Жұма, 22 Қараша 2024
Билік 3318 5 пікір 26 Тамыз, 2022 сағат 12:39

Балалар жылындағы балаларға қиянат

Аймағамбетовтің айласы

Ел Президенті Қ.Тоқаевтың бастамасымен биылғы жыл «Балалар жылы» болып жарияланғаны әмбеге аян. Жыл бойы білім беру мекемелерінде атаулы жыл аясында бірнеше іс-шаралар өткізіліп, балаларға деген ерекше мейірімділіктің, жүрек жылуының жылы лебі ескендей болып еді. Бүлдіршіндер мен жеткіншектердің жанарынан балалық шақтың бақытты сәтін сезінген едік. Олардың біздің болашағымыз екенін шын түсініп, әрдайым қамқорлық көрсетіп, жарқын болашақтарына демеу болуымыз керектігін де ұғынғандай едік. Балапандардың жүзі жарқын, күлкілері сыңғырлап, ұлы даланың бақытты ұрпағы екенін мақтанышпен жар сала айта бастап еді...

Осынау шаттық ескен керемет сәтті сол баяғы «Астанада отырған» шенеунік-сымақтар су сепкендей басты. Тамыз таңы түсініксіз күйде басталды. Оқу-ағарту министрінің ойланбай жасаған қадамы балалар жылында балаларға жасаған үлкен қиянаты болды. «Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың, бастауыш, негізгі орта, жалпы орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттарын бекіту туралы» 2022 жылғы 3 тамыздағы №348 бұйрығы және әдістемелік-нұсқаулық хаты жоғарыдай сөзіміздің айқын дәлелі деп есептейміз.

Сонымен, Аймағамбетов қандай ойланбай қадамдар жасады? Тізбектеп шығалық:

Біріншіден, аталған құжаттың жаңа оқу жылының қарсаңында білім беру мекемелерінде оқу жылына әзірлік аяқталып, педагогтерді қабылдау туралы конкурс ұйымдастырылып, жаңа мамандар қабылдап қойған уақытта бекітілуі. Мұндай әдістемелік құжатты оқу жылының дүбірі басталмай тұрып, алдын ала педагогтар мен ата-аналар қауымына талқылауға ұсынып барып, қабылдау керек еді. Жаппай талқылауға ұсынылған күннің өзінде де 99% педагогтар бұл туралы білген жоқ. Мектептерге педагог қабылдаудың жаңа ережесі бойынша жаңа мамандар кейбір білім беру мекемелерінде қабылданып қойылды. (Жалпы, бұл ереженің шикі тұстары өте көп, ол туралы бөлек әңгіме.) Неге бұл құжат-сымақ оқу жылының ортасында немесе оқу жылы аяқталысымен жарияланбаған деген заңды сұрақ туындайды, құрметті министр мырза?!

Мұндай құжаттардың осылай ат үсті қабылдануы, бармақ бастымен бекітіле салуы бір бұл ғана емес. Соңғы 4-5 жылдағы жағдай бұл. Әбден болары болып, бояуы сіңгенде ғана әлгіндей бұйрық, нұсқаулық сияқты түсініксіз құжаттарды жіберіп қойып қарап отырасыздар. Соңында зардап шегетін партада отырған оқушы. Осыдан кейін қандай сапа туралы әңгіме қозғаймыз?..

Екіншіден, мақаланың атауында айтылғандай, балаларға жасаған үлкен қиянат туралы. Білім беру стандартында және іле-шала шыққан әдістемелік-нұсқаулық хатта бекітілген нормалар баланың да, педагогтің де, ата-ананың да миына кіріп шығар емес. Бұл құжатты қай тұлғаның «диктовкасымен» жазғандары бізге беймәлім, дегенмен, Аймағамбетовтің ең үлкен кәсіби қателігі көзге ұрып-ақ тұр. Жеке-жеке тоқталайық.

Бастауыш білім беру бойынша «Сыныпты екі топқа бөлу жалпы білім беретін ұйымдарда сыныптардағы білім алушылар саны 24(!) және одан артық болғанда: оқыту қазақ тілінде жүргізілмейтін сыныптарда қазақ тілі, шетел тілі, цифрлық сауаттылық бойынша (1 сыныптан басқа!) бойынша жүзеге асырылады» дейді. Гәп – топқа бөлінетін балалар санында. Ауылдық мектеп пен қалалық мектептердің жағдайы жер мен көктей. Топқа бөлінуде дене шынықтыру, көркем еңбек пәндері қайда?.. Цифрлық сауаттылық пәнінде әріпті жаңа таныған 30 баланы топқа бөлмей, ілдәлдалап әрең жұмыс істеп тұрған 10 компьютерге отырғызып, не үйретеді? Басқа сыныптарда да осы жайттың кебін кимек. Осыдан кейін баланың цифрлық құзіреттілігі туралы не айтасыз?

300-600 орындық мектепте 1500-дей оқушы білім алған спортзалда дене шынықтыру мұғалімі сыныпты топқа бөлмей 20 баланың қайсысының артынан жүгіреді?.. Балалардың жарақат алуы жиілеп кетпей ме, оқушының физикалық дайындығы күткендегідей бола ма? Мұндай сыныптың бірмезетте бірнешеуі спортзалда «білім алады». Жүгіргенін былай қойғанда, дене шынықтыру пәні мұғалімдерінің дені ер-азаматтар. Отбасының асырушысы да солар. Егер мына құжатыңызды шынымен іске асырсаңыз олардың жартысынан астамы жұмыссыз қалмақ. Екі қолға бір күрек табылар әрине, дегенмен жұмыссыздар санын арттырып жатқаныңызды ойладыңыз ба? Таяқтың екінші ұшы – ұл балалар мен қыз балалардың физиологиялық дамуы мәселесі. Бұған бастарыңыз жетпесе, маманның кеңесіне жүгінгендеріңіз жөн болар.

Үшіншіден, осыған дейінгі білім беру стандартында ауылдық жерде 20 баладан асқан жағдайда сыныпты екі топқа бөлу қарастырылған еді. Сол стандарт қай шенеуніктің жамбасына тікен болып қадалды екен?.. Сыныпты екі топқа бөлуде 24 оқушыдан асқан жағдайда болады деген норма негізгі орта және орта білім беру бойынша да солай. Сонда сіз, аса құрметті министр мырза, ауылдық мектеп пен қалалық мектептің қай жағынан болсын жағдайын осылай теңестіруді ойладыңыз ба?.. Бұл дегеніміз сіздің министрліктегі мамандардың өте сауатсыз әрі компотентті емес екендерін анық көрсетіп отыр. Ең алдымен ауылдық мектептің материалдық-техникалық базасын нығайтып беріңіздер, үш ауысымдық мектептердің мәселесін толыққанды шешіп алыңыздар, үлгілік оқу бағдарламасы бойынша түсінікті әрі сауатты нұсқаулық әзірлеңіздер. (Әлде бұл үшауысымды мектептерде кабинеттердің жетіспеушілігін жою әдісі ме?) Содан кейін 24 баланы топқа бөлесіздер ме, бөлмейсіздер ме – кейінгі пландағы мәселе болуы керек!

Төртіншіден, соңғы үш жылда мұғалімдердің әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға ерекше көңіл бөлініп жатыр. Оған еш дау жоқ. Әр жыл сайын 25%-ға үстемақы қосылып жатыр. Мұғалімдердің ауызы енді аққа ілінгенде баяғы таз кепесін қайта кигізіп жатырсыз. Бала оқытқан ұстаздың әлеуметтік жағдайы жоғары болса, одан мемлекет зардап шеге ме, әлде құл қамытын қайта кимей қала ма? Ұйқысы тыныш, тамағы бар, баспанасы бар мұғалім ғана сапалы білім бере алады. Осындай бақытты сәтке перзенттерімен, оқушыларымен бірге қол жеткізе бастаған мұғалімді осыншалықты қысу кімге керек? Айына алатын 200-300 мың теңгесі қай шенеунігіңіздің танауын жыбырлатты екен?..

«Жау кеткен соң қылышыңды боққа  шап» дейді біздің қазекем. Айлықты көбейтіп, мәртебені «көтеріп», педагогтердің санын арттырып алдыңыздар. Алатын айлығым сәл де болса жоғары болса екен деп біліктілігін арттыруға талпынған мұғалімге аттестация талабын тым қатаңдатып жолын кестіңіз. Мұғалім болуға ұмтылған әр азаматтың жолын конкурс деп тағы бөгедіңіз, жаңа бітірген жас маманның мұғалім болып қабылдану ықтималдығы нөлге тең! 16 сағаттан артық сағат алмасын деп тағы бір кедергінің басын қылтитып қойдыңыз. Бір қолмен бергенді екінші қолмен алуды қалай түсінеміз? Мұның бәрі сапа болуы үшін бәлкім дұрыс та шығар, бірақ барша мұғалім қауымы сенген сізден осындай ақылды айланы күткен жоқ! Мұндайды есі бар қазақ «сенген қойым сен болсаң..» дейді!

Бесіншіден, өзін-өзі тану пәнінің дипломы бар мамандары зар жылап жүр. Олардың басым көпшілігінің қосымша мамандықтары жоқ. Қайта даярлаудан өтемін дегенше, оның отбасын кім асырамақ?..

«Бояушы боя дегенде сақалын бояпты» дейді тағы біздің қазекең. Қаражатты үнемдеу керек дегенде осыншалықты кәсіби қателік жасап, бүйректен сирақ шығарудың кімге қажеті бар? Жұмыссыздар армиясының қалыптасуына ерен үлес қосқаныңызды мұғалім де, балалар да құптай қоймас. Мысал десеңіз, мәрхәббат: мектептегі 6 ағылшын тілі мұғалімінің 3-еуін қысқарту күтіп тұр. Өйткені, оларға тауып беретін сағат жоқ. Бұл бір ғана мысал.

Жоғарыда қойылған сұрақтар тек менің көкейімдегі емес, әр педагогтің ойында жүрген сауалдар. Оларға жауап бермейтініңізге бек сенімдімін. Әгәреки, жеке өзіңіз жауап беремін десеңіз, құба құп дейміз...

Бір сөзбен айтқанда, 2022 жылғы 3 тамыздағы №348 бұйрықтың күші жойылуын талап етеміз!!! Сізге айтар кеңесіміз: жүзіңіз ашық болсын!

Еркін Азамат

Abai.kz

5 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1462
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3229
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5318