Жұма, 22 Қараша 2024
Ақмылтық 3913 17 пікір 27 Қыркүйек, 2022 сағат 14:19

Пәтуасыз «приоритет»

немесе мобилизациялық миграция машақаты

Украинамен соғыста жеңіле бастаған Путин «ішінара мобилизация» жариялауға, яғни әлсіреп, діңкесі құрып жатқан армия қатарына адам шақыруға мәжбүр болды.

Әрине, бұл дегеніңіз – Ресейдің ішкі ісі, өз шаруасы десек те, осы жағдайдың Қазақстан үшін өз әсері болатыны айтпаса да түсінікті.

Және де ол әсерлердің ешқандай да оң сипаты жоқ, тұнып тұрған негатив!

Біріншіден, басқа елге қарсы соғыс ашқан бір елмен ымы-жымы бір, көрші әрі одақтас болудың өзі қауіпті де... қорқынышты. Қоңсы ел соғыс зардабын шегіп жатса, онымен ортақ шекарасы бар елдер тыныш отыра алмас.

Осы жерде ОДКБ-ның өз қатарындағы елдерден ұжымдық түрде әскери көмек сұрауы үшін қосымша мүмкіндіктер пайда болғанын да ескерген жөн: кеше ғана ДНР мен ЛНР, Херсон мен Запорожьеде заңсыз референдумдар өтті, ендігі жерде формальды түрде (әрине, тек қана Ресей заңдарына сай) ол аумақтар ендігі жерде Ресейге тиесілі. Ал ОДКБ ережелеріне сәйкес, ұйымға мүше елдің жерін басып алу қаупі төнсе, ондай ел ортақ ұйымнан тиісті көмек сұрай алады, ал ОДКБ болса, ол жағдайда қол ұшын беруге міндетті.

Қауіп емей енді не бұл?!

Екіншіден, Батыс санкцияларына құлақ та, көз де үйренді десек те, Батыс тыйымдары мен талаптары күшейіп барады, яғни бір экономикалық одақ қатарындағы біздерге тигізер нұқсаны да күшейе түспек. Путиннің шұғыл түрде «параллель экспорт» туралы заң қабылдатуының өзі не тұрады?!

Мобилизациядан кейін көрші елден бұрын-соңды боп көрмеген сұмдық миграция басталғаны белгілі. Оның басты бағытының бірі – Ресеймен 7 жарым шақырымдық шекарасы ашық-шашық Қазақстан боп тұр.

Бұл күндері осы миграцияға қатысты қоғам мазасыздық танытып, дүрлігіп кетті. Жұрттың бәрі Ресейден ағылған қашқындардың елдегі жұмыспен қамту саясатына, тұрғын үй нарығына, соның ішінде оны жалға берілуіне тигізіп жатқан теріс әсері туралы дабыл қағуда.

Мен болсам, мәселе тек қана миграциямен шектелмейді деп айтар едім. Мұның бәрі - қаншаға созылатыны белгісіз соғыстың біздің елге келтірер зардабының басы ғана! Путиннің өліспей-беріспейтін түріне қарағанда, мына жағдай бірнеше айға, тіпті жылдарға созылып кетуі әбден ықтимал. Және де бұл әсер қоғам өмірінің басқа да салаларына кірігіп кетуі мүмкін.

Сол кезде біздің өкімет қандай саясат ұстанады?

Саясатта «приоритет» ((лат. prior - «алғашқы, бірінші кезектегі») (қазақша - «басым бағыт») деген ұғым бар.

Бүгін ғана үкімет басшысы осы сөзді пайдаланды.

Бір күн бұрын «Ресейден келгендердің тіркелуіне және жұмыспен қамтамасыз етілуіне тиісті көмек көрсету керек» деген сыңайда пікір білдіріп, жұрттың сынына ұшыраса, бүгін: «қазақстандықтардың мүддесі – басты приоритет болуы тиіс», - деп жатыр.

Бірақ, айтылған сөз атылған оқпен тең емес пе?

Өз басым премьердің кешегі, проресейшіл сөзінің басты себебін оның азаматтық позициясынан гөрі Қазақстанның Ресеймен бірге қол қойылған екеуара және ортақ ұйымдар арасындағы құжаттардан және біздің билік жүйесінің сол құрылымдарды ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстаған басты акционері – Кремльге тәуелділік синдромынан деп білемін.

Сондықтан да, өкінішке орай, әзірше біздің саясатта өз мемлекетіміз бен өз азаматтарымыздың мүддесі емес, халықаралық келісімдермен реттеліп қойған басқа елдің (соның ішінде, бірінші кезекте Ресейдің) мүддесі приоритет болып тұр.

Не істеу керек?

Әрине, қазіргі жағдайды, соның ішінде, бүкіл әлем басқыншы деп таныған Ресейдің мүшкіл халін пайдаланып, ЕАЭО мен ОДКБ секілді елді тәуелді ететін ұйымдардан шығуға болар еді.

Бірақ, менің пайымдауымша, бүгінгі билік ондай батыл қадамдарға бара алмайды.

Сондықтан да, әзірше осы ұйымдар аясындағы бұрын жасалған келісім-шарттарды қазіргі алмағайып, бұрынғы критерийлер мың құбылып, өзгеріп жатқан заман талаптарына сай қайта қарау керек. «Ол да болса, олжа» дегендей.

Сол кезде ең басты приоритет – мемлекетіміздің қауіпсіздігі және әрбір қазақстандықтың экономикалық, әлеуметтік, саяси мүддесі болар еді. Билік өкілдері де қазақтың «өзіңді-өзің жаттай сыйла, жат жанынан түңілсін» деген  аталы сөзін ұғынып, өз лексикондарында кездесе бермейтін «приоритет» сөзін абайлап әрі керек жерінде қолданар еді.

Ондай күндерге де жетерміз!

Әміржан Қосан

Abai.kz

17 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1463
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3230
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5322