Дүйсенбі, 7 Қазан 2024
Құйылсын көшің 2942 3 пікір 29 Қараша, 2022 сағат 13:53

Ұлттық бірегейлену - заман талабы

Ұлт бірегейленбей мемлекет нығаймайды. Бұл аксиома. Сондықтан да Қазақстан тәуелсіздік алған алғашқы жылы Президент Нұрсұлтан Назарбаев әлемдегі этникалық қазақтарды тарихи Отаны – Қазақстанға оралуға үндеу жариялаған болатын. Өйткені ол кезде бүкіл ұлт болып ұйысып, егемендігін алған Қазақстан Республикасын дамыту және нығайту – ең басты міндет еді. Қазір де бұл міндеттің өзектілігі артпаса кеміген жоқ. Мұны қазіргі таңдағы халықаралық геосаяси жағдайдың өзі көрсетіп отыр.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары әлемге тарыдай шашырап кеткен этникалық қазақтар мен Қазақстан арасында байланыс орнату үшін құрылған алғашқы мекеме - Дүниежүзі Қазақтарының қауымдастығы болды. Биыл Дүниежүзі Қазақтарының қауымдастығының құрылғанына 30 жыл толып отыр.  Осы отыз жыл ішінде Қауымдастық әлемнің әр еліндегі этникалық қазақтардың Отанға оралуына, шетелдердегі қазақ мәдениетінің отандық мәдениетке қосылуына, ұлттың біртұтастануына орасан зор еңбек сіңірді. Сондықтан осы арада Дүниежүзі Қазақтарының қауымдастығының 30 жылдық мерей тойы құтты болсын деп айтқымыз келеді.

Қазақ халқы тарихта ұланбайтақ кеңістікте кең көсіліп, тарқақ орналасып өмір сүргенімен өздерінің ұлттық санасын берік қалыптастырған ел болатын. Тек таяу және қазіргі заманда ғана империялардың отарлығы мен озбырлығының салдарынан халқымыздың біраза бөлігі төңіректегі мемлекеттер құрамында қалды және алыс шетелдерге босып кетті. Алайда қазақ халқы қайта біртұтас ел болу үшін күресіп келді. Өйткені халқымыздың тарихи санасында біртұтастану, мәнгілік ел болу ұғымы ежелден бар дүние болатын.

Тарихқа көз жіберіп қарасақ, халқымыздың этногенезінің бір қайнары болған ғұндарда Мәңгілік ұғымы қалыптасқан екен.  Ғұндардың ең жоғарғы ел билеушісі Тәңірқұт – Шан юй (Chan yu) деп аталады. «Тәңірқұт – Шан юй» атауының мағынасы – ел билеуші Көк Аспан сияқты құдіретті әрі мәңгілік, сондай-ақ ол елге құт-береке әкелуші дегенді білдіреді. Сондықтан ғұндар өздерінің елбасын «Тәңір тағайындаған ғұндардың Тәңірқұты», «Аспан мен жерден туған, күн мен ай таққа отырғызған ұлы ғұн Тәңірқұты» - деп түсінген.

Ал, ғұндар құрамынан бөлініп шығып, б.з.д. ІІ ғасырдың 60 жылдары Іле-Жетісу өңірінде құрылған Үйсін мемлекетінде (У суньго – Wu sun guo) де, мәңгілік ел болу санасы сақталған. Қытай деректерінде Үйсін мемлекеті патшасының  лауазымы «Күн ми» (kun mi) деп аталғаны айтылады. «Күн ми» – «Күн би» деген атаулардың қытайшаға транскрипциялануы.  Бұл үйсіндер өздерінің ең жоғарғы билеушісін Күн сияқты мәңгілік, құдіретті болсын деген тілектен туған титулдық атау.

Тәңірлік дүниетаным ертедегі қытайларда да басым болған. Олар елбасы – патша болатын адамдар Тәңірдің (tian) әмірімен жаратылып дүниеге келеді деп санаған. Олардағы «Тian chao» – «Тәңір патшалығы» және «Тian zi» – «Тәңірдің – Көктің ұлы» деген  ұғым ХХ ғасырдың басына дейін сақталып келген. Тарихтағы Қытай императорлары өздерін «tian xia zhi zhu – аспан астының қожайынымын» деп санаған және аспан астын билеп-төстеуді армандаған. Қазір де олардың бұл арманы жаңаша сипат алып отыр.

Адамзат санасы ұрпақтан-ұрпаққа сабақтасып отырады. Ерте замандағы ғұндардың, үйсіндердің ой-санасы мен дүниетанымы ортағасырдағы түркілерге жалғасты. Түркі қағандары мәңгілік ел құру үшін аянбай тер де төкті, қан да төкті. Білге қаған жаздырған Күлтегін ескерткішінде:

«Түркі халқы үшін,

Түн ұйықтамадым,

Күндіз отырмадым.

Інім Күлтегінмен бірге,

Екі шадпен бірге,

Өліп-тіріліп жерді ұлғайттым» - деген сөздер, соның дәлелі.  Мәңгілік ел болу үшін кедей халықты бай қылу, аз халық көп қылу қажет екенін ортағасырлық қағандар өте жақсы түсінген және сол үшін күрескен екен. Аталмыш Құлпытаста ойып жазылған:

«Сөйтіп, Тәңірім жарылқап,

Құтым бар үшін,

Нәсібім бар үшін,

Өлімші халықты тірілттім.

Жалаңаш халықты тонды,

Кедей халықты бай қылдым.

Аз халықты көп қылдым» деген сөздерден, олардың мақсатты түрде күрес жүргізгенін аңғарамыз. Сондай-ақ бұл өсиеттен біз «Кедей халықты бай қылғанда, аз халық көп қылғанда» ғана іргелі ел болатын заңдылықты түсінеміз. Ендеше, халықтың әл-ауқатын артыру мен демографиясын өсіру – еліміздің кезектегі ең маңдай алды маңызды міндет болуға тиіс деп санаймыз.

Бұл арада Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың 2014 жылы қаңтарда «Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Мәңгілік ел – бізді біріктіруші күш, ешқандай таусылмас қуат көзі. Ол «Қазақстан – 2050» стратегиясының ғана емес, ХХІ ғасырдағы Қазақстан мемлекетінің мызғымас идеялық тұғыры!» - деп атап көрсеткен.  Сондай-ақ ол «Мәңгілік ел – ата-бабаларымыздың сан мың жылдан бергі асыл арманы. Біз үшін болашағымызға бағдар ететін, ұлтты ұйыстырып, ұлы мақсаттарға жетелейтін идея бар. Ол – Мәңгілік ел идеясы. Мәңгілік ел – жалпы қазақстандық ортақ шаңырағымыздың ұлттық идеясы» - деп анықтай түскен болатын. Бұл дұрыс тұжырым. Мұндай идеяны ауызда айтып қана қоймай, іс жзіндік практикада тиянақтандыру өте маңызды.

Қазіргі таңда қазақ халқының қоғамдық орны мен жауапкершілігі айрықша. Ол мемлекет құрушы ұлт ретінде қоғамының дамуы мен мемлекеттің нығаюында шешуші рөл атқарады. Анығырақ айтқанда, Қазақстан Республикасының дамуы – қазақ халқына тікелей байланысты. Сондықтан қазақ ұлты елдегі басқа этникалық топтарды өзінің төңірегіне топтастыру, біртұтастандыру миссиясын да атқаруға тиісті. Алайда ол үшін қазақтар алдымен ұлттық біртұтастануды жүзеге асырып, демографиялық жақтан да мәдениет жақтан да абсолютті мығым орынға көтерілуі қажет. Бұл үшін де ата-бабаларымыз айтқандай, «кедей халықты бай қылу, аз халықты көп қылуы» керек. Баю мен көбею диалектикалық қатынас, жай сөзбен айтқанда, байысаң көбейесің, көбейсең байыисың, өркендейсің.

Ұлттық демографияны көбейтудің бір жолы – шетелдерде өмір сүріп жатқан этникалық қазақтарды тарихи Отаны – Қазақстанға оралту. Солай боғанда ғана тәуелсіз Қазақстан қоғамын тұрақты түрде дамытуға, іргесін бекемдей түсуге болады.

Қазақстанда ұлттың бірегейленуі мен мәдени әлеуетті көтерілмейінше, республикадағы басқа этностарды біртұтастандыру деген бос сөз болып қала береді. Өйткені елдің негізгі ұлты демографиялық жақтан да, мәдени - рухани жақтан да абъсалюты басымдылыққа ие болмайынша, өзге этникалық топтарды баурап кете алмайды.

Қазақстанда дүниежүзіндегі этникалық қазақтардың отанға оралуына біршама дұрыс саясат және заң-ережелер жасалған. Соның арқасында тәуелсіздіктен бері елге оралған қандастардың жалпы саны бір миллионнан асты. Олар республиканың демографиясының өсуіне, әлеуметтік-экономикасының дамуына, рухани мәдениетінің ілгерлеуіне зор үлес қосып келеді. Ең маңыздысы - елімізде қандастардың келуімен ұлттық тұтастану – бірегейлену үдерісі өрістеді.

Елімізде қалыптасқан диаспора саясатын мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қолдап, жаңа сипатта дамытатынын өзінің алғашқы Қазақстан халқына Жолдауында айтты. Ол: «Шетелдегі қандастарымызды елге қайтару ісі ешқашан назардан тыс қалған емес, қалмайды да. Дүниежүзіндегі қандастарымыздың басын туған жерде біріктіру – біздің қасиетті парызымыз» деп атап көрсетті. Міне, осы негізде шетелдердегі этникалық қазақтардың Отанға оралту үдерісі, ұлттық бірегейлену процессі ендігі жерде жоғары деңгейде, жаңа сапада жүзеге асады деп сенеміз. Өйткені бұл республиканың түбірлі мүддесіне тығыз байланысты, мемлекеттің өсуі мен өшуіне саятын түбірлі мәселе. Әсіресе қазіргі таңдағы халықаралық геосаяси жағдай, елімізде ұлттық бірегейленуді талап етіп отыр.

Әлемдегі этникалық қазақтар тек өз Отаныңда оралғада ғана өзінің ұлттық болмысын сақтай алады, шектеусіз ұрпақ өсіреді, еркін тіршілік жасайды. Ең маңыздысы – өз елі үшін еңбек ету бақытына кенеледі. Сонымен қатар, шетелдердегі қандастардың Отанға оралуы – елімізге құйылып жатқан баға жетпес ресрус - құт-береке. Олар Қазақстанның әлеуметтік экономикасын дамытуға, қауіпсіздігін нығайтуға өлшеусіз үлес қосып келеді және үлес қоса беретіні айдан анық.

Қазіргі таңда шетелдегі этникалық қазақтар әлемнің қырықтан астам елінде өмір сүріп жатыр. Оның ішінде Қытай, Моңғол, Ресей және Өзбекстан сияқты үш төрт елде ғана қазақтар біршама шоғырлы қоныстанған, қалған мемлекеттерде тұратын қазақ диаспорасының саны аз әрі шашыраңқы орналасқан. Қайсы елде тұрса да, қазір шетелдегі этникалық қазақтар тәбиғыи және жасанда түрдегі ассимиляцияға ұшырауда. Әсіресе Қытайдағы қазақтардың жағдайы өте мүшкіл. Әрине, Қазақстан Қытайдың ішкі саясатына ықпал жасай алмас. Дегенмен Қазақстан өзінің көші-қон заңдарын және диаспора саясатын жетілдіру арқлы арғы беттегі ағайындардың елге көптеп көшіп келуіне қолайлы жағдай жасауына әбден болады. Заман да осыны талап етіп отырғанын түсінуіміз керек.

Шетелдегі этникалық қазақтардың елге оралуына Дүниежүзі Қазақтарының қауымдастығы өте маңызды қызмет атқарып келген еді, әлі де атқара береді деп сенеміз. Сондықтан Жаңа Қазақстан дәуірінде Дүниежүзі Қазақтарының қауымдастығының қызыметін жандандыру өте маңызды деп санаймыз және қызыметіне толағай табыстар тілейміз.

Нәбижан Мұқаметханұлы,

тарих ғылымдарының докторы,
әл-Фараби ат. ҚазҰУ-дың профессоры

*Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының құрылғанына 30 жыл толуына орай «Ұлттық бірегейлік - тәуелсіздіктің кепілі» атты республикалық ғылыми-практикалық дөңгелек үстелде жасаған баяндамасы. 

Abai.kz

3 пікір