Жұма, 22 Қараша 2024
Жаңалықтар 4390 0 пікір 30 Қараша, 2012 сағат 06:10

Төлен Әбдік. Тозақ оттары жымыңдайды (жалғасы)

* * *

Атам заманнан өстіп өзді-өзі біркелкі тұрмыс кешкен араку тайпасының тіршілігі міне, дәл осы тұста аяқ асты тас-талқан болды.

Өзен сулары жаңбыр тасқынынан кейін сабасына түсіп, егістікке тұқым себіліп, келесі мейрамға дайындалып жат­қан кез еді. Көсемнің үлкен қызы көрші тайпа көсемінің ортаншы ұлына ұзатылатын болып, бұл өлкеде бұрын-соңды болып көрмеген бір қызық думан басталғалы тұрған. Ай толысуға екі күн қалғанда таңғы елең-алаңда ұйқыдағы қалың лашық найзағай шатырындай бір үннен шошып оянысты.

Кияку қаракөлеңкеде лашықтан жүгіре шыққан әкесін байқап қалды. Біртүрлі күннің шатырына ұқсаңқырамайтын үннің үс­ті-үстіне жиілеп бара жатқанын, әлдекімнің атын атап, қатты шыңғырған әйел дауысын естігенде барып, мылтық тарсылын ажы­ратты. Әлі санаға жетіп болмаған үрей мен таңырқау қабат би­леп, сыртқа қалай атып шыққанын да сезген жоқ. Ол тіпті пальма, банан ағаштарының ар жағынан дүркін-дүркін бұрқылдаған от-жалын, түтінге де, "қабылан аулау" биін билегісі келгендей, бір қолын көкке көтеріп, шалқая құлап бара жатқан еңгезердей жау­ынгерге де бей-жай қарап, тұрып қалған-ды. Кенет әл­декімнің:

- Қашыңдар! Атып жатыр! - деген ащы айғайынан есін жиып, қорыққаннан қалтырап қоя берді.

Ол енді адамдардың неге құлап жатқанын, Кәрі Қабан атан­ған көрші шалдың омырауын неге қан жуып кеткенін біршама түсінгендей болды.

* * *

Атам заманнан өстіп өзді-өзі біркелкі тұрмыс кешкен араку тайпасының тіршілігі міне, дәл осы тұста аяқ асты тас-талқан болды.

Өзен сулары жаңбыр тасқынынан кейін сабасына түсіп, егістікке тұқым себіліп, келесі мейрамға дайындалып жат­қан кез еді. Көсемнің үлкен қызы көрші тайпа көсемінің ортаншы ұлына ұзатылатын болып, бұл өлкеде бұрын-соңды болып көрмеген бір қызық думан басталғалы тұрған. Ай толысуға екі күн қалғанда таңғы елең-алаңда ұйқыдағы қалың лашық найзағай шатырындай бір үннен шошып оянысты.

Кияку қаракөлеңкеде лашықтан жүгіре шыққан әкесін байқап қалды. Біртүрлі күннің шатырына ұқсаңқырамайтын үннің үс­ті-үстіне жиілеп бара жатқанын, әлдекімнің атын атап, қатты шыңғырған әйел дауысын естігенде барып, мылтық тарсылын ажы­ратты. Әлі санаға жетіп болмаған үрей мен таңырқау қабат би­леп, сыртқа қалай атып шыққанын да сезген жоқ. Ол тіпті пальма, банан ағаштарының ар жағынан дүркін-дүркін бұрқылдаған от-жалын, түтінге де, "қабылан аулау" биін билегісі келгендей, бір қолын көкке көтеріп, шалқая құлап бара жатқан еңгезердей жау­ынгерге де бей-жай қарап, тұрып қалған-ды. Кенет әл­декімнің:

- Қашыңдар! Атып жатыр! - деген ащы айғайынан есін жиып, қорыққаннан қалтырап қоя берді.

Ол енді адамдардың неге құлап жатқанын, Кәрі Қабан атан­ған көрші шалдың омырауын неге қан жуып кеткенін біршама түсінгендей болды.

У-шудың арасынан: "Өзенге қашыңдар, өзенге!" - деген айғай естіледі. Екі лашықтың ортасында сілейіп тұрып қал­ған Кияку қолынан жұлқып, сүйрей жөнелген адамға қарап үлгірмесе де, шешесі екенін бірден таныған. Артына тағы бір қарағанда Айруа көсемнің сап-сау адамдай жерге тізерлеп шөккенін, сонан кейін тым ыңғайсыз, дәл бетімен гүрс етіп құлағанын көрді.

- Өзенге, өзенге! - деп тынбай айғайлайды әлдекім.

Шешесі орманға кіргеннен кейін де ұзақ жүгірді. Мылтық дауысы саябырлаған кезде барып, Киякуді бауырына басқан күйі қалың шырмауықтың арасына құлай кетті. Қолындағы ортасынан сынған шолақ найзасын оңтайлап, айналасына ашынған аңның жүзіндей жабайы қызғанышпен жауыға қарайды. Кияку алғашқыда шешесі екеуінен басқа ешкім де аман қалмаған шығар деп ойлаған. Бірақ олай болмады. Күн көтеріле-ақ тым-тырақай босып кеткен халық бір-бірлеп бас құрап, қару асынған еркектер бірөңкейленіп, шоғырлана бастады. Кияку бұтақ жырып кеткен тізесіне жапырақ жапсырды.

- Көсем оққа ұшты, - деді әкесі жандарына келіп. - Денесін алып шығуға Сари жалғыз кетті.

Кияку шешесінің жүзіне қараған жоқ. Бірак қолының терлеп қоя бергенінен жағдайының жақсы емес екенін сезіп тұр.

Әлден уақытта мылтық дауысы гүрс ете қалды. Бүкіл аракулар "аһ" дегендей болды. Кияку шешесінің сыбырлап сиынған дыбысын естіді. Әкесін де көрді. Әкесі найзасын жерге шаншып, қолын артына ұстап, сабыр сақтап тұр екен. Түрінен қорқыныш емес, мақтаныш тәрізді бірдеңе байқалады. Кияку әманда әкесінің осы бір таймайтын, сабырлы пішінін көргенде өзінің қорқақтығына ұялып, қорықпауға да болады екен ғой деп ойлап және осынысымен қауіп-қатерден құтылып кететін бір амал тауып тұрғандай қуанып қалатын.

Мылтық дауысы тағы да гүрс етті. Кияку көзін жұмды. Көзін жұмып, мылтық дауысын естіп тұра берді. Гүрс ете қалғанда "тірі" деп ойлады. "Атып жатқаны - тірі келе жатқаны. Тірі, сосын атып жатыр... "

Мылтық дауысы біресе әлденеге тіреліп қалғандай, келте тық ете қалады да, біресе қызған тасты суға батырғандай бір дыбыспен ұзақ зыңылдайды. Таңғы орман ішінен үріккен құстардың шуылы естілді. Кенет тасыр-тұсыр құлаққа ұрғандай сап тыйылды. Киякудын жүрегі зу ете қалды. "Өлді" деген ой санасын қарып өтті. Сөйтсе де тағы бір рет атылмас па екен деген дүдәмал үмітпен демін ішіне тартып, тұра берген. Жұрттың әлденеге гуілдеп кеткенін естіп, көзін ашып қал­ғанда қарсы алдында екі тізесіне сүйеніп, тері бұршақтап, ентігіп тұрған Сариді көрді. Көсем денесін жерге жатқызыпты. Жанында әкесі тұр. Сари әкелгені, басқа әкелгені белгісіз, дәрі салған дорбаларын, зікір салғанда киетін қауырсын киімдерін, барабан, сылдырмақтарын қолтығына қысып алыпты.

Киякудің әкесі дереу көсемді емдеуге кірісті. Көсемнің оң жақ қабырғасының астынан саулаған қан әрең тоқтады. Бақсы дә­рі-дәрмектерін жаққаннан кейін, сыртынан орап, таңып тастады. Бірақ көсем көзін ашқан жоқ. Өліктей сазарып, сұлқ жатыр. Бақсы ортаға от жақтырып, темекі тұтатты. Жара лы көсемнің ал­дына тізерлей отырып, ағаштың бұтағын аузына тигізіп, будақтатып түтін шығарды. Содан кейін екі қолын айқастырып, кү­ңі­рен­ген дауыспен әндетіп дұға бастады. Көмекші бақсылар дұғаның соңғы тармағына қосылғанда Киякудің әкесі асқабақ қабы­ғы­нан жасалған зікір кеуегін қаңғырлатып, көсемді айналып, билей жөнелді. Кеуек қаңғырығы күшейген сайын бақсының қи­мылы да шапшаңдап, біраздан кейін тіпті көз ілеспей кетті. Жағалай қоршаған аракулар көсем жүзіне телміріп қарап қалған.

Көсем көзін ашты. Таң бозынан арылып, шығар күннің сәулесімен шыңылтырлана бастаған көкшіл аспанға қарап, ұзақ жатты. Басын бұрды, ешкімді танымаған секілді. Тұрғысы келіп, ұмтыла түсті де, бетін тыржитып, қайтадан көкшіл аспанға қараған күйі жатып қалды.

- Өртеп жатыр! - деді кенет әлдекім қырылдаған үнмен. Ел шошынып, көкке қарады. Аспанға лашықтар тұсынан будақ-будақ қою түтін көтерілді.

Киякудің сонан кейін есінде қалғаны - көсемді зембілге салып, ұбап-шұбап, өзен бойымен күнбатысқа - қалың орман түкпіріне үдере көшкен қалың топ. Арттан ізге түскен ақ адамдардың атқан мылтықтары алыстан анда-санда бір шаңқ етіп, төңіректі дүр  сілкіндіреді. Орман іші қалыңдап, зәулім ағаштардың басынан күн сәулесі көрінбей, бір түрлі, у-шусыз, қорқынышты, қаракөлеңке шаққа ауысты. Кәрі табиғат: "ау, адамдар, менің еркімнен бөлініп, өз беттеріңше ой ойлап, заң шығарып, тіршілік құрып кеткенде бір-біріңе көрсеткендерің осы ма, ендеше өзіме қайта кел, еркіңді өзіме бер" дегендей тылсым құшағына қымтай түсті.

Дүниеде зұлымдық үшін жаратылған қасақана мақұлықтар бар. Олардың зұлымдықтарына ешкім "бұл не үшін" деп сұрақ қоя алмайды. Олар өз міндетін атқарушылар секілді; жылан шағуға, пираньялар талап жеуге, масалар ауру таратуға міндетті. Кияку ақ адамдардың шабуылын да осындай себебін анықтауды қажет етпейтін оқиғалардың бірі деп санады. Оның тек бар анықтағаны - бүкіл елге түскен мынау қатерлі жәйт, зембілде жатқан ұлы көсем Айруаның да, әруақты бақсылардың да, жүрекжұтқан жас батыр Канатоның да шамасынан тыс. Бел тірейтін сүйеніш жоқ, үміт жоқ, тұңғиық бір түпсіз үрей.

Шалдар да, әйелдер де үн-түнсіз жылап келеді. Көсем әлсін-әлсін тала берді. Қалың жұрт қайда кетіп барады? Қай жерге барып тоқтайды? Ешкім білмейді. Сонау ойын-сауық, той, бейбіт күндер, туып-өскен мекен-жұрт осыншалық ғапыл, ғайыптан-ғайып көзден бір-бір ұшты.

Күн еңкейе аракулар өзен жағасына тоқтап, көсемді зембілден тү­сіріп, тайпа басшылары кеңес өткізуге жинал­ғанда арттан Кана­то бастаған жауынгерлер де қуып жеткен. Қалай ұстағандары бел­гісіз, шашы тікірейген, жағында тыртығы бар, еңгезердей ақ адамның қолын артына қайырып байлап тастапты. Ақ адам қанталаған көздерімен алақ-жұлақ етіп, маңайына үрейлене қарайды. Ка­нато тұтқынды өзен жақтағы ағаш арасына әкеліп, қолын шешті. Содан кейін шырамытқан адамдай тұтқынның бой-басына көз жүгіртіп қарап алды да, шеткі жауынгердің балтасын сұрады.

Бұлшық еттері дір-дір етіп, қолындағы айбалтасын қыса ұстап, тұтқынға тақай түскен Канатоны көрген жұрт не істегелі тұрғанына түсінбей, тым-тырыс қадалып, бағып қалған.

- Қанішер!! - деді Канато құпия бірдеңе айтып тұрғандай сыбырлап.

Тұтқын қолымен басын қорғады. Бірақ Канато шапқан жоқ.

- Ұста! - деді балтаны ұсынып. Тұтқын түсінген жоқ.

- Ұста деймін!

Тұтқын алақ-жұлақ етіп, есі шығып, қорыққанынан балтаны ұстады.

- Таңда! - деді Канато жауынгерлерді қолымен көрсетіп. Біздің заңымыз - жекпе-жек. Үш рет жеңіп шықсаң, басыңа - бостандық!

Бірақ тұтқын мұның біріне түсінген жоқ. Өз тілінде бірдеңе деп былдырап, "артымнан ұра ма" деп қауіптенгендей ту сыртына бұрылып қарай берді.

Канато ымдап түсіндірді. Тұтқынға қолындағы балтаны көрсетіп, одан кейін жауынгерлерді көрсетіп, жекпе-жектің қимылдарын жасады.

- Таңда! - деді тағы да. - Таңда біреумізді!

Тұтқын түсіне қалды. Үрей билеген бет-әлпеті қалпына түсіп, шүңірек көздерінде зұлымдық ойдың нышаны жылт ете қалғандай болды. Бірақ әлде де сенбей, Канатоға жалтақтай берді.

- Таңда!

Тұтқын біреуді оятып алмайын дегендей аяғының
ұшынан ба­сып жауынгерлер тобын аралай бастады. Тағы да Канатоға бұрылды. Канато басын изеді. Тұтқын содан кейін бо­йын билеп, нық басып барды да, шетте тұрған
қайықшы, ақсақ шалды нұсқады.

Жауынгерлер абыржып, бір-біріне қарады. Канато да үн-түнсіз аңырайып тұрып қалыпты. Алпамсадай қайратты жігіттің қалайша кемтар шалды таңдағанына бәрі де түсінбей тұрған секілді.

- Мен дайынмын....

Шал беліндегі садағы мен қорамсасын шешіп, жерге қойды да, қабағын түйіп, қолындағы балтаның жүзіне қарады. Ол бір кезде мақтаулы жауынгер, әрі аңшы болған, бірақ бұл күнде сол атақ-дақпырттан басқа басында ештеңе қалмаған кемтар шал ғана. Ұрыстың басталғанын білдіріп, барабандар дүңк ете қалғанда жауынгерлер серпіліп, шегініп кетті.

Тұтқын мен шал бір-біріне тесіле қарап, жақындай берді. Тұт­қын бұрын ұмтылып, балтасын сермеп қалғанда, шал қағып үл­гір­ді. Бірақ әлуетті қолдың екінші соққысына шамасы жеткен жоқ, мойынын қиып түскен балта ізінен қан шапшып, томардың үс­тіне құлап түсті де, аса қиналмай, аз-кем тыпыршып жатып, жан тапсырды.

Тұтқын айқастың тым тез біткеніне қуанғандай сөлекет ыржия күліп, маңайына қарады. Содан кейін тағы бір әлсізді таңдап алғысы келіп, қоршаған топты көзімен алақ-жұлақ тінтіп, жағалай бастады.

- Тоқта! - деді Канато қолын көтеріп. - Қанға қан!

Ортаға шыбықтай майысқан талдырмаш жас жігіт шықты. Сазарған жүзінен иә үрейдің, иә қайғының белгісі білінбейді. Үн-түнсіз балтасын кезеп тұра қалды. Барабан дүңк етті.

Тұтқын қанға құныққандай, құтырына тап берді. Жас жігіт жалт бұрылды. Және жаттығу жасап жүргендей, алдын ала болжап, асықпай, емін-еркін жалтарды. Екінші, үшінші соққыларды да дарытпады.

Тұтқын енді есі шыға үрейленіп, оңды-солды сермей түсті. Бірақ жас жігіт қару жұмсаған жоқ, тұтқынның зәресін алып, соққыларын дарытпай, оң-оңай жалтарып кете берді.

Тұтқын өлетінін шын сезді. Жылағаны, иә күлгені екені белгісіз - кеңк-кеңк етіп, жанұшырған қимылмен құр ауаны тілгілеп жұр. Екі-үш рет етпетінен құлады.

Кенет амалы таусылып, қалшылдап тұрып қалды да, балтаны тастай салып, өзенге қарай тұра қашты. Ешкім қуған жоқ. Тұтқын өзенге қойып кетті. Сол мезетте-ақ жантүршіктіре шыңғырып, жағаға қайта ұмтылды. Шығып үлгірмеді, жанталасып, қарманып жатып, әлден уақытта үні өшті.

Аракулар жағаға келгенде, қан жайылған су арасынан тұтқынның ағараңдаған сүйегін ғана көрді. Бір-екілі пираньялар (жыртқыш балықтар) желке тұсында жалбыраған қызыл етін жұлып кетіп жатты.

Аракулар кейін қайтты. Жас жігіт томар үстінде жатқан әкесінің өлігіне үн-түнсіз үңіліп, ұзақ тұрды.

Аракулар көп қырылғандықтан, әрі өліктердің бәрі далада қалғандықтан, бұрынғыша қасиеттеп, қаралы бимен жоралғы жасап, жерлеуге мұрша болған жоқ. Өлімнің бәрі де жанға бататын ғапыл өлім. Бірақ солардың бәрінен де Киякуге, Киякудің шешесі мен әкесіне қатты батқаны - Саридың өлімі. Жалғыз өзі көсем денесін алып шыққанда жауған оқтың бірі дарымай, аман шыққан Саридың әлдеқалай қаңғыған оқтан қаза табуы ешқашанда орны толмас өкініш болды.

Қараңғы, сыз орманда түнеп шыққан қалың ел таң •саз бере тағы да жолға шықты.

Әлдеқандай жалпақ өзеннің арғы бетіне өткеннен кейін, ұзақ жолдан титықтаған аракулар қоныс тебу мақсатымен лашықтар тұрғыза бастаған. Бірақ адам баласы аяғын баспаған бұл өлкеде шектей шұбатылған айдаһар мен аллигаторлардан басқа мақұлық кездескен жоқ. Үш адамды келген күні жылан шағып өлтірді. Балыққа, аңға кеткен еркектер бірнеше күн қатарынан құрқол қайтты. Аштық басталды. Шөптің тамырын талшық еткен аракулар шеттерінен күп болып ісініп кетті.

Ақыры уайымнан құса болған жаралы көсем ай толысқан күні у ішіп өлді де, тайпаның қалған басшылары кеңес өткізіп, тіршілікке қолайсыз, қайырсыз жерден көшу керек деген байламға келді. Келесі күні лашықтарын өртеп, көсемнің сүйегін зембілге салып, қалың ел тағы да үдере көшті. Бұл бір тірі жанды тіршіліктен түңілдірген, дұшпанның басына тілемейтін, өмірі естен кетпес, бейнетті күндер еді.

Бала-шағасымен ұбап-шұбап, азып-тозған аракулар тағы да бірнеше күн жол жүріп, әлдеқандай бейтаныс таудың етегіне тоқтады да, сол араға біржола қоныс тепті. Баспаналар тұрғызылды. Қаралы билер бірнеше күнге созылып, көсемнің сүйегі жерленді.

Күндер өтті. Күн өткен сайын жаңа қоныстың жайлы орын еке­ні сезіле бастады. Ел есін жиып, күнделікті әдет-ғұрып, діни жо­ралғылар қалыпқа түсті. Жүрекжұтқан Канато көсем болып сай­ланды. Бақсылар бұрынғыша күн батар алдында отты қоршап, те­мекі түтінін бұрқыратып жын-перілер рухын қуалап, пе­ріш­телерден шапағат тілейтін болды. Еркектер маска жасап, әйелдер той нанын пісіріп, тәтті сусын дайындап, толық ай мейрамына әзірлене бастады. Тек Киякудың әкесі ғана әдеттен тайып, екі-үш рет орман тауды аралап қайтқаннан кейін, қайтып алыс сапарға аттанған жоқ. Күн сайын зікір салып, ауруларды емдейді. Түні бойы лашық ішін көк түтін қылып, шөп қайнатып, дәрі жасайды.

Әкесінің лашық ішінде тәуіптік құрып, қанша уақыт сарғайғаны есінде жоқ. Ұзаққа созылған жаңбыр тасқыны аяқталып, балықшылар сүңгі, ауларын қайыққа тиеп, жолға да­йындалып жатқанда әкесі өзінің көмекшілері болып саналатын алты бақсыны лашығына жинап алды.

- Аракудың атақты алты бақсысы, - деді ол түрегеп тұрып, асықпай темекі түтінін бұрқыратып. - Жаратушы куә, аракулар өмір бойы өзгеге қиянат қылып көрген жоқ, бірақ өзінің көргені өмір-бақи қиянат.

Араку әділдікпен бірге жаралған. Әділдік өлген күні қоса өлмек... Ендеше дүниеде әділдік жоқ, сол себепті біз де өлмекпіз!.. (Алты бақсы отқа телмірген жүздерін көтеріп, үлкен бақсыға та­ңыр­қай қарады). Ақ адамдар ата мекен жұртымыздан қуып шығып, жан баспаған меңіреу, батпақты орманға тықты. Батыр ұл­дары­мызды өлтірді. Араку тайпасының атам заманғы асыл қойма­сы жау қолында. Бірақ менің айтарым - ол емес... Араку жұртына кеселді дерт жабысты... Жұқпалы дерт!!! (Зәрелері ұшқан бақсылар орындарынан атып-атып тұрды). Ол лашықтарды өртеп, қоныс аударып құтылатын дерт емес... Мен көсем өлген батпақты орманның неғылған жер екенін енді білдім. Ол - жын-перілер рухы жайлаған індет ордасы. Бізге індет тарады. Бұл - өте баяу тарайтын, ұрпақтан ұрпаққа жұғатын, қатерлі індет. Араку үшін бұдан қатерлі жау қалған жоқ... Араку тайпасын осы күнге дейін көсемдер мен батырлар ғана жан берісіп, жау қолынан аман алып келіп еді. Енді мына жаудан қалың елді сақтап қалу еш­қандай көсемнің де, батырдың да қолынан келмейді. Олардың ешқайсысы да сақтап қала алмайды. Тек біз ғана, мына біз ғана сақтап қала алуымыз мүмкін. Ей, атақты алты бақсы! Ендігі бар үміт біздің мойнымызда... Мен барлық орманды, тау-тасты кезіп, киелі шөп іздедім. Осы індетке шипа болар өзім білетін бір шөпті таба алмадым. Ол шөптің Күн мекені - қасиетті жасыл көлдің маңайында, тау етегінде өсетінін жақсы білем. Ендігі шешім сол ескі мекен жұрттан шөп дәрі әкелу. Жаратушыдан жақсылық болып, тірі оралсақ, араку елінің бағы ашылар. Өзімнің кішкене ұлымды ала барам... Дәрі жасауды осыған үйретем... Киелі құпия балаға ғана қалатын мұра... Әйтпесе дуа қашады. Араку үшін жан пида!

- Жан пида! - деді бақсылар бір ауыздан. Әкесі Киякуды қасына шақырып, отқа қаратып отырғызды.

- Бір үмітім - осы ұлым. Мендегі барлық қасиет, кие осыған қалмақ... Бүгіннен бастап менің жалғыз ұлым Киякуды аракудың сегізінші бақсысы деп біліңдер.

Бақсылар отты қоршап, тізерлеп отырды. Әкесі оттан жанып жатқан бұтақты көтерді де:

- Ант бер! - деді Киякудың қолына ұстатып жатып.

Кияку не дерін білмей, жалтақтап әкесіне қарады.

- Мен, араку тайпасынан шыққан Ұлы бақсы Чоро баласы - Кияку... - деді әкесі айбарлы, биік үнмен аузына сөз салып.

- Мен араку тайпасынан шыққан Ұлы бақсы Чоро баласы Кияку, - деп қайталады Кияку.

- Араку жұрты үшін құрбандыққа әзірмін!

- Араку жұрты үшін құрбандыққа әзірмін!

- Бүкіл бақсылық ғұмырымды...

- Бүкіл бақсылық ғұмырымды...

- Аракуларға арнаймын.

- Аракуларға арнаймын!

Әкесі екінші қолындағы темекі толған қамыс кеуегіне от салды да Киякудың аузына тақап:

- Бір сор! - деді.

Кияку сорып қалды да, қақалып-шашалып, шегініп кетті. Қалған бақсылар да темекі түтінінен бір-бір сорып, отты қоршап, жақсылық рухына мінәжат қылып, дұға оқыды. Бәрі де Чоро ұлы Киякуды араку тайпасының сегіз бақсысының бірі деп мойындады.

Сол түні әкесі Киякуге киелі шөптен дәрі алудың жолын үйретті. (Әрине, елу жыл өткен аралықта осынау құпия өсиетті қанша тырысса да еске түсіре алмас еді. Бірақ әкесінің құлағына сыбырлап:

- Ұмытпа, шипа дәріні жасауды дүниеде екі-ақ адам біледі. Бірі - Ұлы бақсы Чоро. Екіншісі - оның кіші ұлы Кияку, - деген сөзі әлі есінде). Таң ата сегіз бақсы мойындарына дорбаларын байлап, қару-жарақтарын асынып, аруақтардан медет сұрап, жолға аттанды.

Өзеннің ағысымен төмен жүзіп, сәске шамасында жағаға тоқтап, бұлар қайықты жапырақтармен жауып, жасырғаннан кейін, жабайы шошқалар салған жолмен кешке дейін жүріп, аласа тауға шықты.

Күн әуедегі бұлттарды қызыл ала нұрға бояп, батып барады. Алыстан мұнартқан көшкіл тұман бірте-бірте ымырт құшағына сіңіп, күңгірт тартты.

Кенет аяқ астынан нөсер төпеп құйып кетті де, жолаушылар тау іргесіндегі үңгірге тығылды.

- Өткінші жаңбыр, - деді бақсылардың бірі, - жел айдап барады.

Бірақ жаңбыр басылған жоқ. Тынымсыз шақырған бақалардың шырылы мен аллигаторлардың күркіреген қорқынышты үндерін, алыстан талып жеткен құлама судың сарылын естіп, түні бойы отыруға тура келді. Елең-алаңда тұрған бақсылар жалғыз аяқ жолмен күн шыға өзен жиегіне жетті. Одан кейін әлдекім тығып кеткен қайыққа отырып, құлама суға дейін жүзді. Келесі күні тасқа өрмелеп, таудың арғы бетіне өтіп, өзен жағасына түнеді.

Таң ата қалың орман ішіндегі әлдеқандай, аң жүрмеген ескі сүрлеуге түсіп, еш жерге аялдамастан түс ауғанда араку тайпасы жайлаған өлкенің шекарасына кірді.

Өмірі жарық көрмеген түнек жыныс сетінеп, күн сәулесі нұ­рын төккен ашық аспанды, жеміс ағаштары самсаған мәуелі, кө­гіл­дір, көңілді бір өлке басталды. Аяқ басқан сайын піскен банан, жаңғақ, папай, манго жемістері көзге ұрады. Шуылдаған құс­тар үні, тотықұстардың барқылдаған тұрпайы дауыстары ерекше қуанышты бірдеңені білдіріп тұрғандай, той болардағы дабыра-шу­ға ұқсап тұр. Ағаш бастарында отырған ұзын жүнді бақырауық май­мылдар жолаушыларға біртүрлі ұнатпаған әрі мұңды пішінмен бей-жай қарап, жандарына тақай түскенде жылан шағып алғандай оқыс ырғып, орманды бастарына көтере шулап, тым-тырақай қашады. Ал одан әрі тым биікте отырған кішкентай, ұзын құй­рық, тықыр маймылдар бұтақтан бұтаққа секіріп, бұлардың соң­дарынан еріп, ысқырып, жаңғақ, жеміс лақтырып, өздерінше қуа­лаған болады. Адамдар ұзап кеткенде өз істерінің нәтижесіне қуа­ныш білдіргендей күлкіге ұқсас шиқылдаған бір дыбыстар шығарады.

Жолаушылар сақтық үшін сүрлеуден бұрылып, қараңғы түскенше жолсызбен жүрді. Түннің бір уағында олар жолай терген жеміс-жидектермен тамақтанып, көз шырымдарын алу үшін көк шөпке қаз-қатар жайғасты.

Келесі сәске түсте бұлар межелі жерге жетіп тоқтады. Бұл таудың тегістелген қырат тәрізді дөңес іргесі екен. Кияку Күн мекені болған киелі көлі қайсы екен деп маңайына қанша қараса да ештеңе көре алмады.

Бақсылар орманның қақ ортасындағы алып молаға ұқсаған дөңес қыраттың тасты беткейінен шөп қазуға кірісіп кетті. Кияку әкесінің бұрын-соңды дәл бүйтіп жанталасып жұмыс істегенін көрген жоқ еді. Жарқанат шағып, есірік буған адамша балтасын аласұра сілтеп, селдір жапырақтары сарғая бастаған, тырбық қурайға ұқсақ, тікенекке, шырмауыққа, гүлге ұқсас бірнеше шөптердің тамырларын тынбай қазды.

Ақыры күн қызуы қайта тамырлар топырақтардан тазартылып, әркімнің дорбасына тең бөліп салынды. Содан кейін бақсылар ақырғы рет жүрек жалғап, жаратушы ұлы күшке сиынып, дұға оқыды.

- Қозғалайық, - деді Киякудің әкесі балтасын белдігіне қыстырып жатып.

Кияку орнынан тұрды. Әлденеге көзінің алды қарауытып, жүрегі шымырлап, сыздағандай болды. Ол мұнысын ешқандай жақсылыққа жорымайтын еді. Сылдыр еткен дыбыстан сезік­те­ніп, артына жалт қарағанда бұта арасынан мылтығын кезеп, аспай-саспай жақындап келе жатқан ақ адамды көрді. Әкесі:

- Қашу керек, - деді ақырын ғана.

Ол осыны айтып, мүлде жайбарақат тұрды да, көз ілеспес шапшаңдықпен беліндегі балтасын суырып алып, жіберіп қалды.

Мылтық даусы да гүрс етті. Киякудың соңғы көргені - қалпағы ұшып, құлап бара жатқан ақ адам мен кеудесін ұстап, бір бүйірлеп шөккен әкесі.

Бақсылар Киякуды сүйрей-мүйрей қалыңға кіріп үлгірді. Киякудың көзі қарауытып, басы айналды. Құлағы шыңылдап, басқа дыбысты естіген жоқ. Біреулер аузын басып, тұншықтырып жатқан секілді. Талықсып барып, көзін ашқанда өзін дырылдата сүйретіп, жүгіріп келе жатқан жалғыз көз бақсы Курарені көрді. Қайдан екені белгісіз, тарсылдатып атып жатыр. Кесілген ағаштардың тұсына келгенде Кураре Киякуды емшектегі бала құсатып, қолтығына қысып алды. Өстіп қанша жүгіргені белгісіз, Кураре әлденеге сүрініп, етпетінен құлады да, Кияку бірнеше қадам жерге ұшып кетті.

- Бері... Бері!..

Кияку томарға қатты соғылған басын ұстап, мәңгіріп, Кураренің не айтқанына түсінбей, алақтап қарай берді.

- Бері кел деймін, тез...

Кияку мен Кураре қалың тікенек ағаштың арасымен денелерін қан-жоса қылып, шөп басқан терең сайға құлай кетті.

Тым жақыннан дабырлаған дыбыстар естілді. Әлден уақытта мылтықтарын кезей ұстаған үш ақ адам бұлар тығыл­ған сайдың дәл жанына келіп, өз тілдерінде ұзақ дауласты. Арт жақтан тағы бір тобы қосылды. Олар бір-бірлеріне әр тұсты қолдарымен көрсетіп, у-шу болып, дағдарысып, содан кейін мылтықтарын кезеп ұстаған күйлері жан-жаққа бет-беттерімен тарап кетті.

Аспанның тең жартысын қып-қызыл етіп, күн батты. Орман ішіне ымырт тұнып, әлден соң тас қараңғы меңіреу түнге айналды. Кураре дорбасын Киякуге қалдырып, сайдан еңбектеп шықты. Қараңдап біраз жерге дейін барып, одан әрі көмескі елеске айналып, ақыры түн құшағына сіңіп, жоқ болды.

Жел тұрып, ағаш бастарының шуылы естілді. Нөсер төпелеп құйып кетті. Әлдеқайдан сарқыраған сарыл естілді.

- Кияку, - деп сыбырлады әлдекім. Кияку селк ете түсті де, сайға еңбектеп түсіп келе жатқан Курарені көрді.

- Бәрі де... - деді ол ентігін баса алмай. - Бәрі де... Тірі қалған ешкім жоқ... Бәрі де...

Жарқ ете қалған найзағай отынан малмандай болған Кураренің секпіл жүзі, адырайған жалғыз көзі, арқасындағы дәрі шөптер салынған бірнеше дорба көрінді.

Кураре мен Кияку сайдан еңбектеп жылжып, ашық алаңға, одан әрі жалғыз аяқ жолдың жиегінен басталатын қалың ағашқа кіргенше бастарын көтерген жоқ. Одан кейін найзағай жарығымен бағдар жасап, өзеннің өткел беретін етегіне қарай жүрді. Нөсер үсті-үстіне төпелеп, әлден соң қатты жел көтерілді. Ағаштар суылдап, әлдеқандай беймаза шаңқылдаған құстар үні мен сарқыраған сарыл қосылып, азан-қазан, үрейлі шуылға айналды.

Түн ортасы ауа нөсер басылып, жөңкілген бұлт арасынан ай сығалап, алдан ағараңдаған боз мұнар шың көрінді.

- Бұл - біздің бұрынғы аңшылар тұрағы, - деді Кураре арқасындағы дорбасын түзеп жатып. - Лашық тұратын... от жағатын шақпақ та болатын...

Мұнар сейіліп, ай сәулесімен жарқыраған сұр жартас, төменде қап-қара боп тулап аққан асау өзен арнасы айқын көрінді. Кураре төбесін пальма жапырақтарымен жапқан, іші құрғақ, аласа лашықты оп-оңай тапты. Кияку дайын тұрған аспалы гамакқа қисая кетті де әкесінің өлімі жанына жаңа батқандай, солқылдап жылап қоя берді.

- Ұлы бақсы Чороның өлімі ең ауыр өлім. - Кураре іргедегі құрғақ бұтақтарды жинап, от тұтатты. - Бірақ сен тірі қалдың. Әкең өзінің бар құпиясын саған қалдырған. Қазір сенен қымбат ешкім жоқ. Сондықтан жарылқаушы рухтың жақсылығына рақмет айтпау күпірлік болады.

Одан кейін Кураре Көкшіл Мұнар тауына қабылан аулауға барғандағы көрген қызықтарын, жаралы қабыланды қанша күн қуғандарын, (сол жолы Чапу батырды ормандағы әйел перісі арбап, жынұртып жібергенін) өзіне атылған жаралы қабыланды қалай шаншып өлтіргенін айтты. Осыдан барысымен Киякуді өзімен бірге аңға алып шығатын болып келісті.

Кураре, сөзіне қарағанда, бүгінгі үлкен апатқа онша қабырғасы қайысып отырмаған секілді. Бірақ табиғатында зерек туған кішкене бала Кураренің дауысындағы дірілден, "осының бәрі бірдеңе үшін, ол бірдеңе біздің бәрімізден биік, біздің қазамыздан да, Ұлы бақсы Чороның қазасынан да биік, сен кішкентай болғанмен аракудың сегіз бақсысының бірі болып саналғансың, сондықтан түсінуге тиістісің ғой" деген ойды аңғармай қала алмады. Екі жолаушы күн шыға жолға түсіп, Жылан бас тауын бетке алған. Кешке қарай әбден қалжыраған Киякуды Кураре арқалап алды. Күн батты. Кураре от жағып, таңертеңгі ұстаған балықтарды пісірді. Оның жорамалы бойынша ертең қалайда өзен жиегінен қайық кездесуге тиісті.

Келесі күні бұлар өздері меже тұтқан Жылан бас тауының етегіндегі өзеннің өткелді тұсына сәске түсте келіп жетті.

Айналасына қолмен отырғызғандай қаз-қатар пальма ағаштары өскен сарғыш түсті өзеннің жағасында төңкерулі қайық жатыр. Алдыңғы күнгі жаңбырдан өзен суы көтерілгенге ұқсайды. Ағысы қатайып, сарылы күшейе түскен.

Кураре қайықты қолымен көрсетіп, қуанғаннан ыржия күліп, әлдене айтқысы келіп Киякуге бұрыла бергені сол еді, дәл жақыннан мылтық даусы гүрс ете қалды. Кураре етпеттей құлады.

- Қаш! - деді жер тырнап жатып.

Кияку қашып үлгірген жоқ. Алдынан да, артынан да мылтық кезенген бірнеше ақ адам лезде қоршап алды. Сақал-мұрты өсіп кеткен, ұзын бойлы біреуі маңындағыларға өз тілінде бірдеңе айтты да, аяғымен Курарені шалқасынан аударып:

- Алтын қайда? - деді араку тіліне ұқсас бір тілде. - Алтын таба аласың ба? А? Қай жерде алтын?..

Кураренің құлағынан қан кетті.

Сақалды ұзын жерге бір түкірді де, мылтығын тіреп тұрып Курарені дәл бастан атты. Бұрылып Киякуге қарады. "Мұны қайтсем екен" дегендей сәл ойланып тұрды да, құс атқандай емін-еркін, бей-жай сезіммен мылтығын көтеріп, көздей бас­тады.

Кияку дір ете қалды. Әлдеқалай қорқыныш сезімі жоғалып, әлденеге түсінбеушілік, "енді қайтер екен" деп, асыға күткендей тынышсыз, есірік күй биледі. Ол сақалды ұзынның жанында тұрған ересек баланың әлдене деп жалынғанын, сақалды ұзынның күліп, басын изеп, оған қолындағы мылтығын бергенін, енді мұны баланың көздей бастағанын көріп тұрды. Бала дәл жанында сілейіп тұрған, осынау адам­ға ұқсас "мақұлыққа" тигізе салуды мін көрді ме, қолымен қаш дегендей белгі берді. Кияку меңірейіп тұра беріп еді, тағы да қолын сілтеп, "қаш" деді. Әлдебіреу жерден тас алып лақтырды. Кияку баланың сілтеген жағына қарай жүгіре жөнелгенде мылтық гүрс ете қалды. Кияку кілт тоқтай қалды да, өзіне ешқандай оқтың тимегенін сезді. Бұрылып, өзін атқан топқа қарады. Бала "неге тоқтайсың" дегендей қолын сілтеп, ызалана айғайлап тұр екен. Тағы жүгірді. Тағы да гүрс ете қалды. Тиген жоқ. Шалаесті күйде бұрылып, тағы қарады. Қалпақ киген, жуп-жуан біреуі "енді былай жүгір" деп қол сілтеп тұр екен. Кияку жел құлатқан банан ағашына қарай жүгірді. Тұла бойы өзіне ырық бермей қалшылдап, санасында әлдеқалай бей-берекет, аласапыран бір түйсік, ақырғы демді бітіріп, мәңгі азап шекпейтін тыншығуды асыға тілегендей, "қазір, міне, міне, қазір бәрі де бітеді, тек тезірек, тезірек" дейтін секілді. Болмашы ойлар, елестер, үрей, түйсіктер дәл қазіргі жанай өтіп жатқан мылтық оғындай зу-зу елес беріп, жоқ болып жатыр.

Баланың бұрын мылтықпен көп әуес болмағаны байқалды. Тигізе алмағанына ыза болып, қызарып, жыларман халге келді. "Енді былай қаш" деп өзенді сілтеп, тағы да сығалап, көздей бастады. Ерсілі-қарсылы жүгіру мен үрейден қатты алқынған Кияку қарсы алдында бұрқанып ағып жатқан өзенді көрді. Әлдеқалай есі кіріп, "құтылу керек, өлмеу керек" деген түйсік ап-анық елес берді.

Енді гүрс ете қалған мылтыққа да, арттағы топтың ай­ғайына да мән бермей, зымыраған бойы жартас үстінен өзенге бір-ақ секірді. Құлап келе жатып ештеңе ойлап үлгіре алмады. Тек биіктен жүрегі өрекпіп, жел екпіні тынысын бітеп, үрей буды... Мұздай суға күмп бергенде сіңірі тартылып қала жаздап барып, жазылып кетті. "Басымды шығарсам, атып тастайды" деген қорқынышты ойдан біржола су астында қалуға ризалық тәрізді соқыр сезім шектеп, ағыс екпінімен әрекетсіз, бата берген ол әлден соң демі азайып, булығып (әлгінде ғана санасында ап-айқын елес берген ой-сезімдер ғайып болып), ессіз жантәсілім күйде су бетіне шығуға, ауа жұтуға аласұрды. Ағыс екпіні бағытын өзгертіп жіберген секілді, бір бүйірге үйіріп, зымыратып әкетті. Үздігіп, демі бітіп, су астында көзі шарасынан шыға айналып кеткен Киякудың ішіне су кеткенде "өлдім" деген аса қорқынышсыз, ақырғы ой санасын шарпып өтті. Содан кейінгі сезгені - қолына іліккен жылтыр тас, көкірегін жарып енген ащы дем. Кияку ішек-тамырлары қақырап, өзегі үзілердей үсті-үстіне шашалды, артынша лақылдатып құса бастады.

Біраздан соң бойы бей-жайланып, денелері босап, тынығуды аңсап, сәл жатты да, өзінің қараңғы үңгір ішінде жатқанын көріп, сарқыраған ағыс дыбысын естіп, қалтырап қоя берді. Үңгір жартас астымен ағысты бұрып әкететін бір иірім сала тәрізді. Бозамық сәуле беріп, жоғары өрлеген үңгір түбінен дем секілді бір леп келеді. Жаға тұстан ақ адамдардың дабырлаған дауыстары еміс-еміс естіліп тұр.

Кияку жіп-жіңішке қолдарымен тасқа сүйеніп біраз тұрды да, суды кешіп, үңгірдің түбіне қарай енді. "Қайда барамын, не істеймін" дегенді ойлап жатпады. Білеуленген, жықпыл сұр тастарға алақ-жұлақ қарап, тың тыңдап, үңгір бойлап, жылжи берді. Бірыңғай дымқыл ауадан тас бедерін бүркеген көк қыналар аттаған сайын аяғын жұп-жұмсақ жанды денеге тигендей түршіктірді. Ол ұзақ жүрді. Жүрген сайын үңгір іші кеңейіп, қаңыраған қаракөлеңке жерасты кеңістігіне айналды. Кияку сәуленің қайдан келіп тұрғанын аңғара алмады. Алыстап кеткен зәулім тас қабырғалардың етегінен үңірейген қап-қараңғы тесіктерді көрді. Жоғарыдан суылдаған дыбыстар естіліп тұр. Кияку бағдар айқындау үшін тоқтап, жан-жағына қарады.

Кенет жал-жал болып үйіліп қалған құлама, кесек тастар арасынан таңғажайып бір құбыжық бас көрінді. Жансыз бейнедей, қыбырсыз қатып қалды да, лып етіп ілгері жылжып, тағы да тасқа ұқсап, қата қалды. Кияку құбыжық бастың қайда қарап тұрғаны белгісіз бақырайған көздерін, бүлкілдеген қатпарлы жемсауын, мүйіз жалын, ақырында адам саусағына ұқсаған тас бұжыр аяқтарын көрді. Бас ілгері тағы бір жылжығанда ес-түссіз сілейіп қалған Кияку құбыжық дененің кәдімгі дәу кесіртке екенін таныды. Жалма-жан жерден тас алып, жіберіп қалды. Шақ ете қалған дыбыспен бірге үңгір іші салдыр-гүлдір күңіреніп, төбеден гүрс-гүрс құлаған тастар айналаны қап-қара тозаңға көмді. Етпеттеп құлаған Кияку інге кіруге тырмысқан тышқандай құлама, жайпақ тастың іргесіне басын тіреп, тыпырлай берді. Ойран басылып, шаң сейілгеннен кейін де дірілдеп, есін жия алмады. Үңгір іші біржола тынышталып, жоғарыдан суылдаған дыбыстар қайта естілді. Кияку өзінің тірі екеніне сенгісі келмегендей, басын күмәнмен ақырын көтеріп, маңайына көз тастады. Орнынан тұрып, жел соғып тұрған бағытпен қозғала бастады. Аяғын тілген қиыршық тастарға да, жіберіп қойған кіші дәретіне де көңіл аударған жоқ. Үңгір жоғарылаған сайын тастан тасқа өрмелеп, жанталаса ұмтылды. Өстіп қанша уақыт жүргені белгісіз, құлақ кескен жым-жырт тыныштықтан есін жиды. Ештеңе көрінбейді, көрдің ішіне түсіп кеткендей тастай қараңғы. Кияку өзінің тарсылдаған жүрегі мен ентіккен дыбысын ғана естіп тұр. Жел де білінбейді. Таңқаларлық меңіреу күй. Жүрегі онан сайын тарсылдап, тіршіліктің ақырғы шегіне жеткендей сезімге тірелген ол енді бір оқыс дыбыстан жынданып кетерін кәміл сезінді. Алдын сипап, төрт аяқтап жылжыды... Леп білінді. Үңгір қабырғалары кілт оңға көтерілгенде бозамық сәуле, одан кейін ақша бұлт қалқыған көгілдір аспанның алақандай бөлігі көрінді. Кияку денесін тасқа соға-моға үңгірден шығып, жарқыраған кең дүниені, көкке өрлеген Жылан бас тауының шыңдарын, етектегі тұтас­қан қалың орманды көрді. Ол бұдан әріге шыдаған жоқ. Жұмсақ құмдауытқа отыра беріп, есінен танды...

Есін жиғанда зәулім аспанда ұлпа бұлттар үйіріліп, қызуы қайтып, қызғылт тартқан күн көкжиекке еңкейіп қалған екен. Өне-бойы салдырап, көзіне құйылған терді сүртуге шамасы жетпей, қимылсыз жатты да, өзінің қайдан келіп, қайдан шық­қанына, не ғып жатқанына түсінбей, дел-сал күйге енді. Бүкіл санасын меңдеген бір әлсіздік одан әрі ойлатпай, тек сол түсініксіз күйге дейін ғана сезінуге мұрша беріп, "өстіп жата бер, ештеңеге түсінудің қажеті жоқ, түсінбей-ақ қой, жата бер... жат... жат!.. " деп тұрған секілді. Әрең дегенде жартас басынан өзенге зымырап келе жатқан сәті мен құбыжық кесірткені және үңгір аузынан көрінген алақандай ақ шарбы бұлтты есіне түсірді. Содан кейін әлгі көріністердің арасын байланыстыратын ештеңе таба алмай, ұзақ жатты. Ақыры Кураренің өлімінен бастап, басынан кешірген оқиғалар есіне түскенде қайтадан жүрегі қозғалып, өне-бойын үрей биледі. Тәлтіректеп орнынан тұрып, Жылан бас тауының шыңына қарады. Сонда барып, өзінің тау асты үңгірімен шыңның екінші қабатына шыққанын және сәске түстен күн еңкейгенше жерасты жолының азабын шеккенін түсінді. Дірілдеп, басы айналып, көзі қарауытты. Бірақ ол көп ұзамай-ақ мұның бәрі еске түсіргеннен туған қорқыныш дірілі емес, кәдімгі безгек ауруы екенін анық сезінді. Денесінің қызуы көтеріліп, діріл онан сайын күшейіп барады. Кияку әкесінің тәуіптік өсиеттері есіне түсіп, дорбасынан жапырақ алып шайнады.

Күн батып, бұлт арасында қалып қойған соңғы қызғылт рең шапақтар да сөніп, қас қарайды. Төңірек тұтас түнеріп, түнге айналды. Етектегі орманнан құстар шулап, аллигаторлар күркіреп, бақалар шырылдады. Көкжиектен ай көтеріліп, ала бұлттардың арасымен асыға жүзіп барады. Әрегідік адамның жылаған даусына ұқсайтын, таңғажайып, қорқынышты бір дыбыс сұңқылдайды.

Кияку құрғақ жапырақтарға тас қашап, от тұтатып, үстіне бұтақ үйді. Оттың сар жалқын жалынына мең-зең қараған күйі қалтырап-дірілдеп, ұзақ отырды. "Енді не істеуім керек" - деп ойлап көріп еді, бірақ ақыл-санасы оған жауап бермеді. Ақыры бойды билеген әлсіздік еркін алып, жылы құмның үстінде қалай ұйықтап кеткенін сезген жоқ.

Ертеңіне түске тақағанда бір-ақ оянды. Шақырайған күннен көзін аша алмай, зырқ-зырқ еткен ып-ыстық басын қолымен қысып, "енді не істеуім керек" дегенді ойлап біраз тұрды. Кенет әкесінің өлімі, бүкіл бақсылардың өлімі, өзінің араку тайпасынан алыста, меңіреу қалың орман ішінде жападан-жалғыз, тіршіліктен үмітсіз күйде қаңғып қалғаны есіне түскенде торыққаннан жүрегі шаншып, көзі қарауытты. Жылағысы келді, жылай алмады. Жерге басын ұрып, тұрып-жығылып, кемсеңдей берді. Бірақ ол қанша жыласа да, қанша жалбарынса да, аяушылық білдіріп, көмек көрсететін ешкімнің жоқ екенін жақсы білді. Білгендіктен орнынан тұрып, кешеден бері шеше алмай қойған "енді не істеуім керек" деген сұрақты іштей тағы қайталады. Арт жақтан әлдене сыбдыр ете қалғандай болды. Кияку селк ете түсті. "Ақ адамдар! Ақ адамдар іздеп жүр!" Киякудың денесі мұздап жүре берді. Жалт қарағанда бұта-бұтадан қарғып, қашып бара жатқан елікті көрді, бірақ "ақ адамдар жүр, бұл жерді солар мекендейді, қазір кездеседі" деген үрейлі ойдан жүрегі қайтып орнына түспеді.

Жалма-жан дорбасын беліне байлап, сүрініп-қабынып, етекке түсті. Күн сәулесі көрінбейтін қалың жыныстың ішіне кіргенде аздап есін жиды. Өзегі талып, ашыққанын, әрі шөлдегенін сезді. Күн батарда жапырақтар бүркеп, көзге көрінбей, сылдырап ағып жатқан, жалғыз аяқ жол секілді жіп-жіңішке бұлақтан су ішті. Ал жейтін ештеңе жоқ еді. Маймылдар мен құстардың, жарқанаттардың көздерінен тасада қалған жемістер тым биікте. Жерге түскен бірер жаңғақпен жүрек жалғаған болды.

Қайда келе жатқанын өзі де білмейді. Орман іші қалыңдап, аяқ алып жүрудің өзі қиынға түсті. Тұтасқан қалың шырмауықтар мен жапырақтарды жолынан тазартып отыруға Киякудың шамасы жетпейтін. Сондықтан әлсін-әлсін кері шегініп, мағынасыз жүрісті қайтадан басынан бастауға тура келді. Қас қарайғанда қабаттаса өскен пальма ағашының ортасынан ұйықтайтын құрғақ жер тапты. Түнге қарай орман іші қорқынышты шуға толды. Аллигаторлардың күркіреген дауыстары, бақалардың тынымсыз шырылы, түн құстарының шақырғаны және тағы да сол адамның өксіп, жылағанына ұқсайтын сұмдық үрейлі дыбыс таң атқанша бір басылған жоқ. Күн шыға жеуге жарайтын тамыр, жапырақтар іздеді. Аласұрып, құстарға, маймылдарға жүгірді. Жаңбырдан іркілген қақтан бұзылған су ішті. Сыбдыр еткен дыбыстан шошып, бүкіл уақытын мағынасыз қашумен өткізді. Ол бәрінен де қорықты. Қорқау аллигаторлардан да, жыландардан да, өрмекші, бүйелерден де, жарқанат пен қарақұрттан да, құмырсқаның илеуінен де, қабылан мен ілбісіннен де қорықты. Бірақ оған осылардын бәрінен де ең қорқыныштысы адам еді. Жаратушы құдіретке мың мәртебе табынып, "тек адам баласына кездестіре көрме" деп жалынды. Өйткені ол жер бетінде адамнан өткен қатерлі, мейірімсіз мақұлықтың жоқ екенін жақсы білді.

Төртінші күні аштық азабы адам төзгісіз жағдайға жетті. Не істеп келе жатқанын өзі білмей, көз алдына әлденелер елес­теп, сандырақтай бастады. Ол көңірсітіп, балық пісіріп жатқан шешесін көрді. Шешесі бір қолымен ұлу қабығына шүпілдете құйылған тәтті сусынды көтере ұстап, иегімен балықты көрсетеді.

"Алдымен балықты жеп ал деп жатқаны-ау, - деп ойлайды Кияку ішінен, - сусынды содан кейін ішкенім дұрыс қой... Сонда бұл не? Толық ай мейрамының басталып кеткені ме?.. Исі қалай көңірсиді өзінің! Шіркін!.." Тезірек бер енді! - дейді Кияку күбірлеп - Кәне...

Кияку өзінен бес қадамдай жерде иретіліп жатқан анаконды (айдаһар жыланды) көріп, есін жиды. Анаконд ұйықтап жатқаны, әлде аңдып жатқаны белгісіз, көк теңбіл, алабажақ жондары күнге шағылыса жылтырап, басын көрсетпей, от орнындай аумақта қимылсыз жатыр. Кияку шегіне беріп, шалқасынан құлады да, әрі қарай не болғанын білмей қалды... Әлден уақытта бір ескі сүрлеудің бойында жүгіріп келе жатқан күйінде есін жиды. Енді ол есінен айырылып, шалықтап жүріп, аллигаторлардың аузына өзі түсуі мүмкін екенін біліп, үрейі ұшты.

Үрей оны есінен тандырды, әрі есін жидырды. Кешкілік селдетіп нөсер құйды. Кияку сезінуден қалған бір доғал түйсікпен осы кезде жаңбыр маусымы басталып, сел жүретінін, өзендегі сулар арнасынан асып, буырқанып, үлкен кісілердің балыққа шыға алмай, лашықта отырып қалатынын есіне алды. Нөсер таң атқанша басылған жоқ. Найзағай оты жарқ ете қалғанда түнгі орман бейнесінен жаны түршіккен Кияку қорқыныш пен тоңудан, аурудан тісі тісіне тимей сақылдап, есірік шекарасында отырып таңды атырды.

Келесі күні ол түс кезінде өлген ақ адамның үстінен шықты. Алғашқыда зәресі ұшып, қаша жөнелді де, артынан өлік екеніне көзі жеткен соң қайтып оралды. Іріп, қарайып кеткен еттеріне сескене қарап тұрды да, аузынан сілекейі шұбырып, өліктің қалталарын ақтара бастады. "Аштан өлген екен" деп ойлады жартысы желінген қайыс белбеуді көргенде. Кенет белінде байлаулы тұрған зілдей дорбаны жұлып алды. Қолдары қалтырап, тісімен жұлқылап, әрең дегенде дорбаның аузын ашып қалды да, жарқыраған сап-сары алтын кесектерді көрді. Ол алтынның қымбат тас екенін бұрыннан білетін. Бірақ мынау ақ адамның аштан өлгенше зілдей қылып жанынан неге тастамағанын түсінбеді. Дорбаны итеріп, ақтара салды да, мүңкіген сасық иіске шыдай алмай, шегініп кетті.

Ақыл-есінен ада қылған аштық азабында ажал көлеңкесінің соңынан еріп, қанша күн, қанша түн жүргенін ол сезген жоқ. Бір есін жиғанда тағы да өткен жолғыдай жуық арада аң баспаған ескі сүрлеумен келе жатқанын көрді. "Бұл жол өзенге апаруы мүмкін" деп ойлады. Ол есі түзуінде тезірек ойлап қалуға тырысты. Өйткені осыдан кейін қандай күйге түсері өзіне белгісіз.

"Өзенге... су..."

Ол әр есін жиған сайын, сүрлеуден көп ұзамағанын сезіп, қайта оралып отырды. Әлсіреп, етпетінен құлады. Тұра алмады... Еңбектеп жылжыды... "Өзен..."

Тағы да ақ адамдар елестеді. Иықтарына асынған мылтықтары бар. Қоршап алыпты. Біреуі өлтіргісі келіп, жақындай түседі... "Мейлі елестей берсін, - деп ойлады Кияку, - Өңімде де көргем... Мейлі... қазір аллигаторлар келіп елестейді. Сосын... айдаhар, онан соң... жоқ, ақ адамның керегі жоқ... енді аллигатор келсін... Кел!"

(Жалғасы бар)

«Abai.kz»

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1463
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3230
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5321