Ж А Л Ғ Ы З Э М И Г Р А Н Т
(Мұстафа Шоқай туралы жеке мұрағатта сақталған хат бойынша)
Сарғайған сары-ала қағаздар... Хатталып жинала бергеніне қырық жылдан да асып кеткен екен. Керек-ау дегендерімді қалдырып, керексіздерін ошақтың көмейіне жытырмаса болмас деген ой болды. Бұл қағаздар менен кейін кімге керек бола қояр дейсің? Түптің түбінде тозар. Сосын жоғалар... Біреулер дүние жинағыш болса, мен қағаз жинағыш болыппын. Өткен өмірдің күнделіктеріндей қабат-қабат қағаздарға белшемнен батқан-ақ екем. Керегін бір бөлек, керек емесін бір бөлек сұрыптап отырғанымда, қолыма бірі қазақша, бірі орысша жазылған 2 хат және көлемді бір мақала ілікті. Бұл менің қолыма қайдан түсті екен деп әуелі таңырқап отырдым.
1. БАЗАРЫ ЕРТЕ
ТАРҚАҒАН ТАҒДЫР
Қолыма қайдан түскені бірте-бірте ойыма оралып, санамда тіріле бастады.
(Мұстафа Шоқай туралы жеке мұрағатта сақталған хат бойынша)
Сарғайған сары-ала қағаздар... Хатталып жинала бергеніне қырық жылдан да асып кеткен екен. Керек-ау дегендерімді қалдырып, керексіздерін ошақтың көмейіне жытырмаса болмас деген ой болды. Бұл қағаздар менен кейін кімге керек бола қояр дейсің? Түптің түбінде тозар. Сосын жоғалар... Біреулер дүние жинағыш болса, мен қағаз жинағыш болыппын. Өткен өмірдің күнделіктеріндей қабат-қабат қағаздарға белшемнен батқан-ақ екем. Керегін бір бөлек, керек емесін бір бөлек сұрыптап отырғанымда, қолыма бірі қазақша, бірі орысша жазылған 2 хат және көлемді бір мақала ілікті. Бұл менің қолыма қайдан түсті екен деп әуелі таңырқап отырдым.
1. БАЗАРЫ ЕРТЕ
ТАРҚАҒАН ТАҒДЫР
Қолыма қайдан түскені бірте-бірте ойыма оралып, санамда тіріле бастады.
...Қызылорда облыстық «Сыр бойы» газетінің бас редакторы Нұрділда Уәлиев /Алла Нұрекеңді иманнан жарылқағай/ кабинетіне шақырған. Алдына барғанымда, Нұрекең: «Айжарық, қоғамды қайта құру ағымымен тынысымыз кеңіп, қаламды еркін сілтейтін болдық қой. Сен Мұстапа Шоқай туралы газетімізге облыста бірінші болып мақала дайындап беріп едің. Оныңды жарияладық. Содан кейін редакцияға әр тараптан хаттар келе бастады. Міне, тағы да 2 хат пен мақаланы әкімиат жіберіпті. Қарағандыдан келген екен. Мұны жариялаудың қажеті жоқ. Сенде тұра берсін. Мүмкін, бір уақыттары керегі болып та қалар...»,- деп қолыма ұстатып қоя берді.
Кабинетіме келісімен Нұрекең ашып көрген табақтай қалың конверттегіні енді мен оқуға кірістім. Әуелі қазақша жазылғанын оқыдым. Біссімілласын былай бастаған екен:
«Қызылорда облысының әкімі жолдас Сейілбек Шаухамановқа! Құрметті Сәке! «Егеменді Қазақстан» газеті осы жылғы маусымның 2-сі күні «Мұстапа Шоқай аты шошындырмайды» атты хабарда Қызылорда облысының Мұстапа Шоқайға үлкен ас беруге әзірленіп жатқанын мәлімдеді. Осыған орай, мен сізге көп жылдардан бері Шоқаевтың өмірін зерттеп келе жатқан жазушы ретінде мынаны білдіргім келеді:
1. Соңғы жылдары кейбір газет-журналдар беттерінде Мұстапа Шоқаевты ақтап жазып жүрген авторлар Әнуар Әлімжанов, Бейбіт Қойшыбаев, т.б. оның өмірі мен еңбегінің қыр-сырын анық білмегендіктен «осылай болуы мүмкін» деген жорамалмен жазылған қате, долбар ойлары, пікірлерімен халыққа теріс ұғым беруге тырысқан. Ал Шоқаевтың есімі ешбір заң орнында қаралмаған. Заң жүзінде Шоқаевты ақтаған /реабилитировать еткен/ шешім жоқ. Олай болса, газеттерде басылған материалдар тек қана демагогия қатарына жатады.
2. Мұстапа Шоқаев Ұлы Отан соғысы басталысымен-ақ Герман фашист үкіметімен шарт жасасып, «Түркістан ұлт комитеті» мен «Түркістан легионын» құрған, Қазақстан мен Орта Азияны Герман колониясына айналдыруға, неміс отаршылығына беруге атсалысқан адам. Бұл туралы менде жеткілікті дәлелдер бар. Осы хатқа қосып бірге жіберіп отырған мақалада жоғарыда айтылған айыптың қыр-сыры түгел ашылып, толық жазылған.
Сондықтан:
1. Мақаланы өзіңіз оқып шығып, облыстық газетке жариялауға нұсқау беруіңізді өтінемін.
2. Мұстапа Шоқайға арнап үлкен ас беру кейін облыс әкімшілігіне үлкен нұқсан келтіруі мүмкін. Бұл тек қана менің пікірім емес. Таяуда мен Қазақ Республикасы мемлекеттік қауіпсіздігі комитетінен мынадай хат алдым: «Руководство КГБ Республики Казахстан... разделяет с Вами мнение о том, что лицам, сотрудничавшим с фашистами не должен создаваться авторитет в нашей республике...»
Осы ресми пікірді сізге жеткізуді өзімнің парызым деп санадым.
3. Республиканың әр жерінде кейбір редакторлардың Шоқаевты заңсыз дәйектеулеріне байланысты, оның фашистермен қызметтес болғаны туралы дәлелдерді Қазақ Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевқа да жібермекпін.
Осы хатта мақалада айтылған пікірлерге байланысты сіздің шешіміңізді, қолданған шараларыңыз туралы маған жауап-хабар беруіңізді сұраймын. Құрметпен, жазушы Серік Шәкібаев. 7-маусым, 1992 ж. Менің адресім: 458000 г. Кустанай, ул.Толстого, 69, кв. 3. Шакибаев Серик Шакибаевич. Тел. дом. 9-09-08».
С.Шаухаманов хат иесінің өтінішіне орай оған жауап-хабар жолдады ма, жоқ па, о жағын білмедім. Әкім хаттың бұрышына «Ж.Махамбетов! Зерттеп ұсыныс жасаңыз. 10.07.92» деп қолын қойған. Редакцияға 12-і күні жіберілген. Шығыс нөмірі - 527. Ал хат иесін біз «Жазушы» баспасынан 1968 жылы жарық көрген «Үлкен Түркістанның күйреуі» кітабының авторы ретінде білетінбіз. Павлодар қаласының тумасы. Екінші бүкіләлемдік соғыстың алғашқы кезеңінен бастап 32 жыл бойы мемлекеттік қауіпсіздік органдарында қызмет атқарған. Полковник дәрежесінде зейнетке шыққан.
Еліміз тәуелсіздігін алғаннан кейін генерал-майор атағына ие болды. 1999 жылы 73 жасында дүниеден өтті. Қарағанды қаласында оның атында көше бар. Тұрған үйіне ескерткіш тақта қойылған.
Орыс тілінде жазылған екінші хат А.Г. Мустафиннен екен. «О статье «Мустафа Чокаев...» деген тақырыппен бастапты. Одан әрі: «Подготовленная нами статья «Мустафа Чокаев: легенда и действительность» была предложена для публикации редакциям литературной газеты «Казах адебиети», молодëжного издания «Оркен» («Горизонт») и газеты республиканского общества «Казак тілі» - «Ана тілі» («Родной язык»). После достаточно продолжительного изучения, первые две редакции, под различными предлогами, отказались от публикации. Стало ясным, что их не устраивает содержание статьи, которое не вписывалось в публикуемые за последнее время в разных органах печати прямые восхваления политической деятельности М.Чокаева.
Статья опубликована газетой «Ана тілі» 8-августа 1991 года /№32/ под заголовком «Где легенда, где действительность? Из архивов КГБ...», текст подвергнут сокрашению, однако основные утверждения статьи сохранены. В прилагаемом авторском экземпляре редакционные сокрашения отмечены красными чернилами.
В редакционном предисловии указывается, что изучение неоднократной политической деятельности М.Чокаева имеет общественное значение, здесь могут быть различные мнения и они не должны обязательно совпадать с позицией редакции и она намерена продолжать публикации о М.Чокаеве. Здесь же напечатана статья пенсионера, бывшего участника «Туркестанского легиона» У.Турысбекова о его мелодраматичной встрече в 1943 году с женой М.Чокаева.
Для окончательной реализации авторских целей считаем необходимым продолжить попытки публикации нашей статьи в полном объëме в таких редакциях как «Коммунист Казахстана» (предварительная договоренность имеется/, «Простор», «Жалын», а также в некоторых южных областях республики. Мустафин А.Г. 14-августа 1991 года» деп аяқтап, одан әрі өзі жазған тым көлемді мақаласының бір данасын қоса жіберген.
Орыс тілінде жазылған бұл мақала 13 бет екен. Әр беті 40 жолдан. Әрбір жолы мен әрбір сөзінің арасында саңылау қалдырмай өте тығыз әрі қатесіз де ұқыпты жазылған. Мақала мазмұны автордың саяси сауатты кісі екенін аңғартып тұр. Және аңғарғанымыз: қауіпсіздік жендеттері М.Шоқайдың ізіне мықтап түскен екен. Әрбір қадамын аңдып, не істегенін есепке алып отырған. Мына мақала Мұстапаның бүкіл ғұмырын, оның саяси қызметін тек айыптау ыңғайында жазылған. Чекист-генерал Мұстапаны «Совет өкіметінің дұшпаны» дейді. Онысы - рас. Мұстапа Совет халықтарын ұлтына, тегіне, жынысына қарамай азапқа салған Сталиннің зұлмат саясатына қарсы болды. Большевиктердің екіжүзділігін ерте аңғарды. Олардың сиқырлы сөздеріне түпкі мақсаты мен саяси іс-қимылдарының кереғар екенін жалынды сөздерімен, өзекжарды мақалаларымен әшкереледі. Оның бар «жазығы» осы еді.
Чекист-генерал халқымыздың осындай күрескер перзентін жазықсыз жазаланған «халық жауларының» қатарына қосыпты. Мұнысы - жалған жала. Өткен ғасырдың алғашқы елу жылында жоқтан жазықты болып атылып кеткендер мен итжеккенге айдалғандар халық жауы болған емес. Олар елге болсын деп еңбегіне жалынған адал жандар еді. Ал олардың талайсыз тағдырына араласып, қорлық пен зорлықтан қайткенде құтқаруға болатынын ойластырып жансебілге түскендер - халқымыздың азаттығы жолында күрескен қайраткерлеріміз еді. Алайда сұрқия саясаттың теріске тартқан кері ағысы оларды дегеніне жеткізбеді. Сталин бастаған ОГПУ - НКВД - КГБ-ның қарғысқа ұшыраған жендеттері білгендерін істеп, халқымызды көшбастар марғасқаларынан жұрдай етті. Көшбасшыларынан айрылған жұртымыздың үні шықпай есеңгіреп қалды.
Елу жылға созылған репрессияның өзі-ақ шын мәнінде кімдердің халық жауы болғанын айғақтап бергенде, бірін бірі мақұлдап, әкімиатқа жүгінген С.Шәкібаев пен А.Г.Мустафиннің бұрынғы ниеттерінен қайтпай қасарысып Мұстапаны «халық жауы» деп қаралағанына қайран қалдым. Ол ол болсын, мақаласының соңында «генерал-майор госбезопасности в отставке, ветеран органов КГБ» деп қолын қойған А.Г.Мустафин М.Шоқайды «алашординец» деп те айыптаған. Айыптап отырып шатасқан. Тарихи деректерден белгілі, Мұстапа Әлихан Бөкейханов бастаған Алаш қайраткерлеріне басы бүтін қосылған жоқ. Оның арманы Түркістан республикасын құру болды. Тұтас Түркістан идеясын сол үшін де жалаулатты. Ақтық демі біткенше сол бағытынан айныған жоқ.
Рас, ол Петербург университетінде оқып жүрген кезінде ІV Мемлекеттік Думаның депутаты Әлихан Бөкейханов басқарған мұсылмандар фракциясының хатшысы және тәржімашы қызметін қоса атқарып жүрді. Ал Ақпан төңкерісінен кейін билікке келген Уақытша үкіметтен үмітті болды. Оның да себебі бар еді. Мұстапа Ташкент гимназиясында оқып жүргенінде Уақытша үкіметтің премьері А.Ф.Керенскийдің /1881-1970/ әкесі, ағасы /Түркістан өлкелік халық училищесінің директоры/ Ташкентте тұратын. Мұстапа сол кезден Керенскийлер отбасының бір баласындай болып кеткен-ді. Шоқай шаңырағы мен керенскийлер арасында аралас-құраластық болған. Мұстапа университетке қабылданарында сол Керенскийлердің көмегін де көрген.
Мұстапаның әуелгіде эсерлер партиясының көсемі А.Ф.Керенскийдің ықпалында болуының осындайда бір сыры бар еді. Ол көкейінде көздеген түпкі мақсатына жету үшін эсерлермен істес те болды. Бірақ А.Керенскийдің партиясына кірген жоқ. Бар ойы бұрынғы Түркістан генерал-губернаторлығы ауқымында Түркістан Одағын құру болды. Осы ыңғайда Ол жалғыз болған жоқ. Түркістан аймағындағы әрбір ұлттан шыққан белсенді қолдаушылары болды. Оның сол жылдардағы іс-қимылдары мен жарияланымдары Ресейге бағынышты Шығыс халықтарынан тағы бір күрескер саясаткердің шыққанын айғақтады. Ресей құзырында басқалармен терезесі тең автономия құру идеясын тұңғыш ұсынған саясаткер М.Шоқай болды. Сол кезде Ол 26 жаста еді.
Бірақ оның бұл идеясын әуелгі Уақытша үкімет те, кейінгі большевиктер өкіметі де қолдамады. Ал Мұстапа болса, алған бетінен қайтқан жоқ. Петербургтегі солдат және жұмысшы депутаттары Советінің төрағасы Н.С.Чхеидземен автономия туралы кеңескенде социал-демократ шошып кетіп: «Құдай үшін, Шоқаев жолдас, отандастарыңызға автономия жайында айта көрмеңіз. Себебі, біріншіден, бұл туралы айту әлі ерте; екіншіден... Түркістан сияқты автономия тұп-тура оқшаулыққа бастайтын жол, ал төңкерісшіл-демократияшыл Ресейден тысқары оқшаулықтан сіздің халыққа пайда жоқ», - деп «жөн сілтеген».
Одан да, қос өкіметтен де түңілген Мұстапа Ташкентке келіп автономия құруға батыл кіріседі. Көп-көп шырғалаңмен ақыры 1917 жылдың 27-қарашасында Қоқан автономиясының құрылғаны мәлім болды. Жаңа автономияның уақытша үкімет мүшелері: Тынышбаев Шоқаев, Ходжаев, Юргули-Агаев, Махмудов, Оразаев, Шагиахмедов және Герцфельд қол қойған үндеу жарияланды. (Қамбар Атабаев. «Тілегі тапталған Түркістан». «Түркістан» газеті. 30.ҮІІІ.2012 ж.)
Алайда бұл құрылым ұзаққа бармады. Бар болғаны екі айдай ғана өмір сүрді. Ұрда-жық большевиктер автономияны басып алып, бәрін быт-шыт қылды. Қоқандықтар қанға бөкті. Жазықсыз жандарды қырған большевиктер Қоқан автономиясын кейін «Қоқан авантюрасы» деп мәлімдеді. Тарихта солай аталып қалды. Большевиктердің каратель (жазалаушы) армиясымен шайқасқан Ергаш сардардың сарбаздары Қоқан қырғынының жаласына қалды. Оларды большевиктер «басмашылар» деп айыптады.
Осы Қоқан қырғынын зерттеген өзбек ғалымы Г.А.Хидоятовтың монографиясы /«Правда против лжи»/ 1964 жылы Ташкентте жарық көрді. Оның дәйектерінде Қоқанда болған 1918 жылғы ақпан қырғынында бір жарым мыңнан аса жазықсыз халық азапталып қырылған. Хидоятов бұл сұмдықты автономия лидерлерінен көріп кінәлаған. Ал, чекист-генерал Мустафин мына мақаласында: «А какова была роль М.Чокаева в этих трагических событиях?» - деп сұрақ қойып алып, одан әрі, - Можно твердо утверждать, что Председатель правительства Кокандской автономии М.Чокаев несомненно был одним из организаторов частей «национальной армий» и, конечно, ответственен за еë карательные (?) действия. И здесь надо искать причину его поспечной эмиграции»,- деп түйіндейді.
Нағыз жала. Бар болғаны екі айдай ғана өмір сүрген автономияда қандай «ұлттық армия» болуы мүмкін. Оны және жазалаушы армия деп отыр. Ал чекист-генерал «басымашы» атанған Ергаш сардардың қызылдармен шайқасқан әрекетін М.Шоқайдың ұйымдастырғаны деп ашықтан-ашық жала жауып отыр. Қисынсыз, құжатсыз.
Бір бүйірден құрылған Қоқан автономиясын Алаш қайраткерлері де құптамады. Егер Қоқан автономиясы Ресей тарапынан танылатын болса, бұрынғы Түркістан генерал-губернаторлығына қарасты аймақ /Жетісу жері, оңтүстік өлкесі, Сырдария алабы/ тұтас Қазақстаннан бөлініп кетер еді. Ә.Бөкейханов бастаған алаштықтар осындай қауіпте болды. Олар Қоқан лидерлерін осы тұрғыдан сынады. Кейін эмиграцияда жүргенінде жазған бір еңбегінде Мұстапаның өзі де тым асығыстық болғанын, қателікке ұрынғандарын мойындаған.
Пенде тұз-дәм бұйырған жерлерінде жүреді ғой. Мұстапаның Қоқан қасіретінен кейінгі тұз-дәмі шет жұрттардан бұйырды. ОГПУ жендеттері Қазан төңкерісінен кейін шет елдерге кетіп, эмиграцияда жүрген белгілі тұлғалар: ақ патшаның генералдары А.Кутепов, Е.Миллер, Украина ұлтшыл-дары Е.Коновалец, С. Бандера, Л.Ребет және басқаларды Сталиннің тапсырмасымен бір-бірлеп көзін жойды. Әуелі Қазақстанға, кейін шет елге жер аударылған Л.Троцкийді де Мәскеу шпиондары өлтірді. Осындай сұмдықтан Мұстапаның 1941 жылға дейін қалай жан сақтап аман болғанына қайранмын. Және қазақтан шыққан жалғыз эмигранттың азапты тағдырына шыдаған ерлігіне тәнтімін.
Ол әуелі әйелімен ақылдасып, АҚШ-қа өтіп кетуге пәтуаласқан-ды. Бірақ кейін бізге белгісіз себеппен Париждің маңайындағы Ножан қаласында тұрып қалды. Ал А.Ф.Керенский әуелден АҚШ-қа орнықты. Сонда қартайып қайтыс болды. Егер Мұстапа да АҚШ-та тұрғанда тағдыры қалай болар еді деген ой кимелей береді...
2. ТӘУЕЛСІЗДІК ТАҢЫ АТҚАНДА
Мен есімді білгелі коммунистік насихаттың қазақтан шыққан сондай-сондай «халық жауһары» болыпты дегеніне, міне, имандай шыным, ешуақытта сенген емеспін. Себебі, мен қауызына иман мәйегі ұйыған данагөй аталарымның қауымында ержеттім. Олардың санама сіңіп қалған әңгімелерін кейін саяси сарындармен салыстырып ойланғанымда, біздің ұлт бесігінен «халық жаулары» шығатындай ешбір негіз де, себеп те жоқ екен. Сталин саяси аренада әшкереленіп, аймаңдай болғанға дейін коммунистік қоғамның қисындарына іштей қарсыласумен наразы болып жүрдім.
Енді замана желі оңынан соға бастағанда талай жыл тағдыр тәлкегімен шерменде болып келген жұртымыз төрт құбыласын түгендеуге талпынуда. Айталық, туған халқының азаттыққа деген арманын жоқтап сергелдеңге түскені үшін большевиктерге жазықты болған Мұстапаның немере туысы, еңбек ардагері Әбдікәрім Аманқұловтың: «Мұстапа біздер сияқты үш жүзден астам немере-шөбере-шөпшектерінің ғана туысы емес, бүкіл мұсылман жұртының қайраткері екенін ескерсек, оған қандай құрмет жасасақ та артық емес. Сол үшін енді не істеуіміз керек деп баршаңызға ой салып, пікір сұрағым келеді» деген екен. /«Сыр бойы», №6. «Оны барша Алаш жұрты қорғауы керек». 16.01.1993 ж./ Өте орынды тілек.
Расында М.Шоқайдың күрескер болмысын басқа қайраткерлерден оқшаулауға болмас. Ол да, Ленин де, Керенский де университеттің заң факультетін бітірген. Алған білімдері бірдей. Үшеуі де үздіктер тұғырында тұр. Бірақ бақ пен тақ тайталасында Ленин мен Керенскийдің өркеші биік. Артыңда арқа сүйер іргелі жұртың болмаса, бәрі бекер екен. М.Шоқайдың жағдайы Ленин мен Керенскийдің күш-мүмкіндігімен салыстыруға да келмейтін. Бұл ыңғайда артық туған қазақ зиялыларында бұл пәниден бармағын тістемей, іштері қазандай қайнап, өкінбей өткендері жоқ та шығар.
Большевиктер жер жүзінде әділетті қоғам орнату орайында қаншалықты қисындар мен тұжырымдар ұсынып, сонысына бодан жұртты иландырып баққанымен оларды бір ұлттың басқа ұлттарға үстемдігін орайластыру арқылы теңдікке жеткізу, сірә мүмкін бе? Пролетариат диктатурасы Ресей құзырындағы халықтарды алпауыт империяның езгісінен «құтқарғанымен» /құтқара алды ма?/ бодандар екінші бір саяси-әкімшілік өктемдіктің кіріптарлығында қалды ғой. В.И.Ленин Совет мемлекетін орнату үшін жанталасса, Мұстапа тұтас Түркістан үшін күресті. Біршама уақыт Керенскийдің көлеңкесінде жүрген болып, осы арманы жолында сергелдеңге түсті. Сонда, бүкіләлемдік революция жасауға большевиктердің хақы бар, ал туған халқының тағдыры үшін М.Шоқайдың теңдік сұрауға хұқы жоқ па? Бұл сонда қандай қисынға келеді?!
Ресей эмигранты, Мюньхен тұрғыны Александр Уайт жиырмасыншы ғасырдың елуінші жылдарында-ақ: «Әлемдік социализм мен әлемдік коммунизм сияқты ұйымдасқан саяси қозғалыс пен әлемдік демократияның көздеген мақсаты - түптің түбінде әлемдік билікті иелену»,- деп жазған екен. Демек, әлемдік революцияны аңсағандардың идеясы советтік идеологтарға түсінікті де, М.Шоқай сияқты аздардан шыққандардың аңсарына жат. Сұмдығына найза болмайтын сиқырлы идеология өз асылдарымызды өзімізге құбыжық етіп көрсетті - солай насихаттады. Мұның өзі талайларды мезі етсе де, иланғандар да болған сияқты. Мысалы...
Тәуелсіздік таңы атар-атпас шамада марқұм Сағат Әшімбаев жүргізген «Парыз бен қарыз» түсірілімінде телекамера алдында отырған зиялыларымызға Алматының бір тұрғыны: «Мұстапа Шоқайдың еңбектері қашан жарық көреді?» деп сұрақ қойғаны сол, марқұм Рымғали Нұрғалиев: «Мұстапа Шоқай Совет өкіметіне қарсы күресінен ғой». Оның еңбектерін жариялау қиын шығар...» деп қалды. Ал белгілі қаламгер Бейбіт Қойшыбаев 1990 жылы 17-мамырда «Ана тілі» газетінде жарияланған мақала-сында /«Беймәлім тағыдыр»/: «Шоқайдың неміс фашистеріне еткен қызметін Совет адамдары кешірмейді» деген еді. Бірақ бұл сол кездегі қатал цензураны айналып өтудің, қандай әдіспен болса да Мұстапа Шоқайдың атын жұртқа таныстыра берудің амалы болғаны түсінікті. Дегенімен, Бейбіттің сол ойын чекист-генерал А.Г.Мустафин әкімиатқа жолдаған хатында назарға алуды өтініп: /«Советские люди не могут простить Чокаеву его службу у немецикх фашистов»/. ...относительно периоде политической деятельности М.Чокаева в Германии, безусловно прав Бейбут Койшибаев...» деген.
Ал М.Шоқай туралы дерек көздерін іздестірген тарих ғылымының кандидаты марқұм Әбжәми Байшуақов облыстық «Сыр бойы» газетінде жарияланған мақаласында /менің редакциялауыммен/: «М.Шоқайдың фашистерге қызмет еткені туралы Мәскеу архивінен дерек таба алмадым» деп жазған-ды. Кешегі МҚК тарапынан да Мұстапаның туыстарына оның фашистермен мақсаттас болғаны жөнінде нақты деректің жоқтығы туралы хабарлаған. Ал С.Шәкібаев мына хатында «...менде ол туралы көптеген деректер бар» депті. Ол қандай деректер? Оны жазбаған. Бары рас болса, неге жарыққа шығармаған? Әлде «көптеген деректері» А.Мустафиннің мақаласындағы айтылғандар ма? Ал оның мақаласы М.Шоқайға жабылған жала.
Қашанда қоғамдық ойдың алдын алып, саяси құбылыстарға үн қосып отыратын «Қазақ әдебиеті» газетінде: «1. Мұстапа фашистермен сыбайлас болды ма? Болса, ондай қадамға не үшін барды? 2. Ол Түркістан легионын құруға қатысты ма? Қатысса, алдына қандай мақсат қойды?» деген сауал жарияланды. Өте дұрыс болды. Баяғы Мемлекеттік Думаның мүшесі, Грузия-ның жиырмасыншы жылдары сыртқы істер министрі болған А.Шенгелия: «М.Шоқайдың Париждегі, Лондондағы, Женевадағы және басқа да Батыс орталықтарындағы қызметінің сан сырлы да сапалы болғаны соншалық, оны есептеп шығу мүмкін емес» деп бағалаған Мұстапа тарихта кешегі КГБ полковнигі жарыққа шығарған кітабының ғана кейіпкері болып қалмауы керек. /Оның «Үлкен Түркістанның күйреуі» деген сол кітабы 1973 жылы орыс тіліне тәржімаланып, «Жазушы» баспасынан бүкіл Одаққа 200 мың данамен тарады. Ал қазақ әдебиеті классиктерінің шығармалары, мысалы «Абай жолы» Қазақстанда екі жүз мың данамен басылып шықты ма екен?/
Кітап авторы «Қазақ әдебиеті» газеті бетінде Мұстапаны қаралап, Әнуар Әлімжановпен айтысты. /«М.Шоқай. Ол кім?»/. Екеуі де өз пікірлерінде қалды. С.Шәкібаев анау ағылшын, түрік, француз, неміс, әзірбайжан, грузин, өзбек қайраткерлері мен тарихшыларының және біздің Шоқайтанушы зиялыларымыздың айғақтарын қаперіне алмады. Он сегіз жасынан фашистер партиясының мүшесі болған қайдағы бір Райнер Ольцша деген фашистің немкетті айта салған дәйексіз сөзін құп алған.
Бұған қалай таң қалмайсыз. С.Шәкібаев фашист Р.Ольцшаға жүгінгенше, тарих тағылымдарын неғып пайымдамаған?! Большевиктерден түңіліп кеткен Мұстапаны адамзаттың қас дұшпаны фашистермен сыбайлас болды деуге қалай дәті барған?! Большевиктермен істес болмаған Мұстапа фашистермен қалай жараса қалады? Логикаға да жүгінуге болатын шығар.
Асылы кешегі заманның чекистерін антына адал болғаны үшін күстаналауға болмас. Тек таңғалуға болар. Олардың Совет Одағы быт-шыт болып, Қазақстан тәуелсіздігіне жеткеннен кейін де о дүниелік болған Мұстапаның қыр соңынан қалмағанына, Сенімдерінен айнымағанына және тірліктегі істеріне...
Не дейміз, олар да бақұл болсын.
Шет жұрттарда өмірі өксумен өткен жалғыз қазақ эмигранттың да Пейіште нұры шалқығай.
Айжарық СӘДІБЕКҰЛЫ,
мәдениет қайраткері
"Түркістан" газеті