Жұма, 22 Қараша 2024
Ақмылтық 4496 9 пікір 23 Ақпан, 2023 сағат 13:45

Сұхбат: Қазақстанда русофобия бар ма?

Соңғы кездері әлеуметтік желілерде, соның ішінде солтүстіктегі сойы бөлек көршілеріміздің бұқаралық ақпарат құралдарында «Қазақстандағы русофобия» тақырыбы қыз-қыз талқыға түсіп жатқаны белгілі.

Кейбір соғыс тілеген Ресейлік саясатшылар мен пропогандалық БАҚ өкілдері Қазақстанға қарата түрлі арандатушылық сипаттағы жаптым – «жала, жақтым – күйе» әңгімелерді қайта қоздырып, олардың кейбірі тіпті еларалық даудың білтесін тұтатып жатқаны да өтірік емес.

Сонымен, Қазақстанда русофобия бар ма? Қазақстандағы этникалық топ өкілдері бұл мәселеге қатысты не дейді?

Біз Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, тіл жанашыры, Жетісу облысы, Ақсу ауданы, Қапал ауылдық округі әкімі аппаратының Бас маманы Владимир Чепель мырзамен сұхбаттасқан едік.

Владимир Чепель: Тұрып жатқан жеріміздің тілін білмесек, басқа дүниесін қалай түсінбекпіз?

- Бірнеше уақыт бұрын Ресейлік БАҚ тарапынан Қазақстандағы русофобия туралы айтылды. Бүгінгі күнге дейін осы мәселе төңірегінде әңгіме туындап жүр. Сіздіңше еліміздегі русофобияның деңгейі қандай және оны бар деп айтуға бола ма?

- Бұл жерде шынын ұялмай, қысылмай айтуымыз керек, Қазақстанда ешқандай русофобия жоқ. Оған өзім талай ауыл-аймақта жүріп, қалаларды аралап көз жеткізгенмін. Қазақстанды өте ерекше, бай мемлекет деп айтуға болады. Себебі біз көпұлттымыз. Елімізде жүзден астам ұлт өкілдері тұрады. Бәрі бір отбасыдай, бір шаңырақтың астында тату-тәтті күн кешіп жатыр. Қазақстан Республикасының ішінде болып жатқан оқиғаларға бәрі белсенді түрде қатысады. Қандай да бір шаралар өткенде еліміздің барлық азаматы ұлтына қарамастан тең дәрежеде атсалысып келеді. Оған Түркия мемлекетінде болған апаттық жағдайды мысал ретінде айтсам деймін. Біздің азаматтар тіліне, ұлтына, дініне бөлінбестен бірігіп, қолдан келгенше көмектесіп қайтты. Сонымен қатар Қазақстан Ресей мен Украина арасындағы мәселеде талас-тартысқа түсіп жатқан жоқ. Өйткені еліміздің әр азаматы бейбітшілікті қалайтынына, жағдайдың дұрыс шешілуін тілеп жүргеніне сенімім мол.

- Мобилизациядан кейін Ресей азаматтары көп келген елдің бірі – Қазақстан. Бұл жағдайды жергілікті тұрғындар қалай қабылдады және қалай қарсы алды деп ойлайсыз?

- Иә, расымен де Қазақстан Республикасына сол уақытта көптеген азаматтар табан тіреді. Оған себеп, біріншіден, Ресей Федерациясымен шекарамыз ең үлкен әрі ең жақын. Әрине, Ресей азаматтары тек қонақ ретінде келді. Ешқандай артық теріс әрекеттер жасамай, біразы өз мемлекетіне қайтып кетті. Халқымыз оларға ешқандай қысым көрсеткен жоқ. Мен ол кезде Астана қаласында «Жеті қазына» мега жобасына қатысып жүргенмін. Сонда көшеде кездескен жандардың ішінен Ресейліктер сөйлеуінен, киім киісінен бірден білініп тұрды. Оларға өз азаматтарымыз қай жерге қалай бару керек, қалай табу керек екенін анықтап, байыппен түсіндіріп жатты. Бірақ Алматы, Астана және өзге де қалаларда оқып жатқан студенттер мен жергілікті тұрғындардың пәтерден шығып қалып, тұратын жер таппай сабылғанын жоққа шығаруға болмайды. Ресей азаматтары үшін өз жерлестеріміздің пәтерақыны қымбаттатып жібергені бұрыннан қордаланып келе жатқан баспана мәселесін көтеріп берді. Тіпті пәтер таппағандары көшеде қонуға мәжбүр болды. Әлеуметтік желілерден талай бейнекөріністі өз көзіммен көрдім де. Мұндайда отандастарыма басымызға қандай іс түссе де, қандай заман туса да адам болып қалуды ұмытпайықшы дегім келеді.

- Өзіңіз қазақ тіліне өте жетіксіз. Елімізде мемлекеттік тілді меңгеруге мәжбүрлік, қысым бар ма? Өзге ұл өкілдері мемлекеттік тілді қаншалықты жақсы меңгерген?

- Мен өзім тіл жанашырымын, мемлекеттік тілімізді өте қатты құрметтеймін, сыйлаймын. Қазақстан Республикасының тұрғындарын, әріптестерімді, достарымды, замандастарымды әрқашанда мемлекеттік тілді үйренуге шақырып жүрмін. Қолымнан келгенше көмек көрсетіп жатырмын. Негізі біздің халық толықтай мемлекеттік тілді түсінеді деп айтуға болады. 90 пайызы тап-таза сөйлей алады. 6 пайызы кейбір сөздерді, әріптерді дұрыс айта алмаса да сөйлейді. Ал қалған 4 пайызы олар бәрін толықтай түсінеді, сөйлегенге қысылады. Себебі қасында жүрген достары, араласатын ортасы, көршілері өзінің сөйлеген сөздерін естіген кезде күле ме деген ой келуі мүмкін. Олар ақпараттың бәрін қазақ тілінде қабылдайды, айта кеткенімдей толықтай түсінеді, бірақ еркін жеткізе алмайды. Жалпы мемлекеттік тіл және басқа тіл жағынан Қазақстан Республикасында ешқандай қысым жоқ. Себебі біздің Ата Заңымызда әр адамның қандай да бір өзге тілді меңгеруіне шектеу қойылмаған. Бірақ біз Қазақстан Республикасында тұрғандықтан, тілін, дінін, топырағын, суын – бәрін құрметтеуіміз керек. Ал енді тұрып жатқан жеріміздің тілін білмесек, басқа дүниесін қалай түсінбекпіз?! Бәрі тілден басталады. Халқымыз «тіл – достықтың кілті» деп бекер айтпаған. Яғни еліміздің әрбір азаматы мемлекеттік тілді білуі керек. Сол кезде ғана қазақтың тарихын, болмысын толық түсінеді. Ең бастысы Қазақстан Республикасының нағыз азаматы бола алады деп ойлаймын.

- Жауабыңызға көп рақмет!

Назерке Алтайқызы

Abai.kz

9 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1463
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3230
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5322