Сенбі, 23 Қараша 2024
Қазақтың тілі 4466 13 пікір 6 Мамыр, 2022 сағат 13:11

Трагедия және тіл

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының жиынында сөйлеген сөзінде бүгінгі қоғамды, соның ішінде күн сайын салмағы еселеп артып отырған қазақ тілді қоғамды соңғы ғасыр бойында, әсіресе Тәуелсіздік кезеңінде іштей де сырттай толғантып келе жатқан өткір мәселелердің тамырын дөп басқанын айтуымыз тиіс.

Қоғамдағы бірлік пен татулық бейбіт өмірдің өзегін құрайтындықтан, біздің мызғымас құндылықтарымыз. Президент осы ұғымдардың ақиқаты қаңтар оқиғалары кезінде айқын сезілгенін тағы бір ашық мәлімдеді. Мемлекет бетпе-бет келген қауіптің қатпарлы астарларын уақыт өткен сайын тереңірек ұғынудамыз. Расында, Қаңтар қасіретінен алған сабағымыз қандай. Енді ондай жағдай қайталанбауы үшін билік пен қоғам қай бағытта батыл қимылдауы тиіс. Бұл өткір сұрақтар еліміздегі әрбір саналы азаматты толғандырып келе жатқаны, әсіресе айналамыздағы қазіргідей күрделі геосаяси ахуал тұсында ерекше ширыға түскені кәміл.

Осы орайда, Қауіпсіздік Кеңесі Төрағасының ең алдымен ақпарат саласына айрықша назар аударуы, соның ішінде қазақ тілді аудиториямен жұмысты кең ауқымды жүргізуге екпін түсіруі  қазіргі уақыт талабына әбден сай келмек. Алайда, кейбір өкілдері «жүз қазақ тілді азамат өзге тілді, яғни орыс па, шүршіт пе, армян ба тілді өзге бір адамға татымайды, сондықтан өкпелесең көшіп кет» дейтін орталық билік бұтақтарының, жергілікті атқарушы органдардың жұмысында, әсіресе ақпараттық салада бұл бағытта қалыптасқан зор кемшіліктер еш өзгерместен әдеттегідей жалғасуда. Ресми мекемелердің барлық құжаттары, нормативтік-құқықтық актілердің баршасы, бұқаралық ақпарат құралдарының хабар-жаңалықтарының бұрынғысынша мұрты бұзылмастан екі тілде талап етілуі мен таралуы белгілі себептермен үстемдікке ие орыс тілінің жанында қосақталып келе жатқан қазақ тілінің адымын аштырмай, үнін шығармай тұрғаны ащы ақиқат. Сондықтан мұндай ахуал жалғаса беретін болса, қазақстандық қоғамның бірігуі, түсінісуі туралы айту қисынсыз. Өйткені, әлі де үстемдікке ие орыс тілінде адамға керектінің барлығы еш кедергісіз, еш қиындықсыз жүргізіле берсе, мемлекеттік тілді меңгеруге деген қажеттілік ешқашан орнамайтыны тайға таңба басқандай түсінікті. Демек, қазақстандық қоғамның әрі қарай да екіге бөліну үрдісі жалғаса береді. Расында, күні бүгінге дейін орыс тілді орта елдің қазақ тілді бөлігінде болып жатқан ірі құбылыстардан, оны толғандыратын, алаңдататын жайттардан, арман-тілегі мен мақсат-мүддесінен мүлдем бейхабар. Яғни, олар Президенттің мемлекеттік тілдегі сөздерін, депутат сауалдарын, зиялы қауымның ұлағаты мен жанайқайын, қазақ тіліндегі ақпарат құралдары мен әлеуметтік желіні көзіне де ілмейтіндіктен басқаша болуы мүмкін де емес. Бұған көршілес елдің бүкіл идеологиялық кеңістікті жаулап, сананы улап алған жойқын ақпараттық тасқынын, аузы сасық, түрі маймыл әлдекімдерінің алдыңдағы асқа арам қолын тықпалайтын арсыздықтарын қосыңыз. Жеті атасы қазақ, омырауының сүті қазақтікі болғанымен, оразасын орыс әлемімен ашатын қазақ әйелдері өзге елдің басшылығынан қорғау іздейтіні – мұның айпара (әрине, қасіретті) көрінісі.

«Ауру қалса да, әдет қалмайтындықтан» ең салмақты деген стратегиялық, саяси құжаттардан бастап шағын анықтамаларға дейін екі тілде жарамсақталып жүрген жағдайда, оның қазақшасы ешқашан оқылмайтыны, сараланбайтыны, ескерілмейтіні баршаға мәлім. Бұған көз жеткізген ірілі-ұсақты қызметкерлер, жекеменшік құрылымды айтпай-ақ қояйық, қазақ тілінде ойын қалыптастыру, құжат дайындауды қажетсіз, мағынасыз тірлік, басы артық азап ретінде қарайтынын күнделікті көріп келеміз, түршігіп келеміз.

Шындығына келгенде, Тәуелсіздігімізге қатер төндірген қаңтар трагедиясының түпкі негізінде тіл мәселесі жатқанын мойындауымыз абзал. Өйткені, өткен отыз жыл бойында ел басшылығының, одан төмендей алғандағы барлық мемлекеттік билік орындарының халықпен, соның ішінде қазақ тілді қауыммен оған түсінікті қарапайым да сауатты тілде тікелей диалог жүргізе алмауы, ел тұрғындары үшін атқарылып жатқан немесе келешекте қолға алынатын іс-шаралар турасында, әлеуметтік мүмкіндіктер жайында жеткізе алмауы, жеткізгісі келмеуі, қазақ тілшілерден ата жауын көргендей ұдайы қашып жүруі, демек мемлекетті құрап отырған тұтас қауымға генетикалық нысанға ұласқан кемсітушілікпен қарауы мүлде кері, яғни қуатты қарсылықты ұстанымды туғызды. Осындай алмағайып ахуалды сыртқы күштер, пиғылы жат топтар шебер пайдалана білді де, мыңдаған он мыңдаған көшеде қараусыз қалған жастарды білдірмей қатарына тартты. Оның ақыры немен аяқталғаны баршаға аян. Ең қауіптісі, бұр үрдістің селт етпестен тоқтатылмай жалғасуында.

«Ұлттық құрылтай» болсын, Парламент болсын, Қауіпсіздік кеңесі, Үкімет пен әкімшіліктердің елді зерттеуі мен сұхбаты мемлекеттік тілде әрі сауатты өтпейінше, Шерағаң шырылдағандай «жыланда ғана болатын екі тілдің» зардапты үрдісіне еліміздегі барлық этникалық топтардың көзі жетпейінше, қоғамдық бірлік пен тұтастық туралы әңгіме қозғаудың қағаз жүзінде қала беруі әбден мүмкін. Оның арты...

Мұхтар Кәрібай

Abai.kz

13 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5371