Абайды сынаған авторлар...
Қазақтың ұлы ойшыл, данышпан ақыны Абай өлеңдерін қаншама ғалымдар талдады. Біздің білуімізше солардың ішінде үшеуі ғана Абай өлеңдеріне сын айтыпты. Олар: А.Байтұрсынұлы, М.Әуезов және Т.Әлімқұлов.
Мен бұл жерде жиырмасыншы-отызыншы жылдардағы белгілі Кеңестік әдебиет сыншысы Ғаббас Тоғжанұлын есепке алмадым. Себебі, Кеңестік саясаттың «таптық тұрғысынан» жазылып, Абайды «білімсіз, діндар, көсіліп отырып, кеңінен туылған, терең, үлкен темалы поэзия жасай алмады»,– деп сынаған Ғаббас Тоғжанұлының «Абай» атты ғылыми монографиясынан адал сын, терең зерттеу мен әдеби теориялық тұрғыдағы талдауларды көре алмадық. Сондықтан да, Ғ.Тоғжанұлының Абай туралы сыны, біржақты қарадүрсіндеу жазылған қарабайыр еңбек болып көрінді.
Ең алғаш рет Абай өлеңдері туралы сыни пікір айтқан А.Байтұрсынұлы: «Жалғыз-ақ міні бар. Ол мін – өлең бунақтары тексеріліп орнына қойылмағандық. Оның оқығанда я әнге салып айтқанда кемшілігі зор болады. Дауыстың ағынын бұзып, өлеңнің ажарын кетіреді. ...Бұл кемшілікті түзеуге болады. Өлеңнің үш буынды бунақтары мен төрт буынды бунақтары алмасып кеткен жерлерін алып, өз орнына қойса түзеледі. Мұнан басқа Абай өлеңдерінде мін бар деп өз басым айта алмаймын»,- деп жазды. («Қазақ» газеті. 1913 жыл)
Қазақ әдебиеті теориясының негізін салушы, тілші-ғалым А.Байтұрсынұлы 1913 жылы жазған «Қазақтың бас ақыны» атты мақаласында Абайдың қай өлеңдерінің бунақтарының орны ауысып кеткенін нақты атын атап жазбапты. Бұл тұстағы оқушының түсінігі мен білім деңгейін ескерген А.Байтұрсынұлының бұл мақаласынан оны күтуге де керек емес. Автордың: «Өлеңнің үш буынды бунақтары мен төрт буынды бунақтары алмасып кеткен»,-деуіне қарағанда, А.Байтұрсынұлы Абайдың аралас буынды «Бойы бұлғаң», «Тайға міндік», «Сен мені не етесің», «Ата-анаға көз қуаныш» секілді өлеңдерінің бірін тілге тиек етті ме екен,- деп, жорамалдадық.
1909 жылы Санкт-Петербург қаласындағы Бораганскийлер баспасынан шыққан Абай өлеңдерінің тұңғыш жинағына редакторлық және текстологиялық талдау жүргізілмегендіктен, баспадан көптеген қателіктер кеткен. Оның үстіне, бұл тұстағы А.Байтұрсынұлының қолына Абай өлеңдерінің халықарасында біреуден біреу көшіріп жазған қолжазба нұсқасы түскенін ескерсек А.Байтұрсынұлының Абай өлеңі туралы сынын тіптен елеусіз, кішкене ғана сын деп қабылдауға болады.
Абай өлеңдері туралы А.Байтұрсынұлының сынына қарағанда М.Әуезов пен Т.Әлімқұлов сындарында нақтылық басым. Десек те, жеткізбек болған ойымыз жүйелі де түсінікті болуы үшін М.Әуезов пен Т.Әлімқұлов өмір сүрген Кеңес дәуіріндегі «Партиялық әдебиет» бекіткен әдеби зерттеу мен әдеби – сын жазудың өзіндік үлгісі мен пішініне аз - кем тоқтала кетуді жөн санадық.
Әдебиетті «идеологиялық тәрбие құралы» ретінде пайдаланған Кеңестік жүйеде – әдеби зерттеулер мен әдеби - сын мақалалар жазудың қалыпты үлгісі мен пішінін «партиялық әдебиет» бекітіп беріп, әдеби шығармалар мен әдеби зерттеулерді «партиялық әдебиет» цензура арқылы қатаң бақылауда ұстағаны тарихтан белгілі. Әдеби-сын мақала жазудың «партиялық әдебиет» бекіткен үлгісінен ауытқуға ешкімнің құқығы да болмаған, тәуекелі де жетпеген. «Партиялық әдебиет» бекіткен бұл әдеби үлгіден, саналы ғұмырын Кеңес өкіметі тұсында өткізген М.Әуезов те, Т.Әлімқұлов та аттап кете алмаған.
Бағдарлай қарап, тереңіне үңілсек, Кеңес өкіметі тұсында жазылған әдеби – сын мақалалар екі бағытты қамтыған. Біріншісі: Коммунисттік партияның саясатын насихаттайтын – идеологиялық бағыт. Содан кейін келетін екінші бағыт – әдеби-сын мақалада талданып отырған әдеби еңбектің көркемдігі мен поэтикасы. Сіз қандай әдеби-сын еңбек жазсаңыз да «партиялық әдебиеттің» күнделікті насихаты – «саяси идеологиядан» аттап кете алмайсыз. Сонымен, Кеңес өкіметінің тұсында жазылған әдеби-сын еңбектерде бірінші – Кеңестік идеология, содан соң барып, әдеби шығарманың жетістігі деп саналған көркемдігі мен поэтикасы талданылған. Бір сөзбен айтқанда, бірінші саясат, содан соң барып әдеби көркемдік. «Партиялық әдебиеттің» бұл қатаң талабы – ұлт әдебиетіндегі ғылыми зерттеулер мен әдеби тұрғыдағы сыни талдауларға кері әсер етіп, әдеби-сын мақалалардың бір қалыптан шыққандай болып жазылуына мәжбүрлі жағдай туғызды. Біз жоғарыда Ғ.Тоғжанұлының «Абай» монографиясы Кеңес өкіметінің «таптық идеологиясы» тұрғысынан жазылды деп, қанша жерден сынасақ та, М.Әуезов те, Т.Әлімқұлов та Абай шығармашылығын талдауға арнаған өздерінің ғылыми еңбектерінде жоғарыда біз айтып өткен «партиялық талаптан» аттап өте алмай, Абайды «идеологиялық» тұрғыдан сынауға мәжбүр болған. Авторлар шығармашылығын идеологиялық тұрғыдан сынау, бұл – партиялық талап болатын.
Кеңес өкіметінің осы айтылған «партиялық талабын» бүгінгі күннің «тәуелсіз ой – тәуелсіз әдебиет» дейтін ой сарабына салып қарасаңыз күлкі шақыратындай мәселе болып көрінуі мүмкін. Алайда, бұл талап – халқымыздың басынан өткен «қан - қасап» заманының қатал тарихи шындығы болғаны ақиқат.
Абай шығармашылығын талдауға арнаған «Жұмбақ жан» атты ғылыми еңбегінде Абайдың «Жаз» өлеңін талдаған Т.Әлімқұлов: «Бұл өлеңде байдың ауылы суреттеледі. Бай ауылдың жазғы сән-салтанаты жыр болады. Жалшылар өмірі көмескі қалады»,- деп [1.31 – бет] деп Абайдың «жетілмеген әлеуметтік санасын» сынап өтетін жері бар.
Міне, осылай Абай өлеңін «партиялық әдебиеттің идеологиясы» тұрғысынан сынағаннан кейін ғана ақын өлеңінің көркемдік қуаты мен поэтикасы жөнінде сөз қозғауға болады. Кеңес өкіметінің тұсында «партиялық әдебиеттің» идеологиясын аттап өтіп, бірден шығарманың поэтикасы мен көркемдік қуатын сөз етер болсаңыз, сіздің еңбегіңіз баспа бетінен мәңгілік жарық көре алмай кетуі бек мүмкін. Сондықтан да, Кеңестік авторлар әдеби еңбекті талдағанда бірінші орынды партиялық саясаттың «насихатына» берген. Көптеген авторлар Кеңестік идеологияны насихаттаймын деп, әдеби еңбектің көркемдік қуатын талдауға аз орын қалдырған немесе мүлдем талдамай кетуге мәжбүр болған. Міне, осындай себептерге де байланысты, Кеңес өкіметі тұсында жазылған әдеби зерттеулер мен әдеби - сын еңбектер саяси идеология әсерінен бір жақты, өте төменгі деңгейде жазылды.
Мүмкін, «Кеңес әдебиеті» сынның шекпенінен шығып, әлі күнге өз мектебін қалыптастыра алмағандықтан да болар, қазіргі әдебиет сыны да тәуелсіздік тұсындағы қазақ әдебиетіне бағыт-бағдар беріп, бүгінгі қазақ әдебиетінің дүниежүзілік әдебиеттегі алатын орнын анықтап бере алмай отыр. Оның негізгі себебі: Бізде тамырын тереңге жіберіп, өзіндік бет-бейнесін қалыптастырған мықты әдеби-сын мектебі жоқ. Әдеби сын болмаған жерде сынның қос қанаты – зерттеу мен талдау болса да жоқ. Менің бұл пікірімнің кешегі Кеңес өкіметі тұсындағы қазақ әдебиеті мен бүгінгі тәуелсіз қазақ әдебиетінің сын жанрына ғана қатысы бар. Болмаса, Кеңес өкіметі тұсындағы қазақ әдебиетін түгелдей жоққа шығаратын пікірлерге мен түп-тамырымен қарсымын.
Менің ойымша, Кеңес өкіметінің тұсында бізде өте мықты ұлттық жазба әдебиетінің негізі қаланды. Ал, 60-90 жылдарда қазақ әдебиеті әлемдік деңгейге көтерілді. Мен бұл пікірімді дүниежүзі әдебиетінен хабары бар маман - әдебиетші ретінде айтып отырмын. Ең өкініштісі сол: Биік дәрежедегі әдеби сынның жоқтығы мен аударма ісінің ақсап тұруына байланысты біз өзіміздің әдеби жетістіктерімізді әлемдік деңгейде насихаттай алмай келеміз. Сөз реті келіп қалған соң ғана айтып отырмыз. Болмаса, бұл – өз алдына бөлек тұрған үлкен тақырып.
Дегенмен, Кеңес өкіметі тұсындағы әдеби сын зерттеу еңбектердің барлығы бірдей төменгі дәрежеде жазылды деп ойлап қалуға болмайды. Кеңес өкіметі тұсындағы «партиялық әдебиеттің» идеологиялық саясатын «сипай қамшылап», оны үлкен шеберлікпен айналып өткен талантты әдеби зерттеулер қазақ әдебиет тарихында баршылық. Міне, сондай әдеби зерттеулердің бірі – М.Әуезовтің Абай шығармашылығы туралы елуінші жылдары жазылған «Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы» атты ғылыми монографиясы болса, екіншісі Абай шығармашылығын талдауға арналған Т.Әлімқұловтың «Жұмбақ жан» атты эссе монографиясы.
Т.Әлімқұлов өзінің «Жұмбақ жанында» Абайдың «Қараша, желтоқсан мен сол бір екі ай» өлеңі туралы: «Абай «Қараша желтоқсақсан мен сол бір екі ай» дейтін өлеңінде ауылдағы тап қайшылығын жітірек көріп, тереңінен ашады», - дей келіп, [1.32 – бет] өлеңде суреттелетін кедей мен бай үйінің өмірін салыстыра талдайды. Өлеңді «таптық тұрғыдан» талдаған автор: «Әрине, осындай тап қайшылығын көргенмен, ашқанмен, оған саяси мән беріп, саяси ұранға шақырарлық дәрежеге Абай жеткен жоқ. Қоғамдық құрылыстың әділетсіздіктерін қаншама шенесе де, оның төркінін түгел білген жоқ... Тап қайшылығы үгітпен бітісе алмайтынын ұғынбайды»,- дейді [1.33 – бет]
Тәкеннің дәл осы пікірін бүгінгі күн тұрғысынан талдап көрелікші. Абай бір қазақты бай және кедей деп тапқа бөлмесе де:
Кедейдің өзі жүрер малды бағып,
Отыруға отын жоқ үзбей жағып, - деп кедейге жаны ашып, ел үстінен күн көрген жебір топ – би - болыс, атқа мінерлерді сын садағының улы жебесіне байлап, оларды ел денесіндегі айықбас дерт ретінде суреттеп, қарапайым халықты «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым»,- деп қалың қазақты елім,- деп елжірей сүйетін бұқарашылдығы ақын шығармаларының өн-бойынан анық аңғарылып тұрады. Ақынның осы бұқарашылдығын тап қайшылығымен шатастыру жөн емес. Бұған қарап Абай заманындағы қазақ қоғамында тап қайшылығы болмаған екен,- деген ой туындамаса керек. Біздің айтпағымыз: Абай өз шығармаларында тап қайшылығын жырлаған жоқ. Ол бір қазақты бай және кедей деп екіге бөлмеген ұлт ақыны. «...Заң қуаты қолымда бар кісі болсам, адам мінін түзеп болмайды деген кісінің тілін кесер едім»,- деген Абай (37 – қарасөз) барлық қоғамдық қайшылықтарды оқу-білім, тәрбие арқылы шешуге болады деп есептеген. Тәрбие, білім-ғылым, мораль мәселесіне қатты мән беріп, терең білім, жақсы тәрбие арқылы қоғамды өзгертуге болады,- деп ойлаған Абай, әлеуметтік қайшылықтарды басқа жолмен шешуге болады деп есептемеген де секілді.
Кеңес өкіметі тұсындағы абайтанушылардың барлығы дерлік, Абай өлеңдеріндегі тап қайшылығы деп, мысалға ақынның «Қараша, желтоқсан мен сол бір екі ай» өлеңін алады. Себебі, Абайдың осы аталған өлеңінен басқа бірде-бір өлеңінде кедей өмірі туралы бір көрініс те суреттелмейді.
Анығына келгенде, Абай «Қараша, желтоқсан мен, сол бір екі ай» өлеңінде кедей мен бай үйінің өмірін Тәкен Әлімқұлов айтқандай таптық тұрғыдан емес, реалистік тұрғыдан суреттейді. Абай не сезінді, нені көрді – сол суретті шынайы түрде, реалистік тұрғыдан өлең түрінде қағаз бетіне түсірді. Кедей неге кедей? Бай қалай байыды? – деген сұрақтар төңірегінде ақын Абай тіптен ойланбайды да. Себебін тағы да қайталаймыз: Абай қазақ халқын тапқа бөлмеген ұлт ақыны! Бұл жерде Абайдың халықты бай және кедей деп тапқа бөлгені «партиялық әдебиет» рухында тәрбиеленген жазушы Тәкен Әлімқұловқа керек болып тұрған секілді. Ол үшін жазушыны кінәлаудың еш қажеті жоқ. Бұл – сол кездегі түсінік бойынша «үстем таптан» шыққан Абайды кедейлердің «Кеңес өкіметіне» жақындату үшін абайтанушы ғалымдардың ойлап тапқан амалы еді.
Мұхтар Әуезов те өзінің Абай шығармашылығын талдайтын «Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы» атты ғылыми монорграфиясында Абайдың дәл осы «Қараша, желтоқсан мен сол бір екі ай» өлеңі туралы: «Бұндағы өзі көрсетіп берген тап қайшылығы қарсылықтары арқылы Абай қазақтың еңбекші қалың елінің жоғын жоқтап, соның төңірегіндегі бар шері мен арманын айтады»,- дей келіп: «Ең соңғы жолдарда... Бір қыс сақта, тас болма, сен де о құрлы,- деу арқылы ақын, біржағынан кедейге сол ауыртпалық хәлден шығар жолын атай алмайды. Екіншіден, бай мен екі арасына бітімші болғандай аңғар танытады. Әрине, ағартушылық жолында, қазақ көпшілігінің қанаушы жауын мол мысалмен, батыл сыншылдықпен кең ашып берген Абай, өзінің заманында еңбекші елдің тартысы қалай болу керек екенін атап бере алмайды»,- деп жазады. [2.151 - 152 – беттер] Бұдан ары қарай автор, еңбекші елдің тартысы қалай болу керек екенін Толстой да білген жоқ,- дегендей Лениннің «Толстой – орыс революциясының айнасы» еңбегінен дәйек сөздер келтіреді.
Тәкен де, Мұхтар Әуезов те өз еңбектерінде ұлт ақыны Абайды кедей табына жақындатып, сол тұстағы үстем саясат Кеңестік идеология арқылы ұлы ақын Абай шығармашылығын қазақ халқының санасына сіңіре беру үшін амал ойлап: «Кедейлерге жаны ашыды, бірақ, тап қайшылығын шешу жолдарын таба алмады, оған тарихи жағдай мүмкіндік бермеді»,- деп Абайды кінәлаған боп, өлеңде жоқ «тап қайшылығын» ойдан тауып, терең білімдерінің арқасында, қос классик жазушымыз, Абайды кедейдің «Кеңес өкіметінің» арқасында сәтті қорғап шыққан.
Салыстырмалы түрде айтсақ: Мұхтар мен Тәкеннің: «Абай кедейлерге жаны ашыды. Бірақ, тап қайшылығын шешудің жолдарын көрсетіп бере алмады»,- деп Абайды сынауы, бұл – Мұхтар мен Тәкеннің әдеби-сын зерттеулерінің идеологиялық бағыты болатын. Міне, осы бірінші идеологиялық бағыттан соң ғана М.Әуезов пен Т.Әлімқұлов екінші бағыт, Абай шығармашылығының көркемдігі мен поэтикалық қуаты туралы сөз қозғап, оның кейбір өлеңдеріне сын айтқан.
М.Әуезов Абай шығармашылығының көркемдік қуатын сынауда ақынның «Әзім» поэмасынан бастаған. М.Әуезов: «Бұл поэманың тақырыбы «Мың бір түн» ертегісінен алынған. Өлеңдік құрылысына, кейбір сөз кестелерінің, ұйқастарының оншалық Абай шығармаларына лайықты шеберлікке сай келмейтініне қарағанда, бұл поэманы оншалық жоғарғы дәрежедегі көркем шығарма деуге келмейді»,- дей келе: «Қалай да «Әзім» поэмасы ең әуелі бітпеген шығарма болғандықтан, екінші – көркемдік шеберлік жағынан көңілдегідей қалыптанған дастан болмағандықтан, бұл поэма жөніндегі түсінік сөздерді осы жоғарыда айтқан жайлармен аяқтаймыз», - дейді. [2.196 – бет] Бір сөзбен айтқанда, М.Әуезов Абайдың «Әзім» поэмасының көркемдік деңгейіне көңілі толмағандықтан поэманы тереңдете талдап, оған сын-шығасы етуді басы артық жұмыс деп есептеген секілді.
Бас абайтанушы М.Әуезов өзінің Абай шығармашылығын талдауға арнаған «Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы» атты ғылыми монографиясында Абайдың «Әзім» поэмасына қарағанда «Масғұт» поэмасын тереңірек талдай отырып, «қатаңдау» сынаған.
М.Әуезов: «Сөйтіп, бұл поэманың ойы өмір оқиғасынан, тартысынан тумайды. Қайта сол оқиға тартысының бәрі ақынның ақылынан туады. Осындай сюжетті әңгіме құруда, суреттеп көрсету орнына, баяндағыш ойды басшы ету арқылы, Абай бұл поэманың композициясын ойдағыдай толық көркем, тұтас етіп шығара алмаған. Ол әсіресе, осы поэманың екінші бөлімінен аңғарылады. Композициялық құрылыста логика болмай кетеді. Өйткені, тұтас күрделі сюжеттік құрылыстың шартына бағынса, Масғұттың қызыл жемісті жегеннен кейінгі іс-әрекеттері баян етілгенін көрсек керек еді.
Ал, Абайда олай шықпаған. Масғұт қызыл жемісті жеп, әйелдердің достығын алудың орнына, ақылды кісі болып шығады. Іс жүзінде ол қызыл жемісті жеген кісі емес, қайта өзі жемеймін деген ақ жемісті жеген кісі боп, үлкен ақыл иесі боп, тіпті Шәмсижиһан атанады. Ақыл парасаты жиһанның күні болған делінеді. Дұрысында, поэма оқиғасының алғашқы бөлімінде жеткен өрісі бойынша, әйелдер достығынан туған мінез оқиғалар, соның айналасындағы тартыстар поэманың екінші бөлімінің үлкен өрісі болуы шарт еді.
Ал, Абайда – Масғұт бар әйел қауымы түгіл, бір әйелдің де достығына душар болмайды. Оның үстіне поэманың соңғы бөліміндегі «Жынды су» мотиві және одан туатын «жұрттың жынды болса, ақылды болма, қоса жынды бол!» дейтін қортындылар бұл поэманың алғашқы бөліміндегі мінез бен істерге логикалық жағынан да қиыспайды»,- деп сынайды. [2.189 – бет]
Аталы сөзге арсыз қарсы шығады. М.Әуезовтің поэмадағы тартыс – өмір оқиғасынан алынбаған, ақынның ақылынан туған және поэмада оқиғалар өрісінде композициялық тұтастық жоқ,- деп, Абайдың «Масғұт» поэмасына айтқан сын-пікіріне ешкім де дау айта алмас деп ойлаймыз. Әділ сын. Сын – шын болсын, - деген осы!
Т.Әлімқұлов та өзінің Абай шығармашылығын талдауға арнаған «Жұмбақ жан» атты эссе-монографиясында Абай поэзиясының поэтикасын, оның көркемдік сипаты мен жаңашылдық ерекшеліктерінің табиғи болмысын жан-жақты талдай отырып, Абай поэмаларын да сөз еткен. Абай поэмалары туралы Тәкен: «Ол үш дастан (поэма емес) жазды. Үшеуі де Абайдың табиғи мүмкіншілігінен көп төмен»,- деп [1.87 – бет] бір-ақ қайырған. Бұдан ары қарай автор Абай поэмаларының кемшін тұстары мынау деп көрсете отырып, талдауды мақсат тұтпапты.
Тәкен Абай шығармашылығын талдаған «Жұмбақ жан» атты эссе-монографиясында қазақ әдебиетінде қалыптасып кеткен тұжырымдарды терістей отырып, Абай шығармашылығын өзіндік көзқараспен талдайды. Еңбектің ғылыми құндылығы да осында.
Міне, осы Тәкеннің біз жоғарыда айтып өткен «Жұмбақ жан» атты зерттеу еңбегінде, мектеп қабырғасынан бастап, біздің санамызға сіңіп, болмысымызбен біте қайнасып кеткен «Абай өлеңдерінде мін жоқ, мін былай тұрсын, Абайда ортақол жазылған нашар өлеңдер де жоқ»,- деген тұжырымды терістеп, Абайды сынайды.
Ол былай дейді:
Қарашада өмір тұр,
Тоқтатсаң тоқсан көнер ме,
Арттағы майда көңіл жүр,
Жалынсаң қайтып келер ме.
Жұрт аузында жатталып, нақылға айналған осы өлеңді кемітуге жол жоқ. Әдемі, бейнелі шығарма. Бірақ, жаңа ғана келтірілген шумақтардай шырқау шеберлік, биік мәдениет жоқ. Ауыз әдебиетінің, асса шығыс поэзиясының үлгісіне ұқсап кетеді. Жатықтығымен қатар шешендікке бой ұрады»,-дей келіп: [1.38 – бет] «Енді осы Оспан хақында басқа баянды өлеңіне келсеңіз, ауылдың әуеніндей ала-құла:
Кешегі Оспан ағасы
Кісінің малын жемепті.
Мал сұраған кісіге
Жоқ, қайтемін демепті.
Қуаты артық ойы кең
Жұрттың бәрін шенепті.
Осының соңғы екі жолында ғана мәністі мінездеме бар. Бұғыңқы сезім, ашық ой бар. Өңге жолдар – бағанағы «бөз». «Кісінің малын жемепті, жоқ қайтемін демепті» деген сияқты жырдың көрінген қазақтың қолынан келетініне күмән бола қоймас. Осы тақылеттес: «Қақтаған ақ күмістей кең маңдайлы, аласы аз, қара көзі нұр жайнайды»,- деп келетін өлеңі де – ортақол дүние. Ендеше, Абайдың қаламынан шыққан нәрсенің бәрін алтын деу – әдеби критерийге көрнеу обал»,- деп жазады. [1.70 - бет]
Алуан түрлі пікір мен көзқарастан бас құраған әркімнің өз шындығы бар. Бұл – заңды құбылыс. Тек қана Тәкеннің: «Абайдың қаламынан шыққан нәрсенің бәрін алтын деу – әдеби критериге көрнеу обал»,- деген пікірімен келіспеске негіз жоқ. Алайда, Абайды сынаған Тәкен пікіріне дау айтуға да, айтпауға да болады. Біз мұны мақсат етпедік. Мәселе мұнда емес. Мәселе: Абай шығармашылығын өз еңбегінде ғылыми негізде талдаған Тәкен Абайдың «Қақтаған ақ күмістей кең маңдайлы» өлеңін «орта қол дүние» деп сынаса, Мұхтар Әуезов те өзінің ғылыми монографиясында Абайдың «Қақтаған ақ күмістей кең маңдайлы» өлеңін сынаған.
М.Әуезов Абайдың біз сөз етіп отырған «Қақтаған ақ күмістей кең маңдайлы» өлеңі туралы: «Дәл «Қақтаған ақ күмістейдің» тұсында Абайдың кемшілігін сынай кету керек. Мұндағы жетпегендік неменеде? Біздің байқауымызша, Абай бұнда жанды, тірі адамды бейнелеудің орнына жансыз сурет беріп отырған сияқты. Суретшінің қағазға түсіріп отырған портреті айқынырақ сезіледі. Әсем сұлудың сырт көркімен қатар сезімін, ақыл-мінезін, адамдық ішкі дүниесін беруді ақын ескермейді. Паспорттық сипаттау жасайды.»,-дей келіп: «Екінші бөлімі Абайдың бұл өлеңін композициялық тұтастық, көркемдік күйден айырып, әлсіздікке ауыстырып әкетеді. Оның себебі өлеңнің бас жағы бір тақырыптан басталып, аяқ жағы екінші бөлек тақырыпқа ауысқаннан. Әуелде іш пен мінез жоқ, тек сырт болса, кейін сырт жоқ, тек мінез аталады. Басында сұлулыққа сүйсіне сөйлеп, кейін ұрсып тоқтайды. Сондай екіұдайлық сыртқы түрден, ақынның теңеу лексикасында айқын көрінеді. Күлкісі «бұлбұлдай», деп «іш қайнататын» жарастық тауып отырған ақын, кейінгі бөлімде «жыртақтап», «тыртақтаған» деген тәрізді, келісімге шалғай, ұрысқа жақын сөздерді қолданады»,-дейді. [2.108-109-б]
Т.Әлімқұловқа қарағанда М.Әуезов Абайдың «Қақтаған ақ күмістей, кең маңдайлы» өлеңін тереңінен талдай отырып сынаған.
Рас, Абайдың бұл өлеңі екі бөлімнен тұрады. Бірінші бөлімінде «Аласы аз, қара көзі нұр жайнаған» қазақтың хас сұлуы суреттелген. Абайдың «Қақтаған ақ күмістей, кең маңдайлы» өлеңі бізге көп жағдайда ақынның «Аттың сыны» өлеңін еске түсіреді. Ол өлеңде ақын ат сынының үлкен білгірі атсейіс ретінде жүйрік жылқының сырт белгілерін сырт белгілерін санамалай келіп, тұлпар туған нағыз жүйріктің қандай болу керек екенін айтады. Қазіргі күнге дейін жүйрік аттың сырт белгілерін Абайдың «Аттың сыны» өлеңі бойынша түгелдесек, күні бүгінге дейін қазақтың нағыз хас сұлуын біз Абайдың «Қақтаған ақ күмістей, кең маңдайлы» өлеңі арқылы көз алдымызға елестетеміз.
Жалпы, сұлу қыздың тек қана сырт келбетін суреттейтін мысалдар тек қазақ әдебиетінде ғана емес, батыс және шығыс әдебиетінде де молынан кездестіруге болады. Абай бұл өлеңін «ананы көр де, мынаны көр» дейтін ауыз әдебиеті үлгісінен бөлек, ерекше үлгідегі толғаныспен жазған.
Абайдың «Қақтаған ақ күмістей, кең маңдайлы» өлеңін сынаған М.Әуезов: «Әсем арудың сырт көрінісімен қатар сезімін, ақыл-мінезін, адамдық ішкі дүниесін беруді ақын ескермейді. Паспорттық сипаттау жасайды»,- дей келіп: «Қыздың іс-әрекетінен айтылатыны – тек «ажымсыз ақ саусағы, іске ыңғайлы деуге ғана болады»,- дейді. [2.108-109 – беттер]
Меніңше, өлеңде қыздың іс-әрекетінен айтылатыны «іске ыңғайлы ақ саусағы» ғана емес, «Сөйлесе, сөзі әдепті һәм мағыналы, күлкісі бейне бұлбұл құс сайрайдыны» қайда қоямыз?
Сұлудың «бұлбұл үнді күлкісі» мен «әдепті һәм мағыналы сөзі» оның ақыл мінезі мен ішкі сезімінен хабар беріп тұрған жоқ па?
Менің ойымша, Әуезов дәл осы жерде «партиялық әдебиеттің» «бекітіп берген нұсқауынан» аттап кете алмай отыр. «Партиялық әдебиеттің» сын – зерттеу жазудағы сызып берген «нұсқау-үлгісі» бойынша, зерттеліп отырған шығарма иесінің жетістіктерімен қатар, мақала авторы міндетті түрде оның кемшілігін де табу керек. М.Әуезов те «партиялық әдебиеттің» тап осы тапсырысы бойынша Абайдың «Қақтаған ақ күмістей, кең маңдайлы» өлеңін екі бөлімді деп көрсете отырып, сынап отырған секілді. Болмаса, осы өлеңнің бірінші бөлімін «орта қолды дүние» деп сынайтындай не жол бар?
Айта кететін бір мәселе: «Абайдың қаламынан шыққан нәрсетің бәрін алтын деу – әдеби критериге көрнеу обал»,- деген [1.70 – бет] Т.Әлімқұлов пікірімен толық келісеміз. Ұлы ақындар қаламнан туған шығармалардың бәрі, шетінен «шедевр» болған дүниежүзі әдебиетінде бірде-бір мысал жоқ. Адамзат тарихындағы көптеген ұлы ақындардың тіптен, сол ақындардың атағын ақтай алмайтындай, атына лайықсыз, тіптен әлсіз, әлжуаз өлеңдері болған. Бұл – анық! Бірақ, біз Абайды бұл ақындар тобына жатқыза алмадық. Себебі, Абай өлеңдері ішінде сезімге шалағай, мағынасы жоқ, Абай атын ақтай алмайтындай бірде-бір өлеңі жоқ. Ал, ақын шығармашылығындағы Тәкен тілімен айтқанда «орта қол» дүниенің болуы, ол – әркімнің өз талғамына байланысты шешілер мәселе.
Егер, біз Абайдың «Қақтаған ақ күмістей, кең маңдайлы» өлеңін әдеби –теориялық тұрғыдан талдар болсақ, өлеңге қойылар негізгі үш талап – ырғақ, ұйқас және мағыналы мазмұн өлеңнің өң бойымен бір арнаға құйылып кеп, өз өрісін әдемі тапқан.
Қазақтың белгілі әдеби теоретигі академик З.Қабдолов өлең туралы: «Өлең – еркін сөйленетін жай сөздер тіркесі емес, ырғағы мен ұйқасы белгілі қалыпқа түскен, шумағы мен бунағына дейін белгілі тәртіпке бағынған нақысты сөздер тізбегі»,- дейді. [3.259 – бет]
Автор айтқан «нақысты сөздер тізбегі», ол – өлеңнің мазмұны немесе өлеңде айтылған ойдың мағынасы. Өлеңдегі ырғақ, ұйқас, бунақ, шумақ – бұлар өлеңнің сыртқы түрі, яғни формасы болса, өлеңде айтылған ой – өлеңнің ішкі мағынасы. Абайдың «іші алтын, сырты күміс сөз жақсы» деп өлең сөзге қойған талабы, ол – жырдағы форма (пішін) мен мағына үндестігі.
Міне осындай әдеби теориялық талап тұрғысынан келгенде а-а-б-а түрінде ұйқасып, қара өлең пішімінде жазылған Абайдың «Қақтаған ақ күмістей, кең маңдайлы» өлеңі «орта қол дүние» деп кемсітерліктей өлең ба? Меніңше, Абайдың «Қақтаған ақ күмістей, кең мағдайлы» өлеңінде ақынның басқа өлеңдеріндегідей терең ой, шырқау шеберлік болмаса да сыртқы пішімі мен ішкі мазмұны әдемі үндесіп, ақын суреттеген сұлудың сырт-сипаты айшықтана өрілген. Бір сөзбен айтқанда, ырғағы мен мазмұны әдемі үндескен Абайдың «Қақтаған ақ күмістей, кең мағдайлы» өлеңін нашарлау өлең деу былай тұрсын, орта қол дүние деп айтуға да еш негіз жоқ.
М.Әуезов дәл осы өлең туралы: «Өлеңді композициялық тұтастық пен көркемдік күйден айырып, әлсіздікке ұрындырып отырған екінші бөлімі»,- деп [2, 109-бет] өте дұрыс көрсеткен. М.Әуезовтің осы пікірін бет-перде етіп, Абайды сынағысы келетіндердің барлығы да ақынның «Қақтаған ақ күмістей, кең маңдайлы» өлеңін мысалға келтіреді.
Ал, енді Абайдың «Қақтаған ақ күмістей, кең маңдайлы» өлеңінің екі бөлімді екеніне қандай дәлел бар?
Рас, М.Әуезов ұлы жазушы, ғұлама ғалым, «Абайтану» ғылымының негізін салған – бас абайтанушы.
Бірақ, мұның барлығы Абайдың «Қақтаған ақ күмістей, кең маңдайлы» өлеңінің екі бөлімді екендігіне дәлел емес.
Белгілі абайтанушы ғалым, академик З.Ахметов Абайдың «Қақтаған ақ күмістей, кең маңдайлы» өлеңіндегі қайшылықты жазылған екінші бөлімі туралы: «Осы өлеңдегі тосын нәрседей көрінген қарама-қайшылық өмір шындығынан алыс деп үзілді-кесілді айта аламыз ба? Шынында да, ақын қарадан қарап отырып, ойда жоқ жерден қыздардың мінезіне күдікпен қарап, жұлып алғандай:
Қандай қызда ләззат бар жан татпаған.
Сұлуы бұл заманның тек жатпаған,-
деп, ала жөнелгеннен көрі алдымен қыздың сұлулығын, әдемілігін сүйсіне бейнелеп, сырт пішінін, көркін қызықтай келіп, әттең, көркіне үнемі мінезі сай келе бермейді-ау деп, өкініш білдіргені қисынды емес пе?» - дейді. [3, 211-б]
Өлеңнің екінші бөлімінде жүйелі қисын да, «Әттең, сұлу қыздың көркіне мінезі үнемі сай келе бермейді-ау»,- деп, өкініш білдірген ақынды да көріп отырғанымыз жоқ. Өлеңнің екінші бөлімінде ақын ақылдың салмағын жігіттерге артып, өлеңнің бірінші бөліміндегі «Сөзі әдепті һәм мағыналы» сұлу қызды:
Сұлуы бұл заманның тек жатпаған,
Он сезіз, он тоғызға толғаннан соң
Алмасы өкпе болар қол батпаған,- деп, міней түсіп, қыздар туралы М.Әуезов тілімен айтқанда «жыртақтап, тыртақтаған» деген тәрізді келісімге шалғай, ұрысқа жақын сөздерді қолданып барып тоқтайды.
Бір сөзбен айтқанда, өлеңнің бірінші бөлімі мен екінші бөлімі аралығын байланыстырып тұрған ешқандай қисынды жүйе жоқ. Сондықтан да, Абайдың «Қақтаған ақ күмістей, кең маңдайлы» өлеңі екі бөлімнен емес, бір-ақ бөлімнен тұрады деп ойлауға толық негіз бар. Ал, өлеңдегі екінші бөлім, ол мүлдем басқа өлең. Өлеңдегі екінші бөлім мүлдем басқа деген ойымызды тарқата түсіндірмес бұрын Абай өлеңдерінің жиналып, таралуы жөнінде бас абайтанушы М.Әуезовтің мәліметін келтіре кетейік.
М.Әуезов: «98-жылы осы өлең жазылған соң (автор бұл жерде Абайдың «Өлсем орным қара жер» айтып отыр. Н.М.) ғана өзінің бұрын жазған барлық өлеңдерін жиналсын деген. Бізге бұл жұмыс қаншалық ғажап көрінсе де, осы 98-жылға шейін Абайдың өлеңдері жиналмаған болатын да, Абай өзі бір жазып тастаған өлеңін қайтадан жоқтап «Пәлені-түгені бар еді» деп еске алған да емес. Әрқашан кейде кітап оқып отырғанда, кейде жәй бір ойлармен қозғалып отырғанда, қолына бір парақ қағаз бен қарындашты алып, айтпақ өлеңін жазып тастайды. Соны қасында отырған балалары, інілері я жай бір ел адамдары болса да қалтасына салып, алып жүріп кетеді. Содан бірден біреу жазып алып жаттайды, кейбірін әнге қосып, домбырамен айтып жүреді. Өлең жазу қызметі осы сияқты болғандықтан, қазір де біздің қолымызға Абайдың өз қолымен жазған сөздерінің бірде-бірі жетпей отыр»,- дейді. [4, 153-б]
Саналы ғұмырын Абайдың өмірі мен шығармашылығын зерттеуге арнаған ғұлама Мұхтардың сөзіне күмәнмен қараудың реті болмас. М.Әуезов заманынан бері қарай да өзгеріп кеткен ештеңе жоқ. Дәл бүгінгі таңда да Абайдың өз қолымен жазылған қолжазбасы табылмай, қазіргі заманның күллі абайтанушылары Абайдың өз қолымен жазылған жарты парақ қолжазба өлеңіне зар болып отырғаны жасырын сыр емес.
Бұл жердегі анық бір мәселе – Абайдың өз қолымен жазған қолжазбасының бізге жетпегендігі. Әрине, бұл жағдай қазақ мәдениеті мен әдебиеті үшін орны толмас өкініш екені рас. Қанша жерден өкінішті болса да, бұл – тарихи шындық!
Демек, Абайдың «Қақтаған ақ күмістей, кең маңдайлы» өлеңінің екі бөлімнен тұратындығына ешқандай тарихи дәлел жоқ! Себебі, бұл тарихи шындықты жоққа шығаратындай Абай қолжазбасы бізге жетпеген.
Абай өмірі мен шығармашылығын жан-жақты танып білуде Абай ұрпақтары мен Абайдың көзін көрген замандастарының Абай туралы жазып қалдырған естеліктерінің атқарар рөлі зор. Міне, осындай құнды естеліктердің бірі – Абайдың ұлы Тұрағұл Абайұлының естелігі. Тұрағұл өзінің «Әкем Абай туралы» атты естелігінде Абайдың өлең жазып отырған шабытты кезін жазып қалдырыпты. Тұрағұл Абайұлы: «Сол өлең жазардағы түрі: Өңі қашыңқырып, азырақ ентіккен кісідей танауы кебінкіреп, көзі жасаураңқырайды, естілір-естілмейстей ғып күңіренгеннің ішінде күбірленкіреп, жазып кеткенде, көп тоқталып ойлана бермейді де, қайта сызып түзетпейді де, өлеңнің тығыны суырылып кеткенге ұқсайды»,- дейді. [5, 180-б]
Көрдіңіздер ме, шабыт үстіндегі Абай көп ойланып, сызып-түзетпей, өлеңді бір деммен жазған.
Ал, енді Абайдың «Қақтаған ақ күмістей, кең маңдайлы» өлеңінің екінші бөлімі басқа өлең деген өз ойымды ұлы ғалым әл-Фарабидің: «Ғылым – дәлел мен дәйек, содан соң логикалық жүйе»,- деген тұжырымы бойынша тәпсірлесек: Абайдың бұл аталған «Қақтаған ақ күмістей, кең маңдайлы» өлеңінің екінші бөлімі болған-болмағанына ешқандай ғылыми дәлел де, дәйек те жоқ. Себебі, Абайдың өзі жазған қолжазба бізге жетпеген. Бізге қалғаны тек қана, қисынды-логикалық жүйеге салып, өз ойымызды дәлелдеу...
Абай өлеңді көзі жасаураңқырап, күбірлей отырып, бір деммен жазып шығатынын қасында отырып, ақынның өлең жазған шабытты кезін көзімен көрген баласы Тұрағұлдың өзі жазып отыр. Тұрағұл Абайұлы жазып қалдырған ақын Абайдың өлең жазған шабытты сәтін логикалық-қисынды жүйеге салып көрелікші...
Сонымен, соншалық сұлу қыздың сипатын шабытты күйде, күбірлеңкіреп көзі жасаурап, бір деммен жазып отырған ақын Абай, шабытты күйінен бір айналымға келмей табан астында айнып, «қол батпаған алмасы өкпе болып», «тыртақтап», «жыртақтаған» деп, осының алдында ғана «сөйлесе сөзі әдепті һәм мағыналы»,- деп өзі суреттеген ақылды да, сұлу қыз туралы логикалық жүйеге сыйымсыз, алдында ғана айтып отырған ойына мүлдем кереғар, қарама-қарсы мағынадағы өлең жазуы мүмкін бе?
Меніңше мүмкін емес. Ақын Абай «Қақтаған ақ күмістей, кең маңдайлы» өлеңінің біз қазір екінші бөлімі деп жүрген бөлімін мүлдем басқа кезде жазған. Өйткені, өлеңнің екі бөлімін бір-біріне жалғап тұрған ешқандай логикалық қисын жоқ. Өлеңді өнер һәм тәрбие құралы деп түсініп, өлеңнің әр сөзін кірпішпен қалағандай етіп өз орнына қойып, өлеңнің ішкі мағынасын басты орынға шығаратын, өлеңіне басы артық бір сөзді орынсыз қолданбайтын, ғажап стилист ұлы реформатор ақын Абай, өлең арқылы қисынға келмейтін, жүйесіз ой айтуы мүмкін емес.
Сонымен, дәл осы тұста: логикалық тұрғыдан бір-бірімен мүлдем қиыспайтын Абайдың екі өлеңі қалайша кейінгілерге бір өлең болып жеткен? – деген заңды сұрақтың туындауы қисынды да жүйелі. Бұл тараптағы біздің ойымыз мынау:
Біріншіден, Абай өлеңдерін қалтасына салып алып кетіп, бір-бірінен көшіріп жүргендер «Қыздар туралы жазылыпты ғой» деп, Абайдың екі өлеңін бір өлең етіп, бір-біріне жалғап айтып кетуі мүмкін.
Екіншіден, «партиялық әдебиет» нұсқауымен Абайды «сынауға сылтау» іздеген М.Әуезовтің өзі де Абайдың екі өлеңін бір өлең деп қарастыруы да бек мүмкін. Қалай десек те, Абайдың «Қақтаған ақ күмістей, кең маңдайлы» өлеңінің екі бөлімінің арасында қисынды жүйе мен бір-біріне жалғасып жатқан тәрбиелік ойдың жоқ екені көзге айқын көрініп тұрған анық мәселе.
Сондықтан да, Абайдың «Қақтаған ақ күмістей, кең маңдайлы» өлеңінің екінші бөлімін алып тастап, Абай өлеңдерінің кейінгі басылымдарында өлеңді екіге бөліп, әр бөлімді жеке өлең ретінде бөлек басқанымыз жөн болар.
Пайдаланған әдебиеттер
1. Әлімқұлов Т. «Жұмбақ жан». Зерттеулер мен мақалалар. Алматы, «Жазушы» - 1978.
2. Әуезов М. Жиырма томдық шығармалар жинағы. Т Монография мен мақалалар. Алматы, «Жазушы» - 1985.
3. Ұлы дала тұлғалалары. Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы. Алматы, «Әдебиет әлемі» - 1913.
4. Әуезов М. Абайды білмек парыз ойлы жасқа. Алматы, «Санат» - 1997.
5. Абай туралы естеліктер. Алматы, «Қаламгер» - 2018.
Нұрғали Махан
Abai.kz