Мирзиеевтің қателігі: Қанмен сақталған статус
Орталық Азия елдерінің назары Өзбекстанда. Қарақалпақстан статусын конституцияда өзгертуге ұсыныс тасталған сәттен бастап, қарақалпақ халқының ұйқысы қашты. Әлеуметтік желідегі наразылықтың соңы көшеге шығып, өз құқығын талап етудің ақыры қантөгіске әкелді. Бұл Мирзиеев билігінің қателігі болса керек.
Даудың басы 70-75 бап болды. Өзбекстанның Конституциясында 70-75 баптар Қарақалпақстанның статусына арналған. Онда не айтылған? Баптарға қарасақ былай:
70 бап. Егеменді Қарақалпақстан Республикасы Өзбекстан Республикасының құрамына кіреді. Қарақалпақстан Республикасының егемендігін Өзбекстан Республикасы қорғайды.
71 бап. Қарақалпақстан Республикасының өз Конституциясы бар.
Қарақалпақстан Республикасының Конституциясы Өзбекстан Республикасының Конституциясына қайшы келе алмайды.
72 бап. Қарақалпақстан Республикасы аумағында Өзбекстан Республикасының заңдары міндетті болып табылады.
73 бап. Қарақалпақстан Республикасының аумағы мен шекарасын оның рұқсатынсыз өзгертуге болмайды. Қарақалпақстан Республикасы өзінің әкiмшiлiк-аумақтық құрылысы мәселелерiн дербес шешедi.
74 бап. Қарақалпақстан Республикасы Қарақалпақстан халқының жалпы референдумы негізінде Өзбекстан Республикасынан шығуға құқылы.
75 бап. Өзбекстан Республикасы мен Қарақалпақстан Республикасы арасындағы мәселелер мен даулар бітімгершілік рәсімдер арқылы шешіледі.
Міне, осы алты бапты өзгерту мәселесі көтерілді. Бұл "ұмытылған" мәселені қайта қозғап, жоқ жерден мәселе іздеу әдісі болатын. Сөзсіз бұл өзгерістерді енгізу ұсынысы 16 ауданнан тұратын Қарақалпақстанды дүр сілкіндірді. "Суверенитеттен айырылу" қаупі алдымен әлеуметтік желідегі қарақалпақ халқының наразылығын тудырды. Қарақалпақ халқы әлеуметтік желіде арнайы видео түсіріп, үндеулер жасап таратты. Үндеу таратушылар Ресей, Қазақстан, Оңтүстік Корея және өзге аймақтардан да табылды. Ал Еуропа елдеріндегі қуғындағы қарақалпақ белсенділері әлемдік қауымдастыққа үн қатты.
Конституциялық реформаны талқылау жұмыстары 25 маусым мен 5 шілде аралығында жүргізілуі тиіс еді. "5 шілдеге дейін нақты наразылық танытып, өзгеріске тоқтау болмасақ, онда суверенитетті жоғалту қаупі бар" деген қарақалпақ белсенділері жаппай бейбіт митингтер ұйымдастыруға шақырды. Белсенді Дәулет Тәжімұрат 5 шілдеде жаппай ереуіл өткізуге шақырды. Сол күні Дәулет Тәжімұратты күштік құрылымдар ұстап әкетті, ал халық жаппай ел астанасы Нөкіс қаласының орталығына жиналып, ашық ереуіл бастады.
Ереуілде "Дәулетті босату" мен "Конституциялық өзгерістерді тоқтату" ұрандары айтылды. Мыңдаған халық алаңға жиналып, Өзбекстан билігі жиналған топты көзден жас ағызар газ қолданып, резеңке оқпен таратуға тырысты. Бұл наразы топ пен күштік құрылымдар арасындағы қақтығысқа ұласты. Наразылықтың беталысын байқаған Ташкент дереу арада президент Мирзиеевтің Нөкіс қаласына аттанғанын хабарлады. Мирзиеев Нөкісте конституцияға қандай да бір өзгеріс қарақалпақ халқының қалауынсыз енгізілмейтінін мәлімдеді. Сөйтіп 70-75 баптар өзгеріссіз қалуын ұсынды, ал 4 шілде күні Өзбекстан парламенті Мирзиеевтің ұсынысын қабыл алып, Қарақалпақстанның статусы өзгермейтін болды.
Ташкент қосымша шаралар да қабылдады. Мысалы Қазақстанмен құрлық шекарасының бірқатар бекеттері уақытша жабылды. Қарақалпақстанда 3 шілде мен 2 тамыз аралығында төтенше жағдай енгізілді, кешкі сағат 21:00-07:00 аралығында коменданттық сағат жарияланды. Бұл әрекетті "қоғамдық тәртіпті сақтау шаралары" деп атады Ташкент билігі.
Мирзиеев бұл оқиғаларға ресми былай деп баға берді: "Демократиялық қағидаттар мен құқықтық нормалар негізінде азаматтардың өз пікірі мен ерік-жігерін еркін білдіруі үшін жасалған жағдайларға қарамастан, кейбір күштер Конституциялық реформаларға наразылық білдіру сылтауымен агрессия мен зорлық-зомбылық жолын таңдап, Өзбекстандағы жағдайды тұрақсыздандыруға және шайқауға тырысты.
Жалған ақпарат таратудың пысықталған технологияларын және әлеуметтік желілерді пайдалана отырып, деструктивті күштер нақты мақсатты көздеді және азаматтарды Конституцияны бұзатын қызметке тартты.
Олардың басты мақсаты - қоғамды тұрақсыздандыру, мемлекетіміз жүргізіп отырған жасампаз саясатқа деген сенімге нұқсан келтіру, Өзбекстанның аумақтық тұтастығына нұқсан келтіру.
2022 жылдың 1 шілдесінде Нүкіс қаласында бір топ адам жалған ұрандармен азаматтардың сеніміне ие болып, оларды адастырды, биліктің заңды талаптарына бағынбады, хаос тудырды және жергілікті мемлекеттік органдардың ғимараттарын басып алуға тырысты. Бұл бұған дейін хабарланды.
2 шілдеде олар қоғамдық тәртіпті бұзуға бағытталған акцияларды тоқтату туралы талаптарды елемей, республиканың әкімшілік орталығының орталық көшелерінде деструктивті әрекеттерді жалғастырды.
Шеру кезінде олар инфрақұрылым нысандарына айтарлықтай зиян келтірді. Олар дүкен терезелерін шағып, өрт қойды. Бірнеше топ қару алу мақсатында Нүкіс қалалық ішкі істер басқармасы мен Ұлттық ұлан басқармасының ғимараттарын басып алуға тырысты.
Сандық артықшылығын пайдаланып, бұл адамдар құқық қорғау органдарына шабуыл жасап, оларды аяусыз ұрып, ауыр жарақат салды.
Өкінішке қарай, бейбіт тұрғындар мен құқық қорғау органдарының қызметкерлері арасында зардап шеккендер бар", - деді Мирзиеев.
Қазақстан Сыртқы істер министрлігі де Өзбекстандағы оқиғаларға байланысты мемлекетіміздің ұстанымын жеткізді. Ресми мәлімдемеде былай делінеді: “Өзбекстан – Қазақстан үшін бауырлас мемлекет, сенімді одақтас және стратегиялық серіктес.
Сондықтан Қазақстанда соңғы күндері Өзбекстан Республикасында орын алған оқиғаларды алаңдаушылықпен қабылдады.
Өзбекстан басшылығының Қарақалпақстан Республикасындағы жағдайды тұрақтандыру бойынша шешімдерін құптаймыз әрі қолдаймыз.
Бауырлас Өзбекстанда аса маңызды саяси оқиға – Конституцияға түзетулер жөніндегі референдум қарсаңында – бейбітшілік пен тыныштық орнығатынына сенімдіміз.
Қазақстан Өзбекстанмен 1998 жылғы 31 қазандағы Мәңгілік достық туралы шарт, 2013 жылғы 14 маусымдағы Стратегиялық әріптестік туралы шарт және 2021 жылғы 6 желтоқсандағы Одақтастық қатынастар туралы декларация рухындағы көпсалалы ынтымақтастықты дамыту мен нығайту бағытына бекем.”
Өзбекстандағы оқиғаларды Батыстың ұйымдастыруымен іске асты деушілер де бар. Мысалы Беларусь президенті Лукашенко сондай пікірде екен. Ол былай дейді: "Өзбектерге көптеген дерек келтірдік, саммиттердің бірінде айтқанымда олар тіпті ренжіген еді. Кеше не болды? Қарақалпақ Республикасы, Өзбекстанның жартысына жуығы, Конституцияда бір нәрсе дұрыс көрсетілмей көтеріліп кетті. Жоқ! Енді бүгін шетелдіктер қол сұқты дей бастады.
Орталық Азия, біз сияқты, екі оттың арасында қалды: бір жағынан еуропалықтар, америкалықтар, ал екінші жағынан - Орталық Азияның аман қалуына қатты көмектесіп жатқан Қытай. Бұл тартыс таяу уақытта Орталық Азияда болады. Мұның белгілері қазірден байқалады".
Өзбекстан билігі Лукашенконың бұл сөздерін Ташкенттің ішкі саясатына араласу деп қабылдады. Ал өзге сарапшылар болса, Мирзиеев үлкен қателік жасады деген ойда. Ұмытылып бара жатқан "Қарақалпақстанның статусы" мәселесін көтеру және наразылықты күшпен басу арқылы ол өзінің соңғы жылдары іске асырған демократиялық реформаларының күлін көкке ұшырды деген ойда.
Ка Мырза
Abai.kz