Сенбі, 23 Қараша 2024
Әдебиет 2486 2 пікір 4 Шілде, 2023 сағат 12:23

«Өзі қалай пайда алар онысынан?!»

Шәкәрім Құдайбердіұлының туғанына 165 жыл!

(абыз ақынның бір өлеңіне талдама)

«Мен жетелеп өлемін,
Өрге қарай қазақты»
Шәкәрім.

Шәкәрімнің «Тау басындағы ой» атты топтамасы (сегіз өлеңнен тұрады) философиялық сұрақтарға арналған. Автор «бұл өлеңдерім 64 жасымда (1922 ж.) жазылған» деп көрсеткен. Сұрақ-жауап, кейбірі сұхбат түрінде өрілген бұл туындылар автордың өзіне қымбат ақиқатты қоғамдық санаға жеткізуге асыққанын аңдатады. Қайтіп халыққа ақыл қоссам, түзесем деп қам жегенінің куәсі. Төменде топтамадағы сегіздің бірі – «Ұждандыны мақтайды тамам адам» (12 шумақ) өлеңін екшеп, тексеріп көрмекпіз.

Аталмыш өлеңнің мән-мазмұны бүгінгі оқырманның түсінуіне   жеңіл деп айта алмаймын. Бүкіл топтамада сол дәуірдің ауаны, ұғымы мен нанымы тұнған. Демек, алдымен тарихи хәлге тоқталмай болмайды.

1920-шы жылдардың басы. Қоғамдық құрылым төңкеріліп, құндылықтар жүйесі тұтастай ауысты. Айталық, «Құдай жоқ» деп жар салып, ұрандатқан қызыл идеология бет қаратпады. Ол жастар тұрмақ, естілердің де көкейіне зор күдік ұялтты. Тәңірі бар,  жан ажалсыз деген ежелгі сенімді шайқалтты. Тау басында, Саятқорада оңашаланған ойшыл бұл өзгеріске бей-жай қарай алмаған. Өлеңдер циклінің ортақ сипаты «Жан деген не, Мүлде өле ме, Шын жоғалып, сөне ме?» деген мәселе болуы содан (оның шешімін табу, әрине, сенімі кәміл кемеңгердің ғана еншісі).

Сонымен, «Ұждандыны мақтайды тамам адам» өлеңіне келейік. Оның жазылуының нақты себебі бар. Ол – кешегі Қазан төңкерісі, онан соң азамат соғысы кезінде қан төккен, шейіт болғандардың есім-сойлары қалаларға, елді мекендерге, көшелерге беріліп, пароходқа жазылып дегендей соны дәстүрдің етек ала бастағандығы (бұлайша оңды-солды мәңгілеу әлемде бұрын-соңды болмаған дәстүр екендігін айта отырайық).

Ұждандыны мақтайды тамам адам,
Мейлі ғалым болса да, мейлі надан.
Ар, ынсаппен іс қылып, азап тартып,
Ақ жолында өледі бірталай жан.
Ыразы қылам дейтұғын Құдайы жоқ,
Өлген соң тірілмеймін деп ойлаған.
Осыны терең ойлап, тексерейік,
Сорлыны ел ынсабы неге айдаған?

Туынды, міне, осылай басталған. Көріп отырмыз, «Ұжданды деген кім?» және «Ол не үшін мақталды?» деген сұрақтар қойылған. «Бірталай жан» деуімен Шәкәрім шын мәнінде «ар, ынсаппен іс қылып азап тартып, ақ жолында өлетіндер» бірлі-жарым екенін білдіреді. Әлімсақтан Алланың ақ жолы, ар-әділет үшін деп жанын пида еткен кісі «ұжданды» делінетін. Тамам адам мақтайтын. Мұсылмандық түсінікте ол адамды шахид (қазақша - шейіт) дейді. Оны ахиретте не күтеді деген сұрақты қою да артық шаруа.

Ал енді ше? Ақ пен қызыл, бай мен кедей болып халық екіге жарылды. Әділеттілікті күшпен, мылтықпен орнатпақшы болды. Кешегі азамат соғысында миллиондар осы жалған идеялардың  құрбаны болды. Олар шахид санатына кіре ала ма?  Оған күдік көп. Атеист пенде жайында Шәкәрім: «Ыразы қылам дейтұғын Құдайы жоқ, Өлген соң тірілмеймін деп ойлаған» дейді. Бұл адасқандық. Ойшылдың «сорлы» деп отырғаны –  большевик, яғни коммунист адам екенін аңдауға болады. Күн көсем Ленин: «Партия - біздің дәуіріміздің ар-ожданы» («Партия – честь и совесть нашей эпохи») деген болатын. Соған сәйкес кеңестік идеология жаңа дәуір кумирлері – большевиктерді «ұжданды», екінші түрде «идейный» деп мақтайтын болды. Осы дұрыстық па?  Сорлыны ел ынсабы неге айдаған? Ойшыл осыны терең ойлап, тексеруді қолға алады:

Өлген соң жұрт мақтасын дей ме мені,
Олай болса, іс бар ма мұнан жаман?
Ел түзеуге құрбанмын деп-ақ айтар,
Өзі қалай пайда алар онысынан?
Адал жолда өлгеннің арманы жоқ,
Дегені болмай ма екен құрғақ мақтан.

Маркстік қияли идеялар миллиондардың өмірін жалмағанын айттық. Сол сорлыларды өлімге айдаған күш қайсы? Мақтан ба, әлде ел ынсабы ма?  Негізі, бұл күрделі сұрақ (қазіргі күнде де арамызда «партийный» аталып жүргендер аз емес).

Егер мақтанға бола өлетін болса, бұл жайында ойшыл: «Мұнан жаман іс жоқ» дейді. Бәлкім, ол: «Ел түзеуге құрбанмын деп-ақ айтар». Ел тұрмысын жақсартам, түзеймін деу, әрине, жақсылық. Бірақ онан жаны пайда ала ма? Жан мәңгілігіне, ахиретке сенбейтін ол несіне  ажал құшты? Ар-ождан – затшылыққа емес, тек қана жан әлеміне байлаулы ұғым.

Сөйтіп, Шәкәрім қажы «коммунистер адал жолда өлді, арманы жоқ» дегенге күмәнмен қарап, оған «құрғақ мақтан» деп үкімін де айтады.

Неліктен күмәнді екенін былайша нықтай түседі:

Ар, ынсаптың құмары осы десе,
«Құмарың не?» деп сұра зұлымдықтан.
Артында азап та жоқ, рахат та жоқ,
Емес пе ерегескен екі дұспан?

Жоғарыда ар, ынсап, әділеттілік, мейірім бәрі-бәрі жаннан шығады дедік (зұлымдыққа қарсылық та – тек арлының ісі). Зұлымдық (қатігездік), сөз жоқ, тән құмарының өнімі. Міне, сананы тұрмысқа билеткен коммунистер осыған,  тән құмарына кеңінен жол ашты. Ғұламаның қарсылық көрсеткен жайы сол.

Хакімнің «ерегескен екі дұспан» дегеніне мән бере қарайық. Бұл жерде жан құмары мен тән құмары таласын айтқаны анық. Тағы айтайық, тән құмарына бола өлу мұсылмандық нанымға қиғаш. Материалистер керісінше, дүниеге бас көзімен қарап, тек затшылыққа сенеді. Бірақ жалған идея соңына еріп, адасқанын жасыру үшін олар: «Ел болашағы үшін арпалыстым, міне, мені өлімге айдаған құдірет осы – ел ынсабы!» деуден танбайды (барлық диктатор осылай ақталады). Бұл жайында Шәкәрім былайша толғайды:

Ар, ынсаптың осыдан үміті не?
Ел түзелсе, өлген соң, не пайда оған?
Не дін емес, не тыныш өмір емес,
Артқы үшін арпалысты неге осыған?

Бұл жан құмары тұрғысынан айтылған сөз. Кемеңгер санасы сансыраған елдің тұрмысы түзелгеннен не үміт, не қайыр? Руханият көгеруіне керегі – дін (Құдайды тану) мен жан тыныштығы емес пе. Артқының тұрмысы үшін арпалысып өлуде қандай мән бар? деген ойларды ортаға тастаған.

Өлеңнің бірінші бөлігін (7 шумақ) осымен қорытындылайық.

Шәкәрімнің не айтпағын замандастары түсіне алмаған. «Өзі қалай пайда алар онысынан?», «Ел түзелсе, өлген соң, не пайда оған?» дегеніне, апырау, жаңа заман орнатуға қан төккендер кітапқа жазылды, тасқа қашалды енді не керек, пайда алу деген осы емес пе дескенді. Қазіргі біздерге ғана не меңзелгені, не ескертілгені соқырға таяқ ұстатқандай анық. Олай болатыны, кеңес өкіметін орнатқан құрбандар есімі сақталып отыр ма? Жоқ, әрине, бірі де қалмай тарихтан өшірілді. Құдай жоқ деген қызыл империямен бірге келмеске кетті. Олардың ахиретте «пайда алуы» да екіталай. Міне, осыдан жүз жыл бұрынғы Шәкәрімнің ескерткені тұп-тура келді деген осы болса керек. Мұны әулиелік пен көрегендік қасиет демей көр!

Өлеңнің екінші бөлігінде (5 шумақ) автор тарихта кімдердің аты қалмақ? деген мәселені әрі қарай қаузайды.

Ел түзеп тарихта аты қалар дейді,
Ақылым тоя алмайды менің бұған, -

дей келе:

Жоқ, шырағым! Жанымыз жоғалмайды,
Екі өмірдің азығы – осы ұждан!
Әйтпесе оған бұл өмір төлеу емес,
Төлеуі: түпсіз рахат, тозбас заман! –

деп түйін түйеді. «Жоқ, шырағым! Жанымыз жоғалмайды» деуімен ойшыл өзіне аян ең қымбат шындықты айтқан. Құдай залымдарды сүймейді, тарихта аты қалу – тек ақ жүрек, адал ниеттінің еншісі. Сол себепті ұждандыға бұл фәни төлеу емес, оның төлеуі: «түпсіз рахат, тозбас заман!» деп ескертеді (кеңестік цензура жағдайында автор жұмақ, бейіш сөздерін қолдана алмаған).

Көріп отырмыз, тексерілген шумақтың астары терең. Қоғамдық сана жаппай дерттенді. Сөйтсе де сау ақылдың егесі Шәкәрім өзінің миссиясы –  жұртшылыққа оң бағыт сілтеп, түп хақиқатты айту бағытынан ауытқымаған. Қайтсек пайда аламыз деген сұрақтардың бәріне «Екі өмірдің азығы – осы ұждан!» деуімен ортақ жауапты береді.

Келесі шумақтарға ауысайық:

Ар, ынсаптың пайдасын жан сезеді,
Өлген соң бәйге аларын біліп тұрған.
Ақ жүрек, адал ниетті бола алмайды,
Ұжданның бұл сырына шын нанбаған.
Шын нану – ақылымен қабылдауы,
Қалады зұлымдықтан сүйткенде аман.
Әйтпесе өлген соң да мақтанбақшы
Жорымасқа жолым жоқ солай таман.
Ақ - арам, ұждан - зұлым деп не керек,
Сый алмай, не қиналмай жоғалса жан.

«Үмітсіз шайтан ғана» демекші, өлген соң бәйге алудан әрбір пенде үмітті.

Бірақ бәйге алу үшін ұжданға билету керектігін жан-жүрек қана сезеді. Олай болса, жүрегін тыңдап өмір сүрді ме? Ұжданның сыры деп ғұлама Құдайдың барлығын жан ғана сезетінін айтқан деген ойдамын. Жаратушы барына сенім жоқ жерде, зұлымдықтан аман қалу жоқ. Сол себепті адам рухы, жаны өлген соң қиналысқа түседі. Мұны «жаңа әлем» орнатып жатқандар қайдан білсін. Таяу келешекте зұлымдық империясына айналатын мемлекеттің саясатына Шәкәрімнің көңілі толмайды. Ақ жүрек, адал ниет те жоқ, бірақ: «Өлген соң да мақтанбақшы» деп өткір сынға алғаны сол.

«Өлген соң да мақтанбақшы» дегеннен шығады, екі әйгілі ақынды мысалға алайық. Біріншісі – Владимир Маяковский кеңес өкіметіне қалтқысыз қызмет етті, Шәкәрім сөзінше ел түзеуге барлық күшін сарқа жұмсады. Бірақ тарихта аты ұзақ қалмады, өшті, жоғалды қазір. Екіншісі –  Мағжан Жұмабаев кеңес өкіметінің қас жауы делініп, айдалды, атылды. Ақ жолдан айнымай, «Не көрсем де Алаш үшін көргенім, Маған атақ ұлтым үшін өлгенім!» деп өзі айтқандай ұжданды, ұлтжанды қалыбында дүниеден өтті. Қазіргі таңда қазақ көгінде мәңгі жарқырай беретін жұлдыздың бірі. Міне, Шәкәрім сөзінің дұрыстығы дәлеліне келтіруге мұндай мыңдаған мысалдар бар.

Айта өтер жәйт, Шәкәрім «Тау басындағы ой» топтамасын жазған тұста кеңестік цензура күш ала бастады. Көп жайды бүркемелеп, астарлап жеткізген жайы осымен өз түсінігін табады. Цензура тұра тұрсын, шолақ белсенді мен саяси оппонент атаулы жетіп артылатын. Сол себепті туындысын мына сөздерімен аяқтаған:

Шолақ ойлы дәлелсіз шолтаңдаған,
«Фанатик» діншілсің ғой дер-ақ маған.
Тамам, дерттен сау ақыл, менің сыншым,
Мың айтып ұқтыра алман деймін саған!

Өздеріңіз де куәсіздер, «Ұждандыны мақтайды тамам адам» – Шәкәрімнің атеизм мен кеңестік идеологияға қарсы бағытталған өлеңінің бірі. Ойшылдың тарихта кімнің аты қалады немесе қалмайды дегені үстіңгі мәселе. Туынды тереңі – алда зор әлеуметтік нәубеттер тұр деген дінсіз, имансыз қоғамға ескерту. Яғни мың айтып ұқтыра алмаған әулиенің жанайқайы. Егер Шәкәрім сөзі естіліп, өкімет оған құлақ асқан болса, қаншама миллиондар аман қалар еді-ау. Бірақ олай болмады. Қолдан жасалған ашаршылықты айтсақ та жеткілікті (бір анығы, оған кімдердің қатысы болды, бәрі де Құдайдан жазасын алды).

Тұжыра келгенде, аталмыш өлең өзектілігін жойған жоқ, ол Шәкәрімнің күрескерлік рухының куәсі, сонымен қатар, бүгінгі күнгі байшікештер мен «партийный» адамдарға сабақ болуымен де құнды.

Асан Омаров

Abai.kz

2 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5371