Дүйсенбі, 23 Желтоқсан 2024
Қауіп еткеннен айтамын 5539 50 пікір 30 Қыркүйек, 2022 сағат 15:46

Айналайын, Үкімет, есіңді жый!

Ресейдің имперлік билігі өз елінде мобилизация жариялағаны сол-ақ екен, шабаданын сүйреп, шекера аттап, шетке ағылған орыстың қарасы көбейді. Соның ішінде Ресеймен төтелей шекараласатын біз секілді мемлекеттерге және орыс билігімен одақтас елдерге қарақан бастың қамымен, тым-тырақай қашқандардың саны еселеп артты.

Қазақстанның құзырлы органдары бір аптаның ішінде (21 қыркүйектен бері) Қазақстанға қашып келген босқын орыстың саны 98 мыңнан асты дейді. Екіарадағы шекара жабылмайды. Оны Президент те, Үкімет басшысы да, Парламенттің спикерлері де айтты. Билік: «Келген орысты қуып шыға алмаймыз. Бірақ, оларға ешқандай артықшылықтар жасалмайды. Ресей сұрау салса, ұстап беруге әзірміз», - деді. Ресей мен Қазақстан арасында мемлекетаралық келісімдер бар. ЕАЭО дейтін пайдасынан зияны басым одақ бар. Анау бар, мынау бар... Сол себепті шекара жабылмайды. Түсінікті.

Қазақстанға қарай ағылған бұл жөңкіліс бүгін-ертең сап тыйыла қоюы да екіталай. Ресми жүз мыңға жуық адам келді десе, бейресми статистика бұдан бірнеше есе артық екені айтпаса да түсінікті. Бұл – екінші реткі көш. Қашқын орыстың алғашқы легі Ресей билігі Украинаға соғыс ашқан 24 ақпанда басталған.

Ендеше, біз Үкіметтің құлағына естіртіп айтуымыз керек бірнеше тезисті тізбелеп шықтық:

1. Арнайы лагерлер құру керек!

Бұл келгендер қазір Қазақстанның шет жатқан ауылдарына аттап баспайтыны анық. Үйіліп-төгілген үлкен көш Алматы, Астана секілді мегаполистер мен Солтүстік облыстардың қалаларына қарай ағылып жатыр. Әсіресе, Алматы мен Астананы бетке алып келгендер көп. Олардың бұл келісі әу дегенде пәтер бағасын аспандатып жіберді. Пәтер жалдап, тіршілік етіп жатқан қаншама қазақ һәм қазақстандық бір күннің ішінде далада қалды. Орындарын орыстар басты. Олар қазір бұрыш-бұрышта жүр. Кімнің қайда тұрақтағаны белгісіз.

Бізден ұсыныс: Бұлардың ресми статусы – еріксіз мигранттар. Путин мобилизациясынан қашып келгендерді осылай атасақ дұрыс шығар. Ендеше Қазақстан билігі бұл қашқындарды жан-жаққа шашыратпай, арнайы лагер құрылуы керек. Қашқындар лагерлері, стадиондар мен қонақ үйлерден арнайы орындар әзірленіп, бас сауғалап, қашып келген Ресейліктер сол арнайы орындарға орналастырылуы керек. Бұл бірінші кезекте, шеттен келген шүрегейлерді бақылауда ұстаудың ең оңтайлы жолы! Еріксіз мигранттар изоляцияда болуы керек!

2. Құзырлы органдар бақылауында болуы керек!

Бұлар өзге мемлекеттің резиденттері. Яғни, шетел азаматтары. Сондықтан, бұлар жергілікті полицияның қатаң бақылауында болуы маңызды. Ресейден қашып келген әрбір азаматтың жеке басына қатысты мінездеме берілмегендіктен, олардың кім екені, бұрын немен айналысқаны, психикалық жағдайы мен саяси көзқарастары жайлы ешкім ешқандай ақпаратты білмейді.

Біздің ұсыныс: Ресейден келгендерді балабақша, мектеп, жоғарғы білім ошақтарына мүлде жолатпау керек! Олардың арасында педофилдер мен психикалық ауытқушылықтары бар адамдар болмасына кім кепіл?!

3. Қылмыскерлерді анықтау керек!

Қазақстан билігі: «Егер Ресей тарабы бізге жекелеген адамның қылмысын көрсетіп, ресми сұрау салса, біз ол адамды дереу қайтарып береміз», - деді. Ресей Конституциясы мен заңдарына соңғы енгізілген өзгерістер бойынша, мобилизациядан қашып келген еркек кіндіктінің барлығы дерлік – Ресейде қылмыскер саналады. Өйткені, Ресей ҚК бойынша - «Мобилизациядан қашу – қылмыстық жауапкершілік жүктейді және 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген».

Бұл бір деңіз. Бұдан бөлек, Ресейден келгендердің арасында өзге де қылмыс түрін жасап, жазадан қашып келгендер де болуы бек мүмкін. Және бұрын сотталған азаматтар болуы мүмкін.

Біздің ұсыныс: Мұндай адамдар Қазақстан қоғамы үшін қауіпті. Сондықтан, ҚР Құзырлы органдары министр Мусин (Бағдат) құсап қашқындарға құрақ ұшып, құшақ жаярдан бұрын қылмыскерлерді анықтауы және оларды Ресейге депортациялау ісін қолға алуы керек!

4. Ақпараттық қауіпсіздікті қатаң бақылау керек!

«Молчание – знак согласия», - деген орыстың өз сөзі. Бұл азаматтар мобилизация жарияланғанға дейін (21 қыркүйекке) Ресейдің импершіл билігінің Тәуелсіз Украинаға қарсы соғысын үнсіз қолдап келгендер. Соғыс жалыны өздерін шарпып, өз билігі мәжбүрлеп соғысқа айдап салған сәт туғанда, қара бастарын күйттеп, шетке ағылғандар.

Бұл келген көштің ішінде әртүрлі әлеуметтік желілер арқылы ел ішіндегі тұрақтылықты бұзуды көздейтін мәлімдемелер жасалуы мүмкін. Ондай арандатушылық ақпараттардың алды жарыққа шығып та жатыр. Түрлі шовинистік сипаттағы сөздер – ертең ел ішінде ұлтаралық кикілжіңдердің басты себепшілі болары анық.

Біздің ұсыныс: Сол себепті де, ақпараттық қауіпсіздік қатаң бақылауда болуы керек. Әлеуметтік желілерді (Facebook, Tik-Tok, Telegram, Instagram, VKontakte т.б.) контент-анализ жасау, желілерге мониторинг жүргізу, құқық бұзушыларды һәм ел ішіне іріткі салушыларды әшкерелеп, оларды елден шығару өте-мөте маңызды шаруа! Бұл санатқа Қазақстанның өз ішіндегі елбұзарларды да қоса қарастыру керек. Қазақстанның Ресейге қосылуын жатса-тұрса армандап жүрген сеператистер Қазақстанның өз ішінде де жетерлік. Ресейден ағылған бұл көш әуелі сол сеператистерге жел беріп, бүлік сөз айтпасына кепіл жоқ.

5. Санитарлық тексеруден өткізу керек!

Күллі әлемге жайылған індеттің қаупі әлі толық сейілген жоқ. Коронадағдарысты Қазақстан билігі қалай еңсергенін білеміз. Ресейде қазір эпидемиологиялық ахуал мәз емес. Індет өршіп тұр. «Вектор» вирусология институты мен «Гамалей» институты мамандарының айтуынша, Ресейде қазір «Омикрон» штамымен ауырып жатқандар саны артуда. Және Ресей әлі індеттің өршу шегінен өткен жоқ. Бұған қоса, Ресейде анықталған «маймыл шешегінің» әлегі тағы бар.

Біздің ұсыныс: Ресейден ағылған көшпен Қазақстанстанға індеттің де ілесіп келу қаупі еселеп артты. Жалпы кононавирус қана емес, бұл келгендердің өзге де жұқпалы індеттерден құлан таза екені тексерілілуі керек! Бұл келгендердің арасында вирус жұқтырғандар, түрлі психикалық ауруларға шалдыққандар мен туберкулез, СПИД секілді індетке шалдыққандар бар болуы мүмкін!

6. Заңдық кеңестер берілуі керек!

Қазір шекарада тұрған үлкен көшке жергілікті еріктілердің ас-ауқат тасып, әлектеніп жатқаны белгілі. Тек шекара маңында ғана емес, Қазақстанға өтіп келгендерге халыққа қызмет көрсету орталықтарында (ХҚКО) консультациялық кеңес беріп жүргендер көп. Олардың басында ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусиннің өзі тұр. Дап-дардай министріміз ХҚКО-на барып, қашып-пысып келгендерге қалай ЖСН жасатуға болатынын өзі көрсетіп жүр.

Біздің ұсыныс: Бұл келгендерге әуелі еріктілер мен министр Мусин емес, заңгерлер кеңес беруі керек! Заңгерлер оларға ҚР Конституциясы мен Заңдарын жақсылап түсіндіруі керек! Бұл келгендер жөпелдемеде ҚР Конституциясын жаттап келгендер емес. Сондықтан, ертең бұл келген орыстар ҚР Конституциясы мен Заңдарын, заңнамаларын бұзатыны (біліп-білмей) айдан анық! Оны болдырмау үшін – сол шекара бекеттерінде заңгерлік кеңестер беріліп, олардың саяси көзқарастары сұралуы керек!

7. Қазақтың салт-дәстүр, мәдениет, менталитеті түсіндірілуі керек!

Тарих деген бірде олай, бірде бұлай... Күні кешеге дейін (Ресей билігі соғыс ашқанға дейін) әсіресе Орталық Азия елдерінің еңбек мигранттары мен қарапайым халқына кекірейе қарап, шовинистік танытып, олардың кедір-бүдір орысшасына күле сөйлегендер, енді солардан барып пана сұрауда.

Біздің ұсыныс: Бұл келген еріксіз мигранттарға Қазақстанның тұрмыс-салты, өмір сүру менталитеті, Қазақстандағы мемлекет құраушы титулды ұлт – қазақтың салт-дәстүр, әдет-ғұрпы, діни ұстанымдары, тілі мен мәдениеті жақсылап түсіндірілуі керек. Оны білместік – ертең ұлтаралық кикілжіңдердің тұтануына себепші болмауы керек! Сондықтан, шекара сызығын аттамастан бұрын, оларға ағартушылық жұмыстары жүргізілуі керек!

8. Орыстың сабан ақшасына тыйым салынуы керек!

Ресейден ағылған көш Қазақстан экономикасына ауыр соққы. Қашқындар ағыны Қазақстанның ішкі нарығындағы пәтер бағалары мен тұтынушылық тауарлар бағасын қымбаттанып қана қоймай, теңгені де әлсіретіп жатыр. Қазақстанға Ресейліктермен бірге рубль де қаптады.

Ресейдің Украинаға қарсы агрессиясынан кейін рубльге де санкция салынған. Ал Қазақстандағы коммерциялық банктерде қолма-қол Ресейлік рубль толып қалған. Нақты саны белгісіз. Сарапшылардың пікірінше 25-30 миллиардтың шамасында.

Біздегі ұсыныс: Қазақстан үкіметі Ресейлік рубльге шектеу қоюы керек.

9. Ресейліктерге Қазақстан арқылы санкцияны айналып өтуге жол бермеу керек!

Ресей санкциядағы мемлекет. Ресей азаматтарының Қазақстанға ағылуының бір себебі – санкциялық шектеулерді айналып өту. Қазір Ресейден келгендердің Қазақстанда ЖСН жасатуы – дәл осы АҚШ пен Батыс санкцияларын айналып өтіп, банк карталарын ашып, сол арқылы төлем жасау, шоттағы қаражаттарын басқару. Қазақстаннан доллар сатып алу.

Біздің ұсыныс: Бұл өз кезегінде Ресейге салынған санкцияларды айналып өту. АҚШ пен Батыс осыған дейін Қазақстанға қатаң ескерту жасады. Президент Әкімшілігі де арнайы мәлімдеме жасап: «Қазақстан Ресейге салынған санкцияларды бұзбайды», - деп ақталған еді. Ендеше, бұл процесс те қатаң бақылауда болуы керек. Ресейліктерге ЖСН жасату – санкцияларды өрескел бұзу. Еріксіз мигранттарға доллар сату – ертең экономикалық қиындықтар тудыратыны анық.

10. Қазақ тілі мен Қазақстан тарихын үйрету курстары ашылуы керек!

Ресейліктер Қазақстанға Қазақстанның мемлекеттік тілі – қазақ тілі мен Қазақстан тарихын біліп келмейтіні түсінікті. Ол түгілі өзіміздің орыс этносының өкілдері қазақ тілін үйренуге құлықсыз боп отырғанда, бұлардан қазақ тілі мен тарихына асқан құрмет күтудің өзі бекершілік.

Ресей билігі бастаған соғыстың қашан аяқталары белгісіз. Демек, бұлардың да Қазақстан аумағында қанша уақыт тұрақтап қалатынын дәл болжап айта алмаймыз. Ресейліктер Қазақстанда бір ай тұрса да, үш ай тұрса да, Қазақстанның мемлекеттік тілі мен тарихын үйренуі міндет!

Біздің ұсыныс: Ол үшін – Қазақстанда еріксіз мигранттарға қазақ тілі мен тарихын үйрететін арнайы орталықтар мен курстар ашылуы керек. Қазақстанға келіп, Көші-қон полшициясына тіркелген кез келген Ресейлік азамат өзі тіркелген мекен-жай бойынша аптасына екі мәрте қазақ тілі мен тарихын үйрену курстарына қатысуы міндеттелсін!

Түйін: Әзірге осы айтылғандардың бірде-біреуі іске асырылып жатқанын көрмей отырмыз. Бұл процесстер ең әуелі – Қазақстанның ішкі тұрақтылығын сақтаудың кепілі!

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

50 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1970