Сенбі, 23 Қараша 2024
Өз сөзім... 3083 9 пікір 10 Қаңтар, 2023 сағат 14:25

Желтоқсан, қаңтар менен сол бір екі ай...

Ұлы Абайдың «Қараша, желтоқсан мен сол бір екі ай...» деген өлеңін еске түсіретін тақырыппен «Желтоқсан қозғалысы» (1986) мен «Қаңтар оқиғасына» (2022) саяси тұрғыдан баға беру үшін ой -тұжырым жасауға талпыныс жасап отырмыз. Ой-пікір білдірушілерге ризалығымды алдын-ала білдіремін. 

Желтоқсан қозғалысы мен қаңтар оқиғасы қазақ елі ғана емес, таяу-көрші, тіпті алыстағы елдер үшін де әр түрлі ой-пікір мен тұжырым тудырғаны анық. Көпшілік бұл «қанды қозғалыстың» бүгінгі көріністері мен кейбір жекелеген оқиғаларына көңіл аударып, оның басты мақсаты мен саяси сипатын назардан тыс қалдырады. Ұлт ұстазы А. Байтұрсынов кезінде: «Ел бүгіншіл, менікі ертең үшін» дегендей, қазіргі қоғамдағы саяси маңызды оқиғаларды елдің ертеңі үшін қандай маңызы бар десек, бүгінгі болған желтоқсан мен қаңтар қозғалысының қазақ елінің ертеңі мен болашағы, яғни ел тәуелсіздігі мен еркіндігі контексінде қарастырған дұрыс. Ал бұл оқиғалардың әлеуметтік-саяси  себептері мен сипаттамасы туралы қалам тартушылардың әлі де бір тоқтам мен тұжырымдарға келе қоймағандығын айту қажет. Әркім өзінше оқиғалардың  жекелеген көріністері мен барысына көбірек мән береді де, олардың басты тарихи әлеуметтік және саяси себептеріне тереңінен көз жүгірте бермейді. Мысалы, көпшілік желтоқсан оқиғасының себебін  Қазақстанның мемлекет басшысы басқа ұлттан болғандығы немесе сол кездегі мемлекет және  партия қызметкерлерінің өзара бақталастығы және оған жастардың тартылуы деп те қарайды. Бұл оқиғаны осындай әлеуметтік-саяси аясы тар дәрежедегі себеп-салдар арқылы қарастыру оқиғаға обьективтік саяси баға берудің орнына бітпес пікір-таластарға әкеліп, осы уақытқа дейін қозғалыстың нақты себептері мен саяси сипаты ашылмай, көлеңкеде қалып келеді.

Желтоқсан  мен қаңтар оқиғасындағы басты ұқсастығы екеуінде де жастар басты қозғаушы күш болды. Енді жеке алып қарастырсақ, желтоқсанда жастар мемлекет басшысы қазақтан болуы керек деген ұранмен шыққандығы белгілі. Алайда ол нақты себептен гөрі, сылтауға келеді. Өйткені қазақ тарихында талай рет басқа ұлттың өкілдері Қазақстанды басқарды. Оның бер жағында Қазақстан көпұлтты, нағыз интернационалдық республика деген идеология үстем болған-тын.

Сондықтан жастардың көптеп, бір мезетте алаңға шығуына өз елінде өмір сүріп жатқан қазақ жастарының отаршылдық жүйедегі және Кеңестік кезеңдегі елдің қасіретті тарихын жақсы біле отырып, өздерінің  күнделікті бастарынан кешіріп отырған өмірінен де ұдайы байқалып отырған     ұлттық құндылықтардың аяққа тапталуы мен ұлттық кемсітушіліктер, міне осының бәрі желтоқсандықтардың санасында  және көз алдарында панорама сияқты бір мезетте өтіп, алаңға шықты. Бұл жерде  ұлттық құндылықтар мен   ұлттық кемсітушіліктерге нені жатқызуға болар еді. Әрине,  бірінші өз тілінде еркін сөйлесіп, қарым-қатынас жасай алмау, қала өміріндегі қазақтың рухани мәдениетінің жұтаңдығын айтар едік. Ал ұлттық кемсітушіліктердің қатарында қазақтың ауылдан оқу іздеп қалаға келген жастарының жатақханада орын болмағандықтан, бірнеше үй, жай-күйлері бар басқа ұлт өкілдерінің пәтерлерін жалға алып тұруы, дүкендерде, автобустарда және т.б. мәдени және тұрмыстық орындарда басқа ұлт өкілдерінен орыс тілінде жеку, тіл тигізу, кемсіту сөздерін естуін жатқызамыз. Олар осы жағдайды ұдайы басынан кешірді.

Бұл аталған жағдайлар бір қарағанда ұсақ-түйек сияқты болып көрінгенімен, ұлт тәуелсіздігі мен еркіндігінің қандай жағдайда екендігін анық, қарапайым фактілермен көрсететін әлеуметтік индикаторлар еді. Бұл жағдайда қарусыз, бейбіт көшеге шыққан жастар қарсылықтың қандай түрін таңдап алар еді? Әрине олар сол кезде мемлекет басшысы Д.Қонаевтың орнына  басқа ұлт өкілін әкеп қоюға қарсы шықты. Өйткені ел басшысы қазақтан болса, жоғарыда аталған ұлттық теңдікке келешекте жетеміз деген ой болды. Өйткені жастарды басқа  дұрыс жолға салып артынан ертетін саяси партия болмады. Дегенмен мұның өзі ұлттық сана-сезімнің оянғандығын, алаңға шығып қарсылық көрсетудің қажеттігін көрсетіп берді. Қай уақытта болсын ұлттық сана-сезім ұлт-азаттық күреспен тікелей байланысты болғандығы тарихтан белгілі. Ендеше желтоқсан көтерілісі оны дұрыс жолға салып, ұйымдастырып, бастаушы топ не партиясы болмағанымен (сондықтан оны жекелеген, өз қамын,   карьерасын ойлаған сол кездегі қызметкер, шенеуніктер  пайдаланып кетті) мазмұны жағынан стихиялық тұрғыдағы ұлттың толықтай тәуелсіздігі мен еркіндігі үшін саяси  күрес сипатында болды.

Ал өткен жылғы қаңтар оқиғасы нені көрсетті? Иә 30 жылғы егемен елімізде бірнеше тарихи асуларды игергенімізбен, саяси-экономикалық  даму барысында бірнеше ірі қателікті жіберіп алдық. Басты қателік – экономиканы бірінші, саясатты екінші қатарға қою. Нәтижесінде саяси-демократиялық  мәселелер шешілмегендіктен, экономикадағы жетістіктер елдің игілігіне жұмсалмады. Тек өзінің баюын ойлайтын олигархтар мен коррупцияға белшесінен батқан шенеуніктер ұлттық байлықты иемденіп алды. Аталған қателіктерді жоюға бағытталған «әділетті Қазақстан» қоғамын құруды бастаған кезде, бұрынғы олигархтар мен коррупцияны іске асыруда ымыраласқан шенеуніктер қарсы шықты.

30 жыл егемендікте өмір сүрген қазақ елінің қайтадан кері шегінуіне қандай күштер мүдделі еді?   Мұны түсіну үшін кезінде Индияның Ұлыбританиядан азаттық алу күресінің идеологы Махатма Гандидің: «Отаршылдық жағдайда тәрбиеленген элита – өз халқының басты жауы»  деген көреген сөзін еске алған жөн. КСРО тарап, Қазақстан егемендігін алғаннан бері елді басқарушылар,  негізінен, бұрын сол Кеңестік дәуірде «тәрбиеленген» ( бұл жерде саяси тұрғыда айтылып отыр), кейін сол жүйенің мүддесі үшін қызмет жасаған адамдар болды. Басқаша айтқанда ол кездегі элита Кеңес дәуірінің саясатын қолдап, соның сойылын соққандар қатарынан құралды. Ал жалпы отаршылдық саясат Патшалық империядан Кеңес дәуіріне өткеннен кейін де жалғасын тауып, КСРО таралғанға дейін өмір сүргенін білеміз. Ендеше Гандидің айтқанындай, Кеңестік дәуірдегі отаршылдық жағдайда «тәрбиеленген» қазақ элитасы елдің саяси тұрғыдан толық еркіндігі мен ұлттық тәуелсіздікте болуын қаламаған басты жауы болды.

Осы жерде айта кету керек, неге сол отыз жыл ішінде елдің толық  тәуелсіздігін алу жолындағы   қозғалысын басқаратын партия, ұйым қалыптаспады? Әрине, ел ішінде ондай қозғалысты  басқаратын, қабілетті тұлғалар болды. Алайда, оларды тоталитарлық, авторитарлық жүйе күш көрсету, тұтқындау, жеке бастарына қауіп төндіру сияқты барлық амал-айлаларды қолдану арқылы дер уақытында саяси қозғалыстан аластатып отырды. Оған тек бір мысалды — 2001 жылғы «Қазақстанның демократиялық таңдауы» қоғамдық-саяси қозғалысының тағдырын айтсақ та жеткілікті. Жалпы қазақ тарихында Ұлы Дала демократиясы (ханды тоқтата алатын, көпшіліктің қолдауымен құрылған билер институты) үстем болатын. Бұл дәстүр неге жалғасын таппады? Оған 200 жылдай Ресей империясының отарында болу, 70 жылдай Кеңестің тоталитарлық тәртібі, кейінгі 30 жылдай сол Кеңестік дәуірде «тәрбиеленген» басқарушылардың заманы Ұлы Дала демократиясы дәстүрін толықтай  тұншықтырды және елдің есінен шығарды. Ендеше қаңтар оқиғасында да демократиялық жағдайда жастарды ұйымдастырып, дұрыс жолға бағыттайтын партиялық ұйым болмады. Сондықтан  алаңға шыққан жастардың  қаңтардағы бейбіт қозғалысын елдегі бұрыңғы 30 жыл бойы қазақ  даласының ұлттық байлығын иемденген және оны халық игілігі үшін қайтадан бөлісуге қарсы болған күштер пайдаланып, қанды қырғынға ұшыратты.

Сонымен қорытындылай келгенде, желтоқсан қозғалысы мен қаңтар оқиғасы мазмұны жағынан бір-бірімен сабақтас, екі тарихи кезеңде (Кеңестік тоталитарлық тәртіп пен қазақ егемендігінің бастапқы кезеңіндегі отаршылдық жағдайда «тәрбиеленген» басшылар құрған авторитарлық саяси жүйе) жалғасын тапқан, өзіндік ерекшеліктері мен ұқсастықтары болғанымен, әр тарихи кезеңдердегі ұлттың толықтай тәуелсіздігі мен еркіндігі үшін саяси  күрестің  кезекті және заңды  сатылары болып табылады.

Сатай Сыздықов

Abai.kz

9 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1468
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3241
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5391