Абылайдың Ер Жәнібекке берген ақ туы қайда?
Батырдың батырлығын әйгілейтін белгінің бірі оның қан майданға шығып жекпе-жекте жеңіс алуы болса, тарихта сондай баһадүрлерге халқы немесе ханы ту ұстатып, қол бастатып отырған. Сол ту арқылы қосынның айбарын асырып, елім деген сарбаздар батырдың соңынан еретін болған. Туды ұстату халық алдында ел мен жердің тағдырын сол батырға сеніп тапсыру деген сөз.
Ер Жәнібек Бердәулетұлының (1714-1792) жорық туы сөз болғанда ауыз әдебиеті үлгілері мен жазба деректердің бәрі оның Абылай ұсынған ақ ту екенін тілге тиек етеді.
Ыбырай Ботайұлынан жазып алынған «Ер Жәнібек» дастанында да Жәнібек батырдың үлкен шайқаста атына оқ тиген Абылайды құтқарғаны, ханның оған алғыс айтып сый көрсеткені:
Бар қауым Жәнібекке алғыс айтты,
Жеңіспен кейінгі елге қайта қайтты.
Ту алып, сарбаз ұстап, таңба алсын деп,
Абылай дабыралы жарлық айтты, – деп берілген. (Ботайұлы Ы., Ер Жәнібек дастаны // Жұлдыз, № 5,6,1995).
Сондай дастандардың тағы біреуінде:
... Солай деп хан Абылай құрметтепті,
Ақ ту әкеп батырға тарту етті.
Дулыға сауыт-сайман құралдардан,
Батырға сауғамыз деп сыйлық етті,– деген жолдар кезігеді.
(«Қаба ауданының қисса-дастандары» ҚХР, ШҰАР 1992ж).
Өр Алтай ел үмітін ақтаған ел,
Тарихтан ар-намысын сатпаған ел.
Елі мен жерін жаудан қорғау үшін,
Ақ туын Жәнібектің сақтаған ел. (Шомба молда) – деген секілді Ер Жәнібекті ұлықтаған жыр жолдары да Ақыт Үлімжіұлы бастаған ақындардың өлең-жырларында жиі ұшырайды.
Осылайша, Жәнібек батыр өз дәуіріндегі ақын-жыршылардың шығармашылығының алтын өзегіне айналғаны сияқты ел қормалы Абылайдың оған ұсынған ақ туы да ақиқат пен аңыз арасында бізге жетті.
Ер Жәнібек жайында Қытайда шыққан Шәміс Құмарұлының «Ер Жәнібек» романы, Монғолияда жарық көрген Сұлтан Тәукейдің «Ақыр Жәнібек» романы бастаған көптеген әдеби шығармалар, тарихи деректер мен әр түрлі жазбалар Ер Жәнібек бейнесін жасауда Абылай тұлғасын қатар алып отырған. Әрі барлығында Абылайдың Жәнібекке ту сыйлағаны кеңінен суреттеледі.
Ер Жәнібек көтерген ақ ту әңгіме болғанда қытайда өткен көрнекті жазушы-тарихшы Асқар Татанайұлы «Тарихи дерек, келелі кеңес» кітабында (Шынжаң халық баспасы 1987 жыл, 6 бет) батыр жайындағы деректерді егжей-тегжейлі баяндай келіп, былай деген еді: «... Қалың қолдың алдында Абылай үш құлаш қара тамақ найзаға сапталған, ені төс жара, қызыл сары жібек шашақты қытай ақ торғынынан жасалған үлкен туды ұсынады.
Ақ боз атқа мініп, сауытының сыртынан ақ жымылып тұрған Жәнібек туды қолына алады...
Қазақ халқы батырды айырықша қастерлеп, «Ақыр Жәнібек» деп атасқан, бұдан былай мұндай жүректі, аруақты адам болмайды деп санасқан. Сондықтан, халық Жәнібек батырдың туын беріге дейін сақтап, жаугершілікте көтеріп шығып отырған. Шымырырақ торғыннан жасалған бұл ту қазақ батырларының ең соңғы туы еді».
Жәнекеңнің өсиеті бойынша қару-жарағы ұлдарына үлестірілгенде, шаңырақ иесі болған үлкен ұлы Ноғайға Абылай хан ұсынған жорық туы мен ер-тұрманы және Жәнібек өлтірген маңжыланның құлағы тиген.
Ту туралы аңыз жай әңгіме түрінде қалмастан ол қазақ тарихындағы қанды оқиғалар мен өтпелі кезеңдердің куәсі болғаны айтылады.
Жәнібектің ақ туы ел ерлігінің сөнбеген қозындай жүректерге от беріп, халықты қиын күндерден құтқаратын рухани тірекке айналып отырған. Тудың әр кезеңде көтерілуінің өзі елеулі оқиға ретінде ел есінде қалған. Ақын Байбосынұлы Шынжаңдағы «Мұра» журналында келтірген деректерінде ту туралы әңгімесін былай жалғайды:
«Жәнекең қайтыс болғаннан кейін де туы бірқанша рет көтерілген.
Бірінші рет, 1867 жылы Жәнтекей ішінде Базарқұл Көбеш батыр бас болып, ту шығару салтын өткізіп, Жәнібектің туын көтеріп шығып, Алтай бетін аттанысқа келтіріп «Қызылаяқ қырғынына» қарсы жорық жасаған. Екінші рет, «Қызылаяқтар» бір жыл мерзіммен бас-аяғын қымтап, қару-жарағын сомдап алған соң, 1868 жылы қайта жанданып тап бергенде, Жәнібектің немересі – Нәкі батыр ақ туды көтеріп, сегіз жүз жасақ топтап жорыққа аттанады да, Қызылаяқтарды қынадай қырады.
Үшінші рет, 1940 жылдың ақпан айында Көктоғай, Шіңгіл елінің Шың Сысайға қарсы жорығында, Есімхан, Ырысхан, Ноғайбай, Ақтеке, Шіңгілбай, Арғынбек, Сүлеймен бастаған қалың сарбаздар Жәнекеңнің қара шаңырағына мұралық еткен өбересі Зарықханға арнаулы келеді. «Жәнібек батырдың аруағына сиынып, ақ туын алдымызға ұстап жаумен шайқас жасасақ деген ойымыз бар. Мақұл көрсең батыр бабамыздың ақ туын өзің көтеріп, көтерілісшілердің алдында жүр!» – деп тілек қояды. Елім деп атқа мінген азаматтардың ерлік рухына тебіренген жиырмадан енді ғана асқан Зарықхан батыр:
– Ақылдарыңыздан айналайын, ағалар! Бабамның туын көтеріп, көтеріліс алдында жүруге ант етемін. Енді аянатын жерім жоқ, көк бөрілі көкжал бабам, аруағың бізді қолдасын! – деп сандықтағы туды далаға алып шығады да, қара көкке қарғып мініп, қауымды бастап «Жәнібек! Жәнібек!» деген асқақ ұранмен ауыл алдындағы төбеге шауып шығады. Төбе басында баталасу салты орындалғаннан кейін, сардарлар бастаған сарбаздар шеп құрып, жорық тартады.
Сол реткі Жәнібек туының көтерілуі Алтай бетінде күшті аңыс қозғайды. Тебіреніп жан-жақтан қосынға қосылғандар көбейе түседі. Сонымен көтерілісшілер шебі қауырт молаяды да, Шың Шысайдың қарулы қосынымен болған текетірес қанды шайқасқа ұласады. Бұл қозғалыс Шың Шысайдың зәресін алып, құтын қашырады.
Төртінші рет, 1943 жылы қазанда Көктоғайдың Ертіс бойындағы Сарбастоғаны деген жерде көтерілген. Бұл кездегі көтерілісшілер қолының бастығы Оспан Сіләмұлы еді. Алтайдың гоминдаңға қарсы көтерілген осы үшінші реткі жорығына Шіңгілден Жәнібек туын көтерген, Жәнібек шаңырағының мұрагері Зарықхан отыз-қанша адаммен келіп қосылады. Қарақастың имамы Садуақас Дадайұлы Жәнібекке арнап хатым түсіреді. Шақабай ішіндегі Қосеке табынан Бектұрұлы Сүлеймен Жәнекеңе арналған Көкқасқаға бата береді. Ол: «Жәнекеңнің аруағына арналған Қамбар тұқымының қаны қасамымыздың белгісі болсын, құйрығы мен жалы қанатымыз бен қалқанымыз болсын, әмин!» деп бата жасап, бауыздауына бармақтарын батырып: «Мақсатымыз – Алтай бетін гоминдаң зорекерлерінен тазартып, халықты еркіндікке шығару!» – деп ант ішіседі де көтерілісті тағы бір белеске көтереді.
Сонымен Шың Шысай мен гоминдаңның зұлымдығына қарсы төрт жарым жыл қан кешіп соғыс жүргізген күрес жеңіске жетіп, Жәнекең туы сақталған Шіңгіл жері тұңғыш рет Шынжаң бойынша бірінші болып, 1944 жылы мамырдың басында гоминдаң билеушілерінен азат болады».
Бұл туралы тарих ғалымы, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология, институтының профессоры, т.ғ.д. Ахмет Тоқтабай былай дейді:
«1940 жылы Алтайда көтеріліс басталғанда ту Зарлыхан деген кісінің қолында екен. Бұл туралы А.Мин, Р.Петров тарихи-документальды «Қара Ертіс» романында әдемі баяндаған. Тек Жәнібекті Шақшақұлы деп қате жіберген. (А.Мин, Р.Петров Под знамя Джаныбека // Черный Иртыш. А., 1991. 104-105 беттер) Жәнібектің туын көтерілістің басында Есімхан мерген, кейіннен Оспан батыр ұстаған. Ол туралы тарихи өлең-жырларда:
«Қорлатпан!» – деп, ата-баба мазарын,
«Тоқтатпан!» – деп, қазағымның базарын,
Қолыңа алып Жәнібектің ақ туын,
Соңыңа ерттің Түркістанның қазағын.
1940 жылы Шығыс Түркістанның ұлт-азаттық соғысы басталды.
Қытай жансыздары 1949 жылдан бастап Жәнібектің туының соңына түседі. «Жәнібектің туы желбіресе-ақ болды, қазақтар қайта көтеріліп кетеді» – деп қарайды. Бұдан кейінгі тудың тағдыры белгісіз. Жалпы қазақ батырларының туларының ішінде Жәнібектің ақ туындай қазақ халқының 200 жылдан артық ұлт-азаттық соғысында, ондаған рет көтеріліп, рухымен жебеген туды, байрақты табу қиын (Тоқтабаев А. Образ воина-всадника в средневековых петроглифах Казахстана //Исторические чтения. М.П. Грязнова. Омск. 1987. с. 178-181; Тоқтабаев А. Жайнаған туың жығалмай // Ана тілі 1992. №11.)».
Тудың аңызының енді бір ерекшелігі ол әпсанаға айналып, халық киелі зат ретінде таныған қасиетімен ерекшеленуінде.
(2006 жылы 9 маусымда Алматыда өткен «Еліне ұран болған Ер Жәнібек» атты халықаралық конференция)
А.Тоқтабай «Бейсетов Құрманғалидың Жәнібек туралы жазбаларынан» деген дерегінде былай дейді:
«Жәнібектің ақ туы халық арасында ерекше қасиетті саналған, айрықша құрметтелген. Ту бейбіт уақытта арнайы сандыққа салынып, төрде тұрған. Сандықтың алдында ешкім отырмаған, ту тұрған үйдің маңайында айқай-шу болмаған, көш кезінде ту тұрған сандық жалғыз өзі түйеге жеке артылған. Соғыс боларда ту дүрілдейді екен деп айтады. Ұрыс алдында «туды қандау» – деген әскери салт болған, туға арнап ақбоз, ақсарбас шалып жауынгерлер бармақтарын қанға батырған, ал, бас сардар туға қан жаққан» («Ер Жәнібек» 1 том, Алматы, 2008).
Бұл дерекдерді одан ары нақтылай түскен А.Байбосынұлы ту төңірегіндегі деректерді толықтыра келіп, мынаны айтады:
«...Байбота жетелей барған қаракөк бестіні ту артуға істетіңдер деп шаңырақтың қара белдеуіне байлайды. Байбота ұл балаға зарлы еді.
Сондықтан бәйбішесі екеуі ту салған сандыққа ақтықты жауып, туды қолдарына алып, беттерін сүртіп, шетінен сүйіп тәуап қылады. Сәтіке естелік үшін сақтауға Байботаға тудың орауыш қабы мен Жәнібектің кездігін береді. Сонымен Байботаның тілеуі қабыл болып ұлды болады. Атын «Ботай» қояды... Марқұм Нығмет Мыңжан 1984 жылы үйімде қонақ болып отырып, сөз кезегінде:
– 1950 жылы Әнуар Жакулин бастаған өлкелік үгіттеу, хал сұрау үйірмесі Баркөлге бара жатқан жолымызда, Мориға тоқтап, Жәнібек батырдың туын көрсек деген оймен Жәнібектің қара шаңырағына барған едік. Қайдан естігені белгісіз, біз әлгі үйде отырғанда бір қауым аттылар дауысын қатты-қатты шығарып: «Мыналарың Жәнібектің туын шығарып, жорық жасамақ па екен?!» – деп сес көрсетті. Нысабын байқаған Әнуар Жакулин: «Мына елің бізді жақтырмайтын секілді, наразылығын қозғап қоймалық», – деп ескерткен соң тұрақ жайымызға қайттық, – деп бір әңгіме айтып еді.
Ер Жәнібектің ақ туын екі ғасыр сақтаған, Жәнібек батыр өлтірген айдаһардың төбе сүйегін сақтаған Жәнібектің үлкен ұлы Ноғайдың қара шаңырағы қазір Алтай аймағының Шіңгіл ауданында отыр. Өкінерлігі ақ туды 1958-жылы Алтай аймағының уәлиі Бәделхан өзі барып, «арнаулы сақталады» деп алып кеткен екен. Сол беті із-түзсіз жоғалған. Ұзақ жыл сол ақ ту салынған сандық Шіңгілде Ноғай ұрпағы яғни Жәнібектің 8-ұрпағы Мырзахметтің үйінде дәл қазір сақтаулы тұр». («Мұра» журналы ШҰАР, 2003ж, №1-2-3 сандары).
Тудың соңғы тағдыры туралы аталған деректерді онан ары растаған жазушы, қытай мемлекеттік сыйлығының иегері Шәміс Құмарұлы «Әдебиет және шындық» (1999 жыл, Күйтұн, Іле халық баспасы, 192 бет) атты еңбегінде Жәнібектің туы салынған қара сандықты суретке алғанын айта келіп: «Мырзахмет ағайдан батырдың туының жайында сұрадым. Ол кісінің айтуынша осы қара сандыққа салынып, ұзақ жылдар бойы сақталып келген Ер Жәнібекке Абылай хан өз қолымен ұсынған ақ туы 1958 жылға дейін Ер Жәнібектің үлкен баласы Ноғайдың ұрпағы, осы Мырзахмет деген адамның үйінде сақталған. Туды 1958 жылы Алтай уәли мекемесінің орынбасар уәлиі Бәделхан, сақшы бастығы Тескенбай екеуі музейге сақтаймыз деп әкеткен екен», – дейді.
Тудың қазақ даласынан қазіргі қытай аумағына барғаны туралы сөз болғанда тағы бір жаңсақ ұғымның бетін аша кеткеніміз артық болмас. Атап айтқанда Жәнібектің шығысқа беталуына көлеңкелі көзбен қарайтын ағайындар да аз емес. Бұл жайында тағыда ғалым А.Тоқтабайға сөз берейік:
«Шын мәнінде бұл ешқандай мазмұнсыз көш емес. 1750 жылдардан бастап соғыс инциативасы, қазақтардың қолына көшкен еді. Абылай бастаған қазақ әскері шығыстың әрбір шаршы метрін азат етуге кірісіп 15 жылдың төңірегінде, Шәуешектен бірақ шығады. Абылай ханның шығыстағы жерлерді мейлінше мол иемденіп қалу мақсатымен Қожаберген жырауға, Жәнібек, Қотырақ батырларға тапсырма беріп мақсатты түрде жүргізілген көш еді. Демек, Қытайдың Жоңғарияны талқандауына дейін, 8 жыл бұрын Абылай қолы қазақтың қазіргі шекарасын азат еткен.
1758 жылы Цинь империясы жоңғарлардың тас талқанын шығарды. Ал Абылай бастаған қазақ әскерлері бұл оқиғаға дейін-ақ Шәуешек қаласын алғаны, онда Жәнібектің қаланың қақпасын ашып ерлік көрсетуі 1750 жылдардың ортасында болғанға ұқсайды. Себебі 1758 жылы қытайлар 1 млн жоңғарды қырып, тарих сахнасынан мүлдем жоғалтты». («Ер Жәнібек» 1 том, Алматы, 2008. 34-35 беттер).
(ШҚО Қалбатаудағы Ер Жәнібек ескерткішінің ашылу сәті)
Көрсетілген дерек көздері бойынша Абылайханның Жәнібекке ту ұсынуы 1730-1740 жылдардың аралығы болса керек. Демек, Абылай қосынындағы айбатты батыр Жәнібектің жоңғарларға қарсы соғыстың бәрінде сол ақ туды көтеріп, жеңісті шерулер жасағаны мәлім. Нақтылай айтқанда Сыр бойынан қазіргі Оңтүстік және Орталық Қазақстан өңіріне, одан Шығысқа беталған елдің көші ақ байрақты жалау еткен Ер Жәнібектің соңынан еріп жоңғарларға сан мәрте соққы берген. Батыр өзі жердің шетінде, жаудың өтінде Шығыс Қазақстанның Жарма ауданында көз жұмған. Қазірде сүйегі Жарма ауданының Ортабұлақ ауылындағы «Әулиебұлақ» деген жерде жатыр.
1958 жылдан кейін қытай қоғамында әр түрлі саяси күрестер жүріліп, ол «Мәдениет төңкерісі» аталатын зобалаңға жалғасты. Байтал түгіл бас қайғы дегендей «көнелерді жою» дейтін көзсіз әрекеттер талай асылдарды өртеп, алтындарды отқа салды. Бүгіндері ШҰАР-дың Алтай аймағының Шіңгіл ауданында отырған батырдың қара шаңырағы – Мырзахымет отбасы және оның балалары батыр бабаларының туын әлі күнге жоқтай алмаған. Ал толық емес деректер бойынша ту 1969-1970 жылдарға дейін Алтай аймақтық қоғам қауіпсіздігі мекемесінде сақталған. Кейіннен Алтай аймақтық мемлекет қауіпсіздігі басқармасына өткізіп беріпті деген аңыс бар.
(ҚХР ШҰАР Шіңгілдегі Ер Жәнібектің қара шаңырағында. 2010 жыл).
2010 жылы Тұрсынбек Кәкішұлы, Мақсұт Темірбаев, Темірхан Үндемесов және мен (Жәди Шәкенұлы) – төрт адам қытайда болған сапарымызда Өр Алтайдың Шіңгіліндегі Ер Жәнібектің қара шаңырағына арнайы барып құран оқып, ту салынған сандықты суретке түсірдік.
(Батырдың туы салынған сандық).
Сөйтіп, ғасырлардан аман өтіп келе жатқан Абылайдың ақырғы ақ туы Қытай қоғамында жүрілген керанау қозғалыстардың құрбаны болып, із-тозсыз жоғалды. Бір өкініштісі – батырдың тіке ұрпақтарының айтуына қарағанда ту жоғалғаннан қазірге дейін бірде-бір адам оған сұрау салып, іздестірмепті.
Міне, бұл ЕрЖәнібектің ақ туының ақиқаты!
(Ер Жәнібектің туын ораған орауыш. Жұрт қиқымдап табарк алып, қалған қиқымына үкі қадалған).
Ал, Абылайдың шұбарайғыр Қожаберген Жәнібекұлына сыйлаған ендігі бір туы қазірде батырдың ұрпақтарының қолында – Моңғолияның Баян-Өлгей аймағы Бұыты сұмынында сақтаулы.
Ұрпақтарға отаншылдық идеясын сіңіру, оларды бабалардың ерлік рухына баулу бүгінгі күннің парызы болып отырғанда Жәнібек, Қожабергендер ұстап, кейінгі ұрпаққа аманаттаған Абылайдың ақ туын елге оралтып, мұражай төрінен орын берсек екі дүниеде де жүзіміз жарық болар еді.
Ескерту! Суреттер автордың жеке мұрағатынан алынған!
Жәди Шәкенұлы,
Жазушы-тарихшы. Қазақстан жазушылар одағының, Еуразия жазушылар одағының мүшесі
Abai.kz