Байденнің жолдауы мен Зеленскийдің Еуропа сапары
Өткен сейсенбі күні кеште АҚШ перзиденті Байден мырза Конгрессте жыл сайынғы есебін берді. Түрлі факторлардан туындаған қымбатшылыққа қарсы шара қолданғанын, соңғы алты айда инфляция деңгейінің қалпына келе бастағанын, жұмыссыздық көрсеткішінің 3,4 пайызға түсіп, 1969 жылдан бергі ең төменгі шекке түскенін жеткізді.
10 миллион адамның өзінің жеке кәсібін ашқанын, инфрақұрылымы жағынан кезінде әлемнің маңдай алды болған Американың соңғы кезде 12 орынға түсіп қалғанын, екі жылда тағына қайта қонуға жақындағанын жеткізді. Америкалықтардың денсаулығына, медсақтандыруға, ұрпақ тәрбиесіне ерекше көңіл бөліп отырғанына барынша тоқталды. Өндіру құны 10-15 доллар болатын дәрілерді 400-500 доллардан саудалаған алпауыттарды тәубесіне түсіргенін қадап айтты.
«2020 жылы жылдық таза кірісі 40 миллиард доллардан асатын 55 компания болыпты. Олар көк тиында табыс салығын төлемеген. Мен оларды табысының 15 пайызын қазынаға құюға заңмен міндеттедім, жанармай бағасы шарықтап кеткен былтырғы жылы ірі интернет алпауыттары 200 миллиард доллар таза пайда тауыпты, оны елдің қиыншылығын шешуге емес, қалталарына басыпты», - деді. Соңғы 20 жылда Американың сыртқы қарызының еселеп өскенін, әсіресе, Трамп билік құрған кезде тіпті, шарықтап кеткені, өзінің екі жылда қарызды 1,7 трилионға азайтқанын тілге тиек етті.
Жаңа жыл басталғалы бері елде қолына қару алып, жазықсыз жандарды қанға бөктірген қайғылы оқиғалар, сақшылардың құқығын асыра пайдалану фактілері көбейгені белгілі. Байден зардап шеккендердің жақындарын да есебін тыңдауға шақырған.
Байденнің пафосқа толы «жолдауын», анығында, есебін отырғандар біздегідей бір ауыздан қолдады десек өтірік айтқандық болады. Республика партияның өкілдері арасында өре түрегеліп, сөз таластырып отырды. Биік мінберде отырған Өкілдер палатасының жаңа төрағасы Кевин Маккарти күні бұрын тілшілерге Байденнің баяндама қағазын жыртпайтынан айтқан еді. Ол бастан аяқ өзін өте ұстамды ұстады.
Байденнің кезекті есебі Қытайдың тыңшы әуе шарының АҚШ көгіне сұғынып кірген, Путиннің Украинаға басып кіргеніне бір жыл толатын ерекше жағдайда жасалғандықтан әлем назарын өзіне қаратты. Байден Украинаның АҚШ-тағы елшісі Оксана Макарова ханымды да көпке көрсетіп, соғыс қанша уақытқа созылса да, көмекті тоқтатпайтынын жеткізді. Дүниежүзілік екінші соғыс кезінде Кеңес одағының одақтас елдердің көмегімен жеңіске жеткенін Путиннің есіне салды. Қытайға қарата жоғары технологияларын өздеріне қарсы жұмсауға емес, халықтың тұрмыс өресін жақсарту үшін беретіндерін, қарсыласуды емес, әріптестікті қалайтынын айтты.
«2020 жылдан бастап демократия әлсіреп, диктатура күшейді деген түсінік етек алды. «Америка жеңіледі» деп бәс тіккендердің өзі ұтыста жеңіледі», - деді.
Байденнің есебінен кейін бәсекелес Республика партиясы жаңа сайланған партияның жас буынының өкілі, Арканзас штатының басшысы қырық жастағы Сара ханымды жарыс сөзге шығарды. Кезінде Трамптың баспасөз хатшысы болған Сара ханым президенттің есебін ілікке алғысыз етті. Байденнің қарттығын алға тартып: «Ол биыл сексенде, ер мен әйелді парықтаудан қалған (бір жыныстылар некесін қолдайды). Шекарамыз ашық қалды (заңсыз қоныстанушылар көбейді), Аспанымызға кім көрінген баса көктеп кіретін болды (Қытайдың әуе шарын меңзейді), оқушылар мектепте бауырмалдықты емес, өшпенділікті үйренетін болды (солшылдық идея етек алды). Демократтардан құралған билік елге қызмет ету миссясын ұмытып, халықты билеп-төстеуге көшті», - деді.
Байден баяндамасында Украина туралы ел күткендей ештеңе айтпағанымен, Зеленскийге қошаметті оның Еуропалық одақтастары көрсетті. Украина басшысы Сәрсенбі күні алдымен Лондонға аялдап, артынан Парижге қоналқылап, ертесі Франция президенті Макронмен бірге Брюсселге ұшып барды. Еуроодақ кеңесінің төрағасы Шарль Мишель мырза Зеленскийге: «Шаңырағыңа оралуыңмен, Еуроодаққа қош келдің», - деді.
Еуропарламентте сөз алған Зеленский: «Біз өзімізді ғана емес, Еуропаны да қорғап жатырмыз», - деді. Еуропарламент төрайымы Роберта Метсола да бұл күннің Еуропа жылнамасындағы тарихи сәт екенін атап өтті. Осы уақытқа дейін Еуроодақ елдерінің Украинаға 67 миллиард еуродан астам көмек бергенін айта кеткен жөн.
Кәрі құрлық елдерін орыс басқыншылығына қарсы ұйыстыра білген Зеленский бұл жолы да олжасыз қайтқан жоқ. Еуроодақ елдері соғыс ұшағын сұраған Украина басшысына нақты жауап бермегенімен, Англия басшысы емеурінін жасады. Киевке ұшақ беріп, көмекті жаңа сатыға көтеруді жоққа шығармайтынын айтты.
Сәрсенбі күні ағылшын үкіметі украин ұшқыштарын дайындауға кірісетінін мәлімдеді. «Ұшақ берудің Еуропамен барша әлемге әкелетін саяси зардабының ауыр болатынын», айтып байбалам салған Ресейдің Англиядағы елшісіне: «Өздерінің байыппен әрекет етіп отырғандарын, зардаптың бәріне орыс жағы кінәлі екенін», жеткізді. Ағылшын парламентінде сөйлеген сөзінде Зеленский: «Мен сіздер мен әлемге артық емес, өте өзекті өтінішімді жеткіземін: Украинаға ұшақ беріңдер, еркіндікке қанат бітіріңдер»,- деген еді.
Есбол Үсенұлы
Abai.kz