Жұма, 8 Қараша 2024
Алыстағы бауырым 4956 11 пікір 1 Маусым, 2023 сағат 12:36

Өзбекстан қазақтарының хал-жағдайы қалай?

Ғылыми жобамыздың күнтізбелік жоспары бойынша 2023 жылдың 23-30 сәуірі күндері аралығында Өзбекстан Республикасында іс-сапарда болдық.

Сондай күндердің бірінде Ташкент қаласындағы Өзбекстандағы қазақ ұлттық мәдениет орталығында жергілікті ғалымдар және қоғам қайраткерлерімен кездесуге т.ғ.д., профессор Нәбижан Мұқаметханұлы екеуіміз қонақ үй алдына келіп тоқтаған таксиге отырдық. Орталықтың қызметкері Дильфуза Қалиевамен телефон арқылы сөйлескен таксист жігіт бізді діттеген жерімізге жеткізді. Кезінде Қазақстанның Өзбекстандағы елшілігі болған ғимарат қазір ескіріп қалыпты. Алайда, есік алдынан бізді күтіп алған ағайындардың жарқын пейілі жұпыны әрі салқын бөлме ішін жылылыққа толтырып жібергендей болды. Есен-саулық сұрасқаннан соң, қол жайып Алладан бейбітшілік және амандық  тілеп  жүз сипастық.

Өзбекстандағы қазақ ұлттық мәдениет орталығының төрағасы Серікбай Назарұлы Үсенов мырзамен бұрын телефон арқылы сөйлесіп жүрсем де, жүздесіп отырғаным осы. Серікбай Назарұлы еңбек ардагері, Өзбекстанның «Мехнат-шухрат» орденінің иегері. Өзі сөзге мығым, қимылы ширақ, іске шөгел азамат екені көрініп тұр. Ол бізге жиналған ағайындарды бір-бірден таныстырып шықты. Алдымен төрде отырған  ақ шашын артына қайыра тараған, зиялы азаматты нұсқап, бұл кісі Қалдыбек Сейданов, Таш­кент­тегі Низами атындағы Мем­лекеттік педагогикалық университеттің профессоры, әдебиет зерттеушісі, сын­шы, аудармашы, жазушы әрі педагог ғалым,  Өзбекстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері. Өзбек­стандағы 370 қазақ мектептерінің  5, 7, 9, 10, 11-сыныптарында оқытылатын «Қазақ әдебиеті» оқулықтарының және жоғары оқу орындарына арналған «Мұхтар Әуезов және туысқан халықтар әдебиеті», «Шыңғыс Айтматов және өз­бек әдебиеті», «Әуе­зов және Орта Азия әдебиеті», «Қазақ әдебиетінің тарихы» ат­ты оқу құралдарының авторы. Көптеген қазақ классиктерінің прозасы мен поэзиясын өзбекше сөйлеткен майталман аудармашы.  Ол 1999 жылы Орта Азия мен Қазақстан әдебиеті, мәдениет және өнер қайраткерлерінің Астана Құрылтайында «Астана» ме­далімен марапатталса, 2020  жылы Өз­бекстан Респуб­ликасының Пре­зиденті Шавкат Мирзиёев тарапынан  «Достық» орденімен марапатталған деп бір тоқталып өтті де, одан төмен отырған ақсары жүзді ағамызды нұсқап, бұл кісі - Искендір Алашбаев, 70 пайыз қазақтар тұратын, Жоғары Шыршық ауданының қазақ мәдени орталығының төрағасы. Өмір бойы білім беру саласында еңбек еткен. Ауданның білім бөлімінің басшысының орынбасары қызметін атқарған.  Өзбекстандағы бес ірі партияның бірі «Адолат» Социал-демократиялық партиясының Жоғары Шыршық ауданы бойынша Кеңесінің төрағасы деді. Енді кезек ол кісіден төмен отырған толықша азаматқа келді. Серікбай Назарұлы ол кісіні Дәмір Қалдыбаев, Ташкент облысының қазақ мәдени орталығының төрағасы, «Нұрлы жол» газетінің жанашыры. Осі кісінің арқасында газеттің жазылымы 7 мыңға жеткен деп тоқталып өтті де, қонақтарға шай құйып жүрген орта бойлы, қияқ мұртты, қара торы жігіт ағасын нұсқап, бұл жігіттің есімі Құрал Сүйеров,  Дәмір Қалдыбаевтың орынбасары деп қысқаша таныстырып шықты.

Таныстықтан соң, шай іше отырып, әңгіме дүкен құрдық. Сөздің тізгінін Серікбай Назарұлы ұстап отырды. Ол кісі Өзбекстандағы қазақтардың жағдайын, мектеп, білім беру саласын, Қазақстанмен қарым-қатынасын және тағы басқа мәселелер туралы біраз сөйледі. Мен сол кісінің сөзінен оқырман жұртқа рухани және ғылыми тұрғы да азық болар - ау деген оймен ықшамдап  қағаз бетіне түсіріп, оқырман қауымына ұсынып отырмын.

Төменде Секеңнің (Серікбай Назарұлы) әңгімесі: Өзбекстанда 9309 ауылды елді-мекен бар,  соның басым көпшілігінде қазақтар қоныстанған. Ұзын ырғасы 3,5 млн қазақ өмір сүреді. Бірақ бұдан да көп болуы әбден мүмкін. Біз осы 2023 жылдың соңына қарай,  статистикалық санақ жүргізіп, нақты қанша қазақтардың тұратынын анықтамақшымыз. Бірнеше жыл ілгері Өзбекстандағы корей халықтарының мәдениет орталығы осындай әдісті қолданып, Өзбекстанда қанша корей азаматы тұратынын анықтаған болатын. Біз де осы тәсілді қолданып, әрбір ауылды-мекендерге хат жолдап қазақтардың санына қатысты ақпарат алуды жоспарлап отырмыз. Қазақтар шоғырлы қоныстанған, қаймағы бұзылмаған ауылдар бар. Ол жерлерде жеті ЖОО бар, оларда қазақ тілі мен әдебиеті факультеті бар. Науаи облысы педагогикалық институтында 7 факультет бар. Низами атындағы Ташкент мемлекеттік пеадагогика университетінде де тарих, математика факультеттерін ашуға әрекет жасап жатырмыз. Өйткені, қазақ мектептерінде сабақ беретін қазақ тілді оқытушылар жетіспейді. Соның нәтижесінде қазақ мектептерінің саны азайып барады. Кейбір қазақ мектептерінің директоры немесе оқытушылары тәжік, өзбек азаматтары, бірақ қазақ тілін жақсы меңгерген, тіпті менен жақсы сөйлейді. Сырдария облысында, Ташкент облысының  Шыршық қаласындағы педагогикалық университетте да  сырттай оқу бөлімдері жоқ еді, қазақ әдебиеті бойынша аштырдық. Соңғы кездерде Қазақстанның ЖОО-ның 2-3 филиалдары ашылып жатыр. Оның бірі М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің, екіншісі -Астанадағы Еуразия университетінің филиалдары. Бұлар Ақтау жақтан ашып жатыр. Себебі Хорезмде 16 мың қазақ, Қарақалпақстанда 350 мың қазақ бар. Ол жақпен барыс-келіс жасауға әуе жолдары ашылып, қатынасу жақсы болып қалды. Бізде қазір 10 университет жеке меншікке өткізіліп жатыр,  студенттердің саны да артып келеді. Мысалы, бір ғана Шыршық қаласындағы педагогикалық университетің өзінде 23 мың студент оқып жатыр. Онда, тәжік, қазақ, орыс тілдері бойынша факультеттер бар. Қазір елімізде оқимын деушілерге барлық мүмкіндіктер бар. Мектеп бітіруші түлектер бір документті 5 университетке тапсыра алады және барлығында қазақ тілінде білім алуына болады. Біріне түсе алмаса, екіншісіне немесе басқасына түсуіне мүмкіндігі бар. Мемлекеттің қаржысымен оқумен бірге жеке өз ақшасымен де оқуға мүмкіндік бар. Мысалы, 1 группаға 20 бала алынса жартысы мемлекет бюджетіне, ал екінші жартысы ақылы, яғни жылына 12 млн сом төлеп білім алуға мүмкіндік алады (қазіргі курс бойынша бір қазақ теңгесі 25 өзбек сомына тең).

Серікбай Назарұлы шайынан ұрттап отырып, әңгімесін сабақтай түсті. Бұрын институтқа кіру үшін орысша не өзбекше тест тапсыратын болсақ, қазір Президентіміздің арқасында, қазақша да тапсыруға болады. Бұдан сырт, қазақ балаларына төмендетілген шек бар. Бұл негізінен малшының немесе шарт-жағдайы нашар жерлердегі жастарға бағытталған. Мәселен, Науаи обылсының Тамды, Кенемех және Үшқұдық аудандарында 68 баллмен оқуға түсуіне болады. Ал ең жоғары балл саналатын медициналық оқу орындарына 200 баллмен түсе алады. Бұл да мемлекеттің беріп отырған жеңілдігі. Президенттіміз Қазақстанмен бірлікте көбірек институт ашу ниетінде. Қазір 3 институт хоз расчетке өтті. Ол дегеніміз ақылы негізде оқу, сұқбаттасу арқылы емтихансыз оқуға түсіп білім аласың. Бұл университтерде экономика, менеджмент факультеттері бар.

Секеңнің әңгімесі қызған сайын, Нәкең (Нәбижан Мұқаметханұлы) екеуіміз кезек-кезек сұрақ қойып, ынтыға тыңдап отырмыз. Іштей өзіміздің Қазақстандық оқу орындарымен салыстырып та қоямыз. Серікбай Назарұлы әңгімесін салмақты дауысымен сабақтай берді: Өзбек жастары көбінесе медицинаға қызығады. Сондықтан біз Қарағандыға барып, ондағы медициналық университетке жастарды оқуға түсірдік. Оқу ақысы жылына 2000 доллар болды. Ең алғашында 1300 қазақ баласы оқуға түскен. Олар 7 жыл оқуын бітіріп елге оралды. Кейін қазақтардан басқа өзге ұлт азаматтары да барып білім алып жатыр. Сырттай оқу бөлімі Қазақстанда жабылғанымен, Өзбекстанда ашылып жатыр. Соның арқасында қазақ студенттер бітіріп, жұмысқа тұрып жатыр. Бұдан басқа қазақстандық докторанттар бізге келіп, өз жұмыстарына қатысты әдебиеттерді алу, қолжазбалар қорына кіру үшін бізден көмек сұрайды. Біз кітапханаларға таныстыру ұсыныс хатын жазып береміз. Сол арқылы олар кітапханаларға кіріп, әдебиеттерді пайдалануда.

Әңгіме арнасы осы архив тақырыбына келгенде Секең аз-кем үнсіз қалды да әңгіменің ауанын мүлде басқа, тың арнаға бұрып жіберді. Ал бұл тақырып біз үшін ең қызықты тақырып боларын біз әуелде сезбедік. Секең бұл әңгімені барынша ыждағаттықпен айтты: Өзбекстанның ҰҚК архивінде ұзақ жыл қызмет істеген Шырынбек Оразымбетов деген азамат болған. Ол кісі алдына келген қазаққа қатысты мәліметтерді сақтап отырған. Себебі әдетте архив материалдары 75 жыл сақталады да, содан соң өртеп жіберіліп отыратын болған. Шырынбек аға осылайша өте көп материалдарды өртеніп кетуден сақтап қалды.  Ол кісінің сақтаған құжатының көптігі сондай тұтас бір үлкен бөлмені алып отыр. Жасы 97 ге келгенде, өмірден озды. Қастерлеп, ата-баба қорына жерледік. 1918 Өзбекстандағы ең алғаш университет «Орталық Азия университетін» құрылған. Ол университеттің негізін қалаған 7 қазақ 6 өзбек азаматы болған. Ол кісі осы оқу орнының түлегі, тарихшы еді. 2018 жылы «Орталық Азия университетінің 100 жылдығы» атты кітап жазды.  Бұл кісінің жинаған мұрасы қазір ұрпақтарының қолында. Мен Қазақстанның Өзбекстандағы тұрақты және өкілетті елшісіне осы мол мұраны сатып алып, елшіхананың ішінен орын беріп, оны «Шырынбек Оразымбетовтың мұрағаты» деп атауды ұсынып отырмын. Елші мырза оған қарсы емес. Тек алдымен осы біз отырған үйдің ескіруіне байланысты жаңадан қазақ мідени орталығының ғимаратын жөндейік, сосын, архив ісін қарастырамыз деп айтты.

Әңгімеміздің шарықтау шегіне де жетіп қалдық. Бөлме іші салқын, шәйнектегі ыстық шай кесеге құйылған соң көп өтпей демін алып  қала береді. Бірақ, әңгіме, әсіресе, ұлттық мүдде айтылып жатқан жерде біз де, үй иелері де орнымыздан тапжылмастан, бар ынтамызбен сұқбатымызды жалғастыра бердік. Марқұм Шырынбек Оразымбетовтың жинаған архивінің пайдасы зор болды деп әңгімесін сабақтай берді Секең. Мен бір ғана мысал айтайын: осыдан біраз жылдар бұрын Астанадан бір адам хабарласып, өзінің бабасының сүйегінің қайда жатқанын сұрастырады. Шырынбек ағай бір күн ішінде ол адам туралы таңқаларлық дерек ұсынады. Зайырында, Берия ол кісіні ату жазасына үкім еткен екен. Алайда үш күннен соң, Сталин бұйрық шығарып, ол үкімнің күшін жойған. Осылайша, қазақтың бір азаматы өлімнен аман қалып, кейін туберкулезден қайтыс болған екен. Шырынбек ағай тіпті ол кісінің қабірінің қай жерде екендігін де айтып берген. Көзі тірісінде ол кісінің үйі Ташкенттегі Түркімен базарының қасында болғандығы туралы да ұрпақтарына айтып берген және ол кісіден бір қыздың Алматыда тұратындығы, аты-жөні мен жас шамасында айтып берген.  

Серікбай Назарұлының айтуынша, бұл архив туралы қазақстандық ізденушілердің де хабары бар. Олардың кейбіреуі, материал іздеу мақсатында  Шырынбек ағайға келіп, жолығып, ол кісіден қажетті ақпарттарды алған соң, Қазақстандағы газет-журналдарға мақала ұсынады. Алайда, бірде-біреуі Шырынбек ағайдың еңбегін ескеріп, мақалаларында ол кісінің архивінен алынғаны туралы бір ауыз сөз жазбаған. Шырынбек ағай да адам баласы болғандықтан, бұл істерді естіген соң ренжіп, көңілі қалған. Сосын маған: «Серік, бұдан соң маған адамдарды ертіп келмеші»,-деп өтініш еткен.   Шырынбек ағай өте ұқыпты адам болған. Арнаулы журнал ұстап, әрбір полкада қандай архивтердің тұрғандығы туралы естелік жазып отырған. Ол кіснің көзі тірісінде Қазақстан телеарнасынан журналистер және бір жауапты басшысы (орыс азаматы) келген. Шырынбек ағайдың отбасы ол кісілерді қонақ етіп күтіп алып, көптеген сұрақтарына жауап беріп, пайдалы ақпараттарымен бөліскен. Ол кісілер аттанарда: «күтіңіз, біз сізге гонорар төлейміз»,-деп кеткен. Ал ол кісі бұл «гонорарды» 3 жыл күткен. Қазақстан телеарнасында архив туралы жиналған материалдар көрсетілген, алайда, баяғыдай Шырынбек ағайдың аты ауызға алынбаған. Бұл істер ол кісінің көңіліне қатты келген екен.

Шырынбек Оразымбетұлынан басқа Жыззақ облысында тағы бір қазақтың маңдайына біткен, ұлтын сүйген азаматтың бірі - Сәрсенбай Есин. Ол 95 пайыз тәжіктер тұратын ауданға әкім болған. 97 жасында 2022 жылы өмірден озған. Ол кісі де қазақтар қайда келіп, қайда қоныстанған, қандай ұлы тұлғалары болған, олардың аты-жөні туралы ақпарат мол жинаған. Ол кісінің ауылы Қызылқұм жақта болып, жылқы түйе ұстаған.  Туған күні 9 мамыр күні 300 шақырым жол басып, амандасып, барушы едік. Сонда ол кісі: «қымыз-қымыран ішіңдер, өмір-жастарың ұзақ болады»,-деп айтып отырушы еді. Өте қонақжай адам еді, келген қонағына қой соймай аттандырмайтын еді.....

Серікбай Назарұлы, өмірден өздері озса да, сөздері озбаған, әлі күнге ұлтына еңбек етіп келе жатқан осынау ағаларын сағына еске алғандай үнсіз қалды. Қонақ иелері де, біз де бір түрлі құрмет пен мақтаныш әлде сағыныш билеген көңіл күймен біразға үнсіз қалдық. Қазақ халқының данасы Абай атамыз: «Өзің үшін еңбек қылсаң, өзі үшін оттаған хайуанның бірі боласың. Адамшылықтың қарызы үшін еңбек қылсаң, Алланың сүйген құлы боласың»,- деген жоқ па? Міне нағыз Құдайдың сүйген құлдары осы кісілер емес пе? Осы 10 күнге жуық Өзбекстандағы ғылыми іс-сапарым маған көп ой жүктеді. Олардың бәрі де рет-ретімен жазылар. Бастысы түбі бір, туысқан екі мемлекетарасындағы достық байланыс баянды болсын. Екі елдің ара-қатынасына арқау болып отырған Өзбекстандағы ақ еділ, ашық-жарқын бауырларымыз есен болсын Аллдан тілеріміз осы. Қаймағы бұзылмаған қазақы ауылдар да тарихтың сан-қатпар қырынан сыр шертетін дүниелер бізді күтіп жатқандай сезіле берді. 30 Сәуір референдум өтуіне орай, шаш етектен жұмыстары болса да, бізді күтіп алып, тамаша сыр-сұқбат ұйымдастырған  Өзбекстандағы қазақ ұлттық мәдениет орталығының басшысы Серікбай Назарұлына, хатшы Дильфуза Қалиева ханымға және бізбен бірге сұқбатта болған ағаларымыздың бәріне шынайы алғысымызды айтып, біз ұзай бердік. Алла сәтін салса, әлі талай келерміз...

Сарқытқан Қастер

г.ғ.к., профессор, ҚР журналистер одағы мүшесі

Abai.kz

11 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1130
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 2310
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 2310