Жұма, 27 Қыркүйек 2024
Көршінің көлеңкесі 3939 15 пікір 27 Қазан, 2022 сағат 15:12

Қытайдың сыртқы саясаты қалай өзгереді?

23 қазанда ҚКП-ның жаңа басшылық құрамын таныстырған Ши Жинпиң: «ҚКП 20 съезінің бірінші жалпы жиналысы мені партиянының төрағасы етіп қайта сайлады», деп жариялады. Бұл Қытайда Ши дәуірінің ресми басталғандығынан дерек береді.

ҚХР құрылғалы бері жұрт таныған, республиканың жалпы бағытын айқындаған Мао дәуірі, мемлекетті әлемдік қоғамдастықпен кіріктірген Дэн дәуірі болды. Дэн биліктен шегінгеннен кейінгі Жяң Зымин және Ху Жинтао басшылығы тұсындағы Қытай сол Дэн салып кеткен жолмен жүріп, оның аманатын адалап келді. Ши Жинпиңнің басшылыққа келуі, Дэннің парасаты мен табандылығының арқасында Қытайдың қуаттанып, әлемдік ойын алаңында позициясын айқындаған мезетіне тұспа-тұс келді. Осы үдерісті жіті бағамдаған Ши Жинпиң Қытайдың аяғынан тұруы (Мао дәуірін меңзейді), байып бақуаттануы (Дэн дәуірі) кезеңдерін артқа тастап, енді күшею дәуіріне аяқ басқанын мәлімдеді (ҚКП 19 съезді).

Қытайдың қайта гүлденуін ұлы мұрат еткен «Қытай арманын» көтерді. Осының барлығында оның алқынған амбициясы көрініп тұрды. Бұл өз кезегінде қытайлық ұлтшылдыққа дем берді. Сонымен, КП билігі мен ел азаматтарының бірін-бірі үрлеген «Қытай керемет», «Қытай әлемнің жетекшілігін қолына алуы керек, оған қай жағынан да қауқарлы» деген ортақ таным-пайым қалыптасты. Онан ары қарай АҚШ жетекшілігіндегі қазіргі әлемдік тәртіпті қайта қарау, оның ережелерін қайта түзу, халықаралық қатынастардың жаңа тұрпатын қалыптау, адамзаттың тағдырластығы қауымдастығын қалыптастыру бастамалары Қытай дипломатиясының жетекші идеясына айналды. Қытайдың жетістіктерін өте-мөте асыра бағалаған «Ерледің-ау, елім!» фильмі түсірілді. Дэн аманаттап кеткен «Ақырын жүріп, анық басып, әліне қарай әсер ету» дипломатиясы, төңірегіне айбат шеккен «өршелене ұмтылып, ырықтана ықпал жасау» рухындағы «Арлан дипломатиясына» ауыстырылды. Теориялық мәнінде ілікке алар ештеңесі жоқ, маңайындағы марапатшылар жазып берген «Ши Жинпиңнің дипломатиялық идеялары» өмірге келді.

Осының барлығы Қытайды әлемдік өркениетке кірігіп келе жатқан бағытынан айнытып, басқа сүрдеңге түсіріп жіберді.

Халықаралық қауымдастық күні кеше өткізілген ҚКП-ның 20 съездіндегі билік ауысымынан үміт күткен. Алайда, шығыстағы алып елді қайталай «суық соғыс» шебіне бастап бара жатқан Ши Жинпиң билікте қалып отыр. Демек, Қытайдың сыртқы саясаты әлемдік қауымдастықтан ажырай түсетін, қазіргі әлемдік тәртіп қағидаттарына мойынсынбайтын және жөнге шақырғандармен ерегеске кететін бағытынан айнымауымен қоймай, ұстанымын қатайта беретін ыңғайға кете бермек. Мұны Ши Жинпиңнің 20 съездегі баяндамасынан анық аңғаруға болады. Ши аталған баяндамада «Қытай дүниенің бейбітшілігін қорғау мен бірлікте дамуын ілгерлетудей сыртқы саясат мұратын ұлықтап, адамзаттың тағдырластығы қауымдастығын қалыптастыруға күш салады» деп көрсетеді. Демек, «адамзаттың тағдырластыға қауымдастығын құру» Қытайдың «қытайлық өзгешелікке ие ірі ел дипломатиясының» басты принципі болып қала бермек. Ал бұл, Қытайдың Ши өзі «жаңа дәуір» деп сипаттаған, ол билік құрған 10 жылдағы, яғни Ши Жинпиң дәуірі дипломатиясының әлемдік тәртіпті қайта ұсқындауға ұсынған жаңалығы саналады.

Баяндамада «Қытай әрқандай мемлекеттермен бейбіт-қатар өмір сүрудің 5 принципі негізіндегі достастық пен ынтымақтастықты дамыту бағытында табанды болып, халықаралық қатынастардың жаңа тұрпатын қалыптауға қозғау салып, бүкіл әлеммен тең, ашық, ынтымақтас қалыбындағы серіктестік қатынасын кеңейте береді» делінген. Мұнда да халықаралық қатынастардың қазіргі жүйесіне өзгеріс енгізу ұстанымы тұр. Баяндамада «Қытай тұтас жер шарын дамыту мен жер шарының қауыпсіздігін сақтаудың бірқыдыру бастамаларын көтерді, енді сол бастамаларды халықаралық қауымдастықпен бірге іске асыруға ықыластылығын білдіреді» делінеді. Мұнда «халықаралық қатынастардың негізгі нормаларын сақтау, халықаралық теңдік пен әділдікті қорғау» сынды жалпылық принциптерден тыс, халықаралық қатынастардағы «барлық билеп-төстеушілік пен зорлықшылық саясатына қарсы тұру, суық соғысқа қарсы тұру, өзге елдің ішкі істеріне араласпау, қос өлшем ұстанбау» сықылды әлемдік жүйенің қазіргі жетекшісі АҚШ-қа қаратылған жанама ескертулер мен аса амбициялы «Бір белдеу, Бір жол» стратегиясы сынды бастамалары меңзеледі. Бұлардан Ши Жинпиңнің халықаралық дипломатияға қытайлық ұстанымдарды мейлінше тықпалауға, қытай ықпалын мүмкіндігінше арттыруға ниетті екендігі бадырайып тұр.

Қытайдың халықаралық саясаттағы қатаңдатылған пайымы мен ұстанымы аталған баяндамадағы мемлекет қауіпсіздігі тақырыбының бастан-ақыр қайталануынан аңғарылады. Онда «мемлекеттің қауіпсіздікті қамтамасыз ету қуатын арттыру, мемлекеттік биліктің қауіпсіздігін, ел билеу жүйесінің қауіпсіздігін, идеологиялық қауіпсіздікті, астық және энергетикалық ресурстары қауыпсіздігі мен елдің басты өндіріс жүйесін қамдау желісі қауіпсіздігін табанды қорғау» баса дәріптеледі. Дэннің аса тапқырлығы мен көрегендігінің жемісі есебіндегі «бір ел, екі түзім (жүйе)» тәсілі Қытайдың Гонконг пен Макаоны қытайлық коммунистік жүйеге сәтті қосудың тамаша тетігі болған еді. Ши Жинпиң ҚКП 19 съездінен кейін Дэнннің осы аманатына қиянат жасап, («Гонконг ерекше әкімшілік аумағында социалистік түзім мен саясат жүргізілмейді, бұрынғы капиталистік түзімі және тұрмыс салты 50 жыл өзгеріссіз сақталады», «ҚХР Гонконг ерекше әкімшілік аумағының негізгі заңы» бірінші бап, бесінші тармағы), «Гонконгті гонконгтықтар билеу принципін» жойып, Гонконгті отаншылдар билейтін», шынтуайтында, компартия билейтін тәртіп енгізді.  Осы реткі баяндамада Ши Жинпиң мұны Гонконгтің «бейберекетсіздіктен көркеюге бет алғандығының» белгісі деп сипаттаумен бірге, осы режимді Макаоға да бекем ұстану керектігін шегелей дәріптейді.

Байден үкіметінің Қытай-АҚШ қатынасындағы Тайуан мәселесін көзір ретінде пайдаланып отырғаны бар. Ресейдің Украинаға шабуылы Тайуан мәселесін онан бетер ушықтыра түскен-ді. Ши билігі бұл мәселеде өліспей-беріспейтінін білдіріп отыр. Баяндамада Ши төраға «Біз мейлінше адал ниетпен, бар қайратымызды жұмсап, мемлекетті бірлікке келтірудің келешегі үшін жұмыс жасаймыз. Бірақ, құрал қолданудан бас тартуға уәде бермейміз, барлық қажетті шараларды қабылдау құқымызды өзімізде қалдырамыз» деп кесете мәлімдейді. Ол «отанның бірлікке келуі мен ұлттың қайта дәуірлеуінің тарихи тегершігінің жылжып кеткенін, отанның тұтастай бірлікке жетуінің сөзсіз іске асатындығын және оны іске асыра алатындықтарын» екіленбей мәлімдейді. Ши Жинпиң көтеріп келе жатқан «қытай арманының» ең тағдырлы тұсы да осы саналады. Ол Шидің осы мұратты, яғни Тайуанды Қытай құшағына оралтуды өзінің билігі тұсында іске асырудай жеке амбициясына келіп өбіседі. Шидің конституцияны өзгерте отырып, билікте жалғасты қалуындағы сырының бір қыртысы осыған саяды.

Қорыта келгенде, Ши Жинпиңнің келесі билігі мерзіміндегі бағдарламалық құжаты 20 съездің баяндамасынан Қытайдың сыртқы саясатының қолданыстағы әлемдік жосынды өзгертуге ұмтылумен қатар, өз ұстанымын қатайта түсері анық байқалады. Ірге көрші, ресми аталымда ұзақ мерзімдік стратегиялық ынтымақтас серіктес ретіңдегі Қытайдың сыртқы саясатындағы осындай өзгерістер мен үдерістер әрқашан да біздің жіті назарымызда болғаны ләзім.

Мұқаметхан Қонарбай

Abai.kz

15 пікір