Жұма, 22 Қараша 2024
Жаңалықтар 4856 0 пікір 26 Наурыз, 2013 сағат 10:58

ӨЗ АТЫНА ЗАР БОЛҒАН ҚАЗАҚТЫҢ «ҚАЗАҒЫ»

Осыдан жүз жыл бұрын «Қазақ» газеті тасқа басылмаса, бүгінгі қазақтың жағдайы не болар еді? Сұрақты төтесінен қойып отырған себебіміз түсінікті шығар - «Қазақтың» қазаққа жасаған жақсылығы мен басылым басындағы ұлт зиялыларының елге сіңірген еңбегінің салмағын өлшеп көргіміз келеді. «Қазақтың» көрегендігі, сол заманда ушығып тұрған мәселелерді бүге-шігесіне дейін талдап, таразылап беруі - ұлтқа жасаған өлшеусіз еңбек емей, немене? Басылым бетіндегі Әлихан Бөкейханның толғамды, тоқтамды мақалалары, А.Байтұрсынұлының саяси-қоғамдық мәселені елге ұғынықты тілмен талдауы, М.Дулатұлының жастық жігері байқалып тұратын албырт та қызба мінезі - газеттің сан бояулы басылым бола алғанының бір көрінісі шығар. Бұл басылым арысы Ресей, берісі Қытай атты алып қос империяның аралығында жатқан күллі қазақ баласының үмітіне айналғаны да осы күні ешкімге жасырын емес. Содан болар, газет алғаш тасқа басылып, елге тарай бастаған уақытта бұл қуанышқа сүйінген, қолдау білдірген хаттар редакцияға ағылып келіп жатты.

Осыдан жүз жыл бұрын «Қазақ» газеті тасқа басылмаса, бүгінгі қазақтың жағдайы не болар еді? Сұрақты төтесінен қойып отырған себебіміз түсінікті шығар - «Қазақтың» қазаққа жасаған жақсылығы мен басылым басындағы ұлт зиялыларының елге сіңірген еңбегінің салмағын өлшеп көргіміз келеді. «Қазақтың» көрегендігі, сол заманда ушығып тұрған мәселелерді бүге-шігесіне дейін талдап, таразылап беруі - ұлтқа жасаған өлшеусіз еңбек емей, немене? Басылым бетіндегі Әлихан Бөкейханның толғамды, тоқтамды мақалалары, А.Байтұрсынұлының саяси-қоғамдық мәселені елге ұғынықты тілмен талдауы, М.Дулатұлының жастық жігері байқалып тұратын албырт та қызба мінезі - газеттің сан бояулы басылым бола алғанының бір көрінісі шығар. Бұл басылым арысы Ресей, берісі Қытай атты алып қос империяның аралығында жатқан күллі қазақ баласының үмітіне айналғаны да осы күні ешкімге жасырын емес. Содан болар, газет алғаш тасқа басылып, елге тарай бастаған уақытта бұл қуанышқа сүйінген, қолдау білдірген хаттар редакцияға ағылып келіп жатты. Петерборлық бір топ студенттер (Сейілбек Мейрамұғлы Жанайдаров, Батырша Сұлтангерей баласы, Есімханов, Ыдырыс Оразалы баласы, Ғұсман Жұмабек баласы, Мұқыш Поштаев, Мұстафа Шоқай баласы) қол қойған мына бір хабарлама былай дейді: «...Оренбургта «Қазақ» атты газет шықпақшы болды деген хабар құлағымызға тиіп, біз, Петербургтағы қазақтар қуанышымыз қойнымызға сыймай, осы хат арқылы өзіміздің, жұртымыздың әдеті бойынша «Қазақтың» қадамы қайырлы, бауы берік, өмір-жасы ұзақ болып, мақсұтқа жетпегіне тілек білдіреміз».
Бұл бір ғана мысал.
Ал «Қазақ» өзінің басты мақсаты - жаңа ғасырда еншісі әлі алынбаған ұлтты төрге шығару болғанын осы күні еш күмәнданбастан айта аламыз. Басылым бетінде Түрік бала­сының атынан жазылған: «Қияметке шейін қазақ қазақ болып жасамақ. Осы ғасырдағы ғылым жарығында қазақ көзін ашып, бетін түзесе, өзінің қазақшылығын жоғалтпағандай және өзіміздің шарқ ғадетіне ыңғайлы қылып «қазақ мәдениетін» құрып, бір жағынан қазақ әдебиетін тұрғызып, қазақшылығын сақтамақшы. Орысша оқыған қазақ жас­тарының мойнына алатын бір жұмысы мекемеден шеткері болған әрбір істі орында «қырғыз» деген жаңылыс атты қойып, «қазақ» деген атты қолдануы тиіс. Бұл болмайтын іс, ағынға қарсы (против течения) деген сөз емес, біз суды теріс ағызған атаның баласымыз...», - деп басылымың алғашқы нөмірлерінен-ақ, өз атына да зар болып қалған ұлттың тарихи атауын алып беруге жанын сала еңбектенген «Қазақ» газетінің ұлт үшін сіңірген еңбегі өлшеусіз. Әрине, қазақ үшін шыққан барлық басылымның ұлтқа жаны ашиды ғой, алайда, дәл «Қазақтай» қазаққа жаны ашыған басылым жоқ...

«Жаңаның басы...»

«Жаңа жылдың басшысы - ол, мен - ескінің арты едім...». Газетіміздің бетінде Ықылас Ожай атты жас қаламгер айтқан «Әбдірахман - Алаштың жиынтық образы» деген сөз оқыр­ман есінде болар. Сол «жаңаның басы» болған, қазақтың жаңаша жолын көрсетіп берген Алаш зиялылары, «Қазақ» газеті Абайдың көрсеткен жолымен жүрудің өзгеше тәсілін тапты. Абайды бізден аса түсінген олар қазақтың жоғын Абайша түгендеуді үйренді, қазаққа сөзді Абайша айтудың жаңа бір биігіне көтерілді. Міржақып Дулатов Абай жа­йындағы естелік мақаласында: «...Абайдың өлген күнінен қанша алыстасақ, рухани сонша жақындармыз. Үнемі бұл күйде тұрмас, халық ағарар, өнер-білімге қанар, сол күндерді Абай құрметі күн­нен-күнге артылар, «Бірінші ақынымыз» деп қабірін халқы жиі-жиі зиярат етер, халық пен Абай арасы күшті махаббатпен жалғасар. Ол күндерді біз көрмеспіз, бірақ біздің рухымыз сезер, қуанар...», - деп жазады. Газеттің басты ұста­ны­мы Абай тапқан жолмен қазаққа болашақтың даңғылын көрсетіп беру десек, ол да ұлтқа деген қызметтің бір түрі болып шықпай ма? Ұлтқа жағу мәселесі басылым шығару­шыларының мойнына қаншалықты салмақ салды? Ұлтқа жағу мәселесі сол кездің ұлт зиялылары үшін қаншалықты ауыр болды? Абайдың жолын жалғастыруға ұмтыл­ған «Қазақтан» үлгі алып, біз сол басылымдай шынайы бола алдық па осы күні? «Қазақтан» еншісін алған бүгінгі ұлт журналистикасының өкілдері өткен ғасыр басындағы осы пассионарлы құбылысты іліп әкете алды ма? Бұл сансыз сауалдардың жауабын «Қазақты» қолыңа алғанда табасыз. «Қазақты» қолыңа алсаңыз, ХХ ғасыр басындағы ұлт тағдырын, ұлт тарихын, мәдениеті мен әдебиетін, жоғы мен барын қолыңызға ұстап көргендей күй кешесіз. Жер мәселесі, әйел мәселесі, қазақтан солдат алу мәселесі, қазақтың өзге ұлттармен терезесінің тең болуы мәселесі, тіл мәселесі, ел ішіне келіп, ұлт мінезінің өзгеруіне себепші болуы мүмкін ішкілік мәселесі - түгел-түгелімен «Қазақтың» назарынан тыс қалмапты. «Қазақтың» мұншалықты мәшһүр бол­уының себебін де осыдан іздеу керек шығар. Бұл басылым өз оқырмандарының жүрек түкпірінде жатқан зар-запыранын шығарып, шер-шеменін ақтарды, көңіліндегі кірбіңін айтты, жан жарасын жазуғы тырысты.

«Газетаның ақсаған жері жоқ»

«Қазақ» қазаққа керек болмағанда, кімге керек? Басылымның таралымы туралы сөз қозғаған зерттеуші С.Аққұлұлы: «Бірінші жылы 3 мың таралыммен шығып тұрған «Қазақтың» таралымы, Оксфорд университеті зерттеушілерінің мәліметіне қарағанда, көп кешікпей 8 мыңнан асып жығылды», - деп көрсетеді. Сол кездегі бес миллионнан аса қазаққа сегіз мыңдай данамен таралу - үлкен көрсеткіш. Алайда, айтпағымыз ол жайлы емес. Басылым өз тарихында таралым мәселесінен де біраз қиын­шылықтар көргенін газет бетіндегі мақалалардан да байқауға болады. Әлихан Бөкейхан «Жазу жағынан газетаның ақсаған жері жоқ һәм ақсай да қоймас» деп жазғанындай, таралым мәселесі шығар­ма­шылықтың тоқырауынан емес, жазылушылардың аздығынан туындаса керек. «Газета алғаш шыққан жылы алушылар үш мыңнан астам болды. Келесі жылы үш мыңға таяу болды. Биыл мың алты жүзге түсіп қалды» дейді газет басқармасы 1915 жылы басылым бетінен оқырмандарына. Иә, ол заман­ның Атымтайлары да өзгеше, басылымның бес жыл бойы халыққа үздіксіз қызмет етуі үшін қаржысын аямапты. Газет үшін «қуғындалып», абақтыға жабыла берген Ахметтерді ке­пілге босатып алу үшін де, газет жұмысы ары қарай жалғасуы үшін де қазақтың мырза азаматтары аянып қал­мағанының дәлелі басылым беттерінде қатталған. Алайда, га­зет Атымтайлар үшін емес, ең әуелі халық үшін шыққанын ескерсек, «Қазақ» үшін таралымның қаншалықтың маңызды болғанын түсінеміз. Шығарушылар да осыны айтып, таралымымыз азайып барады деп, елге хабар таратудан жалық­паған.

Қазаққа қызмет

1962 жылы «Литературная газетаға» Чаковский Бас редактор болып келеді. Ол уақытқа дейін басылымға басшылық жасаған Симонов, өзі қызметке тағайындаларда Сталинмен болған кездесуін Чаковскийге былай әңгімелеп берген екен: «Симоновқа Сталин: - Біз «Литературная га­зе­таның» үкімет көрсеткен бағыттан қиыс жүргенін қалаймыз, - депті. - Осы талап бойынша жұмыс істеңіз. Егер сіз «қа­телессеңіз» - сізді «түзетеді». Тіпті, қатаң талаппен түзетуі де мүмкін. Алайда, сіз ондай «түзетулерге» көп алаңдай бермей, газетті өз қалауыңызша шығара беріңіз...».
«Қазақ» газеті басшыларына мұндай жанашырлық танытатын ешкім болмады. Жанашырлық танытқаныңыз былай тұрсын, қазақ даласының саяси-әлеуметтік, әдеби-мәдени өміріне бес жылдан аса уақыт жанын сала жалғыз өзі қызмет еткен басылым Кеңес өкіметі үшін тіпті қажет емес еді. Сапалылығымен, көтерген тақырыбының сан алуандығымен, сол кездің өлшемімен салыстырғанда көп таралымымен ерекшеленген басылымның шығарушылары, авторларының көбі жаңа заман қазағына бойларындағы барын бере алмай, еңбегін сіңіре алмай, айдалып, атылып кете барды...

"Қазақ әдебиеті" газеті

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1462
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3229
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5317