Жұма, 22 Қараша 2024
Жаңалықтар 4535 0 пікір 27 Наурыз, 2013 сағат 04:29

Жанат Ахмади. Дүрбелең (жалғасы)

4

...Көктем жетті. Дүние ең басынан қайта бір жаралғандай шаттыққа өткен шағында Мақсұттың Қамарға деген «қапастағы» тынышсыз сезімі жүректі қысқан сағыныш болып оралды... Сәуірдің көкше мөлдір, нұрлы аспаны жарқырап, манаураған табиғат жан біткенді қайта бір жаңғыртты.

Сонау бала күнде көретін тізбек тырна керуені, көк-шақпақтанған дәуірлі аспан төсінде, асқақты бәсең үндермен «тырау» сала құрқылдап, талығып жеткен үзік-үзік әуезімен ұзақ, бұлдыр сағыныштар әкеледі. Жапан көкте құлазыта тыраулап, бұйықтыра, әлсірете, үн беріп, кеудеден бір түрлі діңкелеген ғаріп арман оятқандай болатын. Сұлу наз ба, жан жүректі тәтті мұңмен жабырқатқан бір сезім күрсіндіргендей. Сарылған аппақ қыстан соңғы масайраған сәуірде жас жанға әлде бір серік, тыныс іздетіп, қиял кездіргендей. Аспан астын жаңғыртқан тізбегімен өткінші көрінісі дәт дегізгендей ұзап бара жатады.

Бұл көктем - Мақсұтқа Қамарды ерекше еске алдырған, оны бір көруге анық ынтық, зар еткен көктем еді.

4

...Көктем жетті. Дүние ең басынан қайта бір жаралғандай шаттыққа өткен шағында Мақсұттың Қамарға деген «қапастағы» тынышсыз сезімі жүректі қысқан сағыныш болып оралды... Сәуірдің көкше мөлдір, нұрлы аспаны жарқырап, манаураған табиғат жан біткенді қайта бір жаңғыртты.

Сонау бала күнде көретін тізбек тырна керуені, көк-шақпақтанған дәуірлі аспан төсінде, асқақты бәсең үндермен «тырау» сала құрқылдап, талығып жеткен үзік-үзік әуезімен ұзақ, бұлдыр сағыныштар әкеледі. Жапан көкте құлазыта тыраулап, бұйықтыра, әлсірете, үн беріп, кеудеден бір түрлі діңкелеген ғаріп арман оятқандай болатын. Сұлу наз ба, жан жүректі тәтті мұңмен жабырқатқан бір сезім күрсіндіргендей. Сарылған аппақ қыстан соңғы масайраған сәуірде жас жанға әлде бір серік, тыныс іздетіп, қиял кездіргендей. Аспан астын жаңғыртқан тізбегімен өткінші көрінісі дәт дегізгендей ұзап бара жатады.

Бұл көктем - Мақсұтқа Қамарды ерекше еске алдырған, оны бір көруге анық ынтық, зар еткен көктем еді.

Жас жігіт үшін сарғайып алты ай жаз өткен болса, сарылып алты ай қыс та өтіпті. Жас жаны әз өмірдің жалғыз, тек жалғыз тал шешек гүлін ашқанда сүйген достан көңілге тапқан медеу жоқ. Қысқы соғым кезінде Мақсұт қасына Мамыртайды ертіп, Қарымсақтың үйіне бір келіп қонып қайтқан-ды. Қазиза Қамарды бұл жолы да үйіне шақырып әкелген. Қамар әнші еді. Сол түнгі отырыста әнді Қарымсақ өзі бастап, баяғы бір ұмыт боп кеткен сағынышты ескі сазды еске салып:

 

«Жоңғар тауын жаз жайлап,

Әнге салдық угәйлап.

Қиыр қонып, шет жайлап,

Келдік қалқа, дәм айдап» - деп «угәй-угәй, әй угәй» деген әнін тербеген. Бұлдыр тартқан алыс күндердің озған елесін мұңдаған. Қамар алғашында бірнеше әнді Қазизамен қосылып айтып кеп, аяғында осындай шағын сауық, қымбат кешті бос жібермей, жалғыз өзі шырқап та ән салған болатын. Қамардың сондағы айтқан әні, қазаққа бағы бір заман белгі етіп қалдырған, әлде бір «қос обаны» еске түсіретін атақты «Гүлдариға» еді. Сол күні Мақсұт осы әнде екі бірдей адамның шырылдап, бар тағдыр, өмірі жатқанын, тек содан туған қасырет әні екенін ойлаған. Екі бірдей қымбат жанның сыры екенін ұққан.

Қамар бағанадан, кеш бойы жібектей жұмсақ, әсем сыңғыр үнімен аңырата шырқап, егілте салғанда, жан азығын осы ән десе болғандай, Қамардың бұл әнді соншалық дертті болған шермен айтқанына отырғандар еріксіз еміренген еді. Ән емес, жүректен шыққан өксіген жалын, шер тіліндей. Бір сәтте Қазизаның көзін сүрткені байқалды. Қамар үнімен айтылған «Гүлдариға» Қазиза үшін тамыр-тамырды тарықтырып, соның бәрінен сарқып әкеп, көзге ащы жас келтірер қамығу сырындай болған.

 

«Қарағым айналайын, қалқа жаным,

Сен едің бұл жалғанда бар арманым!

Мен кетіп елден шалғай, жүрмін зарлай,

Болғанмен сыртым бүтін, ішім жалын!..

 

Жапанға жалғыз біткен сіз бір шынар,

Қалқатай, бір өзіңе болдым құмар.

Жалғанда арманда өткен мен бір жанмын,

Жалыным ішімдегі қашан шығар!

 

Мінгенім дайым менің тарлан шұбар,

Мойнына жануардың тақтым тұмар.

Жалғанда арманда өткен мен бір жанмын,

Көңілім бір тынбаған қашан тынар.

 

Мінгенім дайым менің сұр қарагер,

Шайнайды ауыздығын бұл қарагер.

Барында оралыңның ойна да, күл,

Жалмайды бәрімізді сұм қара жер».

Ән - қосақтаулы маубас қой, матаулы маймақ түйе немесе сасық тқмсық сиырға сатылып кеткен, арманды қыз ба? Басы сергелдеңге түскен жаны сері жігіт пе? Қайсысынікі болса да, жүрегін сүйген жардың маңына жерлеп кетіп, қуыс кеудесі жүргендей біреудікі. Мақсұт Қамарды қимай қарап, ерекше тамашалады.

* * *

Мақсұттың көз алдына Қамардың сондағы ән салып отырған кейпі келіп, есіне асық еткен, таза жанның дәл сол отырысы түсіп еді. Қамарды көріп отырған кезіндегі әр сәті, оның әр сөз, әр қимылы, тіпті ең баяу кірпік қыбырына дейін ұмытылмай, бір жақ бүйірінде сақталған. Қазиза бұларды ауызғы үйде бір сәт оңаша қалдырғанда, Мақсұт өзінің иықтарына екі алақанын үнсіз ғана қойған нәзік Қамарды аялап құшақтаған. Алғаш рет жігіт құшағына кірген Қамар үні өшіп, демі дірілдеп тұрды. Аз ғана сәттегі сол сурет Мақсұттың күні кәзірге дейін жатса-тұрса ойынан бір кеткен емес.

Бағдат жаңағы сөзді айтып бұларды үйге щақырып, Қазизаны есіне салғанда, Мақсұт кенет ұйқыдан оянғандай қасындағы Мамыртайға:

- Жүрші! Аттанайықшы!..- деді. Мамыртай жолдасын түсінен аңдады да, айтқанын екі етпей, атына қарай дереу бұрылды. Тегінде, Мақсұттың қалада қыс бойғы оқудан сар төсек боп, ұзақ жатып, енді жазғы демалысқа шыққанда, жұп жазбай бірге жүретін елдегі жалғыз сырлас адамы осы Мамыртай болушы еді. Екеуі қазір Әли ауылынан шыға, тастақ жолмен тағалы аттарын тапырлата басқызып жедел жүріп кетті.

Мақсұт пен Мамыртайдың бүгінгі келістеріне Қазиза ерекше қуанды. Мұрыншақтың әйелі Керімбек аулына, Қанікеге баласы Әкімнің келгеніне «қайырлы болсын» айта келіпті.

Немересін Мұрыншақ та қуанышты жерге алдына алып аттаныпты.

Қазиза екі інісінің бүгінгідей оңашалықта жетіп келгеніне жаны қалмай қуанып:

...- Мен де барайын деп бір оқтанып тұрдым да, еметін бұзау, сауын бие бар, үй иен. Қарымсақ та со жақта жүр. Сәті түспей, бүгін бара алмай қалып ем, бәсе осыған көрінген екен ғой, келгендерің мұндай жақсы болар ма! - деп, аяғының ұшынан жүгіріп шәй дайындамақ, қазан қамдамақ болып еді, Мамыртай оның бәріне рахмет айтып, қымыз әкелдірді. Қазиза өз көңілімен бүгін Мақсұт пен Қамардың оңаша жолығуын лайық көрді. Жігіттер қымызға қанып, Қарымсақ шапқан саптыаяқтарының бетін басқанда, Қазиза бұларға баяулап күліп қарап:

- Онда екеуің осы «Атам сайын» өрлеп аттана беріңдер...- деп, екі бауырына өзімсіне бұйырып, ақылды да өзі тауып, сыпайы сыр байқатты. Мұнысы Қамар үшін «жеңгелік» сияқты емес, қайта шын анық жанашыр, қимас қамқорлықтай болатын. Осы ауылдың атасы болған Өмірші атымен аталатын сайды әйелдер «Атам сайы» десетін-ді. Ауыл артында, батыс бетте тиіп тұрған аласа қырқадан асып түскенде басталатын ну орманды, жасыл желек жамылып, гүлге оранып тұрған әсем сайға батып екі жігіт кетті. Біраздан соң үнсіз мүлгіген осы сайдың аузына Қазиза бар әлемнен қызғанып ұрлағандай ғып, жасырып әкеп, Қамарды да іліндіріп еді. Ауыл бір-екі үй ғана емес, өзге де көздер бар. Қазиза Қамарды үй артындағы тереңдеу құр жыра, өзекпен жүргізіп келіп, кішкене қыраттың қылт еткен тас мойнағын асырып түсірген. Сай аузында енді ажырар жерде Қамардың қолын қимастықпен қысып, алға қарай меңзеп:

- Ал сәулем! Құдай бақыттарыңа жеткізсін! Шырақтарымның жолын оңғара гөр! - деп тілек тілеп қалған. «Осы екеуі қосылса, еш арманым болмас еді» деп Қазиза Қамар мен Мақсұт тілеуін «жетсем» деген өз мұрат арманындай көретін. Күрсінетін.

Мақсұт қыстағы келген жолында Қамармен жеке ұшырасуына Қазизаның үйінде бір сәт қана әредік тауып, екеуі бір-біріне деген жалындарын сол бір кеште қысқа сөзбен жеткізген.

Мақсұт ойындағы жалғыз ғана түйінді сөзін сол жолы Қамарға ірікпей ашып:

- Сені ойлаумен сабырым бітіп, өлер болдым! - дегенде, сондай шетін ынтызарлықты айта алмай буылып тұрған Қамар да, өз білдірерін осы жол жасырмаған. Мақсұт жаңағы дем, тыныстай шын-анық шалқыған жалын арманын айтқан кезде, Қамар тал бойына жарасқан салмақты қозғалыспен Мақсұттың иығына қос қолын үнсіз қойып бір сәт тынып тұрып қалған. Жаңағы сөзді шығарған Мақсұтқа ұяң шұғылалы, үлкен көздері айырықша тұнып қараған. Сөйте тұрып көзінен кесек-кесек, мөлдір моншақ тамшылар өз-өзінен домалап төгіліп кеткен. Сондай ұстаммен бап-баяу тұрып, үнсіз төгілген жас еді. Және сол жас бір сәтке-ақ, үзіліп-үзіліп, мөлдіреп түсіп тұрып:

- Сіз мені дертті еттіңіз, Мақсұт! - деп еді. Сөзі, айтар сөзі емес, жанарында тұнып жүрген ыстық жасы бары білінген. Кемеріне зорға сақтап, іркіп келген жастай. Бағана ән үстінде «дертті болған» сұлу шермен, нәзік сазбен еміренткен жүрек сол екен. Ынтызар саздың еңірегені де сол екен. Кейінгі бір заманда Шеру ішінде «Мақсұт-Қамария» аңызы болып қалған хикаяның басы секілденіп, екеуіне ең алғашқы уды ішкізген сол бір сәт бір-бірінің жүректеріне айықпас шарт боп бекіген.

Иә, сол жолғы екі ауыз сөзбен екеуінің де басына мәңгі бақ орнағандай болған. Сүйген жанның өз жүрегін беруінен артық дүниеде не бар? «Жар» десе мұсылман ұғымына «ең әуелі тағдыр - Алла» жар болмақ. Соны адамға аударып айтқанда «сүйген жар» деген атқа лайықты әйел заты болсын. Мақсұт тап осыны ойлап келсе, Қамардан айырылып, өзге бір «сүйейсалмен» қосақталуды болжаса, үрейленіп кетеді. Қазір осы келе жатыста Қамар ойында сондайлық құлап сүю мұңынан туған сол жазықсыз «дертті» болу отынан басқа, Мақсұтқа деген бір ауыр уәж бар еді. Ол Мақсұттың айттырып отырған қалыңдығы барлығы. Мақсұт ол сырды Қамарға білдіртіп, Қазизаға өз аузымен де әдейі арнап айтқан, ашқан болатын. Қамар жасынан ешкімнің жылы сөзін, шын кәдірлеп, құрметтеуін көрмеген. Қайта тұрмыс, жоқшылық табы батқан үйдің көнпіс қызы. Бурабайдың баласы Ілімжан қойнында әйелі бар, мүшел жас үлкен басымен бұған міндетсіп: «Көкейіне шайнам ақыл қонбайтын байқұс қыз, «барар жерің Балқан тау, о да біздің көрген тау» болар әлі-ақ, дегендей сөздер айтқанда, Қамар өмірде дәл Мақсұттай адам бар деп те ойлап, күтпейтіндей еді. Сондай басымен Мақсұттың жақсы сөзін естіп, ынтызар болған көңілін танығалы сол аяулы жігітті өз ішінен жанындай ыстық көре, көзінің ағы мен қарасындай қадірлейтін. Өз басы өзіне қандай ардақты болса, оны қоя тұрып, сол қымбат жүрекпен өзінен Мақсұтты жоғары қойып, сарғая күтіп, сағынып жүретін. Сол сарылған сағыныш емсіз, дауасыз... Осы дүниеден жалғыз Мақсұтты ғана қалап алған. Жан-жүйесін осындай күйлер зарықтырып күрсінткен әлсіз Қамар келе жатқанда мына жақта Мақсұт өзінің сабыр-тағатын тауысып, «Сіз мені дертті еттіңіз - Мақсұт!» деген сөзін, қайта-қайта еске алып тұрған. Сол сөз жайлы әсіресе бүгін, нақ осы жерде ерекше ойланып, соны өзінің қарызы етіп: «Дертті еткенім рас», енді соған немен жауап қайырып, ем табамын?!» - деп, орнын өтей алмастай қиналып толғанған. Қамардың дәл әзір осында келетінін ойлағанда, өзін-өзі билей алмай қалтырағандай болып, демі дірілдеп кетеді. Бір сәт тықыршыған көңілімен қобалжып, айналасына қарады. Осы көзқараспен тұрып қыста көрген Қамарды сол күнгі шарасына сыймай, тұнып тұрған көз жасымен дәл қазіргідей көріп тұр... Кемерінен асқан мөлдір-моншақ тамшылар үнсіз тұрып үзіліп-үзіліп кеткен-ді.

Маңайда гүлдеген тобылғының сықасып өскен, жап-жасыл бүрлі басынан, жабағыланып ашылған, шоқ-шоқ ақ гүлі айнала маңды көкшағыр түске енгізіп, бар өңірді жас шаттыққа мас еткендей болып тұр.

Беткейлерде жыпырлай жайнап, шешек атқан шұғынық гүлі көздің жауын алады. Күн көзінен шұғыла тартып, нарттай жанған ал-күрең гүл жарқыраған мөлдір сәуле атып, мынау жарық әлемнің көз нұрын өзіне тартқандай. Алма ағаштар, өріктер гүлдеп, сай іші көкек айының ақшұбар түсті шыт көйлегін кигендей боп, өткінші шаттық буына бөгіп, мүлгіп тұр. Өлке жым-жырт, тым-тырыс. Құлақ шыңылы естілгендей. Шайдай ашық көк аспан төңкеріле жалтырайды.

Осындай барша сұлулықты ең нәзік, әз тілменен табиғаттың кіп-кішкентай, құмар-жүрек жаршысы бұлбұл жырласа, мына жақтан ала қанат сауысқан да ел сөзіне өтірік сенетін аққаптал әйелдей, таңдай қаға шықылықтай жүріп, ұясын жөндейді.

Бір сәт төменгі жақ сыбдыр ете қалды. Елеңдеп тұрған Мақсұт селт етті. Жолындағы желектенген бұтақты қолымен қайырып, далбырап солай қарай баса берді. Жақындап, тақау кеп қалған Қамар жалаңбас қалпында, жазық, ақ маңдайы көзге жарқ ете ағаш ішінен шыға келді. Мақсұтты көріп кенет баяулап қалды. Екеуі қазір өздері де аңдамаған халде, дыбыссыз, үнсіз күйде. Жігіт жас сұлудың тосырқағанын көріп, аяғын асығып басты. Қыз толқыған түсі бозарғандай боп нәзік бұрала сұлық қозғалып келеді. Ал Мақсұт өзін Қамар алдында алғаш рет біраз бейғамсытып ұстады. Мынадай болып, өз аяғымен келген Қамардай қыздың әлі ашылмаған балалық, жастығын еске алып өзі оны аяп та кетті. Бірақ қазіргі ырзашылығын сөзбен айтып жеткізудің орайы жоқ еді. Қамар Мақсұттың түсінен өзімен кездескен сайын көретін шұғыл қолайсыздықты байқағанда сәл езу тартып, жымиып күлді. Бейнеулі қырлы ернінен ақ тістері меруерттей тізіле көрінген. Мақсұттың сасқандай, далбыраңқырап қалатынын түсініп, езу тартқанында нұрлы көз, бұла жүз қыз көркін айрықша әсемдендіреді екен. Сондай қалпымен Қамар Мақсұттың алдына жетті! Дем шалған, тал бойы қымбатымен жеткен сүйгенін аялай құшақтағанда қыз да Мақсұт кеудесіне шаттықпен қатар ұялу қоса білінген бетін баса тұрып қалды. Екеуінің үнсіз демдері білініп, тіл тоқтап, жүрек тілдескендей бір сәт еді. «Ең керемет тіл екі ғашықтың үнсіз білісуінде» деген рас. Ұлы ойшылдардан қалған.

Осы күні екеуі «Өмірші-Ата» сайында бір-бірі үшін «құрбанбыз» деген сертке жетті. «Жайыңызды білем, шырмаудасыз!.. Біле тұрып у ішкен мендей шығар... Сонымен, сол сезіммен өкінбестей, ессіз еткен жағдайым бар. Арамыздың алыс екенін толық ұқсам да, тілеуімнің болар-болмасына көзім жетпесе де, сіздей, дәл сіздей сенім артарлық адамым бар екенін қанағат көрем. Ол қанағат сізге қолым жетпеген күні де айнымалы болмақ емес. Сізге «сенем» дегенде қолынан келеді деп сол үшін ғана сенбеймін. Шамаңыз жетпей қалған күні жазғырудан да аулақпын. Артық талабым, орынсыз өктем сізге жасаған қиянатым болар. Менің жолымда сіз аянар демеймін. Егер жолым болмайтын болса, біреулердің назасы, немесе өзімнің күмәнімнен шығар деп білемін. Ата-анамның жүгін де өз тағдырыма таңып бет алған жерім». Бұл Қамардың әзір осы жерде айтқаны емес. Оның күні бұрын толғанып жүріп жазып қойған хаты екен. Киіздей көгал үстінде Қамармен қатар отырып Мақсұт хатты оқып шықты. Жас жігіт Қамардың ойшылдылығына қарап бұрын білмеген бір шаттық биігінде жүрегін түлетті. Қағазды ішкі төс қалтасынан алған Қамар үнсіз ұсынып берген. Ол қандай үнсіз берген болса, Мақсұт та дәл сондай қайта-қайта тілсіз оқып отырды. Дағдарған жігіт бір ойында бұл хатты осы бойы әкесіне жеткізіп, азар болса онымен «ат кекілін кесіп» шығардай толқындады. Керімбектей зиынды әке хат сөзіне түсінер-ау, бірақ үлкен үміт артқан баласының қызды қаншалық сүйгенін ұғынуға келгенде, бұның өзінен шорқақ соғар. Және өз ниетін бір осының талап-арманына жығынды етіп сата салмас. Осыларды ойлай отырып бір сөздің кезегінде:

- Қамар! Мен сіз үшін басым құрбан деп жүрген адаммын! - деген сөздің ауызынан қалай шығып кеткенін білмей қалған. «Егер жолым болмайтын болса, біреулердің назасы, немесе өзімнің әлдебір күнәмнен шығар деп білем» дейді. Ол - Бурабайдың ба? Керімбектің бе? Абдолла ма? Кімнің назасы? Әлде дәстүрі бұзылатын ел-жұрт наласы қосыла ма? Мақсұт Қамар ойының тереңдігіне қайран қалды. Бұрынғы бұрынғы ма, бүгін сол тұзақ жүрегінің қыл мойнынан түскендей.

Күн түс ауған шақта Мақсұт осы сайдың жоғарғы тұйығында, ағашсыз кең тұғылда, тышқан ізі түспеген жас балауса көгалды ортасынан қақ жарып аққан тасты бұлақ жағасындағы қырмызыдай қалың шалғынға ат көрпесін төсеп, ұйқыны салып жатқан Мамыртайға келіп жетті. Біраз уақытын өткізіп, беткейден теріп алған қой жуасы сүмбілденіп қасында жатыр. Шаң атаулы жоқ, жақында ғана жауын шайған гүлді шөп, кіршіксіз шалғын құлпырып тұр. Айнала маң көк торғындай. Таза ауада ұйқтаған қатты ұйқыдан атының кісінеуімен оянып, басын жұла көтеріп алған Мамыртайға Мақсұт сонадайдан:

- Ой, бәтір-ау! Ертегінің диюларынша бір сайды бір өзің жеке жайлап, ел көшіп кетсе, қыңқ дер түрің жоқ қой! Кәне, не түс көрдің? - деп мұның жатысын қызықтап, аз желпініп әзілдеп келе берді. Мамыртай басын көтеріп алған бойы екі аяғын қатар көсіліп, аңқаусыған кісідей болып отырып, өтірік есінеп, жан-жағына кергіңкіреп қарап қойды. Сонан соң сәл кейіген адамсып:

- Пай, шіркін! Бір тәтті ұйқыда жатыр екем, келе қойғаныңды қарашы! Айтпақшы, шырт ұйқыда жатып шынымен бір қызық аян көргенім бар, - деп алып, соған жалғастыра, шұбыртып сөйлей жөнелді. Айтқаны бағанадан құрастырып алған, жаттанды сөз сияқты. Тегінде, мұның өзін Мақсұтпен құрдас дейтіндей емес, қапсағай, салалы денесі болсын және ерте үйленгендіктен жолы, ұстамы болсын ауылдағы үлкендердің біреуі тәрізді болатын. Әрі өзі сөйлесе дес бермейтін ішті.

- Түсімде бір тұйғын құс көк қанаты суылдап, шүйгіп ұшып келе жатқан екен деймін. Сөйткенше болмады, жендетімнің алдынан ажалы бар ма, ақ кеудесі күн тартқан, бір ақ тоты тап болмасы бар ма... Үрей қысқан үйінде жата ала ма, сені айдап шыққан көк долының дауылы, көк қанаттың суылы шығар-ақ деп тұрдым... Айтқанымша болған жоқ, өзі келген тоятты енді тұйғын ілмесі бар ма? Ләзәтін көріп, ақ кеудеге мінбесі бар ма!..- деп Мамыртай екі алақанын жайып Мақсұттың наразы боп, түйілгеніне қарамай, қайта онан сайын рахаттанғандай сақылдай күліп: - Өзі де көп қалған жоқ... Кішкене шыдасаңшы, - деп алып:

- Әне, сөйтіп ер азығын айырды, жануардың мойнын бұрап қайырды... Сонымен немене, қыран ісі сол екен, бір сәттің ғана үстінде бишараның бауыздам қанын қалдырып, көңілге тоят алдырып, пәтшағар қайта көтеріліп кеткен екен дейім, дәл сол кезде жамандатқыр ақ боз ат шарт кісінеп жіберіп оятты да жіберді! - деді санын соғып. Мақсұт бұл әңгімені басынан аяғына дейін аңырып қалған қабақпен лажысыз байлана әрі, қызарақтай тыңдап кеп, ақырында шыдай алмай, ат үстінде шалқая қатты күліп жіберді. Артынша өзін тежеп, қабағын шытынып алды.

- Ой, сарнауық, дауасыз! Не тантып, бақсы боп отырсың! - деп екі беті ып-ыстық боп кетті. Қамар үшін, ары биік жазықсыз Қамар үшін оның қымбат намысын Мамыртайдай қылжақ құрдастың аяусыз бұлаң-ойнатқанына ыза боп қалды. Қымбатына соқтыққанына бұртиыңқырап қалған. Төстен шығып, қыз бұрымындай құлап түскен қасқа бұлақ басынан Өмірші сайына қош айтып, екі жігіт аттанып жүріп кетті. Сай басы биік емес, анау көрініп тұр. Мақсұт қазір Мамыртаймен ешнәрсе жайлы сөйлесіп, әңгімелескен жоқ. Жолдасы мұның қабағына қарап аужайын алыстан шарлап ұғынды. Жүрегін өзгеше бір кішілік сезім билеген Мақсұт өмірге шексіз құштарлана түскен күймен тұңғиықтанып, жолдасымен үнсіз қатарласып, ат басын өрге сала аяңдай берді. Мүләйімдігімен бірге ойынан арылмай келген зор күдігі қазір қайта қозып, енді бұрынғыдан да үдей түскен халмен, іші тынып, қалың ойдың қамауында келе жатты.

Қайта-қайта күрсініп ширығады. Қамардан басқа ешкім танымас осы көңілін бүкіл әлем білсе ғой! Бұның орнында дінді тұтынушы біреу болса дәл былтырдан бергі жағдайын «ешкім білмесе, Құдай білсін, ақымды жемес» дер еді. Сондай бір ғайып сырлы, нәзік мұңмен дүние әлемге Мақсұттың да шағынғысы келгендей. Ол бүгінгі ішке сыйғыза алмаған өлшеусіз сезімнің күйікті, қапа-ашуымен тұншықты. Жол бойы дүние бұған құлазып, іштен тынумен болды. Жан қысылғандағы басына келген ойдың бірі «егер о дүниенің бар екені рас болса, қара қылды қақ жара, осы көңілдің бәрі бағаланатын болса, онда айналамдағы адамның бәрінен озуым мүмкін-ау» дегізді. Жанындағы серігінің көкірегі жалындап, іш-өзегі алауға толып келе жатқанын ұғып, Мамыртай да үндемей аяңдай берді. Дос көңілінің өксулі тынысын бүгін ешнәрсемен бұзғысы келмейді. Күн ұзаққа байлау көрген ақсұр ат Мақсұттың қолын жиі тарта түсіп, теріскейдің тұнып тұрған жас балаусасын борт-борт шалып, жүре жұлып барады. Ашқарақтанып, ашулы күйі бардай мол шалғынға тұмсығын көме тығып жіберіп, жарым белінен жұлқи шалып оттайды.

Мақсұт Қамардың жайын еске алып, жол бойында тек соны ойлады. Мұңлы Қамар бұған:

- Саған қолым жетпей ме деп жатсам-тұрсам тек содан қорқа берем... Әйтеуір, түстім бір отқа! Сол дегеніме жетпесем, енді алдым күмән! Адам боп жүруім екі талай... Үмітім жетпеске үміттендіріп, қол созғыздыңыз! Әлдекімше дүниеге мазақ боп, тірі жүргім келмейді! - деп, бода боп жылап қайтты. Мақсұттың иығына басын сүйеп егілгені жанын жаралаған. Соны ойласа қазіргі күдігінен өзі шошынып, анық қорқып кетеді. Өз ойын өзі түгендеп келгенде Мақсұттың ендігі халі басын тауға-тасқа ұрғызғандай еді. Қамар үшін Мақсұт, сөзсіз, ел бірлігіне іріткі болмақ. Ел ішінде тізе қосып, ұрпағын қорғар ұйтқы болмаса, айналадан қоршап, ортасына алып, қамап отырған Гоминдаң обырлары бас көтерер адамын жылымына батырып, жұта бермек. Сынап көліне тартқызғандай, құрдымына сіңіріп, жоя түспек. Анау Бурабай тәрізді адамды жылан үйреткендей, басынан сипай жүріп, бүгінгі халге жеткізу, Абдолладай ел басыны Мамозыдан бөлінтіп, көп мерейіне қайта қайырын келтіру дегеннің бәрі әлдекімнің ғана емес, рулы елдің табысы емес пе еді. Шеру үшін, бір тайпы елдің ертеңгі-бүгінгісі үшін бұл бірлік табыстың табысы. Сол Абдолланың Керімбекке қоятын ендігі бар шарты осы Мақсұт басына байланысты. Абдолладан бір айырылып, Қамар үшін Бурабайдан екі ажырау Шеруге мүлде шешек егу! Онда Керімбек бүгінгідей күні Әлиді қорғап, бұларға да пана бола алмас еді. Өздеріне сүйенген аз үй дос-жар қауымның сенімін ақтамаудың аяқ жағы, о да тауқымет. Жаман күнде бір-біріне жар болған опалылықтарынан айырылады. Айырылу ғана емес, қарманарынан қоса ажырап қол қысқармақ.

Дихан жәйін білетін Әлилер көшіп келгелі қазақтың бір шоғыр аш-арық ауылы да оны өзіне шынайы пана етіп тапқан. Олар мұң-мақсатта тағдырлас.

Енді сондай бүкіл елдің ортақ ниет қадамына өрт тастау, және сол өртті өз қолымен қою Мақсұт үшін ешнәрсемен кешіріліп, еш өтеумен тазармас «сұм» атандырар бағасы болар еді. Өз мойнында осындай неше батпан- жауапкершілік тұрған Мақсұт ең әуелі, соның бәр-бәрінен бұрын Қамарға қарыздар екенін тағы ұғып келе жатты.

5

Осыдан екі күн өткенде Шеру ішіне бір топ жасауыл шықты. Бұл жолы араларында бір-екі ғана полицейі бар шеріктер анық әскери түспен келген. Найзалы мылтық, қайқы қылыш асынған сарала топ жол-жөнекей қазақ ауылдары үстінде үре шыққан итті атып, көрген жанды сескендіріп жеткен. Мылтық үнінен безген итті қодыраңдаған жасақтар үй-үйге айдап тығып, қазан-ошақ, құрт жайылған өрелерді аралата қуалап атып, жолшыбай көрген жанның зәрелерін ұшыра жүрді. Мамозы арызына куәлік еткен әнегүнгі бай қытайлар болғандықтан, Күреде мұны естіген өкімет орны қаһарына мініп уезден әскер шығарған. Олар Шеруге бұ сапар қайнаған ашумен жіберілген. Шеріктердің жаңағыдай айдын асыра құтырынуы сол. Бұрынғыдай акт жасамай, өз амалсыздығын ашық шағып, арыз жазып жеткен Мамозы үкімет орнына бетін жыртқандай болып келген. Мамозының бұл намысын, әрине Күре уездік үкіметі өз намысындай қорғайды. Сөйтіп долыққан ашумен шыққан асау топ ат басын дүңген диқандарына тіреген. Келген бойы Әлидің ауылын тінтіп, үйді-үйін қарап, бірден қызды іздей жеткен. «Тап» деп, екі полицей Әлиді екі жағынан ортаға ала дегбір салып, ай-шайға қарамай ауылды үркітіп оны сабай бастаған. Бір шеті баса-көктеп, аттан түсе, белдеріндегі қылыштарын сүйрете, үйлерді аралап, құтырына тиіп, қатын-баланы іннен-інге тыққан. Әлидің әйелін «қыздың қайда екенін айт» деп шошындырмақ боп бұрымынан ұстап, сүйрей бастап еді. Әмина қарсылық көрсеткен соң, жабыла кетіп оны да ұрды. Тұс-тұстан ақыра жұлқып кеп, шапалақпен ұрғыштап қинаған.

Екі күннен бері бұл маңды сырттан қарауылдап жүрген қазақ жігіттері дәл күн батар шақта ауылдың төменгі жағында қопақтап, суыт жортып келе жатқан топ аттыны көрісімен солай қарай бет қойып, шеріктер үймелеген кешкі ауыл үстіне олар да қаптай жеткен. Өз жанындағы он әскерге арқа сүйеген жаңағы полицейлер Әлиді жібермей жүріп, екі жақтап сабап бет-аузын қан жалатып ұрды. Аңдыздап жеткен қазақ жігіттері Әлидің қанға бата, сұлап жатқанын көргенде, алдыңғы шоғыры іркілмей саулап, аттан жапырлай түсті. Топтың алдындағы Арыппай бір ауыз тіл ұқпайтын шеріктерге қыбырсыз жатқан Әлиді қос бүктеулі қамшысымен көрсете, иегімен нұсқай:

- Ей! Сендер, осындай адам ұруға болады ма?! Сен кісі өлтіреді ме?! - деп дебейлеп келді. Шеріктер отыз шақты жігіттің аяқ астынан сап етіп келісінен секем алып қалса да, екі полицей қатарынан бірдеңе-бірдеңе деп Арыппайдың өзін жазғырғандай қарсы ақырды. Бірақ оларынан Арыппай қаймыққан жоқ. Әлиді ұрған бұл полицейдің біреуі өткен күзде тергеу тұсында көрген адамы. Өзін екі-үш дүркін алдына салып айдаған, үйренген жауы екен. Арыппайдың тергеудегі мерейін ол ұмыта қоймаған тәрізді. Көрген жерден бұдан көз алмай қалған. Тілмәш бола келген қияқ мұртты дүңген жігітіне Арыппай сөзімді аудар дегендей тез қарап өтіп, жаңағы полицейлерге шүйіліп:

- Ей, сендер бұ жерде адам ұра алмайсың! Ертең сен барған жерге біз де барамыз! - деп, кеудесін бүктеулі қамшысымен ұрып:

- Мынау не? Тоқтат бассыздықты! - деп ақыра бұйырған. Жау жендеттерін ортаға ала бастаған көп жігіттің Арыппайдан басқасы әлі үнсіз. Бір жанжал шығып кете ме деп, жаңағы құтырынған полицейлер енді ешкімге қол көтере алмай қалды. Он шақты шерік көп жігіттің ешқайсысын жолынан жұлып тастай алмай, солардың ортасында қоршалып тұрып, тілмаш арқылы лажысыздан екі-үш ауыз сөзге келді. Іштеріндегі дәрежелі екі-үшеуі қатарынан:

- Қызды және жігітті таппай, үкіметтен ешқайда құтыла алмайсыңдар!

- Бұларың көзсіз ақымақтық! Қыз қайда? Қыз бен жігітті осы қазір табасыңдар, дереу! - десіп дүңген диқаны мен Әминадан осы жауаптарды сұрағанда, күйеуі екеуі бірдей соққы жеген әйел солқылдап жылап тұрған бойы дүңген тілімен айқын-айқын сөйлеп:

- Бар болса, алмайсыңдар ма! Осы үйлерге шетінен кіріп, әлде де қараңдар. Жоқ деп айттық қой. Таң ата келді де екеуі екі атпен осылай қарай өрлеп жөнелді. Мен қайдан білем, олардың қай жерде екенін. Менің күйеуімнің не жазығы бар, осынша?! - дей, қос алақанымен бетін баса бүгіліп, еңіреп жылады.

Бұл уақытта қазақ жігіттер Әлиді қаумалап көтеріп үйге енгізіп бара жатқан-ды. Осыдан кейін шеріктер тобы енді сөзге келмеген бойларында томырылып аттанып, Керімбек ауылына қарай тартып кетті... Керімбектің қасында екі-үш күннен бері өз жиынын үзбей жүрген көп адам бар-ды. Осындай бір қимылдың болатынын күтіп, исі Шеру болған жердегі әр атаның, мол атаның адамдарынан осы ауылда үй-үйге тегіс бөлініп, қона жатып жүрген шоғыр-шоғыр, топ-топ қонақтар екі күннен бері тарамаған. Міне, түнге айнала келіп Керімбекті ортаға алған шеріктерге сол көпшілік көлденең тұрды. Бірақ Шеру бұл істен бас амандап тануды ойлаған жоқ. Енді сөзді ашыққа сала сөйлеп, қыздың төлеуі жеткен қыз екенін, соған бір емес, бар Шеру куә болатынын, қыз бен жігіт те бір-бірін әу бастан қалаған жастар болғанын, қайта ол екеуі үкімет заңынан өз бастарына еркіндік, пана тілеп, жанашыр жәрдем сұрайтынын дәлел ғып сөйледі. Керімбек қыздың өз қолынан алынған, саусағын басқан қолхатын да дәлел етіп араша боларлық айғақ пен куәлікті молайтып жатты. Шеріктердің Әли ауылындағы жаңа ғана Арыппайлар көрген ойрандарын бұлардың өз беттеріне қарсы басты. Бұл ертеңгі берілер жауаптың да шеті. Сонымен қанша зәрін шашып, кәрін төгіп келсе де, шеріктер көпке топырақ шаша алған жоқ. Бұларды үйге түсірген күтуші жігіттерге қонағасы дайындатып Абдолла, Керімбек, Тайлақбай, Қарымсақ сияқты кісілер өздері бірге болды. Алғашында аттан түспей тұрған шеріктер:

- Сендер қызды таппасаңдар, осы бойда Күреге жүресіңдер!

- Таппай ешқайда құтылмайсыңдар! - десіп, қазақтың жаңағы үлкендер бастатқан жаяу тобымен дігір сала тілдескен. Кейін бағанағыдай дәлелді жауаптасудан соң барып, Күреден бері қарай әулекілене шапқан жасауыл әптігі басылып, сабаларына түсіңкіреген. Қонақ үйдің төрінде қарғадай тізіліп он екі шерік отыр. Сыртта кермедегі аттарының терін үгіп, құрғатқан болып бір шерік пен бағанағы екі полицей жүріп алды. Қарымсақ оларға жай мезіреті үшін, үйді нұсқап, өз аузын қолымен көрсетіп, тамақ ішулерін айтып еді. Соған қарай олар да өз қарындарын алақандарымен баса, белгі берісіп, тоқ екендіктерін ұқтырды. Бірақ бар топтың ортасындағы мылтық, қылыштан өзге жалғыз автомат осылардың мойнында болатын... Тілмәш шеріктерді бастаған сырықтай ұзын, сида, өзі барынша тәкаппар лейтенантпен Тайлақбайды азырақ сөйлестіріп отырды. Олар қазақтың тұрмысын қызықтағансиды. Анау бір жерінде аңқаусып: - Аттың сүтін (жалпы жылқыны айтқаны) іше бергенде ақыл кіргізе ме? - деген. Тайлақбай оның екі танауынан түтін бұрқыратып отырған сиқына көз салып:

- Біздің қазақта «тапқаның алтын болғанмен, тартқаның темекі болған соң, қу жаныңа не пайда!» дейді. Қымыз одан жақсы, - деді. Сөйте отырып бір қозы жеген жасақтар ел ішінен қызды қолға дереу тигізіп, жұлып әкете алмай, соның есесіне жауапкерлерді тізіп қайтып еді. Керімбек бастатқан: Абдолла, Арыппай, Әли, Тайлақбай сияқты он шақты адамды әкетті. Рулы ел бұл жолы осы аз ғана жауапкердің өзін жіберіп қана отырмастан, осындағы жұп жазбай жүрген жүз қаралы кісісінің барлығы да өз беттерімен аттанып куәлікке кетті. Малға-жайға иелік етер, бір ауылдың кейбір жалғыз басты кісісі де бұл сапардан жырылып қалған жоқ.

Мамозы бұ жолы полиция мекемесіне тоқталмай, уездік үкіметке барған. Арызда Шеруге көп пәлені жамап, жала жауып төндірген.

«Шеру шендесіп алды. Бұрынғы өз істеп жүрген бүлік істерінен асып, енді дүңгеннің қызын дүңгенге алып қаштырып және бүкіл Шеру болып жиналып ап, қуғыншының алдын тосып, қыз иесіне, оның өз әкесіне есе бермеуге дейін жетті! Қару, сойыл көтерген жасақ құрып, ашықтан-ашық адамымызды тартып алды. Үкімет заңына елді қарсы қойған өте үлкен қауіпті ұйымдастырушы бар. Соны білмей болмайды!.. Ол - Керімбек! Соның кесірінен кәзір ел ішінде үкімет жұмысын жүргізуші, ақалақшы - Абдолла да өз қазағының ықпалынан шықпай, ашық сырт беріп, саясатымызға қарсы кеп отыр! Дүңген ұлтының өз арасына іріткі салып, ала ауыз етуге ең басты себепкер болып отырған бұзғыншы Керімбек тергелсін! Мұның бәрі ертеңгі күні ұлы үкіметіміз үшін арты жақсылыққа соқпаудың нышанасы! Әсіресе, осы Шеру елін үкімет заңына қарсы ұйымдастырып отырған өте қауіпті Керімбек тәрізді басшыларын еске алмай болмайды! Тек сондай Қарымсақ, Арыппай, Әли сияқтыларын ел ішіне қоймай, аластауын сұраймыз». Мамозы сөзі осы.

Енді осыған орай Шерудің арызы да арты мығым сөздей боп, қомақты жатты. «Мамозы аз үйлі кедей дүңген ауылын ойран етіп, шауып кетті. Жазықсыз қатын-баласын шулатып ұрып, кісісін мертіктірді. Ал Әли інісі болса, заң орны - өздеріңіз бұрыннан жақсы білесіздер, алты жыл бойы табандап қыз әкесіне ақысыз, пұлсыз еңбек еткен. Қызды өз әкесі бермек болғанда өтірік бауырмашыл кісімсіп бергізбеген Мамозы! Тіпті сол үшін Әлидің құдалыққа қолдан өткізген малдарын да Мамозы қайырып бермей жеп отыр. Кедейлерге ашық зорлық көрсетіп, кектендіргендіктен ақыры бір-бірін сүйген екі жастың қосылып қашуына әкеліп соқтырып отыр. Барлығына да өзі себепкер. Қыз өз әкесімен бірге туысқан Мамозыны дұрыс дейтін болса қашар ма еді? Өз қыздарының бұншалық қарсылық әрекеті өздеріне дәлел.

Осыған бүкіл Шеру ішінде, қалыстық ретінде, Әлиді қолдамайтын адам жоқ. Неше жылдан бергі Мамозының көрсеткен қорлығына салғастырғанда ата-аналарына тиесілі ақысын өтеп, сүйген қызын алып қашу қандай айып екен? Мамозы зорлығының салдарынан сол өткенін қайтып ала алмай, ақ-адал ақысын жегізіп отырған соң өзі ықтияр қызды алып қашу тіпті, бері айтқанда амалсыздан туған. Мамозының зұлымдығын аяусыз көрген Әлидің жан ашуы мұнымен де басылмақ емес. Керек десе, бұлармен ақылдаспай алып қашылған қыз үшін полицейлер Әлиді әйелімен қоса соққыға жыққан. Ол да Мамозының жапқан жаласынан. Және қыз алып қашылғанда Шеру жиыны сол үшін жиылмаған».

Осылардан басқа арызға бел болғандай тағы бір ерекше жай, «Мамозы салған ойраннан шошынған екіқабат әйел бала тастады. Жазықсыз бір адамның егіс кезінде қолын сындырды. Одан басқа Мамозы өлімше ғып сабап кеткен бір Шеру қазір қауіпті халде жатыр». Шеру сөзі осылар.

Уездік үкімет әкімі - Ма шяньгон екі жақтың осындай соқталы пікірімен санаспай өте алмады. Екі арыздың әрбір сөзін көп қадағалап, салмақтап әуеліңде үнсіз тексерді. Сонан соң екі жақты кезек айтыстырып, үйездік мекеменің өз сұрақ-тергеуімен ырғастырып тексертті. Бұл жағына келгенде Шеру бір ауызды болатын. Күременен қырық жылдай істес болып көрген Тайлақбай да бұл жолы өз сөйлер үлесінен шетте қалмай, ұлық алдында екі жаққа да бар куәлігін айтып, үлкен дауға бел шешіп кірісіп еді. Міне, осындай жаңғырығы мол, сан салалы даудың алды-артын шолып, бас-аяғын шөлкемдеп ұғып болғанның өзіне бір жұма уақыт өтті.

6

Бұл уақытта қыз бен Осман қазақ ауылында. Әнеугүні Мамозының арт жағына қалдырып кеткен торуылы бары сезілген. Сондықтан ауылда еркектер қарасын үзбесін, қызға ие болмай қалмасын деп, үлкендер кейінгі жақты арнайы адамдарға аманаттап, қыз, жігітті Қанікенің қолына табыстап аттанған. Бәйбішенің бір кішкене ұранқай үйі босатылып, Осман мен қазақ салт-сырын жақсы білмейтін жас келінді сонда енгізген. Бұл екі жасты ауыл бір жағынан таң көріп, әрі екінші жағынан басына іс түскен мүсәпір санап, орталарында сыйлап ұстап сақтаған. Ертелі-кеш үйлеріне кіріп, екеуімен әңгімелесіп, кейде бұларды кезек-кезек мейман етіп әр үйге асқа шақырып, үлкен-кіші ішке тартып, елдік сый көрсеткен. Бұларға көбірек қатынасушының бірі Мақсұт болушы еді. Мақсұтты үлкендер бұл сапарына қоспаған. Өйткені үкіметтің оқуын оқып шыққан мұғалім жігіт үшін ел қазағымен бірге арыз бағып, дау көздеп жүру гоминдаңшыл, заң қуған мекемелердің қитығына тиетін-ді.

Дүңген жұбайларды өзгеше бір қызықтап Мамыртайдың да көбірек бас сұғып, айналсоқтап жүретін әдеті бар. Бірақ мұның келіншегі:

- Немене, сонша иектеп, ашылаған қойдай үймелейсіңдер, дүңгеннің қызы тұз төгіп отыр ма? Тәп-тәуір басыңмен әлдекімге ұқсап «бәленше» дегізіп, жан-жақтағы ел-жұрттан ұят емес пе! - деп, шәшбаулап тарта беретін. Мамыртай бұл сөздің әйел мінезіндегі «шырғалау» екенін білетін.

Мақсұт пен Мамыртай анау күні Өмірші сайынан аттанып, күн еңкейе ауылға келгенінде Қаніке Османға арнап осы кішкене үйді босаттырып, даярлап қойған екен.

Екі жігіт аттан түскен соң, осында қымыз алдырып, сол күні Османмен бірге болған. Інісі Әлидей бойы ұзын емес, дембелше, шапшаң қимылды қара жігіт.

Мақсұттар кішкене үйдің төріне шығып, еншіге берілген таза сырмаққа отырғанда көзінің шатынаңқы оты бар Осман есік жақта түрегеп тұрып қалған жас қалыңдыққа түсін жылытпастан, дүңгенше бірдеңе деп қаттырақ сөйлеп қалды. Шамасы «состиып тұрмай отыр», деген болса керек. Өзі ешнәрсеге жасқанып, жалтақтағанды білмейтін, оның бәрін өмір, тұрмыс ұмыттырған, төте мінез жігіт сияқты. Дүңген қызы да ерекше. Екі беті доп-домалақ, бұлтиған томпақ көзді, иық, кеуде тұстары тығыршықтай болған бойжеткен қараторының сүйкімдісі екен. Бар денесімен бүлдіршіндей көз тартады. Ол Османның жаңағы айтқанын тез орындап, оның аяқ жақ жанынан лып етіп, жанасып отыра қалды. Егіз қозыдай жарасып тұр. Қаніке бұларға қымызды өз қолымен енгізіп, ішіне сылдырмақты ожау салынған кішкене сары тегенені ортаға қойды. Өзі де аз байсал тауып отырып:

- Ал қызым, міне, мына қымызды бүгіннен бастап былай сапырып өзің құясың. Екеуіңнің бұл ерлігіңе ризамыз, әрі ортақпыз. Өзіміз де жас болып, батылдық жасап көргенбіз. Қолыңнан осыншалық іс келіп жүрген, атаңа рахмет сенің! Қыз болса, сендей-ақ болсын! Енді осыны бүгіннен бастап өз үйім деп санай бер, шырағым! - деген. Қай-қашан осындай үлкен іс күтіп тұратын әйел Қанікенің дүбіршіл жаны қанағат тауып отырғаны байқалады. Жас қалыңдық тілі қазақшаға жетік емес. Сәл қаймығып, айтқанды түсініп қана отырды да:

- Мамаңзы!* Мен саған... рахмет! - деді. Әр кімге бір қарап, өз сөзінің көңілден шықпағанына қысыла түсті. Біраз қымыз ішіліп, жастар ортасында көңілді әңгіме басталғанда. Осман қызды кеше түні қалай алып қашқанын, ауылынан қайтып ұрлап шыққанын әңгімелеп берді. Өзі Әлилердің не жағдайға ұшырағанын Мақсұттардан білді.

 

*Мамаңзы - шеше деген сөз (дүңген, қытай тілдерінде).

 

Мамыртай бір сәтте дүңген тілі қытай тіліне жақын болатынын еске алып осыны сұрап еді.

- Осман, осы дүңген ұлтының тілі қытай тіліне ұқсас, ал діні болса мұсылман - Ислам діні. Сонда тегі сендердің жаралыс - тек, ата мекендерің өзі кім, қай жер болғаны? Білесің бе?

Осман бұл сұрауға ілінген жоқ, сартылдап шапшаң сөйлеп жауап берді:

- Біздің дүңгәнға қытайлар «Хұй-зу» деп ат қойып берген.

Хұйзу, қытайша «қайтқан ұлт» яғни «айныған ұлт» деген сөз. Естуімше Хазіреті - Ғалидің әскері қытайдың Тибет жағындағы Гансу, Шыңхай деген өлкелерге дейін бағындырып барады. Сол жердегі бұрынғы Шаман дініне бағынатын ұлт тайпалары енді Ислам дініне кіріп мұсылман болады. Сол - дүңген екен. Қытайлар дүңгәндарға сол кезден бастап «хұй-зу» - «қайтқан ұлт» немесе «шегінген ұлт» - деген мағнадағы атты береді. Біздің үлкендер солай айтады. Османға әңгіме еркі көбірек тиіп, мынау жігіттер оны ден қоя тыңдап, жақсы құлақ салғанға монтиып, қымыз сапырып отырған үнсіз қалыңдық - Патиманың да шырайы алғашқыдан өзгеріп, құлықтанып қалды. Сырлы тостағандағы қымыздан бір ұрттап қояды да, көк өрік шайнағандай көзін ашырқана қысып, ерінін шүйіріп жұтқынады. Мамыртай Османнан тағы бір жайды сұрады.

- Осы «дүңген қашқан» деген қалай болған? Сол өзі қытайға қарсы бар дүңген көтерілген дейді, басы қалай шығып, дүңген атаулы қайтып біріккен?

Бұған Осман онша жартымды жауап айта алмай:

- Елдің бірігуі қай-қашан тек бастаушыға байланысты ғой. Олар өзіміздің осы үкіметке қарсы қозғалып, аяғында өздерінің тоз-толаны шығыпты. Дүңген генералы - Ма жұң йың деген кісі басқарған қозғалыс дейді ғой, әйтеуір, - дегеннен артық мардымды ешнәрсе айта алмап еді. Бұл әңгімені Мақсұт өрбітті.

- Ма жұң йыңды, Махосан деп те атайды екен... Бұның барлығы осы өз үкіметіңнің халыққа көрсеткен езгісіне қарсы бас көтергізіп отырған әрекет. Мамозы сияқты үкіметтің көзсіз қара күштері ол тұста да көбейе берген. Халықты езумен болған. Мысалы 1931 жылы Құмылда ұйғырларды көтерген Қожанияз-қажым да дәл осындай қайнаған халық кегімен көтеріліс тудырған адам. Со сияқты отызыншы жылдардың басындағы бүкіл ішкі Қытайды мекендейтін дүңген мен Шыңжаңдағы дүңгендер дүрлігіп бір-ақ көтерілген. Соның «дүңген қашқан» болып аталуының себебі бар. Жаңағы генерал өте іскерлікпен астыртын жұмыс жүргізіп, әуелі дүңгенді тегіс қозғап, сонан соң бір күнде лап еткізіп соғысты бірден бастаған. Бірақ үкімет Шыңжаңдағы жергілікті өзге халықтардың барлығын тек бір ғана дүңгенге тез арада қарсы қойып, бірден жауып жібереді. Дүңген көтерілісінің кемшілігі үкіметтен дәл өздеріндей езгі көріп отырған өзге аз ұлттармен біріге алмаған, тар көлемділігі болады. Тек Алтай аймағында ғана 1933 жылы Ма жұң йыңның қолдаушысы Марұлұң деген дүңгеннің ұйымдастыруымен біраз қазақ қосылған болса да, ондағы атақты Әлен-уаңның тоқал шешесінен туған інісі - Шәріпхан Сауыр тауында өзге халықты ұйымдастырып: найза, тоқпақ беріп аттандырып көтерілісшілерді қанды қырғынға ұшыратады. Қаба ауданының «Құм», Сарбуыршынның «Шұңқыр» деген жеріндегі орыстар да Иванов деген адамның бастауымен Шәріпханға қосылған. Сонымен олардың халық ішінде ешқандай сүйеніш күші болмай, қайта Жаң қай шы өзге халық күшімен қосылып, екі жақтылы қатты соққыға ұшыратып, жеңеді. Жеңіп қана қоймастан енді көзге дүңген баласы көрінсе, сол жерде ұстап өлтіруте, қанқұйлы үкімет барлық ұлттарға жарлық шығарады. Адамның ақымағы осындай кезде дараланады екен... Жайшылықта біреуге «сен ақымақсың» десе, соны айтқан кісіде көз құны кеткендей болары хақ. Ал мынандай тұста ондайлар үшін адам өлтіру қой бауыздаудай-ақ. Бойжеткен қыздарды сойылмен ұрып өлтіргенін дардай мақтангершілікке санаған киіз кеуделерге шек - дауа бар ма?! Құр қол әйелге күші жеткенінен ләззат тапқандарға не айтасыз. Мұштайзыдағы бір бай дүңгеннің келіні қу шыбын жан үшін қолындағы алтын жүзіктері мен асыл тасты алқа-моншағының бауын пытырлата үзіп, қос алақанына салып жалынып ұсынғанына қарамай, кәдуілгі Бурабай әлгі жас келіншекті кетпен саппен «түлкідей соғып» алғаны жыр болған. Содан аяғында дүңгендер, тіпті жан сауғалар жер таппай үй-жайын тастап, қатын-баласымен тау-тасқа шұбырып қашып, адам айтқысыз зор қанды қырғын апатқа ұшыраған. Жазығы жоқ жалаңаш қарын жас бала, өлмелі кемпір-шалына шейін ең оңайы қолға не түссе сонымен ұрып өлтірілген. Міне, дәл осындай құлақ естігісіз зобалаңның салдарынан алдымен қатын баласын арба-шанаға тиеп апарып өз қолымен Іленің суына тастап, соңынан өздерін дарияға атқан жәһил дүңгендер ауыздан-ауызға көшіп әңгіме болған. Сонымен Шыңжаңдағы жарты миллиондай дүңгеннің алғашқы бұйрық кезінде кебі қырғынға ұшырап кетеді. Ішкі жақта қырылғаны қаншама!

Бұл әңгіме тұсында қаны қозғандай, таң-тартыста қалған Османға Мақсұт сәл қарап отырды да, аяқтамаған сөзін жалғап:

- Бұл нәрсе қанша жанышталып, табанға салынғанымен, езгіге ұшыраған халық бар жерде ешқашан жойылып кетпейтін тамыры терең күш! - деді. Сол қудалаудың соңғы кезінде әлде қалай бұйрық шығып, тұқымымен біржола оталып кетуден зорға аман қалған дүңгендерді қатты ауыздықтап ұстаған өкімет, олардың ендігі тигізер пайдасын да таразыламай қалмаған. Үкімет пен өзге аз ұлт арасына тіл жалғастыру тек дүңген қолынан келеді. Енді солар ішінен Мамозы сияқты «Отаны үшін» атса оқ, шапса қылыш боларлық «ақжүректер» баулу керек болған. Жоқ жеріне назар астында жетілдіру, егу дәурені туған. Соның нәтижесінде бұрынғы генерал - Махосан идеясынан ат-тонды алты қырдың астына әкетушілер көріне бастаған. Түпкі қазық тірегін енді Гоминдаң өкіметінен мықтап тапқандай болғандар Мамозы сияқтанып ашық бел шешіп, тай-таласқа шыққан. Өзінің бұрыннан-ақ «адал» екенін жоғарыға дәлелдеп берушілер де осы тұста табылды. Мамозыны Мамозы етіп отырған күй, әне сол екенін қазақ жақсы ұғынушы еді. Одан бұрын Мұштайзы дүңгендері мен Шерудің бірлігі, ауызға аларлықтай татулығы бар көршілер болған.

Ұйғырдан - «Қожанияз-қажымның жалақшысы» деп, қазақтан «Дәулеткелдінің құйыршығы» деп халықтың сансыз ұлын Үрімжідегі 80 мың тұтқын жатқан түрменің қанды шеңгеліне алғаны сияқты, дүңгеннен де «Мажүңйың сыбайласы» дегеннің бәрін жусатып, бұл ұлтты да сол тажал зынданына тоғытып жататын. Бұрынғы сондай ержүрек көтеріліске ие болған ұйымшыл дүңген жұртының әлденеше Мамозылары енді сол ерлікті екінші қырынан шешіп, «ұлы Гоминдаң өкіметі» үшін жалданған.

Үш жігіт біраз әңгімелесіп осындай сыр ашқанда Мамыртай Патиманың қымыз сапыруды ұмытқанын іштей аңғара отырып, бір сәтте Османға көзін қысып қойды да, сөзіне әзіл араластырып: - Келін қарағым, алдағы қымызыңды сапыра түс! Біздің қазақта «бір піспекті артық ұр» деген сөз бар, - деп аңқаусып сөйледі.

Патима мұның «піспегін» түсінген жоқ. Тек Осман өзі құрбы Мамыртай мінезіне еріксіз күліп жібергенде, Патима не екенін түсініп алғысы келіп:

- Пісмек? Не ол пісмек? - деп, сұраулы жүзбен Мамыртайға көз салып: - Пісмекті қайда ұрады? - деді.

Жігіттердің үшеуі бұл тұста амалсыз қатарынан күліп жіберген. Алдымен дар етіп күлуші Османның өзі еді. Патима енді ұялып қалғанда, Мақсұт Мамыртайға наразы күбірлеп:

- Әй, сенің де шығармайтын сұмдығың болсашы, - деп, сөзінің аяғында Патимаға «піспек» жәйін дұрыстап түсіндіріп берді. Патима арада он-он бес күн өткенде қазақ ауылының үй іші тірлік шаруасына өздігінен араласып; су әкеліп, самауырын қойып жіберу сияқты жұмыстарына сыртқы көзден бой таса кездері жасқанбай кірісіп кететін болды. Қанікенің:

- Қарағым, «достықта қожа мен құлдың құны бір» деген. Бір сенсіз де іс бітер, аңдушының көзіне түсіп қап жүрме! - дегеніне де қарамайтын. Осман екеуі күндіз бой тасаласа, кешке ауылдың өзіндей қыз-келіндерімен бірге, ай жарығымен «ақ сүйек», «кім керек» секілді, бозбалалар бастайтын мәз-мереке, шат күлкі, қызулы тамашада ойнайтын.

Бұл кезде қазақ ауылы Патиманың бір өнеріне ынтығып қолқа салатын болған. Дүңген жұртында болатын «баспа кесте» дейтін кесте бар. Түс жібекті матаның екі бетіне бірдей төгіп тігетін бір үлгі. Қай жағынан қарасаң, айырып алғысыз, күлгінді - жасыл жібектен көздің жауын алдыра кең шалып, бос төгіп тіккенде нұр жайнайды. Ол өте-мөте, қыз-жігіттер ұстайтын ақ жібек орамалдың төрт бұрышына жарқырап түскенде қай жастың болмасын әуесін келтіреді. Қазақ тіккен шым кесте, кенуа кесте, біз кестелерден бұл өзінше бір алуан. Ел ішінде қалпақты шекеге киіп, ойын, той іздеп, сән көздеп, қалтасында иісмай, әтір, қыз-келіншек аңдып жүретін мырзасұрай жігіттер болады. Солар үшін, әсіресе, қыз-келіншек тіккен кестелі орамал ұстау бір мәре. Патиманың мына кестешілік өнерін бұл ауылға қымыз іше келген нешеулер зор жаңалықтай біліп, бұндағы жеңгелерге шетінен қолқа салып, баспа кестелі орамал ұстаушылар пайда бола бастаған. Олар тіпті заманы келген адамдай.

Кішкене үйде Патиманың айналасы құлпырған қытайы жібекке жәйнап, толып жатады. Ортасында инесін жібек бауымен шұбалтып ұстап, көзі бұлтиып, Патима отырады. Қасына ертелі кеш ауылдың қыздары да қамалап, баспа кесте үйреніп, Патиманы кезек-кезек үйіне шақырып, қонақ ететін. Осы өнер кейін көрші елдердің де көзін тұндырып, «Шерудің баспа кестесі» атағына ие болып еді.

(жалғасы бар)

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1463
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3230
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5322