

«(Алла тақуаларға): «Әй құлдарым! Бүгін сендерге хауіп-қатер жоқ әрі қайғырмайсыңдар» (дейді); «Олар сондай иман келтіріп, бой ұсынушылар»; «Жаннатқа кіріңдер. Сендер де жұбайларың да шаттыққа бөленесіңдер»; «Оларға алтыннан табақтар, кәселер ұсынылады. Сондай-ақ онда көңілдері қызығатын, көздері қуанатын нәрселер бар. Сендер онда мәңгі қаласыңдар»; «Міне осы сендердің ғамалдарыңменен мұрагер болған Жаннат»; «Онда сендерге жемістер көп, одан жейсіңдер» [15].

«Олар Жаннатта сәлемнен басқа бос сөз естімейді»; «Бірақ «Сәлем, сәлем» деген сөзді ғана естиді»; «Расында хұр қыздарын жаңадан жаратамыз. (Немесе Жаннаттық әйелдерді қайтадан жаратамыз. Б.); «Оларды ер көрмеген қыздар етіп, жаратамыз»; «Күйеуін сүйгіш құрдас болады» [16]

«Олар Жаннатта сәлемнен басқа бос сөз естімейді. Және оларға Жаннатта ертелі-кеш несібе бар»; «Құлдарымыздан біреу тақуа болса, соны мұрагер ететін бейіш осы» [17].

Жаннатқа кірудің  ең оңтайлы жолы және пенденің ақыреттегі азаптан сақтайтын бес уақ намазды қаза қылмай оқу екені туралы «Құран кәрімде» мынадай аяттар бар:

«Олар көмеске иман келтіреді, намазды толық орындайды, өздеріне берген несібемізден (Алла жолына) жұмсайды» [18] (2-Бақара сүресі, 3-аят. 2-бет)

«Намазды толық оқыңдар, зекет  беріңдер, сондай-ақ (Алланың хұзырына) иілушілермен бірге иіліңдер» [19] (2-Бақара сүресі, 43-аят. 7-бет)

«Қашан намаз өтеп болсаңдар, Алланы; тұрып, отырып және жатқан бойда еске алыңдар. Қашан тынышталсаңдар, онда намазды толық орындаңдар. Өйткені, намаз мүміндерге белгілі уақытта парыз қылынды» [20].

«Олар Жаннаттарда сұрады!»; «Қылмыстылардан»; «Сендерді, Жаһаннамға кіргізген не нәрсе?»; «Олар, «Біз намаз оқушылардан емес едік» [21].

Ал Пайғамбардың бір хадисінде: «Кімде-кім бес уақ намазға мұқият болса, Алла оған бір нұр нәсіп етеді, намазы оған дәлел болады және қиямет күні ол құтылады. Ал егер кімде-кім намазға салғырт қараса, оның нұрын алып қояды әрі дәлелі болмайды және ол үшін қияметте құтылу жоқ. Ол қиямет күні Перғауын, Қарун, Һаман, Абу ибн Халафпен бірге болады деген».

Жоғарыда айтылғандар мүминдердің (тақуалардың) өмір бойы үміт ететін ақыреттің сыйы – Жаннаттың образды, жанды суретері. Бұған баруды армандаған мүмндер фани дүниедегі барлық қиыншылыққа көніп, шүкір етіп, Алланың парыздарын барынша орындап, намаз оқып, зекет беріп ақыретте мәңгілік мекенге кіруді армандайды. Сол арқылы рухани тыныштық тапқандай болады.

Жаһаннам

Енді Жаһаннам қандай мекен екеніне тоқталсақ. Ислам дінінің көзқарасы бойынша, бұ дүниеде жаман істер жасаған, яғни Алланың парыздарын орындамаған, діннен теріс айналған адамдар қиямет күнгі сұрақтан кейін, Жаханнамға тастаплып, мәңгілік азапқа түседі. «Құран кәрімде» Жаһаннамның жағдайы өте нақты, жанды және образды бейнеленген. Көркем Жаннатпен салыстырғанда Жаһаннам бүкілдей керісінше. Жаһаннамда қараңғылық пен азаптауға толы, мұны естіген пенденің денесі түршігіп, бойын үрей билейді. Жаннат сегізі болса, ал Жаһаннамнан жетеуі бар. «Жаһаннамның жеті қақпасы бар. Әр қақпаға олардан бір бөлегі айрылады» [22].

«Олардың үстерінде де оттан түнектер; астарынан да түнектер болады. Міне Алла құлдарын осы арқылы қорқытады. Әй құлдарым! Менен қорқыңдар» [23].

«Әй, мүміндер! Өздеріңді әрі үй іштеріңді отыны адамдар мен тастардан болған оттан қорқыңдар. Оның басындағы періштелер; жуан денелі, қатал. Олар Алланың өздеріне берген әмірлеріне қарсы келмейді. Не бұйрылса, соны орындайды»; «Әй қарсы келмеңдер! Бүгін сылтауратпаңдар! Шын мәнінде істегендеріңнің сазайын тартасыңдар»; «Әй Пайғамбар! Кәпірлер және мұнафықтармен күрес, сондай-ақ оларға қатаң бол. Олардың орны жаһаннам нендей жаман орын» [24].

«Олар ыстық бу, қайнар суда болады», «Қара түнек көлеңкеде болады», «Салқын да емес, жайлы да емес»; «Өйткені олар, бұдан бұрын (дүниеде) тоң мойын әуесқорлар еді»; «Зор күнәда қасарушы еді»; «Өліп топырақ және сүйектер болсақ та шын тірілеміз бе?» –  дейді»; «Бұрынғы ата-бабаларымыз да тіріле ме?» – (дейді). «(Мұхаммед Ғ.С) «Сөзсіз бұрынғылар да, соңғылар да», – де»; «Әлбетте, мәлім күнде белгілі орынға жиналады» (де)» [25]. «Әрі Жаһаннамға салынады» [26].

«Оларға Жаһаннамда оттан төсек және үстерінде оттан жамылғылар бар. Залымдарға осылайша жаза береміз» [27].

«Ол, адам терісін өртеп кетеді»; «Оған он тоғыз (періште) қарайды» [28].

«Негізінен ондай аяттарымызға қарсы шыққандарды жедел Жаһаннамға саламыз да, олардың терілері жанған сайын азапты татулары үшін, оны басқа терілерге ауыстырамыз. Шәксіз Алла тым үстем, хикмет иесі» [29].

«Рас заққум ағашын залымдарға сұмдық қылдық»; «Рас ол, жаһаннамның түбінде шығатын бір ағаш»; «Оның қауашақтары, шайтандардың бастары сияқты (Өте жаман бейнеде деген ұғымда. Б.Ж.М.К.Р)»; «Сондай-ақ олардан жеп қарындарын толтырады»; «Сосын оларға қайнап тұрған судан сусын беріледі»; «Сосын олардың қайтар жерлері әлбетте жаһаннам болады» [30].

«Күнәкарлардың тамағы»; «Балқыған кен сияқты қарындарында қайнайды»; «Қайнаған су құсаған»; «Оны ұстаңдар да сүйретіп, жаһаннамның ортасына тастаңдар»; «Сосын басының үстіне азап ретінде қайнар су құйыңдар» [31].

«Олардың ащы, сасық тікеннен басқа ешбір тамағы болмайды»; «Ол, семіртпейді де аштықты баспайды» [32].

«Әлбетте Жаһаннам күтіп тұрады»; «Азғындардың барар жері»; «Онда олар ғасырларша тұрады»; «Олар онда салқындамайды да сусын таппайды»; «Бірақ қайнап тұрған су, ірің ішеді»; «Қылмыстарына сай бір жаза»; «Өйткені олар, есепке тартылуды ойламан еді»; «Аятымызды мүлде жасынға шығарған еді»; «Әр нәрсені жазып сақтадық»; «Енді татыңдар; ал енді сендерге азаптанбасқа еш нәрсе татырмаймыз (делінеді)» [33].

ЖәҺаннамда ешқашан шыдауға болмайтын қинаулармен қатты азаптаулар ұдайы болады. Азаптаудың сан түрлі бар.

«Онымен олардың ішіндегілері және терілері өртеледі»; «Олар үшін темірден күрзілер болады»; «Қашан олар Жаһаннамның бейнетінен шығуды қаласа, оған қайта итеріледі де: «Жандырушы азаптың дәмін татыңдар!», – делінеді. Олардың бастарының төбесінен һарарәтлік қайнаған су құйылады, сонымен»  [34].

«Қиямет күнінде олар Жаһаннам отында қыздырылып, қабырғалары, арқалары таңбаланып: «Мынау өздерің үшін жиғандарың. Ал енді жиғандарыңның дәмін татыңдар» (делінеді) [35].

«Сол уақытта олардың мойындарында ажырғылар, боғаулар болған түрде сүйретіледі» [36]. «Күдіксіз аяттарымызды жасынға айналдырып, одан өзін жоғары көргендерге көктің есігі ашылмайды... Және олар түйе иненің көзінен өткенге дейін Жаннатқа кірмейді. Күнәләріңді өстіп жазаландырамыз» [37].

«Құран кәрімде» тағы былай делінеді: «Жаннаттағылар мен Жаһаннамдағылардың) арасында далда бар. Және «Ағраф» делінген жоғары орында екі жақтағыларды да әлпеттерінен танитын біреулер бар. Бұлар «сендерге сәлем» деп жаннаттағыларға айғайлайды. Бұлар әлі жаннатқа кірмеген, үміт ететіндер»; «Қашан олардың көздері тозақтықтар жаққа бұрылса: «Раббымыз! Бізді залым елмен бірге қылы көрме!», – дейді. «Ағырафтағылар жаһаннамдағы әлпеттерінен танығандарға: «Сендерге көптіктерің және менмендіктерің пайда бермеді ме?» – деп айғайлайды»; «Оларға Жаннаттағыларды көрсетіп:) «Бұларға Алланың рахметі тимейді деп, ант ішкен адамдарың емес пе? Жаннатқа кіргендер. Сендерге қорқыныш жоқ әрі сендер қайғырмаңдар (делінеді). «Жаһаннамдағылар, Жаннаттағыларға: «Бізге суларыңнан немесе Алланың сендерге берген несібесінен төгіп жіберіңдер» деп айғайлайды. Олар: «Расында Алла, ол екеуінде кәпірлерге арам еткен» [38].

Олар Жаһаннамдағларды көргенде, ондағы азаптауларды көріп, Алладан өздеріне кеңшілік, кешірім беруін тілеумен болады.

Міне бұлар Жәһаннам туралы «Құран кәрімдегі» баяндар. Ислам діні осы арқылы пенделерді тауқуа болуғ, жақсылық жасауға, жамандықтан сақтануға шақырады. Исламның көзқарасы бойынша, бұ дүние пенделер үшін сынақ майданы, қысқа уақытық өмір сүру тұрағы, ал о дүне болса мәңгілік мекен саналады. Бұ дүниеде жақсы іс істегенде, сауатты іс істегенде  о дүниеге барғанда қиналыссыз Жаннатқа кіреді, бұ дүниеде жаман іс істегендер, қылмыс істегендер о дүниеде құтылуға болмайтын Жаһаннамның азабына тартылады.

Қиямет күні әлі болған жоқ, оның қашан болатынын бір Алла біледі. Жаннат пен Жаһаннамға ешкім бара қойған жоқ.

      Таңірлік дүние танымында бұ дүние мен о дүне бар ма?

Ислам дүниені бұ дүние (фани – жалған) және о дүние (бақи – мәңгілік) деп екіге бөлсе, ал қазақтың таңірлік діні де дүниені бұ дүниені – жарық, о дүниені – тылсым деп екіге бөледі.

Өлім жайлы таңірлік түсінік бойынша қазақ ешқашан адамды өлді демейді: қайтыс болды, қаза болды, марқұм болды, өмірден озды, көз жұмды, боздақ, шетінеді дейді. Қазақ Аруақтың өлмейтіндігін білгендіктен осылай айтып отыр.

Бұл туралы жүйеші, таңірші Тақтар (абыз) Асқарбайұлы Бейсенбиновтың «Ақиқат» кітабында былай баян етіледі:

                                                 ТАҢІР

Таңір дүниені екіге бөледі: бұ дүние – жарық, о дүние тылсым.

Таңірдің жарығы, орысша – светлый, озаренный, просветленный.

Таңірдің тылсымы, басқа тілде – транцендентнный, сокровенный.

Ислам – өмірді «фани» деп,жамандайды.

Таңір діні – өмірді «жарық» деп, мадақтайды.

Ислам – өлімді «бахи» деп, мадақтайды.

Таңір діні – өлімді «тылсым» деп жұмбақтайды.

Ислам мен Таң-Ір дінінің түсініктері бір-біріне қарама-қайшы болыпшығып, осы жерден бастап дүние танымдары қақ жарылып, екі дін екі жаққа кетеді.

Қазақтың Таң-Ірлік дүние танымында, дүние – жарық, өлім – сәт, ғұмыр – тылсым.

Қазақтың Таң-Ірлік дүние танымында, өмір – әлемнің өзі секілді шыр айналады.

Қазақтың Таң-Ірлік дүние танымында, өмірдің өлшемін «тудым-тудым» деген тұжырымға сидырып: туасың, өмір сүресің, өмірден озасың, ғұмырға жетесің, жеткен – қайтады, қайтқан – қайта туады, – деп мәңгіліктің ақиқатын анықтайды.

Мәңгілік өмір туралы қазақ ұлтының өз түсінігі – ғылыми түсінік, керемет түсінік.

Мәңгілік өмір әр адамның арманы, кез келген ұлттың арманы.

Мәңгілік өмірді ойламайтындар аз, олардың жөні бөлек.

Әлемнің «ортадокс» діндері, өлімді – мақтап, мәңгілік сол жақта, онда жұмақ (жаннат), қор қыздары бар, бұзылмайтын судан, сүттен, балдан, арақтан өзендер ағып жатыр, жаратушының өзі де сол жақта отыр деп жарапазан айтқанымен, ешкімнің өлгісі келіп, «бақилық» жаққа асығып отырған жоқ.

Адам, осы жерде, осы кәзір, ауырмай-сырқамай мәңгілік өмір сүргісі келіп отыр, ешкімнің өлгісі келіп отырған жоқ, өлгісі келіп отырған адамды, өлгісі келіп отырған ұлтты, өлгісі келіп отырған қазақты көрмедім, көрсең айт.

Не дейсің, Жаннатты аңсап, қазақ жастары қопарылып өлуде дейсің бе? Ойбай-ау, онда біттік, қазақ құлдырап кетті десеңші – сорлы қазақ.

Қой, жақсы сөз жарым ырыс, қазақ аман болсын, қазағым аман болсын, ұлтым аман болсын, ұзақ өмірге ие болып, бақытты да бақуатты өмір сүрсін! Қазақтың Таңірлік дүние танымында «о дүние, бұ дүние» түсінігі бар, басқа діндегі түсініктерден алшақ жатады, сәйкес келмейді. Оқы, айырымын ажырат [1].

Таңрлік дүние танымда, Аруақтың тылсымға оралуының «алты өлшемі» бар. 1. Ғұмыр. 2. Тамұқ. 3. Тозақ. 4. Жұмақ. 5. Құрдым. 6. Ғайып.

Осы алты өлшем жайлы айтайын, дәлел далада қалмасын [2].

1. Ғұмыр

Аруақ – Адам, Адам – Аруақ. Өмірді өмірге жалға.

Аруақ: бірде өмір, бірде ғұмыр. Өмірді өмірге жалға.

Аруақ: тудым-тудым айналдым. Өмірді өмірге жалға.

Мәңгілік өлшемі – өмір, ғұмырдан басталған. Өмірді өмірге жалға.

Дүние ғажап, бірі – тылсым, екіншісі – жарық. Өмірді өмірге жалға.

Өмір айналып тұрған дүниеден тысқары емес. Өмірді өмірге жалға.

Өлім айналып тұрған дүниеден тысқары емес. Өмірді өмірге жалға.

Ғұмыр айналып тұрған дүниеден тысқары емес. Өмірді өмірге жалға.

Өмір өлмейді, өлім өлмейді, ғұмыр өлмейді. Өмірді өмірге жалға.

Ғұмыр да, өмір де Аруаққа берілген, өлім сәт. Өмірді өмірге жалға.

Өмірдің өлшемі «тудым-тудым», ту қайта ту. Өмірді өмірге жалға [3].

2. Тамұқ

Тамұқ – орап оқысаң Құмат.

Таммұқ. Там – капай. Ұқ – понимай. Капай понимай.

Құмат. Құм – песок. Ат – стреляй. Песок стреляй.

Қазақ кейде, аузыңа «құм» құйылсын дейді. Тамұққа кет дегені.

Тамұқты өмірден тамбай тұрып біл, тамұқтан сақтан, дайын жұр.

Тамұқ, Адам өмірден озғанда ғана ұғатын сәт, оралу қиын.

Тамып барып, қайтыс болып ақиқатты білу өте ауыр сәт.

Тамұқ, өмір түгесіліп, өлім, тажыл, келіп сені алғанан кейін, қаза болу, марқұм болу, деннің қадірін кеш ұғатын сәт, ұққаныңмен пайда жоқ.

Тамұқ, өмір түгесіліп, жан өшіп, дем бітіп, жануы біткен май шамдай тамып барып өмір құндылығын кеш ұғатын сәт, ұққаныңмен пайда жоқ.

Аруаққа жиналатын ақпаратты жамандықпен көмкер, тұтқынсың.

Жасаған жақсылығың мен жамандығыңның өлшемі, өміріңнің өлшемі, Тамұқтың бетін ары қылмасаң – ұрпағың азады, ұлтың тозады.

Қайтыс болғанға көңіл айт – естиді, тіріге қаза қайырлы болсын де – жұбат [4].

3. Тозақ

Тозақ қазақ сөзі, Таң-Ірлік дүние таным.

Тозақ: орысша – Ад, Исламда – Жаһаннам.

ТОЗАҚ – ҚАЗОТ деп оралып айтылады.

Сөзді сараласақ: Тоз – устаревший. Ақ – клетка. Қаз – копай, От – огонь.

Сөздерді қоссақ: «Устарешая клетка, копай огонь» деген түсінік шығады.

Тозақ – тозып қалған «Ақ».

Қазақ, «тозақтың отына жанғыр» дейді, Қандай жаман қарғыс.

Тозақ: арақ, темекі, апиын, өсек, өтірік, ұрлық, надандық, жалқаулық, Амамның иттік қасиеттері мен қатыгездігінен тозып қалған «клетка».

Тозақ, Адамның өмірге қайтып келуге мүмкіндігі азайып, Шежірелік ақпарат жоғалып, ұлт құлдырап азып-тозады.

Бір құмалақ бір қарын майды шірітеді, Шежірені шірітеді, сақ бол, таза қаныңды шірітіп жүрмесін, шіріктер.

Тозаққа түскендер өмірге қайтып келу мүмкіндігінен ұзақ мерзімге айырылады, оған қарамастан тозақтағының тіктелу, өмірге қайтып келу мүмкіндігі бар, тікте.

Аруаққа баратын ақпараттардың тозып қалған Ақтар арқылы жүруіне Адамның өзі кінәлі, ақмақтығы оның кінәсі.

Аруақтың тозған Ақтардан ақпарат жинауы, адамның қайтыс болуына кедергі, өмірге қайтып келуіне кедергі, Аруақтың жеңіл жүруіне кедергі.

Аруақ тозған Ақтардан ақпарат жинауы, ұрпаққа кесір, ұрыққа кесір, тұқым қуалау ақпаратына кесір.

Кедергілер қосарланып кетсе, тұқым азады, ұрпақ тозады, Елдің шаңырағы күндердің күнінде қараң қалады.

Қайтыс болғанға көңіл айт – естиді, тіріге қаза қайырлы болсынде – жұбат [5].

4. Жұмақ

Жұмақ қазақ сөзі, орысша – рай, исламша – Бейіш, Жаннат.

Жұмақ. Жұм – закрывай, сварашивай. Ақ – клетка. Түсін, ұқ!

Жұмақ. Тәң-Ір діні ілімінің ұлы заңдарының бірі.

Жұмақ дегеніміз, жеті қат көкте емес, өзінің бойында таза, пәк, ақпараттар ағымы жүріп, жазылып жатқан ұлы құрылым, ол – Ақ (клетка).

Бауырым! Жұмақ, Ақтың ішіндегі деннің дұрыс жүріп, ақпараттың дерлік Аруаққа оралып, жұмылып барып біткен ғажайып жұмысы.

Жұмақ, ол таза ақпаратты жинақтаған Аруақ.

Аруаққа ақпараттарды жақсылықпен көмкер: Аруақ боласың.

Өмірің пәк, ақпарат таза, намазға лайық болса: Жұмақ болады.

Жұмақ жасау – әркімнің міндеті.

Жұмақтың дұрыс жүруі, Ақ өлім, Әнсат өлім.

Жұмақтық дұрыс жүруі: Аруақ, Пір, Періште.

Жұмақтың дұрыс жүруі, Ғұмыр.

Жұмақтың дұрыс жүруі, ұрпақ мол болып, өмірге қайта қайтып келу ақиқаты.

Жұмақтың дұрыс жүрсе, «ИЕ» боласың.

ИЕ: не «Адам» не «Ақ шар! болып көрінетін Аруақ.

Иесі бар адам, әлемнің құпиясынан хабардар болады, әр заттың орнын біліп, тұжырым жасап, дәлел ашады.

Адамның иесі бар деген сөз – Ақиқат.

Қайтыс болғанға көңіл айт – естиді, тіріге қаза қайырлы болсын де – жұбат [6].

5. Құрдым

Құрдым – петля, темница, карцер.

Ислам дінінде бұл түсінік жоқ, бар болса айт.

Құрдым «Аруақ» қармалып қалған жер.

Құрдым, қазақ түсінігінде, адамның келмеске кеткен жері, қарма.

Құрдымда Шежіре тозады, ұлт азады, аздыратын өзің туған – жетесіз, не –

бөгде.

Құрдымда «Аруақ» өлмейді, тұтқын, мәңгілікке тұтқын.

Құрдымда Аруақ ұрпағын қорғап қоршай алмай, ұрпақ құлдырайды. азып-тозады, іріп-шіриді, ұлт өркениеті тоқтайды.

Құрдым – ұрпақтың шежіре ақпаратын тоқтататын, тұзақ.

Құрдым, талай ұлттарды жоққа тән жасады, талай өркениетті жоқ жасады, талай патшаның тұқымын тұздай етті.

Құрдым болатын себебі, пенденің қолы – қан, жүрегі – тас.

Құрдым болатын себебі, тыныш жатқан елдің, туған жері мешітін қан сасытты, басып алды, ұрпағын аздырды, ұлтын тоздырды.

Құрдым болатын себебі, өлім шашты, табиғатты өлтірді, адам өлтірді.

Құрдым болатын себебі, бір ақымақ бар жақсылықты шірітті.

Құрдым болатын себебі, қан жібермейді, қан жібермеді, ұрық тозды, ұрпақ азды, тұқым құрып өшті.

Құрдым болады, қан жібермей, алтын тақ, алтын сарайдан тамтық жоқ...

Құрдым болатын себебі, күнәнің үлкен-кішісі болмайды: бірді өлтір, мыңды өлтір, бірдей, барар жерің жаман.

Құрдым жібермей, құрып кеткен, тұқымымен құрып кеткендер жайлы тарих айтпа, тарих қан сасып кетеді.

Құрдым түбіңе жетеді, жетпей қоймайды, қашып құтыла алмайсың, қанды қолдың тұқымын қан басады, құрдым болады, тарих оның теңі емес.

Құрдымның белгісі, үрім бұтақ азып тозып, шетінен жұптанып, жыртыла айырылып, был-шыт, тоз-тоз болып құриды.

Ұлт арманы сөнеді, бір құмалақ бір қарын майды шірітіп, ұлт мыңдаған жылдарға қараңғылықтарға кетеді.

Шежіре көтер, пенде бүлдіретін заттың орнын көрсет, қан құйлы соғысты тоқтат, шешілмейтін дауды шеш.

Жау келеді, келмей қоймайды келеді, оңбай қалады, кейбірі мүлдем жоқ болады, кейбірінен азын аулақ ұрпақ қалады.

Жау құртам деп келеді, құрдымды табады, білместігін кешір.

Қан төккелі келген, жауығып келген; жамағайын, бабалас, туыс, ұлұстар мен халық, тайпа мен тобыр, жекжат пен жұраттарды кешір, құртам деп ойлады, құрдымды тапты, ауыр жаза, оларға сол да жетеді.

Қандай жағдай болса да, қолыңды қанға бояма.

Мал сой, сенде жазық менде азық жоқ деп кешірім сұра, жүрегің таза ұлт бол, қолыңды қанға малма. Бір адамды зорлықпен өлтірсең, өмірге қайта келу заңы сандаған жылдарға доғарылады, шежіре тоқтайды, ұмытпа.

Айналып тұрған өмір, нағыз ұлт бірін бірі баяғыда туып біткен, заң бұзылса «тудым, тудым» жүйесі бұзылып, келмей қалған: не – сен, не – ол болуы мүмкін. Сақтан, ұлт азып-тозбас үшін, ұл баласын өлтіргенді өлтірме, құн ал, құлдыққа сал, өтесін-өтесін, аяма.

Сақтансаң ғана сақтайды, сақтық – ұлт амандығының кепілі.

Басы түгел ұлт, тасы түгел ұлт, өмірге қайта қайтып келеді.

Қолы қан пенде, қолы қан ұлттан аулақ бол, жұғады.

Қандықол ұрпақ әркімде бер, ұлт құлдырап тұрады.

Қандықол ұрпағың үшін кешірім сұра, алдынан жарылқап ұрпағы шашылып кетпесін, артында қалған ұрпағы үшін тыныштық сұра.

Қан жүктеп, шежіре бұзсаң, тыныштық болмас.

Құрдымнан сақтан, жасампаздық керек [7].

6. Ғайып

Ғайып – божественный мир. Мир клетка.

Ғылыми – Галлактика.

Ғайып әлем, ғайыптан келесі, ғайыпқа кетесің.

Ғайып Аруақтың әлемі, ғайыпта «ғұмыр» бар.

Шешім ақпарат тазалығына байланысты, Аруақ – ден.

Аруақты алдау мүмкін емес. жақсы – жақсы, жаман – жаман, шешім нақ.

Өмір мен ғұмырды табыстыр, кеш қалма, өкініші бітпейді.

Қайтыс болғанға көңіл айт – естиді. Тіріге қаза қайырлы болсын де – жұбат.

Ұқ, қазақта дүние таным жоқ деген «сөздің» жалған екенін ұқ.

Қазақтың білмегені «жер астында» деген қарапайым айтыла салған сөз, қазақ бәрін білген, көңіліне тоқыған, зердесіне еккен, білгені сөз арқылы бүгінге жеткен» [8].

Біз ислам мен таңірдің бұ дүние мен о дүние туралы танымы туралы деректерді кітаптарына сүйене отырып ортаға салған болдық, ендігісін патша көңілді оқырмандарға қалдырдық...

«Әлімжан! Сен оңбаған адамсың, кәпірсің, шайтансың!» деп мені жазғырып, қарғай көрмеңіздер. Ақ пен қараның арасын тек  жаратушы ғана ажыратып айта алады?!

Әлімжан Әшімұлы,

тәуелсіз журналист

Пайдалалынған әдебиеттер:

1. «Құран кәрім». Халифа Алтай аудармасы.

[1] (23 - Мүминнұн сүресі, 15-16-аят. 342-бет).

[2] (75-Қиямет сүресі, 21-,22-,23-,24-аяттар. 578-бет).

[3] (39 - Зүмәр сүресі, 73-аят. 466-бет).

[4]. (56-Уақия сүресі, 45-46 аят. 533-бет).

[5] (Әли Ғұмыран сүресі, 133-аят. 67-бет)

[6] (57 - Хадид сүресі, 21-аят. 540-бет)

[7] (47 - Мұхаммед сүресі, 15-аят. 508-бет).

[8] (76 - Інсан сүресі, 12-, 13-, 14-, 15-аяттар. 579-бет).

[9] (52 - Тұр сүресі, 22-аят. 524-бет).

[10] (38 - Сад сүресі, 51-, 52-аят. 456-бет).

[11] (56 - Уақия сүресі, 17-, 18-, 19-, 20-, 21-аяттар. 535-бет)

[12]. (52 - Тұр сүресі, 20-, 22-, 23-аяттар. 524-бет)

[13] (44 - Дұхан сүресі, 51-, 52-, 53, 54, 55-аяттар. 498-бет).

[14] (35 - Фатыр сүресі, 33-аят. 438-бет)

[15] (43-Зұхрұф сүресі, 70-, 71-, 72-, 73-аяттар. 494-бет)

[16] (56-Уақия сүресі, 25-, 35-, 36-, 37-аяттар. 535-бет)

[17] (19 - Мәрям сүресі, 62-, 63-аят. 309-бет. 25-Фұрқан сүресі, 75-аят).

[18] (2-Бақара сүресі, 3-аят. 2-бет).

[19] (2-Бақара сүресі, 43-аят. 7-бет).

[20] (4-Ниса сүресі, 103-аят. 95-бет).

[21] (74-Мүддассир сүресі, 40-, 41-, 42-, 43-аяттар).

[22] (15 - Хыжыр сүресі, 44-аят. 264-бет).

[23] (39 - Зүбәр сүресі, 16-аят. 460-бет).

[24] (66-Тахрим сүресі, 6-, 7-, 9-аят. 560-561-бет).

[25]. (56 - Уақия сүресі, 42-, 43-, 44-, 45-, 46-, 47-, 48-, 49-, 50-аяттар. 535-бет).

26] (56-сүре, 94-аят, 537-бет).

[27]. (7-Ағраф сүресі, 41-аят. 155-бет).

[28] (74-Мүддәссір сүресі, 29-аят. 576-бет).

[29]. (4-Ниса сүресі, 56-аят, 87-бет )

[30]. (37-Саффат сүресі, 62-, 63-, 64-, 65-, 66-, 67-аяттар. 448-бет).

[31]. (44-Дұхан сүресі, 43-, 44-, 45-, 46-, 47-аяттар).

[32]. (88-Ғашия сүресі, 6-аят. 592-бет).

[33]. (78- Нәбә сүресі, 21-, 22-, 23-, 24-, 25-, 26-, 27-, 28-, 29-, 30-аяттар. 582-бет)

[34]. (22-Хаж сүресі, 19-, 20-, 21-, 22-аяттар. 334-бет)

[35].  (9- Тәубе сүресі, 35-аят. 192-бет).

[36]. (40-Ғафыр, сүресі, 71-аят. 475-бет)

[37]. (7-Ағраф сүрес, 40-аят, 155-бет )

38]. (7- Ағыраф сүресі, 46-, 47-, 47-, 48-, 49-аяттар. 156-бет)

-бет)

2. Тоқтар (абыз) Асқарбаевич Бейсенбинов. «Ақиқат» кітабы.

[1], [2], [3], [4], [5], [6], [7], [8]. Тоқтар Асқарбаевич Бейсенбинов. «Ақиқат» кітабы, (263-, 264-, 265-, 266-, 267-беттер).

Abai.kz

9 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3235
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5366