5 жылдық тұжырымдама: Ауылдың ажары кіре ме?!
Дүйсенбі күні Президенттің пәрменін орындау үшін Үкімет Ауылдық аумақтарды дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасын бекітті. ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайылов қаулыға қол қойды. Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша, 2023 жылдың басында республикада 6 295 ауылдық елді мекен бар, онда ел халқының 38,2% немесе 7,5 млн адам тұрады. Аталмыш жоба ел халқының үштен біріне жуық ел азаматтарының тұрмыс өресін жоғарлатуға бағытталған.
Тұжырымдаманың негізгі мақсаты – ауылдық елді мекендердің әлеуметтік, инженерлік және көлік инфрақұрылымын дамыту. Жаңа мектептер мен медициналық нысандар салып, сумен және электрмен толық қамтамасыз ету, кең жолақты интернет және ғарыштық байланыс тарту. Сонымен бірге ауыл тұрғындарының мәдени өмірін жандандыру мақсатында кітапхана, клуб, музей және кинотеатр, спорт нысандары салынып, халыққа қызмет көрсету орталықтары ашылады. Қоғамдық қауіпсіздікті күшейту үшін заманауи учаскелік полиция пункттері салынып, аудан орталықтарында бейнебақылау жүйесін енгізіліп, ауылдарда жаяу жүргіншілермен өріске шығатын малға да қауіпсіз жағдай жасалады.
Тоқ етерін айтқанда тұжырымдаманың жетпек межесі мынау: Табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен де төмен ауыл халқының үлесін 5,8 пайызға дейін азайту, ауылдық жерлерде жұмыссыздық деңгейін 4,2 пайызға түсіру, ауылдарды сумен 100 пайыз қамдау, интернетпен қамту деңгейін 97 пайызға жеткізу, 95 пайыз сапалы жолмен қамтамасыз ету, 655 денсаулық сақтау нысанын, 183 мектеп, 100 спорт ғимаратын пайдалануға беру, 650 мәдениет нысанын жөндеуден өткізу көзделген екен. Бастамасы көңілге үміт ұялатып, арты сұйылып кететін биліктің кезекті уәдесінің орындаларына күман көп.
Бес-ақ жылда ауылды «бақытқа кенелдіретін» тұжырымдама «Ауыл – ел бесігі» программасы аясында іске аспақ. Аталмыш жобаның Қазақстанды 30 жыл басқарған Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей бастамасы екені жұртқа аян. Тұңғыш президент билікті Тоқаевқа тапсырудан бір ай бұрын, атап айтқанда, 2019 жылы 27 ақпанда «Нұр Отан» (Қазіргі Аманат) партиясының XVIII сьезінде жобанының салтанатын асырып, жариялаған болатын. (Оның алдындағы аяқсыз қалған жобаларды айтпай-ақ қоялық). Бұл жобаны – Кеңес заманында одақ бойынша алдынғы орында болған Қазақстан ауылшаруашылығын «жекешелендіру» деген желеумен ту талақай етіп, ауыл халқын қалаға бостырған Назарбаевтың өз қателігін жуып-шаю әрекеті, соңғы «тұяқ серпер бастамасы» деп бағалаған жөн. Бұл жобаны «қаңтар оқиғасына» дейін Асқар Мамин қадағалап, орынбасары Роман Скляр айналысып келді. Күні кеше сол Роман үкіметбасы Әлихан Смайловтың орынбасары болып қайта сайланды. «Нұр Отанның» дәуірінде қолға алынған жобаның нәтижесіз болғанын бүгінгі халықтың мүшкіл халі көрсетіп тұр. «Аманаттың» дәуірінде ауыл халқының шекесі қызады дегенге сену қиын.
Жаңа жасақталған Үкіметтің алғашқы жұмысын көктемгі науқан кезінде жанармай бағасын қымбаттатудан бастауы – алға қойған жоспарына мүлде кереғар, тұжырымдаманың жүзеген асуына өздері жасаған бірінші кедергі. Жаңа сайланған Парламент те ауылдың түйкіліне байланысты заң жобасын ұсынып жатқан жоқ. Ауыл тұрғындарының ең басты праблемасы жер екені белгілі. Жердің бәрін монополистер иеленіп алған. Ауыл халқы жайылым мен егістікке жер таппай отыр. Одан басқа тұжырымдамада айтылған салынатын, жаңартылатын нысандарға, жолға бөлінетін бюджет қаражаты әдеттегідей жемқорлардың жемсауына кетуі мүмкін. Жарнамасы жер жарған «Жаңа Қазақстан» бұл бағытта түбегейлі реформаға әлі барған жоқ. Ауылдың 30 жылдан бері артта қалуына ешқандай саяси баға берілген жоқ. Нәтижесіз жобаларды тықпалап, мемлекет қаржысын талан-таражға салуға әбден машықтанған сыбайлас топтар жазаланған жоқ.
Алдағы бес жылда ауылдың көсегесі көгереді дегенге күман басым.
Есбол Үсенұлы
Abai.kz