Ашулы арыстанның айбаты
«Ымды түсінбеген дымды түсінбейді» деген сөз бар. Кеше ғана президент Путин Ресейдің ЕАЭО құрылымдарына төрағалық етуіне байланысты ұйымға мүше елдердің басшыларына үндеу жолдады.
«Формальды түрдегі, ресми протоколдық сөз ғой, оған соншалықты мән берудің не қажеті бар?» деген сауал да қойылуы мүмкін.
Жоқ, бұл жолғы үндеудің салмағы басқаша.
Путин не деді?
«Қалыптасып жатқан көпполярлық әлемнің мықты, дербес, өз-өзіне жеткілікті полюстерінің бірі, біздің құндылықтарды қабылдайтын және Еуразэо тәуелсіз мемлекеттерімен ынтымақтасуға ұмтылатындар тартылатын орталық болуға Одақтың бар мүмкіндігі бар екені сөзсіз»
Бұл дегеніңіз Украинаға қарсы соғыс жариялаған Ресейдің өз әріптестерін құрдымға қарай тартуы емес пе? Әлде ЕАЭО елдері өркениетті әлеммен атқұйрығын кесісіп пе еді? Және де «біздің құндылықтар» деген не нәрсе? Төрткүл дүниеге жеккөрінішті боп, ортадан аластатылған Ресейдің басқыншылық, аннексиялық құндылықтары ма? Және де ол полюстің шынайы гегемоны кім болатыны де осы бастан белгілі емес пе?
«Барлық бағыттағы - саяси, экономикалық, өнеркәсіптік, қаржы және технологиялық салалардағы – интеграцияны одан сайын тереңдету үшін барлық жағдайды жасаймыз».
Мұны қалай түсінуге болады?! Қанша «проресейшіл» деп жұртшылық сынаса да, Қазақстан билігі ЕАЭО-ның таза экономикалық жоба екенін бірнеше рет мәлімдеген еді ғой. Әлде Путин мырза біздің биліктің ол ұстанымынан бейхабар ма? Астананың ол позициясы Мәскеудің құлағына жеткен жоқ деп ойламаймын. Сондықтан мұндай жаңаша тезис – барып тұрған арандатушылық! Өйткені, осы сөзден кейін Астана өз халқына тиісті түсіндірме беруі керек. Ол мәлімдеменің Кремльге қатысты сыншыл сипатта болатыны тағы да түсінікті. Арандату емей не бұл?!
ЕАЭО төрағасы бүй дейді: «...интеграциялық қимыл-әрекеттің басты бағыттарын анықтайтын ұзақ мерзімдік жоспарлаудың жаңа құжаттарын әзірлеуді биылдан бастау керек»
Бұл дегеніңіз – Кремль қожайыны айтып отырған «интеграция» сөз жүзінде қалмай, таяу арада нақты құжаттарға айналады деген сөз!
«...автомобиль және химия өнеркәсібі, транспорттық машина жасау, микроэлектроника, авиақұрылыс, кеме жасау, дәрі-дәрмек әзірлеу, цифрлық экожүйелер, ауыл шаруашылығы машиналарын жасау, биотехнология мен тұқым шаруашылығында күш біріктіру»
Сонда еліміз осы маңызды салалар бойынша тек қана ЕАЭО, соның ішінде, Ресеймен «күш біріктіре» ме? Әлемнің дамыған елдерімен осы салалардағы ынтымақтастығымыз не болмақ? Ресеймен «күш біріктіреміз» деп жүріп, қосымша санкциялардың астында қалмаймыз ба?
«Одақ ішіндегі тұрақты өзара есеп айырысу қарым-қатынастарының міндетті шарты әріптестердің Ресей банкінің Қаржы хабарламаларын тарату жүйесіне қосылуы және де ұлттық төлемдер жүйелерінің жүйеаралық өзара әрекеттестігі боп табылады».
Неліктен ЕАЭО елдері міндетті түрде ұйымның бір мүшесінің ғана банктік жүйесіне қосылуы керек?! Қаржылық гегемония мен монополия дәл осы емес пе?
Басқа елдермен қарым-қатынасты дамыту туралы сөзінде Путин мына елдерді атайды: «Мысыр, Иран, Үндістан, Индонезия, Біріккен Араб Әмірліктері, Азия-Тынық мұхит, Таяу Шығыс, Африка және Латын Америкасы аумағындағы елдер».
Яғни, мұның бәрі Еуроодақ пен АҚШ санкияларына ұшыраған Ресейдің бүгінгі әріптестері. Олай болса, бір елдің геосаяси таңдау басымдығында ЕАЭО-ның басқа елдерінің не қатысы бар? Әр ел басқа елдермен өз мүддесіне сай экономикалық және басқа байланыстарды орната бермей ме? Неге Қазақстанның сыртқы саясаты Ресейдің бүгінгі мүшкіл жағдайының құрбаны болуы тиіс?
«Ұлттық ғылыми-техникалық бағдарламаларды үйлестіру, ортақ білім беру мен кәсіби стандарттарын қалыптастыру, бірлескен оқу бағдарламаларын, техникалық және гуманитарлық пәндер бойынша ортақ оқулықтарды әзірлеуге ұмтылу маңызды».
Бұл тезис те түсініксіздеу.
Біраз уақыт бұрын Ресей ресми түрде білім берудегі Болонья процесінен түбегейлі бас тартып, кешегі советтік оқу жүйесіне көшкенін мәлімдеген болатын. Қазақстан болса, 2010 жылдан бері жалпыеуропалық стандарттарды басшылыққа алатын осы жүйенің белсенді мүшесі. Сонда бір-біріне үш қайнаса сорпасы қосылмайтын екі бөлек жүйені қалайша «үйлестіруге» болады?! Бұл бастама да о бастан қарама-қайшылыққа, өзара дүниетанымдық, өркениеттік қақтығысқа ұрындырайын деп тұрған жоқ па?!
«Гуманитарлық пәндер бойынша ортақ оқулықтарды әзірлеу» деген не сөз?! Ресейдің бүгінгі билігі тарихты, соның ішінде, Қазақстанмен бірге ортақ тарихты қайта қарап, өзіне ғана ыңғайлы цензура елегінен өткізіп жатқанын көріп жатырмыз. «Совет Одағының құрамында болған республикалардың жер аумағы – Ресейдің сыйлығы» деген Путиннің тұжырымы қазақ мектептерінің оқулықтарына енуі тиіс пе? Әлде сталиндік репрессияларды ақтауға тырысып-ақ жатқан псевдоғылыми ұстанымдарды біздің қоғам да қабылдауы керек пе? Болмаса, Украинадағы соғысты ақтап жатқан неоимпериялық саясаттың салқыны біздің оқулықтарға да тие ме?
Міне, тығырыққа тірелген ашулы арыстан айбаты іспеттес Путиннің бір ғана үндеуі қаншама сұрақтар туғызып жатыр?!
Ал осының бәріне қатысты ресми пікір білдіріп жатқан біздің үкімет әлі де жұмған аузын ашқан жоқ. Ел болса, алаңдаулы.
Менікі - сол алаңдаушылықты жеткізу ғана.
Жауап - үкіметтен!
Әміржан Қосан
Abai.kz