Дүйсенбі, 23 Желтоқсан 2024
Билік 3491 20 пікір 30 Сәуір, 2023 сағат 16:13

Қазақ қоғамында русофобиялық көңіл-күй байқала ма?

Кез келген қоғам өз тіліне тиісті дәрежеде құрмет көрсетілгенін қалайды. Сонымен қатар, өз ұлтының өзгеден кем не артық емес екенін біледі. Әйткенмен әлемдегі ахуал, еліміздегі кейінгі жағдай сұрақты төтесінен қоюға мәжбүрлеп отыр. Сіз қалай ойлайсыз, қазақ қоғамында русофобиялық көңіл-күй байқала ма? Қазақстанда орыстілді азаматтар қандай да бір қысымға ұшырай ма?

Біз осы екі сұрақты депутаттарға жолдаған едік.

Геннадий Шиповских,

ҚР Парламент сенатының депутаты:

1) Әлеуметтік желелілерде түрлі пікірлер жүреді. Бірақ өз басым мұндай жағдайға кездескен емеспін. Тіпті араласып жүрген жақындарымыз бен достарымыз да русофобиялық көңіл-күйді байқамаған. Басқа этностар арасында да осындай мәселе бар деп айта алмаймыз.

2) Бұл бірінші сұрақты толықтырушы сауал секілді. Орыстілді азаматтар қысымға ұшыраған емес. Қазақстан – демократиялы мемлекет. Этносаралық татулық – бірінші орында.

Дегенмен бір дүниені ұмытпағанымыз жөн. Салған беттен аулақ, әйткенмен елімізде этникалық мәселелерге байланысты сұрақтар туындай қалса, кеше ғана Президентіміз айтқандай, түймедейді түйедей етіп, мәселені одан әрмен ушықтыруға мүдделі үшінші тарап, яғни пиғылы жаман топ бар. Олар қолынан келгенше аянып қалмайды. Бұған жол бермеуге тиіспіз.

Максим Рожин,

ҚР Парламент мәжілісінің депутаты:

1) Қоғамда русофобиялық көңіл-күй жоқ. Мұны кесіп айтуымыз керек. Әрине, жеке тұлғалар екеуара түсініспеуі мүмкін. Бір азамат екінші азаматқа құрметсіздік танытқан жағдайда текетірес болады. Бірақ жөнсіз әрі мақсатты түрде ұлтына қарап тиіспейді.

2) Мен қазақтілді орыспын. Сондықтан мен мәселені екіжақты қарастыра аламын. Қазақ тіліне сұраныс артып жатқан заманда кей азаматтардың өзі іштей қысылып-қымтырылуы мүмкін. Мәселен, мен Түлкияға барғанда түрікше сөйлей алмай қиналамын және ыңғайсызданамын.

Оның үстіне, қай елде де мемлекеттік тілді білмейтін азаматтарды сынайтындар табылады. Мұны жақсы қабылдауымыз керек. Осындай сынның болуы қорқатын дүние емес. Өйткені мемлекеттік тілді сол елдің әр азаматы білуге міндеті.

Уайс ЕРСАЙЫНҰЛЫ,

Маңғыстау облысының мәслихат депутаты:

1) Ел азаматтарын тұтастай алып қарасақ, мұндай көңіл-күй жоқ деп айтуға болады. Дегенмен бар. Өйткені біз – солтүстіктегі көршінің боданында болған елміз. Отаршылдықта өткен үш ғасырға жуық уақыт текке кетпейді, халықтың, ұлттың санасына терең із қалдырып кетеді. Бұған әлемде болып жатқан ахуалдың әсерін және сол руссофобияны қоздырып отыратын күштердің бар екенін де қосыңыз. Бұл – бір.

Сонымен қатар, синофобиялық көңіл-күй де бар. Мұның бәрі, сайып келгенде, комплекстен туындап отыр. Ол – аз халықтың комплексі. Осыдан тезірек арыла алсақ, соғұрлым үлкен ұлтқа айнала аламыз. Егер қандай да бір ұлтқа қарсы болсақ, «қазақ тілі ғана – ең керемет тіл, қазақ ұлты ғана – ең мықты ұлт» деген таным-түсінікпен өмір сүрсек, онда біз сөзсіз ксенофобияға ұшыраймыз. Ондай хәлге душар болмас үшін бар халықты тең, барлық ұлтты бірдей көруіміз керек.

2) Мемлекеттік тілді білмейтін адамға ешқандай қысым жасалмайды деп ойлаймын. Ал қазақтілді азаматтардың талап қоюы заңды. Мұны қанша жыл езгі көрген, құқығы тапталған, кейінге ысырылып қалған ұлт адамдарының инститивті қарсылығы деп есептеуге болады. Дегенмен осынау талапты үлкен мәселе көрудің қажеті жоқ. Қысым жасайтындай біз соншалықты төмен деңгейде емеспіз.

Президенттің Ассамблеяда сөйлеген сөзіне байыппен ой жүгіртсек деймін. Мемлекет басшысының «Мемлекеттік тілді оқымаған және тиісті деңгейде меңгермеген азаматтар тіл білмегені үшін қысым көрмеуге тиіс» деген сөзі басқа ұлттардың тіліне де құрметпен қарайық деп, дипломатиялық бағытта айтылған деп есептеймін.

Бізге ана тілімізді дамытуға, өз тілімізде сөйлеуге кедергі жасап жатқан ешкім жоқ. Балаларын аралас, орыс мектептерге беріп жатқандардың дені – қазақ. Ресми тілде түс көретіндер де солай. Бұлар – орыстанып кеткен өзіміздің қазақтар. Осы азаматтарға Тоқаев «Қазақша сөйлеңдер!» деп бұйрық шығарса да олар қазақша сөйлеп кетейін деп тұрған жоқ. Мәселенің бәрі – санада.

Мысалы, Маңғыстау облысы Түпқараған ауданында Тельман деген елді-мекен болған. «Тельманның» Сайын Шапағатов деген атқа ауысқанына 10 жыл өтті. Бірақ тұрғындар әлі күнге дейін Тельман деп айтады. Неге? Себебі сана сол бұрынғы күйінде. Оларға Сайын дегеннен гөрі, Тельман  деп айту оңай. Сол ауданның орталығы – Форт-Шевченко қаласы. Біздің сол қалаға Ақкетік деген тарихи атын қайтарғымыз келеді. Форт-Шевченкомыз Ақкетік деп өзгерткенімізбен, тұрғындар ауызекі әңгімеде «Форт» дей береді. Неге? Себебі халықтың санасы ескілікте қалып қойған. Менің ойымша, орыс тілінде сөйлеген адамды «мықты адам» деп ойлайтындар, орыс тілінде сөйлеуді артықшылық көретіндердің бәрі ескі түсінікті кісілер.

Қазтай Аяна Серікқызы

Abai.kz

20 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1970