Жұма, 22 Қараша 2024
Анық-қанығы 2570 6 пікір 27 Маусым, 2023 сағат 12:41

Тарихи екі сөз. Полигон жабылсын!

Дүние жүзінің алпысқа жуық елінде болып, Қазақстаны, қазағы жайында жан-жақты танымды мағлұмат таратып, шет жұрттардың атақты мәдениет қайраткерлерімен қарым-қатнас жасауымызға кең жол ашқан қаламгеріміз Әнуар Тұрлыбекұлы Әлімжановтың (1930-1993 ж.) Семей атом-ядролық полигоны туралы ерекше мәнді екі сөзі бар. Сайт оқырмандарына екеуін де ұсынуды жөн көрдік. Бұларды орыс тіліндегі нұсқасынан қазақшалаған – сайттың байырғы авторы, жазушы Ғаббас Қабышұлы. Редакция.   

Әнуар ӘЛІМЖАНОВ

1. ПОЛИГОН ЖАБЫЛСЫН!

Бүгін мына залда өткізіліп жатқан жиын - осыған дейін жүргізілген жұмыстың бір бөлігі. Бүгінгі мәселе де біздің ондаған жыл бойы үндемей, әу деп аузымызды ашпай жүргеніміз жайында. Біз үйде де, дүзде де әлденеге алданып, тіпті бірімізді біріміз алдап та келдік. Сөйлей қалсақ, әлбетте, шындықты айтқансыдық және сол өтірігімізге өзіміз де сенетін болдық. Ал бүгінгідей жәйтте өтірік сөйлеу өлімге тең дер едім. Яғни осы қалпымызбен біз өзімізге, өзіміздің жерімізге өзіміз де тажал болдық. Әңгіме Семей полигоны ғана емес, қазақ жерінің экологиясы бізді жарқабаққа апарып қойғанында. Біз шыңырауға құлар халдеміз. Қазақстан ядролық қаруларды ғана емес, халықты сынау алаңына айналды. Қазақстанда, Семейде болып жатқан оқиғалар –  семейліктер ғана ұшырап отырған кесапат емес, Алтай мен Сібірді қоса жер шарының жартысын қамтыған қасірет. Біз жай ғана реніш білдіріп келген жәйттің қаншалықты зардапты екеніне бүгін көзіміз  жетті... Мен бұл жиынға  Маңғыстаудан келдім. Онда да жағдай қиын. Жаңаөзенде де, Ескіөзенде де болдым, бәрін аралап  көрдім. Кіндік қаны тамған жері тартып алынып,  босқын болып кеткен  ата-бабаларымыздың бүгінгі ұрпақтарымен кездестім. Олар «басы артық» жұртқа айналып, жұмыссыз қалған. Сондықтан, қашанға дейін шыдасын, - өздерін титықтатқан күшке қарсы көтерілген. Бірақ оларды түсінген билік жоқ, қайта оларға автоматын кезенген  әскерді тосқауыл етіп, қоршап, бірнеше күн бойы нан да, су да татырмай қойған.

Біз үстем билік туралы айтыңқырай бастадық. Ал бұл тұрғыда бір адамды, немесе Мәскеуді ғана кінәлауға  болмас. Бізде уақыт азғындатқан кісілер – тоңмойын кадрлар бар. Олар айналасына селқос қарайды, жоғарыдан берілген жоспарды, бұйрықты орындауды ғана біледі.

Әскери адамдарды мен де силаймын. Десем де, жаңа алдымызда сөйлеген генерал-лейтенантқа қайран қалып тұрмын (ол генерал – полигон бастығы   А. Ильенко, - Ғ. Қ.).  Оның не дегенін бәріңіз де естідіңіздер. Сіз, генерал, халықтың алдына келдіңіз. Маршалдың бұйрығы – бірбасқа, халықтың талабы – бірбасқа. Халық полигонды жабуды, бұл жақтан әкетуді талап етіп отыр!

Бүгінгі жиында көптеген баяндама жасалды, бірақ негізгі сұрақ әлі естілген жоқ. Ол не сұрақ? Ол: полигон орналасқан жер қабаттары мұқият тексерілді ме? Қырық жыл бойғы сынаудың зардабы қандай?

Сынау басталған кезде бәрі де бұлыңғыр болды. Не екенін түсіну мүмкін емес-ті. Академик Сайым Балмұханов жаңа айтып өткендей, бұл жерде мыңдаған, миллиондаған тажал жасырын жатыр. Олар жер бетіне шыққанда не күй кешеміз? Біздің бала-немерелеріміз, арғы ұрпақтарымыз ол тажалдан аман қала ала ма? Біз оларға не қалдырмақпыз? Уланған ауа, уланған топырақ, уланған су. Таза қайнарларымызды ластадық, олардың маңын залалды батпақ пен шілікке айналдырдық. Төңірегіміз тажалға толы. Қазақстанның халі, міне,  осындай.

Атүсті қарағанға барша жақсылық, жаңалық, әлемнің ақыл-ой түйіні Қазақстанда және оның атын шығарған ғарышта сияқтанары сөзсіз, ал шындығында қарадүрсін дүмбілездік, сиыспайтын қарама-қайшылық осында. Біз, бір жағынан, өз тірлігіміздің түп-тамырына балта шауып, жан-жануар, өсімдік атаулыны құртудамыз, екінші жағынан: ғылымды дамыту, қару-жарақты күшейту керек, себебі бізге төніп тұрған қауіп бар дейміз. Бұл менің өз ойым ғана болар, алайда мен шет елдерді аралап жүрген отыз жыл ішінде талай жәйтті көрдім, сан мың адаммен кездестім, сөйлестім, бейбітшіліктің сөз жүзінде емес, іс жүзінде не екенін сезіндім. Ядролық қару ұясының кнопкасын бірінші болып басуға құлшынулы есуас  дәл қазір жоқ. Ондайлар табылады деуге сенгім келмейді, бірақ, кім біледі, табылуы мүмкін, тарихта кездейсоқтық болмай тұрмайды.

Ядролық қаруға тиым салу жөніндегі қозғалыс тек бүгінгі, немесе сайлау алдындағы науқан емес. Оған жаңа жарнаманың қажеті шамалы. Бұл күрестің басында Альберт Эйнштейндей ұлы ғалымдар, Николай Тихонов пен Александр Корнейчуктей кеңестік көрнекті қоғам қайраткерлері тұрды. Бізден  Қаныш Сәтбаев пен Мұхтар Әуезов шықты. Олар 1952-53 жылдары өз еңбектеріндегі, пікірлеріндегі «ұлтшылдық» үшін ғана емес, жеріміздегі ядролық қауіп туралы айтқан сөздері үшін де қуғындалды. Сәтбаев пен  Әуезов Семей өңіріндегі ядролық сынауларға қарсы ойларын Мәскеу университетіндегі кездесулерде, жазушылармен жүздескенде, Алматыда ғалымдар алдында сөйлегендерінде айтып жүрді. Ал біз соны естен шығардық, бәрін бір өзіміз бастағандаймыз. Біз – басталған әңгімені жалғастырушы ғанамыз. Атом бомбасы алғаш жарылған күндері дүниеге келген ұрпақ мұны білгей, күресті шарықтау шегіне жеткізгей! Мына жиынның мақсаты сол, басқаша болуы мүмкін емес!

Егер әскери  топтар мен мамандар, Мәскеудегі Мемлекеттік жоспарлау комитеті бұл полигонға шексіз мол қаржы жұмсалғандықтан енді оны басқа жаққа көшіру мүмкін емес десе, ол сөз дәлел бола алмайды!

Қазақстан бұл жылдары әлденеше миллиард пұт астық берді. Тұрба бойлап ағылған мұнай мен газымыз  өз алдына. Өндірілген уран мен алтын және басқасы ше? Олардың пәлен миллион сом өтемі қайда?

Бізге тауқымет тарттырып келе жатқан қияметтер полигонсыз да жетіп артылып жатыр. Екібастұз мұржаларынан ұшқан, қысқасы: Алтай мен Монголия арасын басып жатқан улы күл-түтін соны айғақтайды. Бұл аралықты  қазақтың қасіретті жері, тылсым жер деп атау бекер емес. Ондай аймақ осында да, жаңа айтқанымдай, Маңғыстауда да бар. Сондықтан қазақ жері полигоннан азат етілуі керек, миллиондаған гектар жері, әбден залалданса да, иесіне қайтарылуы керек!

Біз халықты радиациямен уладық, қазынасын бір тиын да төлеместен тонадық.  Мұны не деу керек?!

Жаңа алдарыңызда бір әйел сөйледі. Ол көпшілікке көріну үшін келген жоқ. Отанды қорғаушы ұлдарының ертеңіне алаңдап сөйледі. Бәріміз түсінер шындықты айтты!

Бізге нақты іс қажет, оны жиыншылдыққа айналдырмайық. «Невада» қорын құра отырып, алдымен басқа елді меңземейік, өзімізге дейін жасалған істі ұмытпайық. Бұл медальдің бір беті десем, екінші бетінде «Неваданың» мәнін көрсеткім келеді. Мен  былтырғы желтоқсан айын Америкада өткіздім. Ал  АҚШ сенаторы Мюллен Берлих осыдан бір ай бұрын Алматыға келді. Жанында президенттің совет-американ арақатнасы жөніндегі кеңсе бастығы бар. Сенатордың  өтінуімен екеуіміз кездесіп, әңгімеміз үш сағатқа созылды.

АҚШ-тың КСРО-дағы елшісі Метлах та Алматыда болды. Колбин жолдас біздің қозғалыс ашқанымызды үш рет қайталап айтса да, елші елең етпеді.  Содан соң «Казахстанская правда» гәзеті редакциясында өткізілген кездесуде қозғалысымыз туралы тағы айтқанымызда, ол «естідім» дегеннен басқа дәнеңе демеді.

Ал сенатор маған: «Егер бір республика бір мемлекеттің атын тұтас алып алса, сен қалай ойлайсың, ол үшін ақы төлеуі керек емес пе?» деп әзіл айтты. Ол мәселеге министрдің көзімен қарады. «Жарайды, егер ол төлемесе, басқадан талап етуге бола ма? Бұл өзгенің еншісіне қол сұғу емес пе? Мен сендердің полигондарың мен біздің полигонды салыстырмаймын, өйткім келмейді» деді. Онысы біз құрмақ қордың «Невада» аталуына байланысты сұрағыма қайтарған жауабы еді  (қозғалысқа ат қоюда «Невада» сөзін  Әнекеңнің ұсынғанын кейінде естідім – Ғ.Қ.).   Одан соң ол былай деді: «Мен Невада полигоны туралы айтып берейін. Невада жерінің құрылымы сенатта 15 жыл, иә, қатарынан 15 жыл бүкіл ұсақ-түйегі.  не дейін зерттелді. Жер қыртысы қандай? Қай жағдайда төзімділігі қалай болатыны талданды, оған барлық ғалымдар, мамандар қатысты. Атом-электр стансаларының қалдығын не істеу керектігі де 15 жыл әңгіме болды. Сөйтіп, Невада штатында сынау жүргізуге де, қалдықтарды көмуге де болатынына көз жеткіздік. Біздің полигонның алдағы 500 жылда айналасына залал келтірмейтіні анықталды. Ал Семей полигоны 5 жылға да кепілдік бере алмайды. Себебі: бұл полигон салынған кезде Чернобль оқиғасы сияқты ештеңе болған жоқ, беймәлім жағдайда салынды. Әрине, ондайды болжап білу мүмкін емес және ол үшін ғалымдарды кінәлау –ағаттық. Сондықтан полигонда бәрі де ойдағыдай деу – жергілікті жұртты қорлаушылық, мазақ етушілік».

Мен мына биік мінберге қазақ әдебиетінің және Бейбітшілікті қорғау жөніндегі Қазақ комитетінің өкілі ретінде шықтым. Сіздерге бір тілегім бар. Қазір бізде демократия негізінде қор дегенді құру уағыздалып, істен сөз    озып, жиынқұмарлық етек алып кетті. Бұған идеология қызметкерлері, аудандық, облыстық, Орталық партия комитеттеріндегі кадрларымыз кінәлі. Идеологияны басқаруға, бағыттауға болады. Қоғамдық қозғалыстардың да негізгі ұйтқысы  – идеология.

Әлбетте, ядролық жарылыстарға қарсы күрес толастамауға тиіс десек, күресті нығайтуға тиіс қор ұйымдастыру, оның есеп-шотын ашу да дұрыс, тек ол қорға жиналатын ақшаны жұмсаудың жоспарын алдан ала жасау керек. Таза мақсатқа жиналған қаржы таза қолда болуға тиіс! Керісінше болса, денсаулығынан айрылған халықтың, бәрінен жұрдай болған халықтың енді қалтасын  қағу  адамгершілікке мүлде жатпайды! Мемлекет өз алдына, сан-сапалақ құрылымдар қорға қол жая бастады. Штат ашуға, жарнама жасауға қажет деседі. Өйтпес бұрын ойлан,  сен ең алдымен патриот емессің бе? Олай болса, егер біз үшін, адамгершілік мұраттар үшін күреске шықтың екен, онда арамдыққа жол берме!

Мұның бәрінің тоқ етері не дейсіздер ғой? Тоқ етері: қалай болғанда да, қаншама қымбатқа түссе де, полигонды жабу керек, әкету керек!  Полигонның құрбандықтарына бас иетін уақыт болды. Олардың саны қазірдің өзінде мыңдаған, ал келешекте қанша боларын кім біледі? Полигон қазірдің өзінде адамзаттың алжасқанына ескерткіш болды, ажал апанына айналды. Жарияланар үндеуде, қабылданар шешімде бұл баса айтылсын.

Бұл жиынға Мәскеулік комиссиядағы қайсыбіреулер келмеді, неге екені түсінікті. Олар  көп жағдайда жалтара алмайтын болған соң  жасқанды.

Бізге былқ-сылқ емес, тырп еткізбес нақты шешім қабылдау керек. Жалпылама сөзуарлыққа жол берілмесін, ондайға тиым салатын шешім болсын. Мараторий жасалсын демелік, оған сеніп болмайды. Бір кезде  Горбачев  мараторийге сүйенген, содан нәтиже шығарына сенген. Ештеңе өнбеді. Ол – өткен кезең. Енді біз, қаза болғандардың рухына бас ие отырып, жарылысты тоқтататын құжат қабылдап, одан оң нәтиже шығаруға тиіспіз!

Рахмет!

                                                                    ххх

Бұл – Әнекеңнің 1989-жылы шілденің 17-19 күндері Семей қаласында «Қазақ ССР-інің Семей облысы, Семей қаласы тұрғандарының денсаулығы» деген атпен өткізілген халықаралық конференцияда сөйлеген сөзі. Полигонды жабу күресін жанпидалықпен бастаған Кешірім Бозтаевтың (Семей облыстық  партия комитетінің 1-хатшысы) тегеуірінді талабымен ашылған  конференция Семей полигонының қандай зиян-ауыртпалық болғанын анықтауға арналды.

Әнуар: «Таза мақсатқа жиналған қаржы таза қолда болуға тиіс!» дегенде «Невада-Семей» акционерлік  қорының айтып болмас  қайғы-қасіретті  семейліктерді тонарын болжаған екен.

Қаржы министрлігіміздің Бақылау-тексеру басқармасы  Қорды 1993-жылы тексеріп, ұйымдасқан  жемқорлықты ашып,  акт жасапты, алайда  ол  актінің қайда кеткені «белгісіз». Ғаббас.

2. АТОМ КҮЛІНЕ КӨМІЛІП ҚАЛМАЙЫҚ!

Сонау бір замандарда «Уақыт» айта салар көп сөздің бірі болыпты да, шешімі қиын мәселелер сөз етіле қалған сайын кісілер: «Уақыт көрсете жатар» деп жүре беріпті, ал қайғы-қасіретке душар болған жандарды: «Жан жарасын уақыт жазады» деп жұбатыпты. Сөйтіп, жұртшылық өмірден туындаған күрделі мәселелерге жауап іздеп шаршамапты, өздерін өздері алдарқатып, Соломонның белбеуінде жазулы екен деген: «Бұл да өтер, кетер» деген сөзді малданып жүріпті. Ол сөз гундардың патшасы Аттылының да, Батыйдың да белбеулерінде жазулы болған көрінеді. Сірә, Аттылы мен Батый, Соломон сияқты, өмірдің қасқағым сәттей екенін, жастық шақтан, күш-қуаттан айрылу қияпат екенін ескерген шығар.  Ол кезде жауынгер мен патшаға да, диқан мен Спартактай құлға да өзі көздеген мақсатына жете алуы үшін батылдық пен күштің, ақыл-ойдың жәрдемі қажет еді (қазірде де солай ғой). Тек олар оқ-дәріден, атом бомбасынан хабарсыз болды, егескендерін  жекпе-жекте, әділ айқаста жеңіп жүрді. Ол замандарда адам өз тағдырын өзі бағдарлаған, өз тірлігін қалауынша өзі түзулеген, ұрпақтарының өмірін де бағыттап кеткен тәрізденеді. Алайда: «Уақыт көрсете жатар» мен «Жан жарасын уақыт жазады» деген сөздерінің төркініне үңілсең, олардың (ойына келгенді істейтін Саддам Хусейн мен Гитлер сияқты сұрқиялардан басқаларының) тағдырға, жазмышқа көнбістігін аңғаруға болады.

Техникамен жан-жақты жарақтанып қана қоймай, халықтарының сана-сезімі оянған, дамуы дамылсыз жиырмасыншы ғасыр тағдыр мен жазмышты оншама керек етіп отырған жоқ, кешегі фәлсәфаларға да құлақ қоймайды.

Бүгінгілерге Уақыттың қадір-қасиетін ұқтырған күш – әлеуметтік өзгеріс-төңкерістер, ұлт-азаттық қозғалыстар, жаңа мемлекеттердің пайда болғаны. Біз Уақыттың не екенін ойладық, түйсіндік, білдік. Ол бізді жер шарының о түкпірінен бұ түкпіріне әпсәтте жеткізетін реактивті ұшағымен, күтпеген кезде, күтпеген жерде бола қалатын, жүздеген-мыңдаған, тіпті  миллиондаған  адамның  тірлігін өзгертетін революциялық толқуымен ғана  емес, жер бетінде жинақталған қыруар қару-жарақтың бізді атомның тұтқынына айналдырғанымен ойландырды. Біз төніп келе жатқан ядролық және экологиялық апаттардың денемізді мұздатқан аяздай деміне душар болып отырмыз. Алапат апат жақын. Ендігі сөзіміз не біраз кісінің, не бір халықтың тағдыры туралы емес, ата-бабамыз қалдырып кеткен жеріміздің  және мәдени мұрамыздың  тағдыры туралы болуға тиіс. Әңгіме біздің бесігіміз – Жер жайында, алдағы өмір жайында. Бейбітшілікті сақтауға үлес қосу сияқты сындарлы міндетті арқалап келген, міне, осы залда отырған мырзалар, сіздер бұл мәселені менен кем білмейсіздер. Араларыңызда кешегі өткен соғыста қан кешкендер аз емес шығар. Олардың жан мен тән жарасына Жеріміздің денесіне екі қара таңба болып басылған Хиросима мен Нагасаки қасіреті қосылды.

АҚШ-тан кейін, іле-шала, 1949-жылы жарылған атом бомбасын біз – Кеңес Одағы жасадық. Ол бомба жарылысы менің жерімде болды.

Жаңа қаруға ие болысымен біз «дүниежүзілік революция» жасау ниетімізге «Кеңістік пен Уақытты бағындырып алу» мақсатымызды қостық.

Теріс ойдан теріс істер туындайды. АҚШ бомбасын әлемді уысында ұстау үшін жасады.  КСРО бомбасын одан қалып қоймау, оған қарсы тұра алу үшін жасады. Зор екі мемлекеттің ықпалымен дүние қақ жарылды. Қарулануды еселеп талап етуші атомдық бәсеке, қарама-қарсылық  басталды. Бұл екеуінен басқа елдер де ядролық қаруға ұмтылып, ие болып та жатыр. Құпия қоймалар, сүңгуір қайықтардың, бомбалаушы ұшақтардың құрсағы ядролық жараққа толы. Жеріміздің өзі жарғыш дәрінің бөшкесіне айналды. Қырғиқабақ соғысты жақтаушылар жұрттың жүйкесін тоздырды. Мұның бәріне шыдау, төтеп беру мүмкін емес. Дүлей бомбаларды жасауға қатысқан Жолио Кюри мен Андрей Сахаров сияқты ғалымдар  оның жаппай қырып-жоятын қаруға айналғанына қарсы екендерін бүкіл әлемге мәлімдеп, сынау атаулыны тоқтатуды жұртшылықпен бірге талап етіп отыр.

Біз 60-70, әсіресе 80-жылдары АҚШ-та, Еуропа елдерінде, Жапония мен Үндістанда ядролық қаруға қарсы қозғалыстың кең құлаш жайғанын білеміз. Қоғамдық ол қуатты қимылға сексенінші жылдардың аяқ шенінде Қазақстан жұртшылығы да қосылды.

Ағылшын әйелдердің Гримен-Комон базасын қоршаған қайратты әрекеттері есімізде. Бейбітшілік үшін күресуші қарапайым адамдардың  атом қаруларын тиеп келе жатқан әскери дәу кемелердің жолын бөгеу үшін жеңіл қайықтарға мініп қарсы шыққандары есімізде.

Атомдық сынаулар көпшіліктің қарсылығы нәтижесінде біраз уақыт тоқтатылды да, кейін қайтадан жүргізілді. АҚШ-та, Хиросима мен Нагасакиге тастағандарынан тыс, бір мың сексеннен аса жарылыс жасалды. Кеңес Одағында – 715,  Францияда – 180, Ұлыбританияда қырықтан аса, Қытайда отыздан аса жарылыс жасалды.

Кеңес Одағында жасалған 715 жарылыстың 467-сі Қазақстанның Дегелең деген жерінде болды, оның  124-і – жер бетінде, 343-і – жер астында.

Мен – қазақ, қазақтың ұлы ретінде сіздерге мынаны айтуға тиіспін: бұл жарылыстардың бәрі біздің жеріміздің қасиетті өңірінде, біздің бүкіл көркем өнеріміз бен әдебиетіміз әспеттеп келе жатқан Қозы мен Баян махаббаты жайындағы көне дастан туған  жерде жасалды. Ол өңір - біздің халқымыз, мәдениетіміз үшін ең қасиетті де киелі жер. Орыс Лев Толстойдың  Ясная Полянасы, шотланд Роберт Бернстің, ағылшын Байронның кіндік қаны тамған өлкесіндей.  Байронның өлеңдері өткен ғасырдың соңында бүкіл Азия көлемінде тұңғыш рет сол өңірде, 467 жарылыс болған жерде қазақ тілінде оқылды. Байрон мен Пушкин өлеңдерін қазақ тіліне  қазақтың ұлттық мәдениетінің алып тұлғасы ұлы Абай ақынымыз аударды. Абай  сол өңірде туып-өсіп, сонда көз жұмды. Біздің атақты жазушымыз, романдары, хикаялары мен әңгімелері ағылшын оқырмандарына әбден мәлім Мұхтар Әуезов те – сол өңірдің түлегі. Әлемге әйгілі геологымыз Қаныш Сәтбаев Семей қаласында оқып, білім алды. Орыстың ұлы жазушысы Федор Достоевский мен қазақтың ғұламасы, саяхатшы Шоқан Уәлихановтың ғажап достығы сонда басталды.

Кереғарлықсыз өмір бар ма, өкінішке қарай, толстойшыл атақты ақынымыз Шәкәрім Шыңғыс тауының Дегелең, Абыралы бетінде НКВД  қарақшысының қолынан қаза тапты. Оны атып өлтірді. Шәкәрімнің бар-жоқ кінәсі хат жазысып тұрған ұстазы Лев Толстойша қиянатсыз өмірді аңсады, қара күштің қорлық-зорлығына қарсы тұрды, халықты әділдікке, татулыққа, ауызбірлікке шақырды...

Қымбатты достар, сіздердің назарларыңызды халқымның тарихында болған  бұл жәйттерге аударып тұрған себебім: біз бүгін мұнда Кесапат атаулыны айыптауға жиналдық. Иә, Кесапатты! Ал ол сан түрлі. Атом жарылысы біздің Дегелеңде, немесе Абыралыда, немесе мұхиттардың аралдарында, Қытай шөлінде, не Муруроада жасала ма, бәрібір, ол менің тауқыметті көп тартқан халқымның жүрегін сығымдайды. Себебі:  жарылыстың маңайдағы бүкіл тіршілікке қауіп-қатер екенін біледі, басынан кешті. 467 жарылыстың әрқайсысы біздің жеріміз бен суымызды улады, адамдарымызды қасіретке ұшыратты, тіпті ана құрсағындағы нәрестелерді мүгедек қылды. 467 жарылыстың әрқайсысы менің халқымның мәдени бесігінде, аяулы өңірінде оның келісімінсіз жасалып, намысын аяқасты етті...

Мұншама ашынып сөйлеп, көрген жәбірімізді алдарыңызға жайып салып тұрғанда көкейіме мына сұрақтар оралды:

Осыншама зұлмат-сұмдық Ресейде, Лев Толстойдың отанында, оның Ясная Полянасында болуы мүмкін бе? Шекспир, немесе Диккенс, Бернс, немесе Байрон туып-өскен жерлерде ше? Бұл сұраққа өзім жауап берейін: Жоқ! Мүмкін емес! Ал қазақ мәдениетінің бесігі болған жерде жарылыс жасау – жиырмасыншы ғасырда үш рет: 1904-1905-жылдарғы, 30-жылдарғы тауқыметке және отызыншы жылдарғы  аштыққа ұшыратылған халықты  ақыл-есінен тағы бір тандыру...

Мырзалар, мені дұрыс түсінгейсіздер! Мен ядролық қаруларды пәлен жерде сынауға болады, түглен жерде сынауға болмайды деп тұрған жоқпын. Ол қаруларды қай жерде болсын сынау – адамгершілікке жат, адамзатқа қарсы іс. Сөз ыңғайына қарай айта тұрайын:  жаңа  мен атаған жазушы Әуезов пен ғалым Сәтбаев  радиация улаған сол жерлерде 50-жылдары бірнеше  рет болды, жерлестерінің хал-ахуалын біліп, әңгіме-сөздерімен жұбатып бақты және, әрине, онымен тынбай, тоталитарлық жүйеге қарсылық білдірді. Олар сол үшін «ұлтшыл» деген жалған айыпқа ұшырап, қуғын көрді, ақырында қатерлі ісік сырқатынан қайтыс болды.

1953-жылдың 12-тамызында, Абыралы-Дегелеңде сутегі бомбасын жер бетінде сынау болды. Андрей Сахаров өзінің «Естеліктерінде» оның қалай жүргізілгенін, нендей нойыс күш екенін жазды, бірақ одан кейінде не болатынын айтпады, өйткені ол жарылыстың ақыры неге апарып соғарын жете болжай алмады.

Мырзалар, мен сол бір ғана сынауды еске алып тұрмын. Айтып өткенімдей, менің жерімде сондай 467 жарылыс жасалды! Мырзалар, кеңестік сол сутегі бомбасын Қайнар ауылы іргесінде сынау алдында әскери басшылар ол жердің халқын  басқа жаққа уақытша көшіре тұруды ұйғарған да, жап-жас 42 жігітті ғана қалдырған. Тәжірибе жасауға керек қояндай етіп. Бүгінде олардың 37-ісі жоқ, сынау зардабынан қайтыс болды, қалған бесеуі ауыр сырқат. Сондай-ақ: Қайнар ауылының 17 тұрғыны қан дертінен көз жұмды; радиацияға ұшыраған 14 кісі өзіне өзі қол жұмсады; 170 кісі қатерлі ісіктен қайтыс болды. Сол шағын ғана Қайнар ауылында 28 баланың ақыл-есі дұрыс емес, немесе дене бітімі кемтар болып туған. Бір ғана жарылыстың кесапатын тартқан ауылдың  қайғы-қасіретті жағдайы, міне, осындай! Бізде жүздеген мың адам радиация залалына тап болды; ұлттың тегіне зақым жасалды. Алда бізді тағы қандай қырғын тосып тұрғанын білмейміз. Қазақстанды қармаған ядролық жарылыстардың, Арал теңізі тақсыретінің, экологиялық апаттың ақыры не болары неғайбыл...

Қайнар ауылын тұмшалаған кесапаттан қаза тапқандар мен тірі өлік болып жүрген кісілердің тізімін қазір Си-эн-Ди басшыларына табыс етемін. Біз бұл жерде нақты ақпаратқа сүйеніп сөйлеуге тиіспіз. Бейбіт уақытта ядролық сынау қырғынына ұшыраған адамдар туралы кітап шығаруымыз керек...

Бүгінде атом бомбасы құпиялап сыналады. Ағылшын бомбасының АҚШ-та сыналатынын, Франция жасамақ жарылыстарды осында ғана естіп-білдік. Бірақ бұл Жариялылықтан не пайда, қарсы күресер дәрменіміз жоқ.

Егер Хиросима мен Нагасакиге жасалған қастандық 1945-жылдың тамызымен шектелсе, қазақ жеріне, қазақ халқына қастандық 1949-жылдың тамызында басталып, күні бүгінге дейін жалғасып жатыр.

1988-жылдың тамызында Қазақстанда орта және жақын қашықтық зымырандарын жою шарасы басталды. Ол шараға көптеген елдердің өкілдерін шақырдық. Ракеталарды жою басталған сәтте біз көктен тілегеніміз жерден табылғандай қуандық. Бірақ қуанышымыз ұзаққа созылмады: жойылған ракеталардың орнына АҚШ ракеталарынмен салыстырғанда  неғұрлым жетілдірілген, сапалы жаңалары әкелінгенін естідік.

Сонымен, біз жарқабақта тұрмыз. «Қырғиқабақ» соғыс артта қалды, Батыс пен Шығысты аңдыстырған Берлин дуалы құлады. Алайда, бейбітшіліктің ядролық қуатпен қорғала алмайтынына (оған Чернобыль қасіреті мысал) көзіміз мың рет жетсе де, ядролық қаруларды сынауды ешқашан ақтауға болмаса да, жарылыстардың әлі де жүргізіліп жатқаны ақылға симайды.

Рас, ақиқаттың талабына орай айтсақ, КСРО әлденеше рет игі ниет танытып, басқа мемлекеттерді жаппай толық қарусыздануға, ядролық сынауларды тоқтатуға шақырды. Бірақ өзі айтқан сөзінде тұрып қалмады. 1985-жылы ғана біржақты тоқтату жариялап, полигондарын біржарым жылға жапты. Өткен көктемнен биылғы 24-қазанға дейін Дегелеңдегі де, Жаңа- жердегі де полигондарда атомдық дүмпулер естілген жоқ. Қазақстанның парламенті КСРО үкіметінен Дегелең полигонын жабуды талап етті. Ол суверенді республиканың талабы болатын, егер халықаралық құқыққа жүгінсек, мұндай республиканың жерінде оның рұхсатынсыз ешқандай сынау жүргізуге болмайды. КСРО Жоғарғы Кеңесі өз кезегінде барлық мемлекеттердің парламенттері мен үкіметтеріне  ядролық сынауларды мүлде тоқтатуды ұсынды. Аспан ашылып, көкжиек кеңи бастағандай болды. Жоқ, олай емес екен. КСРО өзінің игі ниет-қадамдарынан бас тартып, 1990-жылғы 24-қазанда, Біріккен Ұлттар Ұйымының ықыласымен жыл сайын өткізілетін қарусыздану апталығы басталған күні, Жаңажерде ядролық жарылыс жасады. «Гринпис» («Жасыл әлем») жастарының жарылысты тоқтатуға ұмтылысынан ештеңе шықпады: оларды біздің әскери теңізшілер тұтқындап тастады. Мен, өздеріңізбен - Қауымдар палатасының парламентшілерімен кездесіп тұрғанымдай, сол жастармен де кездесіп, Жаңа жердегі жарылыс жөнінде пікір алыстық.

Жарылыс неге жасалды? Дүниежүзілік қоғамдық пікірге қыр көрсету ме, әлде қарусыздану туралы идеяны жоққа шығару ма?..  Жаңажерде  жарылыс жасалған күні «Правда» гәзетінде «Еліміздің ядролық полигондары үнсіз қала беруге тиіс пе?» деген тақырыппен мақала шықты, ол горбачевтік  «жаңаша ойлау» қағидаларына кереғарлықпен әскери теңізшілерді ақтау, баяғы «жау бейнесін» тірілту болды. Мақала авторы сынаулардың жаңа «қалыбы», яғни жарақтану мөлшері, АҚШ-та ядролық қарулардың жаңа түрлері жасалып жатқаны жайында айтып, сондықтан... «қауіпсіздік мүддесі»... негізінде КСРО-да ядролық сынауларды жалғастырған жөн депті. Ол не? Қайтадан қасарыса қарсы тұру, үстем болуға тырысу емес пе?! «Қауіпсіз және алаңсыз» болу үшін...  кесапатты қаруды үсті-үстіне жаңалап шығара беру қажет екен.

Сөйтіп, біз егер осы қажетті малдана берсек, алапат апаттың иіріміне  тап боламыз,  ал оның  көлемі беймәлім, біз батып, жұтылып тынамыз!

Ақыл-ой жаппай оянып: «Тоқтаңдар!» деп жар салуға кірісті. Ажал себетін албасты қару-жарақты шығару жарысын дереу тоқтатуға шақыруда.   Полигондарды жабуды, жаппай қырғынға ұшырататын қару атаулыны түгел жоюды талап етуде. Бүгін - Еске алу күні. Конвентридің өткен соғыста қиратылған ғибадатханасы алдына таң ата жиналған жұртшылыққа сөз арнаған Кентербери архиепископы осы талап жайында айтты. Бейбітшілікті жақтаушы көпшілікпен Лондонның Вестминстер аббаттығында, Трафальгар алаңындағы Нельсон бағанасы алдында  болған кездесулерімізде де сөзіміз сол болды.

Осы ғасырдың соңына дейін тек Ақыл-сана жолымен жүруге күш   сала бірігейік! Тоталитарлық идеологияны серпіп тастап, Берлин дуалын қиратқан, Батыс пен Шығысты табыстырған Уақыт, біздің назарымызды жалпыадамзаттық құндылықтарға бұрған, біздің жеріміз үшін, келер ұрпақтарымыз үшін ядролық қару-жарақсыз бейбіт өмір орнатуға мүмкіндік берген Уақыт бізден осыны талап етуде. Қазақ парламентінің өкілі ретінде өз атымнан ғана емес, атом жарылыстарынан шексіз зардап шегуші қазақ халқының атынан сіздерді бейбіт өмір үшін күш біріктіруге шақырамын! Чернобылін радиация күйдіріп-жандырған белорустар мен украиндардың, Жаңажерді мекендеуші солтүстік жұртшылығының да айтар сөзі осы дей аламын.

Ақылдылық - бірбеткейлік емес, Уақыттың қадір-қасиетін түсіне білу. Уақытты өткізіп алар болсақ, ұлыдержавалық абырой-беделімізден айрылып, атом күліне көміліп қаламыз.

Біріккен Ұлттар Ұйымы келесі 1991-жылдың қаңтарында ядролық  қару-жарақ  мәселесін талқылайды,  соның алдында мына біз ядролық қаруы бар елдердің үкіметтерін  Ақыл-сана дауысын тыңдауға мәжбүр етуге тиіспіз!

(Ә.Әлімжановтың 1990-жылы Англия парламентінің Қауымда палатасында сөйлеген сөзінен.)

Қосымша: Әнуар Тұрлыбекұлы – Англия парламентінде сөйлеген бір ғана қазақ емес, Қазақстанның, Совет Одағының, бүкіл социалистік елдердің жалғыз өкілі. Ол құрмет – Әнекеңнің халықаралық деңдейде танылған қайраткер екеніне дәлел. Ғаббас.  

Материалды әзірлеген Ғаббас Қабышұлы  

Abai.kz   

6 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1462
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3229
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5303