Тарихи әділеттілік тұрғысынан қарағанда
Қазіргі таңда өзектілігі бұрынғыдан да артып артып тұрған тіл мәселесіне келгенде, бір мезет өткенге ой жүгіртпей тұра алмайсың...
Совет өкіметінің басты ұйымдастырушысы, билеушісі әм желеп-жебеушісі және, әрине, күллі тыныс-тіршілігінің қозғаушы күші, шамшырағы, көркі болған коммунистік партияның орталық комитеті іс-тәжірибесінде «эмиссарлар институтын» (М. Қойгелдиев) кең және ұтымды қолданғаны мәлім. Қазақстандағы ұлттық тұтастықты ту еткен Алашорда үкіметінің өзін де, ізін де жойып, қазақ қауымын өзара жауығатын таптарға жіктеуге, сөйтіп іс жүзінде халықтың табиғи құрылымын қолдан ірітуге осы институт бата беріп аттандырған эмиссарлар кезінде көп еңбек сіңірген-ді.
Империялық пиғылды қилы амалмен өмірге енгізуге жанын салған сол эмиссарлар институтының ірі дәрежелі соңғы қандықол өкілі Г. Колбин болды. Соның атынан рәсімделген бір тұжырымды елеусіз қалдыру қиын...
Әлемдік өрмекторды (әлеуметтік желілерді) осы күндері кезіп жүрген сол тұжырымда былай делінеді: «Сіздер қанша тырыссаңыздар да қазақ тілін мемлекет тілі жасай алмайсыздар... Енді ана тілін жеке басында немесе отбасында жойып алған, әр салада билік басында жүрген қазақтарыңыздың өзі-ақ сіздерге ана тілдеріңізді мемлекеттік тіл жасауға жол бермейді...»
Бұл сөздер шынымен қазақ елі билігінің басына қонжитылған, Сексен алтыншы жыл қасіретінің бас себепкері болған эмиссар Колбиннен шықты ма, әлде оның атынан басқа біреу жазды ма – маңызды емес. Маңыздысы – біріншіден, осы ой-пікірдің республикамыздағы сол кезгі (тіпті қазіргі сәтке дейін өзектілігін жоймаған) қоғамдық-саяси ахуалды өте дәл бейнелегені. Екіншіден, қандықол эмиссар айтпай, бүгіп қалған шын себепті және оның тегеурінділігін сездіргені. Тек салдармен шайқасып, мардымсыз нәтижені қанағат тұтуға бейім жұртшылықты ұзақ жылдарғы орыстандыру саясаты қалыптастырған нақты жағдайды мойындауға, алдамшы уәделер астарында бекем орнықтырылған бұл ахуалды енді түзеудің мүмкін еместігіне, яғни ұлт мүддесін күйттегендерді шарасыздыққа көндігуге шақырғаны...
***
Бірден мойындау ләзім, мәскеулік орталықтың ақырғы эмиссары атынан жайбарақат хабарланған осынау мәлімдемеде империялық партия (түрлі тәтті ұранмен жүргізген коммунистік қоғамның «жаңа адамын тәрбиелеу» бағытындағы іс-шаралар арқылы) көздеген мақсатына белгілі дәрежеде жетіп алды деген емеурін нобайланған. Және мұнда неоимперияшылдардың аталмыш жеңісі атап айтылмауы өз алдына, бар айып мемлекетқұрушы ұлт өкілдерінің өздеріне артылған: «...билік басында жүрген қазақтарыңыздың өзі-ақ сіздерге ана тілдеріңізді мемлекеттік тіл жасауға жол бермейді...» Жаны бар жәйт. Аңдап қарағанға бұлай болудың себебі де айтылған: қазақ тілінің өрісін ашқызбауға күш салатын биліктегілер «...ана тілін жеке басында немесе отбасында жойып алған» көрінеді. Мұны да бекер дей алмайсыз.
Кезінде қазақ ұлт-азаттық қозғалысының бір қанатының серкесі болған Бақытжан Қаратаев «патшалық Ресей империясы қазақты психикалық тұрғыда аздырды, оның санасында әккі құл психологиясын қалыптастырды» деген-ді. Советтік дәуір бұл жағдайды үдете түсті. Империяның құрамдас бөліктерін нығайту үшін, мәселен, 18-ші ғасырдың екінші жартысында ІІ Екатерина патшайым Украинада ұлт билеушісі гетманның атын ұмыттырып, басшылыққа орыс қою арқылы украиндарды жаппай орысша сөйлетуге болатынын және міндетті түрде солай істеу керектігін үндеген. Ал 20-шы ғасырдың бастапқы онжылдығында большевик Владимир Ленин патша әкімшілігінің бодандарды орысша білуге мәжбүрлеу саясатын сынап, «өзге текті халықтарға орыс тілін күштеп үйретудің қажеті жоқ, бар болғаны – орысша білмесең күн көре алмайтыныңды сезінетіндей жағдай туғызу қажет» деген-ді. Большевизм Уақытша үкіметті құлатып, билікті басып алғаннан кейін жалпақ елде біртіндеп сондай ахуал жасалды. Азаттық күрескері Зәки Валидовтың советтік украиналық қайраткерден естігеніне қарағанда, большевиктер өкіметінің көсемдері сонау 20-шы жылдардың өзінде Ресей Республикасы аумағындағы барша халықтарды бір қазанда қорытып, орыс пен оның тіліне негізделген бір ұлт жасауды ойластырған көрінеді. Мұндай қиялды іс-дағдыға айналдыру бастауында 1925 жылы Қазақ Республикасы басына келген диктатор Филипп Голощекин ерекше еңбек етті...
Бүгінде Үлкен Түркістан аумағында күллі түрк, солардың ішінде қазақ өмір салтына жат тыныс-тіршілікті большевизмнің ұлттық мүддеге қасақана, күштеп таңғанын айқын бағамдаймыз. Мемлекеттік тәуелсіздік дәуірінде кері қайырылып, тарихтың жабық боп келген беттеріне үңілген сайын, жасырылып келген айтып-жеткізгісіз қайғы-қасірет құпиялары әр қырынан ашылған сайын мұны мейлінше терең ұға түсеміз. Халқымыздың үш дүркін ашаршылық апарып соққан Ұлттық апаттан, жаһандық соғыстан, қилы қуғын-сүргіннен аман қалған бөлігі жерімізге шартараптан кеп қоныстанып, республика жұртының көпшілігіне айналған жаңа тұрпатты отарлаушылармен бірге социалистік өмір көрігін қыздырды. Қиындықтарды жеңе отырып, көп жақсылыққа кенелді. Дегенмен оқу-білімде, мәдениетте, заманауи өркениетте жиырмасыншы ғасырдың екінші жартысында қол жеткен жетістіктер тасасына мәңгіге қалдырылғандай болған ащы шындық беттері енді, шүкір, ашылып келеді.
***
Қайғылы тарихты тану үдерісінде түрк халықтары азаттық қозғалысының аса көрнекті қайраткері, есімі мемлекет тарапынан ардақталуды, Франциядағы сүйегі еліне салтанатты түрде әкелінуді тосып жатқан ұлттық тұлға Мұстафа Шоқайдың мұрасын танудың орны ерекше. Социалистік Интернационал жетекшілерінің бірі Пьер Ренодель оны «орыс революциясындағы большевиктік төңкерісті, егер бұл төңкеріс оның еліне демократия мен бостандық берер болса, қуана қарсы алары күмәнсіз демократ...» деп білді. Бірақ «орыс революциясындағы большевиктік төңкеріс» Мұстафаның үмітін ақтамаған-ды. «Түркістандағы совет практикасы революциялық-азаттық әперу ұрандарының шынайылығына деген біздің бойымыздағы сенімді өлтіріп кетті», – деп ағынан жарылды ол. Сөйтіп: «... Совет өкіметі ұлт саясатының теориясы мен ұрандары және олардың Түркістанда жүзеге асырылуы арасын алапат ор бөліп жатыр», – деген пікір қорытты, оған сан-алуан мысал келтірді. Ренодель атап айтқандай, «нағыз орыстық империалистік және ұлтшылдық отарлау тәсілдерінің» түрк елінде қалай қолданылып жатқанын кеңес коммунистерінің газет-журналдарынан алынған бұлтпартпас деректер арқылы батыстағы социалистік қозғалыс қайраткерлері алдына жайып салды.
Ренодель Шоқайдың 1928 жылы шыққан «Советтер Орта Азияда» атты кітапшасына жазған алғысөзінде әділ атап көрсеткеніндей, автор жүздеген мың түркістандықтың аштан өліп, режим құрбаны болғанын, жергілікті әкімшіліктердің негізінен орыстармен толтырылғанын, ондағы туземдіктердің саусақпен санарлық екенін совет дереккөздеріне сілтеме жасай отырып дәлелдейді. Елді белгілі бір дәрежеде надандық билеп отырғанын әшкерелейді. Маркстік ленинизм дегеннің, большевиктік мекемелердің көбі тәрізді, тек фасад-фарс екенін айтады. «1925 жылғы 21 қаңтарда, Лениннің өліміне жыл толғанда, көне Ташкент шаhарының туземдік халқы, өкімет жарлығы бойынша, тізерлеп отырғызылды, – деп жазды ол. – Туземдіктер осылай бірнеше минут бойы шынайы отар құлдары жағдайында қалдырылды... Сириялық Али-Мира мынаған дайын болу керек: Лениннің немесе Кашеннің (саяси қайраткер Кашен Марсель «Юманите» газетінің бас редакторы, француз компартиясы саяси бюросының мүшесі – Б.Қ.) өлген күніне орай сириялық шаруалар тізерлетіп қойылады (француздар бұл кезде түрегеп тұрып: Ленин мен Кашен өлді, бірақ олардың істері жасай береді! – деп айқайлайды), ал мұндай әрекетке қарсылық жасауға ниеттену – қатерлі «ойдағы қателік» болып табылады». Большевиктер жүргізген солақай саясат салдарынан Түркістанда халықтың ұлттық бостандық алу құқы да, әр адамның жеке еркіндікке қақылығы да аяққа тапталғанын көрсетумен қатар, «орыс-түркістан коммунизмінің» «Ленин пайғамбар ма, жоқ па?» деген мәселені анықтауға тырысқаны, еңбекте айтылған басқа да саяси трагикомедиялар, социалистердің идеалдарына телінген осынша ерсі де мұңды нәтижелер – Ренодельдің пікірінше, оларды ұялуға мәжбүр етеді.
Өкімет өкілдері капиталистермен күресеміз деген желеумен момын халықтың жиған-тергенін сыпырып ала берді. Қызыл әскерлер жергілікті халықты қорғаудың орнына тонап, өлтіріп жатты. Өкімет өкілдері өздерінің орыстарын қорғаштады, жақсылап киіндіріп, тамақтандырды. Ал аш-жалаңаш мұсылман мыңдап, он мыңдап қырылып жатты. Ташкент большевиктері қазақтарды маркстік көзқараспен қарағанда – экономикалық жағынан әлсіз, бәрібір өліп-өшіп жойылуға тиіс деп есептеді. Сондықтан, революция мүддесі үшін – бар күш-жігерді ашаршылықпен күресуге емес, майданға жәрдем беруге жұмсау маңызды деп білді. Аштан өлген мұсылмандар саны тек ресми тіркелген дерек бойынша бір миллион жүз он төрт мыңға жетті. «Мәскеудің «ұлт-азаттық саясатынан» алған біздің «ұлттық пассив» осындай», – дейді Мұстафа Шоқайұлы. Ал «советтік актив» мынау: миллиондаған аштыққа ұшыраған жергілікті халық большевиктер оларға тамақ тауып бермегендіктен аштан қырылып, сонысы арқылы жаңа өкіметтің жалпы жағдайын сақтап қалуына қатты көмектесті...
Ол Түркістанда орнаған совет өкіметінің негізінде 1917–1919 жылдарғы аштық саясаты құрбанының – мұсылман кедейлерінің – «қанына араласқан большевиктік өтіріктің лас кір-қоқысы жатыр» деп есептеді. Ал 1917 жылғы Қазан төңкерісінен кейін іле-шала жүргізілген бұл саясаттың 1921–1923, әсіресе 1931–1933 жылдары мейлінше жәдігөйлікпен қайталанып, көшпенділерді айтып жеткізгісіз қырғынға ұшыратқаны қанша жасырылғанмен, тәуелсіздіктің алғашқы жылында-ақ аныққа шықты. 1992 жылғы тәуелсіз мемлекет комиссиясының (төрағасы академик М. Қозыбаев) оны қазақ халқына қарсы жасалған геноцидтік саясат салдары деп қорытқаны, ал жекелеген ғалымдардың (Қ. Алдажұманов, Ж. Абылғожин) этноцид ретінде бағалағаны мәлім.
Егер большевиктер билігінің бастапқы кезеңінде олардың іске асырған қылмысты шараларының нәтижелері түрлі жолмен тасқа басылып қалған болса, күш жинап, күллі басқару тізгінін қолдарына алғаннан кейін, олар сол кемшіліктерінен қорытынды шығара білді. 30-шы жылдарғы көшпенділерді аштан қыру қылмысын сырт көзге білдірмеу жағын мұқият ойластырып жүзеге асырды. Газет-журнал ашаршылық көлемі мен салдары туралы ауыз аша алмады, өйткені ондай әрекет қатері аса зор «ойдағы қателік» деп саналар еді, бұған әйгілі «бесеудің хаты» аталған 1932 жылғы құжат авторларының артынша Қазөлкеком көсеміне жазған хаттарынан бастартуы, «жаздым-жаңылдым» деп сөгіспен құтылғанына риза болуы дәлел. Сондықтан да партия мен үкімет жиындарында да аштықтан жүз мыңдап өліп жатқандар айтылмай, тек мал басының азаюына өкініш білдірілді. Сөйтіп үш ашаршылықта төрт жарым миллиондай жаннан тікелей айрылу, Мұстафаша айтқанда, «ұлттық пассив» болса, үрей, қорқыныш туғызу арқылы элита санасына «нивелировка» (Ф. Голощекин) жасау, отар құлдары бойында жоғарғы жаққа көзсіз бейімделушілікті, құлдық психологияны орнықтыру «советтік активке» айналды.
Шоқайұлының кітабы күні кешеге дейін әділдігіне бәріміз құлай сеніп келген «лениндік ұлт саясатының» шындығы жайындағы бұлтартпас деректерге тұнып тұр. «Алайда большевиктер ұлт саясатының лениндік-сталиндік теориясы хақында сөйлеуді тым ерекше жақсы көреді, – дейді ол. – Ленин мен Сталин іргесін қалаған ұлттық өз тағдырын өзі айқындау негіздерінің өзгеріс-бұлтарысты білмейтін дұрыстығы жайында айта беруді, өздерін де, өзгелерді де сендіріп-иландыруды жақсы көреді. Бірақ ұлттардың өз тағдырын өздері айқындауы жөніндегі советтік (лениндік-сталиндік те сол) теорияның құбылуын – метаморфозасын – кім қаншалықты есінде қалдырып, біліп жүр екен?» Мұстафа бұл мәселе бойынша Ленин мен Сталин Қазан төңкерісіне дейін және одан кейін қандай теориялық пайымдар жасағанын шолады. 1914 жылғы сәуірде Ленин: «ұлттардың өз тағдырларын өздері айқындауы дегеніміз – олардың өзге ұлттық ұжымдардан мемлекеттік бөлінісі, дербес мемлекет құруы» деп есептеді. Мұны большевиктердің бәрі қолдады. 1917 жылғы сәуірде, большевиктердің фракциялық конференциясында Сталин: «езілген халықтар Россия құрамында қала ма, дербес мемлекетке бөліне ме – өздері шешуге тиіс» деді. Конференция тиісті шешім қабылдады. Одан кейін де Ленин (1917 жылғы мамырда): ұлттардың саяси тұрғыдан өз тағдырларын айқындауын – «Россиядан бөліну еркімен қоса шешілетін мәселе» ретінде айрықша атап айтып жүрді.
Бірақ 1917 жылдың күзінде төңкеріс жасап билікке келгеннен соң большевиктер басқаша сайрай бастайды. Партияның Х сьезінде Сталин: «ұлттық өз тағдырын өзі айқындау туралы ұран ескірді, ол – империалистер өздерінің ыңғайына келтіріп пайдаланғысы келетін бос ұранға айналды, бұндай көмескі ұранды біз бағдарламамыздан алып тастағанбыз, біздің бағдарламада басқа, айқын ұран бар, ол – халықтардың мемлекет болып бөлінуге деген құқы. Бұлар екі бөлек өзгеше дүниелер...» деді. Ал «Ресейден жеке мемлекет болып бөлініп кету құқы» халықтардың «өз еріктеріне» сәйкес пайдаланылмай қалды. Сөйтіп ұлттың өз тағдырын өзі айқындау құқы – «бос ұран», халықтардың мемлекеттік бөліну құқы – «өз қалаулары бойынша» жүзеге асырылған жоқ. Бұлардың ішкі мәнін 1920 жылы Сталин ашып айтып та берген: «шет аймақтардың Ресейден бөлінуін талап ету – революцияның қазіргі кезеңінде өте-мөте зиянды контрреволюциялық әрекет болып табылады...» Басқаша пайымдау – салдары аса қатерлі «ойдағы қателік» болар еді, ешкімнің «контра» болғысы келмеді. Нәтижесінде жаңа империяда орыс тілімен қаруланған советтік өмір салты орнығып жатты...
***
Большевизмнің жәдігөйлік мақтанышына айналған жәйттердің бірі мемлекеттік басқару аппараттарын «ұлттандыру» мәселесі болатын. Бұл жөніндегі революция талаптарына сай қабылданған қаулының «орындалу» әдісіне Мұстафа Шоқай еңбегінде едәуір көңіл бөліп, төмендегіні айтты... 1919 жылы Россия Коммунистік партиясының Орталық Комитеті Түркреспублика халық комиссарлары кеңесіне «туземдіктерді халық санына пропорционал дәрежеде мемлекеттік қызметке кең тарту қажеттігін» нұсқады. Алайда Мәскеудің түркістандық агенттері орталық тапсырмасын орындаудан бастартты. Ал Мәскеу өз эмиссарларын маңдайынан да шерткен жоқ, ұзамай, «ұлттандыру» мазмұнына жаңадан елеулі өзгеріс енгізді. Мемлекеттік аппаратты жергілікті халыққа «тақалту» мәселесін көбірек айтты, орыстар үшін жергілікті тілдерді оқытатын қысқа мерзімді курстар аша бастады... Мемлекеттік аппаратты халыққа «жақындатуды» көздейтін осынау «революциялық» жүйе нәтижесінде онсыз да саусақпен санарлық түркістандық қызметкерді әр қолайлы сәт туған сайын орыспен алмастыру ашық жүргізілді. Аппараттың жұмыс тиімділігін арттырып, оны ұстауды арзандату желеуімен жергілікті ұлт қызметкерлерін жұмыстан шығару, яки қысқарту орын алды...
Орта Азияда 1927 жылдың ортасында 28,6 мыңнан астам жұмыссыз бар-тын, соған қарамастан, зауыттарда істейтіндерді қысқартып, олардың орнына Ресейдің ішкі губернияларынан жұмысшылар шақырып әкелу жиі кездесіп тұрды. Орыс жұмысшылары жалақыны туземдіктерден әлдеқайда көп алды, азық-түлікпен де солар молырақ қамтамасыз етілді. Олар жергілікті жұмысшыларға сенімсіздікпен, астамшылық сезіммен қарады. Ал туземдіктердің шағымын өз тілінде тыңдайтын ешкім болмады. Көзбояушылықты жетік меңгерген эмиссарлар орталыққа: «Түркістанда мемлекеттік автономия құру жолымен толық түрде ұлттық өзін өзі басқару жүзеге асырылды» деп баяндады. Ал орталықтан арнайы аралай келген большевиктер Түркістанда жергілікті халықты отаршылдықпен қанаудың ең масқара түрі жүзеге асырылғанын көрді: «Отаршылдарға туземдік кедейлердің шынайы басшылары, өздерімен тең құқықты жолдастар керек емес болатын. Оларға тілмәштар мен полицей атқарушылары ғана қажет еді...» Жаңа тұрпатты отаршылдар сырт көзді алдау үшін – сауаты шамалы, бірақ айтқандарынан шықпайтын «азат елдегі туземдіктерге» басшылық лауазым беріп қоятын.
Мұстафа 1928 жылы француз тілінде жарияланған жұмысын негізгі мақсатын дәйектей түсетін жаңа деректерге сүйеніп жазылған тараумен, қосымшалармен толықтырып, «Түркістан Советтер билігі астында» делінген атпен 1935 жылы орыс тілінде шығарған. Біздің тақырыбымызды ашуға көп жәрдем беретін, бұл тұрғыда қалың советтік көптомдықтарға бергісіз жұқа кітапша, турасын айтқанда, көл-көсір ащы шындыққа тұнған шағын көлемді үлкен тарих... Еңбегінде ол француз делегациясы Октябрь революциясының он жылдығына орай Түркістанды аралардың алдында ғана баспасөзде жарияланған мәліметті келтіреді: «округтік атқару комитеттері төралқаларының төрағалары мен мүшелері арифметиканың алғашқы төрт амалын білмейді, өз ана тілдерінде сауатты жаза алмайды. Париж бен Лондонның қайда екенін ажыратпайды, партия тарихымен таныс емес, партияның бағдарламасын оқымаған...» Кеңестік Өзбекстан өкіметінің басына хат танымайтын адам сайланды, Кеңестік Қазақстанда да өкімет басшысы шала сауатты кісі болды, екі елде де бұл жағдайды «оқу-тоқусыз кедейдің ел басқарғаны» ғаламат екенін айтып мақтаныш тұтты. Большевиктердің арқасында ғана мүмкін болған сорақылық... Ал бірінші нөмірлі большевик Лениннің өзі сауаты ашылмаған жанның саясаттан тыс тұратынын, тек өсек-аяң, ертегі, ұзын-құлақ жетегінде ғана жүретінін тұжырымдаған болатын. Сондайлардың қолымен халықты қырғынға ұшыратқан солақай реформалар жүргізілді...
***
Совет өкіметінің қазақтарды жерден айыруда қолданған тәсіліне Мұстафа жіті назар аударды. Бүкілодақтық Орталық Атқару Комитеті Қазақстан үшін бекіткен көшпенді және жартылай көшпенді аудандардағы жерге орналастыру туралы ережеде «жерге орналастыру жұмыстары аяқталғанша... сырт адамдарға қоныстандыру үшін де, жалға беру үшін ешқандай жер бөліп алуға жол берілмейді» делінген-ді. Алайда бұл құжат та большевиктік екіжүзділіктің тағы бір ескерткіші болып қала берді – арнайы әдебиетте Қазақстандағы жерге орналастыру жұмыстарын «артық жерлерді анықтау мен ол жерлерге қоныстандыруды бір мезгілде және қатар жүргізу» туралы ой тасталды. Әйтпесе жер-су көздері қате және тиімсіз пайдаланылуы ықтимал екен. Өйткені жақсы жерлер сонда отырған халықтың қарамағына бекітіліп беріліп қойылады да, артық-ауыс қалғандардың құны жойылады. Мұның астарында: «таңдаулы жерлер қазақтарға тиіп қалмасын», – деген, кеңес орталығының «қаупі» жатқанын, әрі сондай «сескеністің» тікелей салдары ретінде – қазақтардың шұрайлы жерлерден қуылып, тастақта, шөлде ұйымдастырылған колхоздарға апарылғандарын Шоқайұлы бұлтартпас мысалдармен дәлелдейді.
Қазақтардың өздерін жерге орналастырып болғанша Ресей тұрғындарын Қазақстанға көшіруді доғара тұру жөнінде РСФСР Орталық Атқару Комитеті 1924 жылғы 17 сәуірде және 1925 жылғы 14 қыркүйекте арнаулы қаулылар қабылдаған-ды. Алайда бұлар жәй ғана, қазақ өкіметін алдаусырату іспетті құжаттар болып шықты – жұмаққа ұмтылғандай сезінген переселендер қазақ жеріне толассыз ауа берді, ал оларға Ресей үкіметі тыйым салмады. Бір мезет өзін азат та тәуелсіз мемлекет басы санап қалған Қазақ Автономиялық Кеңестік Социалистік Республикасының Орталық Атқару Комитеті қазақ жеріне өз беттерінше 1925 жылғы 31 тамыздан кейін қоныс аударған орыстарды жер алу құқынан айыру жөнінде шешім шығарды. Олар келген жақтарына оралуға, немесе жерді жалға алу құқына разы болуға тиіс-тін. Қазақ өлкелік партия комитетінің бірінші хатшысы Голощекин өзіне ұнамсыз бұл шешімді жою үшін – әуелі большевиктік қулықтың сыннан өткен тәсілімен комиссия құрғызады. Сосын комиссияға келіп, мұндай қаулыны орындауға болмайтынын, оның күшін жою керектігін айтады. 200 мың орысты кері қайтарып жібере алатын қарулы күші бар ма екен қазақтың? Оларды келген жерлеріне кері тасымалдауға жұмсалатын шығынды жабарлық ақшалай қаржысы бар ма екен қазақтың?.. Әрине қазақта әскер жоқ, байлығы да шамалы... Қазақ өкіметінің қаулысы қабылданар-қабылданбастан күшін жойды. Сөйтіп, Компартия келімсектердің өз беттерімен ағылуына тоқтам салмау былай тұрсын, құлаған режимнің жер-су хақындағы әділетсіздігі түзелетінінен үміттендірген бұрынғы қағаз жүзіндегі әділ шешімдерін жиып тастап, қазақ жерін жаңаша отарлауды ашықтан-ашық жоспарлауға кірісті. 1928 жылы Бүкілодақтық Переселендік Комитет 1928–1933 жылдарға арналған қоныс аударту шараларының бесжылдық перспективалық жоспарына Солтүстік Қазақстанның жеріне ішкі Ресей облыстарынан 400 мыңдай переселен апаруды қосты.
Революцияға дейін 6 миллионнан асқан қазақ 1927 жылы 4 миллионға жетпей қалды... Республика аумағын мекендеген халықтар ішіндегі үлесі 90-нан 60 пайызға дейін түсіп кетті... Ал содан отыз шақты жыл өткен соң, 1959 жылы, 29 пайыз ғана боп қалды. Кеңес үкіметінің Қазақстандағы аграрлық саясаты 20–30-ші жылдары да, бертінде де – 17-ші жылы құлаған царизмнің ескі отарлау саясатын еске салып тұрды: «тың өлкесін» игеруге (яғни қазақ жерін жаңаша отарлауға) байланысты Совет Одағының басшысы Никита Хрущев «патшалық тәсілмен жылдар бойы істей алмағанды большевиктер советтік әдіспен аз ғана уақытта жүзеге асырды» деген әйгілі мақтан сөзін айтты. Мұнысы өз алдына, ол енді «коммунизмге бір ғана орыс тілімен барамыз» деп ұрандатты...
***
Патша әкімшілігінің мылтық, арақ, айланы астастыра жұмсап жаулап алған ел-жұртты «біртұтас та бөлінбес» мемлекеттің кәдімгі мұжық секілді боданына айналдыруды көздеген орыстандырушылық жұмысын совет өкіметі, Шоқайұлы дәлелдегендей, ең ұтымды жолмен жалғастырды. Мәселен, Қазан төңкерісінің он жылдығы қарсаңында, 1927 жылы, қазақ мектептерінің саны 1600 болыпты. Бірақ, сабақ өткізетін ғимараты бар мектеп 40-қа жетер-жетпес екен... Бір шәкіртке қазақ мектептерінде – 7 сом 70 тиын, орыс мектептерінде – 16 сом шығындалады... Яғни қазақша оқу – сапасыз, сауат ашарлық қана білім алу деген сөз, «есі бар» ата-ана баласын орысша оқытады... Әрі Қазақ мемлекетінде саяси-қоғамдық тыныс-тіршіліктің орысша жүруі биік дәрежеге саналды. Осындай ұстанымдағы жаңа өкіметтің арқасында шалақазақтар саны күрт артып, түрі бір, тілі бөлек халық деңгейіне жетті... Тәубе дерің, 1986–1989 жылдары елімізді басқарған орталық эмиссары Геннадия Колбиннің жоғарыда келтірілген тұжырымына қарамастан, қазақтың бәрі бірдей ұлттық рухын жоғалтқан жоқ.
***
Ұлттар қатынасы мәселелеріне аталған еңбегінде Мұстафа Шоқай (жалпы бүгінде он екі том боп шыққан толық жинағында да) айрықша назар аударған. Кеңес өкіметі жүргізген биліктің алғашқы он жылдық тәжірибесі нәтижелерін сипаттайтын, кеңес дәуірінде жұрт санасына жаппай сіңірілген тарихқа кереғар оқиғалар мен құбылыстар суреттеліп-баяндалатын мысалдар мол. Және оның осынау 20-шы жылдарғы «ақтаңдақтар» ақиқатын ашатын, тәтті өтірікпен көлегейленіп келген ащы шындықты әйгілейтін қорытындылары ол дүниеден көшкелі бергі дәуірді де түсінуге жәрдемдеседі. Оның жұмыстарынан «заманымыздың ақыл-ойы, абыройы және ар-ожданы» «ажарландырған» жалпақ қазақ жеріндегі «халықтар достығы лабораториясының» тәжірибелері мен Алматы Жаңа алаңында жазалаушы, жуасытушы деңгейіне құлдыраған советтік «тәртіп орнатушылардың» әрекеттеріне дейінгі оқиғалар астарын, еліміздегі қуғын-сүргіндердің сипаты мен ерекшеліктерін ұғу, шындықтың түп-тамырын ашу кілтін көреміз...
Шоқайұлын қазақ та, орыс та, күллі түркі, сондай-ақ орыс тілді жұрт біткен мұқият зерттеп оқуы керек. Себебі ол сонау қатыгез заманның уақытында-ақ қағаз бетіне ұмытылмастай етіп, өшпестей етіп жазып қалдырып кеткен жазықсыз төгілген қанның, қорлық пен қанаудың, надандықтың жан түршіктірер суреттері тек зерттеушіге ғана емес, бүгінгі ұрпаққа зор тарихи тәрбие береді. Жаңа таным, мүлдем соны шындық арқылы барша ұлт өкілдерінің жан сарайына жаңаша ұстаным, ар-ұят, иман, парыз сәулелерін тоғыстырады. Біз бүгінгі күн ақиқатымен санасамыз, қазіргі тыныштығымызды ертеңгі тоқ, бақытты өмірге ұластырудан үміттенеміз. Бірақ көп ұлт өкілдері арасындағы келісімді қалыптылық пен бірлікті баянды етудің дәйекті бір жолы – тарихи шындықты мойындауда және азаматтарымызды шыншыл тарихпен тәрбиелеуде жатқанын ескере бермейміз. Эмиссар Колбиннің тілге тиек боп тұрған тұжырымы тікелей соның салдары.
Советтік дәуірде қазақ миллиондап аштан өлді, төңкеріс, азамат соғысы, тәркілеу мен ұжымдастырудың асыра сілтеулеріне қарсы көтерілу, іс жүзінде жаңа тұрпатты ұлт-азаттық көтеріліске шығу және жаппай жазалаулар кездерінде мыңдап, жүз мыңдап қырылды, шамалары жеткендері шетелдерге қашты. Сөйтіп, Қазан төңкерісіне дейінгі алты миллиондық қазақ халқы екінші дүниежүзілік соғыс қарсаңында екі миллионға жетер-жетпес болып қалды. Осы мөлшерінің төрттен бірге жуығын майдан далаларында құрбан етті. Тек соғыстан соңғы жарты ғасырдай уақыт ішінде ғана біршама демографиялық жаңғыру құбылысын бастан кешті. Біз осы аталған қасіреттер салдарынан пышырап, большевиктер «Қазақстанды көтеру үшін» сырттан үстін-үстін әкеп төккен кеңестік переселендер арасында арал-арал болып қалған халықтың тілінен айрыла жаздағанын, көп құқтарының шектелгенін, ядролық сынақтарға, экологиялық күйзеліске, дағдарыстарға душар болғанын «тарих осылай шешті» деп ақтаймыз. Дегенмен тарихты жақсы тұрмыс іздеген адамдардың көмегімен билеуші және қуыршақ өкіметтеріміз жасады, осыны тереңірек зерделеуге тиіспіз. Барлық болған істерде жанама түрде болса да баршамыздың «үлесіміз» бар. Мұстафа Шоқайұлы осыны түсінуге жәрдемдеседі.
Кеңестік практиканы сараптай келе, ол өзінің ұлттық мемлекеттілік құрудың шарты мен маңызы жайындағы тұжырымдарын қорытып жария етіп отырды. Орыс отаршылдығының сипатын ашты, оның ағылшын отаршылдығынан айырмашылығын көрсетті. Британ отаршылдары жаулап алған жерлеріне өз халқын қоныстандырумен шұғылданбайды, оны сауда айналымына алу арқылы отарлайды, ал орыс солдатының соңына ілесіп орыс мұжығы барады да, алған жерін міндетті түрде орыс жеріне айналдырып жіберуді мұрат етеді деген ой қорытты. Бұл қорытындысы өз алдына, құлаған патшалық замандағы жер саясаты большевизм дәуіріндегі жер саясатының зымияндығы қасында жіп есе алмай қалғаны жайындағы ойын бұлтартпас дәлелдермен дәйектеді. Кеңестердің Орта Азияда ұлттық-аумақтық жіктерге бөліп межелеу жүргізуін ескі «бөлшектеп ал да – билей бер» ұранын жаңғыртқан «сұмпайы саясат» деп бағалады. Үлкен террор жылдарындағы жаппай саяси репрессиялар жүргізуге орай да ол дер кезінде тың ой айтты. Сұлтанбек Қожанов, Тұрар Рысқұлов, Смағұл Садуақасов, Сейтқали Меңдешевтердің, кеңестік баспасөз жазғандай, «Қазақстанды Советтік Ресейден бөліп әкетуге тырысқан халық жаулары» болмағанын, олардың, мықтағанда, қазақ халқының ұлттық мүддесі мәселелерінің кеңес өкіметі жариялаған ұлт саясаты ауқымында ғана шешіліп-орындалуын талап еткендіктен күнәһар болуы ықтимал деген ой айтты. Елдегі орын алып жатқан кемшіліктерге нағыз «ұлт жауы – Совет өкіметі жауапты», ал «нағыз халық жауы» – нақақтан жазаланып жатқандар емес, «советтік жүйені ойлап тауып, оны халыққа таңып отырған адамдар» деді. Қазіргі заманғы ірі зерттеуші-ғалым, академик М. Қойгелдиев те еңбектерінде елді билеуге келіп, қазақ жеріндегі ұлттық мемлекеттілікті жаңғыртқан Алашорданы жойған Совет өкіметінің бейлегитим, халық қаламаған жүйе екенін дәлелдеп жүр.
Алайда бейлегитим билік қазақ қоғамына орыс тілін «екінші ана тілі» ретінде мойындатты. Өздерін «мәдениеттің алғы шебінде тұрған, қоғамның ең алдыңғы қатарлы азаматтары» екендіктеріне шәк келтірмейтін орыс тілді қандастарымыздың қатарын көбейтті әм нығайтты. Оларға Мұстафаның да, оның ұлттық-мемлекеттілік мүдделерді көздеген ойларының да, қасіретті тарих деректеріне сүйенген бүгінгі пайымдардың да керегі жоқ. Себебі оларды тоталитарлық билік ұлыдержавалық коммунистік илеуге көндіктіріп, бодандық санадан өзгенің бәрінен шошитын деңгей-діңгекке әлдеқашан байлап қойған. Солардан большевизмді биік үлгі тұтатын белсенділер түзіліп, олар бодандық сананың қырағы күзетшілеріне айналған-ды.
Кезінде Ленин «орыстанған өзге текті пенде орыстан өткен шовинист» деген ойлы дәл тұжырымдап айтқан еді. Ондайлар әдетте көп әрі билік тұтқаларына жармасқыш-тұғын. Сол ахуал тегеурінді екпінін әлі тоқтатар емес. Желтоқсан көтерілісі де, мемлекеттік тіл де сондықтан еленбеуде. Сол себепті де «...ана тілін жеке басында немесе отбасында жойып алған» элита өкілдері көбейген. Олардың өз қатарына тек өздері секілділерді тартатынына сенімді болғандықтан да, аталмыш эмиссар әлгі тұжырымын аян етсе керек. Мемлекеттік тілдің отыз жыл бойы өз тұғырына қондырылмауынан-ақ көрініп тұр – жағдай әлі де түзеле қойған жоқ.
Орыс тілін жете меңгерген, ірі шығармашылық жетістіктерге жеткен кей азаматтар «пушка (зеңбірек, яғни жаулап алу) соңынан Пушкин келді», «басқаның емес, орыс елінің отары болғанымызды сәттілік деп білем», «біздер, орыс тілділер, мәдениет авангардымыз» деп совет заманында ұрандатты. Қазақ зиялысы делінетіндердің бірі тәуелсіздік тұсында Колбинге өзінің оны «ширек ғасыр бойы тосқанын» айтты, орыс тілді «журналистика ақсақалы» деп аталған біреу «қазақтардың теледидардан сөйлегендегі дүбара тілінен шошитынын» орыс оқырмандары арасында тітіркене әңгімеледі. Сондай-ақ бертінде тағы бір үлкен тұлғаның мемлекеттік тілді «ұлтшылдар индустриялық қоғамға сүйрелеп жүрген ауыл тілі» деп білуі, іс қағаздарының мемлекеттік тілге көшірілуіне жаны шыға қарсылық білдіруі де Колбиннің тілге тиек боп тұрған пайымдарын растай түседі.
***
Жағдайды түзеудің бір жолы орыс тілділердің тарихи әділеттілік деген ұғымға ден қоя білуінде жатыр. Егер олар өздерінің орыстандыру саясатының құрбандары екендіктерін ұқса және мойындаса, өздері айрылып қалған ұлттық тіл мүддесін қорғауды азаматтық міндеті әм парызы деп білсе – жағдай сөз жоқ дұрысталады. Олар қазақ мемлекетін мекендеушілердің моральдық тұрғыдан қайта жарақтануына ықпал ете алады. Күнәңді сезіну, пиғылыңды жақсартуға ұмтылу – қазақ байрағы астында отаныңның дәулетін тасытысудың, тату-тәтті, жарасымды, жақсы өмір сүрудің кепілі. Мұны түсіну тілдік тұрғыда бөлектеніп жүргендердің қазақтың ұлттық мүддесін өзіне тиімді мұрат ретінде көздеуін, қазақ төңірегіне тығыз топтасу идеясын жарқын болашаққа бастайтын жасампаздық деп қабылдауын мүмкін етеді.
Мемлекеттік тіл өрісін кеңейтуді аңсау – оған қарсылар, яғни мемлекеттік тілді отыз жыл бойы менсінбей, шектеп келгендер айтатындай – өзгені кемсітетін ұлтшылдық емес, құдды саясаттың барша қыр-сырын «меңгерген» билік буынындағы жанның ұғымы тәпсірлеген «үңгірлік ұлтшылдық» емес. Бұл, дұрысында – өзгемен терезе теңестіруді көздейтін табиғи тілек, жәй ғана тіленші ұлтшылдық. Өкінішке қарай, сол жәй ғана тіленші ұлтшылдығы үшін талай азамат жазықсыздан жазықсыз репрессияланды.
Ал орыс тілін бүгін де баяғыдағысындай отарлаушылық пиғылда көретін және сонысына ұялмайтын шет жұрт саясаткерлерінің, оның ішінде орыстанған тегі бөтендердің байбаламы – жалғандыққа негізделген жала, мүлдем орынсыз ғайбаттау. Олар «орыс әлемінің» озбырлықпен, сананы отарлау жолымен ұлғайтылғанына ой жүгіртпейді, өз елінен тысқары жатқан, кезінде отаршылдық пиғылмен қолдан жасалған «орыс әлемін» қанды қырғын салып «қорғаудың», жұмсартып айтқанда, әділеттілікке жатпайтынын парықтамайды.
Қазақтар орыс тілімен ілім-білім шалқарында елеулі байлыққа кенелетінін жақсы біледі, сондықтан да одан қол үзбек емес, мәселе – оның мемлекеттік тіл өрісін ашуға күні бүгінге дейін жол бермей келе жатқанына наразылықта. Шетелдік саясатшылар империялар дәуірінде ұлт тілін тұншықтырғанын ұмытып, бір жақты сарнамай, осыған ой жүгіртсін.
Астам отаршылдықтың, кезінде жол берілген империяшыл озбырлықтың қате екенін мойындап, өткен жолға сын көзбен қарай білудің, өткендегі қателіктер мен қылмыстар үшін опына білудің елдер мен халықтар арасында шынайы түсіністік пен достық орнатары күмәнсіз. Мұны барша жұрт мойындар болса – осы жазбалардың тууына түрткі болған биік дәрежелі эмиссардың пікірі де жоққа шығады. Ең бастысы – мемлекет құрушы ұлттың мүддесі алдында барша жұрт бас иіп, тарихи әділеттілік тұрғыда әрекет ететін болады.
Бейбіт Қойшыбаев,
жазушы, тарих ғылымдарының кандидаты, Репрессия құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия мүшесі
Abai.kz